Эссе және өлең-жыр байқауы

Қалқоз қорасында

"Жаңа тұрмыс" артелі бастап құрылғанда айта қалғандай ешбір өзгешелік болған жоқ. Ауданнан біреу өкілмін деп келді де, ауылдың қатын-қалашына шейін жинап алып, баяндама сөйледі: "Қалқоз боламын дегендерің осы жерде жазыласыңдар, мен ұйыстыруға келген адаммын"— деді қысқасынан қайырып.

"Қане, қайтеміз?" деп, жиылыста отырған ауыл адамдары біріне-бірі қарасса да, бұра сөз айтатыны табылмады. Сосын "қалқоз боламын" деген қаулыны бір дауыстан өткізіп берді.

Қалқоз басқармасының ағасы Қалқай, хатшысы Көдебек болды.

Жиналыс қаулысын, қалқоз тізбесін құшақтап өкіл ауданға тартты.

Бұл — ноябрьдің іші еді. Ұзамай соғым сойылды. Үй басы қазан-қазан ет асылды. Қыдырыс, түстеніс басталды. Құда түсу, қыз ұзату да болды. Ауыл өзінің жайшылықтағы өмірімен аға берді.

Бір күні Кәдірберген отағасы сасқалақтап жүр:

— Ауданнан шығыпты. Өкілмін дейді. Қалқоз бастығы керек деп Қалқайды сұрайды. Қалқай Данас ауылына той іздеп кетіп еді,— деп.

— Өзі ауданнан шыққан соң, өкіл болған соң, тегін кетпес, Қалқайға протокол істеп кетер-ақ,— деп ауыл болып қырындай бастайды.

Бірақ, өкіл үйтпейді, келгендермен күле сөйлесе отырып, жұмысының жайын айтады. Қалкоз туралы түсінік береді, қалқоз басқармасының міндетін ұғындырады.

— Сәлеміңді жеткізейік, шырағым, басқарманың бастығы да, хатшысы да бір жұмыспен ел аралап кетіп еді,— деп Қәдірберген отағасы майдалап жөнелтеді.

Өкіл келіп кеткенін есіткен соң Қалқай ойда қалды. Қалқай ессіз жігіт емес. Айыбы хат танымайды. Жасы қырыққа жақындап барады. Он жылдан артық кісі есігінде жүрген жігіт. Жұмысқа араласып адам бола бастағаны екі-үш жылдан бері ғана. Осы аз уақыттың ішінде-ақ жақсы мен жаманды айыра бастаған қалпы бар... Оның үстіне, той іздеп барған ауылында қалқоз бар екен, басқарма ағасы Қалқаймен бұрыннан таныс жігіт қой, басқарма үйіне апарып, жұмыстарымен таныстырды: кәдімгі кеңсе құсап қалған!

— Біздікі осы, өздеріңдікі қалай?— деп ол Қалқайға сұрау бергенде, Қалқай ешнәрсе айта алмай мүдіріп қалды.

...Қалқай ауылдың жалпы жиылысын шақырды. "Қара шоқы" басында отыз бес үй бар, соның үшеуі ғана қалқоз мүшесі емес, басқасы тұяғынан мүше. Мүше болғанда, өкіл ұйыстырғанда "боламыз" деп қол көтергендер. Сол жердің өзінде бірсыпырасын өкіл тізбеге алған сияқты еді, ол тізбе өкілдің өзімен кеткен, Қалқайдың қолында тұлдыр жоқ. Қалқай өзін сол жиылыста басқарма ағасына сайланғанын ғана біледі, қалқозының атын "Жаңа тұрмыс" қойғанын ғана біледі, хатшысы Күдебек екенін біледі. Осынан басқа ешбір белгі болса бұйырмасын.

Құлатайдың үйіне жұрт сығыса толды. Жәкең, Сартайлар тор алдына жантайды. Қысылып, қымтырылып отыратын шеттен келген өкіл жоқ, жиылысты шақырып жүрген өз балалары.

— Қане, жұмыстарыңды айтсаңдаршы,— деді Жәкең. Жұрттың дабыры бәсеңдей түсті.

— Жұмыс демекші, менің балаларға айтайын деп жүргенім бар еді,— деп Ержан жүгініп отырды,— Осы ауылда жиылыс болса, менің үйіме ашасыңдар, басқа үй, әлде бұйырмай ма?

— Үйді сөз қылма, Ержан, мына қалқоздың сөзін есітейік, не айтар екен? Дәу де болса бірдеме бер дегелі отырған шығар. Үйді сөз қылу заманы өткен, қалқоз керек десе, қатыныңды да бересің!— деп Жүсіп бір бүйірден сөз қосты. Өзі мысқылдаған түрмен күлейін дейді.

Жұрт тікірейе қарады. Жантайып жатқан Жәкең де басын көтерді.

— Бұл қай сөзің, Жүсіп?— деп Жәкең іле түсті.

— Мен есіткенімді айтамын: қалқоз болған елдер жылап отыр,— деп Жүсіп сазара түсті.

"Бұл қалай?" дегендей болып, жұрт біріне-бірі қарасты. Пеш жанында отырған қара кемпір "астапыралдасын" айтып ішінен оқынып жатты.

Тына қалған жұртты Қалқай серпілдірді:

— Жүсіпті кімнің айдап салып отырғанын білеміз. Оған қарап біз бірлігімізден айрылмаймыз. Қалқоз боламыз деп айтқамыз, сол сөзімізден шығамыз!— деді Қалқай.

— Айтсаң, өзің айтып жүрген шығарсың, саған төрелік керек. Сенен басқа кім айтты дейсің? — деп Жүсіп ілінісе түсті.

— Ол бұзықтығыңды қой, Жүсіп, осы отырған жұрттың бәрі де тірі, өз ауыздарынан-ақ айтқан. Айтқандарың рас еді ғой, көпшілік? — деп Қалқай көпке қарады.

— Жасыратын несі бар.

— Айтылуы айтылған! — деп көптің бір-екеуі күмілжіді. Біреуді-біреу түртті сөйлеткендей болып отырып, көпшілік жамырамаға айналды. Есіткен-білгеннің бәрі ортаға салынды. Қалқоз болған ауылға барып келгендер, қона-түстеніп жатқандар да бар екен, олар да нақ Жүсіптікіндей адам шошынарлық ешнәрсе тауып айта алмады. Жүсіптің хабары аяқсырап, жұрт қайтадан қалқоздың әңгімесіне көшті. Қалқай көптің алдына "боламыз ба, болмаймыз ба?" деген мәселені қайта қойды.

— Болу керек! — деді Жәкең.

— Болмаған деген не, қалқоздан қашып кедей қайда бармақшы?— деді Арыстан.

— Қарық боларсың! — деп Жүсіп оны бір іліп тастады.

Қалқай жиылысты шақырғанда қалай басқару керек екенін, не жұмыс бітіретінін анық біле алмаған секілді еді, енді сол міндет өзінен-өзі ашылып, айқындала берді. Қалқай Жүсіптің сөзіне бір қызарып, бір сұрланып отырып, төзе алмады:

— Жүсіп, сөзіңді қысқарт! Қоймайтын болсаң, жиылыстан шық! — деді.

— Ау, абайлап сөйле, — деп Жүсіп шатынай қалды.

— Абайлап сөйлемеймін. Байдың құйыршығының бізге керегі жоқ! Тыныш отырмасаң, шығасың!

— Ол правоны саған кім берді?

— Біз басқарманың адамымыз, пүртекел істеп сотқа да бере аламыз,— деп булығып отырған Күдебек те сөзге кірісіп, өзі білмесе де бірер заңның шетін қылтитып қойды.

Жұрт қызды-қызды сөзге кірді. Ата-тек, күнә, сұмдық қазылды. Қай жағынан болса да, Жүсіп таразыны баса беретін түрі бар. Жүсіп бұрынғы байдың, бидің тұқымы. Осы күні де баймен әкей-үкей.

— Бай атаңның... Біздің жұмысымызға араласпаса екен. Осылар араласса, бізге оңу жоқ!— деп Ержекең сөзді қабырғадан қойды.

Жүсіп мүдіріп қалды.

Көптің даурыққан сөзі қорыттыла келе түйілді:

— "Жаңа тұрмыс" шын қалқоз болсын!— десті.

— Қалқоздың басқармасы болсын!— десті.

— Басқарма Әлімнің үйіне орнасын!— десті.

Жиылыс қаулысын қағазға жазу Қалқайдың ойына жұрт тарап бара жатқанда түсті. Ержекеңдер ұзап кеткен жерінен қайтып оралды. Қарындаш, қалам ізделіп, Күдебек қаулы жазды. Қаулыға жұрт тегісінен қол қойды. Ержекең қол қоя білмегендігі үшін, қазанның күйесіне бармағын бір сүртіп алып, қаулының оң жақ бұрышына салтақтандыра басты.

Ертеңіне Әлімнің үйіне "Жаңа тұрмыс" қалқозының басқармасы орнады. Ауыл жігіттері тегіс жиналып, біреулері Әжігерейдің үйінен үлкен үстел көтеріп әкеліп жүр, біреулері ұзынша тақтайдың екі-үш жерінен аяқ қондырып, орындық істеп жатыр. Қалқай мен Күдебек қалам, қағаз әзірледі. Біреудің үйінен "Еңбекші қазақтың" ескі номерлері табылып, соның ішінен көсемдердің суреті шықты.

Суреттерді әкеліп, сол күйінде үйдің қабырғасына жапсырды. Әлімнің үйі әп-сәтте кеңсе түріне кірді. Төрге шейін қадағандап шашылып жататын аяқ табақ, шелектер біртіндеп ысырылып, үрпиісіп, босағаға топтанысты.

— Қане, Қалкай, бастықсың ғой, мына жерге отыршы,— деп Қасен Қалқайды қолынан тартып апарып, үстелдің нақ төріне отырғызды. Оған таяу Көбек отырды.

— Ал, енді не істеу керек?

— Ол жағын өздерің білерсіңдер,— деп Қасен күрсінді.

— Кеңсе болған соң жаза бастау керек қой,— деді Әбіш.

— Жаз, алдымен мені жаз!— деді Ержекең төне түсіп.

"Жаңа тұрмыстың" бірінші жұмысы басталды. Бірінші болып Ержекеңнің аты жазылды.

... Далада сықырлаған шана, дабырлаған кісі.

— Бұл кім болды екен?

Кіріп келсе — өкіл!

— Апырм-ау, жарапсыңдар ғой! Міне, жігіттердің ісі!— деп өкілдің екі езуі құлағында.

Содан былай Әлімнің үйі топырлаған кісі болды, жазылып жатқан жазу болды, қайнап жатқан жұмыс болды. Жұмыс көлігі, соқа-сайманы тас таяқтай қағылып есепке алынды. Бұ не? деп шошынған жан болмады, өйткені есепті алып жатқан өздерінің сайлаған басқармасы!

Қасен бір жапырақ қағазды Қалқайдың қолына ұстата берді. Қалқай біресе қағазға, біресе Қасенге қарайды. Түтеленген қағазда бадырайған қарындаштың ізі тұр.

— Мұның не, айтшы?—деді Қалқай.

— Бұл — арызым. Қатыным айрыламын дейді, соны айырып, азғырып отырған Жүсіп. Жүсіпті сотқа беріп отырған арызым!

Домалақ сары әйел, көзі жасаурап, о да үстелге келіп төнді:

— Ақыларың болмаса байымды өзіме беріңдер!— деді әйел сұрланып.

— Сенің байыңа таласқан кім бар?

— Таласпаңдар, өзіме беріңдер, "салқоздарыңнан" шығарыңдар. Мен бір ғана кісіге қатын бола алам. Ортаға салуға мен риза емеспін!— деп әйел жыламсырап, көзінен жасы ытқып кетті.

Жұмбақ ашылды. Даудың неден шыққаны анықталды. Қалқай о деп, бұ деп айтып көріп еді, әйел одан жаман өршеленді.

— Бұл түсінуден кеткен. Бұдан айрылсам да, қалқоздан шықпаймын! Бірақ Жүсіпті сотқа беремін!— деп Қасен сұрланады.

Сол күні Жәкең де иығы түсіңкіреп, басқармаға келгіштеп:

— Балалар, не хабар бар?— деп қайта-қайта сұрап жүрді.

Сұмдықтың үлкені жұрт орынға отыра болды. Қараңғы түнде терезе жап-жарық болып сала берді.

— Ойпырмай өрт!

— Кеңсе өртеніп жатыр!

Қалқай жан ұшырып жүгірді. Ауыл адамы қалмастан жиналды. Шаң-шұң дауыс, салдырлаған шелек, бұрқылдап лақтырылған қар. От бәсеңдей берді. Жалыны басылып, бықсыма түтінге айналды. Шығын жалғыз лапас болды, кеңсе аман.

— Үйі күйгір-ай, қандай адам екен от салған?— деді Зиба кемпір.

— Кім екенін білеміз, құтылмас, көрі қазылар!— деді Ержекең екі иінінен демін алып.

* * *

Қара бұлт қайнап, аспанда қоюлана түсті.

— Жарықтық жаз-ай, түрің басқа-ау!— деді Ержекең жадырай түсіп.

— Әсіресе, осы апрель ішіндегі бұлтты айтсайшы, осы күнгі жаңбыр алтын ғой,— деді Жәкең.

Қалқоздың қорасында "Жаңа тұрмыстың" жалпы жиылысы ашылғалы жатыр. Қора ішінде қатарланған жаңа соқалар, тізбектелген тұқым шашқыштар.

— Балалар-ау, мына біреулерің не, мұны мен көрмеген екем ғой,— деді Жәкең таяғымен түртіп, күлімсірей түсіп.

Жаңа әкелінген машина-соқаға колхоз мүшелері анталасып қарасып жатыр. Әйелдерге шейін осында Қасеннің әйелі де осылардың қақ ортасында, бұрын ұрып шалып жүрсе, енді екі езуі құлағында, жайраңдап жүр.

— "Жаңа тұрмыс" қалқозының жиылысы ашылды деп санаймын. Жиналыс басқаруға адам сайлап беріңдер,— деді Қалқай.

Жұрт қоғамдалып, тәртіпке келе қалды. Мәжіліс басқарушы Ержекең болды. Күдебек жиылысқа келген адамдарды санап алып, мәжіліс хатына "№ 14" деген санды ірі ғып жазып қойды.

Баяндамашы Қалқай. Бірінші мәселе — егін жоспары.

— Аудан 150 гектар себіңдер деп жоспар беріп еді, біз 200 гектар ғып өсіріп себуге ұйғардық. Тұқымымыз бар, көлік жетеді...

— Мақұл-ақ!

— Күш келсе, одан да асырыңдар!— деп жұрт жамырасып ала жөнелді.

Екінші мәселе: жұмысшыларды топ-топқа бөлу. Бірінші топ — 8 жігіт, бастығы Қасен, екінші топ — 6 жігіт, бастығы Әбіш...

Үшінші мәселе — рапорт.

— Ay, оның не?

— Онымыз — ауданға білдіретін рапортымыз, егіске тас түйін екенімізді білдіру!

Күдебек орнынан тұрып:

— Рапорттың сөзі мынау,— деді дауысын көтере түсіп.

Жұрт тесірейіп Күдебектің бетіне қарады. Күдебектің тарғыл беті, қисық көз, жайындай ауызы кейбір әйелдерге осы жолы анық көрінген тәрізденді, "Мына шіркіннің түрі қандай еді?" деп ойлағандар болды ішінен.

Күдебек рапортты бастады:

"Біз, "Жаңа тұрмыс" қалқозының жалпы мүшелері, бәріміз осы рапортты, аудан аткомге. Оның үшін біз өз еркімізбен қалқоз болдық: машин-сайман, жұмыс көлігін бірлестірдік, тұқымымызды тазарттық, дәріледік... Сондықтан біз аудан аткомге мынаны айтамыз:

1) бес соқа, 4 тырма, 25 пар әбзел жөнделіп әзір тұр.

2) аты, өгізі бар — 25 пар көлік күтіліп тұр.

3) қалқоз мүшелері бес топқа бөлініп, әр топқа бастық сайланып, топ жұмысына солар жауапты қылынды.

4) жоспардан 50 гектар артық себеміз. Бүл 50 гектарды Қазақстанның 10 жылдық тойына тарту қыламыз!..

Күдебектің оқып бітіруін бітірместен Ержекең бөліп жіберді:

— Сөз-ақ! Әсіресе, "Қазақстан тойына тарту" дегендерің мұндай дұрыс болар ма! Күдебек, шырағым, соныңның ішіне қосып жібер: жасы алпыстан асқанына қарамай де, қалқозды көркейту үшін де, Ержекең отағасымыз да "добробол" болып қалқоз жұмысына жазылды де!

Қара бұлт қоюлана келіп, көк жүзі салдыр-күлдір етті.

Қалқоз қорасындағы жиылыс қыза келіп, алақан сарт-сұрт ұрылды.

Көкте күн күрілдесе, жерде қалқоз мүшелерінің алақаны дүрілдеді. Екі дауыс біріне-бірі қосылды. Екеуі де бірінен-бірі күшті тәрізденді.

— Қаулы осы ма?— деді Қалқай.

— Осы!

— Ендеше, ертең соқаны шығарамыз!

Жаздың бірінші жаңбыры желдете, құйындата келіп, себелеп төгіп жіберді.


Қарап көріңіз



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

×