Қыз ұзатудағы өлеңдер елдің ескіден келе жатқан салтымен байланысқан. Бұл қуаныш, қызық үстіндегі өлең. Оның үстіне әрқайсысында да арнаулы мағына бар, тудырған белгілі себептер бар. Үй ішіндегі тұрмысты ескі қазақ қалай ұғып, қалай түсінген, үй ішінің, от басының ұйытқысы кім деп білген, сол сияқты пікірді анықтаумен бірге көп ел ішіне жайылған ескілікті нанымдарды білдіреді. Бұл қыздың тойын қызық қылу үшін, жылаған жұртты күлдіру үшін ғана айтылатын өлеңдер емес, бұлардың әрқайсысында арнаулы терең мағына бар, көздейтін арнаулы сұлу мақсат бар.
Бірақ бұрынғы шерлі өлеңдерден бұл өлеңдердің кейбірінің айырмасы – мұндағы өлеңдер жаттама өлең болады. Себебі мұнда бұрынғыдай қайғы жоқ. Шер үстіндегі өлең жаттама болмауға керек. Онда әрбір шерлі өзінше шерленіп, өзінше қайғырады. Сондықтан біреу айтқанды біреу айтуға лайықсыз болады. Мынау өлеңдердің көбі қуаныш, той үстінде айтылады. Бұлар жаттама болса да, сөгісті емес, сондықтан жар-жар, бет ашар жаттама өлең болып айтылады.
Қыз ұзатардағы өлеңнің бірі танысу, сыңсу болса, ол қыздың көз жасымен айтылатын шын шері. Сондықтан ол жаттама болмайды, жаннан шығарылады. Енді қыз ұзатқанда айтатын өлеңдердің әрқайсысын жеке-жеке қарастыралық.
Ж і г і т:
Қара насар замандас,
Қара насар, жар-жар!
Қара мақпал сәукеле,
Шашың басар, жар-жар!
Мұнда әкем қалды деп,
Қам жемеші, жар-жар!
Жақсы болса қайын атаң,
Орын басар, жар-жар!
Қ ы з:
Есік алды қара су,
Майдан болсын, жар-жар!
Ақ жүзіңді көргендей,
Айнам болсын, жар-жар!
Қайын ата бар дейді,
Надан қазақ, жар-жар!
Айналайын әкемдей,
Қайдан болсын, жар-жар!
Ж і г і т:
Ақ қоян қашар,
Жоталап, жар-жар!
Ақ тайлақ өсер
Боталап, жар-жар!
Мұнша неге жылайсың, жар-жар!
Артыңнан інің барар апалап, жар-жар!
Қ ы з:
Ортекемнің шет бауын,
Оя тұрсын, жар-жар!
Той басына ту бие
Соя тұрсын, жар-жар!
Мен шешеме айтамын,
Әкеме айт деп, жар-жар!
Мені десе биылша,
Қоя тұрсын, жар-жар!
Ж і г і т:
Қызыл қыршын, замандас,
Қызыл қыршын, жар-жар!
Қызыл қыршын ішінен
Қырғи ұшсын, жар-жар!
Әкем бар деп арқаға
Медеу қылма, жар-жар!
Алып кетер мал берген,
Күдеріңді үз, жар-жар!
Қ ы з:
Түндігімнің төрт бауы,
Бас бауымды, жар-жар!
Алты жеңгем сұрайды
Шашбауымды, жар-жар!
Алты жеңгем сұраса,
Аласың да, жар-жар!
Айналайын жан әкем!
Қаласың да, жар-жар!
Ж і г і т:
Мінген атың қарады, жар-жар!
Жал-құйрығын тарады, жар-жар!
Мұнша өксіп жылама, жар-жар!
Шешең ертіп барады, жар-жар!
Қ ы з:
Түндігімнің төрт бауы
Мақта шеше, жар-жар!
Қызың кетіп барады,
Жоқта, шеше, жар-жар!
Он екі айда айналып,
Бір келермін, жар-жар!
Сары інгеннің ботасын
Сақта, шеше, жар-жар!
Ж і г і т:
Мінген атың жиренше, бикем, жар-жар!
Артқы түйең інгенше,жар-жар
Өксіп-өксіп жылама, бикем, жар-жар!
Әлдилеп бала сүйгенше, жар-жар!
Қ ы з:
Балшық па екен, су ма екен
Сарқыраған, жар-жар!
Ақ сүт беріп шешекем
Асыраған, жар-жар!
Ақ сүт берген шешеме
Не көрсеттім, жар-жар!
Жат кісінің баласын
Жолдас еттім, жар-жар!
Ж і г і т
Есіктің алды қия еді, жар-жар!
Қияға біткен мия еді, жар-жар!
Әкең берген қамқа тон, жар-жар!
Етіңе қайтып сияды, жар-жар!
Қ ы з:
Тоқпақ жалды торы айғыр,
Тоқтама әке, жар-жар!
Төркіндеген үйіңнен
Кеттім, әке, жар-жар
Қыз да болсам сіздің мен
Перзентіңіз, жар-жар!
Жалғыз басым сыймастай
Не еттім, әке, жар-жар!
Ж і г і т:
Есіктің алды құмдақты, жар-жар!
Құмдақтан қоян зымдапты, жар-жар!
Атасы басқа жау жеңгең, жар-жар!
Отауға салып тыңдапты, жар-жар!»
Ж і г і т:
Бір толарсақ, бір тобық
Санда болар, жар-жар!
Қырық кісінің ақылы
Ханда болар, жар-жар!
Әкем-ай деп жылама,
Байғұс қызым, жар-жар!
Әкең үшін қайын атаң
Онда болар, жар-жар!
Қ ы з:
Жаздыкүні ақша қар
Жаумақ қайда, жар-жар!
Құлын тайдай айқасқан,
Он жақ қайда, жар-жар!
Азар жақсы болса да
Қайын атам, жар-жар!
Айналайын әкемдей
Болмақ қайда, жар-жар!..
(Өзге жақындары да солай)
Шымылдығым серпе сал,
Көрсін әкем, жар-жар!
Көзінің жасын көл қылып
Төксін әкем, жар-жар!
Жылда-жылда ноғайдан
Пұл алушы, жар-жар!
"Бір міндеттен құтылдым"
Десін әкем, жар-жар!
Шымылдығым серпе сал,
Көрсін шешем, жар-жар!
Көзінің жасын көл қылып,
Төксін шешем, жар-жар!
"Жылда-жылда болжама
Бояушы едім", жар-жар
"Бір міндеттен құтылдым",
Десін шешем, жар-жар!
Ж і г і т:
Шәйі қамзол дүрия үстінде бар, жар-жар!
Алтын бесік құлыншақ алдында бар, жар-жар!
"Үйде шешем қалды" деп жыламашы, жар-жар!
Жақсы болса, қайын енең онда да бар, жар-жар!
Ерке туған аға екем, перизатты, жар-жар!
Еркелейтін алдыңда жеңге де бар, жар-жар!
Қос перизат бір жерге қосылыпсыз, жар-жар!
Құтты болсын тойыңыз, перизатым, жар-жар!
Бұл өлең екі жақтың айтысынан құралады.
Бір жағы күйеу, екінші жағы қалындық.
Бір жағы еркек тобы, екінші жағы әйел тобы.
Адам баласының екі ру болған қауымының бұл жерде екіге бөлінген жігі ашылады. Соның белгісі көрінеді. Жаңа өмірге кіретін жас әйел, жаңа өмірге кіретін жігіт өздері шыққан екі топтың пікірін, сырын сөйлейді. Еркек тобы әйелге жалпы адам баласының қауымына әйелдің не міндет, не мақсатпен жаралғанын айтады.
Әйел арнаулы әйел басының өз тілегін айтады. О да тең адам, онда да тілек, сезім бар. Оған да жалғыз адам болғандағы тілегі керек. Жалпы адам болғандағы қарызына өз басының қайшы келетін өзімшілдік тілегі қойылады. Бірақ бұл жердегі өзімшілдік сөгісті мінез емес, әрбір адамға қас мінез. Әйелде де қуаныш бар, күйініш бар; оған да жақын бар, жат бар; оның да туған жерге, өскен елге арнаулы тілегі, іркектей онда да еркіндігін сүйетін, жастық шақты сүйетін сезімді жүрек, ыстық қан бар. Оған да ұя керек, оған да өмірдің жарастық жылылығы керек. Жат өмірге кетер жастықтан айырылып, жаңа өмірге кірерде ол өткен күнімен қоштасады. Белгісіздің тұманы басқан жұмбағы көп алдыңғы өмірге сене алмай, көңілдегі арман, күдігін айтады.
Жігіт тобы алдыңғы күннің қызығын айтып жұбатады. Әйел тіршілігінің жарастығы жанындағы бесікте, алдындағы балада. Қайын ата, қайын ене, жар, қасында ол болмаса, әйел өмірі жарастықсыз, қызықсыз, мағынасыз. Әйел – ана. Әйелдің адам баласының ұрпағын өсіретін қарызы бар. Және қазақтың түсінуінше әйел үй ішінің жарастығы, үй ішінің ұйытқысы. Онсыз еркек өмірі – гүлсіз өмір. Сондықтан еркектің үйіне әйел керек. Бұл қалдар адам баласының қауымының ішінде бұл күнге шейін жеңіспей, жарысып келе жатқан пікір. Қазақтың қуаныш, қайғы үстінде сөз қылатын сол тартыс, сол пікірлер. Бұл адам баласының тобындағы бір үлкен трагедияның басы. Көпке қызмет қылу адамның қарызы. Көп үшін өлу, көп үшін өз тілегіңді құрбан қылу адамшылықты ұққан жанның ата мұраты. Маңдайына басылған қарызы, өмірінің мағынасы. Бірақ бұған қайшы келетін – адамның өз жүрегінің тілегі, өз басының сезім, өздігі. Осы екеуі бір бетпен кетсе, арасында шалыстық болмаса, адам бақытты. Бірақ көп уақытта екі жолда қайшылық болады. Бір адамның өз жүрегінің ішінде екі айыр жол шығады. Жүректі сол екі жол айырады. Қанды оқиға, қайғылы хал сонан туады. Жар-жар сол терең пікірдің, сол сияқты халдың басын бастайды, бетін ашады.
Жар-жар деген сөздің өзінде де мағына бар. Сол күнге шейін күйеуі барын ашып айта алмай келген туысқан мен жас қыздың еркіншілік ерке күніне көлеңке түсіре алмай, аяп келген ағайын, тілеулес көптің, қуанышқа келген топтың ортасында, алғашқы рет "жар" атын атау керек. Жас әйелдің бой жетіп, екі өмірдің жапсарына келгенін тілеулес қауымының алдында қуанышпен жариялауы керек. Әйел құлағына, енді жалғыз емес, екінші адаммен қосақталғанын білдіру керек. Сондықтан жүзге ауыр тимейтін "жар" деген сөзбен, әнмен жаңа өмірге келгендігін естіртеді. Соны құлағына сіңіру үшін, соған көндіру үшін қайта-қайта "жар" атын атайды.
Қыз ұзатқанда айтылатын өлеңнің бірі – танысу өлеңі. Ұзатылатын қыз көңіліндегі шын қайғыны білдіру керек. Туған ел, өскен жермен ақырғы айырылысу сағатында көздегі жасын, көңілдегі қайғымен арыздасқан, қоштасқан сөзін айтады. Бұл сөздер жылаумен айтылатын болғандықтан, өлеңдері де жаттама болмайды, қай қыз болса да жанынан өлең шығарып айтуға тырысады. Ұзатылатын қыз ағайын, туған аға, жеңге, құрбы-құрдасқа айырылардағы арызын айтады. Өз өмірінің қайғысын айтады. Бұл күнге шейін жасырып келген, іркіп келген қайғысы болса, ақырғы сағатта, сол қайғының бәрін өлеңмен, көздің жасымен шығарады. Көп қыз, танысу өлеңде көп ағайынға естіртіп көңілдегі наразылығын айтады. Кейде алдыңғы жұмбағы көп өмірден рақым тілейді. Тілек айтады. Көрісетін апа, жеңгенің айтатын сөздері көбінесе, тілек тілеу, тілекпен ұзатып салу болады. Танысу өлеңдері қазақ ортасында көп, әлі күнге жоғалмаған, бітпеген әдет, бұндай өлеңнің әзіргі мысалына жеңгелер айтатын бір өлең аламыз.
Қара суды жайлаған қаз барады,
Анасынан айырылып қыз барады.
Қара суға қан құйсаң ағар, кетер,
Жат кісіге қыз берсең, алар, кетер.
Жылама, бикем, жылама!
Көзіңнің жасын бұлама!
Ұл боп тусаң әуелден,
Сені мұндай қыла ма?
Бүркендіріп қоя ма?
Көзіңнің жасын бұлама?
Біз бермейік десек те,
Мал бергенің қоя ма?
Қыз ұзатқанда айтатын өлеңнің бірі – бет ашар. Бұрынғы басы бос, еркін қыз енді қалындық болған уақытта, жаңа өмірдің табалдырығынан нықтап аттаған соң, жаңа үйдің мүшесі, жаңа елге тиісті адам болған соң, соның ауысқан жаңа өміріне арнап айтылатын өлең. Бұл өлеңде не шер, не қайғы айтылмайды. Бұл жағынан қарағанда, өзге өлеңдердің көбінен бет ашар өлеңі бір бөлек болып бөлінеді. Бет ашарда жеңіл күлкі, қалжың сияқты сөздің араласып келетін де жері бар. Шын сөз, шын өсиетті айтумен бірге, қалжыңға ұқсас қылып, салақ, олақ, ретсіз әйелдің күлкілі мінездері де көрсетіледі. "Қаптың аузы бос тұр деп, құрт ұрлама, келіншек" деген сияқты. Осындай күлкі сөздеріне қарап, соңғы замандарда, бұл өлең ылғи үлгі ретінде айтылатын сөз болып та кеткен жерлері бар.
Бірақ бет ашар өлеңінің не мақсаттан туып, не үшін айтылатынын тексерсең, мұнда үлкен мағына бар екенін айыру қиын емес. Бет ашар – беті ашылған жастың бетін ашып, өмір таныту, әрбір елдің өзі қолданған жол-жобасын түсіндіру. Тәжірибесіз жас әйел жаңа өмірге кіріп, жаңа қауымның ортасына келгенде, сол қауымның қадірлі, құрметті үлкендерін тануға керек. Жаңа қауымның қадірлейтіні кім, ұлық тұтып сыйлайтыны кім, жаста еркелетіп аялайтыны кім, жас келіннің бұларды топ алдында танып, біліп алуы қажет. Үлкендердің алдында келіннің тәжім қылуы – сол жаңа шарттарға көндім, қабыл алдым дегенінің белгісі.
Екінші үлкен мағына: бет ашарда қазақ елінің жаңа түскен келінді келешекте ана болуға, қадірлі келін, үлгілі жеңге болуға үйретеді. Бұл өлеңнен қазақ жұртының әйелге жалпы көзқарасы білінеді. Әйел үй ішінің, ауылдың, ағайын ортасының ұйытқысы. Солардың жарастығы, гүлі, берекесі. Күйеудің сүйеніші, тірегі. Дос тауып, туысқан құрып беретін көмекшісі, досы. Өлеңде сол міндеттер толық айтылады. Ел осы айтылған тілектерді орындап, жақсы ат алып, ағайынға қадірлі болу үшін, қандай шарттарды орындап, қандай мінезде болу керек, соның жеке-жеке жолдары айтылады. Үй ішінің ұйытқысы әйел болған соң, оның ұйтқы болар мінезі не болатынын айтады. Мысалы:
Келіннен енді сөйлейін
Көп дабырлап шуламай,
Құлағыңды саласың!
Қатасы болса сөзімнің.
Осы отырған әлеумет
Сынға салып қарасын.
Құлағың салып тыңдап тұр,
Келінжан, менің тілімді!
Әдеп жолын үйренбек
Жас кісіге білімді.
Ақылсызға айтқан сөз –
Далаға кеткен шығынды.
Бәрі саған керек іс,
Тыңдасаң, келін, жырымды.
Жырға қосып айтамын
Бар өсиет сырымды.
Бұрынғы күнің балалық,
Ер жеткен күнің бүгінді.
Өзім айтқан сөз емес,
Осылай деген бұрынғы.
Келін боп келмек он жаққа
Ата-ананың мұрасы.
Бұрынғы үйің бекерді,
Мекенің осы турасы.
Өз үйінде тұрмақ жоқ
Ұл боп тумай әуелде,
Қыз болған соң тууың.
Келін боп келген қиын іс,
Жас өспірім балаға.
Қызмет қыл иіліп,
Ата менен анаға.
Өзіңнен үлкен адамның
Бетіне тіке қарама.
Үлкен кісі келгенде,
Қатарласып отырма,
Кейін отыр панада.
Ылажы болса шығып тұр,
Қайтқанша далаға.
Бар айтқаным бұл емес,
Құлағың салып тыңдап тұр,
Сөзім бар айтар және да
Тұратын болса ата-анаң,
Отырып қалма орнында.
Тұрып барып есік аш,
Еріп шықпа соңынан.
Дәрет суын көтеріп,
Қарап та тұр жолына.
Орамалын алып бер,
Ұмытып кетпе оны да.
Бұрынғыдай ойламай,
Сабыр етіп, шыдам қыл,
Аштық пен тоғыңа.
Ынтаменен қызмет қыл,
Құдай қосқан еріңе.
Күле сөйлеп жауап бер,
Оның айтқан сөзіне.
Тең құрбыңнан артық боп,
Үлкен емес, кіші емес,
Қосылыпсың теңіңе.
Еріңнен асыл адам жоқ
Қарасаң ата тегіңе.
Күйеуің үйге келгенде
Қағып көрпе салып бер,
Отыратұғын жеріне.
Бір нәрсеге жұмсарда,
Алыстан "әй" деп айтқызба.
Төсегін салып, шешіндір,
Ерте тұрса киіндір,
Киімін тұрып алып бер,
Белбеуін байлап беліне.
Менің айтқан бұл сөзім –
Бәрі саған керек іс.
Абайлап қара түсініп.
Сөлекет болып отырма
Еркектей болып жүгініп.
Бір тізерлеп жөн отыр,
Төмен қарап, бүгіліп.
Қатты қылып сөйлеме,
Ақырын сөйле мүдіріп,
Майдалығы сөзіңнің,
Кеткендей болсын үгіліп.
Бір нәрсеге барғанда,
Көп кешікпе кідіріп,
Үй арасы болса да
Қатты жүрме жүгіріп.
Боз балаға қарама
Артық аса тігіліп.
Сыбысың болып біреумен
Өсекке жүрме ілініп.
Жасырынбайды жаман ат,
Ақыры шығар білініп.
Жаман атың бір шықса,
Кетеді елің түңіліп.
Тәжім қылып сәлем ет,
Үлкен үйге кірерде.
Сыртыңнан шық иіліп,
Есіктен шығып жүрерде.
Бір киын іс дүниеде:
"Пәленше келін сондай" деп,
Сыртыңнан әркім күлер ме.
Ерте тұрып түңлік аш,
Ерініп жатпай төсекте.
Мезгілсіз келген ұйқыны
Өзіңе жақын дос етпе.
Жаңа түскен жас келін
Жақын болар өсекке.
Қатынға кәрі айып жоқ,
Мінсе да теріс есекке.
Сөйлеген кезде еркектей,
Дауысыңды қатты кенеме.
Нәзік сөйлес еріңмен
Не жұмыс қылсаң, жылдам қыл,
Шұбалаң келін атанба.
Тастама белбеу беліңнен,
Жүріп, жұмыс қылғанда
Барымен ұста қолыңның,
Ұстама жалғыз жеңіңмен.
Ата-ана мен жарыңның
Бетіне тіке қарама,
Алса да таспа теріңнен.
Қасыңа бала келгенде
Қабағың түйіп, тыржиып,
Жылатпа түртіп қолыңмен.
Орынсыз жаман іс қылып,
Әркімнің тілін тигізбе.
Ата-ана тегіңмен,
Ұзын сөздің қысқасы:
Жақсы болып, іс қылып,
Жұртыңа жақ еліңмен.
Бар айтқаным бұл емес.
Құлағыңды салып, тыңдап тұр,
Айтылар кейін қалғаны.
Отырған адам көзінше
Әр жерінді қасыма.
Жаулығыңды шұбалтпай,
Дұрыстап ұста басыңа.
Астынан шығып тұрмасын
Ие болып жүр шашыңа.
Қолын ұстап, бетін сүй,
Бала келсе қасыңа.
Қайыныңды сыйлап, қадірле,
Қарама үлкен жасыңа.
Жасы құрбы екен деп,
Жаманға болма ашына.
Ойынның жөні осы деп,
Әркімге берме шашыла.
Біреу жаман айтты деп,
Болымсыз іске жасыма.
Пәленше бұл деп айтты" деп
Жарыңа сөзді тасыма.
Естісең де жаман сөз,
Жүргенің жақсы жасыра.
Көңіліңе келіп жүрмесін
Айтты деп сөздің қиынын
Бүгінде жаман көргенмен,
Көңіліңе теріс келгенмен,
Бәрі де саған пайдалы,
Ағаңның айтқан жырының.
Сендерге енді келейін,
Қарт, кәрия аталар!
Жапсардағы отырған
Жастары үлкен – аналар!
Ақылы артық даналар!
Біздерге енді қуаныш –
Жасы кіші балалар.
Бұрынғының бір жолы:
Келінді көрген адамнан
Көрімдікке мал алар.
Қайын атаға бір сәлем!
Балаларыңның ішінде,
Көрімдікті көп айтар
Ақылы артық келінің.
Жалғыз қара болмасын:
Түйе болар боталы,
Бие болса тайлысы
Қайын енеге бір сәлем!
Келін - балаң бір теңді,
Қосылыпты сайына.
Осындай жақсы келінді
Көрімдігін атамай,
Көресіңдер ма жайына?
Түйе берсең ақтан бер,
Өсеріне бақтан бер,
Тым болмаса ен салдыр,
Түйенің кенже ботасы,
Биенің кіші тайына.
Малға шамаң келмесе,
Берсең де ырза боламыз,
Қаптағы құрт пен майыңа.
Қайын атаға бір сәлем!
Келін-келін, келіңіз!
Көрімдігін беріңіз!
Ала-құла демеңіз,
Түсін айтып қойыңыз.
Қойды берсең қоңырдан,
Өсеріне оңынан,
Абысынға бір сәлем!
Ешкі берсең сарыдан,
Мол қолды бол жарыған.
Түсін атап, енін айт,
Асып кет те бәрінен.
Беремін деген кей қатын,
Шығарып барып жанынан,
"Бергенім осы менің" дер.
Алыстан келген кей қатын:
"Берер едім аямай,
Жақын емес елім" дер.
Бермеймін деген кей қатын:
"Дүниенің билігін,
Үйдегі білер ерім" дер.
Сылтау қылып кейбірі:
"Өкпелімін бұл тойдан,
Беретін жоқ жерім" дер.
Желдіртпелі кейбірі:
"Сабыр қылып тұра тұр,
Берейін саған кейін" дер.
Кейін барып сұрасаң:
"Ойнамай жүр менімен,
Мен емес сенің теңің" дер.
Жалпы жұртқа бір сәлем!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі