Тәуелсіз комиссия елордадағы бірнеше мектепте жүргізген тексеріс барысында бірқатар бұзушылықтарды анықтады.
«Білім басқармасының бастамасымен тәуелсіз комиссия жасақталып, елордадағы бірнеше мектепте тексеріс өткізілді. Бүгін тексерістер кезінде талапқа сай келмейтін тұстар бойынша хаттама толтырылып, соның негізінде шара қолданылады», - дейді Астана қалалық Білім басқармасының баспасөз хатшысы Жазира Асанова.
Оның сөзіне қарағанда, оқу жылының басынан бері мектеп директорларына мектеп асханасының жағдайын жақсартуға қатысатын сарапшылық комиссиялар құру тапсырылған.
«Мектеп асханасындағы дәм-тамақтың сапасын бақылайтын ата-аналар комиссиялары қазірдің өзінде бар. Ереже бұзушылық жағдайы анықталса, хаттама толтырылып, азық-түлік жеткізушіге оны реттеуге мерзім беріледі. Егер реттемесе, мектеп сол хаттама негізінде келісімшартты созбауына, егер талап өрескел бұзылса, келісімшартты бұзуына болады», - дейді Ж. Асанова.
Сондай-ақ, азық сапасының талапқа сай емес екені анықталған жағдайда: 55-68-74, 55-74-67 нөмірлеріне хабарласуға болады.
Бұрын журналист Гүлбану Әбенова Facebook-тегі жазбасында мектеп асханасында балаларға берілетін тамақтың сапасын сынға алған болатын. Бұдан тыс, мерзімі өтіп кеткен азық-түлік өнімдерінің суретін жариялап, майонез бен кетчуп бұзылған тоңазытқышта сақталып жатқанына кейіс білдірген.
Жазбаны бірнеше сағатта мыңнан астам пайдаланушы бөліскен, осы жағдай жұртшылық арасында алаңдаушылық туғызған.
Дереккөзі: ҚазАқпарат
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Сания
Мектептегі тегін берілетін тамақтың сапасы сын көтермейді. Одан да тегін тамақ ішетіндерге (адресно) əр балаға өздеріне беру керек. Тамақ ұнаса ғана ішетіндей. Қазіргі уақытта көп жағдайда тамақ ыдыста рəсуə болып қалады. Тамақ дайындаушыларға бəрі-бір