Бұрынғы өткен заманда, Жағалбайлы деген елдің ішінде Базарбай деген бай болады. Мұның Төлеген, Сансызбай деген екі баласы болады. Базарбай елден асқан даңқы зор бай болса да балаларына жас күнінен қыз айттырмайды: әрқайсысы ержеткен соң өзінің өнерімен таңдаған қызын алсын дейді. Төлеген жасына жетіп, жігіт болған соң маңайдан өзіне тең қыз қарастырады. Ешкімді ұнатпайды. Сөйтіп жүргенде бір алыс елде Қыз Жібек деген сұлу қыз бар деп, атағын естиді. Қыздың салтанаты мен түрі елден асқан өзгеше болып естіледі. Ол да күйеу тандап, ешкімді менсінбей жүргенін естиді де, Төлеген соның атағына құмар болып, талай жүз жылқы айдап, қыздың елін іздеп, жүріп кетеді. Арада көп заман жүреді, жол бойында жақсы қыз бар деп көрсеткен жұрттың бәріне іркілместен сый беріп, мырзалық даңқын шығарып отырады.
Аяғында Қыз Жібектің ағасы сияқты ақылшысы болып жүрген Қаршыға деген адамға кез болады. Соған үлкен сый беріп, кісілігін танытады. Қаршыға Төлегенді ертіп алып Қыз Жібектің көшінің соңынан түсіп, қарындасын көрсетпекші болады. Көш бойында талай сұлу көрінеді. Төлеген әрқайсысын Қыз Жібек пе деп ойлайды. Жібек қыздардың ішінде болмапты.
Ол көштің алдында, ақ күйменің ішінде, ешкімге жүзін көрсетпей жеке кетіп бара жатады. Қаршыға мен Төлеген артынан қуып жетеді. Ағасы тілек етіп, жүзіңді көрсет дейді, Қыз Жібек бір-ақ рет ашып, Төлегенге қарайды. Бір-екі ауыз қалжың айтысады, екеуі бір-біріне ұнайды.
Ақырында Төлеген – күйеу, Жібек – қалыңдық болып, талай заман қызық дәурен сүріп тұрып қалады.
Бір мезгілдер болғанда Төлеген ел есіне түсіп, бір барып қайту керек дейді. Жолы қиын, алыстықтан қорқып, Жібек қыз құдайдан оң сапарын тілеп, көп қоштасып, аттандырып салады. Төлеген келесі жылы жазға салым қызбен бірге келмекші болады.
Еліне аман-есен келіп, бір талай уақыт тұрып, Төлегеннің әкесі кеткенін қабыл көрмейді. Енді жібермейтін болады. Баласына "Барма" деп жарлық етуден басқа, ел-жұрттың барлығына хабар шашып: "Төлеген кететін болса, бір адам ермесін" дейді.
Сонымен жүргенде жаз болып, құстың алды келе бастайды. Төлеген уәдесінен кешіккенін біліп, қалыңдығын сағынып, қайнына жол тартпақшы болады. Шешесі мен інісі зарлап, жылап: "Кетпе" дейді, Төлеген тоқтамайды, жалғыз-ақ інісіне қайын жұртының жөн жолын айтып: "Мен кешіксем, іздеп тап" дейді.
Сол бетімен жолда бірнеше заман жүріп, Жібектің елінің шетіне тақалғанда Сарқамыс деген бұлақтан мұның алдын тосқан жау шығады. Бұлар Қыз Жібектің елінен, сол қызға құмар болып арманда қалған жігіттер екен. Жат елден келіп, Төлеген алған соң бұған кекті болып, жолын тосып өлтірмекші екен. Бастығы Бекежан деген болады. Сарқамыста бұларға кездескен соң Төлеген соғыс салады. Көп болса да алғызбай, қайрат көрсетеді.
Бірақ Төлеген көппен соғысып жүргенде Бекежан жалғыз қамысты бетіне алып, садағын кезеп, андып отыр екен. Өзі нұсқағаны құр кетпейтін мерген екен, сол Төлегенді атып жығады.
Төлеген жалғыз жатып, зарлап, аспаннан ұшқан қаздарға мұңын шағып өледі. Бекежан Төлегеннің көк жорғасын мініп Қыз Жібектің аулына келеді. Жібек сұмдықтың болғанын біліп, Төлегенді Бекежан өлтірді деп ағаларына шағады, ағалары Бекежанды өлтіреді.
Қыз Жібек жары өлген соң қапа болып, ешбір дүниеге алаң болмай, соны жоқтаумен, қайғырумен күндерін өткізеді. Төлегеннің жолына жанын салғандықтан Жағалбайлыдан біреудің келуін күтеді. Төлегеннің інісі Сансызбайды жоқтайды. Бір әмеңгері сол болған соң, соған қосылуды арман етеді. Бұл уақытқа дейін ағасы кешіккен соң, Сансызбай іздеп шығып еді. Жібектің еліне о да келіп жетеді. Бірақ бұл уақытта Жібектің еліне қалмақтың ханы келіп, көп қолымен қамап алып, Жібек қызды аламын деп жатқан.
Сансызбай келген соң, Жібекпен уәде байласып, ауыл көшкенде қалмақ ханының атына Жібек мініп, екеуі бірігіп алып, Жағалбайлыға бет қойып қашады.
Қалмақ артынан жабылып қуады. Сансызбай тосып алып, қалмақтың ханымен жекпе-жек жасайды. Бұл уақытта Қыз Жібек мойнына шылбыр салып, тілеу тілеп отырады. Сансызбайды қалмақ өлтірсе, буынып өлмекші болады. Бірақ, қалмақты Сансызбай алады. Ханын өлтірген соң, артынан келген қолды да қырады. Содан кейін көңілдері жайланып, жеңгесімен екеуі Жағалбайлыға қарай жүріп кетеді.
Ясмин
Керемет
Bayashka
Керемееттт, рахмеетт, өте көп пайда!
Аблай хан
Маған ұнады
Акжузык
Оте жаксы
Акжузык
Керемет
Әсем
Керемет! Өте күшті және қызық аңыз екен! Қатты ұнады! Рахмет
Саягул
Оте керемет
п
кушти
.
Өте жақсы
Абылай
Апай оқып кел деген еді қызық екен????
Шах
Өте қызық