Өлең, жыр, ақындар

Су таситын көк есек

«Таңертеңмен бір сұлу қыз суға барады о-о» деген ән біздің ауылда өтпейді-ау. Жо-жоқ, ауылдың қыздары ұсқынсыз деп тұрғам жоқ. Оның орнына «таң ертеңмен бір көк есек суға барады» деген жөн. Бізде есектің арқасына екі флягті артады да жібере салады. Жай басып ол бейшара құдықтың басына қарай өзі кетеді.

Осы біздер «Миы жоқ ЕСЕК» деп ұрсып жатамыз, ал ол бейшараның миы болмаса суға өзі бармас еді ғой. Құдықтың басына барады да тұрады салбырап, «қашан нетеді, қашан су құйып береді» деп. Шлангіні салып су құйсаң, қайта кетеді үйіне қарай. «Есектің өзі арам, еңбегі адал» деген. Ал біздің үйде есек жоқтұғын. Су әкелу сары айғырдың мойнында. Өзі асау айғыр. Онымен суға барған-экстрим. Біздер-вольный смертниктерміз. Көшеде өзімен өзі, ешкіммен шатағы жоқ ұшып жүрген салафан, қағаздардан үркіп, байтал көрсе шайтан көргендей делебесі қозып тұратын. Жазда арқасына екі флягты байлап, қыста дәәәу ат шанаға 6 флягты, 2 кателок, 1 бедон, 1 шәйнек...т.с.с салып алатынбыз. Бізді көріп біреулер «үйлеріңде ыдыс қалды ма», «пиалаларың қалып кетіпті», «бокалдарың қайда» деп келеке қылып жатады. Бізге бәрібір, бастысы сол ыдыстар үйге аман есен, төрт көзі түгел, көзі деппін ғой қыры түгел, сыры кетпей, сынбай жетсе дейміз. Сол кезде түсінген ем есектің қадірін. Өзі ыңғайлы, жуас мал. Арқасынан флягты шешіп алсаң да топ етіп жерге түсе салатын. Ана сары айғырдың арқасынан флягты шешу үшін де біраз азаптанасың. Кейде «сақ» етіп аяғыңа түсіп кеткенде «қыңқ» ете қаласың маңдайдан тер шығып. Айғыр да басын бұрып иығыңнан тістеп алғысы келіп зорға тұрады. Мені иықтан, нағашы апамды дәл бетінен «сүйіп» алған еді оңдырмай.

Үйде сарылдап ағып жатқан судың қадірін білемін осыдан кейін, тәубе.


Пікірлер (1)

Алия

Өте жақсы деп айтуға болады,əрі түсінікті)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз