(Жаркент оязы, Тұзкөл болысы, Аламан ауылының Албаны)
Мен шілденің 10-ы күні Шалкөдеден келе жатып дүйсенбі күні Албанның Қарқараға жиналатынын есіттім. Шілденің 11-і дүйсембі күні Албан Қарқараға жиналды. Кеңесі, бала беру-бермеу. Көп бермеуге қаулы қылып келіп, Серікбай, Айтбай, Тұрлықожа — үшеуіне жауабын берді. Үшеуі келіп приставка айтты. Пристав бір ауық ашуланды. Бір ауық ақылын айтып, майдалады. «Қатты қатарға алынасыздар», — деді. Жұрт илікпей тұрып алысты. Аяғында пристав елге «тарқа, не жауап болса да болыстарыңнан естірсіңдер», — деді. Ел тарқады.
Мұның алдында «песір», болыстар шет пұшпақтап «іспескі» жазып жүр дегенді жұрт күңкіл қылатын. Әлгі жиналыстан қайтып келіп өзіміздің «песірдің» қолындағы «кінағаны» тартып алып, жыртып тастадым.
«Песір» елге өкпелеп, «ел қарсы болды» деп протокол жазып көрсетпекші болып еді. Ел старшын басы бір қозыдан 8 қозы ақша қосып «песірге» бермек болып басты. Мен тағы Шалкөдеге жүріп кеттім.
3 — 4 күннен соң қайтып келе жатып Қарқараға Әбдіқалықты шақыртып кеткенін және мені іздеп жүргенін естіп, үйге келдім. Үйім у-шу боп жылап отыр екен. Болыстан білейін деп болысыма келіп едім, «сені ұлық бізге тап деп жатыр, айналайын, ұлыққа барайық», — деген соң екеуміз ұлыққа келдік. Пристав бізді Кравченковқа жіберді. Келдік. Келісімен мені екі солдат бағынға алды. Әрі-беріден соң Кравченков шақырып, жауапқа алды.
— Ұзақтікінде бие сойғанның ішіндемісің? — деді. Мен «білмеймін», — дедім. Қағазға қол қойдырып алып, мені Әбдіқалықтың қасына абақтыға тықты. Серікбай да сонда екен. Екі күн жаттық. Бір күні кешке жақын Қарақолға бізді жаяу, өздері атпен үш солдат конвойлатып айдады. Сол күні жолда Қарақолдан бір арбалы орыс келіп «қырғыз бүлінді» деп хабар қылды. Бірақ отан солдаттар не қыларын білмей жолда тоқтап тұрғанда Қарқарадан жасауыл келіп, бізді қайта әкеп абақтыға тықты.
Ол күні жаттық. Ертеңіне біздің үстімізге 12 тараншыны әкеп жапты. Базардағы барлық саудагерлер, адамдар нәрсесін тасып, ұлықтың үйін айнала жиналды. Оған ор қазылды. Арбадан қорған етілді. Ертеңіне кешке бізді ел жатарда абақтыдан Жаркентке қарай 15 солдат айдап шығып кетті. 3 қазақ, 12 тараншымыз. Тобымызбен томпылдатып өгізше қуып келеді. Жардың жағасына жеткенде Маңсыр деген бір тараншы болдырып, оны өзге он бір тараншы алмаулап отырысты. Қарқараның тоғанынан өткенде әлгі тараншыны алып жүре алмады. Ол жерге жығылып, аузын ашып жатқанда бір солдат ат үстінен мылтықтың істігімен найзалап... кетті. Тараншының құлындағы даусы шығып бақырды. Біздің иманымыз ұшты.
Таңға жақын Кегендегі пошта станциясына айдап келді. Бізді бір беті ашық қораға қамап қойып, солдаттар шай қайнаттырды. Шайдан бір-бір ожау шай ішіп, таңдай жібіттік. Солдаттар тағы жүрмек болды. Серікбай, Әбдіқалық «Біз жүре алмаймыз. Ақыр өлтіресің ғой, осы жерде өлтір», — деп отырысып алысты. Орыстар ұрмай-соқпай аз балдырласып алды да «жүріңіздер, әлгі арбалы тараншыға жетелік. Соның арбасына сендерді түсірем», — деп жалынғандай болып алып жүрді.
Қайқыға жақындағанда Серікбайлар тағы жүре алмады. Жалынып біраз демалыстық. Демалған жерде солдаттар мылтығына оқ, салып, тасты, шиді атысып күліп отырды.
Тағы айдады. Әбдіқалық, Серікбай жүре алмады. Оны аттың бауырына алып ұрды. Мен Серікбайды демеп алып жүрдім.
Сонда күн сәске. Артымызда келе жатқан солдаттың мылтығы тарс еткенде, алдымызда келе жатқан бір тараншы жалп ете түсті. Тарс-тұрс. Түтін-тұман. Аттамай, Серікбай екеуміз қабат жығылдық. Біз жер бауырлап жата бердік. Бізде қимыл жоқ. Аздан соң, Серікбай: «Ай, Әбдіқалық, көтер басыңды!» — деп екі-үш айқайлап жібергенде, мен шошаңдағанымда Әбдіқалық: «Қозғалма!» — дегенін білем. Үстіме бір тараншы және құлады. Бауыздаған малдай тыпырлап жатыр. Не заматта бас жағымнан сайманын салдырлатып бір солдат аттан түсті. Мылтығын сақырлатқандай болды. Жерге кіріп барам. Кеудемде жаным бар-жоғын білмеймін. өне бойым шымырлап, өліп бара жатқан секілденем. Құлақ шекеме бірдеңе шақ ете түсті... Өліп кеттім... Орыс дабырын құлағым естиді. Әбдіқалықты тінткендей болды да, менің алқымымнан көтеріп, менің қойны-қоншымды тінтті. Мен аузымнан тілімді шығарып жіберіп дем алмадым. Жан әсерін сездірмедім. Тінтіп болып мені сылқ еткізіп тастай берді. Мен естен айрылдым...
Қанша жатқанымды білмеймін. Өзім тірі сияқтымын. Бірақ тіршілігіме сенбеймін. Көптен соң ың-дың басылған кезде басымды көтерсем, бір жақ шекем томардай болып, көзім шытып кеткен екен. Ауырғаны білінбейді. Сипасам — көзім қатқан қанды топырақ. Сыпырып, көзімді аштым. Құлақ оқта кеткен екен.
Басымды жұлып ала сала Ақшоқының тауына қарай жан-далбаса ұшырдым. Біраз жүргесін бір шилеуітке келіп бұғындым. Тілім аузыма сыймайды. Шапанымды көлеңке қып жығыла кетсем, ұйықтап қаппын. Күн екінді бопты. Ілбіп жүріп бір бастау (тұма) тауып, су ішіп, ол алдым. Онда талып, тағы ұйықтап қаппын. Күн бата оянып, жаяу жүріп келе жатсам, екі атты кісі жолығып, мені мінгестірді. Ертеңіне Көміршінің сазына үркіп барған елдің артынан жеттім.
Ел онан ары және үркіп, Құлжа ауданына барды. Малдан айрылып қалыппыз. Бір қызымның арқасында қыстай Қытай жерінде жан бағып шықтым. Мекалай түсіп, құрият болған соң, 17-жылдың жазына қонысқа жаяу шұбап келдік.
Қарқарадан айдалған 15 кісіден бағанағы алғашқы жатқан Маңсыр тараншымен мен құтылдым. 13-і Қайқыда, атқан жерде қалды. Серікбай, Әбдіқалықтың моласы сонда. Бәрінің сүйегін жинап, сол жерге көме салыпты.
(Қолжазба араб қарпінде. ҚP Орталық мемлекеттік архиві: Қор — Р-1368; тізбе — 1; іс — 56).
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі