Өлең, жыр, ақындар

Бір адам

I

Күн батып бара жатқан кезде төрт-бес адам бас қосып, Әлекең шомының басына шықты.

Күндізгі салқынның кеші еді. Күн ұзаққа соққан өткір жел кешке қарай баяулап, аздап қана салқын лебі бетті сүйіп өткен секілденді. Ауыл ың-жың дыбырлаған адам, кісінеген жылқы, мөңіреген сиыр, маңыраған қой — бәрі қосылып түбектегі жиырма шақты үйді басына көтеріп барады... Әйелдері сиыр сауып, ересектері өрістен келген қойларын бөліп алысып, қыз-келіншектері су тасып сан-сапалақ жүріп жатыр... Әлдекімдердің «еркенің өспесін, жұлының үзілсін» деп біреуді қарғағаны, жеті атадан қозғап біреуді боқтағаны, «әже, нан!» деп бір баланың жылағаны — бәріде осы ауылда... бәрі де тынық кеште қайнаған ауылдың ішіне сіліп жатыр...

Шом басында тұрғандар,бір қарағанда ауылдың осы күйін тамашалап тұрған адамдар секілді. Ауылдың осы күйін жұмаққа мезгеп, бұдан артық тұрмысты көксемейтін, осы тұрмысын бұзбай өзіне беріп қойса, ырза болатын адамдар секілді.

Ақ таяғын кеудесіне тіреп, қара далбайды баса киіп Әлекең тұр. Екі қолын қусырып, бергеніңе шүкір дегендей насыбайын шырт-шырт түкіріп, нарттай жанып Әлекеңнің мырзасы тұр...

— Сонымен болысты не қылыпты дедің?—деп Әлекең кеңесін соза берді. Жұмағұл насыбайын түкіріп алып, бастаған әңгімесін аяқтауға кірісті.

— Әпербақан Сәрсембайдан кетісімен Омардың Сыздығы қалаға барып, ұлықтарға жолығыпты. Онда әлгі Күрдегей дейтін бар еді ғой. Ана жылғы болыс. Ақрамдарды түрмеден шығаратын... сол осы күні тәуір орында қызмет қылатын көрінеді. Омардың Сыздығы сен содия болып тұрған кезінен таныс екен, сөлістерін жөндеп беріпті...

— Жөндегенде түсіретіні анық па екен ?

— Анық дейді, ісін кандидатына тапсырады екен білем... Бірақ болкомның хатшысы, бай баласы деп оған істі беруге қарсы болып түр дегенді айтты.

— Оның кім еді?

— Ол, әлгі Бейсен аулындағы Ыбырайдың баласы.

— Е, білдім... Баяғы Сәтекел үйіне молда болып тұрып, жұртқа ораза ұстатпаймын деп әуреленетін сабаз кен ғой... Ол бір бас терісі келіспеген неме еді. Елді бүлдіріп бара жатқан соң, Сәтекеңді қыздырып,үйінен айдатып шыққамыз... Құдайдың құдіреті, оңдырмайын дегенде осылай болады ғой, сан тимеске, сан тиіп, енді Ыбырай баласы ел билеген соң не қыларсың?

Әлекең күрсінді. Әлекеңнің ойына өткен күндер елестеді. Баяғы өзінің би болып, Ахметтің болыс болып, дәуірлеп тұрған кездеріндегі істерін ойлады.

— Ойхой, дәурен өтті ғой! — деді.

Бай мен мырзаның кеңесін Нұрғали бастан-аяқ тыңдады. Нұрғали осы ауылдағы мектептің мұғалімі. Аласа бойлы домаланған қатқан қара. Үстінде тозығы жеткен ескі пальтосы бар. Басында кепка, шашы жалбырап кепкасының артынан дудардай болып шығып тұр.

Болком хатшысы Аманбай дейтін. Аманбай Нұрғалиға таныс. Жасында медреседе бірге оқыған, бірге тәрбиеленген. Бір пікірлес болып, алғашқы кезде бала оқытқанда, араларынан хат үзілген емес... Аманбай не нәрсеге болса да жасынан икем еді. Бірге жүргенде де қандай жаңалық болса да, Аманбай бұрын естуші еді. Бұрын есітіп Нұрғалиға өзінше түсініс беруші еді... Нұрғали ол кезде Аманбайды бір ақылгөй, жетекші есебінде санайтын.

Нұрғалида қазір ол көзқарас жоқ. Нұрғали Аманбайды жек көреді. Жек көргендегі өзінше тағатын иықты кінәсі Аманбай өзгерді, бұрынғы жолдастықты, достықты аяққа басты дейді.

Өткен жылы Нұрғали Өскенбайдың аулында бала оқытты. Өскенбайдың ауылы өлке бойындағы ауылдың ішіндегі көңілдісі. Қыз десең осында, қымыз десең осында, ойын-сауық десең сонда, Нұрғали бүл ауылда тұрғанда, өзінше көрмегенімді көрдім деп ойлады. Сол күйін бұзбай тұра бергісі келеді...

Болыстық кеңес комитетіне әлдекімдер жасырып хабар беріпті: «мұғалім бала оқытпайды, аңдығаны қыз, ойнағаны қарта, ішкені арақ...» депті. Болыстық атком ағасы шақырып алып, кінәсін мойнына қойып, басқа жерге аудармақшы болды. Көңілі ұнатқан ауылынан Нұрғали кететін болды. Одан кеткенде қандай жерден дәм бұйыратыны белгісіз. Нұрғали сасып ескі жолдас еді ғой деп, Аманбайға барып мұңын айтқан: «мені орнымнан қозғалтпа» деп жалынған... Аманбай бұған жәрдем берудің орнына «жолдастық өз алдына, іс өз алдына, мынаны істегендерің рас болса, сенің орныңнан қозғамақ түгілі мұғалімдіктен шығарып тастау керек!» деген... Нұрғали содан бері Аманбайды жек көреді. Аманбайды адамшылықтан шыққанға санайды. Жалғыз Аманбай емес, жалпы коммунист болған адамға сезіктеніп қарайтын Нұрғали да әдет бар. Коммунист болғандары — күні үшін, бақыт үшін, ақша үшін болып жүр деп түсінеді. Оларға қарағанда өзін ұлт қаһарманы сияқты көреді. Өзі сияқтанған адамдар болмаса, ел елдіктен қалар еді дегендей болады.

Әлекең жерден басын көтере түсіп, балықшы орыс құсап қалбиып тұрған мұғалімге қарап, жымиып күлді.

— Молда, осы Ыбырайдың баласы сенімен бірге оқыған жоқ па еді, онымен таныстығың қалай? — деді.

— Таныспыз қой, — деп Нұрғали күмілжіді.

— Жоқ, құр таныстығыңды айтпаймын, реті келген жерде, сөз тыңдатарлық жәйің бар ма дегенім ғой...

Әлекеңнің сөзінде, жымиып күлген күлісінде «сен байғұстың қолыңнан не келер дейсің» деген пішін бар еді.

Нұрғали ойындағысын жасырмай айтуға кірісті:

—Жоқ, менімен араз. Мені адамға санамайды. Олар коммунистер ғой, төре ғой, үстен қарайды, — деді.

—Жой араздығын болмаса, коммунистер мұғалімге қарсы болмаса керек еді. Осы ауылға мектеп ашып беріп отырған Жұман коммунист. Екі күннің бірінде үйіне хат жазғанда: «мектептерің дұрысталды ма; мұғалімдерің дұрыс па?» деп қақсайды да жатады... Мұғалімдерді ұмытпаса, оны жазбас еді ғой, деп, Ербосын мұғалім сөзіне қол қоймайтындығын білдірді. Ербосын, манадан бері сақалын сипай түсіп, сөзді тыңдаумен отыр еді. Қостамай да, қарсылық та білдірмей, өзімен-өзі болып отырған адам секілді еді. Енді аяқ астынан мұғалімнің сөзін іле түскенін, Әлекең де, мырзада, Нұрғали да ұнатпайды білем, ежірейісіп қарады.

— Ерекеңнің білмейтіні жоқ, — деп Жұмағұл кекете түсті.

— Е, советтің еркесі ғой. Бұлар білмегенде кім біледі, — деп Әлекең мысқылдады.

Бай мен мырзаның екеуі бірдей іле түскенде Ербосынның жыны келді:

— Еркесі болайық-болмайық, білгенді айтқанға айыпты емес шығармыз деймін, менің қарауымша, коммунистер нақ мұғалімнің айтқанындай болмауға тиіс. Коммунистің бірі Жұман болса, үйіне келгенде отымен кіріп, күлімен шығады. Төрелікке қалғанда, Жұманның отырған орыны ешкімнен кем емес, ірілік қылса, солар қылар еді ғой...

— Жұманның ірілігін көре алмай жүрген шығарсың, ірілігі ұстаса кісіге айналып та қарамайтын мінезі бар. Оны қайтесің? — деп Жұмағұл мұқатпақ болды.

— Ол ірілікті бізге істемейді. Мүмкін, ұнатпаған байларына, мырзаларға істейтін шығар. Оған қарап Жұманды ірі деуге болама екен?

— Ай, құрып қал, осы сезің құрысын-ау, қит етсе, бай, кедей деп бөліне қаласыңдар. Бөлінгенде не таппақсыңдар? Советтің кедейді жарылқағанын да көріп отырмыз?! Бес-алты қараларына налок салғаннан басқа не бітірді? Мал бөліп берді ме? Құрал-сайман берді ме?!. Былтыр, Жұман ауылдық жиылыс болғанда, судырлатып, жұмақты бір күнде орнатқандай болып кетіп еді. Әлі берген дымы жоқ, жалғыз бітірген жұмысы — ауылға школ ашып еді, оған да үй таба алмай, ақырда менің үйіме оқытып отырсыңдар...

— Үйіңді тегін беріп отырсың ба, ақшамызға беріп отырсың, деп Ербосын жауапты қысқа берді.

Әлекең кейіп кетті:

— Боқжеген күшіктің айтып отырған сөзін! Сендерден ақша алмағанда, мен аштан өліп, көштен қалатын шытармын... Жақсылық қылғанның қадырын білу деген жоқ-ау. Менің жазығым сендерді л балаларың оқысын деген ғой...

Жұмағұл әкесінің сөзін бөлді. Мұндай сөзді Ербосын сияқтымен сөйлесудің өзі ар деп білді. Ербосын деген кім? Кешегі есікте жүрген малайы! Енді бүгін байға қарсы сөз айтпақшы... Масқарашылық емес пе?..

Әлекең мен Ербосынның сөзін тыңдап, Нұрғали мұғалім былай деп қорытынды істеді: Әлекең ел адамы, қайырымды кісі; Ербосын — дәлду, қыздырманың тіліне еріп азып жүрген адам, кісі жақсылығын бағаларлық құдіреті жоқ...

Қас қарайған кезде үйге кірісті. Байдың келіні Күлбарша, лапастың ішінде, лаулап жанған самауырынның жанында тұр еді. Қара көлеңкедегі оттың жарығында тұрып, сырттан қараушыға Күлбарша хор қызындай болып көрінді. Басқаға қалай болғанын кім білсін, Нұрғалиға солай көрінді. Нұрғали көзді қадады. Күнде көріп жүрсе де бүгін бір өзгеше адамды кездестіргендей қалыпқа кірді, ішінен: «Ым... сені ескеру керек екен!..»дегендей болды.

II

Жұмағұл мен Нұрғали қалаға келіп кіргенде, базардың жала қызып жатқан кезі еді. Ел ішіндегі поселке болғандықтан, мұның базарына келушілер де сол маңайдағы поселкенің орыстары мен ауыл қазақтары еді. Орысқа қарағанда қазақ ден, орысқа қарағанда қазақ саудасы қызу секілді: мал сойып, ет сатып тұрған да қазақ; темекі өлшеп сатып тұрған да қазақ; ескі-құсқы нәрселерді жиып, сатып тұрған да қазақ. Орыс, ноғайдың саудасы ірірек; олар товар мен сауда қылып түр...

Қала маңындағы ауылдардікі болса керек, бір-екі арбаға піспегін қақитып сабаны байлап қойыпты. Орта жастағы әйелдер, көзінен сорасы ағып, күпісіне қымтана түсіп, қымыз саудасын істеп тұр. Суықта қымызға кім жоласын, малайынан өткен адамдар ысырылып кетеді. Адырақ көзді кемпір тұсынан өткен адамға бір сөйлемей қалмайды.

— Ай,тамыр, қымыз жақсы, қымыз тәтті!.. дейді.

Базар қызу. Бірін-бірі ұтуға құмарланып өліп барады. Әсіресе кәперетіптің әлсіз жерінде, поселке базарлары осылай болмақ қой.

Базардағы бір қызу нәрсе ішімдік екен. Екі кісі қол соғып, саудасын бітіре бергенде, жанына жақындасаң:

— Мәгәріш, ішкі сезін! — деген сездері құлағыңа сап ете қалады.

Кейбір орыстар, мал сатқандар болса керек, бірер қазақты

ортасына алып, арбаның түбінде отырып, «көк мойынды» сіміріп жатыр. Күннің суықтығы, ұшқындаған қар ойларына кіріп те шықпайды. Қызу, жылы, екі беттерінен қызарып оты шығып тұр.

Базардың шеткі жағындағы брешкенің ығында екі бөтелке арақ. Арақ жанында туралған нан, сарымсақ, қазақ орта жасқа келген кісі. Сыпайылап қырыққан шоқша сақалы бар. Кішкене көзі жымиып, күлімсіреп тұрған секілді.

— Әйда, Иван, көтер, дүние екі айналып келмейді, — деді. г

Жирен сақалды Иван, стакандағы арағын сіміріп болып, шашалып жатып, түсінген-түсінбегені белгісіз:

— Да,да! — деді.

Иван айналып қарады да, бірдемеге қуанып кеткендей болып:

— Ай, Жұмағұл, мұнда кел!.. — деп айқайды салды. Сүріне-қабына орнынан тұрды. Жұмағұлдардың тұсындағы қаланікі, темір соғатын ұста еді. Жұмағұлмен әйдік тамыр.

— Әйда, ішесің! — деп бір стаканға толтыра арақ құйып берді. Екінші стакан Нұрғалиға берілді. Бөтелке үстіне бөтелке жамалды. Ішіліп жатыр, кетіп жатыр... Қан базардың іші, өткен-кеткендер күліп қарайды. Бұлардың ісіне қызығатынын, әлде мысқылдап күлетінін кім білсін... Бір кезде, бұрыннан ішіп отырған қазақ қызып кетті білем, былтырақтап Жұмағұлға төпей бастады:

— Сен мырзасың... Кәкөй шорт сен мырза... От, мен мырза болсам... Солай ма, Иван?.. Мен мырза бүкіл қара шұнақты бір уысқа сыйдырар едім... Өзім болыс болар едім... Солай ма, Иван. Ивандікіне қонаққа барар едім... Иван! Мен қонақ барсам, сен қалаш бересің?.. Мен саған арақ берем...

Жұмағұл баста тыңдап отырған сияқтанса да, артынан қызуланып кетті:

— Мен мырзалықтың жөнін сенен үйренбеймін! — деді.

— Үйренерсің, мен саған үйретуге жарармын...

— Жоқ, жарамассың...

— Сен түгіл әкеңе де үйрете аламын...

— Тарт тіліңді!

— Тартпағанда қайтесің?!

Оның ар жағында айтатын сөзді екеуі де таба алмады. Екеуі де жұдырыққа ерік берді...

Нұрғали зорға дегенде айырып, Жұмағұлды сүйемелдеп арбасына алып келді. Қызып алған Жұмағұл ақыл айтқанды тылдар емес, ақыл айтса, ерегісіп кетеді. Нұрғали да бастапқы кезде мас еді. Көзі бұлдырап, дүние айналып тұрған сияқты еді... Төбелес шыққан сол Жұмағұлдардың арасына түсемін деп жүріп, азырақ есін жинағандай болды. Қан базарының ішінде мас болып, құлап жатудың ұят екенін сезгендей болды. Әсіресе болыс жағынан біреулер келіп қалып жүрсе, мас болғанын көріп, орнымнан шығарып тастай ма деп қорықты... Арақ ішуге отырғанда, арақ ішіп мас болып, төбелеске кіріскенде, Нұрғалидың басына бұл ой кірген жоқ еді, арбаның қасына келгесін қайдан сап еткенін өзі де білмей қалды...

Бір-екі жас жігіт, кім екенін Нұрғали көзі бұлдырап айыра алмады, арбаның тұсынан өтіп бара жатып:

— Мырзаның жатысы жарайды! — деді.

Шынында да Жұмағұлдың жатысы қызық, арбаның жанында ұзыннан сұлап жатыр еді. Екінші біреуі тесе қарады да:

— Мынау сол ауылдағы мұғалім ғой!.. — деді.

Нұрғали айналып сыртын берді. Әйтпесе, сөзден құтылмады.

— Мырзанікі мырзалық болсын, қан базарының ішінде мұғалімнің арақ ішіп қылжаңдайтын жөні жоқ-ақ екен!.. — деді тағы біреуі.

Осы мен шынымен қылжыңдап тұрмын ба деп, Нұрғали арбадан ұстаған қолын босатып еді, тәлтіректеп құлап кете жаздады...

Бірдемеден шошып оянғандай Жұмағұл басын көтеріп алды:

— Молда, арақ әкел!.. — деді.

Екі бөтелке қалталарында, аттың басын жолға салып, екеуі арбаның үстінде ішуге айналды. Жұмағұл манағыдан гөрі есін жинағандай... Бастапқы кезде тілі тұтығып сөйлеуге келмесе де, арт жағынан ашылғандай болды...

— Мен, мырза. Менде мал коп. Әкем шал, өледі. Малдың бәрі менікі... екі жүз жылқы бар... Ортан қолдай күр жүрген жиырма ат бар. Әй, молда, сен білесің бе менің қара жорғам... Но жорға! Құла биенің баласы. Болыс болсам, қоңырау тағып үш қара атты жегер едім. Менің пәуескемді көрдің бе?.. Қатыннан келген... Менің қатыным сұлу ғой, молда, ә?.. Мені сүйеді... Мені жанындай көреді... Молда, мен болыс болсам, сен маған песір боласың ба? Бәлем Ордабайдан кек алсақ!..

Стакан жоқ болған соң бөтелкенің аузынан сімірді. Сімірген сайын шашалып, буынып қалған сияқты болады... Ат тоқтай қалды.

— Шырағым Жұмағұл, сенде жұмысым бар еді, — деп домаланған бір шал арбаға келіп төнді. Жұмағұл тесе қарады. Ұмтылып арбадан түсейін деп еді, Нұрғали басып жібермеді. Түсе алмаған соң қолындағы бөтелкені жіберіп кеп қалды. Бөтелке шалдың басынан асып барып, арбаға тиіп күл-талқаны шықты...

— Оңбассың, шырағым! — деп, шал арбасына мініп, жүріп кетті... Даланы басына көтеріп Жұмағұл сақылдап күлді. Күлгеніне ме, әлде шалға бөтелке жібергеніне ме, Нұрғали мырзаны жек көре бастады.

— Жынданып не? Тыныш қана отырсайшы! деп еді, басы қалтақтап Жұмағүл Нұрғалиға тесе қарады. Аузы жыбырлаңқырап тұрды да, тіпу... деп былш еткізіп бетіне түкіріп жіберді. Мырзаны сыйласа да, мырзадан қорықса да Нұрғали оның бетіне түкіре алмады. Кекте көрген жоқ... Көзіне әлденемелер елестеп, ойын бір жаққа бұрып әкеткен сияқты болды...

— Бұларың не, тұрсаңдаршы!.. — деген дауысқа Нұрғали көзін ашып алса, қас қарайып кетіпті, ат албарға келіп тіреліпті. Жандарында ашуланған сияқтанып па, күлген сияқтанып па — Күлбарша түр. Нұрғали бар әлін жиып күлімсіреген сияқты болды. Мырза арбаға ұзыннан сұлап қылжиған екен...

—Масқара ғой!.. — деп Күлбарша ренжігендік білдірді.

Жұмағұлдың отауында шай қайнап тұр екен. Нұрғали отырып шай ішті. Қанша ішкенін де білмеді. Аузы аузына жұқпайды, сөйлеп отыр, бірақ не сөйлеп отырғанын өзі де сезбейді... Оқта-санда Күлбаршаға көзі түсіп кеткенде, Күлбаршаның өткір көзін қадап, күлімсіреп отырғанын көреді. Одан сайын сөзді үдете береді...

Күлбарша төрге төсек салып берді. Нұрғали шешініп жатқан соң көрпе әкеліп жапты. Көрпе жауып кете бергенде:

— Жеңгей, бері келші! — деді.

— Неге, жай шақырдың ба?.. — деп жанына төніп еді, Нұрғали білегінен шап беріп ұстай алды.

— Ойбай, ұятты... Біліп қалар... деген Күлбаршаның бәсеңдеу ғана даусы шықты. Одан арғысын Нұрғали есіткен жоқ. Әлдене кезде есін жиғандай болып еді, үй іші тастай қараңғы екен: ит пе, адам ба — бірдеме бетін, мойнын жалап жатқан сияқты болды... Бұл — қойнында жатқан Күлбарша еді... Нұрғалидың есі кіргенін білді білем: .«

— Маған қиянат қылдыңыз-ау! — деді. Аржағы тағы сүйіске жалғанып тарта берді...

III

— Қане, мұғалім, қартаңды неден қойдың? деп, арық келген сіріңке қара жігіт, қолындағы қартаны араластырып отырып, ойнақшыған кішкене кезін Нұрғалиға қадап қойды..

— Алды үш, арты екі, бес сом...

— Әлгі бес сом бар емес пе?

— Но, бәрі он сом болды.

— Ақша дабай.

— Тарта берсейші, ақшаң кетер дейсің бе?..

— Болмайды, несиеге берілмейді... Қартан бәйгесіз, дет қарта тартып отырған жігіт екінші адамға бұрылып кетті...

Үй іші толған адам. Тартысқа жиналған бозбалалардың сорпаға шығарлары осында. Жұмағұлда ойнап жатыр. Ауылнай да бар...

Көптің көзінше ақшасы бітіп, ойыннан шығып қалуды Нұрғали өзінше ар керді. Ақша сұрап дігірлеген «бәнкешіні» ит етінен жек көрді... Ауылнайды тізесінен тартып:

— Маған жиырма сом бере тұрасың ба? — деді.

— Қой, шырағым, болмас, түнеугі отыз сомды да берген жоқсың ғой...

— Жалонжа алған со л берем ғой.

— Жалонжал отыз сом, артығын қайдан тауып бересің?..

Тыңдап отырған жігіттер қалжыңға айналдырды. Біреулері есік жақтағы балаларға айқайлап:

— Мұғалімнің ақшасы бітті, езбозшик шақырыңдар, — деді қалжыңдап.

Қарта тартып отырған жігіт Нұрғалидың алдындағы екі қартаны алып ашып тастады. Біреуі қиықтың тұзы екен.

— Мұғалімнің ақшасы болмай, «пожар» қор болды-ау... деп бір жігіт тағы күлді...

Нұрғали ашуланып тұрып кетейін десе де, қарта тарта бастаған сол кідірді. Сегіз қарта ашылды. Елдігі «девятый вал», қарта тартып отырған жігіт ептеп қана ашып қарады да, қуанған немедей жұлып алып, жерге қойып қалды. Киіздің шаңы бұрқ етті... «пожар» екен!

— Әй, мұғалім, таланың жоқ! — деп жұрт шу ете қалды.

Нұрғали күйікке шыдай алмай тысқа шыға жөнелді.

Қысқы аяз, түн, сасық үйден шыға келгенде, таза ауаның

бетке келіп соғып, денені жайландырып жібергендей болды. Түймесін ағытып Нұрғали азырақ салқындады. Қайта барудан мағына жоқ. Қарызға ақша беретін адам жоқ. Ендігі әдемісі тартыс болып жатқан үйге бару, қыздардың арасына отырып, ойнап күлу...

Қыздар есіне түскенде, Нұрғалидың ойына алдымен Ділдә келді. Ділдә Жұманның қарындасы. Ақ құба келген, бойжетіп отырған қыз. Мінезі, күлген күлісі, жүріс-тұрысы да басқа қыздардан бөлек секілді... Нұрғали бұл ауылға келгелі дұрыстап бір-ақ рет көрді. Жұманның әкесі де, шешесі де аңқылдаған адамдар: оқыған адам болса бәрін, Жұманның жолдасы болған соң, оны сыйлау керек, қонақ қылу керек... Өткен жұма күні Нұрғалиды да шақырған. Бұрын сырттан керіп байқамайды екен. Нұрғали Ділдәні сол жерде анықтап көріп еді.

Кішірек келген земленкенің есігінен төріне шейін сығылған адам. Кіріп келгенде, ыстық леп мүңкіп бетке соғады. Аспалы шам леппен тұншығып, қалтырап жанып, жарығы көмескі ғана түседі.

Есік алды толған балалар екен, мұғалім келе жатыр десіп, жарылып жол берді. Оң жақтағы пештен төрге шейін қыз-келіншектер қатарынан тізіле отырыпты. Оған таяу бозбалалар...

— Мұғалім келді, орын беріңіздер, — деді біреуі.

Жұрттың бәрі қарай қалды. Нұрғали аз-кем қарап тұрды да,

Ділдәға қарсы барып отырды.

Алақан соқпақ ойнап жатыр екен. Бір қыз бен бір жігіт белбеуді шиыршықтап есіп алып, жұртты аралап жүр. Кезек Ділдәға келді.

— Қолыңызды әкеліңіз, — деп белбеу ұстаған жігіт Ділдәға төне қалды.

— Ақырын ұрыңызшы, қолымның терісі сойылатын болды, — деп Ділдә күлімсіреп, жеңінен шығарар-шығармас қылып қолын ұсынды.

— Кім?

— Тап мына кісің! — деп Ділдә Нұрғалиды көрсетті.

Нұрғали күлімсіреп қолын соза берді. Еркекке келгенде қыз ұрады екен. Көнтек ерінді баттиған қара қыз, белбеуді дәлдеңкіреп ұстап, пәрменімен тартып өтті. Нұрғали ыршып түсті.

— Апырым-ай,ұрғаныңыз қалай қатты еді? — деді.

Қыз күлімсіреп:

— Кімде? — деп қысып барады.

— Сол кісінің өзіңде!

Ділдә мен Нұрғали екі-үш рет біріне-бірі сілтеді. Алақандары дуылдай бастады.

Ділдә еркелеген пішінмен:

— Бөтен біреуге аударсаңыз қайтеді ?.. — деді.

Ділдәнің айтқанын екі етерлік құдірет Нұрғалида жоқ екен. Кезекті басқа адамға бұра қойды, бірден-бірге кетіп есікке қарай ұзады.

Жұрт күбір-күбір сөйлесіп отыр, сырласып отыр. Қыз ба, келіншек пе біреу сыңқылдап күліп:

— Айтқаныңыз жаңа, асыққаныңыз не? — деді

Есіктен адамдар бұрылып қарады.

Ділдә мен Нұрғали қарама-қарсы тіл қатыспай едәуір отырды. Сөзді Ділдә бастады:

— Сіз қарта ойынынан келдіңіз білем...

Қарта ойынын айтқанда, Нұрғалидың ойына қиықтың тұзы келіп түсті. «Ауылнай жиырма сом бергенде бәнкені көтеретін едім!» деп ойлады. Ауылнайға, қарта ойнап отырған адамдардың бәріңе ішінен лағнат оқығандай болды.

Ділдә Нұрғалидың жауабын күтпестен, сөзін қайта бастады.

— Сіз осы кәменес емессіз бе?

— Неге?

— Әшейін сұрағаным ғой... көменес адам карта ойнамауға тиіс қой, менің баламның карта ойнау, арақ ішумен жұмысы жоқ...

— Менің сопы болғандығымды тілейсіз бе?

— Сопылықтан емес қой, қарта ойнау, арақ ішу деген жақсы мінез емес шығар деймін... Бар тапқанын картаға ұттырып азып-тозып жүргеннің не жақсылығы бар дейсің...

Ділдә мұны Нұрғалиға арнап айтқан секілді болды. Өзі ұтылып ашуланып отырған адам, кісі сөзін көтере ала ма? Нұрғали ашуланбақшы да болды, айыбын бетіне басып отырған Ділдәдан бұрылып, сырт беріп кетпекші де болды. Бірақ істей алмады. Нұрғали сол отырысында сиқырланып отырған адам сияқты болды да қалды. Ділдә күлкісімен, жұмсақ майда тілімен Нұрғалиды арбап отырған секілді. Айыбын бетіне айтып, мойындатып, ендігәрі соны істетпеуге тырысатын адам секілді...

— Сіз менің баламды көрген жоқсыз ба?

— Көрген жоқпын.

— Көріп таныс болуыңыз керек екен!.. Менің балам жақсы ғой. Ауылға келсе жұрттың бәрі де соның жанында болады. Кеш жұртты жиып алып ақылын айтып үгіттейді де отырады.

Ділдә ағасының жәйін айтты. Ағасының өзі оқытқанын, орысша ептеп хат танитынын, ағасының жаздырып берген газет, журналын үзбей оқитынын айтты...

— Сіз көрдіңіз бе, «Әйел тендігі» журналында бір оқыған жігіттің қызды сүйем деп алып кеткенін жазыпты... Еркектерде уәде жоқ болады ғой, деп Ділдә күлді.

— Еркек деп жалпы айтпаңыз, оның ішінен алдаушысын айырып шығару керек.

— Әрине, мен де бәрі бірдей сондай демеймін. Көпшілігінде осы мінез бар. Әйелге әлі күнге ескі көзбен қарайды. Әйелді мал орнына ұстағысы келеді. Шынында да әйелге қарағанда, еркектер бұзық қой. Не бұзықтық болса да еркектен шығады.

— Сіз, өз басыңыз біреуден жәбір көрген адам құсап соқтыңыз-ау.

— Өз басымның жәбір көрмегені кемдік емес, әйел атына келген кемдікке бәріміз де ортақпыз.

Сөйлесе берсе жеңіліп қалам деп қорықты білем:

— Оныңыз дұрыс қой, — деп Нұрғали сөзін бөліп жіберді...

Есік жақтағы бозбалалардың біреуі ән шырқап, өлең айтты:

«Ашамын айт дегенде боз белбеуім,

Болса да жаман, жақсы өз белбеуім.

Көп айдың көрмегелі жүзі болды,

Жүрмісің аман-есен, кез көргенім!..»

— Уай, пәле! — деп жастар жағы қостап қойды. ,

Үйге тал сәулесі кірген кезде жұрт тарады. Ділдә кетуге ыңғайланып тұрып:

— Ертең біздікіне келесіз бе? — деді.

— Барайын, — деді Нұрғали.

— Келіңіз, менде қызық кітаптар, журналдар, газеттер бар бірге отырып оқиық...

IV

Іңір әлеті. Үй іші қаракөлеңке, төр алдында аяғын көсіліп салып Аманбай отыр, оған таяу Нұрғали, шет жақта Жұман.

— Мен сізді айыптамаймын, — деді Жұман, — сіз адассаңыз біле-көре адасып отырған жоқсыз, сізді адастырып отырған елдің қулары. Елдің қуларына қолжаулық болып кетіп отырсыз. Олар оз ісін теріс деп еш уақытта да айтпайды. Сол ісін жарыққа шығару үшін оларға құрал керек. Сол керек құралың елдегі оқытушылар. Өздеріне баулап, оқу жұмысын ілгері бастырмаса, мектепті ел кедейіне жексұрын қылып көрсетсе, бұлардың арманы бітеді. Олардың сендерден тілейтіні сол ғана.1

—Да!.. — деп Аманбай күрсініп, даусын созып барып тоқтады.

Шылымын тартып алып, Жұман сөзіне қайта кірісті:

—Бір жағынан қарағанда, ел мұғалімдері сана-саңылаулары ашылмағандығынан қақпанға түседі. Мектеп кімге тән, мұғалім еңбегі кім үшін болу керек? Мұғалім еңбегін қай жолмен сіңіру керек? Міне, бұл мәселелер мұғалімдердің бес саусағындай біліп отыратын мәселелері. Мұны білмесе мұғалім дұрыс қызмет атқарған болмайды. Бір жұмысты істегенде, сол жұмысыңның кімнің пайдасына істелетіндігін адамның біліп отыруы керек қой, әйтпесе не болса о болсын деп істеген істен не жеміс шықпақшы. Мұғалім міндеті күшті, мұғалім ауылдағы мәдени күшіміз. Ауыл надан, хат танитыны сирек. Елді социализмге, жеткіземіз, социалистік шаруа құрамыз дегенде, алдымен сол. елді сауаттандырып алмай болмайды. Оны істеу үшін оқыту жұмысын күшейту керек. Бізде бүл күнге дейін мектеп деген құр аты болып келді. Былтыр уездік оқу бөлімімен жағаласып жүріп осы ауылға мектеп ашқан болдым. Алты ай қыс балалар бір күн дұрыс оқымаған көрінеді. Оқитын орын жоқ, байдың ас үйін жалдап алып мектеп қылған екен, жазға салым, малы төлдеген сол, төлін қамап, балаларды айдап шығыпты. Сөйткен оқудан не шықпақшы?! Ел шаруашылығы көтеріліп келеді. Елдің сана-сезімі оянып, досы мен қасын, пайдасы мен зиянын айырарлық болып келеді. Мынау саған пайдалы деген істі істеуден ел қашпайды, соны істете білу ғана керек... Мектеп жоқ деп жылаймыз. Салса, мектеп болу қиын ба? Осы ауылда жиырма үй бар екен. Соның он бесі кедей мен орташалар. Байды екі бастан былай шығарып қоямыз ғой, сол он бес үй күшін біріктіріп кіріссе, ә дегенше салып алады. Бірақ ел өздігінен істемейді. Елге басшы, жетекші керек. Міне, осы жетекші, елдегі мұғалімдер болу керек. Мұғалімдер елдің қай жұмысында болса да, жетекші болып отыруы керек. Елдің тап сезімін оятып, тап мақсатын алға тартып отыруы керек. Мұны істемесе, кеңес мұғалімі үстіндегі міндетін атқарған болып шықпайды.

Жұман тоқтап шылымын тартты. Миына қонайын деді ме дегендей көзінің қырымен Нұрғалиға қарады. Нұрғали терлеп тепшіп қысылып отыр еді.

Аманбай аяғын жия түсіп, Жұманның сөзін тірілтейін дегендей:

— Бәрін айт та, бірін айт — кінәнің бәрі мұғалімдерде де, — деді. — Мұғалімдер жалқау, оқиын, білейін деп тырыспайды, көбі газет алып оқымайды. Биыл газет тіл өкілі келіп, газетке жазылыңдар дегенде, екі сом ақшаны қиып біреуі жазыла білмеді. Мұғалімнің білімін толықтыру үшін үкімет қам жемей жатқан жоқ. Жыл сайын курс ашылады, сол курсқа барып, дұрыс оқыған біреуі жоқ. Көбі өтірік ауырдым деп елге келгенше асығады. Елге келгесін, бар өмірін қыдырумен еткізеді. Бірсыпыра мұғалімдердің оңбай жүргеніне екінші бір себеп — ескі көзқарастан арыла алмай келе жатқандығы. Әлі күнге ескіні көксейтін мұғалімдер жоқ емес. Кеңес үкіметін, кеңес тұсында істеліп жатқан істерді шаншу көретіндері де жоқ емес. Соны істегенде мынасы былай деп толық дәлелмен көрсетіп берсе екен-ау. Ол жоқ. Құр, әшейін соқыр сезім «пәленше жек кереді, түгенше жек кереді, солар бірдемені білетін шығар...» дегендік. Бұл күйге түскен соң не ғып оңсын!.. Мұғалімнің бірі мына Нұрғали. Нұрғалиды білмейтін шығарсың, мен жақсы білем. Бұл менің бірге оқыған жолдасым. Оқып жүрген кезде екеуіміз сырласушы едік: «Тізгін қолымызға тиіп, елді соңымызға ертіп оқу жұмысын дүрілдетсек-ау», — деп арман қылушы едік. Ол кезде мұны істеу мүмкін емес еді. Енді кеңес тұсында мүмкіндік болып отыр. Келес үкіметі оқушыларды маңдайынан сипап, барың болса, еңбекші елге тек, еңбекші елді тап жолымен тәрбиеле деп отыр. Бұдан артық не керек? Оқып жүрген кездегі арманның өзі осы емес пе еді?..

Аманбай Нұрғалидың бетіне қарады.

— Осы еді ғой, деп Нұрғали күрсінді.

— Ендеше қазіргіңе жол болсын. Алты ай қыс бір күн дұрыс бала оқытпайсың, Жұмағұл мен Дауылбайдың атына мініп, арызын жазып атпекеттік қылумен болыпсың... Өткен жылғы жерінде істегенің анау. Сен маған өкпелейтін де шығарсың. Бірақ өз кінәңді ескерсең, өкпелемессің деймін. Мен саған ұрыссам, істеп жүрген ісіңе қарап ұрысам...

— Ой, сен мүлде қатты кеттің ғой, — деп Жұман күлді.

— Жоқ, айтсын, айтатын жөні бар. Айып менде, мен соқыр болған екем. Мен адасқан екем. Құр өзім адасып қана қоймай, елдіде, өзі мерген жастарды да адастыра жаздаған екем. Қатемді енді көріп отырмын. Кім екенімді енді біліп отырмын. Жалғыз бүгін ғана емес, бұдан бір ай, екі ай бұрын сезе бастап едім. Бір періште мені өзіне баулыды. Менің ісімнің қисықтығын бетіме басты. Мені қанатының астына алып, тәрбиелемекші болды. Енді оның үстіне сендер келіп мынаны айтқан соң, мен бұрынғыдан да бетер бел будым... Мен бірдеңе айтайын, нанасыңдар ма? — Нұрғали біресе Жұманға, біресе Аманбайға қарады.

— Айтып көр, нанайық.

— Нанбасаңдар, бүгіннен бастап мені бұрынғы Нұрғали емес, жала Нұрғали деп санаңдар! Нұрғали анадан жаңадан туды деңдер!.. Мен анадан жаңадан туғандай болып отырмын... Бұрын сендермен бірікпесем, сендердің істеріңді бағаламасам енді бүгіннен бастап қол ұстасып отырып іс істеуге ант берем!.. — деді.

Аманбай орнынан ұшып тұрды.

— Жаса, жаса, Нұрғали! Бәсе, сенен үмітім осылай еді ғой!.. — деп арқасынан қақты...

Есік ашылып, үйге біреу кіргендей болды. Бұл Ділдә еді.

— Бала-ау, дала әдемі-ақ, азырақ далаға шығып, неге бой көтермейсіңдер, —деді.

Нұрғали үстіндегі ауыр жүкті біреу жұлып алып тастағандай, бойы жеңіліп, көңілі көтеріліп отыр еді. Есіктен кірген Ділдәні көрген соң мүлде тасып кетті.

— Мені баулыған періштенің кім екенін білесіңдер ме? деді.

— Білеміз! — деп Жұман күлімсіреді.

— Ө кім, о кім? — деп Аманбай білуге ынтықты.

— Ол міне! — деп Нұрғали Ділдәні көрсетті. — Мені баулыған періште осы! Менің қатамды бетіме басты. Маған кітабын, газет, журналын беріп, оқы деп қыстады... Осының көңілі үшін оқыған сияқты едім, оқи келе өзім көміліп кеттім. Үзбей оқитын болдым. Осының тілімен Жұманға хат жазып, пікір алыстым, жөн сұрадым, ақыл сұрадым. Мен бұл жөнде Ділдәға мықты борыштымын!..

V

Жаңадан салынған мектеп үйі. Үлкен бір бөлме. Төрт терезесі бар. Іші толған балалар отыратын парта. Төрде, айналасын гүлмен ораған Ленин суреті тұр.

Үй толған адам: кемпір, шал, қыз-келіншек қалмастан жиналған, иін тіресіп отыр. Нұрғали орнынан тұрып, қолын столға тіреп, көпке қарап сөз сөйледі:

— Бүгін октябрьдің төрті! Ұлы мейрамымыз. Қазақстан үкіметінің құрылғанына биыл жеті жыл толып отыр... Алдымызда Октябрьдің он жылдық тойы болғалы тұр. Он жылдық тойға тарту есебінде осы мектепті саламыз деп биыл талап қылып едік. Жастардың жігерінің арқасында, елдің көмегінің арқасында мектебімізді салып бітіріп, Қазақстанның ұлы тойы күні ашып отырмыз... Үкімет те бір жағынан жәрдемдесіп, керегіміздің бәрін түгелдеп берді. Тегін ағаш берді, мына парталарды істетті, оқу сайманын түп-түгел қылып жіберіп отыр... Жалпы жастарға, игі жұмысқа ат салысқан ел еңбекшілеріне мектеп кеңесінің атынан алғыс айтамын!.. — деді.

Қатар тізіліп тұрған жас ұландар «жаса!» деп қолды ұрып жіберді...

Үй іші гу-гу әңгіме. Сөйлегіш екен деп біреулері мұғалімге таңданып жатыр. Біреулері — мұғалімнің алты айғы жаз дамыл алмай, ел қарасын көрмей, қыстауда жатып, осы мектепті бітіргенін айтып жатыр.

— Сабаз, жігіт екен, іс қылып шығарды! деседі.

Ербосын орнынан тұрып:

— Маған сез бересіздер ме? деді.

— Сөйлеңіз, сөз Ербосынға берілді.

— Менің айтайын дегенім — былтыр байымыз кекетіп: «Советтің бергені қане, керсетші!» деп еді, өзі де келіп отыр екен. Соған көрсетейін деп едім. Әлеке, көріп отырсыз ба, советтің бергені міне, осы!.. — деді.

— Мен дегенде Ербосынның жыны бар шығар деймін, — деп, Әлекең таяғына сүйеніп, күбірледі.

Ептеп қана Қыстаубай ақсақал орнынан қозғалды.

— Уа, жұрт, бір кезде жастардың ісіне наразы болып жүрдік. Дүние бүлінді, енді жақсылық көрмеспіз дегенді де айттық. Былтыр осы мұғалім ауылға келгенде, мен өзім түңіліп едім. өзі бұзылған жастарды онан жаман бұзады ғой деп едім. Бір күні Алексейде жұмысым болып соған барғалы шықтым. Жолда мұғалім мен мына Жұмағұл мырза кездесті. Кедейдің оңған күні бар ма, шай-қант алатын ақша сұрап алайыншы деп тұра қалып, Жұмағұлдың жанына бардым. Жұмағұл мырза ақша берудің орнына, өзімді арақтың бөтелкесімен ұрып, өлтіре жаздады.

Мен сонда осы мұғалімге жаман өкпелеп едім. Мұны адам болады деген жоқ едім... Мен қателескен екем. Заман бұзылған жоқ, түзелген заман мұғалімді де түзеді. Мұғалім түзелген соң елдің жасын түзеді. Жастарды өзіне ертті. Қартаны қойдырды. Ішімдікті тыйды. Жастарды іске үйретті, адамшылыққа баулыды... Мына мектебіміз бүгін салынып бітіп отыр. Салушы жастар ғой, бірақ сол жастарды баулып, игі жұмысты бітіріп отырған — осы мұғалім. Мен бұған шын көңілімнен алғыс айтамын! «Өркенің өссін, ісің жемісті болсын!» деп батамды берем! — деді.

Жастар жағы бұрынғыдан бетер қол ұрып, мектепті басына. кетерді. Мектеп тойына арнап, балалар сауық кешін қойды, ән салды, тақпақ айтты...

Мәжіліске келген әйелдер де бір өңкейлеу отыр еді. Әйелдердің ортасына Ділдә отырып, оларға әр түрлі нәрсені айтып, түсіндірумен болды.

Бір жастау келіншек сыбырлап:

— Еркежан-ау, осы мұғалімге сені тиеді дейді, рас па?! — деді.

— Тисе қайтеді ? — деп Ділдә күлді.

— Жоқ, әшейін сұрағаным ғой, бұдан жігіттің жігіті-ақ озар...

Бұлардың сөзін Күлбарша естіп қалды білем, сұрланып қанын ішіне тартып алды. Ділдәға ала көзімен қарап, атып жібергендей болып отырды

Ертеңіне сабақ басталды. Үй толған балаларды реттеп отырғызып, сабағын беріп Нұрғали жан ұшырып, жүгіріп жүр еді. Есіктен Ділдә кіріп келді.

— Қайырлы болсын! — деп Ділдә күлімсіреді.

— Айтсын! деді Нұрғали. Әйда, кел, жәрдемдес. Бірігіп еңбек сіңірейік! Елді ағарту жұмысына жан салып кірісейік!

1927.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз