Өлеңдер Бөлімі

Мешел

Мешел ауруы балалардың сәби кезінен басталады. Оның негізгі себебі "Д" витаминінің жетіспеушілігіне байланысты. Кальций-фосфор ауытқушылықтары байқалу нәтижесінде сүйектің қатаю үдерістері, сонымен қатар жүйке жүйелері мен ішкі ағзалардың қызметтері бүліне бастайды.

Мешел кең таралған аурулар қатарында. Ол сәбилердің екі айлық кезінен басталып, екі жасына дейін тез дамиды. Дерттің күрделілігінен мешел медициналық-әлеуметтік мәселе ретінде қарастырылып отыр. Мешел белгісі табылған кезден бастап-ақ өзге де аурулар сыр бере бастайды. Солардың арасында остеопороз, остеомеляция, тіс жегісі, минелофиброз, қаназдық жиі ұшырасады. Кальций, фосфор жетіспеушілігінен сәбилер арасында үлкен дәретке отыра алмау қиындықтары кездеседі.

Отандық зерттеушілердің мәліметтеріне қарағанда, аурудың түрлері арта түсуде. Алайда, "Д" витамині бар арнайы дәрілерді қолдану арқылы кеселдің ауыр түрлерін азайтуға біршама дәрежеде қол жеткізіліп отыр.

Мешел — жеңіл, орташа және ауыр болып бөлінеді. Аурудың бастапқы кезеңі белсенді түрде өтеді. Алғашқы айдан-ақ байқалатын сырқаттың негізгі белгілері: мазасыздық, үркектік, ұйқының бұзылуы, тершеңдік және басқалары. Сүйек жүйелері зақымдана бастайды, ми сүйегі қатаймайды. Сол себепті ауру асқына түседі.

Мешелді анықтау ерте бастан қолға алынады.

Ерте анықталған ауру нәрестелердің тіс ауруларына, көз кемістігіне ұшырамауына септігін тигізеді. Қазіргі таңда мешелдің алдын алып, дер кезінде емдеу арқылы әлеуметтік ағарту мәселелерін де шешуге болады. Аурудың алдын алу екі кезеңнен тұрады.

Соның бірінші кезеңі нәресте өмірге келмей тұрғанда-ақ басталады. Осы кезеңде дәрігерлер жүкті әйелдердің тамақтануына, гигиеналық режимді сақтауына және еңбек қызметіне басты назар аударуы тиіс. Жүкті әйел дәрумені мол тағамдармен тамақтануы қажет. Жүктіліктің соңғы екі айында әрбір әйел күн сайын құрамында "Д" витамині бар 500 ХБ дәрісін қабылдауы тиіс.

Екінші кезеңде нәресте өмірге келгеннен бастап тиісті алдын алу шаралары жүргізіледі. Аурудың алдын алуда табиғи ана сүті, жеміс-жидек шырындары, ботқа тағамдары үлкен мәнге ие. Сонымен қатар таза ауада тынығу, баланы шынықтыру, массаж және гимнастика жасаудың пайдасы зор.

Б. З. Мусаинова, бала дәрігері


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

×