Үйің-үйің үй екен,
Үйдің көркі ши екен,
Саба көркі бие екен,
Сандық көркі түйе екен
Сыртын сырмен сырлатқан,
Ақ сарайдай үйі бар.
Ақ бөкендей қойы бар,
Қара сақал керімсек,
Қайсы байдың үйі екен?
Мұхамбет үмбетіне жарамазан!
Адыр-адыр таулардан,
Айғыр мініп біз келдік.
Ауыздығы бой бермей
Бай үйіне кез келдік.
Бұдыр-бұдыр таулардан,
Бұқа мініп біз келдік.
Мұрындығы бой бермей
Бай үйіне біз келдік.
Кірсін дәулет, шықсын бейнет!
Айтамын, байлар, сізге жарамазан,
Молдалар ертең ерте айтар азан.
Айтқанға жарамазан қайыр берсең,
Барғанда ақыретке болмас жазаң.
Айтармын жарамазан қожақайлап,
Жылайды қожа, молда түбін ойлап.
Тірлікте қайыр-зекет бермеген жан,
Тұрады ақыретте тайдай тулап.
Айтамын жарамазан еліңізге,
Байлаңыз жақсы орамал белімізге.
Кетеміз мақтай-мақтай елімізге.
Айтқанмен жарамазан тойған бар ма?
Әдетін бұрынғының қойған бар ма?
Әдетін бұрынғының қойып кетін,
Барғанда ақыретке оңған бар ма?
Айтамын, байлар, саған жарамазан.
Айыпқа бұйырмаңыз есіткен жан
Айтайын үмітпенен жарамазан.
Кәнекей, мырзалығың енді маған
Айтқанның жарамазан сауабы бар,
Берсең де, бермесең де не қамым бар.
Астымда мінген атым қасқа шұбар
Айтамын жарамазан жапсарыңа,
Дарысын құт, береке бастарыңа
Қонады кедей байғұс қастарыңа.
Айтамын жарамазан үйіңізге,
Ұстаған үй айнала шиіңізге,
Қой берсең, қозы берсең көпсінбеймін,
Келіпсіз биылғы жыл күйіңізге.
Ақ үйің айға қарап орда болсын,
Жиылып ұлы-қызың молда болсын,
Алғанда жау жағадан, бөрі етектен,
Пайдасы молдалықтың сонда болсын.
Айтамын үйіңізге жарамазан.
Алып шық жылдамырақ, жеңеше жан!
Келгенде қайыр-зекет бере алмасаң,
Жібермес ақыретке менің назым.-
Жарамазан айтамын мықтап қана,
Тұсыңа жетіп келдім зыптап қана,
Тұсыңа келгенімде, жатқан байлар,
Күтіп ал мейманыңды мықтап қана.
Мінгенім астымдағы жирен дейді,
Намазды бес уақыт үйрен дейді,
Намазды бес уақыт үйренбесең,
Дозаққа байлап сүйрер дейді.
Бай үйіне берекет,
Қаша берсін бәлекет.
Кірсін дәулет есіктен,
Шықсын бейнет тесіктен.
Жарамазан жарықтық,
Жақсы дейді есіткен.
Үйің-үйің үй екен,
Үйдің іші ши екен,
Саба көркі бие екен,
Сандық көркі түйе екен.
Сыртын сырмен сырлатқан,
Ішін бормен борлатқан,
Қарағай найза қаптаған,
Басына темір саптаған,
Бұлбұл құсын сайратқан,
Белдеуге бедеу байлатқан,
Қайсыбір байдың үйі екен!?
Адыр-адыр таулардан
Айғыр мініп мен келдім.
Ауыздығы бой бермей,
Сіздің үйге кез келдім.
Бұжыр-бұжыр таулардан,
Бұқа мініп мен келдім,
Мұрындығы бой бермей
Сіздің үйге кез келдім.
Мінгені пайғамбардың қара қасқа,
Жанында мүсіре қылыш, бауы басқа,
Ашуланып шабады қара тасқа,
Қақ жарып түседі басқа-басқа.
Мінгені пайғамбардың кер деймісің
Кекілінен аққаны тер деймісің
Оразаң былтыр кеткен биыл келді,
Пітірін жылдамырақ бермеймісің?!
Ораза жыл – он екі бір-ақ келер,
Мұсылманның баласын жинап келер.
Жарамазан айтқанға жылқы берсе,
Қарасат майданында нырақ мінер.
Жарамазан дегенде, жарамазан,
Таудан құлап келеді жарық қазан,
Белбеу ұстап сиеді кемпір жазған,
Жылдамырақ алып шық, жеңеше жан!
Астымдағы танады,
Жатайын деп барамын
Құдайдың таңы ағарып,
Атайын деп барады.
Ассалаумағалайкум, жатқан байлар!
Қоңыр қой қора толып жатқан байлар!
Ол қойды ел көшкенде кімің айдар,
Қоңыр шолақ өгізбен құлың айдар.
Бұл жарамазан барлық мұсылман жұртына жайылған: салт бойынша, ораза күндерінде айтылады. Қазақ ішінде де кей жерлерде әдейі ел қыдырып жүріп, үй басына жарамазан айтып, оразаның садақасын алып жүретін жарамазаншылар болады. Жарамазан өлеңі мұсылмандық дінінің қадірін көтерген өлең, діншілік өлеңі.
Қазақ ортасына ісләм дінінің тарауына көбінесе қазақтың ақындықты сүюі себеп болды деген дұрыс пікір. Елге не жайылса да, әдебиет жұрнағы болып, әдебиет өлшеуінің біріне түскен соң ғана жайылатын болған. Өлеңсіз, әңгімесіз, сұлу сөзсіз келген құрғақ үгіт болса ондайды ел тыңдамаған да, ұқпаған, ықылас қоймайтын болған. Сондықтан мұсылманшылық дін де қазақ елінің табиғатына, ыңғайына қарай ұйысып келген. Бұған ескі әдебиеттегі толып жатқан қиссалар дәлел. Жарамазан өлеңі де сондайлық дін мағынасы мен дін үгіті болып шығып, бәрі келген соң қыдырма жарамазаншылар әнге салып айтатын болды.
Бірақ қазақ жарамазандарының көбін алсақ, дін үгітімен шықса да, солардың ішінде әлі күнге дін тұманы аз. Күшті сопылық, өрескел тақуалықты айтып, өзге жұрттың дін өлеңі сияқты үнемі сәжде, үнемі дұға, ұдайы күнәкар болуды айтып, көп тәубемен жалбарына беретін сөздер жоқ деуге болады. Бұл жағына қарағанда, қазақтың көп жарамазаны баяғы ақы сұрап айтатын мақтау өлеңдері не жақын келеді. Дін құбыжығымен ешкімді шошытып, үркітпей, көпе-көрінеу оразаның күнінде садақаңды алғалы келдім деп, ашық айтатын сөз болды. Мұнда да, барлық ел өлеңінде көрінетін, ашық, ақыл, сау сезімнің ізі бар. Не нәрсені түсінсе де, сынап, зерттеп барып түсінетін таза, ширақ ойдың анық ұғымы білінеді.
Мұсылманшылық дінімен байланысы бар өлең сөздің тағы бір түрі – бата беру өлеңдері. Бірақ бұл өлеңдердің туысын ғана мұсылманшылық негізінен шықты деу керек. Дін салтындағы тілек, дұға сияқты сөздерге ұқсасады. Арабша айтатын дұғалардың орнына елдің өзі шығарған, тақпақтаған өлең, жыр болады. Дін сөздерімен негізін ұқсастыратын осы жері. Осыдан басқа өлеңнің қалған сөздері мен мағына жағын білдіретін тілектерін алсақ - оның барлығы да қазақтың өз заңына үйлесіп, өз тіршілігінің қалпынан шығады. Бата өлең-тақпақта батагөй қария не адамшылық, не болмаса абұйыр-атақты тілейді. Кейде байлықты, бас амандықты тілейді. Егер бір сапарға аттануға берілетін бата болса, жол оңғарылып, олжалы қайтуым тілейді. Мысалы:
«Байдың көңілі жай болсын,
Мың жылқылы бай болсын,
Айдағаның қой болсын,
Шаймағаның май болсын.
Азын-аулақ дәулетің
Күнде өзіңе той болсын.
Жұртта қалған жырымың
Домалап келіп қой болсын.
Жұртта қалған тулағың
Тулап келіп тай болсын
Тай болсын да туласын,
Бір тамырың сұрасын
Сұраса да бермесін.
Атың-атың, ату бол.
Ағайынмен тату бол
Жаз кигенің құлпы бол,
Қыс кигенің түлкі бол.
Бағаналы таудай бол,
Шағалалы көлдей бол.
Үстіңнен қаз қаңқылдап өтпесін,
Бұрама темір сом алтын,
Суға салсаң батпасын.
Тәңірі берген несібең
Текпілесең кетпесін.
Желіңнің бір шетіне
Оқ шырқатсаң жетпесін,
Сенен байлық өтпесін.
Есігіңнің алдынан
Елу інген боздасын.
Қораңнан бес жүз саулық қоздасын
Қойшыңды мықтап салғайсың
Күн бұлт жауғанда,
Адырлы жер жайғанда,
Қойынан айырылып қалмасын.
Қасқырға қой бермесін.
Сүйтіп құдай оңдасын
Жылқың сенің мың болсын.
Жылқы деген жақсы мал
Бес ұлыңа бақтырып,
Бес айдыннан суғарып,
Бетегелі тауға жаба сал.
Сиырың сенің мың болсын,
Қысың қатты болғанда,
Қамысты жерге айдап сал.
Бісмілда, алда акбар.
Бұған қарағанда, батаның түрі ғана діннен алынған, бірақ мағынасы мен мақсаты, барлық сөздері ел әдебиеті мен ел тіршілігінің өз туындысы болады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі