I ТАРАУ
Мұнан бірнеше жылдар бұрын өзінің ата-қоныс мекендерінің бірінде Кирила Петрович Троекуров дейтін орыстың ежелгі шонжары тұрып жатты. Байлығы, білікті ата-тегі және күшті байланыстары оны губерниядағы құдіреті зор адам етті. Көрші-қолаңдары қабағын шыттырмай, бабын тапқанына мәз болса, губерния чиновниктері атын естігенде-ақ қалтырап тұрды. Кирила Петровичтің өзі болса, бұл бас июшілікті жұрттың парызды міндеті есебінде қабыл алды. Үйі әменде қонақтарға лық толы болатын, бұлар оның көңілін аулап, у-шуы мол кейде тіпті шектен шыққан дарқан думандарын да бірге атқарысып жүрді. Оның шақырғанынан бас тартар, болмаса мерзімді күндерде Покровское селосына тағзыммен келіп, бас имейтін ешкім болмады. Ал үй тұрмысында Кирила Петрович білімсіз адамда болатын ожарлықтың бәрін де көрсете жүретін. Қоршаған қауымы өзін жаман үйретіп, еш нәрседен қағажу көрмей өскен бұл жампоз ұшқалақ мінезі мен шолақ ақылына не келсе, соны істей берді. Ересен күшті адам бола тұрса да, ол жұмасына екі рет күпті болып мешкейліктің сазайын тартатын, бірақ сонда да күн сайын ішіп көңілді жүретін. Үйінің флигельдерінің бірінде әйел жынысына тән ою ойып, кесте тігіп отыратын он алты даяшы қызы бар-ды. Қыздар тұрған флигельдің терезелерін ағаш тормен қоршап, есіктеріне құлып салып қояды, ал құлыптың кілттері Кирила Петровичтің өзінде болады. Қапастағы жас қыздарды мерзімді сағатында баққа шығарып, бой жаздырып екі кемпір бақылап жүреді. Кирила Петрович ара-тұра қыздардың кейбіреуін күйеуге береді, олардың орнына жаңадан басқа қыздар әкеп қояды. Шаруалар мен үй қызметшілерін ол, ақырып-жекіріп өте қатал ұстайтын. Солай болса да олар баринге жан-тәнімен берілген жандар еді; мырзаларының байлығы мен атағына мардамсып, күштілігіне арқа сүйеп, олар да былайғы көршілеріне озбырлық жасай жүретін.
Троекуровтың күндегі істейтін жұмысы: байтақ мекендері мен жер-суын аралап, ұзақ отырып, қонақ асын беріп, той-думан құрады, күнде бір өрескел сұмдық озбырлық жасайды. Оның мұндай басбұзар қылығына көбіне жаңадан таныс болғандар құрбан болады; я, тіпті Андрей Гаврилович Дубровский ғана болмаса, басқа ескі достары да оның бұл сотқарлығынан сау қала бермейтін. Жетпістей жаны бар гвардияның отставкадағы поручигі Дубровский Троекуровтың ең жақын көршісі болатын. Ең беделді дәрежелі адамдармен де тайсалмай сөйлесе алатын өркөкірек Троекуров Дубровскийді, ауқаты шамалы болса да, артықша құрметтеуші еді. Екеуі бір кезде қызмет жөнінде жолдас та болды, оның үстіне Троекуров Дубровскийдің басынан сөз асырмайтын батыл мінезін де жақсы білетін (Атақты 1772 жыл1 бұларды екі айырып жіберді; княгиня Данжованың туысы Троекуров өрге өрлеп кетті.) Шаруасы төмендеп кеткен соң Дубровский амалсыздан отставкаға шығып, өзінің шағын деревнясына келіп мекен тепті. Кирила Петрович мұны біліп, оған қамқорлық етпек те болды, бірақ Дубровский оның бұл ниетіне алдаразы болсын айтты, ол кедей, тәуелсіз қалпында қала берді. Бірнеше жылдан кейін генерал-аншеф2 болып отставкаға шыққан Троекуров та өз мекеніне келді; бұлар көрісіп, бір-біріне қатты қуанысты. Сол кезден бастап Троекуров пен Дубровский күнде кездесіп жүрді. Менсініп ешкімнің үйіне бармайтын Троекуров ескі жолдасының үйіне іркілмей, өзімсіп жиі барып тұратын-ды. Әрі құрдас, әрі ақсүйек нәсілдес қауымда туып, бірдей тәрбие алған бұл екеуінің кейбір мінездерінде де едәуір ұқсастық бар-ды. Кей жағынан бұлардың тағдыры да бір әліптес еді: екеуі де әйеліне сүйіп үйленді; әйелдері өліп, кешікпей екеуі де жесір қалды; екеуінде де бір-бірден бала бар - Дубровскийдің ұлы Петербургте тәрбиеленсе, Кирила Петровичтің қызы әкесінің көз алдында өсті. Және Троекуров Дубровскийге: "Андрей Гаврилович туысқан, құлағың сал, егерде сенің Володькаңнан бірдеңе шығатын болса, мен оған Машамды беремін; оның тап-тақыр қасқа кедей болуы сөз емес", - деп қоятын. Оған Андрей Гаврилович басын шайқап: "Жоқ, Кирила Петрович, менің Володькам Марья Кириловнаға лайықты күйеу бола алмайды. Ол сияқты жарлы дворянның өзі теңдес кедейлеу дворянның қызына үйленгені жақсы, ерке қатынның қол баласы болмай, өз үйінде от атасы болып отырғаны артық", - деп жауап беретін.
Өркөкірек Троекуров пен оның кедей көршісінің татулығын жұрт көре алмайтын еді, табақтас отырып Дубровский Троекуровке алаңдамай өз пікірін тура айта беретін. Жұрт қайран қалысатын. Кейбірі Андрей Гавриловичке еліктеп, бағынышты қалыптан шығып еркінсіп те көрді, бірақ Кирила Петрович оларды енді қайтып мұндайға беттемейтін етіп тастайтын. Сонымен жалпы ережеден тыс қалған жалғыз-ақ Дубровский болды. Күтпеген жердей кез болған бір оқиға бұл қалыпты бұзып, өзгертіп жіберді.
Бір күні күз басында Кирила Петрович аңға шығып қайтуға әзірленді. Қарсаңында барлық итшілері мен аңшыларына ертеңгі сағат беске дайын болыңдар деген бұйрық берілді. Кирила Петровичтің түскі тамақ ішетін жеріне алдын ала шатыр мен кухня жіберілді. Қожайын мен қонақтар ит қораға барды. Ит қорада ас-суы мол жылы жерде Кирила Петровичтің жомарттығын өздерінің ит дәстүрінше дәріптеп жатқан бес жүзден астам аңшы иттер мен тазылар жатыр еді. Сол арада ауырған иттерге деген емхана мен асыл тұқымды қаншықтар күшіктейтін, күшіктерін емізетін бөлімше де бар-ды. Мұның бәрі бас емші Тимошканың қарауында болатын. Осы әдемі ит қорасына Кирила Петрович қатты насаттанып, мұны әрқайсысы ең кемі жиырма қайтара көрген қонақтарының алдында да мақтан етпей тұра алмайтын. Ол қоршаған қонақтарымен бірге Тимошканың, итшілердің бастауымен ит қораны аралап жүрген, кейбір үйшіктердің алдында тоқтап, ауру иттердің халін сұрап, кейбір таныс иттерді өзіне шақырып алып, сылап-сипап, әңгімелесе тұрып, кейде әділ кейде қатал ескертулер жасады. Қонақтар Кирила Петровичтің ит қорасын ес кеткенше мақтауды міндет деп тапты, үндемей тұнжыраумен жүрген тек Дубровский болды. Ол да өте аңқұмар адам еді. Бірақ оның дәулеті тек қана екі тазы мен бір ұйық ақ қасқа иттер ұстауға ғана мүмкіндік беретін. Бұл сияқты тамаша итханаға ол аздап қызықты да.
— Туысқан, сен қабағыңды неге түйесің әлде менің ит қорам саған ұнамай ма?- деп сұрады Кирила Петрович.
— Жоқ, - деп жауап қатты ол қатал пішінмен, — ит қораң керемет, тек адамдарыңыздың тұрмыс-халінен иттердің көрген күні тәуір болып жүрмесе. Итшінің бірі мұны көңіліне ауыр алып қалды. - Біз, құдайға шүкір, байекеңнің арқасында тұрмысымыз жаман деп ешкімге шағына алмаймыз. Шынның аты шын, кейбір жалаңаш дворяндар өзінің мекенін осындағы ит үйшіктерінің қайсысына айырбастаса да, ақысы кете қоймас, тиімсіз болмас еді. Әрі тоғырақ, әрі жылырақ болар еді, - деді ол.
Құлының әдепсіз жауабына Кирила Петрович қарқылдап күлді, итшінің бұл әзілі өздеріне де тиетінін сезе тұрса да, қонақтар да қожайынға қосыла қарқылдасты. Дубровский сұп-сұр болып кетті. Бірақ тіл қатпады.
Тап осы кезде Кирила Петровичке корзинкеге салып жаңа туған күшіктерді алып келді, ол бұл күшіктермен біраз әуре болып, екеуін таңдап алып қалды да, қалғандарын суға тастауға бұйрық етті. Бұл екі арада Андрей Гаврилович көзден тайып болды; оны ешкім де байқаған жоқ. Қонақтармен бірге ит қорадан қайтып келіп, кешкі тамаққа отыра бергенде ғана Кирила Петрович Дубровскийдің жоғын сезді. Адамдары Андрей Гавриловичті үйіне қайтып кетті десті. Троекуров оны тез қуып жетіп, қалайда қайтарып әкелуге бұйрық берді. Аңшылықта кездесе беретін егестерді мүлтіксіз шешіп, иттерді жете танып бағалай алатын тәжірибелі Дубровскийсіз ол туғалы аңға шығып көрген жоқ-ты. Дубровскийдің соңынан шапқан қызметші бұлар дастарқан басынан тұрмай-ақ қайтып келіп, мырзасына Андрей Гаврилович тыңдамады, кері қайтқысы келмеді деп баян етті. Күндегі қалпынша арақ-шарапқа қызып қалған Кирила Петрович сол қызметшіні Андрей Гавриловичке қайта жіберіп, егерде ол қайтып келіп Покровскіге қонбаса, Троекуров онымен өмірбақи араздасып кететіндігін айтты. Қызметші қайта шапты. Кирила Петрович стол басынан түрегеліп, қонақтарды босатты да, өзі жатуға кетті.
Келесі күні оның бірінші сұрауы - Андрей Гаврилович осында ма? - деумен басталды. Жауап берудің орнына үйдегі адамдар тұмаршалап бүктеген хатты қолына берді. Кирила Петрович бұл хатты дауыстап оқуға хатшысына берді; сонда оның естігені мынау болды:
"Аса мархабатты тақсыр!
Ит бағушы Парамонжаны күнәкар етіп, сіз маған жібергенше, менде Покровскіге барар ниет жоқ. Ал оны жазалау, жә болмаса оған кешірім жасау - менің еркім; сіздің құлдарыңыздың ойынын көтеретін шамам жоқ; тіпті мен сіздің өз әзіліңізді де көтермеймін, өйткені мен әжуашы мазақпаз емеспін, ежелгі дворянмын. Қызметіңізге құлдық ұрушы:
Андрей Дубровский".
Осы күнгі әдеп ұғымы бойынша, әрине, бұл хат әдепсіз де көрінер, бірақ Кирила Петровичті кейіткен оның сөлекет тіл құрлысы емес, хаттың түпкі мәні болды:
— Қалайша мен оған адамымды айыпкер есебінде ұстап бермекпін, оларды ол жазалаймын десе де, кешірім берем десе де ерікті екен, ә! Бұл не сұмдық! Кіммен ұстасып отырғанын біле ме екен өзі! Көрсетермін көресісін, еңіретермін мен оны, Троекуровқа қарсы шығудың неге соғарын білдірермін әлі-ақ, - деп Троекуров, төсектен жалаңаяқ, жалаңбас ұшып түрегеліп, қаһар шашты.
Кирила Петрович киініп аңға кетті. Аң аулауға бұрынғыдай күмбірлетіп аттанса да, бұл жолы саяты сәтсіз болды. Күні бойы жүргенде алдарынан бір-ақ қоян қашты, соны ғана тазыға алдырды. Шатырда отырып далада ішкен түскі тамақтың да мәні болмады, былайша айтқанда Кирила Петровичтің ойындағыдай болып шықпады; ол ас пісірушіні сабап, қонақтарға ақырып-жекірумен болды да, қайтып келе жатқанда жорта Дубровский жерінің үстімен даурықтырып, ит жүгіртіп өтті.
Бірнеше күндер өтті; бірақ екі көршінің арасындағы араздық бәсеңдемеді. Андрей Гаврилович Покровскіге енді қайтып аяқ баспады, онсыз Кирила Петровичке де көңілсіз болды. Оның ыза кернеп, сөгіп балағаттаған сөздері жергілікті дворяндардың ыждағаты арқасында, Дубровскийдің құлағына анағұрлым молайып, өңделіп жетіп жатты. Жаңадан кездескен бір жағдай бұлардың жарасымға келер үмітін мүлде жойып кетті.
Дубровский бір күні өзінің шағын жер-суын аралап шықты, қайыңды орманға жақындап келгенде, ағаш шапқан балтаның даусын құлағы шалды, аздан кейін құлаған ағаштың сатырын есітті. Ол орманға жетуге асықты, қымсынбай ағаш ұрлап жатқан Покровскі мұжықтарының үстінен шықты. Мұны көре сала мұжықтар қаша жөнелді. Дубровский кучерімен екеуі екі мұжықты ұстап алып, қол-аяғын байлап үйіне алып қайтты. Дұшпан жақтың үш аты да қолға түсіп қалды. Дубровскийді ашу қысып кетті. Қожайынымен жақын екенін сезген Троекуровтың баскесер адамдары бұрын оның маңайына келуге де бата алмаушы еді. Ал қазір екі көршінің араздасып кеткендігін пайдаланып олардың істеп отырғаны мынау. Сонымен соғыс заңы туралы ұғымдарға қарамастан қолға түскендерге орманда өздері кескен талдарымен дүре соқтырды да, аттарын өз малына қосып, жұмысқа салдырды.
Кирила Петровичке бұл хабар тап сол күні-ақ жетті. Ол терісіне сыймай ашу керіп, бар адамдарын жиып алып, Кистеневканы (Дубровскийдің деревнясы солай деп аталатын) күлін көкке ұшырып, шауып алмақшы болды. Оның бұл сияқты сотқарлық жасауы таң қаларлық нәрсе емес-ті. Бірақ кешікпей оның ойы басқа бағыт алды.
Залда аяғын нықтай басып, ол ерсілі-қарсылы жүр еді, кенет терезеге бұрылып қарап, қақпа алдына тоқтаған тройканы көрді, - былғары фуражкалы, арзан мауыттан шинель киген кішкене кісі арбадан түсіп, флигельде тұратын приказчиктікіне қарай жүрді; Троекуров бұның заседатель Шабашкин екенін танып, оны шақыруға бұйрық берді. Бір минут өтпей-ақ Кирила Петровичтің алдына тағзыммен иіліп, бұйрығын күтіп Шабашкин келіп те қалды.
— Аман ба, айтпақшы осы сенің атың кім еді, - деді оған Троекуров, - неменеге келіп едің?
— Мен қалаға бара жатыр едім, тақсыр, - деп жауап қайырды Шабашкин, - сонсоң Иван Демьяновқа кіріп сіздің ұлы мәртебеңіз не бұйырады екен, соны біле кетейін деп едім.
— Дегендей келдің, айтпақшы осы сенің атың кім еді? Менің сенде жұмысым бар, арақ іш те соны тыңда,- Мұндай жылы шыраймен қарсы алу заседательдің жанына жатып кетті. Ол арақ ішуден бас тартып, бар ынтасымен Кирила Петровичтің сөзін тыңдауға кірісті.
— Менің бір көршім бар, - деді Троекуров, - өзі бір дәулеті шағын есер неме; мен соның жер-суын өзіме қаратып алғым келеді, мұны сен қалай көресің?
— Тақсыреке, етерде ілік етер документтер болса, әлде...
— Былшылдапсың, указ тұрғанда документ деген неменеге керек Ешқандай хақың болмай-ақ жер-суын тартып алсаң күш сонда емес пе! Алайда тоқтай қал бұл ата-мекен бір кезде біздікі болатын; Спицын дейтін біреуден сатып алынып, кейін Дубровскийдің әкесіне сатылған. Осыған жармасуға болмай ма?
— Тақсыреке, бұл сатып алыс заң жолымен жасалған жұмыс шығар?
— Ойлан, туған, жақсылап ізденіп көр.
— Мысалы, тақсыреке, сіз егерде көршіңіздің сүйенген мал-мүлкін иелену қағазын қалай да болса ретін тауып қолыңызға түсірсеңіз, онда әрине...
— Түсінікті, бірақ өрт кезінде оның бар қағазы жанып кеткен, міне осындай бәлесі бар.
— Тақсыр-ау, қағаздары жанып кеткен дейсіз бе? Сізге мұнан артық не керек! Олай болса заң бойынша амалдауға рұқсат етіңіз; жаныңыз жай табатынына тіпті күмәніңіз болмасын.
— Солай деп ойлайсың ба? Жарайды, байқа - мен сенің ынтамен кірісетініңе сенемін; ал менен алғыс аласың, оған шүбәланба.
Шабашкин басы жерге жеткенше иіліп, тағзым етті де шыға жөнелді. Сол күннен бастап ол осы даулы іс жөнінде тынбастан әрекет етті. Сөйтіп оның жатпай-тұрмай қуынуының, жылпостығының арқасында тура екі жұмадан кейін Кистеневкаға иелік етуі жөнінде тезінен тиісті анықтамасын тапсыруға Дубровский қаладан шақыру қағаз алды.
Андрей Гаврилович күтпеген жердей келген бұл қағазға аң-таң қалып, тап сол күні-ақ дөрекілеу жауап жазып жіберді. Бұл жауабында Кистеневка селосы оның марқұм әкесінен қалғанын, ол селоны мұрагер есебінде иемденіп тұрғанын, Троекуровтың мұнда ешбір жұмысы жоқтығын және бұл сияқты оның жеке меншігіне көлденең килігу жалақорлық, бұзықтық екенін жазды.
Бұл хат заседатель Шабашкиннің жанына аса жайлы тиді. Ол біріншіден, Дубровскийдің мұндай іске шорқақ екенін, екіншіден, мұндай қызба, аңғырт адамды оп-оңай орға жығуға болатынын түсіне қойды.
Ал Андрей Гаврилович заседательдің қағазын кейінірек сабырмен қарап шығып, бұған дәлелдірек жауап қайыру керек екенін байқады. Сонымен ол дәлелдеп жауап жазып жіберді. Бірақ, оның бұл қағазы да жеткіліксіз болып шықты.
Дау созыла түсті. Ісінің ақтығына сенген Андрей Гаврилович онша қауіптенбеді, ақша төгіп әрекет етуге де бойы жар бермеді, оған және мүмкіндігі де шамалы еді. Арсыз, абыройын ақшаға сататын чиновник нәсілдерінің мінезін бірінші болып ажуалап жүретін ол, сонда да жалаға құрбан боламын деген ой оның миына да кіріп шықпады. Троекуров та өз тарапынан дауды ұға қоюға қам жей қойған жоқ, - оның атынан Шабашкин қуынды, ол судьяларды сатып алып, үркітіп-қорқытып, указ біткенді қисықты-түзулі түсіндіре бастады. Сөйтіп әйтеуір 18... жыл февральдың 9 күні қалалық полиция арқылы Андрей Гаврилович поручик Дубровский мен генерал-аншеф Троекуровтың арасындағы даулы іс жөніндегі қарарды тындыру үшін және қарарға риза, риза еместігіне қол қою үшін земский судьяға шақыру қағаз алды. Дубровский сол күні-ақ қалаға жүріп кетті. Жолшыбай оны Троекуров басып озды. Олар бір-біріне тәкаппар түрде қарасты; Дубровский дұшпанының жүзінен зұлым күлкінің шырайын аңғарды.
II ТАРАУ
Қалаға келіп Андрей Гаврилович таныс купецтің үйіне түсті; сонда қонып шығып, ертеңіне таңертең уездік соттың кеңсесіне келді. Кеңседе бұған ешкім назар аударған жоқ. Мұның соңынан келген Кирила Петровичке хатшы біткеннің бәрі, қауырсын қаламдарын құлақтарына қыстыра салып, орындарынан ұшып тұра келісті; сот мүшелері оны қошеметпен қарсылап, мәртебесі мен дәрежесін, жасы мен атағын сыйлап, отыруға жұмсақ кресло ұсынды. Ол жайласып отырып алды, есік ашық тұр, ал Андрей Гаврилович қабырғаға сүйеніп түрегеліп тұрды. Айнала жым-жырт болған кезде, хатшы пысық дауыспен сот қарарын оқи бастады.
Біз бұл қарарды тұтас келтіреміз, өйткені Россияда мал-мүлікке ие болуға даусыз праволы бола тұрсақ та, сол мал-мүліктен айырылып қалу тәсілінің бірін білу әрқайсымызға болса да теріс болмас деп санаймын.
18... жылы октябрьдің 27-сі күні ** ның уездік соты генерал-аншеф Кирила Петрұлы Троекуровтың** губерниясындағы Кистеневка селосындағы** орманы шабындың егістік жері және еркек жынысты** жаны бар мекен-жайын гвардия поручигі - Андрей Гаврилұлы Дубровскийдің теріс иемденіп жүргені жайлы іс қарады. Бұл істен көрінген нәрсе; аталмыш генерал-аншеф Троекуров 18.. жылы, июннің 9 күні тап осы сотқа өтініш арызбен кірді: оның өткен кезде жергілікті наместник басқармасында провинциялық хатшы болып істеген коллежский асессор және кавалер маркам әкесі Петр Ефимұлы Троекуровтың дворян нәсілінен шыққан кеңсе қызметкері Фадей Егорұлы Спицыннен мекен-жай сатып алғанын айтқан; Ол мекен** округінде аталған Кистеневка селосында екені, ол село бұрынғы ревизияларда Кистеневка поселкасы аталғаны айтылған; төртінші ревизия бойынша бұл селоның барлық еркек жынысты** жаны шару а мүліктері, олардың үй іргесіндегі жерлері, қора-қопсылары, егіске жарамды және жарамсыз жерлері мен орманды, шабындық жерлері, Кистеневка өзені бойындағы балық аулайтын жерлер, төренің үлкен ағаш үйі - не керек осының бәрі сол Фадей Спицынге дворян нәсілінен шыққан урядник Егор Терентийұлы Спицын дейтін әкесінен мұраға қалғаны көрсетілген. Сол мекен-жайдың бірде-бір жанын, бірде-бір бөлшек жерін қалдырмай есептегенде хақы 2500 сомға бағаланып осыған**нің соттау және айыптау палатасында сату актысы жасалып, талапкердің әкесін сол күннің өзінде-ақ яғни 26 август күні**нің земский соты бұл мекен-жайға қожалық етуге ендіріпті және бұрынғы иесіне отказ беріліпті. Ақырында 17... жылы 6 сентябрде әкесі тағдырдың жазуымен опат болған. Ал бұл өтініш беруші генерал-ашиеф Троекуров 77... жылдан, тіпті ,бала кезінен әскер қызметінде болған көбінесе шетелдерде жорықта жүрген: сондықтан оның әкесінің өлгені де, онан қалған мекен-жай мүлік жөнінде ешбір хабары болмапты, Қазіргі кезде ол қызметінен мүлде босанып, отставкаға шығып, әкесінің** және** губернияларындағы және ** уездеріндегі түрліше селениялардағы барлығы үш мыңдай жаны бар мекен-жайларына қайтып келсе, сол айтылған мекен-жайлардың ішіндегі (қазіргі ревизия бойынша сол селода не бары** жан) Кистеневканы айтылған гвардия поручигі Андрей Дубровский барлық жер-суымен билеп отырған көрінеді. Сондықтан осы өтінішпен бірге сол айтылған сатушы - Спицынныц сату актысын қоса беріп, сол айтылмыш мекен-жайды теріс иемденіп отырған Дубровскийдің қарамағынан алып, өзінің яки Троекуровтың қарамағына қайтарып беруді өтінеді. Сонымен бірге теріс меншіктеніп бұл мекен-жайдан заңсыз табыс алып отырғаны үшін, бұл туралы тиісті анықтама жүргізіп, заң жолымен ақы өндіріп, ол өндірген ақыны Троекуров өзіне берілсе деп сұрайды.
**земский соты бұл өтініш бойынша тергеу жүргізгеннен бері мынадай жағдайларды анықтады:
Айтылмыш баулы мекен-жайдың осы күнгі қожасы гвардия поручигі Дубровский дворян заседателіне сол тұрған жерінде "менің иемденіп отырған мекен-жайым аталмыш Кистеневка сол барлық** жанымен, жер-суымен мұра бойынша өлген әкем артиллерия поручигі Гаврил Евграфулы Дубровскийден қалды" деп мәлімдеме берген көрінеді. Ал өтініш етуші Троекуровтың провинциалдық хатшы, кейінірек коллежский асессор болған әкесі бұл мекен-жай туралы титуляр советнигі Григорий Василийұлы Соболевке 17... жылы 30 августтағы уездік сот куәландырып берген сенім хат бойынша Андрей Дубровскийдің әкесіне сатқан, сату актысы болу керек, өйткені ол сенім хатта кеңсе қызметкері Спицыннен сатып алған бұл мекен-жайды Троекуровтың Дубровскийге сатқаны айтылған және шарт бойынша тиісті 3200 сом ақшаны толығымен алып, сенімді адамы болған Соболевке басыбайлы мекенді Дубровскийге беруді сұрапты. Және тіпті сонымен бірге, сол айтылған сенім хатта Дубровскийдің әкесіне барлық ақшаны төлеп бітірген күнде мекен-жайды иемденіп, билеп беруіне ерікті екендігі көрсетілген; ал сатқан Троекуровтың болмаса басқа қожайынның бұл актіден кейін қол сұғуына болмайды дегенді ескерткен.
Бірақ, қашан, қандай мекемеде мұндай қағаз жасалып, мекен-жайдың сенім адамы болған Соболевтен әкесіне берілгені, Андрей Дубровскийге мәлім емес, өйткені бұл ол кезде өте жас болған. Әкесі өлгеннен кейін ол сату актысын іздеп таппай қойған, тегі оны 17... жылғы июньде болатын сол селен халқының бәріне әйгілі үлкен өртте басқа қағаздармен және өртте кеткен мүліктермен бірге күйіп кеткен болар деп шамалайды. Ал бұл мекен-жайды сол Троекуров сатқан кезінен яки Соболевке сенім хат берген кезден, екінші сөзбен айтқанда 17... жылдан әкесі өлгеннен кейін 17... жылдан осы уақытқа дейін Дубровскийлер сөзсіз билеп-төстеп иемденіп тұрған, бұған сол жерде тұратын не бәрі 52 адамның куәлігі дәлел; олар сол өздері білетін заманнан, яғни 70 жылдан бері, айтылған мекен-жайды Дубровский мырзалар ешкімнің дау-жанжалынсыз билеп келеді, бірақ қандай акты болмаса қандай басыбайлылы қағазбен иемденіп келгені бізге мәлімсіз, деп ант ішіп жауап берді.
Бұл іс бойынша аты аталған бұл мекен-жайдың ілкі сатып алушысы бұрынғы провинциалдық хатшы Троекуровтың осы селоны иемденген-иемденбегені олардың есінде жоқ көрінеді. Ал Дубровский мырзалардың үйі мұнан отыз жыл бұрын тап сол мекен-жайда болған түнгі өртте жанып кеткен, сонымен бірге көлденең кісілер бұл даулы мекен-жайдан табыс табылып келгендігін, ол табыстың сол кезден бастап айнала есеп еткенде жылына 2000 сомнан кем еместігін сипаттады.
Міне, осы жөнінде генерал-ашиеф Кирила Петрұлы Троекуров осы жылдың 3 январы күні осы сотқа өтініш әкелді; аты аталған гвардия поручигі Андрей Дубровский тергеу үстінде, өлген әкесі Гаврил Дубровскийдің титулярный советник Соболевке берілген мекен-жай сатылғаны жөніндегі сенім хатты тапсырса да, бұл туралы сату актысы түгіл, ең болмаса сондай іс істеді деген бас регламенттің19-тарауымен 1762 жылғы ноябрьдің 29-дағы указ бойынша дәлел бола аларлық ешбір анық мағлұмат тапсырмады. Сондықтан сол сенім хат берген адамның өзі яки әкесінің өлгендігі себепті 1818 жылғы майдың...** індегі указ бойынша бұл сенім хаттың күші мүлдем жойылады. Ал оның үстіне указда даулы мекен-жайдың басыбайлы шаруалары басыбайлылыққа, басыбайлы еместері іздеу салу арқылы иемденуге берілсін деп бұйырылған. Әкесіне тиесілі болған бұл мекен-жайға керекті басыбайлылық акты тапсырып дәлелдегені үшін көрсетілген заң жинақтарының негізіне сүйеніп, теріс иемденіп отырған айтылмыш Дубровскийден алынып, мұра правосы бойынша Троекуровқа беруге. Сол айтылмыш Дубровскийлер өздеріне тиесілі емес мекен-жайды иемденіп, өздеріне жатпайтын табыспен пайдаланғаны себепті, бұл табыстың қанша екендігі есептеліп, ** күші бойынша сол помещик Дубровскийден өндіріліп Троекуровқа беруге. Осы істі тергей келгенде және сол іске керекті заңды көшірмелер алынғаннан кейін** уездік сотта төмендегі анықталды.
Генерал-ашиеф Кирила Петрұлы Троекуров айтылмыш гвардия*** поручигі Андрей Гаврилулы Дубровскийдің қарауында тұрған Кистеневка селосындағы осы күнгі ревизия бойынша не бары...** еркек жаны бар жер-сулы, мекен-жайды 17... жылы дворяннан шыққан кеңсе қызметкері Фадей Спицынның ілкі кезде провинциялық хатшы, кейінірек коллегия асессоры болған марқұм әкесіне сатқан тұп нұсқадағы сату актысын әкеліп тапсырғандығы бұл істен анық көрініп тур: оның үстіне сол сату актысына қосымша жазуда сатып алушыны сол жылдың ішінде-ақ мекен-жайына земский соттың ендіргені айтылған; Бұған қарсы поручик Андрей Дубровский тарапынан өлген Троекуровтың, Дубровскийдің әкесінің атына сату үшін титуляр советнигі Соболевке берген сенім хаты тапсырылса да мұндай әрекеттер бойынша басыбайлылық мүлікті бекіту түгіл.. указ бойынша уақытша иемденуге де болмайды және мұның үстіне берген адамы өлгеннен кейін бұл сенім хаттың күші мүлде жойылады. Және даулы мекен-жайға сол сенім хат шынында берілді ме, берілсе - қайда, қашан берілгені көрсетіліп, осы күнге дейін, яки 18... жылы істің басталғанынан бері қарай Дубровский тарапынан ешбір анық дәлелдемелер тапсырылған жоқ. Сондықтан сот ұйғарады: аталмыш мекен-жай сол қалпында, *** жанымен, егістік, шабындық жерімен сотқа тапсырылған сату актысы бойынша генерал-ашиеф Троекуровтың мекен-жайы болып бекітілсін; бұл мекен-жайды билеп-төстеу жұмысынан гвардия поручигі Дубровскийді шеттету туралы, оған Троекуров мырзаны ендіріп, мұра есебінде қалған мүлікке иелендіру туралы**ның земский сотына қатынас қағаз жазылсын. Мұнымен қатар генерал-ашиеф Троекуров өзіне мұраға қалған мекен-жайды теріс иемденіп, одан өнетін табысты пайдаланғаны үшін поручик Дубровскийден ақы өндіріп беруді талап етеді. Бірақ та ескі тұрғын адамдардың көрсетуі бойынша бұл мекен-жай сөзсіз Дубровский мырзалардың иемденуінде болған; ал бұл істен Троекуров мырза тарапынан осы күнге дейін Дубровскийлер мекенімді теріс пайдаланып отыр деп берген ешқандай өтініш болмағаны көрініп тұр. Бұл жөнінде заң жинағында егерде біреудің жеріне біреу егін салса, болмаса усадьбасын қоршап алса, бұл теріс иемдену жөнінде шағым арыз беріліп тілек етсе және мұның растығы табылатын болса - онда ісі ақ талапкерге сол егін салған жер астығымен, қоршалған усадьба қора-қопсысымен алып берілсін деп бұйырылған. Сондықтан генерал-аншеф Троекуровтың поручик Дубровскийден ақы талап етуін аяқсыз қалдыруға, өйткені оған тиесілі болған бұл мекен-жай түк қалдырылмай өзіне тұтас қайтарылып беріліп отыр. Ал егерде мекен-жайын қолына қайтып алған кезде бір нәрседен кемшілік тапса, онда генерал-ашиеф Троекуровке ашып, заңды дәлелдерін көрсетіп, тиісті орын арқылы жоғын талап етуге мүмкіндік берілсін. Бұл қаулыны заң бойынша шағым ретінде жоғары орыннан қууға болатындығы талапкерге де, сонымен бірге жауапкерге де алдын ала жариялансын; қаулыны тыңдау үшін және оған риза, риза еместігіне қол қою үшін олар осы сотқа полиция арқылы шақырылып алдырылсын.
Бұл қаулыға осы сотта болған барлық мүшелер қолдарымызды қойдық.
Хатшы тынып қалды, заседатель орнынан түрегеліп, еңкейе тағзым етіп Троекуровты қол қоюға шақырды; мерейі үстем Троекуров оның қолынан қауырсын қаламды алды да, сот қаулысына өте риза түрмен қолын қойды.
Кезек Дубровскийге келді. Хатшы оған қол қоятын қаулыны алып келді; бірақ Дубровский басын төмен салған күйі қозғалмастан тұрып қалды.
Хатшы оның қаулыға толық риза екендігін, болмаса оған мүлде риза еместігін білдіріп қол қою үшін қайтадан шақырды, егерде оның ар-ұяты ісін оң деп есептейтін болса, қаулыға мүлдем наразы болса, заң белгілеген мөлшерлі уақыт ішінде тиісті орынға шағым беріп, өтініш етуге қол қою керектігін айтты.
Дубровский үндемеді... Кенет ол басын көтеріп алды, көзі шатынап кетті; жерді теуіп қалып, хатшыны бар пәрменімен итеріп жіберді, ол ұшып түсті. Дубровский жалма-жан сия сауытты алып, заседательге жіберді. Жұртта зәре қалмады. Дубровскийдің жан дауысы шықты. "О, тәңірінің шіркеуін сыйламағандар! Жоғал! Арамзаның әулеттері!" деді. Онан кейін Кирила Петровичке бұрылып: "Тақсыр, кім есіткен мұндайды! Итшілер тәңір үйіне иттерін ендіріпті! Ол иттер шіркеуде жортып жүріпті деген не сұмдық! Тоқтаңыз, үйретермін мен сізге..." - деді. Айғайға күзетшілер жүгіріп келіп, оны күшпен зорға тоқтатты; сыртқа алып шығып шанаға отырғызды. Бүгін сот қауымы алқалап қоршаған Троекуров те оның ізінше сыртқа шықты. Дубровскийдің кенеттен жынданғаны оған қатты әсер етті, оның салтанатты қалпына у сепкендей болды. Жақсы ат аламыз деп үміттенген судьялар Троекуровтың тым болмаса бір ауыз жылы сөзін де есіте алмады.
Троекуров сол күні Покровскіге қайтты. Ал Дубровский төсек тартып жатып қалды. (Бақытына қарай уездік емші аса надан болмай шықты.) Ол жалма-жан сүлік салып, қан алып та үлгерді. Сөйтіп кешке қарай Дубровский есін жинады. Ертеңіне оны өзінің қолынан кетуге айналған Кистеневката әкетті.
III ТАРАУ
Біраз уақыт өтті, бірақ та бишара Дубровскийдің денсаулығы әлі де сол нашар күйде қалды. Рас, оның есі ауып, алас ұруы қайталай қойған жоқ, әйтсе де көрер көзге халі нашарлай берді. Ол өзінің бұрынғы тіршілік қамын ұмыта бастады; ұзақ күндер ойға шомып отырып, өз бөлмесінен сирек шығатын болды. Бір кезде оның ұлын бағып-қаққан мейірімді кемпір Егоровна қазір қожайынның өзін күтетін тәрбиеші әйелге айналды. Кемпір оны баладай күтті, ас ішетін, ұйықтайтын мерзімін есіне салып, тамақ ішкізіп, төсегін салып беріп жатқызып жүрді. Андрей Гаврилович оған үндеместен бағынып, басқа ешкіммен айналыспады. Өз жұмыстарын ойлауға, шаруашылық ісіне басшылық етуге оның халі келмеді. Егоровна осының бәрін айтып, сол кезде Петербургта тұратын жаяу әскер гвардия полктерінің бірінде қызмет істейтін жас Дубровскийге хабар етуді мақұл көрді. Сөйтіп ол шығын книгасының бір бетін жыртып алып, бүкіл сол Кистеневкада жалғыз-ақ хат танитын адам Харитон аспазшыға өзі айтып отырып хат жазғызды, ол хатты және тап сол күні почтаға салуға қалаға жіберді.
Енді біз оқушымызды*** әңгімеміздің нағыз геройымен таныстыруға кірісейік.
Владимир Дубровский кадет корпусында тәрбиеленіп, гвардияға корнет болып шықты; жақсы өмір сүру үшін әкесі онан еш нәрсе аяған жоқ, сондықтан жас жігіт үйінен қаражатты өзі ойлағанынан артық алып тұрды. Қолы ашық, атаққұмар, дүниенің көзіне қарамайтын жас Дубровский сылқытып дәурен сүрді; карта ойнады, қарызға батты; ертелі-кеш шіркін бір дәулетті қалыңдыққа кез боламын деген жастықтың сорлы тәтті қиялына беріліп ол болашағы туралы мүлде қам жемеді.
Бір күні кешке таман жұмсақ диванына көлбей түсіп янтарынан шылым тартып, үйінде бірнеше офицерлер отыр еді, қызметшісі Гриша оған хат әкеліп берді. Хаттың сыртындағы жазуы мен мөрі жас жігітті аң-таң қалдырды, хатты жалма-жан ашып жіберіп, ол төмендегіні оқып шықты.
"Біздің тақсырекеміз, Владимир Андреевич, - мен сенің тәрбиеші кәрі әжеңмін, - саған әкетайыңның денсаулығы туралы мәлімдемекші болып отырмын. Ол өте нашар, кейде сандырақтайды және күні бойы түк білмейтін нәресте сияқты отырады да қояды. Ал өзекті жанға бір өлім, ол тәңірінің өз еркінде. Сен тезірек кел, сұңқарым; біз саған Песочноедан күтіп алатын көлік жіберейік. Земский сот бізді Кирила Петрович Троекуровтың қол астына өткізгелі келеді деген хабар бар - өйткені бізді сонікі дейтін көрінеді, ал біз ежелден сіздердікіміз, ал біз ана бәлені туғалы естігеніміз жоқ. Сен Петербургте тұрсың той, осы туралы ақ патшаға білдірсең, ол бізді жәбір-жапада қалдырмас еді. Саған мәңгі құлдық ұрушы, тәрбиеші әжең
Орина Егоровна Бузырева.
Гришаға аналық батамды жолдаймын, - қалай ол, жақсы қызмет ете ме? Бізде жауын жауғалы міне екі жұмаға айналды және Микола мейрамының қарсаңында малшы Родя қайтыс болды".
Владимир Дубровский тебірене отырып орашолақ жазылған хатты бірнеше қайтара оқып шықты. Ол анасынан жастай қалып, әкесін де жақсы білмейтін шағы - 8 жасқа шығарда Петербургке жіберілген еді, әйтсе де әкесін ерекше жақын тартатын; үй тұрмысының ың-шыңсыз қуаныштарының дәмін татып кермесе де, ол семья өмірін өте жақсы көретін. Тәрбиеші әжесінің хатынан көрінген сорлы шалдың ауыр халі оны қатты шошытты, әкеден айрылып қаламын-ау деген ой жүретін ауыр қайғыға бөледі. Әкесі оған сонау меңіреу деревняда, басқа түскен әлдебір бақытсыздық құшағында, түк білмейтін надан кемпір мен қызметшілердің қолында, жан мен тон азабында, дәрменсіз шамшырағы сөніп бара жатқандай көрінді. Үй ішінің жағдайына көңіл бөлмей келгеніне, шаруашылық жөнімен айналысып жүр той не жолаушылап бір жаққа кеткен шығар деп, әкесінен көптен хабар алмағанына ол өзін қылмысты деп білді, өзін-өзі қатты сөкті.
Ол әкесіне жүріп кетуге, тіпті оның сырқат халі басы-қасында болуды керек ететін болса -отставкаға шығуға да бел байлады. Оның қобалжыған түрін байқап, жолдастары да тарады. Владимир, үйде жалғыз қалып, демалыс сұрап өтініш жазды; трубкасын тартып, қалың ойға шомды.
Сол күні-ақ ол демалыс алу жөнінде сұрана бастады (екі күннен кейін өзінің сенімді Гришасын ертіп, лаумен жолға шықты).
Владимир Андреевич жол Кистеневкаға қарай бұрылатын станцияға да жақындап қалды. Оның жүрегін әлдеқандай қайғылы сезімдер басуда еді, әкемді тірі көре алмай қаламын-ау деп қорықты, өзін күтіп тұрған деревнядағы өмірдің мұңды бейнесін көз алдына елестетті: жан аяқ баспайтын түкпір, жоқшылық, өзі туғалы істеп көрмеген, ешбір жөн-жосығын білмейтін жұмыстармен бас қатыру. Станцияға келгеннен кейін бекетшіден ат сұрады. Бекетші оның қайда бара жатқанын білгеннен кейін, оған Кистеневкадан келген аттардың бүгін төртінші тәулік күтіп жатқанын айтты. Кешікпей Владимир Андреевич отырған үйге бір кезде оған ат қораны аралатып жүретін, кішкене тайын күтіп бағатын кәрі кучер Антон келіп кірді. Антонның оны көргеннен-ақ көзіне жас келді, ол басы жерге жеткенше еңкейіп тағзым қылды да, кәрі әкесінің әзірге тірі екенін естіртіп, өзі асыға басып ат жегуге шықты. Владимир Андреевич ертеңгі әзір тамақты ішпестен, тез аттануға асықты. Антон оны селен жолымен тура әкетті, көп ұзамай екеуі әңгімеге кірісті.
— Антон, сен айтшы, менің әкемнің Троекуровпен дауласып жүргені қандай іс?
— Владимир Андреевич, әкем-ау, оның қандай іс екенін алла білсін бе... Әйтеуір біздің барин Кирила Петровичпен келісе алмапты. Өзіне-өзі судья бола тұрса да, біздің баринді анау сотқа беріпті. Олардың не істеп жүргенін тексеру біз сияқты малайдың жұмысы емес қой, бірақ та құдай біледі деп айтайын, сіздің әкеңіз Кирила Петровичпен бекер-ақ шатысқан - балғаның шүйдесі шыбыртқымен ұрғанға сынбайды.
— Сөйтіп, Кирила Петрович сендер жақта ойына не келсе, соны істейді екен ғой?
— Әкем-ау, мұндайды кім көрген; заседатель дегендердің оған бұғы бір тиын, исправниктер оның шабарманы сияқты, ал мырзалар сәлем беруге ағылып келіп жатады, -жем салар астауың болса, шошқаң болады, - деген емес пе.
— Ол біздің мекен-жайды тартып алмақшы болып жатыр дегені рас па?
— Ой, барин, біз де солай деп есіттік. Жақында біздің старостаның баласының шоқындыру тойында Покровскі шіркеуінің қоңыраушысы: жетер сендерге той тойлау, Кирила Петрович кешікпей сендерді өз уысына алады, - деді. Оған біздің Микита ұста: Савельич, дос-жаранды қайғыртып, қонақтарды абыржытып қайтесің; Кирила Петрович өзіне басқа, Андрей Гаврилович өзіне басқа; ал, біздің бәріміз құдай мен патшаның құлымыз, - деді, дегенмен біреудің аузына біреу қақпақ бола ма.
— Онда сіздер Троекуровтың қарамағына көшуге наразы екенсіздер ғой?
— Я, Кирила Петровичтың қарауына дейсіз бе! Құдай басқа салмасын Оның өз адамдарының күйі де нашар, ал қолына жат жандар түссе, олардың терісі түгілі етін де сыпырып алар. Жоқ, құдай тек Андрей Гавриловичтың өмірін ұзақ етсін; егерде оны тәңірім өзіне алатын болса, онда бізге, асыраушымыз, сенен басқа ешкімнің керегі жоқ. Сен бізді ешкімге бере көрме, ал сен үшін біз не болса да көруге әзірміз.
Осы сөздерді айтып, Антон қамшысын үйіріп делбені қатып қойды, аттар cap желіске түсті. Кәрі кучердің мұншалық адалдығына елжіреген Дубровский ой теңізіне шомып, үндемей қалды. Бір сағаттан артық уақыт өтті: "Әне Покровское!" - деді Гриша жұлып алғандай. Дубровский басын көтеріп алды. Ол шалқар көлдің жағасымен келе жатыр еді.
Көлден аққан кішкене өзен жыландай ирелеңдеп, дөң-дөңнің арасымен әрі асып жатыр, сол бір дөңнің үстінде қарақошқыл қалың ағаштарды бойлап, жасыл төбелі үлкен тас үйдің күмбезі, екінші дөңде - бес мұнаралы шіркеу мен атам заманнан келе жатқан колокольня көрінді... Бұлардың айналасында бақшаларымен, шетел құдықтарымен бытырай шашылып жатқан деревня үйлері. Дубровскийге бұл үйлердің бәрі де танымалды - ол тап сол дөңнің басында, кішкене Маша Троекуровамен ойнап жүрген кездерді есіне түсірді. Маша мұнан екі жас кіші еді; оның сұлу болып өсетіндігі сол күннің өзінде-ақ белгілі болатын. Владимир Маша жайын Антоннан сұрап білгісі келіп еді, бірақ әлдеқандай бір ұялшақтық оны тоқтатып тастады.
Мырзаның үйіне жақындап келгенде, оның бақ ағаштарының арасынан көлбең ете қалған ақ көйлекті көзі шалып қалды. Тап сол мезетте Антон жегін аттарға қамшыны басып-басып жіберді де, деревня кучерлері мен арбакештерінің мақтаншақ әдетінше көпірден де, селоның іргесінен де ағызып өтті. Деревнядан шыға беріп, олар дөңге көтерілді. Кешікпей Владимир ақ қайыңды кішкене орманды, сол жақтағы ашық жерде тұрған қызыл шатырлы сұрғылт үйді көрді, оның жүрегі лүпілдей соқты, өйткені ол қарсы алдында тұрған Кистеневка мен өз әкесінің жадау үйіне жеткен еді.
Он минуттан кейін ол әкесінің ауласына келіп кірді. Ол сөз жетпестей толқыған күймен айналаға көз жіберді. Туған жерді көрмегелі он екі жыл болыпты. Өзі барда еккен дуал жанындағы кішкене жас қайындар қазір зәулім салалы ағаш болып өскен Бір кезде ортасынан үлкен даңғыл жол өтетін, үш қатар гүл егілген әшекейлі сыпырылып тұратын таза аула — қазір шабындыққа айналып кетіпті. Онда міне тұсаулы ат та жайылып жүр. Иттер үре түсті де, Антонды танып, сабалақ құйрықтарын бұлаңдатып тыйыла қалды. Үйлі-үйлерінен андай жүгірген қуанышты малай біткен улай-шулай келіп жас баринді қоршады, қаумалаған топты әрең жарып өткен Владимир есік алдындағы тозығы жеткен басқышқа жүгіріп шықты. Сенекте оны Егоровна қарсы алып, өзі тәрбиелеп өсірген жас төресін құшағына алды да, еңіреп қоя берді.
— Әже, саламатсың ба, есенбісің, - деді ол мейірімді кемпірді кеудесіне қайта-қайта қысып. - Әкем қалай? Қайда өзі? Қандай халде?
Тап осы мезетте әрі жүдеу, әрі сұп-сұр, үстіне шапан, басына қалпақ киген, ұзын бойлы шал аяғын зорға басып залға келіп кірді.
— Володькамбысың? - деді ол әлсіз дауыспен. Владимир әкесін құшырлана құшақтады.
Бұл кенет қуаныш ауруға аса күшті әсер етті - ол дымы құрып аяғын баса алмай қалды, баласы сүйеп қалмағанда қарт құлап кеткендей де еді.
— Неге тұрдыңыз төсектен? - деді оған Егоровна. - Аяғын баса алмай жүріп, жұрт қайда барса, бұл да сонда ұмтылады!
Шалды өзінің жататын бөлмесіне алып келді. Баласымен сөйлеспекші болып, зорланып көріп еді, бірақ ойы шатасып, сөздерінде ешбір байланыс болмады. Ол үн қата алмай сылқ түсті. Мұны көріп Владимирдің де есі шықты. Ол сол бөлмеде орналасып, әкесімен оңаша қалдыруларын сұрады. Үй адамдары оның дегенін екі етпеді. Олар мұнан кейін Гришаны қызметшілер үйіне апарып, деревня салтынша қонақ етті, алуан-алуан сұрақтар беріп байғұстың сілесін қатырды.
IV ТАРАУ
Дастархан толы тағам тұрар жерде табыт тұр еді.
Келгеніне бірнеше күн өткеннен кейін, жас Дубровский әкесінің ісін қолға алуға ниет етті, бірақ оған керекті түсінік беруге әкесінің шамасы келмеді, оның үстіне Андрей Гавриловичтің іс басқарушысы да жоқ еді. Әкесінің қағаздарын ақтарып, баласы заседательдің алғашқы хатын және оған қайырған жауаптың түп нұсқасын тауып алды, бірақ даудың не екеніне мұнан айқын түсінік таба алмады да, ісінің ақ екендігіне сеніп, ақырын күтіп отыра берді.
Бұл екі арада Андрей Гавриловичтің халі сағат санап нашарлай түсті. Оның демі көп ұзамай бітетініне көзі жетті де Владимир мүлде сәбилік қалыпқа түскен қарттың қасынан қара үзіп кете алмады.
Бұл күндері мерзімді уақыт өтіп кетті, шағым арыз берілмей қалды. Кистеневка Троекуровтікі болып қалды. Шабашкин оған сәлем беріп, құтты болсын айта келді де ұлық мырза, жаңа алған мекен-жайына өзі ене ме, жә болмаса басқа біреуге сенім хат беріп басқарта ма, соны білгісі келді. Кирила Петрович сасып қалды. Ол тегінде пайдақұмар адам емес еді, оны баста кек алу сезімі билеңкіреп кетсе де, енді ақыры жанын жеді. Ол жасынан бірге өскен кәрі жолдасы Дубровскийдің қазіргі халін жақсы білгендіктен, бұл жолғы жеңіс оның жанын сүйіндірмеді. Ол Шабашкинге кәрлене қарап балағаттауға сылтау іздеді, бірақ байланысуға ешбір себеп таба алмай:
— Жоғал көзіме көрінбей, саған қалған ештеме жоқ! — деп жекіп тастады.
Шабашкин оның көңілсіз екенін байқады да, басын иіп тезірек зытып отыруға асықты. Ал Кирила Петрович оңаша қалған соң, ерсілі-қарсылы жүріп "Күркіре жеңіс дауылы" деген әнді ысқыра бастады; бұл оның әрдайым ой толқынына түскенде айтатын әні еді.
Ақырында ол жайдақ арбаға ат жектіріп, жылы киініп (бұл кез сентябрьдің аяқ шені болатын), делбені өзі ұстап ауладан шыға жөнелді.
Көп ұзамай Андрей Гавриловичтің үйі көзіне түсуі-ақ мұң екен, әлдеқандай қайшы сезімдер бойын керней жөнелді; кек алу мен өктемдік ету сезімі оның адамгершілік сезімін біраз тұншықтырса да ақырында мейірімділік үстемдік алды. Ол өзінің ескі көршісімен татуласуға, егес-таластың ізін мүлде құртуға, сөйтіп мекен-жайын қайтарып беруге бел байлады. Осындай ізгілік ниетпен жаны жай тапқан Кирила Петрович атын cap желдіре жөнеліп, көршісінің ауласына кірген соң атының басын бір-ақ тартты.
Бұл кезде ауру өз бөлмесінің терезесінің алдында отырған. Ол Кирила Петровичті танып қалды да, жүзінде аласұрған сұмдық рең пайда болды; сұрғылт бетін алкүрең шырай жауып, көздері шатынап аузынан түсініксіз бір дыбыстар шықты. Шаруашылық дәптерін ақтарып қасында отырған баласы, басын көтеріп алғанда әкесінің бұл халінен шошып кетті. Елеуреген ауру кәрлі пішінмен аулаға қарай қолын шошайтты. Ол асыға қимылдап, халатының етегін жинай, орнынан тұрмақ болып еді, бірақ керіле берді де, құлап түсті. Баласы да тұра ұмтылды, ал шал ессіз-түссіз қалды. Оны паралич соқты.
— Шабыңдар қалаға, жөнеліңдер емшіге!- деп айқайлады Владимир.
— Сізді Кирила Петрович сұрап тұр, - деді оған кірген малай.
Владимир оған шатынай қарап үн қатты:
— Айт Кирила Петровичке, жөнелсін де, бұл маңнан қуып шықсын демесе, жоғалтсын де қарасып Бар!
Малайы төресінің әмірін орындауға құлықтана жөнелді. Ал Егоровна әрі-сәрі болып қолын жайып тұрып қалды.
— Әкем-ау, - деді ол шыр ете түсіп, - енді сен өз басыңды жоясың! Жалмайды ғой енді бізді Кирила Петрович.
— Үндеме, әже, - деді Владимир, жүрегі елжіреп, — Антонды тезірек қалаға жөнелт, емшіге аттандыра гөр!
Егоровна шығып кетті. Ауыз үйде ешбір жан қалмай, жұрттың бәрі Кирила Петровичті көруге кеткен-ді. Егоровна есік алдындағы басқышқа шыға бере жас төренің жауабын жеткізіп тұрған малайдың сөзін есітті, Кирила Петрович ол сөздерді жайдақ арбасында тапжылмай отырып тыңдады. Түндей түнерген жүзімен жирене езу тартты да, ол малайларға түйліге қарады. Содан соң атын аяңдата бастырып, ауладан шығып кетті. Ол жаңа ғана Андрей Гаврилович отырған терезеге көз тастап еді, бірақ оны көре алмады, бариннің өмірін ұмытқан тәрбиеші әже де басқышта сілейген күйі тұрып қалды.
Жаңағы оқиғаны әңгімелеп даурыққан малайлар тобына кенеттен Владимир келіп қосылды.
— Қажеті жоқ емшінің, әкей қайтыс болды, - деді ол бөліп, тұтыға сөйлеп.
Сапырылыс басталды. Жұрт қарт бариннің бөлмесіне лап берді; ол Владимир әкеліп салған креслоның үстінде жатыр, оң қолы еденге тие салбырап, басы кеудесіне түсіп кетіпті, өліммен реңі қашқан, бірақ әлі де суынып жетпеген бұл денеде ешбір өмір белгісі жоқ еді. Егоровна еңіреп қоя берді. Малайлар өздерінің күтуіне қалған өлікті қоршап алды, ақ жуып, арулап, 1797 жылы тігілген мундирін кигізді, сонан соң не заманнан бері өздерінің мырзасы ас ішіп келген столдың үстіне әкеліп салды.
V ТАРАУ
Өлік үшінші күні жерленді. Сорлы шалдың сүйегі кебінге ораулы самсаған май шамдар қоршап тұрған столда жатты. Ас ішетін бөлме толған малайлар. Өлікті шығаруға әзірленді. Владимир мен үш малай табытты көтерді. Поп алда озық жүріп, ал дьячок қабірлеу дұғасын әндете соңына ерді. Кистеневканың қожасы өз табалдырығын ақтық рет аттады. Табытты олар тоғайдың ішімен алып жүрді. Шіркеу орманның сырт жағында болатын. Бұл бір жадыраңқы салқын күн еді. Ағаштың күзгі сарғайған жапырақтары жерге төгіліп жатыр.
Олар тоғайдан шыға бергенде-ақ Кистеневканың ағаш шіркеуін және не заманғы кәрі жөке ағаштары мүлгіген зиратты көрді. Владимирдің анасы да осында қойылған-ды, соның жанынан жаңадан қабір қазылыпты.
Қожасына соңғы рет бас не келген Кистеневка шаруалары шіркеуге лық толған.
Жас Дубровский клиростың жанында тұрып қалды. Ол жылаған да жоқ, дұға да оқыған жоқ, бірақ оның жүзі жан шошырлық еді. Қайғылы дәстүр бітті. Өлікке қош айтысуға Владимир алдымен барды да, үй малайлары оның соңынан шұбырды. Табыттың қақпағын әкеліп шегеледі. Қатындар дауыс қыша жылап, еркектер де көз жасын қолдарымен сүртісті. Владимир мен баяғы үш малай бүгін деревня адамдары алқалап, табытты зиратқа апарды, табытты қабірге түсіріп, бір-бір уыс топырақ салысқан жұрт көміп болғасын бас иісті де, жөндеріне тарасты. Владимир жұрттың алдын ала жөнеле берді. Ол Кистеневка тоғайына еніп жоқ болды.
Егоровна Владимирдің атынан попты және зиратқа жиналған бүкіл шіркеу қауымын қаралы асқа шақырды, оларға жас бариннің бұл аста бола алмайтынын айтты; сөйтіп Антон атай мен поптың әйелі, Федотовна және дьячок жаяу-жалпы үйге қарай беттеді; бұлар Егоровнамен қосылып марқұмның ізгілік істерін сөз қылды және мұрагердің не күйде боларын әңгіме етті. (Кешегі Троекуровтың келіп кеткенін, оның оны қай түрде қарсы алғанын бүкіл ауыл-аймақ тегіс білген-ді және жергілікті саясатшылар мұның ақыры үлкен оқиғаға ұласады дескен-ді.)
— Болмыш нәрсе болады ғой, - деді поптың әйелі, — жалғыз-ақ Владимир Андреевич қожамыз болмайтын болса бәрінен сол өкініш. Жігіттің төресі ғой, несін айтасың.
— Е, ол болмағанда біздің мырзамыз кім болмақшы, - деді Егоровна киліге түсіп; -Кирила Петрович босқа аптығады, тапқан екен қорқақ жанды, менің сұңқарым намысты қолдан бере қоймас; құдай жар болса, аруақ құр тастамас. Кирила Петрович өзі өркөкірек неме еді, әйтсе де менің Гришам оған: жоғал, кәрі төбет, қараңды батыр! - деп айқайлағанда құйрығын қысқан да шығар.
— Егоровна-ау, Григорийдің аузы қалай барып айтты мұндай сөзді, - деді дьячок, -мен Кирила Петровичке көз алартқаннан гөрі, тәңірге тіл тигізгеннің өзі жеңіл деп түсінем. Оны көргеннен-ақ қорқыныш дірілі денеңді билеп, басынды жерге ие береді; ал, белің өзінен-өзі тек бүгіле береді, бүгіле береді...
— Фәни жалған, - деді поп, - бүгінгі Андрей Гавриловичтің басына оқылған мәңгі-бақи дұға Кирила Петровичке де оқылар. Жалғыз-ақ оның басына дүниені көп шығарып, асына халықты молырақ келтірер. Ал, құдай үшін оның бәрі бір емес пе!..
— Ой, атай-ай, біз де бүтін ауыл-аймақты тегіс шақырайық деп едік, мұны Владимир Андреевич қаламады. Біздікінде де бәрі бар, не берейін, не қояйын дейтін емес, қайтерсің енді. Жұрт болмаса құрметті қонақтар мына сіздерді сыйлап бағармыз.
Бұл сияқты жанға жағымды сөз бен тәтті тоқашқа жетем деген үміт бұлардың адымын тездетіп жіберді; олар аман-есен дастарқаны жаюлы, тамағы әзір, арағы да құйылған бариннің үйіне де келіп қалды.
Бұл кезде Владимир ағаштың қалың жынысына еніп әрлей берді, өйткені ол жан күйігін жүріспен, шаршаумен тұншықтырмақ болды. Ол жол таңдаған жоқ. Бұтақтар үздіксіз иіліп қалып, денесін жырды, жүргізбеді; аяғы да тартпа сазға милықтай енді; бірақ ол еш нәрсені байқамады; ақырында, айнала орман қоршаған кішкене алаңға жетті; жапырағынан айрылған күзгі жалаңаш ағаштарды жанай, иреңдей түсіп, үнсіз аққан бұлақ жатыр. Сол жерде Владимир тоқтап салқын шымға отырды. Бойына сыймай кеткен бірінен-бірі күңгірт ойлар... Оның жанына батқан нәрсе жалғыздық.
Бейне бір болашағын қалың қара бұлт жауып кеткендей. Троекуровпен жауласу жаңадан тағы да бақытсыздыққа ұшыратпақшы. Жоқ-жұқа дәулеті жаттың қолында кетуі кәдік, олай болған күнде күтетіні қайыршылық қана. Солғын тартқан жапырақтарды ағызып әкетіп жатқан бұлақтың ағысына қарап, сол жерде, жылжымастан ұзақ отырды, өмірдің тап осы бұлаққа ұқсас екендігі оның көз алдына айқын елестеді. Ақырында, ол қас қарайып кеткенін сезіп, орнынан тұрды да, үйге қайтатын жол іздеді, бірақ тура үйінің қақпасына әкеліп кіргізетін жалғыз аяқ жолды тауып алғанша, көрмеген орманды ұзақ уақыт шарлап шықты.
Дубровскийге бар қауымымен поп кездесе кетті. Алдынан поп шығу - жаман екені ойына түсіп Владимир еріксіз бұрылды да ағаштарды тасалады. Поптар оны байқамай, қызу әңгімелесіп қасынан өтіп кетті.
— Зұлымдықтан аулақ қаш, ізгілік іс істе, - деді поп әйеліне, - бізге бұл жерде қалудан матына жоқ, істің ақыры немен бітсе де, саған кел ер бәле аз...
Поптың әйелі бұған бірдеме деп жауап қайырып еді, бірақ оны Владимир ести алмады.
Үйге жақындағанда ол топтанған жұртты көрді - шаруалар мен үй малайлары аулаға жиналып қалған. Алыстан-ақ шулап, даурығып сөйлеген сөздер есітті. Сарайдың жанында екі тройка тұр. Есік алдындағы баспалдақта киімшеңді бірнеше адам әлденені талқылап тұрған тәрізді.
— Бұл немене,- деп сұрады ол, қарсы жүгіріп шыққан Антоннан ашулы түрмен, -кімдер бұлар, не керек өздеріне?
— Әй, әкетай, Владимир Андреевич, сот келіп қалды. Бізді Троекуровке бермекші, сіздің марқабатыңыздан айырмақшы! - деді шал ентігіп,
Владимирдің басы төмен түсіп кетті де, бақытсыздыққа ұшыраған жандар мырзасын қоршай қалды.
— Біздің әкеміз сенсің, - деп айқай салды олар, оның қолын сүйіп, - сенен басқа ешкімнің керегі жоқ; жарқыным, тек бұйрық етші, сотты біз бір жайлы қылайық. Өлеміз, бірақ бермейміз... - Владимир олардың жүзіне қарап әлдене бір ғажап сезім бойын билеп кетті.
— Тырп етпеңдер, әміршілермен мен өзім сөйлесіп көрейін, - деді оларға Владимир.
— Сөйлесе гөр, әкетай, сөйлесе гөр; қарғыс атқандарды ұялта гөр, - деп айқайлады оған топтың ішінен кейбіреулері.
Владимир чиновниктердің қасына келді. Шабашкин басында картузы бар, екі бүйірін таянып, төңірегіне тәкаппар түрде көз жіберіп тұр... Жасы елулерге келген ұзын бойлы жуас исправник Дубровскийді көре салып, тамағын кенеп алды да, қарлыққан дауыспен:
— Сонымен сіздерге әлгі айтқанымды қайталап айтамын, уездік соттың қаулысы бойынша бүгіннен бастап Кирила Петрович Троекуровке қарасты боласыңдар; оның бұл жердегі оң көзі мына тұрған Шабашкин мырза. Осы мырзаның айтқанын тыңдаңдар, не бұйырса соны істеңдер, ал қатындар, сендер оны сүйіп құрметтеңдер, өйткені мұның өзі бір қатындарға шалымды адам, - деді,
Бұл өткір әзілін айта салып, қарқ-қарқ күлді; Шабашкин мен басқа сот мүшелері де соның істегенін істеді. Владимирдің зығыры қайнап кетті.
Салқын қанды адамның пішінін көрсетуге тырысты, ол көңілді исправниктен:
— Рұқсат етіңіз сұрауға, мұныңыз немене? - деп сұрады.
— Бұл сол, - деп жауап қайырды чиновник қасақана, - осы жайға Кирила Петрович Троекуровты енгізуге және бұл жерде ешбір шаруасы жоқ адамдардың аман-сау тұрғанда жақсылықпен тайып тұруын сұрауға келдік деген сөз.
— Бірақ, сіздің шаруаларды былай қойып, билік тізгінінен айрылғанымды алдымен менің өзіме келіп баян етуіңізге болатын еді ғой...
— Ал, сен кімсің соншама? - деді Шабашкин арсыз пішінмен, - бұрынғы помещик Андрей Гаврилұлы Дубровский болса, құдайдың бұйрығымен өліп кетті. - Ал, біз сені білмейміз де, және тіпті білгіміз де келіп тұрған жоқ.
— Мәртебелі мырза, бұл біздің жас барин Владимир Андреевич болады, - деді топтың ішінен бір дауыс.
— О кім, батылы барып аузын ашқан, - деді исправник қаһарлы пішінмен,- қайдағы барин, ол қандай Владимир Андреевич, сендердің баринің Кирила Петрович Троекуров, естідіңдер ме, салпаң құлақтар.
— Сол айтқаның бола қояр ма екен? - деді тағы да сол дауыс.
— Мынау тура бүлік, бунт! Ей, староста, кел бері! - деп айқай салды исправник.
Староста алға шықты.
— Тап жылдам жаңағы менімен сөйлесуге батылы барған немені! Мен оның!
Староста: сөйлеген қайсың? - деп топқа қарап еді, бірақ, жұрт аузын ашпады; кешікпей арт жақтан күңкіл шықты да, сол күңкіл бірден екі күшейіп, лезде-ақ сұмдық сарынға айналды. Исправник даусын бәсеңдетіп, оларды сөзбен көндірмекші болып еді.
— Оның неменесіне қарайсыңдар, жігіттер! Жоғалсын көздері! – деп айғай салды малайлар. Сөйтіп топ ілгері ұмтыла түсті.
Шабашкин және басқалар тез сенекке ұмтылды да, ішке кіріп есікті құлыптап алды.
— Байлаңдар, жігіттер! - деп айқай салды бағанағы дауыс. Топ кимелеп, жапыра бастады.
— Тоқтаңдар! - деп ақырып жіберді Дубровский, - Ақымақтар! Немене бұларың? Мына қылықтарыңмен сендер өздеріңді де, мені де құртасыңдар. Тез үйді-үйіңе тарандар. Маған тыныштық беріңдер. Қорықпаңдар, патшаның рақметі мол мен оған өтініш берем, ол бізді жәбір-жапада қалдырмайды, - біздің бәріміз де соның баласымыз; ал сендер басбұзарлық істеп бүлік шығарсаңдар - ол сендерді қалайша қорғамақшы?
Жас Дубровскийдің сөзі мен ашық даусы, сұсты жүзі ойдағыдай әсер етіп, жұрт су сепкендей үйді-үйіне тарай бастады; кешікпей аула босап, үйде сот мүшелері тана қалды. Ақырында Шабашкин есікті ептеп ашып шықты да, кішірейе бас иіп, Дубровскийдің ара тұрғанына бас иіп алғыс айтты.
Дубровский оның сөзін жирене тыңдады және ешбір жауап қатпады.
— Сіз рұқсат етсеңіз біз осында қонып шығуды мақұл таптық,- деді заседатель. -Өйткені қараңғы түсіп кетті және жол бойында мұжықтарыңыз бізге бас салуы мүмкін! Тым болмаса қонақ үйге шөп төсетіп беруге өмір етіңіз, рақымшылық істеңіз. Біз таң біліне-ақ өз жөнімізге жөнелер едік.
— Қалағандарыңды істей беріңдер, мұндағы қожайын қазір мен емес, - деп салқын жауап берді Дубровский.
Осы сөзді айтты да ол әкесінің бөлмесіне кіріп, есікті бекітіп алды.
VI ТАРАУ
"Сонымен бәрі де бітті, - деді Владимир өзіне-өзі, — таңертең ғана жатар орным, тілім наным бар еді. Енді күні ертең өзім туған, әкемнің сүйегі шыққан үйді, әкемнің өлімі мен менің қайыршылық халіме себепкер болған адамға тастап кетпекшімін". Оның екі көзі анасының суретіне қадалды. Суретші анасының суретін ертеңгі кезде ақ көйлек киіп, шашына бір шоқ роза гүлін татып, басқыншылық арқалығына сүйенген күйінде салыпты. "Осы сурет те менің дұшпанымның қолына түспекші. Мұны да қираған бір орындықтармен бірге шоланға тастайды: болмаса итшілердің күлкі-мазағы үшін ауыз үйге іледі; ал анамның бөлмесіне, әкемнің сүйегі шыққан бөлмеге оның приказчигі, я болмаса кәнизек қатындары кірмек. Жоқ, жоқ! Ол мені қуып шыққан қасіретті үй оған да бұйырмасын", - деді ішінен Владимир. Ол тістене түсті, басына әлдене бір жан түршігерлік ойлар келді. Біресе оны, біресе мұны сұрап қожайындық етіп жатқан подъячилердің дауыстары құлаққа шалынып, қайғылы ойлардың құшағында отырған Владимирді алаңдата бастады. Ақырында бәрі жым-жырт болды.
Владимир столдың тартпалары мен жәшіктерді ашып, марқұм әкесінің қағаздарын ақтаруға кірісті. Мұндағылардың бәрі шаруашылық есептері мен түрлі жұмыс жөнінен жазысқан қағаздар еді. Владимир бұларды оқымастан жыртып тастап отырды. Көп қағаздың ішінен: менің әйелімнің хаттары деген пакет ұшырады. Көңілі қобалжи түсіп Владимир осы қағаздарға жармасты. Бұл қағаздар Түркия жорығы тұсында жазылып, армияға Кистеневкадан жіберіліп отырған екен. Әйелі өзінің жалғыздығын, қандай шаруашылық істерімен айналысатынын, айрылысқанға қынжылатынын, енді оның үйге қайтуы, сүйген жарының құшағына кіруі керектігін жазыпты. Сол хаттардың бірінде әйел кішкентай Владимирдің денсаулығын ойлап тынышы кететіндігін айтыпты; енді бір хатта Владимир жас басынан өнер көрсетіп жүр, болашағы зор бақытты адам болар деп қуанатынын айтыпты. Владимир хаттардың қызығына түсіп, оқи беріп, өзгенің бәрін ұмытып, үй іші тұрмысының бақытына жан-тәнімен араласқандай болып отыра берді, сөйтіп отырғанда аспалы сағаттың он бірді соққанын да байқамай қалды. Бір кезде Владимир хаттарды қалтасына салып қолына жарық алып, кабинеттен шықты. Сот адамдары залда, тақтай үстіне қалай болса солай құлай кетіпті, стол үстінде бос стакандар тұр, бүтін бөлме ішінде ромның иісі аңқиды. Владимир жаны түршіккендей болып, ауыз бөлмеге қарай кетті. Есіктер жабық екен. Владимир кілтті таба алмай залға қайта келді, кілт столдың үстінде жатыр екен Владимир есікті ашып шыға келгенде бұрышта тығылып тұрған бір адамды көрді: қолында жалтыраған балтасы бар. Владимир оған шаммен бұрылып қарағанда бұл тұрған ұста Архип екендігін таныды.
— Сен мұнда нағып тұрсың? - деді Владимир.
— Ойбай, Владимир Андреевич, сіз екенсіз ғой, - деді Архип сыбырлап. - Ә, құдай-ай, тек әмсе сақтай көр! Жарық ұстап шыққаныңыз мұндай жақсы болар ма? - деді. Владимир бұған таңырқаған түрмен қарады.
— Бұл арада неге тығылып тұрсың! - деп сұрады ол ұстадан.
— Мен, мен... үйдегілердің түгел бар-жоқтығын байқайын деп едім, - деді ақырын ғана Архип тұтығып.
— Балтаны неге алып жүрсің?
— Балтаны дейсіз бе? Осы күні балтасыз жүруге бола ма? Мынау сот адамдарының өзі ылғи бұзықтар ғой, байқау керек...
— Сен массың, балтаны таста да, барып ұйқыңды қандыр.
— Мен маспын ба? Әкем, Владимир Андреевич, құдай куә, аузыма бір ұрттам арақ алған емеспін, осындай уақытта арақ ішу ойға келе ме. Мұндайды да естиді екенсің, бізді соттың ұсақ чиновниктері билемекші. Бұлар біздің қожамызды өз қорасынан қуып шығармақшы. Әне, сұмырайлардың қорылдап тұрып ұйықтап жатқанын қарашы, барлығын бірдей жоқ қылып суға тастап жіберер ме еді!..
Дубровский қабағын шытты.
— Архип, сен сөзге құлақ қой, - деді Владимир. Сөйтіп азырақ ойланып тұрды да: -Сенің бұл ойлағаныңнан іс шықпайды. Бұған соттың ұсақ чиновниктері айыпты емес. Фонарыңды жақ, сөйт те маған ер!- деді.
Архип бариннің қолынан шырақты алып, пештің артынан фонарды тауып алып, жарық қылды, сөйтіп екеуі басқыштан түсіп қораның алдына қарай жүрді. Күзетші шойын тақтайды тарсылдатты, иттер үрді.
— Күзетші кім? - деп сұрады Дубровский.
— Біз ғой, әкем,- деді жіңішкерек дауыс.- Василиса мен Лукерья екеуміз ғой.
— Ендеше үйлеріңе қайтыңдар, мұнда керектерің жоқ, - деді Дубровский.
— Шабаш,- деді Архип.
— Тәңір жарылқасын, қожамыз, - деді де қатындар дереу үйлеріне қарай жөнелді.
Дубровский тағы ілгері жүрді. Екі адам бұларға таман келді; олар дауыстап үн қатты. Дубровский Антон мен Гришаның даусын таныды.
— Неге ұйықтамай жүрсіңдер, - деп сұрады Владимир.
— Ұйықтайтын уақыт па?! - деді Антон. Кім ойлаған, мұндайды да көреді екеміз.
— Ақырын! - деді Дубровский оның сөзін бөліп. - Егоровна қайда?
— Байдың үйіндегі өз бөлмесінде, - деді Гриша.
— Ендеше бар да оны мұнда ертіп кел, онан соң үйде сот адамдарынан басқа өз адамдарымыздан біреу де қалмайтын болсын, ал Антон, сен бар да ат жек, - деді Владимир.
Гриша кетті де бірер минуттан соң шешесін ертіп қайтып келді. Кемпір түн бойы шешінбестен отырыпты; сот адамдарынан басқаның бірі де көздерін ілмепті.
— Бәрің түгелсіңдер ме? - деп сұрады Дубровский.
— Енді үйде қалған ешкім жоқ па?
— Үйде сот чиновниктерінен бөлек ешкім де қалған жоқ, - деді Гриша.
— Мұнда шөп немесе салам әкеліңдер, - деді Дубровский.
Жұрттың бәрі ат қораға қарай жүгіріп, құшақтап шөп алып келісті.
— Басқыштың астына салыңдар, міне осылай. Ал, жігіттер, от қойыңдар!
Архип фонарын ашты, Дубровский от тұтатты.
— Тоқтай тұр, - деді Владимир Архипке. - Мен сірә асығып жүріп ауыз үйдің есігін бекітіп кеттім ғой деймін, бар да ашып келші, - деді.
Архип жүгіріп сенекке енді, есік ашық тұр екен. Архип оны кілттеп тұрып бекітті де, ақырып дауыспен: - Енді, қалай ашпағаны қалып па!- деді, сөйтті де қайтып Дубровскийге келді.
Дубровский от тигізді, шөп тұтанып, жалын лаулай бастады, бүгін қораның іші жарық болып кетті.
— Ой, жасаған-ай, Владимир Андреевич, бұл не қылғаның? - деп безектеді Егоровна мұңды дауыспен
— Үндеме,- деді Дубровский. - Ал жігіттер, енді қош болыңдар, құдайдың бастаған жағына кеттім, жаңа қожаларыңның қол астында тек бақытты болыңдар.
— Ойбай, әкеміз, біздің панамыз. Өлсек бірге өлеміз, сені жалғыз жібермейміз, сенімен бірге кетеміз, - десті жұрт.
Аттар дайын болды. Дубровский Гришамен бірге арбаға мінді, адамдарына жолығысар жерді - Кистеневка тоғайын белгіледі, Антон атты айдады. Сөйтіп олар қорадан шыға жөнелді.
Жел тұрды. Бір-ақ минуттың ішінде жалын бүтін үйді орап алды. Шынылар сытырлап түсе бастады, лаулап жанған бөренелер де құлап түсе бастады; "Өртке кеттік, құтқарыңдар!" деген жалынышты айқайлар естілді. Қып-қызыл түтін шатырдан жоғары көтерілді.
— Сөйтпегенде, - деді Архип, өртке ашулы күлкімен қарап.
— Архип шырақ, құтқарсайшы мына сұмырайларды! Құдай алдында сауабын аларсың, - деді Егоровна.
— Сөйтпегенде, - деді тағы Архип.
Сол минутта сот адамдары екі қабат раманы қиратпақшы болып терезеден келіп көрінді. Сол-ақ екен, үйдің төбесі сатырлап келіп жалп етіп құлап түсті, ішіндегі жұрттың сарнауы да тоқтады.
Кешікпей барлық үй малайлары қораға шықты. Қатындар у-шу болып, көр-жер нәрселерін аман алып қалмаққа жүгірісті. Балалар өртті қызықтап секіріп жүгіруде. Дауыл оттың ұшқынын аспанға ұшырып, үй жанып та болды.
— Енді жарайды, - деді Архип. — Қарашы, қалай жанады, ә? Покровскийден қарап тұрса әдемі-ақ көрінетін шығар.
Сол минутта бір жаңа оқиға оның көңілін бөлді: жалын аспанға атқан сарайдың төбесінде қайда секірерін білмей бір мысық жүгіріп жүр. Сорлы жәндік, аянышты дауыспен мияулап құтқарып алуды сұрағандай болды, оның зар қағып жүргеніне қарап балалар шек-сілесі қатып күлісіп тұр.
— Неменеге күлесіңдер, шайтандар, - деді ұста ашуланып, - Құдайдан қорқуды да білмейсіңдер, жасағанның жәндігі өлейін деп зарлап жүр, сендер оған мәз боласыңдар, -деп, жанып жатқан төбеге қарай басқыш қойып, мысыққа қарай жөнелді ол. Мысық мұның не ойлап бара жатқанын түсіне қойғандай, асығыстықпен разылық айтқандай, келіп жеңіне жармасты. Ұста отқа шарпыла-марпыла олжасын қолына ұстай төмен түсті.
— Ал, жігіттер, қош болыңдар, мұнда мен істерлік енді ештеме жоқ. Аман болыңдар, сөге жамандамаңдар, - деді ол малайларға.
Ұста кетіп қалды, өрт әлі де бірталай уақыт лаулап жанды. Ақыры өрт жалыны басылып, қараңғы түнде үйіліп жарқыраған көмір қалды, Кистеневканың өртке ұшыраған жандары осы жалынсыз жанған көмірдің айналасында тентіреумен болды.
VII ТАРАУ
Өрт хабары келесі күні бүтін төңірекке жайылды. Жұрттың бәрі түрліше ұйғару, түрліше жорулар айтып әңгіме қылысты. Біреулері Дубровскийдің малайлары өлім шыққаннан кейін мас бола ішіп, байқаусызда өрт шығарып алыпты десті; енді біреулері жаңа мекенге барып серуен салған сот адамдарын айыптады, бірсыпыралар земский сотпен, малайларымен бірге Дубровскийдің өзі де өртеніп кетіпті десті; кейбіреулері шындықты дәл тауып, бұл қорқынышты апатқа айыпты адам ыза үстінде ашумен істеген
Дубровскийдің өзі дегенді айтысты. Келесі күні өрт болған жерге Троекуровтың өзі келіп, тексеру жүргізді. Бұл тергеу бойынша полиция бастығы, земский соттың заседателі, прокурордың жәрдемшісі, хатшы және Владимир Дубровский нянясы Егоровна, малайы Григорий, көшір Антон, Архип ұста - хабар-ошарсыз жоқ болғандықтары мәлім болды. Малайлардың барлығы чиновниктер үйдің төбесі құлап түскеннен кейін жанып кеткендерін сөйледі.
Олардың жанып көмірге айналған сүйектері табылды. Қатындардан Василиса мен Лукерья Дубровский мен Архип ұстаны өрттен бірнеше минут бұрын көргендіктерін айтты. Жұрттың көпшілігінің айтуы бойынша Архип ұста және өрт шығуына айыптының нағыз өзі немесе солардың бірі болуы керек десті. Ең алдымен күдіктенгендері Дубровскнйдің өз басы болды. Кирила Петрович барлық болған оқиғаның жайын губернаторға суреттеп жазып жіберді және жаңадан іс қозғалды.
Кешікпей тағы бір жаңа хабар естіліп жұртқа аңыз болды. ** деген жерде тонаушылар пайда болыпты деген хабар бүтін төңірекке қорқыныш таратты. Бұларға қарсы үкіметтің қолданған шарасы жеткілікті болып шықпады. Тонау бірінен-бірі келісті болып үдей түсті, тіпті жиілеп кетті. Жол үстінде болсын, деревняларда болсын қауіп-қатер күшейді. Тонаушылар мінген бірнеше тройкалар күндіз бүтін губерния ішін аралап қыдырып жүретін болды, жолаушыны, почтаны тонап, селендерге келіп помещиктердің үйін тонап, өртеп жіберіп жүрді... Шайка бастығының ақылдылық, батырлық, әлдебір ізгілікпен атағы шықты. Ол жайында талай керемет әңгімелер айтылып жүрді. Дубровскийдің аты жұрттың аузынан түспеді, өңшең өжет жауыздарға басшылық істеп жүрген Дубровскийден бөтен ешкім де емес екендігіне жұрттың бәрі қатты сенді. Жұрттың жалғыз-ақ қайран болған нәрсесі тонаушылардың Троекуровтың поместьесіне тимегендігі болды: тонаушылар оның бірде-бір сарайына тимеді, бірде-бір көлігін ұстап көрмеді. Троекуров жайшылықтағы өркөкіректігіне бағып өзінің аман отырғанын бүкіл губерния сияқты тонаушылар да менен қорқады, екіншіден, деревняларыма полиция адамдарының ең жақсыларын әкеліп қойдым деп бөсті. Көршілер Троекуровтың мұншалық менменсінуіне алғашқы кезде күлісе бастады, олар олжалауға жарарлық нәрсесі көп Покровскийге шақырылмаған қонақтар келмей қалмайды деп ойлады, бірақ ақырында тонаушылардың Троекуровқа адам түсініп болмастық құрмет көрсетіп жүргеніне бұлар да қосылып, мойындады. Троекуровтың мерейі үстем болды және Дубровскийдің жаңа тонау хабары естілген сайын Дубровскийді әрдайым ұстай алмай қалатын губернаторларды, полиция бастықтарын, рота командирлерін мазақтап күлетін болды.
Бұл екі арада октябрь келіп жетті. Троекуровтың селенінде храм мейрамының күні болды... Бірақ біз бұл мереке мен одан кейінгі оқиғаларды суреттемес бұрын оқушыларымызды жаңа адамдармен немесе әңгімеміздің бас жағында үстірт қана айтылып кеткен адамдармен таныстырып өтейік.
VIII ТАРАУ
Бірнеше сөзбен айтылып өткен, жоғарыдағы Кирила Петровичтің қызы әңгімеміздің кейіпкері екендігін оқушылар аңғарған болар. Біз әңгіме еткен кезде бұл қыз 17 жаста еді және сұлулығының кемеліне жеткен шағы болатын. Әкесі қызын есі кете жақсы көреді. Өзіне біткен өзгеше мінезбен ұстап өсірді, кейде қыздың айтқанының бәрін де орындап отыруға тырысты, бірде суық ызғармен шошытып, кейде тіпті қаталдықпен ұстады. Қыздың жақсы көретіндігіне сенімді болса да әкесі қызының шын ықыласын ала алмады. Қыз өзінің сезімдері мен ойын әкесінен жасырып әдеттенді, өйткені бұларды айтып отырайын десе әкесінің қалай түсініп қарсы алатындығына көзі жетпейтін-ді. Оның дос қыздары да болмады, оңаша өсті. Көршілерінің әйелдері, қыздары Кирила Петровичтікіне сирек келісетін, өйткені Троекуровтың жайшылықтағы әңгіме, мәжілістері әйелдер қауымын емес, еркектердің жолдастық әңгімелерін керек қылушы еді. Кирила Петровичпен бірге сауық-думан жасап жатқандардың арасында біздің бұл сұлу сирек болушы еді. Көбіне XVIII ғасырдағы француз жазушыларының шығармаларынан құралған үлкен кітапхана қыздың қарауына берілді. "Шебер аспазшы әйел" деген кітаптан басқа ештеме оқымаған әкесінің қызының кітап таңдап, жүйелеп оқуына басшылық істеу қолынан келмеді. Сондықтан Маша көп кітаптарды ақтара қарастырып, ақыры романға келіп тоқтады.
Маша бір кезде оқуды мамзель Мимидің басшылығымен бастаған-ды. Мимиге Кирила Петрович қатты сеніп, тәуір көрді, бірақ бұл достықтың арты тым әйгіленіп бара жатқан соң лажын тауып оны ептеп қана басқа бір поместьеге ауыстырды, міне сол Мимидің кезінде бастаған оқуды Маша енді өзі аяқтауға айналды.
Мамзель Мимидің жақсы аты жұрт аузында қалды. Мими бір қайырымды қыз еді, Кирила Петровичке ықпалы жүретіндігін еш уақытта пайдаланған жоқ-ты, сондығынан өзінің орнына минут сайын ауысып келіп отыратын күндестерінен өзгеше көрінген-ді. Кирила Петровичтің өзі де оны басқадан жақсы көретін, қолында тәрбиеленетін Кирила Петровичтің аузынан түскендей терезе алдында ойнап жүрген толып жатқан жалаңаяқ балалар малайлардың баласы деп саналып жүргенде, мамзель Мимидің түс кезіндегі қиянатын еске түсірерліктей тоғыз жасар тентек қара көз бала байдың өз ұлы саналып кеткен-ді. Кирила Петрович өзінің кішкене Сашасы үшін Москвадан бір француз оқытушы алдырды, бұл оқытушы Покровскийге дәл осы бір әңгіме етіп отырған кезде келіп жетті.
Бұл оқытушы жұғымды сырт көрінісі, қарапайым жүріс-тұрысымен Кирила Петровичке қатты ұнады. Ол Кирила Петровичке өзінің аттестаты мен Троекуровтың жақын туысқандарының бірінде төрт жыл бала тәрбиелеуші болып тұрғандығы жайлы жазылған хатты әкеліп тапсырды. Кирила Петрович мұның бәрін қарастыра келіп, француздың тек жастығына ғана көңілі толмады, бірақ бұған көңілі толмағанда бұл сүйкімді кемшілік сорлы оқытушылардың басына соншалық керекті болған сабырлылық және тәжірибелілікпен бір жердей шықпайды деп емес, оның өзінше бір күдігі болды, мұнысын оған дереу түсіндірмек болды. Мұны орындау үшін ол Машаны шақыртып алды. (Кирила Петрович французша білмейтін-ді, қыз тілмаш болып араға кірісті.)
— Маша, бері таман келші; мына мусьеге айт, келіп қалған екен, енді қабылдадым деп айтты де, - жалғыз-ақ, бұл біздегі қызметкер қыздардың соңынан түсіп әуре болып жүрмесін де, егер өйтетін болса, мен бұл иттің баласын.. міне, осыны түсіндірші, Маша.
Маша қызарды да, оқытушыға қарап әкесі жігіттің биязы, жақсы мінезді болуын тілейді дегенді француз тілінде айтып берді.
Француз Машаға басын иіп, егер өзін жақсы көрмеген күнде де құрметтейтін етуге тырысатындығын айтып жауап берді.
Маша оның бір ауыз сөзін қалдырмастан аударып шықты.
— Жақсы-жақсы. Бұған жақсы көрінудің де, құрметтің де керегі жоқ. Мұның істейтін ісі - Сашаны күту, грамматика мен географияны білдіру, осыны түсіндірші өзіне.
Марья Кириловна аударғанда әкесінің өрескел сөздерін жұмсартыңқырап жеткізді, содан кейін Кирила Петрович французына қора ішіндегі үйдің бірінен өзіне арналған бөлмесіне баруға рұқсат етті.
Аристократтық ұғыммен тәрбиеленіп өскен Маша, жас французға ешқандай көңіл бөлмеді, бұған оқытушы дегеніңіз малай немесе мастер адамдармен бірдей болып көрінетін, ал, малайлар мен мастер адамдарды Маша еркек деп түсінбейтін. Маша өзі мистер Дефоржға қандай әсер еткендігін, оның ұялғанын да, қалтырағанын да, дауысының өзгергендігін де - бірде-бірін байқамады. Содан кейін қатарымен бірнеше күн бойы Маша түк ілтипат етпестен французды жиі көріп жүрді. Бірақ француз туралы Машаға күтілмеген жердей жаңа ұғым пайда болды.
Кирила Петровичтің қорасында қашанда бірнеше аю күшіктері асыралып, бұл күшіктер Покровский помещигінің үлкен ермегінің бірі еді. Аю күшіктерінің алғашқы жасырақ кездерінде күн сайын оларды қонақ үйге алып келіп Кирила Петрович бірнеше сағат бойы олармен әуре болып, оларды мысық пен иттің күшіктерімен таластырып ойнайтын. Есейгеннен кейін бұлар шынжырланып, иттей әуреге салуды күтіп отырар еді. Бұларды көбінесе бай үйінің терезесінің алдына алып шығып домалатып әкеліп шеге қағылған бөшкені жақындатады; аю бөшкені иіскелеп, одан кейін аяғымен ақырын түрткілеп табанын жаралайды, одан ашуланып барып қаттырақ итереді де, табанының ауырғаны әлгіден бетер күшейеді. Аю мүлдем ашуына сыймай, қашан қолынан аяғын ауыртқан затты тартып алғанға дейін бөшкеге күжілдеп ұмтыла береді.
Кейде пар аюды арбаға жегеді, бұл арбаға ықтиярлы не ықтиярсыз болсын, қонақтарды отырғызып аюлардың бет алған жағына қоя береді. Алайда Кирила Петровичтің ең жақсы көретін ермегі мынау еді: аюды әбден қарнын ашырып қабырғаға бұрап орнатқан шығыршыққа кендір арқанмен байлап, бос бөлмеге қамап тастайды. Арқанның ұзындығы үйдің ана жағынан мына жағына жетерліктей болады, жалғыз-ақ қорқынышты хайуанат өзі тұрған бұрыштың қарсысындағы бұрышқа аз-аз ғана жетпейтіндей болады, тек сол бұрыш қана қауіпсіз болады. Троекуровтың жалпы істейтін істері - жаңадан келген адамды қақпайлап осы бөлменің алдына әкеледі де, байқаусызда есіктен кіргізіп аюға қарай итеріп жібереді, әлгі бишара адам, даланың жүндібарақ тағысымен бір үйде оңаша қалады. Сорлы қонақ етек-жеңі пәре-пәре болып, қаны сорғалай, кешікпей әлгі қатерсіз бұрышты тауып алып кейде лажсыздан қабырғаға қысылып үш-төрт сағат тапжылмастан тұрады; құтырынған аң, өзінен аз-ақ жерде гүрілдеп, қарғып, түгі тікірейіп, қайтсе бұған жетуге әлек болып жұлынып тұрғанын көріп тұрады да қояды. Орыс байларының қызықты көңіл көтерулерінің түрі міне осындай болып келетін. Оқытушы келгеннен бір аз күн өткен соң Троекуровтың есіне осы түсті де, оған да аю бөлмесінен сый көрсетпекке дайындалды. Мұны орындау үшін бір күні таңертең оны шақыртып алды да қараңғы коридордың ішімен ертіп алып жүрді, бір мезгілде көлденең бүйірдегі есік ашылды да екі малай французды итермелеп кіргізіп жіберіп, есікті сыртынан кілттей қойды. Оқытушы дереу есін жиып алып байлаулы тұрған аюды көрді, аю пысқырынып, қонағын алыстан иіскелей бастады, бір мезгілде артқы аяғымен тік тұра ілгері ұмтылды... француз қашқан да жоқ, қаймыққан да жоқ - аюдың қашан келіп бас салуын күтті де тұрды. Аю жақындай түсті, Дефорж қалтасынан кішкене пистолетін суырып алды да: ашыққан аюдың құлақ тұсына тақап тұрып атып жіберді. Аю тыраң етіп құлай кетті. Жұрт жүгіріп келісті, есік ашылды, қалжыңның аяғы немен тынғанына айран-асыр болған Кирила Петрович те үйге келіп кірді.
Кирила Петрович Дефоржта мұндай алдын ала әзірленген қалжыңның жайын кім айтқанын немесе оның қалтасында оқтаулы пистолет не үшін жүргендігі жөнінен түсінік сұрамақшы болды. Ол Машаға жіберді. Маша дереу жүгіріп келіп французға әкесі берген сұрақтарды аудара бастады.
— Аю турасында мен ештеме естіген жоқ едім. Бірақ пистолетті үнемі жаныма салып жүрем; өйткені менің халімде жәбірлеген адамды дуэльге шақыруыма болмайды. Сондықтан ондай кісіден төлеуін алмай жібергім келмейді.
Маша оған таңырқаған түрмен қарады да, оның сөздерін Кирила Петровичке жеткізді. Кирила Петрович бұған ештеме жауап қайырмады. Аюды шығарып, терісін сойып алуға қосты; содан кейін өз адамдарына бұрылып қарады да:
— Жігіт емес пе? Түк те қорыққан жоқ, құдай біледі, қорыққан жоқ, - деді. Сол минуттан бастап ол Дефоржды жақсы көрді, және енді қайтып оны сынай жүруді де қойды.
Бірақ, бұл оқиға Марья Кириловнаға одан да үлкен әсер етті. Ой-қиялы таңғажайып дүние көрді: Марья алдындағы өліп жатқан аюды жөне сол аюдың басында тұрып өзімен жай ғана сөйлесіп тұрған Дефоржды көрді. Маша өжеттік пен өр көкірек өзімшілдік тек қана бір сословиенің сыбағасы емес екендігін көрді, - сол кезден бастап жас оқытушыға сағат сайын көңіл бөліп құрмет көрсете бастады. Бұлардың арасында аздап қарым-қатынас басталды.
Машаның дауысы әдемі еді және музыкалық қабілеті де күшті еді, Дефорж оған сабақ беруге дайын екендігін білдірді. Осылай болғасын неге екенін өзі де білместен, Машаның оған ғашық болып қалуының себебін оқушылар өздері де аңғарар.
IX ТАРАУ
Қонақтар мейрамның алдын ала-ақ келе бастады, біреулер мырзаның өз үйіне және флигельге келіп түсті, енді біреулері приказчиктікіне, үшіншілері поптікіне, төртіншілер әлділеу шаруанікіне түсті, - ат қора дегендердің барлығы жолаушылардың атына, сарайлар түрлі арба, саймандарға лық толды. Таңертеңгі сағат тоғыз кезінде қоңырау соғылып, жұрттың бәрі Кирила Петрович салдырған, жыл сайын соның берген ақшасымен безеліп отыратын тас шіркеуге қарай ағылды. Намазға келуші қадірмен жандардың көп жиналғандығы сондай, жай шаруалар шіркеудің ішіне сыймай, шіркеудің алдына, шарбақтың ішіне толып кетті. Намаз көпке дейін басталмады, жұрт Кирила Петровичтің келуін күтісті. Кирила Петрович алты ат жеккен арбамен келіп түсті, қасына Марья Кириловнаны ертіп салтанатты түрмен өзі тұратын орнына қарай жөнелді. Еркек-әйелдің көздері түгел Марья Кириловиада болды, еркектер таңырқай оның сұлулығына қарады, әйелдер киіміне көңіл қоя қарасты. Намаз басталды, жай жыршылар крылоста тұрып дауыс қосты. Кирила Петровичтің өзі де қосылып, оң мен солға бұрылмастан тұрып, құлшылық етіп, дьякон даусын созып осы ғибадатхананы салдырушы туралы әндеткенде, насаттана, құдайға құлшылық еткен түрмен басын жерге дейін еңкейтті.
Намаз бітті. Креске қарай ең алдымен Кирила Петрович келді. Жұрт оның артынан шұбырды, одан кейін көршілері жақындап келіп сәлем етісті. Әйелдер Машаны ортаға алысты. Кирила Петрович шіркеуден шығып бара жатып жұрттың барлығын түгел өз үйіне түстікке шақырды да күймесіне отырып қайтып кетті. Жұрт тағы соңынан ерді. Бөлмелер қонаққа лық толды. Минут сайын жаңа қонақтар кіріп, үй қожасына зордың күшімен жетіп, амандасып жатты. Бәйбішелер алқа-қотан айнала отырысты, бұлардың көпшілігі ертеректе шыққан молымен тігілген - бірі жаңа, бірі көнетоздау киімдер киіскен, барлығы да киімдеріне інжу-маржан бриллиант таққан, еркектер балықтың уылдырығы мен арақ қойылған столды айнала отырып алып, у-шу болып, қатты-қатты дауыстап әңгімелесуде. Залда стол үстіне сексен адамға арналып ыдыс қойылды. Малайлар абыржып, бөтелке мен графиндарды қойысып, дастарқанды жөндеп жайысып жүр. Ақырында даяшылардың үлкені келіп "тамақ дайын" дегенді айтты. Кирила Петрович бірінші болып келіп столдан орын алды, соңынан әйелдер қозғалысып, аздап үлкен-кішілікті де еске алысып, маңыздана келіп стол басына отырысты. Қыздар бір топ үркек ешкіше сығылысып, бірінің қасынан бірі келіп орын алды. Бұлардың қарсысынан еркектер отырды, столдың арғы шетінен кішкене Сашаның жанынан оқытушы келіп орын алды.
Малайлар тарелкені қонақтардың шеніне қарай бөліп таратты, кімнің шені қандай екенін білмеген кездерінде, лафатерлік жоруды қолданысты және бұдан олар қателескен де жоқ. Тарелкелер мен қасықтың сылдыры қонақтардың шулап сөйлескен дауыстарымен араласты, Кирила Петрович қонақтарына көңілдене көз жүгіртіп, өзінің сый-құрметіне әбден көзі тойды. Дәл сол кезде қораға алты ат жеккен бір арбалы келіп кірді.
— Бұл кім?- деп сұрады қожайын.
— Антон Пафнутьич, - десті бірнеше дауыстар. Есік ашылды. Антон Пафнутьич Спицын, елу жастар шамасындағы жуан, дөңгелек бұжыр бетті, бұтағы үш қабат қатпарланған адам, қонақ бөлмеге кіріп келіп, сәлем етіп жымиып ғафу өтінуге ыңғайлана бастады.
— Ыдыс әкеліңдер, әй! - деп айқай салды Кирила Петрович, — рақым етіңіз, Антон Пафнутьич, отыр да бізге мынаның мәнісін түсіндір: намазға келмейсің, түстігімнен кеш қаласың; бұл сенің істейтін ісіңе ұқсамайды, өйткені сен әрі тақуасың, әрі тамақ жеуді жақсы көресің той, - деді.
— Айып менде, - деді Антон Пафнутьич, мойнына орайтын орамалды тонының ілгегіне қыстырып жатып, - айып менде, жолға түсіп алып жүріп кеп кеттім, он шақырым жер шықпай-ақ бір мезгілде алдыңғы дөңгелектің шені екі бөлініп үзіліп кеп кеткені. Не істерсің? Бағымызға қарай деревня жақын екен, сүйретіліп соған келіп жетіп, ұстаны тауып алып, одан жөндеп үйтіп-бүйткенше бақандай үш сағат өткені. Істер лажымыз болмады. Кистеневка тоғайының ішіндегі тура жолмен жүруге батылым жете алмады, сонан соң орай айналып жүрдік.
— Е, е! Сен өзің қорқақ екенсің той; неден қорқып жүрсің? - деді Кирила Петрович.
— Ойбай-ау, неден қорқасың дегеніңіз қалай, Дубровский ше. Егер қолына түсе қалсаң ол жаза баспайтын жігіт болып жүр ғой, ешкімді құтқармайды, ал мен қолына түсе қалсам тірідей терімді сыпырып алады ғой.
— Бұл қалай, өзгеден ерек сенің нең бар?
— Қалайы бола ма, әкем Кирила Петрович? Марқұм Андрей Гавриловичей жұмысы ше? Сіздің көңіліңіз үшін яғни ар-ұят әділеттілікке салғанда Дубровскийлер Кистеневканы ешқандай правосыз, тек қана сіздің өзіңіздің рұқсат етуіңіз бойынша ғана пайдаланып отыр дегенді айтқан мен емей кім еді. Сөйтіп марқұм (топырағы торқа болсын) менімен өзінше сөйлеспек болып серт етті ғой, баласы сірә әкесінің сертін орындағысы келетін шығар, Әзірше құдай сақтап келді. Бар болғаны бір албарымды талап алды, бірақ, әрі-беріден соң усадьбаға қарай жағаламасын кім біледі.
— Усадьбаға келсе аларлық олжа бар шығар, қызыл қобдилық толып тұрған болар? -деді Кирила Петрович.
— Қайдан толы болсын, Кирила Петрович, бір кезде толы болып та еді, бірақ енді босап қалды ғой.
— Қойсайшы өтірікті, Антон Пафнутьич, біз сіздің жайыңызды білеміз ғой; сен ақшаны қайда шашпақсың. Шошқадай үйден шықпайсың, үйіңе қонақ келтірмейсің, мұжықтарыңды түгін қалдырмай тонайсың, сірә ақшаны тек жинай беретін шығарсың.
— Әкем, Кирила Петрович, сіз тек қалжыңға сала бересіз-ау, шынға келгенде менің құдай ақына шаруам судай ақты ғой, - деді де Антон Пафнутьич байдың мазағы мен кесек майлы нанды қоса асады.
Кирила Петрович бұл әңгімені қалдырып, үйіне бірінші рет қонаққа келіп отырған столдың ана жақ басында оқытушының қасында отырған полиция бастығына қарап:
— Қалай дейсіз, тым құрығанда сіз ұстап көрмейсіз бе Дубровскийді, тақсыр? - деді.
Полиция бастығы қорықты, шұлғыды, жымиды, тұтықты, ақырында:
— Тырысып көреміз, тақсыр, - деді.
— Ым, тырысып көреміз. Әлдеқашаннан бері тырысып келесіңдер ғой, бірақ не керек, одан шыққан ештеме жоқ. Дұрысында оны ұстап та керегі не? Дубровскийдің бүлігі полиция адамдарына рақат болды, - жүріс, тергеу, көлік, ақшаны қалтаға басады.Осы сықылды жақсылық көрсетушіні қайтып ұстарсың? Рас емес пе, тақсыр?- деді.
— Әбден рас, тақсыр, - деді абдырап, сасып отырған полиция бастығы.
Қонақтар ду күлісті.
— Барлық шынын айтқан жігітке қайтып разы болмассың, - деді Кирила Петрович. -Тарас Алексеевич қапыда кетті ғой, оны өртеп жібермегенде төңіректің барлығы тыныш болатын еді. Айтпақшы, Дубровский туралы не хабар бар? Соны жақын арада көрген ешкім бар ма екен, қай жерде көріпті? - деді.
— Біз көрдік, Кирила Петрович, - деді әйелдің жуан дауысы. - Өткен сейсенбі күні ол біздікінен тамақ ішті...
Жұрттың бәрінің көзі жесір әйел, қайырымды көңілді мінезі үшін жұрттың бәрі жақсы көретін Анна Савинша Глобова дейтін әйелге аударылды. Барлығы да құмарлана отырып әйелдің әңгімесін тыңдауға әзірленді.
— Бұдан үш жұма шамасы мен Ванюшкама ақша салу үшін приказчикке ақша беріп почтаға жібердім. Баламды онша еркелетпеймін, еркелетейін дегенмен оған менің халім бар ма; өйтсе де өздеріңізге мәлім гвардия офицері жұтап жүруі лайықсыз ғой, сондықтан мен аз ғана кірісімді Ванюнжамен бөлісіп отырам. Сөйтіп, мен оған екі мың сом ақша жібердім. Дубровский ойыма талай келді де, қала жақын ғой, барлығы жеті-ақ шақырым, құдай сақтар деп ойладым. Қарасам, кенже қарай, өңі қашқан, үсті-басы жалба-жұлба, өзі жаяу, приказчигім қайтып келіп тұр. Мен ойбай салдым: "Не болды? Саған не қылды?" "Ой, шешекем Анна Савишна, тонаушыларға тап болдым. Дубровскийдің өзі де бар, мені асып өлтірмек болды, соңынан аяп қоя берді; бірақ қоя бергені құрысын, түгімді қоймай тонап алды, - ат-арбама дейін тартып алды", - деді. Мен сілейдім де қалдым; ой жасаған, енді Ванюшкамнің көрген күні не болады? Амалым бар ма; хат жазып барлығын бастан-аяқ айтып бір тиын ақшасыз құрғақ батаны жаудырып қоя бердім.
Бір жұма өтті, екі жұма өтті, бір күні қораға бір арбалы келіп кірді. Әлдеқандай бір генерал жолығамын деп айтады дейді: рақым етсін дедім. Отыз бес жасар шамасында бір қара торы, қара шашты, мұртты, сақалы аумаған Кульнев сықылды бір адам кіріп, марқұм менің күйеуім - Иван Андреевичпен қызметтес болған адам едім деп өзін таныстырып тұр. Осы жерді басып өткеннен кейін оның жесір әйелі, яғни менің сол жол үстінде тұратындығымды білген соң, соқпай өте алмадым дейді. Мен әлгіні барыммен сыйлап қонақ еттім, жоқ-барды әңгіме қыла отырып ақыры Дубровскийге көштік те, мен оған өзімнің барлық қайғымды сөйлеп бердім. Жаңағы генералым отырып қабағын түйді.
"Мынау жат жұмыс екен. Менің естуімше Дубровский кез келгеннің бәрін тонай бермейді, белгілі байларды ғана талайды, онда да жып-жылмағай етіп барлығын алмай, өзіне де қалдырып отырады деп естіп едім. Ал оны кісі өлтіреді деп ешкімнің кіналағанын естіген емеспін. Сірә мына әңгімеңізге жалған кіріспеді ме екен, сіз приказчигіңізді алдырыңызшы", - деді. Приказчикті шақырттық, келді; кіріп келуі мұң екен, генералды көре сала сілейіп тұрды да қалды. "Бауыр, сен Дубровскийдің қалай тонағандығын, сені қайтып асып өлтірмекші болғанын сөйлеп берші!"—деді. Приказчигім сол арада қалтырап қоя берді, барды да генералдың аяғына бас ұрды. "Әкетайым, айыптымын, бір шайтан азғырды, өтірік айтып ем..."
"Олай болса мына бәйбішеге әңгімені бастан-аяқ сөйлеп бер, мен тыңдап отырайын!"-деді генерал приказчик есін жинай алмады.
"Қане енді айтып бер. Дубровскиймен қай жерде жолығып жүрсің?" деді генерал. "Қос қарағайдың қасында, әкем, қос қарағайдың"... "Ол саған не деді?" "Ол менен кімсің, қайда, неменеге барасың? - деп сұрады".
"Ал, содан кейін?"
"Содан кейін ол маған хат пен ақшаны бер! - деді".
"Ал ол ше, ал ол не деді?"
"Мен айыптымын, әкем".
"Ал ол не істеді?"
"Ол маған ақша мен хатты қайырып берді де: "Бар, жөніңе жүре бер, мынаны почтаға бер," - деді".
"Ал?"
"Мен айыптымын, әкем".
"Шырағым, асықпай тұра тұр, мен сенің жайыңды табармын. Ал, бәйбіше, сіз мына алаяқтың сандығын тінткізіп қараңыз және өзін менің қолыма беріңіз, мен мұны үйретіп берейін. Есіңізде болсын, Дубровский өзі де гвардия офицері болған. Жолдасына қиянат істеуге оның еш ұжданы бармайды", - деді.
Сол арада мен бұл ұлық марқабат иесінің кім екендігін аңғара қалдым, енді ар жағында тағы бірдеме білсем деуге орын қалмады. Көшірлер приказчикті арбаның алдына таңып байлап берді, ақша табылды; біздікінен түстік жеп, жүріп кетті, приказчикті алып кетті. Біздің приказчик келесі күні тоғай ішінен табылды, өзін емен ағашына мықтап байлап, түгін қоймай сыпырып әкетіпті.
Анна Савишнаның әңгімесін жұрттың бәрі де, әсіресе, қыздар үндемей отырып тыңдасты. Бірсыпырасы, оның ішінде өте-мөте Радклифтің жасырын сырлы қорқыныштары миына сіңіп біткен, жалынды қиялшы Марья Кириловна Дубровскийдің романдағы сықылды қаһармандығын естіп іштерінен тілектестік білдіргендей болды.
— Сонымен, Анна Савишна, сенің үйіңде болған адам Дубровский ғой деймісің? - деп сұрады Кирила Петрович.— Олай десең мүлдем қателескенің ғой. Сенің үйіңде болғанның кім екенін білмеймін, бірақ ол Дубровский емес.
— Әкем-ау, ол Дубровский болмағанда, кім дейсің? Жол ториды, өткен-кеткенді ұстайды, тінтеді. Енді кім ол?
— Білмеймін кім екенін, жалғыз-ақ ол Дубровский болмау керек: оның бала күніндегісі есімде бар, шашы қарайды ма, жоқ па онысын білмеймін Ол кезде бұйра сары шашты бала еді, онан соң бір жақсы білетінім - Дубровский біздің Машадан бес жас үлкен, олай болса ол қазір отыз бесте емес, жиырма үште болуы керек.
— Әбден дұрыс айтасыз, - деді полиция бастығы. - Менде Владимир Дубровскийдің түрі-түсі, қиянаты қандай екені... жөнінде жазулы қағаз бар. Сол қағазда Дубровскийдің жасы жиырма үште дегенді анық айтқан.
— Ә, оқышы қане қағазыңды, естиік, оның түрі-түсін біліп қою бізге де теріс емес, қолымызға түсе қалса оңайшылықпен босанып та кете алмас.
Полиция бастығы қалтасынан кір-кір бір табақ қағазды суырып алды, қағазды ашып, маңыздана отырып, даусын созып оқи бастады.
"Өзінің бұрынғы үй малайларының айтуы бойынша Владимир Дубровскийдің түрі-түстері мынадай:
Жасы жиырма үште, орта бойлы, ашық жүзді, сақалын қырады, қара көз, шашы қара қоңыр, қыр мұрын. Өзгешелігі: ондай өзгешелігі жоқ".
— Сол-ақ па, - деді Кирила Петрович.
— Сол-ақ,- деді полиция бастығы қағазды бүктеп қалтасына салып жатып.
— Құтты болсын, тақсыр! Жарайды, қағаз-ақ екен! Мынау қағазбен Дубровскийді таппай қоям дейсіңдер ме, орта бойлы адам аз ба, кім қара қоңыр шашты емес, кім қыр мұрынды емес, кім қара көзді емес! Нанбасаң бәс тігейік, Дубровскийдің дәл өзімен маған десе үш сағат сөйлессең де мына менен сен кіммен кездесіп тұрғаныңды түк біле алмайсың. Қапысы жоқ, полиция адамдарының басы бас-ақ!
Полиция бастығы томсырайып қағазын қалтасына салды да үндемеген қалпымен отырып, қаз еті мен капустаны қосып соға бастады: бұл екі арада даяшылар қонақтарға жағалай бір-бір рюмкеден құйып та үлгірді. Горский мен Цимлянскийдің бірнеше бөтелкелерінің тығынын дыбысын қаттырақ шығара суырып шампанский деп қабыл алынып ішіліп жатты, беттер қызарды, әңгіме сөз үйлесімсіздеу болса да көңілдірек дулап, қаттырақ сөйленді.
— Жоқ, не десеңіз де марқұм Тарас Алексеевич сықылды полиция бастығы табылуы қиын! Ол жаза баспаушы еді, ашық ауыз емес еді. Әттең не керек, оны өртеп жіберіп істеді ғой, әйтпегенде бүтін шайкадан бірде-бір адам оның қолынан шығып кете алмас еді. Ол болса бірін қоймастан ұстар еді. Дубровскийдің өзі де одан құтылып кете алмас еді, басын сатып ала алмаған да болар еді. Тарас Алексеевич одан ақшаны алуын алар еді де, өзін де босатпас еді. Марқұмның әдеті осылай келуші еді. Амал жоқ, сірә, бұл іске өзім кірісіп, тонаушыларға осындағы жігіттерімді ертіп бармасам болар емес. Алғаш жиырма жігіт сайлап аттандырсам, олар орман ішін ұрыдан арылтып шығады; құдайға шүкір, шетінен батыр жігіттер, бір-біреуі аюға қарсы шабудан тайынбайтындар, тонаушылардан тайсалмайды.
Мұны айтқанда жүндібарақ тамыры және өзі де бір кезде құрбандық болған ойындар есіне түсіп:
— Аю демекші, аюыңыз аман ба, Кирила Петрович? - деп сұрады Антон Пафнутьич.
— Миша қалғандарына өмір берсін деді де, өзі жау қолынан қаза тауып шаһит болды. Әне өлтірушісі, - деп Кирила Петрович Дефоржды көрсетті. - Менің французымның сиқына қара. Сенің де кегіңді қайырды, есінде болар!
— Есімде неге болмасын, әбден есімде, - деді Антон Пафнутьич желкесін қасып. -Сөйтіп, Миша байғұс өліп қалған екен ғой. Обал құдай біледі обал. Тұрған бойының бәрі бір қызық еді! Бір түрлі есті еді. Ондай аюды енді ешқайдан іздеп табуға болмайды. Мусье оны не үшін өлтірді?
Кирила Петрович французының қимылын жаны жадырай отырып айтып берді, өйткені, ол өз төңірегіндегі реті келген нәрсенің қандайымен болса да мақтанып қалуға әуелден әуес болатын. Қонақтар Мишаның өлімі туралы әңгімелерді көңіл қоя отырып тыңдасты және өзінің ерлігі турасында айтылып отырған сөзде түк жұмысы болмаған орнында жайымен отырып, тәрбиесіндегі тентек балаға тәлім айтумен болған Дефоржға таңырқаса қарады.
Үш сағаттай уақытқа созылған түстік ақыры аяқталды, үй қожасы орамалды стол үстіне қойды; жұрттың бәрі тұрып қонақ үйге қарай жүрді, қонақ үйде балалардың алдында кофе, карта, ас ішетін бөлмеде қайырымен жақсы басталған ішкілік әзір еді.
Х ТАРАУ
Кешкі сағат жетінің кезінде қонақтардың кейбіреулері қайтпақшы болды, пуншті іше-іше көңілі көтерілген үй қожасы, қақпаны мықтап тұрып бекітіп, ертең таңертеңге дейін ешкімді шығармауға бұйырды, кешікпей музыка ойнай жөнелді. Залдың есігі ашылды, бал басталды. Қожайын мен оған жақын адамдар стаканды бірінен соң бірін босатып жастардың көңілділігін қызықтап бір бұрышта қарап отырды. Кемпірлер карта ойнауға кірісті. Ұландар бригадасы тұрмайтын жердегі сықылды мұнда да бозбалалар саны әйелдерден аз еді, ал барлық жарайды деген еркек кіндік түгел қолды болды; оқытушы жігіт өзгеден ерек көзге түсті, ол өзгенің бәрінен де көбірек биледі; бикештердің барлығы да парына соны таңдасып, онымен бірге вальс билеу өте жеңіл келеді деп табысты. Ол Марья Кириловнамен де бірнеше рет айналып өтті - бикештер бұлардың соңынан күле қарасты. Ақыры түн жарымы кезінде үй қожасы шаршап биді тоқтаттырды, кешкі тамақты беруге бұйырды да өзі ұйықтауға жөнелді.
Кирила Петрович кеткеннен кейін жұрттың арқасы босап, бойлары кеңіді. Бозбалалар әйелдердің жанынан келіп орын алысты, қыздар күлісіп көршілерімен сыбырға түсті. Столдың ол жақ, бұл жағындағы әйелдер дауыстарын шығара әңгіме соқты. Еркектер бұрынғыдан бетер іше түсті, айтысты, қарқылдай күлісті, қысқасы, кешкі тамақ өте көңілді болды, көңілде естен шықпастық көп нәрселер қалдырды.
Көптің қуанышына бір ғана адам қосылмады. Антон Пафнутьич өз орнында түнере түсіп үндемеген күйінше отырды да қойды, тамақты сылбыр жеді, өте мазасы кетіп отырған сықылды көрінді. Тонаушылар турасындағы әңгімелер оның қиялына қобалжу түсірген еді. Оның қауіптенуге дәлелі толық екендігін біз кешікпей-ақ көреміз.
Антон Пафнутьич қызыл қобдидың бос тұрғандығына тәңірді куә қыла сөйлегенде, ол өтірік айтпап еді, мұнысы күнә қылмыс та емес-ті, қызыл қобди шынында босты; бір кезде бұл қобдидың ішінде сақталатын ақша бұл күнде былғары сөмкеге салынып, оны көйлегінің ішінен мойнына асып жүретін. Өзінің ешкімге де сенбейтіндігіне және өмір бойы қорқып жүретіндігіне басып ол осындай сақтық істеп барып көңілін дауалатты. Бүгін лажсыздан бөтен үйге қонуға тура келгеннен кейін, ол ұры оңай кіріп кете алатын бір оңаша бөлмеге апарып жатқызып жүрер ме екен деп қорықты, көз жүгірте қарап бір сенімді жолдас іздеді, ақырында келіп Дефоржды таңдады. Күшті көрініп тұрған сырт көрінісі, оның үстіне Антон Пафнутьич тітіркенбейінше есіне түсіре алмайтын аюмен қарсыласқанда көрсеткен ерлігі кімді таңдау керектігін шешіп бергендей болды. Жұрт столдан тұрған кезде Антон Пафнутьич француз жігіттің төңірегінде шыр айналды. Жөтеліп, жөткірініп, ақырында сөзге келді:
— Ым-ым, мусье, бүгін сіздің бөлмеңізге қонып шығуға болмас па екен, неге десеңіз енді өзіңіз де білесіз...
— Que desira monsieur- деп сұрады Дефорж сыпайы түрмен иіліп.
— Әй, әттеген-ай, мусье, сен әлі орысша үйрене алмаған екенсің той. Же ве, муа, ше вукуше- түсіндің бе?- деді.
— Monsieur, tres volon- деп жауап берді Дефорж.
Француз тілінен аз-маз хабары болғандығына өзінен-өзі разы болған Антон Пафнутьич дереу жатудың қамына кірісуге жөнелді.
Қонақтар өз ара қош айтысып, әрқайсылары өздеріне арналған бөлмеге қарай тарай бастады. Ал Антон Пафнутьич оқытушымен бірге флигельге қарай жөнелді. Түн тастай қараңғы еді. Дефорж жолды фонарымен жарық қылып отырды. Антон Пафнутьич ақшаның әлі өзінде екендігіне көзін жеткізу үшін анда-санда омырауындағы сөмкесін қысып қойып, соңынан қутыңдай басып, аяңдап келе жатты.
Флигельге келгеннен кейін оқытушы жарық жағып екеуі шешіне бастады; ол екі арада Антон Пафнутьич есіктің құлпы, терезе сияқтыларды барып көріп, бұлардың көңілдегідей берік емес екендігіне басын шайқап қойып, ерсілі-қарсылы аяңдап жүрді. Есікте бір-ақ ілгешек бар екен, әйнекке әлі екі қабат рама қойылмаған. Бұлай екендігін французға айтып көрейін деп еді, бірақ мұншалық ұзақ сөзді түсіндіруге оның өзі білетін французша тілдері жетімсіздік қылатын болды. Мұның не айтқанын француз түсінбеді, сондықтан Антон Пафнутьичке шағым етуді қоюға тура келді. Екеуінің төсегі біріне-бірі қарсы салынған еді, екеуі де жатты, оқытушы жарықты өшірді.
— Неге өшіресіз, неге өшіресіз,- деп дауыстады Антон Пафнутьич. - Мен қараңғыда ұйықтай алмаймын, - деді. Дефорж мұның не сөйлеп жатқанына түсінбеді, тыныштықпен ұйықтап шығуына тілеулестік айтты.
— Құдай қарғаған дінсіз, - деді Спицын басын көрпеге орай түсіп, - жарықты өшіру бұған несіне керек бола қалды екен. Өзіне жаман ғой. Мен жарықсыз ұйықтай алмаймын.
— Мусье, мусье, мен сізбен сөйлескім келеді,- деді. Бірақ француз жауап қайырмады, кешікпей қорылдап та кетті.
"Оңбаған француздың қорылдауын қарашы" ден ойлады Антон Пафнутьич, - ұйқы менің ойыма да кіріп шығар емес. Мынау ашық есіктен, немесе терезеден келіп ұры түссе ғой, -мына оңбағанның түрі мынау, зеңбірекпен атқыласа да оянар емес".
— Мусье, о мусье! Ой, албасты бассын сені!- Антон Пафнутьич енді үндеуді қойды. Шаршағандық және арақтың әсері біртелеп мұның қорқуын қойдырды. Ол қалғи бастады. Кешікпей қалың ұйқының құшағына кірді.
Сол кезде бұған бір кереметтей жат ояныс кез болды. Ұйқылы көзімен әлдекім көйлегінің жағасынан тартқандай болғанын байқады. Антон Пафнутьич көзін ашты, күздің таңертеңгіліктегі жарығында өзінің алдында Дефорждың тұрғанын көрді. Француз бір қолына қалтаға салып жүретін кішкене пистолет ұстапты, енді бір қолы сумканың бауын ағытып жатыр, Антон Пафнутьич сілейді де қалды.
— Кесь ке се, мусье, кесь ке се! - деді ол даусы қалтырап.
— Ақырын, үніңді шығарма! - деді оқытушы таза орыс тілінде. Үніңді шығарушы болма, әйтпесе осы жерде өлгенің. Мен - Дубровскиймін.
XI ТАРАУ
Енді әңгімеміздің жоғарыда айтылмай қалған жағдайларымен байланысты болған соңғы оқиғаны түсіндіріп өтуге оқушыларымыздан рұқсат сұралық.
**станциясында жоғарыда айтып өткен бекетшінің үйіне бір бұрышта жуастау сабырлы келген, түрі оқыған, шет мемлекет адамына келетін, яғни почта жолында беделі шамалы адамға ұқсас бір жолаушы отырды. Қора ішінде майлау күтіп арбасы тұр. Арба ішінде нашар халді адам екендігін көрсетуге ыспат боларлықтай кішкене ғана чемодан жатыр. Жолаушы шай да, кофе де - дәнеме сұрап ішпеді, қоршаудың аржағында отырған бекетшінің әйелінің ызасын келтіре, терезеден сыртқа қарай ысқырды да отырды.
— Құдайым бір ысқырғышты жіберді ғой, ысқыруға бір шаршамайды екен, жарылып кеткір, құдай ұрған дінсіз.
— Несі бар, онда не болады ғой дейсің, ысқыра берсін, - деді бекетші.
— "Не болады дейсің" дейді ғой? Ысқырық жақсылық белгісі емес екенін білмейсің бе?
— Неғылған белгі! Ысқырсаң ақшасыз қаласың деген сөз ғой. Қарай гөр! Пахомовна, мейлі ысқыр, мейлі ысқырма, - қайтсе де бізде ақша болмайды.
— Жөнелтсейші өзін тезірек, Сидорыч! Ұстап отырып неғыласың оны. Ат бер де қоя бер, көзі жоғалсын әрі!
— Ештеме етпейді, күте тұрады. Пахомовна, ат қорада барлығы үш-ақ тройка тұр. Төртіншісін тынықтыруға қойдық. Әлде бір тәуірірек жолаушы келіп қалса қайтпекшісіз. Бір француз үшін мойныма жауапкерлік артар жайым жоқ. Әне, көрдің бе, айдап келе жатыр. Пай-пай, жүрісінің қаттысын-ай, мынау тегі генерал шығар.
Басқыштың алдына келіп бір пәуеске тоқтады. Қызметкері арбадан секіріп түсті де пәуескенің есігін ашты, бірер минуттан соң әскери шинель, басына ақ фуражке киген жас жігіт шығып, бекетшінің үйіне кірді, оның артынан қызметкері ере кіріп бір қобдишаны әкеліп терезенің алдына қойды.
— Ат керек, - деді офицер бұйрық қыла дауыстап.
— Қазір. Қане маған жол қағазыңызды беріңіз, - деді бекетші.
— Менің жол қағазым жоқ, мен бұрыс жүремін... Әлде өзің мені танымай тұрмысың?
Бекетші сасып қалды, атты тездету үшін дереу жәмшіктерге жүгірді. Жас жігіт үй ішінде ерсілі-қарсылы аяңдап жүр. Қоршаудың әр жағына барып бекетшінің әйелінен ақырын ғана отырған жолаушының кім екенін сұрады.
— Кім?
— Кім екенін құдай білсін, бір француз болса керек. Бес сағат болды, ат күтіп отыр, ысқырудан аузы босамайды. Мазаны кетіріп болды, құдай ұрған, - деді.
Жас жігіт жолаушымен французша сөйлесе бастады.
— Қай жаққа кетіп барасыз? - деп сұрады.
— Жақын жердегі қалаға, одан өзімді сырттан оқытушылыққа жалдаған бір помещикке барамын, - деді ол - Мен бүгін барып жетермін деп ойлаған едім, бірақ бекетші мырза басқаша ұйғарған көрінеді, тақсыр офицер, бұл жерлерде ат алудың өзі өте қиын болса керек.
— Мұндағы помещиктердің қайсысына бармақшысыз?- деп сұрады офицер.
— Троекуров мырзаға, - деді француз.
— Троекуровқа? Троекуров деген кім ол?
— Ma foi mon7 ол туралы мен жақсы сөз ести алғаным жоқ. Ол бір өркөкірек, қыжыр, үй адамдарына қатал онымен ешкім келісіп шыдай алмайды, атын естігенде-ақ жұрттың бәрі қалтырап тұрады, әсіресе оқытушыларды аямайды, екі оқытушыны өлімші қыла дүре соғыпты деген сөздер естіледі.
— Сақтай гөр, мына сықылды адамдікіне барып тұруға шімірікпестен келе жатқаныңыз ба?
— Амал бар ма, тақсыр офицер. Ол маған жақсы еңбек ақы беруге уәде қылады, жылына үш мың сом бермекші, барлық тамақ, шығын одан Мүмкін мен өзгелерден бақытты болып шығармын Кемпір шешем бар, жартысын соның күн көруіне жіберем, қалған ақшадан ілгеріде ешкімге жалынышты болмастай жетерлік қаржы жинап алуыма болады ғой деймін, - онда қош бол, Парижге кетем де, сауда ісіне кірісемін.
— Троекуровтың үйінде сізді ешкім тани ма? - деп сұрады.
— Ешкім танымайды. Ол мені өзінің бір жақын адамы арқылы Москвадан алғызып отыр. Оның жақын адамының аспазшысы біздің жақтың адамы екен, сол мені жалдауға ұсыныпты. Сізге бір айта кетерім, мен өзім оқытушылыққа емес, кондиторлыққа дайындалған едім. Бірақ маған сіздің жерде оқытушылық қызметі пайдалы болады дегенді айтты.
Офицер ойланды.
— Сіз кішкене сөз тыңдаңызшы, егер сізге жаңағы айтып отырған болашағыңыздың орнына ақшадай он мың сом беріп өзіңізді дереу Парижге кері қайт деп ұсыныс етсе қайтер едіңіз? - деді.
Француз офицерге таңырқай қарады да, жымиып басын шайқады.
— Ат дайын болды, - деді бекетші кіріп келіп. Қызметкер де соны айтты.
— Қазір. Бірер минутқа шыға тұрыңызшы, - деді офицер. Бекетші мен қызметкер шығып кетті. - Менің айтып тұрғаным қалжың емес. Мен сізге он мың сом бере аламын, маған жалғыз-ақ өзіңіздің қайтып кетуіңіз бен қолыңыздағы қағаздарыңыз керек, - деді офицер французша.
Осы сөздерді айтып ол қобдишадан буда-буда қағаз ақша суырып алды.
Француздың көзі бажырайып кетті. Не деп ойларға да білмеді ол
— Менің қайтып кетуім және менің қағаздарым дейсіз бе, міне, қағаз керек болса... бірақ сіз қалжыңдайсыз ғой: менің қағаздарымды қайтпексіз?
— Онда сіздің шаруаңыз жоқ, жалғыз-ақ өзіңіз осыған көнесіз бе, жоқ па? - деп сұраймын мен сізден.
Француз әлі де өз құлағына өзі сене алмай қағаздарын жас офицер жігітке ұсынды, офицер қағазды алып тезірек қарап шықты.
— Мынау паспортыңыз ба, жақсы. Мынау сізді ұсынған хат, мынау туған жылыңыз туралы куәлік - тіпті жақсы. Мінекей сізге ақшаңыз, дереу кейін қайтып кетіңіз, ал енді қош болыңыз.
Француз сілейіп тұрды да қалды. Офицер қайта айналып келді.
— Мен сізге ең керекті сөзді айтуды ұмытып кетіппін, сіз мұны ешкімге айтпасқа шын уәдеңізді беріңіз.
— Міне, уәдем. Бірақ қағаздарымды қайттім, қағазсыз мен қайда бара аламын?
— Алғашқы барған қалаңызда Дубровский талап алды деп жариялаңыз, сізге сөзсіз нанады да керекті куәлік қағаздар береді. Қош болыңыз, құдай аман-есен Парижге жеткізсін, анаңызды есен-сау ұшыратуыңызға тілеулеспін.
Дубровский үйден шығып пәуескеге мінді де айдап жөнелді.
Бекетші терезеден қарап пәуеске ұзап жөнелген кезде қатынына бұрылып қарап:
— Пахомовна, сен білдің бе әлі? Жаңағы келген Дубровский, - деді.
Бекетшінің әйелі жалма-жан терезеге жүгірді, бірақ кеш қамданған еді, - Дубровский ұзап кеткен-ді. Әйел күйеуіне ұрса бастады.
— Сидорыч, сен құдайдан қорықпайсың, сен мұны маған неге бұрынырақ айтпадың, Дубровскийді тым болмаса бір көріп қалатын едім ғой, ал енді қашан қайта айналып келгенше күт те отыр. Ұятсызсың, құдай біледі-ау, арсызсың!
Француз сілейгеннен сілейді де тұрды. Офицермен жасасқан шарты, ақша - мұның барлығы көрген түс сықылды болды. Алайда буда-буда қағаз ақша қалтасында, бұл бір қызық оқиғаның кездескендігіне анық көзін жеткізгендей еді.
Ол қалаға дейін ат жалдады, жәмшік аяңдап отырып түн ішінде қалаға әкеліп жеткізіп салды.
Күзетшінің орнында құлаған будка тұрған тосқауылға жақындап келген француз жәмшікті тоқтатып, өзі арбадан түсіп жаяу аяңдап жөнелді, арбасы мен чемоданын арақ ішу үшін сыйға беретінін жәмшікке қолмен ымдап түсіндірді. Дубровскийдің ұсынысына француз өзі қандай айран-асыр болса, француздың мырзалығына жәмшік те сондай қайран қалды. Бірақ, мынау неміс есінен адасқан болар деген қорытындыға келді де иіліп тұрып алғыс айтты, сөйтті де қалаға кіруді мақұл таппай өзіне мәлім, қожайыны жақсы таныс бір көңіл көтеретін үйге қарай тартты. Ұзын түнді сонда өткізіп, ертеңінде таңертең бричкесіз, чемодансыз, беті-басы ісініп, көзі қызарып, үш атты жетектеп үйге қайтты.
Дубровский француздың қағаздарын алғаннан кейін жоғарыда айтқанымыздай тайсалмастан Троекуровқа келіп, соның үйіне орнады. Оның ойлап келген түпкі сыры қандай болса да (біз мұны кейіннен барып білеміз), оның келген беттегі мінезінде ешқандай оғаштық болған жоқ, рас, ол өзінің тәрбиесіндегі кішкене Сашаның сабағымен онша көп айналыспады, балаға толық ерік беріп, бетімен жіберді, сабақтары жөнінен жаза, қаталдық қолданбады. Бірақ оның есесіне музыка үйрене бастаған шәкірті бикештің сабағымен қатты шұғылданды, көбінесе бүтін сағат бойы фортепьяно жанында бірге отырып жүрді, Жас оқытушыны барлығы да жақсы көрді. Кирила Петрович оны аңға шыққандағы батыл шырақтығы үшін, Марья Кириловна бар ынтасымен көңіл қоя музыка үйреткені үшін, Саша тентектігінен тыймағандығы үшін жақсы көрді, үй іші адамдары өз жағдайына лайықсыздау мырзалығы үшін тәуір көрді. Ол үй ішінің адамдарымен түгел жақындасып, сол үйдің бір жаны сықылды болып кетті.
Бұл оқытушылық атын алғаннан бастап, естен шықпас мейрам күніне дейін бір ай шамасы уақыт өтті. Момын ғана француздың жас жігіті болып төңіректе бір ғана аты аталуының өзі қорқыныш туғызатын тонаушының жасырынып жүргендігін сезген жан болмады. Бұл мезгілдің басынан аяғына дейін Дубровский Покровскийден қия басып шыққан жоқ. Бірақ селендегі тұрғын жұрттың қиялмен ойда жоқты құрастырып алғыштығының арқасында Дубровскийдің ел тонауы турасындағы хабарлар да толастамады. Мүмкін оның шайкасы, бастықтарының жоғында да тонаудан тыйылмасы ғажап емес.
Өзінің жеке басының дұшпаны деп санауына боларлық және өзінің бәлеге кіріптар болуындағы ең басты айыпты адаммен бір бөлмеге қонғаннан кейін, Дубровский оған тап бермей жатуға төзе алмады. Сумканың барлығын ол білетін еді, сондықтан ол сумканы алуға бел байлады. Ойда жоқта оқытушылықтан шығып тонаушыға айналуының арқасында Антон Пафнутьич байғұсты қалай шошытқанын жоғарыда көрдік.
Таңертеңгі сағат тоғыз кезінде Покровскийге қонған меймандардың барлығы бірінің артынан бірі қонақ үйге жинала бастады, столға самауыр қойылған-ды, самауыр алдында таңертеңгіліктегі ақ көйлегін киіп Марья Кириловна отыр еді. Кирила Петрович байкадан тігілген сюртугін киіп, туфлиін аяғына іліп шынаяқ жуғышқа ұқсайтын жалпақ шашкесімен шай ішіп отыр. Жұрттың бәрінен соңырақ Антон Пафнутьич келді: оның түрі құп-қу шүберектей болып, сондайлық көңілсізденуі жұрттың бәрін таң қалдырды,
Кирила Петрович одан ауырып қалған жоқсың ба деп сұрады. Спицын аузына не келіп, не деп жауап қайырып отырғанын өзі де білместен, дәнеме көріп-білмеген кісіше қаннен-қаперсіз сол столдың басында отырған оқытушыға зәресі ұша қарады. Бірнеше минуттан кейін малай келіп Спицынге ат-арбасы дайын екендігін айтты. Антон Пафнутьич асығыс амандасып, қожайынның тоқтау айтуына қарамастан тезірек бөлмеден шығып дереу жөнеліп те кетті.
Спицынге не болғанын ешкім түсіне алмады. Кирила Петрович күпті болған шығар деп ұйғарды. Шайдан және аттанар алдындағы тамақтан кейін басқа қонақтардың барлығы тарқап, кешікпей Покровский бос қалып, жайшылықтағы тәртібіне түсті.
XII ТАРАУ
Бірнеше күндер өтті. Айта қаларлықтай ешқандай оқиға болған жоқ. Покровский тұрғындарының өмірі бір қалыппен өтіп жатты. Кирила Петрович күн сайын аңға шығып тұрды: кітап оқу, сейіл музыка сабағы, әсіресе осы музыка сабағы Марья Кириловнаға алданыш болды. Маша өз жүрегінің сырын өзі ұғына бастады және ықтиярсыз кейісе де жас француздың адамшылық қасиеттеріне көлденеңнен жай қарап қала алмайтындығын мойындағандай болды. Дубровский де құрмет ету, өзіне-өзі мықты ұстамдық етудің шегінен шықпай, қыздың тәкаппарлығы мен қорқынышты күдігінің тілін тауып жүрді. Маша еліктіргіш әдеттің сенгіштігіне берілгеннен беріле түсті. Дефорж жоғында іші пысатын болды. Ол барында үнемі сонымен бірге шұғылданып, не хақында болса да оның пікірін білгісі келіп, айтқанына үнемі қосылып отыратын болды. Мүмкін Маша оған әлі де ғашық бола қалмаған шығар, бірақ әлдеқалай тұңғыш тосқауыл жасала қалса, немесе кенеттен тағдырдың айдауы солай болса, оның жүрегінде махаббат оты тұтанып кетпейді дерлік емес-ті.
Бір күні оқытушы күтіп отырған залға Марья Кириловна келіп кірді де таң-тамаша болып, Дубровскийдің қуарыңқы жүзінен ұялғандық белгісі байқалды. Маша фортепьяноны ашып бірнеше нота ойнап өтті, бірақ Дубровский басым ауырып отыр деген сылтаумен ғафу өтініп, сабақты тоқтатып, нотаны жапқан болып елеусіз ғана бір қағазды қолына берді. Марья Кириловна ойланбаған күйінше қағазды алды да бірақ сол минутта алғанына өкінгендей болды, бірақ ол кезде Дубровский залдан шығып та кетіп еді. Марья Кириловна өз бөлмесіне барды да ашық қағазды оқыды, қағазға мынадай сөз жазылыпты:
"Бүгін сағат жетіде өзен жанындағы беседкадан табылыңыз. Менің сізбен сөйлесуім керек".
Бұл шақырудың мәнісін білуге Марья Кириловнаның көңілі қатты кетті. Марья Кириловна бір жағынан өзі де тілеп, әрі бір жағынан қауіптеніп жүріп, француздың көңіліндегісін ашып айтуын көптен күтулі еді. Өзінің жорамалдаған нәрсесінің анықталуын есіту оған көңілді сықылды. Бірақ, еш уақытта қосылудан үміт етуге болмайтын тең саналмаған адамнан мұндай сөз есіту көңілсіз сезілетіндей. Маша бұл шақыруға баруға бел байлады, жалғыз-ақ көңілінің тоқырай алмаған нәрсесі: оқытушының айтқан сөзін аристократтық ашумен қарсы ала ма, немесе достың жүзімен түсініп, жауап беріп қарсы ала ма, әлде күлкілі қалжың айтып қарсы ала ма, әйтпесе тіпті жай үндемей ғана тыңдап қоя ма, - міне осыны біле алмады. Ол екі ортада Маша минут сайын сағатқа қарауда болды. Іңір болды, шам жағылды, Кирила Петрович үйіне келген көршілерімен карта ойнауға отырды; ас үйдегі сағат жетіге он бес-ақ минут қалғандығын көрсетті. Сол кезде Марья Кириловна ақырын ғана басқыштың алдына шықты да жан-жағына түгел қаранып, бақтың ішіне қарай жүгіре жөнелді.
Түн қараңғы, аспанды бұлт жапқан, өзінен екі қадамнан арғы жердегі ештемені көріп болмады, бірақ Марья Кириловна қараңғыда өзіне таныс соқпақпен жүріп бірер минутта беседкеге келіп те жетті; сол арада сол демалып Дефоржға салқын қан, асықпаған түрмен көрінбекші болып тұра қалды. Бірақ Дефорж бұдан бұрынырақ келіп әзір тұр еді.
— Менің бір тілегімді қалт қылмағандығыңызға үлкен рахмет, - деді Дефорж ақырып ғана мұңды дауыспен. - Егерде сіз мұны орындамағанда мен өмірі өкініште өткен болар едім.
Марья Кириловна бұрын дайындап алған сөзін айтып жауап қайырды.
— Мен сөзіңізді жерде қалдырмағандығыма мені өкінерліктей етпессіз деп сенемін.
Ол үндемеді, толғанып әлде не айтуға әзірленген сықылды көрінді.
— Жағдай солай болды... мен сіздерден кетпекшімін. Сіз мүмкін кешікпей өзіңіз де естірсіз... Бірақ айырылысар алдында сізбен ауызба-ауыз түсінісуім керек деп білдім.
Марья Кириловна ештеме деп жауап қайырмады. Бұл сөздерді ол француздың көңілдегі айтпақ сөзінің бастамасы деп білді.
— Мен сіз ойлағандай адам емеспін, - деді ол басын төмен иіп. - Мен француз Дефорж емеспін, мен Дубровскиймін.
Марья Кириловнаның дауысы қаттырақ шығып кетті.
— Құдай ақына қорқа көрмеңіз. Сіз менің атымнан қорқуға тиісті емессіз. Я, сол дәл өзіңіздің әкеңіз тілім наннан мақрұм етіп, туған үйінен қуып, үлкен жолдың аузында жұртты тонатып қойған бақытсыз мен боламын.
— Бірақ сіз өзіңіз үшін де, әкеңіз үшін де менен қорықпаңыз, бәрі біткен. Мен кешірдім, - құлақ салыңыз, оны сіз құтқарып алып қалдыңыз. Менің ең алғашқы қанды жорығым сіздің әкеңізге арналуға тиіс еді. Мен қай жерден бастап өрт қоятынымды, оның ұйықтайтын бөлмесіне қай ясерден кіруді, қашатын жолдарын қалай бекітуді қарап, үйдің айналасын торумен көп жүрдім. Сол минутта сіз аспаннан келген елес сықылды болып менің жанымнан өттіңіз, менің жүрегімнің аптыққалы басылды, маған сіз мекендеген үйде қасиет бардай көрінді, сізбен қандас ешқандай жан иесі менің қарғысыма лайық емес сықылды көрінді. Мен жынданудан бас тартқан адамша, кек алудан бас тарттым. Алыстан сіздің ақ көйлегіңізді, жүргеніңізді бір көру үшін күні бойы Покровскийдің бақтарын шырқ айналып жүрген кездерім болды. Сіз қалай болса солай абайсыз сейіл құрып жүрген кездеріңізде, мен бұтадан тасаланып, сізді бақылауда болдым, сізді қорғап жүрдім, жасырын болса да мен жүрген жерде сізге қауіп-қатер жоқ деген ойды ойлап өзімді бақытты санадым. Ақырында сәті түсті. Мен сіздің үйге келіп орнадым. Бұл өткен үш жетідегі күндер мен үшін бақытты күндер, бұл күндердің еске түсуінің өзі ғана менің қайғылы өмірімнің қуанышы болмақ... Мен бүгін бір хабар алып отырмын, ол хабар бойынша менің енді мұнда қалуым мүмкін емес. Мен бүгін, бүгін емес-ау, қазір сізбен айырылысамын.. Бірақ, мен сіз кейіннен қарғыс айтып, жирене қарамауыңыз үшін кетер алдында кім екенімді ашып кетуімді тиіс таптым. Анда-санда Дубровскийді еске ала жүріңіз. Есіңізде болсын, ол туысында өзге іске арналып жаралған еді, оның жаны сізді сүйе білген еді. Еш уақытта да...
Дәл сол кезде ақырын ғана ысқырған дыбыс естілді, Дубровский жым қоя қойды... Дубровский Машаның қолын алып жалындаған ерніне апарды. Ысқырық қайтадан естілді.
— Енді ғафу етіңіз, мені шақырып жатыр, бір минут қана кешігу - менің түбіме жетеді.
Ол кейін шегінді, Марья Кириловна тапжылмастан тұрып қалды. Дубровский қайта келді де тағы Машаның қолын алды.
— Зәуде бір уақыттарда, - деді ол, еркелеткен әсерлі дауыспен. — зәуде бір уақыттарда басыңыз бақытсыздыққа ұшырап ешкімнен жәрдем, көмек таппасаңыз сондай күнде өзіңізді құтқару үшін мені табуға уәде бересіз бе? Менің сізге бүтіндей берілгендігімді шетке қақпасқа уәде бересіз бе?
Марья Кириловна дауыс шығармай жылап тұрды. Ысқырық үшінші рет қайталады.
— Сіз мені байлап бергелі тұрсыз! Сіз маған жауап бермейінше мен сізді тастап кетпеймін Уәде бересіз бе, жоқ па?
— Уәде беремін, - деді сорлы сыбырлап қана.
Дубровскиймен жолыққанына көңілі толқып, Марья Кириловна бақтан қайтты. Машаға жұрттың бәрі жүгіріп шыққандай, үй қозғалып тұрғандай көрінді, қора ішінде қаптаған адам, басқыш алдында тройка тұр, алыстан Кирила Петровичтің даусы естіледі. Маша үйде жоқтығым байқалып қалмасын дегенді ойлап үйге кіруге асықты. Залда Кирила Петрович кездесті, қонақтар өзімізге таныс полиция бастығын ортаға алысыпты, сұрақты жаудырып жатыр. Полиция бастығы жол киімін киініп, басынан аяғына дейін қаруланыпты, жұртқа жасырын әбігерленген түрмен жауап беріп тұр.
— Маша, сен қайдан келдің. Саған мистер Дефорж ұшырамады ма? - деді Кирила Петрович.
Дефоржды көрмегендігін Маша зордың күшімен ғана айта алды.
— Ұстап алмақ боп исправник келіпті, Дубровскийдің өзі дейді, - деді Кирила Петрович.
— Барлық түрі-түсі дәл келеді, тақсыр, - деді полиция бастығы масаттанып.
— Уай шырағым, сол "түрі-түсіңмен" қоса тілеген жағыңа көзіңді жоғалтсаң екен. Өзім тексеріп болғанға дейін саған французымды бере алмаймын. Өзі қорқақ, өзі өтірікші Антон Пафнутьичтің сөзіне сеніп бола ма. Оқытушы оны тонайтын кісі болып түсінде көрінген де. Рас болса, ол сол күні таңертең маған неге бір ауыз сөз айтпады.
— Тақсыр, оны француз әбден қорқытып қойыпты, адамға аузынан шығармасқа ант алыпты, - деді полиция бастығы.
— Шылғи өтірік, қазір мен бәрін де анықтаймын. Оқытушы қайда екен? - деді Кирила Петрович кіріп келген малайлардың біріне.
— Жоқ, таба алмай жүр,- деді малай.
— Дереу іздеп тапсын, - деп дауыстады күдік кіре бастаған Троекуров. - Қане, маған мақтап жүрген "түр-түстеріңді" көрсетші,- деді полиция бастығына. Ол жалма-жан қағазын ұсынды. - Ім-ім, жиырма үш жаста... Ол солай ғой, бірақ бұл ештемені де ыспаттай алмайды. Бұл оқытушыға не болды?
— Таба алмай жүр, түге,— деген жауап алды. Кирила Петрович мазасыздана бастады. Марья Кириловна өлі мен тірінің ортасында отыр.
— Маша, сенің түсің қашып отыр ғой, әлде сені біреу шошытты ма? - деді әкесі.
— Жоқ, папа, менің басым ауырып отыр, - деді Маша.
— Маша ендеше бар, өзіңнің бөлмеңе бар, мазаңды кетірме, - деді әкесі. Маша әкесінің қолын сүйді де тезірек бөлмесіне тартты, бөлмесіне барысымен төсегіне құлай кетіп, есінен ғана солқылдай жылай бастады. Күтуші әйелдер жүгіріп келіп зордың күшімен әрең шешіндірді, салқын су, неше түрлі спирт шашты, жатқызды, ақыры Маша сұлқ ұйықтап та кетті.
Ол екі ортада французды іздеп-іздеп таба алмады. Кирила Петрович залдың ішінде ерсілі-қарсылы аяңдап, "Күркіре жеңіс дауылын" қатты ысқырып жүрумен болды. Қонақтар өз ара сыбырласуда, полиция бастығы ақымақ болып қалды, француз табылмады. Ол сірә күні бұрын хабарланып қашып кеткен тәрізді. Бірақ, оны кім, қалай хабарландыра қойды? Бұл арасы жасырын сыр күйінде қалды.
Сағат он бір еді, ұйқыны ойлаған жан жоқ. Ақырында Кирила Петрович полиция бастығына ашулы дауыспен:
— А, енді немене? Таң атқанға дейін осында болмақпысың, менің үйім асхана емес. Егер ол француз Дубровский болған күнде де сендейлердің пысықтығыңмен оны ұстай қою оңай болмас. Енді аманыңда жөн тап, ілгеріде бұдан гөрі ширақтау қимылдайтын бол Сіздерге де тарайтын мезгіл болды, - деді қонақтарына қарап. — Қамданып тарандар, менің ұйқым келді.
Сөйтіп Троекуров қонақтарын қаталдықпен аттандырып салды!
XIII ТАРАУ
Біраз уақыттар ешқандай қызғылықты оқиғасыз өтті. Бірақ келесі жаздың басынан бастап Кирила Петровичтің үй тұрмысында көп өзгерістер болды.
Отыз шақырымдай жерде князь Верейский дегеннің үлкен мекені бар-ды. Князь неше жылдар бойы шет жерлерде жүріп, барлық имениесін қызметін тастаған бір майор басқарып тұрған, сондықтан Покровский мен Арбатовтың арасында ешқандай қатынас болған жоқ-ты. Бірақ майдың аяқ шенінде князь шет мемлекеттен қайтып, туғалы көрмеген өзінің деревнясына келді. Бой күйездікке салыну қолынан келсе де оңашалыққа үйрене алмады, сондықтан келген соң үшінші күн дегенде Троекуровқа түстікке аттанды, мұнымен ерте кезде таныстығы бар-ды.
Князьдің жасы елуде еді, бірақ түрі одан да кәрі көрінетін. Әрнеге әуесқойлық денсаулығын бұзып, өшпестей із қалдырғандай еді. Ол үнемі бейқамдыққа салынуды қажет тауып, ылғи іші пысып отыратын. Бұған қарамастан сырт пішіні сүйкімді, келісті болатын, ал әрдайым көпшілік арасында болу әдеті өзгелермен де, әсіресе әйелдермен сөйлесуіне едәуір сыпайыгершілік бергендей еді. Кирила Петрович оның келуіне қатты қуанды, өйткені, бұл келісті ол жоғары қауымды көрген адамның құрмет етуінің белгісі деп тапты; жайшылықтағы әдеті бойынша оны қора-қопсыларын көрсетуден бастап, ит қораларына дейін ертіп апарды. Бірақ, князь иттер тұрған жердің ауасынан өлер халге жетіп, иіс май сепкен орамалымен мұрнын басып, шыққанша асықты. Қырқылған жөке ағаштары, төрт бұрынғы қара суы, тура тартылған аллеясы бар ескі бақ оған ұнамады; ол ағылшын бағын, жаратылыс көріністерін сүйетін-ді, бірақ сүйтсе де мұның бағын да мақтап таңырқамай қойған жоқ. Малай тамақ дайын болғандығының хабарын әкеліп жеткізді. Бұлар түскі асты ішуге жөнелді. Серуен құрамын деп шаршаған князь, аяғын ақсай басып, келгеніне өкіне бастады.
Бірақ залға келгенде оларды Марья Кириловна қарсы алды, кәрің қыздың сұлулығына қайран қалды. Троекуров қонағын Машаның қасына отырғызды. Князь қыздың отырғанына көңілденіп, мәз болып, қызықты әңгімелермен бірнеше рет қыздың көңілін де бөлді. Түскі тамақтан кейін Кирила Петрович салт мініп серуендеп қайтуды ұсынды. Бірақ, князь ғафу өтініп, аяғындағы барқыт етігін көрсетті және қалжыңдап буыны сырқырайтынын айтып қасындағы сүйікті көршісінен бөлінгісі келмеген себепті сейілге арбамен шыққанды тәуір көретінін білдірді. Арба жегілді. Шалдар, сұлу үшеуі арбаға мініп жүріп кетті. Әңгіме үзілген жоқ. Марья Кириловна мынадай дүние көрген адамның қошеметі мен қызықты сөздерін көңілдене отырып тыңдады; бір мезгілде Верейский Кирила Петровичке бұрыла қарап, алдарындағы өртенген қораны мегзеп, оның кімдікі екенін сұрады. Кирила Петрович қабағын шытты, өртенген усадьбаның еске түсерліктей жақтары бұған көңілсіз тиді; бұл жер енді өзінікі екендігін, бұрын Дубровскийге қарағандығын айтып жауап берді.
— Дубровскийге, қалай, әлгі атақты тонаушының өзіне ме? - деді Верейский.
— Соның әкесіне, оның әкесінің өзі де жап-жақсы тонаушы еді, - деді Троекуров.
— Біздің бұл Ринальдо қазір қайда жүр екен Тірі ме екен, әлде қолға түсті ме?
— Тірі, қолға түскен жоқ. Біздің полицияларымыз ұрымен ақыл қосуларын қоймайынша ол қолға түспейді. Айтпақшы, князь, сол Дубровский сенің Арбатовында да болған жоқ па?
— Я, сірә былтыр бірдемені өртеген бе, талаған ба, солай істесе керек... Марья Кириловна бұл сықылды роман қаһарманымен аздап жақын танысса да теріс болмас еді-ау, солай емес пе, - деді Верейский.
— Оның несі тамаша, онымен өзі де таныс. Ол бүгін үш жұма бойы Машаға музыка үйретті, құдайға шүкір, оқытқан ақысына ештеме ала қойған жоқ,
Сол арада Кирила Петрович өзінің француз оқытушысы туралы әңгімеге кірісті. Марья Кириловна оттың үстінде отырғандай болды, Верейский бұл әңгімелерді өте көңіл қоя тыңдады, мұның барлығын ғажап екен деп тапты, сөйтіп әңгімені басқаға бұрды. Қайтып келгеннен кейін ол өз арбасын жегуге бұйырды. Кирила Петрович оның қонып кетуін қиылып сұраса да, шай ішісімен жүріп кетті. Жүрерден бұрын Кирила Петровичтің Марья Кириловнаны алып қонаққа келуін өтінді, тәкаппар Троекуров баруға уәде қылды, өйткені князьдің атақ даңқын құрмет санап екі жұлдыз шен, үш мың жан атадан қалған имениесін еске алып, князь Верейскийді біраз терезесі тең адам көрді.
Князь келіп кеткеннен кейін екі күннен соң Кирила Петрович қызын ертіп, князь Верейскийдікіне жөнелді. Арбатовқа таман келгенде Троекуров шаруалардың тап-таза, көңілді үйлеріне, ағылшын замоктерінің ретімен салынған байдың тас үйіне қарап, таңырқанбай қоя алмады. Үйдің алдында барқыттай көк шалғын, онда қоңырауларын сыңғырлатып жүрген швейцар сиырлары. Үйді айналған кең алқап парк. Қожайын қонақтарды басқыштан түсе қарсы алып, жас сұлуға қолын берді; бұлар бір әдемі залға келіп кірді, залдағы столға дастарқан жайылып үш адамға арналып, тамақ ішетін ыдыс саймандар қойылыпты. Князь қонақтарды терезе алдына ертіп әкелді, терезеден кереметтей көріністер пайда болды. Волга терезенің алдынан ағып өтеді екен. Волгада жүк тиелген жоғарыдан парус байлаған баркілер кетіп барады, жаналғыш делініп кеткен балықшылар қайығы қараңдайды. Өзеннің арғы бетіндегі таулар, жазық, бірнеше деревнялар төңірекке көрік беріп тұр. Одан кейін бұлар князьдің шетелдерден сатып алған сурет галерейін көруге кірісті. Князь Марья Кириловнаға сурет мазмұнын, суретшілердің тарихын түсіндірді, суреттің қасиеті қандай, кемшілігі неде екендігін айтты. Суреттер турасында ол педант білгіштердің жаттама тілімен сөйлеген жоқ, күшті сезіммен және суреттің күллі жайын көз алдына елестете отырып сөйледі. Марья Кириловна мұның бәрін рақаттана тыңдады. Бұдан кейін тамақ ішетін столдың басына келісті. Троекуров жомарт үй иесінің арақтары мен аспазшысының өнерін мақтады, Марья Кириловна туғаннан бері екінші рет қана көріп отырған адамымен әңгімелесуде аңырып отырған да жоқ, немесе бойын да іріккен жоқ. Түскі тамақ ішілгеннен кейін қожайын қонақтарға баққа баралық деді. Бұлар көптеген аралдары бар жалпақ көлдің жағасында беседкеде отырып кофе ішті. Бір мезгілде духовой музыка ойнап қоя беріп, алты күрекпен есілетін үлкен қайық дәл беседканың түбіне келіп тоқтады. Бұлар көл бетінде қайықпен қалқып, аралдардың жанынан өтті, кей аралдардың жанына келіп тоқтады да, кейбіреулерінен мрамордан жасалған мүсін суретті, енді бірінен оңаша үңгір барлығын көрді, үшіншісінде жұмбақ жазу жазылған ескерткіш тұр екен, бұлар қызға тон Марья Кириловнаның білсем деп құмартуын оята түсті, бірақ, князьдің қысқа сөздерімен ғана түсіндіруі қанағаттандырмады. Уақыттың қалай өткені білінбеді, іңір бола бастады. Князь салқындап барады және енді шық түседі деген сылтау айтып қайтуға асықтырды, бұлар қайтып келгенде самауыр күтіп дайын тұр екен. Князь Марья Кириловнадан кәрі бойдақтың үйінде үй иесі әйелше басқарып қызмет етуін өтінді. Маша сүйікті сөзшеңнің таусылмас әңгімелерін тыңдай отырып шай құйып беріп отырды, бір мезгілде сарт еткен мылтық даусы естілді, ракета аспан жүзін жарық қылды. Князь Марья Кириловнаға шәлісін әперіп, Троекуровпен екеуін балконға шығарды. Қараңғыда терезе алдында түрлі түсті от тұтанып, айналып сояуша, құрма ағашынша, фонтанша жоғары көтеріліп жаңбырша, жұлдызша көтеріліп, сөніп қайта тұтанып тұрды. Марья Кириловна балаша мәз болды. Оның шаттанғандығына Верейский де қуанды; Троекуров та бұларға қатты разы болды, өйткені князьдің tous ies frais8 өзін құрметтегендіктің және жағынғандықтың белгісі деп білді.
Кешкі тамақ түстіктен кем соқпады. Қонақтар өздеріне арналған бөлмеге ұйықтауға жөнелісті, ертең таңертең тағы көрісуге уәде байласып, бір-бірімен қош айтысты.
XIV ТАРАУ
Марья Кириловна өз бөлмесінде терезені ашып қойып, кесте тігіп отыр. Конрадтың сүйген қызының махаббат салдарынан жаңылысып, розаны жасыл жібекпен тізіп қойғаны сықылды кестесінен жаңылған да жоқ. Ойы қолындағы жұмысында емес, әлдеқайда алыста отырғандығына қарамастан, кесте бізден өрнекті оюлар төгілуде.
Бір мезгілде терезеден ақырын ғана бір қол созылып келіп, кергіштің үстіне бір хат тастады, сөйтті де Марья Кириловна кім екенін аңғарып үлгірмей тұрып жоқ болып кетті. Дәл сол уақыт Марья Кириловнаға бір малай келіп кіріп, Кирила Петрович шақырып жатқанын айтты. Марья Кириловна сасқалақтап, хатты орамалшасының астына тығып, асыға басып, әкесінің бөлмесіне қарай жүрді.
Кирила Петрович жалғыз емес-ті, князь Верейский бірге отыр еді. Марья Кириловна кіріп келгенде, князь жайшылықтағы әдетінен өзгеше орнынан сасқалақтап тұрып, үндемей иіліп амандасты.
— Маша, бері келші, мен саған бір жаңа хабар айтайын, ол сені қуантарлық хабар. Мінекей саған күйеу, сені айттырмақшы, - деді.
Маша сілейіп тұрды да қалды, бет пішіні құп-қу болып кетті. Үндемеген күйінше тұр. Князь қасына барып қолынан ұстап, көңілі лепіргендей қалыппен өзін бақытқа жеткізуге Марья Кириловнаның разы болатын-болмайтынын сұрады. Маша үндемеді.
— Разы, әрине разы, білесің бе, князь разы деген сөзді айта салу қыздарға қиын тиеді. Қане, балалар, сүйісіңдер, тек бақытты болыңдар, - деді Кирила Петрович.
Маша тапжылмастан тұрды да қойды, қарт князь оның қолынан сүйді, бір мезгілде Машаның боп-боз болып тұрған бетінен сорғалап көзінің жасы ақты. Князь аздап қабағын шытты.
— Бастады, бастады, бастады, - деді Кирила Петрович,— бар да көзіңнің жасын құрғатып, бізге көңілденіп кел. Айттырарда бұлардың бәрі де жылайды, өздерінің әдеттері ғой ол,— деді Верейскийге қарап. — Ал князь, енді шаруа жайында, яғни жасау-жабдық турасында сөйлесейік.
Марья Кириловна кетуіне рұқсат берілуі мұң екен, шыға жөнелді. Жүгірген бойымен бөлмесіне барып, есікті іліп алып, өзін кәрі князьдің әйелі деп есептеп, екі көзіне ғана әлі келді; князь оған бұл кезде аса жиренішті, жек көрінішті болып көрінді. Онымен неке қосу дар аташынан да, көрден де қорқынышты сықылды болды...
— Жо, жоқ, болмайды, - деді Маша зарланып, — бұдан өлген артық, монастырға барған артық, Дубровскийге тигенім артық. - Сол арада манағы хат есіне түсіп, хат Дубровскийден келген шығар деген оймен жалма-жан оқып шығуға асықты. Дұрысында да хатты жазушы Дубровский екен. Хатта мынадай сөздер айтылыпты:
"Кешкі сағат 10, бұрынғы орынға".
XV ТАРАУ
Ай жарық, июнь айының түні тып-тыныш, болар-болмас жел лебі ескенде бүтін бақтың іші ақырын ғана сыбдыр еткендей болады.
Діріл қаққан көлеңкедей болып жас сұлу уәде байласқан жерге жақындады, әлі ешкім көрінбейтіндей еді, бір мезгілде беседкенің ар жағынан Дубровский шыға келді.
— Мен бәрін білемін, - деді ол ақырын ғана мұңды дауыспен - Уәдеңіз есіңізде бар ма?
— Сіз маған қамқор болмақсыз ғой, бірақ көңіліңізге келмесін, бұдан мен қорқамын Сіз маған қайтып жәрдем етесіз? - деді қыз.
— Мен сізді өзіңіз жек көретін адамның қолынан босатып алар едім.
— Құдай ақына сіз оған тимеңіз, егер мені сүйетініңіз шын болса, оған тию ойыңызға келмесін. Әлдеқандай сұмдық іске мен өзімді кінәлі еткім келмейді.
— Мен оған тимеймін, сіздің тілегіңіз мен үшін ең қасиетті тілек. Сіз оның жанын алып қалып отырсыз. Бір сіз болғандықтан ғана жауыздық ешқашан жасалмақ емес. Менің қылмысты істерімде де сіз күнәдан таза қалуға тиіссіз. Бірақ, енді сізді, мен мейірімсіз әкеңізден қалай құтқарып аламын?
— Менімше әлі де үміт үзуге болмайды. Менің көз жасым, зарлануым оны толғандырар деп ойлаймын. Ол айтқанынан қайтпайтын бір беткей, бірақ мені өте жақсы көреді.
— Сіз жоқ нәрседен үміттеніп әуре болмаңыз, тек күйеуге шығардағы барлық қыздарға ортақ үйреншікті қорқақтық және безерлену деп қана біледі. Сіздің өмірлік бақытты болуыңызды тілемесе, сіздің еркіңізге жібермей, өз ойымен істесе, тағдырыңызды кәрі күйеудің қолына мәңгіге тапсыру үшін сізге сәукелені еріксіз кидірсе онда не болды...
— Онда, онда амал жоқ, мені іздеп табыңыз, мен сіздің әйеліңіз болуға разымын.
Дубровский қалтырағандай болды, қуқыл бетке нарттай қызыл жүгіріп, сол минутта пішіні қайтадан бұрынғыдан да бетер құп-қу болып кетті. Ол басын иген қалыпта тұрып көпке дейін үндемеді.
— Бар күшіңізді жинап, әкеңізге барып, жалынып-жалпайып, аяғына жығылып көріңіз: келешектегі сұмдықтарды, қартайған, бұзық шалдың маңында солғалы тұрған жастығыңызды көз алдына елестетіңіз; айтпай аянып қалмаңыз; егер ол дегенінен қайтпайтын болса, ол күнде... Сіз ол күнде... үрейі ұшарлықтай қорғаушы табатындығыңызды айтыңыз... Байлық сізді бір минуттық бақытқа жеткізбейтіндігін айтыңыз; артықша байлық кедейлікті ғана жұбандыра алады, оның өзінде де бұрын қолда жоқ болғаны себепті көз ашып жұмғандай уақытқа ғана; соңынан қалмаңыз, қашан үмітіңіз кесіліп болғанға дейін ашуынан да, қорқытуынан да қаймықпаңыз, құдай ақына соңынан қалушы болмаңыз. Егер басқа амал қалмаса...
Сол арада бетін Дубровский қолымен басып, дем ала алмай тұншыққандай болды. Маша жылай берді.
— Сорлы ырыссыз тағдырым... - деді Дубровский ауыр күрсініп. — Сіз үшін мен өмірімді қияр едім, алыстан тек қараңызды көріп, қолыңызды ғана алу тілегі маған шаттық еді. Енді сізді өзімнің толқи соққан жүрегіме басып тұрып: періштем қайда болса бірге өлейік! - дегенді айтуыма мүмкіндік болып тұрған уақытта, мен жақсылықтан безіп, бар күшіммен оны өзімнен алыстатуым керек сықылды. Менің сіздің аяғыңызға жығылуға, түсініксіз сыйлығын еңбегіме қарамай-ақ жіберген аспанға алғыс айтуға батылым жетпейді. Ол адамға өшпенділігім қандай күшті болса да, орынсыз емес еді ғой, бірақ енді, жүрегімде өшпенділіктен із қалмағандай сеземін.
Дубровский қызды ақырын ғана белінен қысып, өзіне тартып жүрегіне басты. Маша жас тонаушының иығына сеніммен басын сүйеді. Екеуі де үндемеді.
Уақыт өтіп бара жатты.
— Енді уақыт болған шығар, - деді ақырында Маша. Дубровский бейне ұйқыдан оянғандай болды. Ол Машаның қолынан ұстады да, бір саусағына жүзік кигізді.
— Егерде түбінде мені іздегендей болсаңыз мына жүзікті осында әкеліңіз де, мынау еменнің түбіндегі қуысқа әкеп салыңыз, соған қарап мен не істеу керектігін білем.
Дубровский Машаның қолынан сүйді де, ағаштың арасына кіріп жоқ болды.
XVI ТАРАУ
Князь Верейскийдің қыз айттыратындығы көршілерге де мәлім болды. Кирила Петрович құтты болсын айтушыларды қабыл алып, құдалыққа дайындық істеліп жатты. Ақтық сөйлесуді Маша күннен-күнге кейінге қалдыра берді. Оның бер жағында кәрі күйеу мен қалыңдықтың ара қатынасы салқын, және лажсыздан істелгендей еді. Князь бұл жағын оншама елеген жоқ. Үндемей көнгендігіне разы болып, махаббат жағын оншама іздемеді де.
Бірсыпыра уақыт өтті. Ақырында Маша іске кірісуге бел байлады, сөйтті де князь Верейскийге хат жазды. Маша оның жүрегінде ізгілік сезімін туғызбақшы болып, князьға түк көңілі жоқтығын ашық айтып, бұдан былай айттырамын дегенді мүлдем қойып, әкесінен өзі қорғап алуын сұранып, жалынып жазды. Маша хатты ептеп қана Верейскийдің қолына берді, анау барып оңаша оқыды, бірақ қалыңдығының бәрін ашық жазғандығы оған түк әсер етпеді. Қайта ол құдалықты енді тездету керек деп тапты, бұлай ету үшін хатты болашақ атасына көрсетпекші болды.
Кирила Петрович құтырған адамдай болды: хат туралы хабарланғанын Машаға білдірмеуге әзер деп көнді. Кирила Петрович мұны Машаға айтпауға көнді, бірақ енді уақытты босқа өткізбей, ертеңнен қалдырмай той жасауға бел байлады. Князь мұны өте орынды тауып, содан кейін қалыңдығына барды да, хатты алған соң ренжігенін, бірақ ілгеріде Машаның көңілін табуға сенетінін, Машадан айрылу деген ой қатты бататындығын, өзінің ажалы туралы үкімге риза болуға шамасы келмейтінін сөйледі. Одан кейін иіліп келіп Машаның қолынан бір сүйді де, Кирила Петровичпен не деп байласқаны туралы бір ауыз сөз айтпастан жүріп кетті.
Оның қорадан шығып жөнелуі мұң екен, Машаның бөлмесіне әкесі келіп кірді де, турадан-тура ертеңгі тойға дайын болу керектігін айтты. Князь Верейскиймен сөйлескенінің өзіне көңілі бұзылып отырған Марья Кириловна көзінен ағыл-тегіл жас ағызып, әкесінің аяғына жығылып, жалынып жылады.
— Папажан, - деп жылады қыз аянышты дауыспен, - папажан, мені қор етпеңіз, мен князьді сүймеймін, мен оның әйелі болғым келмейді...
— Бұл не деген сөз? - деді Кирила Петрович ызбармен,- бұл уақытқа дейін үндемей көніп келдің де, енді істің бәрі бітуге қалғанда назданып, күйеуден безгің келеді. Ақымақтықты қой; мұны істегенмен саған түк те түспейді.
— Мені қор етпеңіз, менен мұнша неге безесіз, неге мені сүймеген адамыма бересіз, әлде менен жалығып болдыңыз ба, менің бұрынғыша өз қолыңызда тұра бергім келеді. Папажан, менсіз қайғыға түсесіз, менің бақытсыздығымды естіп, ойлағанда онан бетер қайғырасыз, папажан, мені күштемеңіз, күйеуге шыққым келмейді.
Кирила Петровичке бұл сөздер әсер етейін деді, бірақ ол өзінің толқығанын жасырып, суық түрмен:
— Мұның бәрі де бос сөз. Сенің бақытты болуың үшін не керек екендігін мен сенен гөрі жақсы білемін. Құр жылағаныңмен ештеме өндірмейсің, бүрсігүні тойың болады, -деді.
— "Бүрсігүні", - деп зар қақты Маша. - Ой, жасаған-ай! Жоқ-жоқ, мүмкін емес, ол болмайды, папажан, сіз менің сөзіме құлақ салыңыз, сіз мені біржола құртуға бел байлаған болсаңыз, мен сіздің ойыңызға да кіріп шықпастай, мені мұндай халге түсіргеніңізден өзіңіз көргенде шошып кетерліктей қорғаушы табамын...
— Не дейсің, не дейсің? Қорқытуын! Мені қорқытпақсың ғой, тентек қыз! Мен сенің ойыңа да кіріп шықпастай істермін. Сен мені қорғаушың барлығын айтып қорқытпақшы боласың ғой? Ол қорғаушыңның қандай екенін де көрерміз.
— Владимир Дубровский, - деп айтып салды Маша зарланып отырған күйінде.
Кирила Петрович қызы ақылынан жазған шығар деп ойлады да, оған таңырқана қарады.
— Жақсы екен, - деді біраз үндемей отырғаннан кейін, — құтқарады деп кімді күтсең де өзің біл бірақ әзірше сен осы үйде боласың, қашан той болғанға дейін шығарылмайсың, - деді де Кирила Петрович үйден шығып, есікті бекітіп жауып кетті.
Болашақта алдында не күтіп тұрғанын ойлап, сорлы қыз ұзақ уақыт жылады; бірақ ойдағы сөзін түгел айтып салғандығы бойын жеңілтіп, Маша өзінің тағдыры туралы, енді не істеуі керек екені туралы жайымен отырып қана ой жүгіртуге мүмкіндік алды. Мұның алдындағы ең зор міндеті қайтсе де мынау жаны сүймеген некеден құтылу болды. Мына дайындалған сыбағамен салыстырып қарағанда тонаушы күйеумен қосылу тағдыры анағұрлым артық көрінді. Маша Дубровский беріп кеткен жүзікке қарады. Оңаша бір жолығуға, ақтық минутта тағы бір келісуге көңілі қатты кетті. Дубровскийді кешке бақ ішінде беседка жанынан ұшырататындай болды да тұрды; іңір болысымен сонда барып күтіп отыруға байлады. Іңір болды — Маша шығуға қамданды, бірақ есігі сыртынан құлыптап бекітілген еді. Қызметкер әйелі Кирила Петрович шығарма деп айтты деп, сырттан дауыстады. Дұрысында Маша тұтқындаулы еді. Көңілі қатты жәбірленген Маша, түннің көп уақытына дейін шешінбестен қап-қараңғы аспанға қараған бойы терезенің алдында отырды да қойды. Таң алдында көзі ілінді, бірақ әлсіз ұйқыға қайғылы көріністі суреттер араласып мазасын кетіріп, шыққан күннің сәулесі оятып жіберді.
XVII ТАРАУ
Маша оянып кетті, оянғанда ойына алдымен өзінің қайғылы халі сап ете түсті. Маша қоңырау сылдыратып қызметкер қызды шақырды. Қыз келіп мұның сұрағына Кирила Петрович кеше кешке Арбатовқа барып кеш қайтқанын, Машаны үйден шығармаңдар және ешкіммен сөйлестірмеңдер! - деп қатты тапсырғанын, оның бер жағында тек попқа маған десе қандай жұмысы болса да деревнядан шығып, ешқайда кетіп қалма деп тапсырғаннан басқа, тойға деп жасалған ешқандай әзірлік көрінбейді дегенді айтты. Осы хабарды айтты да қыз Марья Кириловнаны оңаша қалдырып, есікті тағы да сыртынан бекітті.
Қызметкер қыздың сөзі тұтқындағы жас қызды қатты ашындырды, басы айналып, қаны тасығандай болды. Маша барлығын Дубровскийге хабарландырғысы келді, қайтсе де жүзікті айтылмыш еменнің қуысына жеткізудің амалын қарастырды. Дәл сол мезгілде әйнекке бір кішкене тас келіп тиіп, шыны сылдыр етті, Марья Кириловна терезеден қарады да әлдеқандай құпия түрде, белгі беріп тұрған кішкене Сашаны көрді. Саша тілін алатындығын өзі жақсы білетін-ді, сондықтан оның көрінгеніне қатты қуанды. Маша келді де терезені ашты.
— Саша, қалай, жақсымысың, мені неге шақырды? - деді.
— Апатай, менің сізге келгенім, айтарлық бірдеңесі бар ма екен деп келіп едім. Папам ашуланып жүр, сіздің тіліңізді алма деп жұрттың бәріне де тапсырды, бірақ бірдеме керек болса маған айтыңыз, мен бәрін де орындаймын, - деді.
— Рақмет, жаным Сашенька, бері қара, сен беседканың қасындағы қуысы бар еменді білесің бе?
— Білемін, апатай!
— Ендеше, сен мені жақсы көретінің рас болса, қазір соған тезірек жүгіріп бар да, мынау жүзікті сол еменнің қуысына сала ғой, жалғыз-ақ өзіңді ешкім көріп қоймайтын болсын.
Осыны айтты да, Маша жүзікті балаға тастай беріп терезені жапты.
Бала жүзікті алды да ұшқан бойымен жүгіріп ала жөнелді, үш минутке жетпей айтылмыш ағашқа келді. Ағаштың жанына келген соң, ентігін басып жүзікті еменнің қуысына салды. Шаруасын аман-есен бітіріп, мұнысын енді Марья Кириловнаға жеткізбекші болып, қайтайын деп еді, бір мезгілде бір көзі қыли, киімі жалба-жұлба жирен бала беседканың аржағынан шыға келіп, еменге барып қуысқа қол салды. Саша тиынша қарғып барып балаға жармасып, екі қолдан ұстап жабысты да қалды.
— Неғып жүрсің сен мұнда? - деді түсін суытып.
— Сенің не жұмысың бар? - деді бала босанып шығуға тырысып.
— Таста мына жүзікті, оңбаған жирен неме, әйтпесе мен сені үйретермін, - деп айғай салды Саша.
Бала жауап берудің орнына Сашаны беттен жұдырықпен бір қойды, бірақ Саша одан айырылмай бар пәрменінше айғай салды.
— Ұры, ұры, келіңдер, мұнда келіңдер!.. - Бала Сашадан босанып шығуға бар күшін жұмсады. Бала Сашадан екі жас шамасы үлкен, одан анағұрлым күштірек еді, бірақ Саша одан гөрі ымқырулырақ секілді. Екеуі бірнеше минут бойы алысты, ақырында жирен бала жеңуге айналды. Бала Сашаны алып соғып кеңірдектен алды. Дәл сол кезде бір күшті қол келіп баланың тікірейген жирен шашынан қапсыра ұстап алып жердей жарты кез жоғары көтерді, бұл - бақшы Степан еді.
— Ой, оңбаған жирен шайтан, сен бұл кішкене баринді ұруға қайдан жеттің!.. - деді Степан.
Саша ұшып түрегеліп жөнделе бастады.
— Сен менің ышқырымнан алдың. Әйтпесе саған мені жығу қайда. Дереу жүзікті бер де, жөнел! - деді.
— Олай емес, - деп жирен бала тұрған жерінде шыр айналған кезде тікірейген шашы Степанның қолынан шығып кетті.
Бала тұра қашты, Саша тұра қуып жете бергенде жауырыннан бір түйіп еді, бала пәрменінше етпетінен түсті де бақшы қайтадан ұстап алып, белбеуімен баланы байлап алды.
— Жүзікті бер, - деді Саша дауыстап.
— Барин, сен тоқта, біз мұны приказчикке апарайық та, жазасын берейік, - деді Степан.
Бақшы тұтқын баланы байдың қорасына алып келді, Саша жыртылған, көк шөпке боялған шалбарына алақтай қарай-қарай бірге еріп келді. Бір мезгілде үшеуі бірден ат қораны аралап жүрген Кирила Петровичке душар болды.
— Бұл не? - деп сұрады ол Степашин.
Степан қысқа ғана болған оқиғаны бастан-аяқ сөйлеп берді.
Кирила Петрович мұның айтқандарын көңіл қоя тыңдады.
— Сен оңбаған мұнымен барып қайдан байланысып жүрсің? - деді ол Сашаға қарап.
— Бұл еменнің қуысындағы жүзікті ұрлап алып қойды, папа, бер деші жүзікті, - деді Саша.
— Қандай қуыс ол қандай жүзік?
— Маған әлгі Марья Кириловна берген... сол жүзік...
Саша кірбеңдей бастады, сөзінен жаңылды, - Кирила Петрович қабағын түйді де басын шайқады.
— Мұнда тағы келіп Марья Кириловна араласты. Шыныңды айт, әйтпесе мен қазір сенің жоныңнан таспа аламын, - деді.
— Құдай біледі, папа, мен, папа... Маған Марья Кириловна ештеме де айтқан жоқ, пап, - деді бала.
— Степан, бар-дағы қайыңнан бір жақсы шыбық кесіп маған алып кел.. - деді Кирила Петрович.
— Тоқтай тұр, папа, мен қазір бәрін айтайын. Мен бүгін қораның ішінде жүгіріп жүр едім, Марья Кириловна апатайым терезені ашты, мен жүгіріп келіп ем, бір жүзікті жерге тастай берді; мен оны алдым да еменнің қуысына апарып тықтым, сөйтіп... сонан соң... мынау жирен бала сол жүзікті ұрлап алмақшы болды.
— Ол байқаусыз тастай берген жоқ, сен апарып тығып қоймақшы болдың ғой... Степан, бар да шыбық, әкел.
— Папа, тоқтай тұр, мен бәрін айтайын, Марья Кириловна апатайым маған жүзікті алып, еменнің түбіндегі қуысқа тығып кел. - деді. Мен жүгіріп барып айтқан жеріне қойып едім, сол кезде мынау оңбаған бала...
Кирила Петрович оңбаған балаға қарады да, ашулы түрмен:
— Кімнің баласысың? - деп сұрады.
— Мен Дубровский мырзалардың малайының баласы болам, - деді жирен бала.
Кирила Петровичтің бет әлпеті түнере түсті.
— Сірә, өзің мені мырзам деп білмейтін сияқтысың-ау! Жақсы екен! Ал, менің бағымның ішінде не істеп жүрсің? - деп сұрады Кирила Петрович.
Бала жайбарақат тұрған күйінше:
— Малина ұрлайын деп келіп ем, - деді.
— А, а, попы қандай болса, қауымы да сондай болатыны секілді, малайы төресіне тартады той, менің емендеріме малина шығушы ма еді?
Бала үндемеді.
— Папа, өзіне жүзікті бер деңізші, - деді Саша.
— Тыныш отыр, Александр, мен сенің сыбағаңды бергелі отырғанымды ұмытпа. Қазір өзіңнің бөлмеңе бар. Ал сен қыли, өзің бір бәлекетсің ғой деймін, жүзікті бер де, бар, қайта бер.
Бала алақанын жазды да, ештеме жоқ екенін көрсетті.
— Егер маған барлық шыныңды айтсаң дүре соққызбаймын, оның үстіне жаңғақ алу үшін бес тиын берем. Әйтпесе ойыңа да кірмеген нәрсені істетем, қане!
Бала жауап қайырмады, нағыз есуас адамдарға ұқсап, басы салбыраған күйінше тұра берді.
— Жарайды ендеше, мынаны апарыңдар да, бір жерге қамаңдар, қашып кетіп жүрмесін. Жақсы қамаңдар, егер қашып кете қалса бүгін барлығыңның да жондарыңнан таспа алынады, - деді.
Степан баланы көгершін қораға апарып қамады. Ие бол деп, құсшы Агафияға тапсырды.
"Мұнда ешқандай күдік қалмады. Маша құдай қарғаған Дубровскиймен байланысын үзбеген екен. Бірақ, неғып шынымен одан көмек сұрап шақырды екен?" - дегенді ойлады Кирила Петрович бөлме ішінде ерсілі-қарсылы аяңдап, "Күркіре жеңіс дауылын" айта жүріп. Кім біледі әлде мен оның тап басар ізіне кездескен шығармын, ол енді менен құтылып кете алмайтын шығар. Біз мұны да пайдаланып қалуымыз керек қой. А, а, қоңырау даусы шығады, құдайға шүкір, бұл полиция бастығы шығар.
— Ей, әлгі қолға түскен баланы мұнда әкеліңдер!
Ол екі арада арба қораға келіп кірді, ежелгі таныс полиция бастығы, үстін тозаң басқан, аптыққан бойынша бөлмеге келіп кірді.
— Қуанышты хабар айтайын, Дубровский қолға түсті, - деді Кирила Петрович.
— Құдайға мың шүкір, тақсыр, ол қайда? - деді полиция бастығы қуанышы қойнына сыймай.
— Былай айтқанда Дубровскийдің өзі емес, соның шайкелерінің бірі. Қазір әкеледі. Оның бізге атаманның өзін ұстауымызға көмегі тиеді. Міне, алып та келді, - деді.
Түрі қорқынышты тонаушыны күтіп тұрған полиция бастығы сырт көрінісі мейлінше нәзік он үш жасар баланы көргенде қайран болды. Ол аңырайған күйінше Кирила Петровичке бұрылып қарап, одан түсінік күткендей болды. Кирила Петрович бүгін таңертеңгі болған әңгімені сөйлеп берді. Бірақ Марья Кириловна туралы ештеме айтпады.
Полиция бастығы ақымақ болып көрініп тұрған кішкентай жауызға минут сайын жалтақтай қарай тұрып, өзге ештемені естімеген түрмен Кирила Петровичтің сөзін құлақ қоя тыңдады.
— Тақсыр, мен сізбен бір оңаша сөйлесейін деп едім, - деді ақырында полиция бастығы.
Кирила Петрович оны екінші бөлмеге ертіп кірді де, есікті бекітіп алды.
Жарты сағат шамасында бұлар тұтқын өзінің тағдырының немен шешілуін күтіп тұрған бөлмеге қайта келіп кірді.
— Барин сені қалалық острогке қамап, өзіне дүре соққызып, одан басқа жаққа айдап жібермекші болып еді, бірақ мен саған болысып бариннің кешірімін алдым, - деді. -Шешіңдер қолын.
Баланы байлаудан босатты.
— Енді баринге рақмет айт, - деді полиция бастығы.
Бала Кирила Петровичке таман жақындап келіп, оның қолынан сүйді.
— Бар, енді жөнел үйіңе, бірақ ендігәрі еменнің қуысынан малина ұрлаушы болма,-деді Кирила Петрович.
Бала сыртқа шықты, басқыштан көңілдене қарғып түсіп, артына бұрылып қарамаған күйінше Кистеневкаға қарай тартты. Жүгірген бойымен деревняға келіп, шеттегі шала құлаған үйдің жанына келіп терезе қақты. Терезе ашылғанда аржағынан бір кемпір көрінді.
— Әже, нан берші, таңертеңнен түк жегем жоқ, аштан өлгелі тұрмын,- деді бала.
— Митя, сен екенсің ғой, қайда жоғалып кеттің? - деді кемпір.
— Әже, соңынан айтармын, құдай ақына нан берші? - деді бала.
— Ойбай-ау, үйге кірсейші.
— Кіруге уақыт жоқ, тағы жүгіріп бір жерге барып қайтуым керек. Құдай ақына нан бер, нан!
— Әй, жүгірмек, мә нан, - деп кемпір міңгірлей сөйлеп бір үзім қара нан әкеліп берді терезеден.
Бала жұлмалай үзіп асап, ілгері қарай жүріп берді.
Ымырт түсе бастады, Митя маялардың, огородтың ішімен жүріп отырып, Кистеневка тоғайына келіп кірді. Тоғайдың шетінде бейне күзетші сияқты тұрған қос қарағайға келгенде, бала бөгеліп жан-жағына қаранды, бөліп-бөліп ащырақ ысқырып қойып, құлақ салып тыңдады; тоғай ішінен ақырынырақ, бірақ ұзақ ысқырған дыбыс естіліп балаға таман жақындай түсті.
XVIII ТАРАУ
Кирила Петрович өзінің әнін жайшылықтағыдан қаттырақ ысқырып залда ерсілі-қарсылы аяңдап жүр, сарайда көшірлер ат жегіп жатыр. Қора ішінде топырласқан жұрт. Киім киетін бөлмеде айна алдында қыздар, даяшы қыздар қамалаған әйел қозғалмастан бозарып сұлқ тұрған Марья Кириловнаны киіндіріп жатыр, бриллианттардың салмағымен басы бір жаққа қыңырайып, бір жаңғалақ қол түйреуішпен түйреп алғанда шошып кеткендей болды да, бірақ үндемеген бетімен айнаға қараған сықылданып тұра берді. Есік сыртынан:
— Енді қашан? - деген Кирила Петровнчтің даусы шықты.
— Міне, қазір, - деді әйел — Марья Кириловна, түрегеліп айнаға қараңызшы, ұнай ма екен?
Марья Кириловна түрегелді де, ештеме жауап қатпады. Есік ашылды.
— Қалыңдық әзір болды. Тек арбаға мінуге рұқсат етуіңізден бөтен ештеме жоқ, - деді әйел Кирила Петровичке.
— Құдай жолын қылсын, - деді де Кирила Петрович стол үстінен бұрқанды алып: — Маша, бері кел енді батамды берейін, - деді.
Сорлы қыз барып аяғына жығыла кетіп, өкси жылап қоя берді.
— Папатай, - деді көзден жасын сорғалатып, булығып даусы да шықпады.
Кирила Петрович батасын беруге асықты, қызды көтермелеп тұрғызып алып, сүйреп әкелгендей тыл арбаға мінгізді. Өкіл шеше мен қызметкер әйелдердің бірі мінді. Бұлар шіркеуге қарай жүрді. Шіркеуде бұларды күйеу күтіп тұр еді. Қалыңдығын қарсы алуға шықты да қыздың өңі қашып, түсі өзгеріп кеткендігіне қайран болды. Бұлар іші салқын, адам жоқ қаңғырып бос тұрған шіркеуге кірді, бұлардың артынан есік бекітілді. Поп алтарьдан шыға келіп, дереу ісіне кірісті. Марья Кириловнаның көзі ештеме көрмеді, құлағы ештеме естімеді, оның бар ойлағаны жалғыз-ақ нәрсе, ол таңертеңнен Дубровскийді күтуде. Дубровскийге арнаған үмітінен ол бір минут та жазбады, поп бұған үйреншікті сұрағын беріп мойнын бұрғанда, Маша селк еткендей болып сілейіп тұрып қалды. Жауапты кешеуілдете түсті, әлі де күтуде болды; поп оның айтқан жауабын күтпей-ақ енді қайтарып ала алмастық сөздерін айтып салды.
Ресім орындалды. Маша сүйкімсіз жардың мұздай суық сүйісін сезгендей болды, тұрғандардың жағымсынған құтты болсынын естіді, сөйте тұрып бүтін өмірі торға шырмалғандығына, құтқарып алу үшін Дубровскийдің әлі күнге дейін жетіп келе алмағандығына түк сенбеді. Князь оған еркелете сыпайы сөздер айтты, бірақ оны Маша ұқпады. Бұлар шіркеуден шықты, есік алдында Покровскийдің шаруалары толып тұр екен. Машаның көзі бұларды бір шолып өтті де, бұрынғыша сұлқ қалпына қайта түсті. Күйеу, қалындық арбаға бірге мінді де, Арбатовқа қарай жөнелді, бұларды шығарып салу үшін Кирила Петрович те солай жөнелді. Жас келіншегімен қатар келе жатып князь келіншегінің қабағы салқындығына түк те қымсынған жоқ. Ол түсінік сұрап немесе адамның күлкісі келерліктей шаттанғандық көрсетіп, келіншектің ішін пыстырып жалықтырған жоқ. Ол сөз айтса жайымен ғана айтып жауап берерліктей, сұрақ қоймады. Сөйтіп бұлар он шақырымдай жер жүрді, аттарды селен арасындағы даңғыл жолмен айдап келе жатты. Ағылшынның рессор доңғалақты арбасының бұл жүрісте теңселгені де білінбеді. Бір мезгілде арттарынан қуып келе жатқан айғай естілді, арба тоқтады да, қару асынған бір топ адам арбаны қамап тұра қалды, бетін жартылай перделеген адам князьдің жас әйелі отырған жақтан келіп, арбаның есігін ашып:
— Сіз енді азатсыз, кәне шығыңыз, - деді.
— Бұл не деген сөз, кімсің сен өзің? - деп бақырды князь.
— Бұл Дубровский, - деді әйел.
Князь қаймықпаған қалпымен жан қалтасына салып жүретін пистолетін алды да беті перделі талаушыны атып салды. Князьдің әйелінің айғайлаған дауысы шығып, үрейі ұша, екі қолымен бетін басты. Дубровскийдің иығынан оқ тиді, қан сорғалап қоя берді, князь бір минутты да босқа жібермей екінші пистолетін суырып алды. Бірақ оған жұрт екінші қайыра атқызбады, арбаның есіктері ашылып, бірнеше әлуетті қолдар князьді арбадан суырып алып, қолындағы пистолеттерді жұлып-жұлып алды. Князьдің айналасында пышақтар жарқ-жұрқ етті.
— Тимеңдер оған! - деп дауыстады Дубровский, сол кезде оның қабақтарынан қар жауған серіктері кейін серпілді.
— Сіз енді азатсыз, - деді Дубровский құп-қу шүберектей болып отырған князь әйеліне қарап.
— Жоқ, болары болды, біздің некеміз қиылып қойды, мен енді князь Верейскийдің әйелімін, - деді Маша.
— Не айтып отырсыз, сіз оның әйелі емессіз, ықтиярсыз кетіп барасыз, сіз оған еш уақытта да разылықпен тимекші емессіз.
— Мен разылығымды бердім, ант қылдым. Князь енді менің күйеуім болды, енді оны босаттырыңыз да, бізді жөнімізбен қоя беріңіз. Мен алдағаным жоқ еді. Мен сізді ақтық минутке дейін күттім... сізге тағы айтам, енді болары болып қойды. Бізді қоя беріңіздер, - деді әйел.
Дубровский одан әрі оның сөзін естімеді, жарасының ауырғандығы, қаны тасып, жаны толқынға түсуі әлсіретуге айналды. Дубровский дөңгелектің жанында тұрып жығылып кетті, талаушылар оны қамап алысты. Дубровский оларға бірнеше ауыз сөз айтты. Олар Дубровскийді атқа салт мінгізіп, үшінші адам атын жетелеп алды, арбаны, байлаулы адамдарды, доғарылған аттарды жолдың ортасында қалдырып түгін алмастан, атамандарының қаны үшін тамшы қандарын төкпестен, өз жөндеріне жүріп кетті.
XIX ТАРАУ
Жыныс тоғайдың ішіндегі енсіздеу алаңда биіктетіле топырақтан жасалған кішкене қорған бар-ды, бұл қорған дегеніміз - жалдап үйген топырақ пен ор, мұның ор жағында бірнеше шатыр мен жер үйлер бар. Қора ішінде қаптаған адам, неше түсті киімді, бәрі бірдей құралданған; түрлеріне қарап-ақ бұлардың тонаушылар екендігін білгендей-ақ, ортақ тайқазанның басында жалаңбас отырысып тамақ ішуде. Жолдың үстінде кішкене зеңбіректің жанында аятын астына басып күзетші отыр. Ол киімінің ор жерінен жамау бастырып ине шаншымға жүйріктігі даңғыл тігіншіден бетер, минут сайын жан-жағын шолып қарап қояды.
Кей бақырлар сан рет қолдан-қолға ауысса да, топ іші жым-жырт үнсіз. Тонаушылар түскі тамақтарын ішісіп, бірінен соң бірі тұрып, дұға оқып, кейбіреулері шатырларына, енді біреулері тоғай ішіне кетіп жатты, кейбіреулері орыс әдетінше ұйқыға қисайды.
Күзетші жұмысын бітірді де, жамап отырған тозған киімін жағасынан ұстап сілікті, жамауына ожырая бір қарап, инені жеңіне шаншып, зеңбіректің үстіне аттай мінді де, өңешін жырға айғай салып ескілікті әнге бастады:
Жасарған жасыл емен шулама анам9
Ойын бөлме, ой ойлайд жақсы балаң...
Дәл сол кезде шатырдың бірінің есігі ашылып, басына ақ шөпшік, үстіне сыпайы жөндем киген бір кемпір есіктен көрінді.
— Жетер енді, Степка, барин болса біраз тыныстап жатыр, сен өңешіңді жырта айғайлап отырғаның мынау, сендерде ұят та, аяу да жоқ,- деді кемпір ашуланып.
— Ғафу, Егоровна, жарайды, енді айтпаймын, мырзамыз тыныстап жатса жата берсін, тек тез жазылып тұрғай-ақ, - деді Степка.
Кемпір кетті де, Степка жалдың үстінде ерсілі-қарсылы аяңдап жүре берді.
Қоршаудың ар жағындағы кемпір шыққан шатырда, жолға алып шыққан кереует үстінде жаралы Дубровский жатыр. Алдындағы стол үстінде пистолеті тұр, қылышы бас жағында ілулі. Жер үйдің ішіне қымбат кілемдер ілініп төселген, бұрышта әйелдердің күмісті туалеті және шкапшасы тұр. Дубровскийдің қолында ашулы кітап, бірақ көзі жұмулы. Бұған қоршаудың ар жағынан қараған кемпір мұның ұйықтап жатқанын, не бірдеме ойлап жатқанын біле алмады.
Бір мезгілде Дубровский селк еткендей болды, қорған ішінде шу көтеріліп, Степка терезеден келіп басын сұғып:
— Әкем, Владимир Андреевич, біздің адамдар белгі береді, бізді іздеп жүр ғой деймін, - деді.
Дубровский кереуеттен атып тұрды, қару-жарағын алды да, шатырдан шықты. Тонаушылар у-шу болып, қора ішінде топтасып жүр екен, Дубровскийді көргенде жым басыла қалды.
— Түгелсіңдер ме бәрің? - деп сұрады Дубровский.
— Күзетшілерден өзгеміз түгелміз.
— Орындарыңа, - деді Дубровский. Тонаушылар әрқайсысы белгілі орындарына барып тұрды.
Дәл сол уақытта күзетшілерден үш адам жүгіріп қақпаға келді, Дубровский бұлардың алдынан шықты.
— Не болды? - деп сұрады Дубровский.
— Тоғай іші толған солдат, бізді қамап алуға айналды.
Дубровский қақпаны жабуға бұйырды да, өзі зеңбіректі көруге барды. Тоғай ішінен бірнеше адамның даусы шығып, жақындай түсті, тонаушылар дыбыс шығармай күтісті. Бір мезгілде тоғай ішінен шыққан үш-төрт солдат көрініп, жалт беріп кейін бұрылып, мылтық атып, артқыларына белгі берді.
— Соғысқа әзірленіңдер, - деді Дубровский, тонаушыларды сыбыр аралап, қайтадан бәрі тағы жым-жырт болды.
Сол кезде таянып қалған солдаттардың шуы естілді, ағаш арасынан жарқылдап құрал-саймандар көрінді, жүз елу шамасы солдат тоғай ішінен шыға келіп, айғай сала жолға ұмтылды. Дубровский пілтені тұтатты, оқ дәл атылды, біреуінің басын жұлып әкетті де, екі адам жараланды. Солдаттар арасында абыржу туды, бірақ офицер ілгері ұмтылып, солдаттар оның артынан еріп, жүгірген бойларымен орта келді. Тонаушылар бұларды мылтық, пистолеттерінен атқылап, қолға балталарын алып, жиырма шақты жаралыларын орда қалдырып, өршеленген солдаттар келіп шыға бастаған жалды қорғамақшы болды; соғыс қолма-қолға айналды; солдаттар жалға шығып, тонаушылар кейін шегіне бастады. Сол кезде Дубровский офицерге таман келіп, кеудесіне пистолетін төсеп атып қалғанда офицер қалпақтай түсті, бірнеше солдат офицерді көтеріп алып тоғайдың ішіне қарай ала жөнелді, өзге қалғандары енді бастықтарынан айрылып тұрып қалды, сол-ақ екен, тонаушылар қайта қайраттанып, дағдарыс минутын пайдаланып, солдаттарды тықсырып орға айдады. Қамаушылар кейін қашып, тонаушылар айғайды сала соңынан қуды. Бұлар енді жеңуге айналды. Дубровский жау жағының тобы бұзылғандығын көргеннен кейін өз адамдарын тоқтатып, қорғанды бекіттіріп, күзетшіні бұрынғыдан екі есе көбейттірді де, ешкімге шашау шықпасқа, жараланғандарды жинап алуға бұйырды.
Соңғы оқиғалар Дубровскийдің талан-тараж істеріне үкіметтің шындап көңілін аударды. Дубровскийдің жатқан орны туралы мәлімет жиналды. Не өлі, не тірідей қолға түсіру үшін бір рота солдат шығарылды. Оған қараған шайкадан бірнеше адамдарды ұстап алып, бұлардың арасында Дубровскийдің жоқтығын білді. Бірнеше күннен кейін Дубровский серіктерін жинап алып, енді бұларды біржолата тастап кететіндігін, тұрмыс түрін өзгерту керектігін айтып, кеңес берді.
— Менің қол астымда жүріп шеттеріңнен байып алдыңдар. Әрқайсыңның қашық губернияға өтіп кетіп, қалған өмірлеріңді адал еңбек, тоқшылықпен өткізе аларлық түрлерің бар, бірақ бәрің де бұзықсыңдар ғой, сірә, бұл кәсіптеріңді қалдырғыларың келмейтін шығар, - дегенді айтты.
Осы сөзден кейін Дубровский қасына бір-ақ адам ғана ертіп, өзгесін тастап кете барды. Қайда кеткенін жан білмеді. Алғашқыда мұндай сөздің растығына жұрт та сене қоймады, өйткені тонаушылардың атамандарына берілгендіктері мәлім еді. Тонаушылар оны сақтап қалуға тырысып айтады деушілер болды, бірақ, ақыры олардың сөзі шынға шықты, өрт, талан-тараж тыйылды, жол үсті қауіпсіз болды.
Енді бір хабар бойынша жұрт Дубровский шет елге өтіп кетіпті десіп жүрді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі