Өлең, жыр, ақындар

Заттар алмасуы

Заттар алмасуы — заттар мен қуаттың адам тәніндегі өзгерісі. Заттардың алмасуы нәтижесінде қуат пайда болады, қажетсіз заттар сыртқа шығарылады, сонымен қатар қанға қоректік заттарды жеткізетін қызметтер бақылауға алынады. Заттар алмасуы екі кезеңнен тұрады: анаболизм және катаболизм.

Зат алмасуының бұзылу себептері:

— жүйке және эндокриндік жүйе қызметінің бұзылысы;
— ферменттер түзілуінің бұзылысы;
— иммундық ақуыздар түзілуінің бұзылысы;
— тасымалдаушы ақуыздар түзілуінің бұзылысы;
— тағам құрамының өзгеруі (дәрумендер, май қышқылдары, орны толмайтын аминқышқылдар тапшылығы);
— тағамның сандық және сапалық құрамының организмнің қуат жұмсауымен сәйкес келмеуі;
— тәнде ауыр металдардың болуы;
— тәнге бөгде уытты заттардың түсуі;
— жасушалардың тектік бұзылысы;
— стресс;
— торығу;
— ауыр рухани соққы (жол апаты, ауыр науқас, туған-туыстар арасындағы кикілжің, ажырасу, жақын адамның өлімі т.б.).

Зат алмасу үдерісіне кері ықпал ететін жағдайлар баршылық. Соның ішінде қалқанша без, гипофиз, бүйрек үсті бездері, жыныс бездерінің жұмысы дұрыс болмағанда зат алмасу бұзылысы байқалады. Адам шамадан артық тамақтанғанда да бұл маңызды үдеріс бұзылады. Осы аталған жағдайларда жүйке жүйесі заттардың алмасуын реттей алмай қалады, сөйте келе мидың жеке оралықтарының, атап айтсақ, гипоталамустың тонусы өзгереді. Ал гипоталамустың қуат өндіру жылдамдығын, ағзадағы құрылыс және қор жинау үдерістерін реттейтіні белгілі.

Көбіне зат алмасуының бұзылысы бауырда майлар қалыпты өңделмегенде байқалады. Осыдан келе холестерин және тығыздығы төмен липопротеидтер қанда көбейіп кетеді де қордалана бастайды. Бұлардың тамырларды зақымдап, бара-бара жүрек аурулары мен инсультке соқтыратыны белгілі. Май етте, сүт өнімдерінде мол. Сондықтан зат алмасу бұзылысы бар адамның бұл тағамдарды шектегені жөн.
Адамға соншалықты көп майдың қажеті жоқ. Майлардың ішінде пайдалысы - омега-3 тобындағы орны толмайтын қанықпаған май қышқылдары. Бұлар грек жаңғағында және оның майында, зығыр майында, теңіз балықтарының майында мол. Ең оңтайлысы — зәйтүн майы. Аталғандардан өзге майларды шамадан артық тұтынған жағдайда заттар алмасуы бұзылып, адам атеросклероз, обыр, тромбоз, аллергия, демікпе, артриттер, жоғары қан қысымы секілді көптеген ауыр сырқаттарға ұшырайды.

Заттар алмасуының бұзылуына көмірсу алмасуының бұзылысы қатты ықпал етеді. Бұндай жағдайда адам тәттіге құмар келеді. Өкінішке қарай. Бұндай әдет оны жүрек-қан тамыр сырқаттарына және сусамырға соқтыруы ғажап емес.

Зат алмасуды реттеу үшін тамақтану дәстүрін қалыпқа келтірген жөн. Ол үшін мал майларын, тәттіні, жалпы қанты көп тағамдарды, ұннан даярланған тағамдарды шектеу, көкөніс пен жемісті, қанықпаған май қышқылдарын молайтып, жалпы тағамның қуаттылығын төмендету қажет.

Зат алмасуы бұзылған науқас үшін тамақты талғап ішумен қатар, физиоемнің, дәрі-дәрмектердің, сылап-сипаудың т.б. маңызы зор. Артық салмақ — ауруға апаратын төте жол. Сондықтан салауатты өмір сүремін деген адам табанды түрде дәрігердің барлық кеңестерін орындай жүргені дұрыс.

С. Егінбаева, терапевт


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз