Өлең, жыр, ақындар

Бүркітші

Күздің таңы баяулап атып келеді екен. Қос аңшы құстарын ұстап қостан шықты да, белдеудегі аттарын кеп шешті.

Мосқал жасты, бурыл сақал қарт бүркітші Бекбол жуан торы аттың шылбырын беліне қыстырып, енді үзеңгіге аяғын сала бергенде арт жағынан ат пысқырды. Сұр тонды кеспелтек денесін шапшаң бұрып сырт айналғанда, Бекбол кезең асып келе жатқан қасқа атты жүргіншіні көрді. Мойнына мылтық асынған, мезгілсіз жүрген жолаушы асығып, жедел келеді екен.

Бекбол ерге қонбай, торы атты сулығынан тартып, сол жүргінші келе жатқан жаққа бұрды да, ауыр бүркіт ұстаған оң қолын ердің үстіне салып, таңырқап тосып қалды.

Әлі алакөлеңке айыққан жоқ, сондықтан жүргіншінің кім екенін дәлдеп тани алмап еді.

— Мынау кім өзі? — деп жас жолдасына қарады.

Жас аңшы Жәнібек Бекболдың неге аңырғанын байқаған жоқ екен. Ол да бүркіт ұстаған бойымен бұрылып сырт қарады. Бұл ұзын бойлы, сом денелі жігіттің бет ажарында тау күніне күйген қою қызыл бар. Қысқа мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан өткір көзді, сұлу жүзді, қара күрең жігіт еді. Жәнібекке де ең әуелі жолаушы атының қасқасы жарқ етті. Аңшылар тобы жайлаған бұл маңай қазір де елсіз. Колхоз фермасы болса бұл жайлаудан көшіп кеткен. "Октябрь" колхозы бұл маңға жалғыз осы үш үйлі аңшылар бригадасын ғана қалдырып кеткен еді... Соңғы он шақты күн ішінде бұл бригадаға оқта-текте келетін кісі болса, ол сол өздерінің колхозынан қатынасатын кісілер еді. Бірақ колхозға қараған жылқының ішінде некен-саяқ төбел немесе ақтанау, болмаса мынадай маңғыл қасқа жылқы жоқ болатын. Алакөлеңкеде маңдайы жарылып келе жатқан баран атты ең жас аңшыны да таң қалдырды.

— Бәсе, бұ кім өзі алакөлеңкеден? — деп о да аңырды.

Таңданумен қабағын түйіп, ойланып қалған қарт аңшы үндемейді. Өмір тәжірибесі аз, үмітке бейім жас жігіт оқшау жолаушы туралы ешбір күдік ойлаған жоқ-ты.

— Өзінің лепіріп келе жатқан ажарын қарашы. Маңдайы жазылып, қуанып келе жатқан кісідей тіпті... — дей беріп еді, Бекбол бұның аңқаулығына тыжырынып:

— Ой, тәйір, сүйінші сұрай жүр деймісің құлқын сәріден, — деп біраз тұрып, — қысылып жүрген неме ғой, — деді.

Сөйткенше Жәнібек жүргіншіні шырамыта бастап:

— Е, айтпақшы мынау әлгі конезаводтың бригадирі Оспанқұл ғой. Бұ не қып оқыс жүр? — деп бұрынғысынан да тандана түсіп: — мұнысы несі бұл? — деп Бекболға қарай берді.

— Болғаны-ақ сол, толайым бізге жолыққалы келеді-ау! — деп Бекбол тағы үндемей қалды. Әрдайым кәрі аңшыға сүйеніп, соның тәжірибесіне барынша сеніп әдеттенген Жәнібек Бекболдан мына жайдың шешуін күткендей еді. Бірақ бурыл сақалды қарт бір көзін сығырайтып, әжімді жүзін тыржита қарағаны болмаса ешбір болжау да, байлау да айтпайды.

Осы кезде жуан торы аттың еріне қонып отырған Қызылбалақ оқыстан дүр-дүр сілкініп қалды. Иіс-қоңысты тар қостан таза ауаға шыққанға сергіген сияқты. Көк-жасыл болаттың ажарындай ажары бар қат-қат қауырсындары бүркіт қатты сілкінген уақытта құйын үйірген шоқ қамыстай су-су етіп судыр қақты. Қызылбалақтың сілкінуі тегі ерекше болатын. Оқыс сілкініп қалғанда атты да, адамды да еріксіз елең еткізіп қалушы еді. Аңшылық өмірінде талай қыранды көріп өткен Бекбол Қызылбалақтың сілкінуінде зор қайрат лебі барын танитын. Сүйсініп, мақтан ете сөйлеген кездерінде: "Атама, сілкінгені тақ қымқап шапанды сіліккендей келеді мүттем", — дейтін.

Қызылбалақтың машығына бойы үйренген жуас торы ат үріккен жоқ. Бірақ жонын торситып, ішін тартты да, ауыздығын ғана шылдыр-шылдыр шайнап қойды.

Жәнібек жүргіншіні тосып, жүресінен отыр еді. Оның қолындағы бала бүркіт Қаракер оң аяғының көк тұяқтарын салдырлатып, томағасын қаға бастады. Бұл құсты Бекбол осы аз күннен бері ғана өз қасына алып, енді баулып жүр еді. Мазасыз мінезі көп, әлі тентек, сабырсыз құс. Әрдайым томағасын қағып түсіріп, жарық дүниені жалаң бас күйде көргісі келеді. Дегбірсіз.

— Қақтырма, қымтап ұста дейім балақ бауын. Бір-екі рет қағып түсірсе машық қып алады... — деп қойып Бекбол тағы да жолаушыға қарады.

Қасқа атты жылқышы жақындап қалған екен. Жіті жүріп келе жатқан қасқаның ер-тұрманы шылдырлады. Шымды жерді керте басқан тұяқ дүбірі де естіле бастады.

— Мынау әлгі Октябрь мейрамына бәйгеге қосқалы жүрген қасқа бедеу екен-ау, — деді Жәнібек.

— Ажары қандай еді жануардың, шоқтай жайнап тұр ғой өзі! — деп Бекбол да сүйсініп тұр еді.

Сөйткенше Оспанқұл да жақындап кеп, амандық айтты.

— Е, жаным, не қып асығыс жүрсің? Малың аман ба еді? — деп Бекбол алғаш ойлаған күдігін алдымен сұрады.

Ұйқысыз еңбек түніне біраз шалдығып шыққан және қабағында шаршаумен қатар кейісі бар Оспанқұл өзінің не жаймен жүргенін баян етті. Бұл басында атынан түспей тұрып сөйлей бастап еді. Бірақ қатты жүрістен еті қызып, тер басып келген жарау бедеу тыныш тұрмай, біресе тарпынып ауыздығын тістеп жер сүзіп, біресе бұлаңдап қозғалақтап көлбектей берді де жөндеп сөйлестірмеді. Оспанқұл еріксіз жерге түсіп жүресінен отырып сөйледі. Жылқышының әңгімесі қысқа еді.

Бүгін түнде анау Сарымсақтының қойнауында конезавод жылқысының бір тобы жайылған екен. Осы Оспанқұл бригадасына қараған жылқының ішіндегі ересектер тобы. Күздің түні әрі ұзақ, әрі өткен түн бұлты қалың, қараңғы, дауылды түн болды. Сонымен таңғы иіруде жылқы жаңа жусай бергенде бірнәрседен қатты үркіп, шұрқырап, дүркірей жөнелген. Өзі семіз, өзі тоқ жылқы қайыру бермей быт-шыт боп барып, таң алдында зорға дегенде жылқышыларға ырық беріп, басы құралыпты. Бірақ бағана таң білінер білінбестен бұлт айыққан соң Оспанқұл өзі жүріп түгендесе тоғыз ірі жылқы жоқ боп шығыпты. Жылқышылар мен Оспанқұлдың күдігі бойынша алғаш үріккенде де бірдемені көріп үрікті. Сол аласапыранда бір суық қол, бөгде біреулер араласқан да бір топ жылқыны бөліп әкеткен сияқты.

Сонымен жан-жаққа кісі шаптырумен қатар Оспанқұл ең алдымен мына шекарадағы комендатураға келеді екен. Екінші "Әйтеуір күні бойы ат үстінде боп, елсізді, тау-тасты аралайды ғой, есінде болсын, көз салсын" деп, осы "Октябрь" колхозының аңшылар бригадасына алдымен соққан екен. Сол жайын айта кеп, сөз аяғында Оспанқұл Бекболға қарап:

— Беке, тығылып жортқан аң ғана емес, жасанып жортқан Совет жауының да талайын тұмсыққа ұрып, ұстасып ең. Енді осы жолы қырағылығыңа тағы бір сын болды. Мына Октябрь мерекесінде қызыл әскерге ремонтқа берейік деп отырған ірікті дөнен, бестінің де үшеуі жоқ, сол топтың ішінде кетіпті. Тек атыңа тез қон да, бүгін мына осы Керегетасты ғана сүзіп, арылтып бер! — деп сол жақтағы көкшіл биікті көрсетті.

Бекбол ойланып тұрып:

— Бұл қолды болды ма, жоқ үркіп шығып кетті ме әлде... — дегенде Жәнібек Бекбол сөзінің аяғын тоспастан:

— Е, осы күнде тыныштық қой, қай жау келе қалды дейсің, үркіп кеткен де ... — деп бейбіттікке сала берді.

Бірақ Бекбол дәл бұлай деп байлаған жоқ еді.

— Ал егер қолды болса бұл ниеті бұзық жаудың қолы ғой. Мақсұты шекарадан өту ғой. Өзі таңға жақын болса, ол ит дәл сол түнде өтем деп дәме қылмайды. Не болса да осы алдындағы түнде өтуге тырысады.

— Бәсе, біздің ойымыз да сол. Тіпті суыт жүрсе де шекараға таң қылаңдай ілігу керек. Ондай болса біздің сақшылар өткізе ме? — деп Оспанқұл өзінің түннен бергі топшылауын да айта бастап еді. Бекбол:

— Ой, тәйір, таң түгіл түн боса да граница өткізбейді. Бала боп кетіп пе?

— Дәл сол жауың әзір бұл өңірге келмей, сол өзіңнің сырт жағында ана Сарымсақтының арғы жағында, бір елеусіз адыр, бұйратта бұғып қалмасын. Ондағы есебі күндіз сонда жатып, түнде бір-ақ жортып кеп шекараға ілінбек. Сен не де болса сол артынды арылтсаң мақұл болушы еді, — деді.

Бұл жайды жылқышылардың өзі де ойлаған, екшеген екен. Сонымен Оспанқұл өз күшінің барлығын сол маңайларды арылтуға жіберіпті.

Ол жағының қамтамасыз екенін естіген соң Бекбол тағы да бір ойланып тұрды да, ақырында атына мініп, бүркітін балдағына қондырып, тізгінін қымтап алып:

— Ендеше, сен тез комендатураға жет, жайыңды айтып құлақтандыр. Ал біз мына Ожарға шығамыз, — деп оң жақтағы қарағайлы көк тасты нұсқады. Оспанқұлдың күткені бұл емес еді. Оның ойынша Сарымсақты жағында қалмаса, жаудың нағыз паналайтын жері сол жақтағы Керегетас. Ол өзі әрі қиын тас, әрі Сарымсақтыға аттанған жауға нағыз түс өкпе ұрымтал биік. Бекболға келгенде де Оспанқұл әдейі осы тасты арылтып берсін деп келіп еді. Тегінде Керегетас сияқты ұры қойын, жасырын далдасы көп биікті Бекбол арылтпаса өзге кісі қаншалық көп болса да ойдағыдай арылта алмайды. Шың мен құз бар ма, арқар жым, тас кешу бар ма, қорым, қойтас бар ма — барлық жықпылын білетін бұл өңірдегі атаулы жерші Бекбол ғана. Жолынан әдейі бұрылып, ат өксітіп келгенде енді кеп Бекболдың Ожарға шығам дегені Оспанқұлға жақпады, таң қалды.

— Беке, мен сенен көмек тілей кеп едім. Ожар дегенің қалай? Атпалдай тоғыз жылқы қолды боп отырғанда, бір күн алатын төртті-бесті түлкінді артық санадың ба, бұның не? — деді.

Оспанқұл тілді жігіт. Өзі әрі шалдығып, әрі күйініп те тұр. Сондықтан тез қатулау боп, таусыла сөйлеуге жақын тұр. Бекбол оның осылайша жұқарып тұрған қалпын аңғарып, қатты серіппейін деді де, үндемей, іркіліп қалды. Бірақ өз байлауынан қайтқан жоқ еді.— Керегетасқа біздің мергендермен ит ерткен аңшыларымыз кетті ғой. Кезіксе солар көрер, — деді.

Оспанқұл ол аңшыларды білуші еді.

— Ойбай, сығыр-ай, оларың жас балалар ғой. Жерді жете біле ме? Және тазы итпен тас басына шыға ма, балақ адырларды қағады ғой. Тіпті менің мынау хабарымды да естіген жоқ. Аңнан басқаны аңғарат деймісің, — деп ол аңшылардан ештеңе үміт етпейтіндей боп, түңіле сөйледі. Барлық қадалғаны Бекбол боп тұр, ол анық.

Осы кезде Жәнібек пен Оспанқұл да аттарына мінді. Жәнібек соңғы екі-үш күннен бері Ожарға шығуға асығулы болатын. Өйткені Керегетасты кешегі күнге шейін Бекбол екеуі бір жұмадай сүзіп шыққан. Бұның қолбала бүркіті де сол таста аяқтанған еді. Алғаш шыққан үш күн бойында Қаракер де ұдайымен үш түлкі алды. Бірақ түлкі атаулы балақ адырларға шығып кетті ме, әйтеуір соңғы екі күн бойында бұлар мардымды ешнәрсе ілдіре алмай, енді не де болса Ожарға шығамыз деп байласқан еді. Онда түлкі мол және әлі басын құс алып шыққан аңшы да жоқ. Осымен өздерінің аңшылық есебі жағынан қарағанда ең қолайлысы Ожар. Бекболдың солай ойысып тұрғанын Жәнібек осы жайынан қарағанда бек түсінеді. Бірақ конезаводтың жылқысы, оны жаудың әкетуі де оңай емес. Сонымен бағанадан үндемегенде Жәнібек іштей екіұдай еді. Енді құла төбел атты ілбіте басып, Бекболға жақындап кеп:

— Беке, бүгін не жауға шығайық та, не аңға шығайық. Егер жауды Керегетаста десек, онда бүркітті үйге тастайық та, бүгінгі күнді соған берейік. Құспен шығарлық Керегетаста түлкі де жоқ. Ал Ожарға кетсек онда мына қисынға Қарағанда жау болуға жөн жоқ. Неде болса аңға шықтық деп кетеміз. Өзіміз де екі жар болмайық, мына Оспанқұлды да екіталай қылмайық, — деді.

Оспанқұл Бекболдан гөрі мұның жауабын тәуірірек көріп еді. Бірақ екі аңшының созалаңын жақтырмай кекете сөйлеп:

— Қайтеміз. Сендер де көп түлкі алып, колхозыңа көп кіріс кіргіземіз дейтін шығарсың. Тоғыз жылқыдан, тоғыз тышқан да болса бағалырақ боп тұр ғой ... Енді не де болса байлау сөздеріңді айтыңдар! — деді.

Жәнібек колхоз алдындағы өз міндеттерін атаған жерде Оспанқұлдың кекесінін лайықсыз деп біліп еді.

— Е, колхоз бізді сейіл-серуен құр деп қостап шығарып отырған жоқ. Оны сен тегі шам қылма, Оспанқұл, білдің бе? — деді.

Бекбол ендігі көп сауданы орынсыз деп біліп еді.

Сондықтан келте қайырып, Оспанқұлға:

— Сен комендатураға барасың ғой? Ендеше, барысымен Александрға айт: Бекболға Керегетасқа шық деп ем, көнбестен Ожарға кетті де. Біз бүгін күн ұзын сонда боламыз. Ізімен қуып індетіп отырған жауың жоқ. Қолмен қоймаған соң қайда тығылғанын кім біліпті. Сақтық үшін өр жақты қамти қараған мақұл... — деді. Бұл сөзге біраз баға берсе де Оспанқұл бұрынғы бетімен:

— Әй, не дегеніңмен аңшылық есебің басым боп тұр-ау, Беке? — деді.

Бекбол бұдан әрі ойланып бөгелген жоқ. Ақырын тебініп, аттың басын Ожар жаққа бұра беріп, Жәнібекке:

— Жүр. Біз түлкі де аламыз. Бұл бетімізде бар болса жауды да шаламыз! — деп жөней берді.

Оспанқұл да қош деместен қасқа биенің басын шұлғытып аяндай жөнеліп еді. Бекбол артына бұрылып, Оспанқұлды "Уай!" — деп дауыстап, мойнын бұрғызды да: "Александрға айт, Ожардың іші-тысын біз арылтады де!" деп енді қайтып бөгелмей жуан торының дағдылы бүлкегіне салып, тауға қарай тартып берді. Оспанқұлдың дәл өз басы Бекболмен көп істес болған емес-ті. Сыр-мінез де емес болатын. Бірақ әйтеуір шекарадан өтем деген жау атаулының нағыз зәулісі, погранотрядқа көп көмек етіп, зор еңбек сіңірген атақты колхозшы-аңшы дегенге ғана қанық болатын. Келгенде де сонымен келіп еді.

Бірақ қазір сөйлесіп айрылғанда, бұл дән ырза боп кетіп бара жатқан жоқ. Оның ойынша соңғы сөзді Бекбол жеңер ақылға айтты. Оспанқұлдың жұмысына ол бір күнін қимады. Қазір ол аңшылар кетіп бара жатқан бетте жау да, жылқы да жоқ. Не де болса Оспанқұлдың ендігі сенетіні погранотряд пен өз күші. Аңшылар қосынан оқ бойы жерге кетіп, комендатураға қарай беттегендегі Оспанқұлдың соңғы байлауы осы еді. Қасқа бедеудің тізгінін біраз босатып леп берді де, сыдырта жөнелді. Жортып бара жатып кезең аса бере, ең соңғы рет аңшылар кеткен жаққа тағы бір қарады. Ішінен "қайта оралмас па екен" дегендей еді.

Бекбол өз дегенінен айнымапты. Екі аңшы Ожардың Сарымсақты жақ сыртын бетке алып тартып барады. Қолдарындағы қос қыңыр бүркіт қыбыр етпей, жансыз заттай, түнере мелшиіп қапты.

Бұл кезде күн шығуға тақап, шығыс жақтағы көкжиек мол қызыл нұрға малынып, қып-қызыл боп көркейе бастап еді.

Екі аңшы келе жатқан бөктер, шымы тұтас бетегелі төскей болатын. Бекбол байқап келеді. Түн, бұлтты түн боп өтсе де, жауын жаумаған екен. Шөп басында тіпті шық та жоқ. Тықырлау алаң мен тастақ жерді басқанда аттарының тұяғынан шаң да шығады. Кәрі аңшы екі рет оң жағына қадалып, Сарымсақты жаққа көз жіберіп, содан сырт айналып, арт жақтарында қалып бара жатқан Керегетастың да өзіне мәлім бөктері мен сайларын шолып өтті. Әлі айналада шаңыт па, тұман ба, әйтеуір көкшіл буалдыр бар. Шөбі сарғайған дала жоталар да, жым-жырт болған биік серек тастақ та бадырайып көрінгенмен бірыңғай көкшіл қоңырқай тартып тұр.

Аспан ашық. Күздің әдемі бір шағырмақ, жәйлі күні туып келеді. Біраз жүріп тағы бір айналып қарағанда Керегетастың азу-азу, ирек-ирек тас биіктеріне күн сәулесінің ілінгенін де көрді. Атқа да, адамға да жәйлі бөктер желі есті. Ожардың сыртын ала жүріп орталық сайларына жақындаған сайын, тау қойнынан шыққан түн салқыны біліне бастады. Ат үстінде желіп келе жатқан қалпында екі аңшының құлағына күзгі тынық, таза ауаның лебі шым-шым етіп, үздіксіз естіліп, сезілгендей.

Бекболдың қолындағы Қызылбалақ бірер рет саңғырып алды. Кәрі аңшы бұл екі ретте де қалт еткізбей, үндемей байқап келеді. Саңғыруы таза, аппақ. Құсының бойы таза, дені тетік сияқты. Шақпақ тастай көк тұмсығын көтере ұстап, тау желін түшіркене тыныс етіп, серги бастаған сияқты.

Осылайша біраз жүріп, Ожардың орталық тұсымен қатарласқан кезде Жәнібек Бекболдың бүгінгі жүрісіне таң қала бастады. Қарт аңшы таудың өзіне қарай тура тартып, қойнауына кірудің орнына ылғи сырттан бөктерлеп жүріп, көлденең тартып келеді. Тауға ерте кіргенде бірен-саран қорымның-тұсынан томаға тартып қалуға да болушы еді. Сондай белгілі ұрымтал шоқылардың біразы да кейін қалды. Жәнібек:

— Былай жүрмейміз бе? — деп бір-екі рет ескертіп те көріп еді. Бекбол үндемей бұрынғы бетпен тарта берді.

Сонымен көз мөлшер бойынша Сарымсақтымен қатарласып, өкпе тұстай келген уақытта ғана Бекбол үнемі төмен келе жатқан қалпын өзгертіп, енді Ожардың Қабансай деген орта сайына қарай шұғыл бұрыла жөнелді.

Жәнібек артта келе жатыр еді. Бекболдың соңынан о да тез бұрылды. Бағанадан бергі қиғаш жүрісі "Бекболдың бір ойға түсіп кеткендігінен болды-ау" деп топшылады. Тауға қарай беттесімен Бекбол торы атты тебініп қалып, текітіп желе шоқыраққа салды. Торы ат тегінде желіскер болмайтын. Жәнібек құла төбел аттың орта желісімен келіп-ақ Бекболдың қатарына ілесті.

Жәнібектің ендігі көз қадағаны дәл осы келе жатқан бет алдындағы бір кішілеу қорым тас еді. Өзінің аржақ төрінде де, онан соң сол жақ қатарында да екі ұрымтал шоқы бар екен. Соның екеуінен де томаға тартамыз деп келе жатыр еді. Сайдың шетіне іліне бергенде қатты жүрістен іркіліп, Бекбол аяңға салды. Ат дүбірінен аң үрікпесін деген сияқты, Жәнібек те баяулап еді. Бұның көзі қорым тастың айналасын шолуда. Сөйткенше Бекбол үй орнындай бір ақ көденің тұсына кеп, тағы да төмен қарап, атының басын іркіп қалды. Аз ғана қадалып ұрып, сол көденің бар көлемін айналып шықты да Жәнібекке қарап:

— Жә, бала, енді сен бер таман кел! — деді.

Жәнібек тебініп жіті бастырып келгенде, Бекбол екі-үш тұяқтың ізін көрсетіп:

— Жаңағы ылғи ересек демеп пе еді? Мынаның ішінде бір құлын, бір тай да бар ғой ... — деп бөгеліп қалды, Жәнібек те құлын мен тайдың ізін айқын көрді. Бірақ көрісімен күліп жіберіп:

— Ойбай, Беке, жоқты таптым деп тұр ма ең, тәйір! Кеше осы арада өзіміздің аттар жайылған. Мынау Сымақтың құлынды биесі емес пе? — деп тағы күлді.

Бекбол жауап қатпай, дауласпай, сол іздердің сүрлеуімен ілгері қарай жүрді. Бірақ тағы да шымы тұтас, аласа, тығыз, тарлау екен. Із жоғалып, өшіп қалған сияқты. Бекбол осы беталдындағы тағы бір көделі жерге таман тартты. Сөйтіп желі арқан бойындай жерге барып, Жәнібекті тағы шақырып ап:

— Кеше біздің аттарды осы арадан түс ауа қайтарып алмап па ек? — деп тұрып, — ал мынау тезекті қарашы, бұл кеше түстегі емес, жас тезек. Осы түн немесе осы таң шамасында түскен тезек! — деп тағы біраз ілгері жылжып барды да:

— Ал, шырақ, енді көр. Анда бір тезек болса, арты мұнда кеп түскен. Өзі шашыла түскен. Бұл шауып келе жатып тастаған тезек. Жайшылықтағы, жайылыстағы жылқы бүйтпейді, — деп өз ішіндегі бір байлауына беки бастаған сияқтанды. Жәнібек ішінен: "жайылыстағы жылқы да бірін бірі тістей қуатыны болады. Жаудың орайы Керегетас деді ғой. Сонікі дұрыс. Бұнда қалай қарасаң да ол жылқыны таппассың, Беке", — деді. Бекбол сөзін сенімсіз қиястау пішінмен тыңдады.

Сөйткенше Бекбол тағы бір тақырлау жерге кеп қадалып тұрып:

— Ендеше, мынаған не дейсің? — деді. Жәнібектің ішіндегі күдігін сезіп, сонымен дауласқандай боп тұрып, — мынау шөптердің сынған, жапырылған түрін көр. Қатты тиген тұяқтың жапырғаны. Ана біреу ұшып түскен тасты көрдің бе? Бұрынғы жатқан орны, шұқыры мінеки, — деп бір қыдыру жерде жатқан бір іздің маңдай тұсын көрсетті, шапқан жылқының тұяғынан ұшқан тас, — деп оны бір тұжырып қойды.

Дәл осы жерде Бекбол өзінің бағанадан бергі бақылауының қорытындысын жасауға айналған екен. Бұған себеп ең зор айғағы нақ өзі отырған жерде, оң жақ үзеңгінің астын ала бір түп көде тұр екен. Соның шеткі бір шоғы тамыр түбірімен ұшып түсіп, сойыл салымдай жердегі бір қуарған атқұлақтың басына ілініп қапты. Тағы да даусыз, анық нағыз шапқан жылқының аяғы ұшырып түсірген көде. Осы арадан тұрып ең алғаш тоқтаған көдесін мөлшерлеп шолып қарап еді, оқ бойындай жерде қапты. Және түп-түзу, бірақ жолдың бойындағы белгі айғақтар сияқты. Жәнібекке енді біржолата жеңген пішінмен жымия қарап, салмақпен сөйлеп:

— Жайылыста жүріп, өздігінен шапқан жылқы бүйтіп тура шаппас болар, — деді.

Бұған Жәнібек те дау айта алмады. Осыны айта салысымен Бекбол асығыс бір байлауға келгендей болды да:

— Ал, бірақ құр Ожарға келгенін білгенмен қайда тығылып, қай жерді далдалап жүргенін қайдан білеміз? Ожар үлкен тау. Онан соң ондай неме қазір тау-тастың басына қарауыл да қойып, сен екеумізді көріп те отыр ғой. Ізімізге түсіп жүр ме осы немелер деп, сезіктене бастаса тағы жайлы емес-ау, ә, Жәнібегім? — деп Бекбол айрықша бір күйіне келгендей боп, көңілденіп күліп алып: — ендеше, бала, тек тұрмайық. Екеуміз аңшы емеспіз бе? Сол аңшылығымызды істеп, бейбіт бола қояйық. Сөйтіп түлкі қаға отырып, жылжи барып қана жатағын шамалайық. Ұқтың ғой? — деді.

Жәнібек ұққан да, құптаған да еді.

— Ендеше, Беке, өзің мына шоқыға шыға ғой, — деп, сол жақтағы оңашалау тұрған биікшені көрсетті де, өзі атын тебініп, ілгері қозғала беріп: мен мына алдымдағы қорымды қағып берейін. Тақ осында түлкі жатыр! — деді.

Бекбол мақұл деген сөзін айтпастан-ақ торыны тебініп сол жаққа қарай өрлей жөнелді. Біраз минут өткен кезде ол биікшенің басына шығып, Қызылбалақтың томағасын да тартқан еді.

Мерзімді қыран томағасы алынысымен көзі жайнап ашылып, қабағын бір қақты да дүр-дүр сілкініп алып, Жәнібектің алдыңғы жағына қадалды. Анда-санда ердің қасын тықылдатып, ақырын ғана ысқыра түсіп, Жәнібек қорым тастың етек жағын әрлі-берлі сүзіп жүр. Бұл өңірдің түлкісі әлі қашқылық, қуғылық көрген жоқ. Қорым тасқа түнгі жортуылдан таң ата кеп жатқан түлкі дәл үстінен түспесе қаша да қоймайды. Сондықтан Жәнібек бұл шатты арылта қарап жүр.

Қызылбалақтың қызыл шегір көздері "қайдасың?" — дегендей боп сай бойын тінтіп, шаншылып қапты. Бекбол түлкі жайын құсы мен Жәнібекке сенген тәрізді. Томаға тартысымен Қызылбалақтың шыжымын алып беліне қыстырды да, өзі Ожардың селдір қарағайлы тас биіктеріне көз жіберіп, жағалай қарап тұрды. Әзірше бірде-бір қыбыр еткен қара құр да, өзге белгі де білінбейді. "Ожарға бекінді ме, жоқ өтіп кетті ме? Бекінсе қарағайда ма, таста ма? Көп шат құздың, көп қарағайдың қайсысын таңдады екен? Ожарға Қабансаймен кеп кіргеніне қарағанда, әдейі қиын шыңдарға батып, жоғалайын деп келген ғой. Әй кәпір, жер білетін, сырқынды сұмдар-ау. Немесе сондай жершілі-басшысы бар топ-ay. Осы өңірден шыққан біреу не қылса да бар-ау", — деп түрлі қисынды жайды топшылап тұр еді. Сөйткенше, бір сәтте Жәнібек аң көргенде істейтін машығына сап, саңқ етіп дауыстап қалды. Сол дауыс жетер-жетпесте, лезде Қызылбалақ та Бекболдың балдаққа салып тұрған қолын серпе теуіп жіберіп атқып жөнелді. Құр дауыспен ұшқан жоқ, көріп ұшқан сияқты, етпетінен түскендей болды. Қанатты екі-үш рет шапшаң сермеп қысып-қысып қалғанда Ожардың басын ала өрлеп салып, қайқаң қағып биіктей берді. Ұшқаны жаңа ғана болса да, талайдан қанаты жазылып төселіп, көсіліп ұшып келе жатқан жеңіл құстай самғай жөнелді.

Құсының биылғы түлегі талай жылдан бергі бір ойдағыдай боп өткен армансыз түлек сияқты еді. Осылайша "ә" десе "мә" дегендей боп, тұтқиылдың өзінде-ақ азынай сермеп жөнелуі, құсының осы кездегі зор күйін, нағыз бабын білдіргендей болатын. Қарадай қағып жүрсе де, осы он-ақ күннің ішінде колхоз қорына отыз түлкіні бір өзі кіргізіп отырған Қызылбалақ "күйсізбін" деп айтпаса керек. Құс керегінше биіктеп ап, енді қалқып ұшып, бір сәтте Жәнібектің алдына қарай, қиыс өте берді.

Бекбол тебініп жіберіп, шоқының басынан сайға қарай түсіп келеді. Екі көзін Қызылбалақтың қимыл, құбылыстарынан айырмай келе жатыр еді. Жәнібек те лекітіп шауып барады. Түлкінің бойын Бекбол әлі көрген жоқ. Тас-тастың жотасына шықпай, далдалап зытып бара жатқан тәрізді. Қызылбалақ Жәнібектен оқ бойындай өтіп барды да, тағы бір рет, соңғы рет ызғығандай боп, төстиіп, сопаң етіп өрлеп шығып алып, сол сәтінде жарқ беріп, шұғыл бұрылып төмен қарай зу етіп, құлай жөнелді. Айнитын құс емес "қолында өлемін" деп-ақ құдиған сияқты. Тура тастаған тастай шаншылып кеп, қорым тастың аржақ қабатына бір-ақ жоқ болды. Жәнібек те шауып барып, атынан түсіп ұмар-жұмар боп қалды.

Қызылбалақ сорғалай жөнелгенде Бекбол атын іркіп "қалай түсер екен, теуіп қайта шығар ма екен, жоқ бірақ айқасар ма екен?" деп, оны да бір сын қып, бағып тұр еді. Ешбір уақытта өзінің салқын сабырынан, сергек сыншылдығынан айрылмайтын ұстамды Бекбол ғой. Осындай қан қызудың үстінде Қызылбалақты да өзінің үнемі бақылауынан босатпайтын. Енді не болса да болды деп ақырын ғана аяңдап отырып, қорым тастан асып түсті.

Жәнібек бұл кезде, өлі түлкінің тілін суырып ап, кәрінің алғыр қыранын қызылдатып отыр екен. Бекбол аттан түспей тұрып:

— Не болды, қалай түсіпті? — дегенде:

— Теуіп түскенде, белін сындырып жіберіпті, мінеки, — деп жайрап жатқан қызыл тағының бүктеліп түскен белін нұсқады да, — әй, сорлының дер кезі-ақ-ау дейім. Биылғы жыл тақ осылай түскенін алғаш көргенім осы, — деді.

Құсының шын бабына Бекболдың да көзі анық жетті.

Сөйткенше бұлардың төбе жағында биікте зу етіп, қанат құйрығы суылдап бір құс қалқып өтіп барады екен. Жәнібек бір ғана қарап қоя салып еді. Бекбол ат үстінде шалқая таңырқап, әлгі құсқа қадалып қалды. Жай ғана ақбас күшіген екен.

— Бұ қайда барады, о? Бірдемені көріп ұшқан тәрізді-ау, бұ құзғын! — деді.

— Көрсе, Қызылбалақтың ұшқаны мен түлкісін көрген де, — деп Жәнібек төмен қарап, түлкіні айналдырған бетінен басын да көтерген жоқ. Бекбол:

— Бізді қара тартып ұшса айналсоқтар еді. Өзі түстікке асыққандай самғап ұшып барады-ау. Ожардың үлкен биігін мезгеп барады! — деп артқа бұрылып, тағы аспанға қарап тұрып:

— Тоқта, шырақ, мына бір көрегені тағы келеді. Бұның да беті солай. Әй, осы тегін емес! Түлкіні қоржыныңа сал да, тез атыңа мінші! — деп шұғыл өзгеріп, асыға бастады.

Жәнібек тегі елгезек, шапшаң жігіт болатын. Анда жүргенде Бекболға екі айтқызбаушы еді. Оп-оңай әзір болды. Сөйтіп Қызылбалақты Бекболға әперіп, өзі де таста отырған Қаракерін алып, атына қонды. Бекбол әлі де аспанға айнала көз жіберіп тұр екен. Әзірше ұшып кеткен қарақұстар жаңағы екеуі-ақ. Егер бұның күдігі дұрыс болса, әлі тағы да, әр тұстан да андау керек. Енді Бекболдың көзі Қаракерге қадалып, біраз ойланып тұрды да:

— Сен осы арада мынау қорым тасқа шық та қозғалма. Мен сонау тектұрға барып шығам, — деп, сол қолымен қамшысының сабын созып, осы сайдың төріндегі биік қызыл тасты көрсетіп тұрып, — сол арадан "ұшыр" деп белгі бергенімде Қаракерді қоя берші бір. Қызылбалақ аң көрмесе ұшпайды, қырқылжың кәрі неме ғой. Қаракеріңді ұшқыш қып баулыған көп еңбегім бар еді. Өзі қызылшыл қолбала да ғой және "пүштектеп" шақырғыш мінезі де бар. Осының бәрі қазір бір керекке мықтап жарайтын боп тұр. Ал сен осында қал, — деп, торыны қамшылап, сайды өрлеп, шоқыта жөнелді. Жәнібектің "жөн-теріс" дерлік жауабын да тосқан жоқ.

Аздан соң атаған тектұрына барып шықты да, Бекбол бөгелместен "ұшыр" деп қолын сермеді. Томағасын тартқаны да сол еді, Қаракер атқып аспанға шыға берді.

— Шын шебер болсақ, тақ осы қолбаланы, өзге құстай емес, өздігімен ұшып жүріп, түлкіні өзі қағатын қып баулимыз, — дейтін Бекбол. Соңғы бір жұма бойында Қаракер ұшқыш, ізденгіш болып алып еді. Рас, әзірше ол ұшудан пайда да, зиян да болатын. Аң көрінбесе Қаракер әрі-бері ұшып жүріп итке, балаға қарай, немесе ауыл үстіндегі бір қызыл-мызылға қарай да салып кететін. Бірақ әзіргі үйренгені, әйтеуір елгезек, не десең кергімейді, ойнай жөнелді. Түз құсындай ұзақ ұшатын, қанаты бекем құс боп келе жатыр еді. Жәнібек құсын ұшырып жіберісімен аспанға қарады. Сөйтсе бағанағы екі ақбас ұшқан бетке қарай енді шанжау-шанжау боп үш-төрт алып қаралар андап келеді екен. Қаракер басында өздігімен күндегі машығынша, сайларды шолып ұшып еді. Бірақ тұсына анау күшігендер жеткенде, бұ да шырқап биіктей берді. Сөйтіп ап, енді бір сәтке іркес-тіркес келе жатқан екі қарақұстың соңына түсіп елігіп ап, "шүу" деп солардың артынан салды. Шырқап жөнеп берді. Жәнібек бұны көргенде "құсымнан айрылдым-ау", деп қатты қынжылып, Бекболға қарай шауып еді. Бұған Бекбол түк саспапты. Әлгі аспандағы бар құстың асып кеткен бір жотасы, бір соқпағы бар еді. Сол жаққа ғана көзін қадап тұр екен. Жәнібек өзінің ренішін айтып келгенде, ол жайдан ләм демей қолындағы Қызылбалақты жас жігітке ұсынып:

— Енді өзге сөзді қой. Мә, мынаны қолыңа қондырып ал, — деді. Жәнібек: "Қаракерден айрылдық дегені-ау. Өтеуін беріп тұрғаны-ау есіл кәрінің" деп, ішінен алар-алмасын білмей, дағдарып қап еді.

— Өй, тәйір, басы бүтін беріп тұрғам жоқ, ұста мынаны, — деп бүркітті жігіт қолына қондырды да: — бермеймін, бермейтінім Қаракерден айрылғамыз жоқ. Үндеме, бір жоқ бір жоқты табайын деп тұр, — деп саспай, насыбайын атып ап:

— Бұл жау осы Ожарға бекінген болды. Не де болса мынау жотаның арғы бетінде. Жаңағы қарақұстарды түстікке шақырып жатқан солар. Мен білсем олар бір қиын қойнауға бекініп ап, ана жалғыз құлынды сойып жатыр. Ашқарақ немелер аңғалданып кіріскен де, күн көзіне жарқыратып сойған ғой, — деді.

Жәнібектің көңіліне бұл сөздер әбден қона бастады. Бас шұлғып қостай берді. Бекбол өз тұспалын баппен айтып тұрып:

— Сол құлынды бүгін олар жер ме екен, біз жер ме екенбіз өзі? — деп мырс етіп күліп тұрып: — сен мына құсты қолыңа ұстаған бетінде қазір бөгелместен комендатураға, Александрға шап. Сендердің қайта оралатын шамаңда мен бірдеме қып Қаракерді ұшырып бағармын. Орайы келсе солардың тап ортасынан ұшырармын. Жатқан жерін көрсететін атой белгі со да. Ал енді тарт, шырағым, жолың болсын! — деді.

Жәй мәлім, сөз қысқа. Жәнібек: "бірге болсын, Беке!" деп қарт аңшыға сүйсіне қарап алып, бұрыла жөнелді; тастан түсе салысымен сыдыртып жортып кетті. Балдағы мен шыжымы ғана бар, бүркітсіз кәрі аңшы торы атты жай бастырып, қара құстар асқан жотаға қарай саспастан өрлей берді. Балақ таулардан өтіп, төскейдегі қарағайға кірді. Жәнібекті жөнелткен мезгілде күн арқан бойындай көтерілген еді. Жас жігіттің комендатураға жетіп, қайта оралатын мөлшерін күнмен межелеп алған-ды. Осы күн Ожардың батыс жақ желкесіне ілінгенде, Бекбол жау жатағын тауып, өзінің уәделі белгісін беріп үлгеруі керек. Бірақ Ожар қиын тау. Аяңнан артық жүруге аттың өкпесі қабынады. Титығы тез құриды. Не де болса ұрымтал, төте жолдар тауып, жерді ұта жүруді ойлау керек. Сондықтан да, Ожардың өз биігіне қарай тура тартатын жоталарды таңдап, солардың қыр арқасын жалбылап келеді. Қазіргі кірген қарағайы сондай жолдағы бір белдеу еді. Біраз сызды-салқын лебі бар күңгірт қарағай ішін аралап келеді. Анда-санда сауысқан шықылықтап ұшып қонады. Оқта-текте төбе жағында кейде қалқып, кейде елбіреп ұшқан күйкентай шықылықтайды. Өзге бөтен үн жоқ. Не кісінеп, не пысқырған жылқы үні де естілмейді. Қаракер де шақырмайды. Сақтық, сергектікпен тың тыңдап келе жатқаны болмаса Бекбол ол үндерді Ожардың бұл бетінен ести қоям деп те сенбейді.

Енді біразда торы атты аңшы қарағайдан өтіп шығып, Ожардың иығына ілінді. Суыр бөрік, сұр тонды жалғыз жүргінші үнсіз, жым-жырт сұр тастардың қабат-қабат шыңына кірді. Арқар соқпақтың жым-жымын аралап келеді. Тау басы өзгеше боп қалғып тынған, соншалық бір үнсіз тыныштық қалпында екен. Бірақ шағырмақ әдемі күз күнінде, мынау таңертеңгі мезгілде, мөлдір таза ауаны қанша жұтсаң да қанғысыздай Бекболдың бойын қатты сергітіп, ойына да үлкен қайрат, қимыл екпінін бергендей болды. Енді асығу керек. Бір үлкен жақпар тастың ығына кеп торы атты төмен қалдырып, өзі жаяулап өрлеп, басына шықты. Ожардың арғы өңірі далиып, жайнап, ашыла қалды. Ол беті де тастан төмен бір белдеу боп біткен қарағай еді. Сол қарағайдың ара-арасын жықпыл-жықпыл, терең-терең құз шаттар бөліп өтеді. Әр жерде қарағайдан оқшау-оқшау бөлініп тұрған орқаш-орқаш жақпар тастар бар екен. Бұл шаттардың қайсысында? Сайда ма, төскейде ме? Тасты паналады ма, қарағайға тығылды ма? Бойын созбай, бір мұрыншақ тастың тасасын далдалап тұрған қалпында Бекболдың ойына іздеу, зерттеу, сұрақтарының талайы кеп еді. "Әлі де артта қалмады ма екен" деп, енді тегіс анық көрінген арт жақтарын да шолып өтті. Биік таудың екі өңірі мен сонау алысырақтағы көкшіл торғын орнаған егін еңбек далалары, колхоз, конезавод далалары да соншалық көркем, соншалық жанына жақын, қадірлі, өзінікі. Еңбегімен ақтайтын, қырағы сергектігімен сақтайтын өлкесі. Кіршіксіз боп мөлдірей жайнаған осындай бай, бақытты өлкесінің амандық, тыныштығына дақ салушы жыртқыштар Бекболдың иегінің астында, осы өңірге тығылып отыр. Қара түннің, қараңғы істің борсықтары, күн көзінен тығылып, бұның да көзін адастырмақ, тайдырмақ. Көңілінде қажырлы, қайрат лебі бір толқып кеп:

— Табамын жауымды. Қырқамын тілерсегін! — дегізді. Бағанадан бергі із, айғағын түгел көріп кеп енді айрылсам Бекбол болмаймын, тіпті қара бассын мені! — деп кеп атына қайта мініп, оң жақтағы бір серек тастың қасына барды да, басына шығып, тағы да көп қадала қарады.

Бағанағы құстар да жоқ. Әлі ешбір белгі білінбей тұр. Жалғыз-ақ бұл жерден Ожардың тақ ет-бауырына жарыса кеп тірелетін екі шатқал әдемі көрінеді екен. Оны арылтып алды. Ұрымтал сайлар осы еді. Бұны паналамапты. Бергі тастарда да белгі жоқ. Тағы да атына мініп, енді алғаш шыққан тасының сол жағына өтіп шығып, тағы бір тұрғыдан қарады. Бұдан да арылта қарап тұр. Ендігі сүзгені қарағай еді. Ені тар болса да, көлбей созылған қалың қарағайдың сол жақ шетінен түсіп түре қарап тұр еді. Дәл өзінің тұсына тақай бергенде, бір қалың біткен шоқ қарағайдың үстіңгі жағында болымсыз ғана бір белгі елес еткендей болды. "Шын ба, қақас көргем жоқ па?" дегендей боп көзін сүртіп ап, қайта қадалды. Болар-болмас қана білінген көкшіл буалдыр, өзге мұнардан гөрі қоюырақ боп және қозғалған тәрізденіп ырғалып толқып, баяу ғана сейіледі. Аспандап, биіктемей-ақ, көз ұшынан жоғалып жатыр. Бекболдың бір баққан белгісі осы еді.

— Әй, түтін. Түтін-ақ осы ... — деп тағы да бірталай бағып тұрды. Алғашқыдан айқын боп қоюланған жоқ. Бірақ бір ғана рет жоқ боп үзілді де, артынан қайта шығып қозғалақтаған тәрізденді.

— Қисының осы-ақ, — деп Бекбол көз алмай тұрып: — бәсе, өзге жерге, алаң ашыққа түтін салып, жүрегі мүйіз деймісің? Тас емес, қарағайды алуы есеп қой бұның! Жырындысын! Отты ғой сөйтіп бұтағы қалың үлкен шыршаның тақ астына жағып отырсың! Бұтақты аралап шыққанша сейіліп, тарап шығады дейсің. Және отты маздатып жақпайсың, тамызықтап, үзбей жағуға тырысасың. Күні бойы жатпаққа бекінгесің. Асығып, қалың мор салатын да жөнің жоқ! — дейді.

Тас арасында үн, сарын да жаңғырығып, әуелеп кеткіш болады. Бір қыдыру жылқы бар. Бірде-бір кісінеп қойса да "мен мұндалап" тұрады ғой. Қарағайлы, қалың бұтақ арасында үн атаулы баяу да, мылқау. Бекбол бұны да нағыз тапқыр, зершіл ақылмен талдап шықты.

— Жә, бұл Қаракер неге шақырмайды? — деп бір ойлай бастады да: — ә, оның үнін өшіру үшін қызылдатып, жас қанға отырғызып қойды-ау! Бабын бұзды-ау ... — деп, бұл жайды жүре ойлап барып, шегеріп қойды да, енді асығып кеп атына мініп, ылдилап жөнелді.

Тау басында тұрып, көз мөлшермен жасаған бір межесі бар еді. Қарағай ішіне кірсе де сол нобайы адастырмапты. Аз-ақ уақыттың ішінде жау жатағының тақ үстінен кеп түсті. Қалың ағаш іші екен. Бұны олар көрді ме, жоқ па? Не де болса Бекбол енді тура бармаққа бекінген-ді. Жай ғана келе жатып, ендігі көз салғаны жаудың саны еді. Бірақ кісінің бойы көрінбеді; жайларын аттары ғана білдіріп тұр. Қатты жүріс артынан суытып қойған аттар қалмақша байлаулы екен. Қазақ ерімен ерттелген екі торы бір жерде де, бір құла мен тағы бір жирен ат бір жерде екен. Ер-тұрманы қызай, суан үлгісіне келеді. Арғы беттің ұрысы болуға лайық. Тегіс емендей қатқан жарау аттар болса да бүгінгі жүріс бұларды қан сорпа қып терлеткен екен. Омырау мен сан, тілерсектері жаңа кепкен терден айғыз-айғыз боп тұр. Сақ ұрылар өзге жылқыны да жайылысқа жібермепті. Азғантай аяда, ағаш бас сайын екілеп, үштеп байланған ноқталы құр ат, ту биелер тұр. Олардың тері, анау мінгіш аттардан сонауғұрлым қалың. Тұтқиылдың шабуылына түсіп сүргін көрген семіздер қан-жыны араласып, қызыл май боп, еріп тұрған сияқты: қолды болған кеңес малы Оспанқұлдардың адал еңбегінің көркі болғандай ірікті сәйгүліктер — қор болғаны-ай жануарлардың! — деп Бекбол ішінен тынып келеді. Енді оқ бойындай тақап та қалып еді. Кісі дегеннің әлі де бойы көрінбейді.

— Ұйықтап жатыр ма бұлар, әлде? — деп Бекбол, олай болса оятпайын, басқа есеп ойлайын, дегендей боп атының басын кішкене ірке берді.

Бірақ дәл осы сәтте, бұның бар қозғалысын бағып тұрғандай және енді өзгерісін тани қойғандай боп, тап желке жағынан бір дауыс саңқ ете түсті.

— Тоқта! — деді.

Бекбол бүркіттің балдағын бір қозғап қойып, саспай ғана сырт айналды.

Қараса, жаңа ғана бұл жанынан өткен, сол жақтағы үлкен шырыштың орта тұсында бір қансыз қара сұр банды мылтық кезеп тұр екен. Қалың бұтақты жуан ағаштың басына шығып, бойын тасалап, Бекболды бағанадан бағып отырған күзет қарауылы осы екен. Енді бұтақтарды серпіп тастап, бас пен омырауын көрнекке шығарып апты. Бекбол аз ғана таңырқаған сыңайға мініп, көз алмай қалса да мұның түсін танымады.

— Түс аттан! — деп банды тағы команда берді.

— Түсейін, шырағым! — деп Бекбол жай ғана түсіп, тізгінін ердің қасына ілді де:

— Сескенбе, азамат, сен де түс! Елмісің, жаумысың деп сұрасаңшы. Сиқым мынау, өзім жапа-жалғызбын. Жасанып кеп тұрған қуғыншы деймісің? Аңшымын. Құсымды жоғалтып жүрмін! — деді. Бұл сөздері соншалық бір жай, момын, бейбітшілік пішінмен айтылған еді.

Банды сенсе де, сенбесе де ағаш басынан секіріп түсіп, жетіп кеп аңшы қолынан торы аттың шылбырын жұлып алды да, содан әрі тіл қатпастан, аял етпестен, Бекболдың артына шыға берді де мылтығының ұшымен аттар тұрған жақты нұсқап, бұйрық түрінде басын ғана былғаң еткізді.

Бекбол қалт етпестен бағынды да, топқа қарай тартты.

Енді байқады, өзге үш банды да үш ағаштың түбінде баспа қып отыр екен. Мылтықтарын ұстай-ұстай қарсы алдынан тұра-тұра қалды. Қаракер осында отыр. Орта тұстағы бурыл сақал ұрының тақ алдыңғы жағында қу томарға отырып aп, бір көк шандырды өлердей тартқылап отыр екен.

Бекбол тақай берді де құсынан асып, сол қартаң бандыға қарады. Тесіле қарай беріп, шұғыл өзгерді. Аң-таң болғандықтан селт етіп аңырып, тоқтап та қалды. Сол сәтте анау да таныды. Өңінде бір таңдану белгісі мен бір суық мұз кезек шарпысқандай бір сот болды да, тез-ақ:

— Бекбол, сенбісің, әй? — деді. Таныса да түрі суық, үні жат.

Бекбол бойын тез билеп алып, талайдан сағынып құштар болған жан жүйесін көргендей боп, бар ынтасымен:

— Сәтбек? Қайран Сәтбек-ай, тірі ме едің, бар ма едің? — деді қуанған тәрізді.

Екі жақ бүйірден шыққан екі банды бұл кезде Бекболды қоршап, тақап келіп еді. Бекбол бір-бір қарап алды. Бірақ олардың ішінен көз танысты ұшырата алмады.

Сәтбек Бекболға енді тақай беріп:

— Елмісің, жаумысың? — деді.

Жаңағы Бекбол пішіні жаулықтан алыс көрінсе де, арылып алмақ секілді. Бүйірдегі екеуі мен алғаш Бекболды айдап әкелуші арттағы қара сұр үшеуі аңшыны жалма-жан тінте бастады. Жұлмалай тінтіп, қойны-қонышын арылтып жатыр. Бекбол өз бойын еркімен соларға беріп, алғашқы Сәтбекті таныған, соған қуанған қалпынан өзгермеді. Көзімен қадалып, көңлімен құлай ұмтылғаны да сол ғана сияқты.

— Елмін. Еліңмен, Сәтбек! — деді.

— Шын ба?

— Шыным!

Бандылар бұның бойын арылтып болып еді. Түк таппай серпіле бергенде Сәтбек те "қойыңдар" дегендей ишарат жасады. Әлпетіне қарағанда бастық өзі сияқты.

Шоқша сақалына бурыл кіргені болмаса, бес жыл өтсе де баяғы пысық, қунақ қалпы екен.

Бұл өңірдегі ең жырынды, алаяқтың бірі еді. Тұқымы шонжар, өзі атқамінер болса да, сол кездегі облыс әкімшілігінің басындағы бір қызметкерге қызын беріп, сол жігіттің панасымен бай-құлақ конфискесіне ілікпей, ерте бой тасалап кеткен-ді. Артынан әр кезде естілетін еміс хабарлар бойынша біреулер: "Сибирьде екен" деп, тағы біреулер "Ташкент жағында қызметкер боп кетіпті" десетін. Тағы біреулер "өліпті" деп те сөйлеп еді. Әр жерге із тастап, әр жотадан бір қылт етіп, көп шиырға салып жүрген ғой. Алғаш жоқ боп кеткен 29-шы жылында бір қыстың ішінде әрі Сибирь, әрі Ташкен маңын бір-бір сүзіп шыққаны рас болатын.

Бұ да бір жағынан аңшы еді. Бекбол осы Сәтбек ауылының маңындағы кедей. Өмірі Сәтбектің әкесі мен өзінің құсын ұстаған жалғыз атты жалшы, қарашы болатын. Құрбылас болғансып жүрсе де Сәтбектің сұрқия, обыр мінезінен Бекболдың өз басы мен үй іші көрген жоқшылық, қорлықтың өзі де ұшан-теңіз еді. Бекболға Сәтбектің тағы бір сыры мәлім. Ол жаурыны жерге тигенше айла жасайтын әрі сайқал, әрі өтірікші. Енді мынадай суық жүрісте жүргенде одан нені болса да күту керек. Бекболдың ендігі халі зор қауіпте. Талайдан көрген қатты қысталаңның бірі осы еді. Не де болса бұрынғы Бекбол боп көрінуден басқа айла жоқ. Сәтбек бұны барлап бағып, шалар жерін аңдығандай торып қарайды.

— Дегенің шын болса бері жүр! — деп от басына әкеліп отырғызды. Өзі қара бақырдың астына тамызықтап қана от жаға бастады. Бекболдың келуінен бұрын, бағанағы айламен жағылған от осының өзі жағып отырған от екен.

Ендігі жедел сұраған сұрағының бірі:

— Аңшы нешеу едің? Жолдасың кім? Ол қайда? — деді.

— Жолдасым жоқ, жапа-жалғызбын. Құсымнан айрылып қалғаным да сол ғой. Болмаса қағушының алдынан қашқан аңға жіберіп қана қолма-қол алып отырмас па ем! — деді Бекбол.

Бұған сенер-сенбес боп Сәтбек Қаракерді нұсқап:

— Мынау балапан, көрінген қызылға қабатын, жаман қолбала ғой. Сен ұстаған құс осындай болушы ма еді? Кісінің құсы емес пе? — деді.

Қадала бағып отыр, ұстар жері осы. Бірақ Бекбол саспастан мырс беріп күлді де:

— Танисың-ау, Сәтбек! Дегенің рас. Бір бала жігіттің бұзылған құсы екен. Түзеп алғанымша сол боп жүр, — деді.

Сәтбек үндемей қалды. Бірақ көзінің астымен ылғи бағып қарап отыр. Бұл кезде Бекболға алғаш кездескен асау қара сұр да әp алуан сұрақтар бере бастап еді. Оған біраздан соң, өзге екі банды да қосылды.

Бұлардың ұрағаны "қуғын бар ма, мал іздеген жоқшы бар ма? Кеше кештен бері кімді көрдің?" — деген сияқты дәл қазір өздеріне керекті хабарлар болатын. Бекбол құсынан басқа түк білмейтін, түк көрмеген момын, меңіреу ғана шал болды. Бұл пішіні Сәтбекке тағы бір сезік бітіргендей боп, қайта қадалып:

— Жә, ел екенің шын болса бізге ересің. Бұған не дейсің? — деді.

— Е, бәсе!

— Иә, иә, кәне осыған не дейсің? — деп өзгелер де төне түсті.

Бекбол шынымен бейіл беріп, бекінгендей болып, Сәтбекке қарап, шарт жүгініп алып:

— Ей, Сәтбек. Екі сөзге келмей, ердім, десем сөзімді жалған дер едің. Бірақ сен түс шаймай, баяғы Бекбол де де, баяғы Сәтбек боп бел шеш. Не саудасы бар? — деді.

Осыған келгенде Сәтбек қайта жауап қатпастан өз жолдастарына қарап, шетке қарай ым қақты. Төрт банды үндемей тұрып барып, аттардың ар жағына шығып, азғана кеңес қылды. Бекбол ол жерден де Сәтбек көзінің бағып тұрғанын сезіп, секем алдырмас үшін, қыбыр етпеді.

Сонымен аз ғана уақыт өткенде бандылар екі ұдай боп даурығып, егесе сөйлесіп, қайта жүрді. Алғашқы қара сұр Сәтбекпен шындап ұрысысып, омыраулап келе жатқан сияқты. Өзге екі ұры да осыған бейім. Сәтбек жалғыз қалған сияқты. Аналар келді де Бекболға тап берді. Орнынан тұрғанша ес жиғызбастан кеп міне түсіп, қара сұр банды сары пышақты жарқ еткізді. Өзге екеуі Бекболдың аяқ-қолын баса қалды. Пышақты кеңірдегіне тақап кеп, енді ора беріп еді, сол кезде Сәтбек кеп қара сұрдың білегінен жармаса түсті.

— Әй, жігіттер, мен десеңдер, өлтірмеңдер! Заманым бір құрбым еді. Ең болмаса тілге келтіріңдер! — деді.

Бекбол бұның өзі жасаған бір қыры екенін түсінен сезді де, үндемеді. Артын тоспақ болды.

— Не тіл? Не қылған тіл? — деп бұның үстіндегі ұрылар арс-арс етіп еді.

— Ең болмаса бұл бақырдан бірдеме тіле де, соны орындамаса өлтірші! — деді Сәтбек. Жасаған айласының тетігі осы арада екен. Бекбол өздері айтсын деп тағы да үндемеді.

— Ендеше: "не көрсем бірге көрдім, өлсем бірге өлдім. Ердім!" — десін бұл шалың. Әйтпесе бауыздап кеткеннен басқа жолым жоқ. Қылыш үстінде серт жоқ... — деп қара сұр Бекболды тағы бір рет тізерлеп жіберді. Бекболда қорқыныштан белгі жоқ, ішін кернеген ыза еді. Сәтбектің баяғы әлсіз, правасыз кедейді алдап, аунатып жеудегі сұм-сұрқия әдісі. "Қуарған қанқұйлы. Маған қорлық сөздерді, жалыныш сөздерді айтқызбақсың ғой, сонымен өзіңе қорғалатып, өзің айырып алған кісі болмақсың. Тағы да "қарыздар" кісі қып алмақсың ғой", — деп ішінен бұрынғы барлық көрген жауыздықтарды тегіс есіне түсіргендей болды. Намыс пен ашуға қатты бекініп ап еді. Жаулары қанша тосса да бұдан үн шықпады. Сәтбек соған ашуланып кеп:

— Өй, өзің тілің бар ма? Неге үндемейсің. Мен саған болысып, жанды ортаға сап тұрғам жоқ па? — деді.

Бекбол қатты ашулы пішінмен:

— Ал, әрмен, ендеше, мынауыңды үстімнен! — деп бұлқынып қалды. Құр бопсамен отырған ұрыларды Сәтбек оп-оңай тұрғызып жіберген болды. Мазақ пен қорлықтың олақ ойыны. Бірақ айла қып бөгей бермесе тағы болмайды.

Бекбол босаған соң, Сәтбек:

— Жә, сенің басыңа мен кепіл болайын. Жалғыз-ақ бізге ер де, бүгін түнде есебін тауып, бой көрсетпей мына малды жолдағы отрядтан алып өтіс. Ары өткен соң міндетің менің мойнымда. Баяғы Бекбол, Сәтбек боламыз. Көндің бе? Болмаса мына тұрғандардың сені бауыздайтыны шын! — деді. Сәтбектің алғаш шешілгені осы еді.

Бекбол үндемей, саспай құр ғана тосып отырып, барды айтқызып алды. Енді көп сауданың орны жоқ. Күнді байқап еді, Ожардың желкесіне қарай құдиып қапты.

— Ей Сәтбек, ей жігіттер! — деп, Бекбол оңдалып, бойын түзеп, алды да, сол дегенің деген-ақ. Сөз бітті, болды. Пісір мынау етіңді, жейік те, атқа қонайық. Өзімнің де ойлағаным осы болатын. Не мыжитыны бар, тек жолымыз болсын, — деді.

Ұрылардың бұған деген шырайы енді өзгере берді. Сәтбек тағы бір шүйлеу үшін:

— Бәрібір енді қолға түссең, шекарада бізбен түсесің. Ондағы өлімнен сен де құтылып жатқан жоқсың. Солай емес пе! — деді.

— Уай, енді сөзді доғаршы, жаным! Қолға түспейміз. Аман өтеміз. Болды! — деп Бекбол енді тіпті аналардан аса сөйледі.

Осыдан соңғы сөздер Сәтбек пен Бекболдың жай сұрасқан бейбітшілік сөздері еді. Ет пісті. Енді соны түсіріп жеуге асығысып еді. Бекбол дәл етке отырар алдында Қаракерді қолына қондырып, күнді тағы бір болжады да:

— Ал, тез жеп алайық та, қазір атқа қонып иек артпа, кіре беріс тастың біріне жетіп алайық. Болыңдар! — деді.

Өзі асыққан сияқты. Бандылар аңшының бұл ақылын мақұл көрген еді. Күн ұзын бір жерде жатуды олар лайық демейтін. "Жөн" дескен ажарларын байқаған соң, Бекбол енді құсын көтеріңкіреп тұрып:

— Жә, ендеше, мына құсты қош айтысып қоя беремін! — деді. Бандылар етке кіріскен еді, теріс дескен жоқ. Бекбол Қаракердің көзіне қарап, бойын біраз сылап қойып:

— Жә, туып-өскен жер-ауға Сәтбек екеумізден қалған бір белгі сен бол. Балақ бауыңды да алмаймын. Бар, жануар, қош бол! — деп Қаракерді әуелете лақтырып жіберді.

Алдында жем тартып алған неме, ұшпай жүре ме деп қатты қауіп қып тұр еді. Бірақ Қаракер аңшының көп тәрбиесін ақтағандай болды. Атқып ұшып биіктей берді. Ойнай ұшқан сияқты, айналып жүріп биіктеп барады. Құсты қимағандай қарап тұрып-тұрып, ақырында Бекбол от басына келді. О да етке отырды. Мол асылған семіз құлынның етін өзгелер қапыл-құпыл жұлып, жұтып жатыр екен. Табақ жоқ, бір кір орамалдың үстіне үйіп салған бусанған етке, от жақ шетінен кеп Бекбол да араласты. Бақыр отта екен. Бірақ от өшуге жақындап қапты. Етті қамти отырып:

— Сорпа суып қалмасыншы! — деді де, бағанадан ескеріп қойған бір уыс жапырақ пен қу шөпті шала шоқтың үстіне тастай беріп, үрлеп-үрлеп жіберді.

— Үй, үрлеме-ей! Өй, оның не? — деп Сәтбек біраз омыраулап еді.

— Ей, қайтеді? Сорпа суымасын! — деп қаннен-қаперсіз пішінмен етке қолын сала берді. Атылған мылтық түтініндей болған бір шуда, айқын көк түтін, шоқ қарағайдың үстінен бүрк етіп көрініп қап еді.

Осы етті мейлінше жеп, енді артын бітіре берген кезде анадай жерде қалмақша байлаулы тұрған екі торы аттың құлағы қатарынан елең ете түсті.

— Әй, мынау не көрді? — дей сала Сетбек сол жағындағы мылтығына тап беріп еді. Өзгелер де дүрк беріп қаруларын шап-шап ұстай алысты.

— Қап, күзет те қоймай! — деп Бекбол да өкіне берді. "Енді келер пәле жоқ. Маңайда құнан шаптырымнан беріде тірі тышқан жоқ" дегенді айтып, бәрін бейбіт қып қойған өзі еді.

Бандылар әр ағаштың түбіне тарай жүгіре берді. Сәтбек атқа жақын бір ағашқа қарай ұмтылып еді. Бекбол соның соңынан жүгірген. Бұлардан жиырма қадамдай жерге шыға бере-ақ қара сұр банды мылтықты басып қалды. Анық-ақ қуғыншы жетіпті. Сәтбек пен Бекбол ешкімнің қарасын көрген жоқ еді. Мылтық үніне жалт қарай бергенде екеуі де лезде қарсы атылған мылтық үнін есітті. Сол сәтте қара сұр банды шалқасынан ұшып түсті. Қазақша, орысша қатар айтылған бұйрық команда да естілді:

— Таста қаруыңды! — деп, барлық айналадағы қарағайлар әмір еткен сияқты. Жолдасының құлағанын көре салысымен Сәтбек Бекболға қарап аузын ақситып, мылтығының құлағын қайыра беріп:

— Ал, өлесің, бөлем! Жастығым... — дей бергенде Бекбол ақырып:

— Таста қаруыңды! — деп секіріп, ұмтылып кеп мылтығынан да ұстады, тізеден де теуіп жіберді... Ескі дұшпаны, сырқынды бандымен шаппа-шап алыса түсті. Бірақ бір айналуға келместен-ақ жау бұраң етіп Бекболдың астына барып бұрқ ете түсті. Бекбол өзі әлі оншалық жыға қоярлық қимылды істемеген сияқты еді. Сүйтсе Сәтбектің артынан кеп, жұлқып бүктеп түскен Александр екен. Бекболдың талай жылғы досы, талай қысталаңда қатар жүріп бірге сынасқан, сеніскен досы Александр. Коменданттың өзі. Айналаны қоршап алып, баспа қып тұрғанда Александрдың ең алдымен ойлағаны Бекбол еді. Қысылған банды Бекболды зақым қып кете ме деп сескеніп еді. Дәл аттардың қасына жеткенше атака жасамағаны да сол болатын.

Бір банды өлді де, үш банды тұтқын болды. Оспанқұл, Жәнібек және барлық қызыл әскерлер байлаулы жылқыларға беттеді.

Бекбол Александрды құшақтап, Сәтбекке алып кеп, қашқын шонжардың көзіне нұсқап тұрып, әуелі қазақша:

— Мынау Сәтбек! Мен туған жылы бірге туып, совет орнағанша, сақалымның ағына шейін, мойныма мініп қанымды сорып келген борсығым еді. Сәтбек атын менен көп естімеп пе ең? — деді.

— Көп естігем. Жақсы білем! — деді Александр.

— Ендеше, сол Сәтбек осы! — деп Бекбол Александрдың өзіне бұрылды да, қуана күліп, енді орысша таза сөйлеп қоя беріп:

— Осымен нешінші қашқынды ұстасып тұрмын, Александр! — деді.

Александр Бекболды қолтығынан алып оңашарақ бұра беріп:

— Ну, Бекбол, ендеше, құтты болсын! Бұл сен ұстаған он тоғызыншы нарушитель! — деп кәрі аңшы досының қолын қатты қысып, ұзақ сілікті.

* * *

Арада бірнеше жыл өтті. Тағы да октябрьдің әдемі бір шағырмақ, мөлдір күні еді. Көлемі үлкен, бай колхоздың ылғи, жаңа, таза үйлері әрі көңілді, көрнекті, әрі тыңқиған тоқ пішінде. Ең үлкен жаңа мектеп, содан кейін басқарма және осы колхоздың тап орта тұсында қызыл темір шатыры бар әдемі үлкен бір үй тұр. Бұл біздің Бекболдың үйі. Кәрі аңшының өзі үлкен бөлмесінде баяғы досы Александрмен бірге отыр.

Тәжірибелі қарттың соңғы жылдардағы еңбегі бұрынғысынан да артқан. Қазіргі еңбек тізімі Сәтбекті ұстаған он тоғызыншы уақиғадан сонағұрлым молайған. Бұл күнде Бекбол ардақты, орденді колхозшы. Өзі ғана емес, қазірде Жәнібекті де дәл өзіндей көреген, алғыр, жас қыран қып баулып алып еді.

Ана босағада тұрған Қызылбалақ та тұғырдан тайған жоқ. Жыл сайын, күздің екі айының ішінде "Октябрь" колхозының қорына 130-150 түлкіні кіргізуден о да айныған емес. Отан жауына қарсы жанын сала қимылдайтын саналы кәрі қыран Бекбол болса, мал табар қайтпас қыран Қызылбалақ. Екі серік әлі қажыдық, тоқырадық дейтін емес. Қайта қазір ең ажарлы, ең әдемі күйіне келген сияқты.

Соның ең бірінші белгісі Бекболдың өзінде. Ол соңғы екі жыл бойында зер салып, Александрдың дегенін істеп жүріп, орысша хат танып қалған еді. Бұрын тілге жүйрік болса, енді өздігімен газет, кітап оқитын да боп алған. Сонымен бүгін Александрды әдейлеп қонаққа шақырып, бір қымбат кітаптан, кейбір түсінбей қалған жерлерін сұрастырып отыр. Екеуінің ортасында қолдан қолға ауысып отырған жұқалау сұр кітапшаның сыртында алтын жазу бар. Ол Қазақ ССР-нің Конституциясы.

Жүз он бірінші статьяның тұсында Бекболдың бір белгісі бар. Соған үңіліп отырып: "Отанын қорғау СССР азаматының қасиетті міндеті" деп, бірнеше рет айтып шықты.

Бекбол Александрмен әлі бірнеше күн бойы конституцияны да, сайлау заңын да мықтап талқылап,ұғынып шықпаққа сөз байлаған. Бекбол да, Александр да бұны әсіресе ұлы, зор міндет деп біліседі. Үйткені райкомнан Александрға хабар келген... Сайлау округының ұлттар советіне ұсынбақ кандидаты осы ардақты қарт, кәрі қыран Бекбол еді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз