Өлең, жыр, ақындар

Өнер ордасына 85 жыл!


Биыл қазақтың дарындарын даралап, қанға сіңген талантты танытатын іргелі оқу ордасы ұлттық өнер академиясына 85 жыл жəне дара тұлға Темірбек Қожакеевтің туғанына 120 толып отыр. Айтулы мерекеге орай Республика сарайында «Өнер – ұлт келбеті» атты шығармашылық концерт өтті.
  Кеш барысында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова лебіз білдіріп, біршама уақыт өнер академиясында ректорлық қызмет еткен А.Мұхамедиұлының құттықтау хатын оқыды. Мерекелік концертте оқу ордасының түлектері мен оқытушылары өнер көрсетті. Олардың қатарында Роза Рымбаева, Рамазан Стамғазиев, Нұрлан Албан, Мөлдір Әуелбекова, Жеңіс Сейдоллаұлы, Сәкен Майғазиев, Айжан Нұрмағанбетова, Нағима Есқалиева, Әли Оқапов, Əміре сынды белгілі əншілер мен «Алашұлы», «Muzart Life», «Тұран» тобы бар. Мерейтойда əнмен қатар сахналық қойылым да қойылды. Сүйіріктей ұл-қыздан құралған бишілер тобы өнерін ортаға салғанда, халық сілтідей тынды. Ине шаншар орын болмаған кеште əн мен биден бөлек, жиналған көпшілік академияның белді түлектері Бауыржан Байділдә, Әділет Жұмабаев, Амангелді Мұқажановтай көркемөнер шеберлерінің шығармашылық көрмесін тамашалады.
    Сан жылдық тарихы бар Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы көптармақты және көпсалалы оқу орны. Академия тарихында суретшілер одағы, симфониялық және ұлттық оркестрлер құрылып, музейлер ашылды. Академия түлектері осы 85 жыл ішінде қазақтың ұлттық өнерін дəріптеп, әлем сахнасында паш етті.  Оқу орнының ұжымы Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауын басшылыққа ала отырып, жаһандану талаптарына сай жан-жақты мамандарды дайындауға күш салып келеді. Сондай-ақ, Елбасының «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы айналасында жүзеге асуы тиіс – жаңа мәдениет қалыптастыру, әлемдік əдеби-рухани кеңістікке еркін еніп,  ұлттық өнерді таныту жолында аянып қалған емес.
   Қазақ өнерінің іргетасын қалаған қасиетті қарашаңырақтың əлі де қарыштай берері хақ!

СУРЕТ-ДЕРЕК




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер