Өлең, жыр, ақындар

Қайран, мұрын-ай!

Қасақана автобустың да кешеуілдеуін-ай! Қызметтің басталуына бес-ақ минут қалды. Қайта-қайта сағатыма қарап, берекем әбден қашты. Қысылтаяң осы бір шақта, бастығымның «жылдық есеп, столымның үстінде болсын» деген кешегі тапсырмасы есіме түсіп, одан бетер қатты үрейлендім. Оның әжімсіз, торсиған толық саусақтары тұмсығыма кеп оқыс тірелгендей болды.

Әйтеуір, автобус та жетті-ау! Есігі ысырылып ашыла бергенде, бір жамбастап әзер-мәзер ішіне ендім. Иін тірескен адам... Шымшыма шайпау сөздер құлаққа түрпі дей тиеді. Қап ішінде торсылдаған торайлар, қыт-қыттаған әтештер, бәрі де көк базарға бара жатқан дүние!.. Біреудің добалдай етігі балтырымды сүйкеп өтті. Автобус әр жерде бір аялдаған сайын, тұздалған балықтай біз сіресе бердік, сіресе бердік... Бастығымның қолағаштай жұдырығы көзіме қайта-қайта елестейді. Әлдене болмақ? Ой, тәубе, сақтай гөр! Алған билетімнің номеріне қарап едім,— бақытты билет! Бүгін жолым болады екен. Он бойымды шарпыған қорқыныш шегініс жасап, көңілім жай тапты. Әлдекімнің етсіз, епшіл саусақтары сырт қалтамды еркін тіміскілегендей болды. Жүрегім мұздап кетті. Тапа тал түсте қалтаға түскен арсыз бейбақтың бетіне түкірейін десем, бұрыла алмаймын. Кондуктордан қайрылған ақша, әлгі бақытты билет те сол қалтам да еді. Зығырданым қайнап, қатты ызаланған мен, бөгде адамның қолынан шап беріп ұстай алдым. Өктем шыққан дауыстан өзім шошып қалдым. Әлгі, жібермей, ұстап тұрған затым — қаздың ұзын мойны екен!..

Автобус баяу ғана тоқтаған еді, мен шампанның тығынындай есіктен атылып кеттім. Елпектеп келем. Маған қарап сылқ-сылқ күлген бикештерге де мән бермеймін. Лайсаң, аласапыраң кез еді. Лезде бір аяғымнан су өтіп, туфлиімнің іші шылқылдап кетті. Бақсам, мә саған безгелдек, бір галошым жоқ. Пальтомның екі түймесі де түсіп қапты. Үшінші түймемнің өзі қисайып, әзер-мәзер жіпке ілігіп тұр. Автобусты қуа жөнелдім. Не шара, өкпем аузыма тығылып лезде болдырдым. Әттең, су жаңа галош еді!.. «Ішкен жеріңе галошыңды тастап кетесің»,— деп, келіншегім табалайтын болды-ау мені. Енді қайттім сорлы басым?!

Жалма-жан таксиге отырып, автостанцияға тарттым. Келіншегімнің бажырайған отты көзі, бастығымның шошайған жуан сұқ саусағы дегбірімді алып, берекемді әбден қашырды. Салып отырып автостанцияға да жеттік-ау! Сан номерлі, сан түсті автобустар. «Галошым түсіп қалған еді», — деп, қайсыбіріне кірем? Қой, мұным ұят болар.Әйде шофер, аяқкиім магазиніне!..

Машина тоқтады. Сырт-сырт еткен таксометрге қарасам «бір сом елу тиын беріңіз» деп тұр. Шоферға табаны күректей галоштың жарты құнын төлеп, магазинге кірдім. Туфлиіме шақ галош сатып алдым да, ақшасын сатушы қызға ұсындым. Қыздың көзі ақша арасындағы көгілдір билетке түскенде, оның жүзі гүл-гүл жайнап, маған сүзіле қарады.

— Ой, сіз неткен бақытты адамсыз!

Мен ізетпен басымды қайта-қайта иіп, есіктен шыға жөнелдім...

Сағат он екіден асып барады екен. Қызметке түстен кейін баруды мақұл көрдім де, көктем самалына жүз тосып, көше бойлап келе жаттым.

Шәуке!— деді біреу майда қоңыр дауыспен.

Мен кілт бұрылып, артыма қарадым. Өзімнің ескі бір досым екен. Біз қысқа амандықтан соң, жүре сөйлестік. Досым ділмәрсіген бір қу еді, үсті-басыма күлімдеген сыршыл көздерін сүйкей қадады да мысқылдай жөнеді.

— Түймелерін, түзге түнегеннен сау ма, тіпті, мойындары солбырайып кетіпті ғой, Шәукесі?.. Әйтеуір, бауырым, үйдегі замандастан опық жеп жүрме!..

Дос әзілін қабылдап, мен оның осал жерін іздестірдім. Ол табылды да.

— Құрбыжан, немене, мұрныңның ұшын әтеш шұқып алған ба? Шамасы, тары көже ішіп отырып пысқырып жібергенсің де, орамалмен сүртуді ұмытып кеткенсің ғой деймін... Тауық атаулының дәнге өш екенін білмейсің бе, пақыр-ау?

Ол ұзақ күлкіден езуін жиып, шынын айтты.

— Саған өтірік, маған шын, кеше Тастақта, он бірінші автобустан түсе беріп едім, кенет есігі құрғыр тарс жабылып, мұрнымды қысты да қалды. Жұрт шоферға байбалам сап, шулап жатты. Есіктің қайта ашылуы мұң екен, қан дегенің танаудан жосып-ақ кеткені...

— Е, есіктің жақтауы жұмсақ резинка емес пе?

— Әбден тозығы жеткен автобус қой жазған-ау. Есігінің екі жақ жақтаулары пышақтай, мұрын түгіл өзіңді де төрт бөліп түседі.

— Сосын?..

— Сосын, ауруханаға барып, мұрнымды тіктірдім... Сенбесең міне!..— деп ол айқыш-ұйқыш тыртық боп біткен тігіс орнын көрсетті.

Қайран, мұрын-ай!..

Тосыннан сәтсіздікке душар болған досымды қатты аядым.

Әлгі сатушы сайтан қыздың дәппе-дәл айтқанын қарашы. Досыма қарағанда мен әжептеуір «бақытты» екем. Досымның мұрны сұлу қазақы қыр мұрын ғой. Ал, егер мен оның орнында болсамшы?! О, айта көрмеңіз, онда мына тау халқына тән, сұрау белгісіндей қоңқақ мұрнымның орнын сыйпап қалуым әбден ықтимал еді... Сақтай гөр, құдай!.. Қайран, мұрын-ай!..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз