Адамда бүйрек өз қызметін туа орындай бастайды. Бірақ жас балаларда бүйрек қызметінің бірқатар көрсеткіштері көпшілік жағдайда төмен болады, тек бала екі жасқа таянғанда ғана ересек адам деңгейіне жақындайды. Бұл жағдай, ең алдымен, бүйрек тінінің жеткіліксіз дамып жетілуіне байланысты (мысалы, қабық қабаты, иірімді түтікшелер, тамырлар жүйесі т.б.).
Балалық шақтың ерте кезеңінде бүйрек қызметінің жүйке-гуморальдық жолмен реттелуін қамтамасыз ететін көпшілік құрылымдар жақсы жетілмеген күйде болады.
Бала өмірінің бірінші жылында гломерулалық сүзілу деңгейі өте төмен, сол сияқты кері сіңу және нефрон түтікшелерінде концентрация, яғни қоюлану үдерістері өте жеткіліксіз жүретіндігі дәлелденген. Осыған байланысты емшек еметін бөбектерде несеп түзілу, ересек адамдармен салыстырғанда, барлық денесінің сыртқы көлеміне шаққанда 2-3 есе артық. Бала өмірінің алғашқы айының аяғында тәулігіне 300-350 мл, ал 1-2 жас шамасында 700-750 мл, 4-5 жаста 1 литрге жуық, 10 жаста 1,5 литрге жуық несеп түзіледі. Жасалатын несеп көлемімен салыстырғанда, шығару жиі.
Жаңа туған бала несебінің құрамында белок іздері және сүт қанты болады. Мұндай физиологиялық альбуминнурия мен лактозурия себебі бүйрек қан шумақтары мен түтікшелерінің эпителий тінінің өткізгіштік қасиеті жоғары болуынан. Ересек балалардың несеп құрамында белок, қант болмайды. Ересек адамдармен салыстырғанда нәрестелердің (әсіресе алғашқы айларында) несеп құрамында мочевина, хлорид және фосфат едәуір аз болады. Бұл бүйректің иірімді түтікшелерінде кері сіңу (реабсорбция) үдерісінің өте жоғары жүруінен. Емшек еметін бөбектер несебінің құрамында хлорид он есе аз.
Бүйректің осмос және ион реттейтін қызметі баланың бірінші жылында пайда болып, қалыптасады. Бұл кезеңде ересек адаммен салыстырғанда бүйрек қатысуымен сілті-қышқыл тепе-теңдігі аз ауысады.
Бүйректің функционалдық даму жеткіліксіздігі туғаннан кейінгі алғашқы айларда байқалады: егер өте көп мөлшерде су енгізсе, судан улану пайда болуы мүмкін. Шамадан тыс ас тұзы да ісік тудырады, артық тамақтанудан қан құрамында белок алмасудың соңғы ыдырау өнімдері көбеюі мүмкін. Сонымен, ересек адам бүйрегімен салыстырғанда, жаңа туған бала бүйрегі даму ерекшелігіне байланысты гомеостазды толық қамтамасыз ете алмайды.
Қарт адамдардың бүйрегінің қызмет ерекшеліктері нашар зерттелген.
Жас ұлғайған кезеңде бүйрек кызметінің негізгі көрсеткіштері төмендейді, себебі бүйректің қанмен камтамасыз етілу жүйесі бұзылып, қан тамырлар қабырғасы өзгереді, кейбір нефрон түтікшелері өзінен-өзі жойылады. Соның нәтижесінде бірте-бірте қан шумақтарының сүзу дәрежесі, несептің қоюлануы (судың кері қарай сіңуі 30 пайызға жуық азаяды) төмендейді.
Х.Сәтпаева, медицина ғылымдарының докторы, профессор
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Мағжан Жұмабаев
- Мағжан Жұмабаев
- Сағи Жиенбаев
- Шоқан Уәлиханов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі