Өлең, жыр, ақындар

Кездейсоқ ашылған 9 ғылыми жаңалық

Кей жаңалықтар кездейсоқ ашылып жатады, кейде тіпті зерттеліп жатқан басқа бір саланың жанама әсерінің нәтижесі болып кетеді.

Қысқа толқынды пеш

Сенесіз бе, қысқа толқынды пеш кездейсоқ ойлап табылған. Инженер-өнертапқыш Перси Спенсердің оны қалай ойлап тапқаны жайлы небір аңыздар бар. Бір дереккөздер, Спенсер жұмыс істеп тұрған магнетронның қасынан өтіп бара жатып, қалтасындағы кәмпиттің еруін байқаған деседі. Тағы бірі, Спенсер магнетронда бутербродты ысытқан дейді. Қалай болғанмен де, оған дейін қысқа толқынды сәулеленуді тамақ ысытуға қолдану ешкімің ойына да кірмеген. 1940-жылдары Raytheon компаниясында жұмыс істеп жүрген кезде, Спансер бұрынғы еліне сіңірген еңбектерінен өзге, атын бүкіл әлемге паш екен өнертабысын жасап шықты. Қысқа толқынды пешке патент 1946-жылы берілді, ал пештің өзі «Radarange» деген атпен 1947-жылы жасалды. Ол биіктігі адам бойымен шамалас, салмағы 300 келі тартатын, қазіргі біз қолданып жүрген қысқа толқынды пештерге ұқсамайтын үлкен пеш болатын. Бағасы да өте қымбат еді  - шамамен 3 мың доллар. Тек 1960-жылдан бастап қана бағасы қолжетімді (500 доллар шамасында) және салыстырмалы түрде өлшемі де кіші тұрмыстық қысқа толқынды пештерді шығару жолға қойылды.

Тефлон

Тефлонның ашылуы, басқа да көптеген ғылыми жаңалықтар сияқты кездейсоқ болды. Бұл оқиға 1938-жылдың 6-сәуірде орын алды. Өнертапқыш мәртебесі Рой ДЖ.Планкетке тиесілі. Ол Нью-Джерси штатындағы Дюпон (DuPont) фирмасының зертханаларының бірінде жұмыс істейтін. Сол кезде Планкетт фреондардың қасиеттерін зерттеп жүрген еді. Бір күні ол тетрафторэтиленді үлкен қысымда мұздатқан болатын, нәтижесінде керемет қасиеттерге ие, аппақ ұнтақ пайда болады. Екі жыл өткен соң жаңа материал жарыққа шығып, «тефлон» деген атпен әлемге танылды.

Velcro жабысқақ-ілгегі

Бұл өнертабыс туралы швейцариялық инженер Жорж де Местральға 1941-жылы келді, ал  патентті 1955-жылы алды. Жорж де Местраль итпен серуендегеннен кейін, оның жүніне жабысқан ошаған тікендерін теруді әдетке айналдырған болатын. Бір күні ол микроскоппен қарап шығып, жүнге жабысқан ұсақ ілгектерді байқайды. Осылайша Местральға жабысқақ-ілгек туралы ой туды. Оны жасап шығару үшін инженердің сынақтар мен қателіктерге толы бірнеше жылдарының нәтижесінде өнертапқыш жабысқақ-ілгекті нейлоннан жасаған дұрыс екенін түсінді. 1955-жылы Жорж де Местраль өнертабысын ақыры патенттеп алды. Алғашқы тоқыма жабысқақтарын ғарышкерлер, аквалангшылар және тау шаңғышылары пайдалана бастады. Уақыт өте келе жабысқақ ілгектер күнделікті киімдер мен аяқ киімдердің кәдімгі бір бөлшегіне айналып, кеңінен тарала бастады.

Хинин

Хинин – хина ағашының қабығынан жасалатын, қызуды түсіретін, ауырсынуды басатын, және безгек плазмодийіне қарсы қасиеттерге ие, ащы дәмі бар негізгі алкалоид. Бұл оны ұзақ уақыт бойы безгекті емдеудегі негізгі ем ретінде қолданудың бірден-бір себебі еді. Бүгінгі таңда безгекті емдеу үшін әсері одан да күшті синтетикалық дәрілерді қолданғанымен, хининді әлі де сол мақсатта пайдаланады. XVII ғасырдан бастап хина ағашының қабығын үш күндік безгекке қарсы қолданады. Өсімдік Еуропаға 1633 жылы келді, ал оның пайдалы қасиеттері жайында 1639-жылы айтылды. Лима иезуиттері Римге өсімдіктің жыл сайын жаз мезгілінде қайталанатын ұстамалы безгекті жеңілдетуге қолдануға болатыны жайлы хабар жолдады. Содан кейін оны Еуропада кеңінен қолдана бастады. Аңызға сенетін болсақ, хининнің пайдалы қасиеттерін безгекпен ауырып жүріп орманға тап болған адам тауыпты-мыс. Ол хина ағашының тамырындағы суды ішіпті. Судан ащы дәм шықса да, тоқтатпай іше беріпті де жағдайы жақсарыпты. Сауыққан соң үйіне қайтып, ағаштың қасиеті жайында хикаяны айтып беріпті.

Қант алмастырушы

1879 жылы Константин Фельберг Джонс Хопкинс Университетінде Айра Ремсен профессорының қарамағында жұмыс істеді. Олар битум туындыларын (тас көмірлі шайыр) зерттейтін. Жұмыс барысында кездейсоқ ыстық зат синтезделді. Ол – орто-сульфобензойдты қышқыл, немесе орто-сульфобензимид еді, Фальберг кейін оған «сахарин» деген атау берді. 1879-жылы Фальберг Айра Ремзенмен бірлесіп неміс журналына ғылыми жаңалық жайында жариялады, ағылшын тіліндегі толықтырылған нұсқасы 1880-жылы жарық көрді. 1884-жылы Фальберг жаңалықты нақты түрде өзіне меншіктеп, өнертабысқа патент алды да, өз бетінше Германияда сахаринді көптеп өндіруді ұйымдастырды.

Кардиостимулятор

Уилсон Грейтбатч классикалық қателік жіберіп, қораптан басқа бөлшекті алып шықты. Осылайша, миллиондаған адамдардың өмірін сақтап қалған аспап пайда болды. 1956-жылы Грейтбатч Буффало университетіндегі жануарлардың жүрек соғысын жазатын құрал жасап жатқан еді. Ол жәшіктен дұрыс емес өлшемдегі резисторды алып, тізбекке жалғады. Аспапты қосқан кезде, адамның жүрек соғысына ұқсайтын дыбысты естиді. Қазіргі таңда жылына жарты миллион кардиостимуляторлар имплантацияланады.

Вулканизацияланған резеңке (Ысытылған резеңке)

Вулканизациялаудың негізін қалаушы деп америкалық Чарльз Гудьира (1800-1860 жж) саналады. 1830-жылы ол иілгіш әрі мықты, ыстыққа да суыққа да берік материал ойлап таппақшы болды. Ол резеңке шайырын қышқылмен өңдеді, магнезияда қайнатты, әртүрлі заттар қосты, алайда, оның барлық өнімдері алғашқы ыстық күнде-ақ жабысқақ массаға айналып кететін. Жаңалықты ол кездейсоқ ашқан еді. 1839-жылы Массачусетс резеңке фабрикасында жұмыс істеп жүріп, ол бір күні ыстық пешке күкірт араласқан бір уыс резеңкені төгіп алды. Ол күткендей балқып кетпеді, керісінше былғары секілді күйіп кетті. Алғашқы патентінде ол каучукты мыс нитрийті мен патша шарабына (азот пен тұз қышқылының қоспасы) араластыруды ұсынды. Нәтижесінде, өнертапқыш резеңкеге күкірт пен қорғасын қосса температуралық өзгерістерге дес бермейтінін байқады. Көптеген сынаулардың нәтижесінде Гудьир вулканизацияның ең тиімді әдісін тапты: ол каучук, күкірт, және қорғасын ұнтағын араластырып, белгілі температураға дейін қыздырды. Нәтижесінде күннің ыстық сәулесіне де, салқын ауа райына  да төзімді резеңке пайда болды.

Жүгері қауызы

Жүгері қауыздарының тарихы XIX ғасырдың басында жатыр. Батл-Крик шипажайының қожайындары дәрігер Келлог пен бауыры Вилл Кит Келлог жүгері ұнынан тамақ жасап жатқан болатын. Бірақ қонақ үйдің шұғыл жұмыстарымен шығып кетуге тура келеді. Қайтіп келгенде, қатаң есептеуде болған жүгері ұны аздап бұзылып кеткен екен. Бірақ олар сонда да ұннан қамыр илемек болады. Алайда қамыр иленбей, бүртіктеніп, бөлшектеніп  қалды. Ағайындылар амалсыздан жүгері қауызын қуырады, олардың бірі үлпілдек, бірі қытырлақ болып піседі екен. Нәтижесінде жүгері қауызын Келлог дәрігерінің емделушілеріне сүт пен зефир қосып, жаңа тағам ретінде ұсынды. Вилл Кит Келлог жүгері қауызына қант қосып жалпақ жұртқа лайықты тағам жасады. Осылайша, 1894-жылы өзіндік дәмі бар жүгері қауызын америкалық дәрігер Джон Харви Келлог патенттеді. Ал 1906-жылы Келлогтар тағамның жаңа түрін жаппай сатылымға шығарып, өз компанияларын құрды.

Рентген

Рентгенографияның тарихы 1885-жылдан бастау алады. Дәл сол кезде Вильгельм Рентген алғашқы рет ерекше спектрдің сәулеленуінен фотопластинаның қараюын тіркеген болатын. Сол кезде ғалым адам денесінің қандай да бір мүшесін сәулелендірген кезде фотопластинада қаңқаның бейнесі қалатынын байқады. Бұл жаңалық медициналық визуалдау әдісінің негізі болды. Оған дейін адамның тірі кезінде оның ішкі мүшелерін зерттеу мүмкін емес еді. 1894-жылы Рентген шыны вакуумды түтікшедегі электрлі разрядталуға тәжірибе жасаған еді. 1895-жылы 8-қарашада катод сәулелерін зерттеп жатқан кезінде, қараңғы түсіп кеткендіктен, үйіне қайтатын болып, жарықты сөндіреді. Сол сәтте артында катод түтікшесі тұрған көкшіл түсті барийден жасалған экранның жарқырап тұрғанын көрді. Бұл таңқаларлық жағдай еді. Себебі, электр жарығы картонмен қапталып тұрғандықтан оны жарықтандыра алмады, ал өзі өшірілмеген болып шықты. Ол түтікшені өшіріп еді – жарық жоғалып кетті. Бұл ретте картон қаптама да, олардың арасындағы бір метрлік ауа қабаты да сәуле шығаруға кедергі болмады. Бұл құбылыс ғалымды қызықтырмай қоймады. Ол бұл сәуленің әртүрлі денелер арқылы өтуін тексере бастады. Бірі өткізсе, енді бірі өткізбей жатты. Сонда кей заттар сәулені шағылдырды, кейбірі жартылай шағылдырды, ал кейбірі мүлдем шағылдырмай қойды. Ғалым бұл сәулелерді Х-сәулелер деп атады. Осыдан кейін ол сәулені 50 күндей тағы да зерттеді. Ол дәл катод түтікшенің осындай сәуле шығаратынын дәлелдеді. Кездейсоқ па, жоқ па, ол сәуленің астына қолын қойып еді, қолының сүйек құрылымының бейнесін көрді. Сөйтсе, қолдың жұмсақ тіндері жаңа сәулеленген жарықты жақсы өткізіп, сүйек құрылымдары, керісінше, жарықтарды мүлдем өткізбейтін болып шықты.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз