Сүттен дәмі тіл үйіретін коктейль жасауды білесіз бе? Сіздермен сүттен жасалатын коктейльдердің керемет рецептерімен бөліспекшіміз. Ал енді, блендерлеріңізді дайындаңыздар!
Бәріміз қарапайым үш ингредиенттен – банан, сүт және балмұздақтан дәмді сүтті коктейльді жылдам дайындауға болатынын білеміз.
Алайда, сүттен жасалатын коктейльдердің саны мұнымен шектелмейді: ас үйіңізде сүт, балмұздақ және блендер болса, онда өз қиялыңызға ерік беріп қарапайым рецептпен дәмі тіл үйіретін коктейль дайындай аласыз немесе балмұздақ және басқа да тәттілерді қолданбай пайдалы және диеталық коктейль дайындауыңызға болады.
Егер де сіз сиыр сүтінің дәмін ұнатпайтын болсаңыз немесе веган диетасын ұстанатын болсаңыз, нәзік сүтті коктейльден бас тартудың қажеті жоқ.
Сүттің өсімдікті нұсқаларына ден қойыңыз: бадам, күнжүт, күріш, соя және кокос сүттерінің қарапайым сүттерге қарағанда бірқатар артықшылықтары бар. Мысалы, әрқайсысының өзіне тән қайталанбас дәмі бар, сонымен қата рбарлығы дерлік Е және D дәрумендеріне бай әрі төмен калориялы өнімге жатады.
Сіз тіпті, сиыр сүттін ішуге үйренген болсаңыз да, жоқ дегенде бір рет айталық, кокос сүтімен жасап көріңіз. Сусынның дәмінің өзгергенін бірден байқайсыз және оны басқа да дәмдермен үйлестіріп көргіңіз келеді.
Біз милкшейктарды (milkshake – сүтті коктейль) десертті сусын ретінде қабылдауға әдеттеніп қалғанбыз, оларды тек балалар мен тәттіқұмарлар сүйсініп ішеді.
Мұндай «тәтті» коктейльдердің сүйікті сусынға бірден айналып кетуі бекер емес. Өйткені, басында оларды барлық шәрбаттарды, қантты, балмұздақты және шоколадтар мен құлпынайды қолданып, өте тәтті етіп дайындаған.
Қуанышқа орай, қазіргі таңда сүтті коктейльдерді салауатты өмір салтын ұстанатындар да жасауды ұнатады. Өйткені, коктейльдің еш зияны жоқ, ол қанық дәмімен адам ағзасына өте пайдалы. Оған құнарлы заттарды қосып (мысалы, ақуыз), коктейльді тойымды тіскебасарға немесе тіпті, нағыз тамаққа айналдыра аласыз!
Сүттен коктейль дайындамақ болсаңыз, қантпен балмұздақты жемістерге алмастырыңыз. Сонда сұлу мүсініңіз (және салмағыңыз бен ағзаңыз) сізге алғыс айтады!
Соңғы суперфудтарға үйренгеніскеннен кейін, оларды блендрден өткізе отырып сүтті коктейльдерге оп-оңай қоса аласыз. Шындығында, ондай қоспалардың басым бөлігін сезбей де қаласыз: чиа дәндері, зығыр дәндері, асай жемісінің ұнтағы банан мен сүттен жасалған коктейльдің дәмін өзгертпейді. Ал ағзаңыз айырмашылықты бірден сезінеді. Суперфудтар коктейльді құнарлы және пайдалы етеді, антиоксиданттарға, дәрумендер мен минералдарға байытады, метаболизміңізді жақсартып, иммундық жүйеңізді күшейтеді.
Балмұздақ пен қант қоспай тәтті сүтті коктейль дайындау мүмкін бе? Әлбетте, дайындағанда да қандай! Сізге бар болғаны табиғи қант алмастырғыш табу керек.
Бізді дұрыс түсініңіз: біз де балмұздақ пен сүттен даярланған коктейльден асқан дәмді ешнәрсе жоқ деп есептейміз. Бірақ, «Сұлулық – құрбандықты талап етеді» демекші, мұндай артық калориямен сұлулыққа қиянат жасамайық.
Сүттен жасалған коктейльдердің тәттілігін қант, балмұздақ және шәрбәтпен реттеудің қажеті жоқ. Банан, құрма, бал, стевия, кокос және жүзім қанты сияқты пайдалы тәттілендіргіштерді пайдаланыңыз.
Рецептерге көшейік. Назар аударыңыз, барлық коктейльдерді жасау үшін блендер мен сүт қажет. Біз ең қарапайым және тез рецептерді беруге тырыстық. Коктейльдерге сай келетін бірнеше ойлар мен ингредиенттерді ұсындық, оларды өз қалауларыңызбен қолдана аласыздар.
Бананды сүтті коктейльдің үлкен бір үлесін дайындау үшін сізге мынадай қоспалар қажет:
• Сүт – 250 мл
• Ванильді балмұздақ – 1 ас қасық
• Туралған банан – 2 дана
• Көпіршітілген кілегей – дәміне қарай
• Даршын – дәміне қарай
• Бір дана балғын шие – әсемдік үшін
1. Блендердің ыдысына сүтті құйыңыз, балмұздақ пен бананды қосыңыз. Барлық қоспаларды біртекті үлпілдек консистенцияға айналғанша блендермен ұрғылаңыз да биік стаканға құйыңыз.
2. Коктейльді көпіршітілген кілегей, даршын және шиемен әсемдеңіз. Түтікшемен ішіңіз.
Түрлендіруге болатын заттар: арахис майы, шоколад балмұздағы, даршын, Nutella.
Сүт пен балмұздақтан жасалған шоколадты коктейльдің үлкен бір үлесін дайындау үшін сізге мынадай қоспалар қажет:
• Сүт – 250 мл
• Шоколадты балмұздақ – 3 ас қасық
• Маршмеллоу – дәміне қарай
• Көпіршітілген кілегей – дәміне қарай
• Ұнтақталған фундук – 1 шай қасық
1. Блендердің ыдысына сүтті құйыңыз, шоколадты балмұздақ пен фундук ұнтағын қосыңыз. Барлық қоспаларды біртекті қоймалжың массаға айналғанша блендермен ұрғылаңыз да биік стаканға құйыңыз.
2. Коктейльді көпіршітілген кілегей және қалауыңызша маршмеллоумен әсемдеңіз. Түтікшемен ішіңіз.
Түрлендіруге болатын заттар: құрма, ұнтақталған қою шоколад, кокос жантағы.
Кокосты сүтті коктейльдің үлкен бір үлесін дайындау үшін сізге мынадай қоспалар қажет:
• Кокос сүті – 250 мл
• Ванильді балмұздақ немесе мұздатылған йогурт – 3 ас қ.
• Кокос жантағы – 4 ас қ.
• Банан – 1 д
• Қоюлатылған сүт – 2 ас қ.
1. Блендердің ыдысына сүтті құйыңыз, ванильді балмұздақ пен кокос жарнасын қосыңыз (коктейльді банан немесе қоюлатылған сүтпен тәттілендіріп жіберсеңіз болады). Барлық қоспаларды біртекті қоймалжың массаға айналғанша блендермен ұрғылаңыз да биік стаканға құйыңыз.
2. Коктейльді кокос жантағымен немесе жалбыз жапырағымен әсемдеңіз. Тек қана салқын күйінде кең түтікшемен ішіңіз.
Түрлендіруге болатын заттар: жалбыз, кокос сүті, қоюлатылған сүт, кокос жантағы.
Балмұздақты сүтті коктейльдің үлкен бір үлесін дайындау үшін сізге мынадай қоспалар қажет:
• Сүт – 250 мл
• Пломбирь балмұздағы – 4 ас қасық
• Бал – 1 ас қасық
• Ваниль сығындысы – бір-екі тамшы.
• Даршын – шай қасықтың ұшымен
• Ұнтақталған зімбір - шай қасықтың ұшымен
1. Блендердің ыдысына сүтті құйыңыз, пломбирлі балмұздақ, бал мен ваниль сығындысын қосыңыз. Дәміне қарай зімбір ұнтағы мен даршын қосыңыз. Барлық қоспаларды біртекті қоймалжың массаға айналғанша блендермен ұрғылаңыз да биік стаканға құйыңыз.
2. Дәміне қарай коктейльді көпіршітілген кілегеймен әсемдеп, бетіне бал құйыңыз. Тек қана салқын күйінде түтікшемен ішіңіз.
Түрлендіруге болатын заттар: зімбір, жаңғақ, чиа дәндері, бал.
Құлпынайлы сүтті коктейльдің үлкен бір үлесін дайындау үшін сізге мынадай қоспалар қажет:
• Сүт – 300 мл
• Ванильді балмұздақ немесе мұздатылған табиғи йогурт – 4 ас қасық
• Тазартылған және жуылған құлпынай – 2 стақан
• Қант ұлпасы – дәміне қарай әсемдік үшін.
• Көпіршітілген кілегей – дәміне қарай әсемдік үшін.
• Балғын құлпынай - дәміне қарай әсемдік үшін.
1. Блендердің ыдысына сүтті құйыңыз, туралған құлпынай (алдын ала езіп алсаңыз да болады), балмұздақ немесе йогурт қосыңыз. Барлық қоспаларды біртекті қоймалжың массаға айналғанша блендермен ұрғылаңыз да биік стаканға құйыңыз.
2. Дәмін қарай көпіршітілген кілегей, қант ұлпасы және құлпынаймен әсемдеңіз. Түтікшемен ішіңіз.
Түрлендіруге болатын заттар: банан, көпіршітілген кілегей, годжи жидегі, шәрбәт.
Сүттен жасалған кофелі коктейльдің үлкен бір үлесін дайындау үшін сізге мынадай қоспалар қажет:
• Сүт – 250 мл
• Қою салқындатылған кофе – 1/3 стақан
• Шоколад шәрбаты – 1 ас қасық
• Ванильді балмұздақ немесе табиғи йогурт – 4 ас қасық
• Үгітілген шоколад - дәміне қарай әсемдік үшін.
• Көпіршітілген кілегей - дәміне қарай әсемдік үшін.
1. Блендердің ыдысына сүт пен кофені құйыңыз, балмұздақ немесе йогурт, шоколад шәрбәтін қосыңыз. Егер де сіздің блендеріңіз мұзды турай алатын болса, онда бірнеше мұз текшелерін қосып жіберсеңіз болады. Барлық қоспаларды біртекті қоймалжың массаға айналғанша блендермен ұрғылаңыз да биік стаканға құйыңыз.
2. Дәміне қарай коктейльді көпіршітілген кілегей мен үгітілген шоколадпен әсемдесеңіз болады. Түтікшемен ішіңіз.
Түрлендіруге болатын заттар: жалбыз, көпіршітілген кілегей, даршын, банан, сұйық карамель.
Сүт, балмұздақ және мұздатылған жидектерден жасалған коктейльдің үлкен бір үлесімін дайындау үшін сізге мынадай қоспалар қажет:
• Сүт – 250 мл
• Мұздатылған жидек – 100 г
• Ванильді балмұздақ немесе мұздатылған йогурт – 4 ас қ.
• Қант ұлпасы немесе тәтті шырын (қолданатын жидегіңізге байланысты) – дәміне қарай.
1. Блендердің ыдысында жидектерді жақсылап турап алыңыз. Егер де сіздің блендеріңіз мұзды турай алатын болса, онда бірнеше мұз текшелерін қосып жіберсеңіз болады. Сүт, балмұздақ немесе йогурт және де жоғарыда атап өтілген тәттілердің кез келгенін дәміне қарай қоссаңыз болады.Барлық қоспаларды біртекті қоймалжың массаға айналғанша блендермен ұрғылаңыз да биік стаканға құйыңыз.
2. Коктейльді балғын жалбыз және жидекпен сәндеңіз (үлгісі фотода көрсетілген). Кең түтікшемен ішіңіз.
Түрлендіруге болатын заттар: банан, балғын жидектер, агава шәрбәті, жалбыз жапырағы.
Астарыңыз дәмді болсын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Анэля
Керемет! Маған пайдасы тиді.
Аяулым
Мәә күшті
Оля
Супер!!