Өлең, жыр, ақындар

Талақ

I

Күн ұзаққа Айдарбектің үйі ұрыспен болды. Ерлі-байлы екеуі бірін-бірі іліп-қағып, бірінің тілін бірі алмай, әлі жеткені өш алу жолын қарастырып отырған секілді. Бұрын мұндай ұрыс болғанда, аяқ жағы таяққа тіреліп, Зейнептің етіне көбіне таңба түсіп қалатын. Зейнеп оны сезсе де, сүйекке біткен қарыспалық еркін алып, бір табанға шейін бас имейтін. Ұрыстарының көбі болмашы нәрседен шығатындықтан, Зейнептің сөзі Айдарбекке кей кездерде үстіп келіп, төбелессіз де жарасып кетісе беруші еді.

Бүгінгі ұрыстары зілдірек. Айдарбек ертеден бері тамақта ішкен жоқ. Кикілжіңнің кіргеніне бір жеті болып қалған. Содан бері бір-біріне дұрыс жауап бермей, жатқанда Айдарбек іргеге, Зейнеп от жаққа қарап жатады.

Есіктің алдына тоқымды төсеп жіберіп, Айдарбек талдан керіп тор тоқуға кірісті. Зейнеп үлкен бөлмесіндегі пешке арқасын сүйеп отырып ұршық иірді. Әке-шешесі ұрысқа кіргелі бойын жазып ойнай алмай Күләмза да жүдеуге айналып еді, бүгін үйінің ішінде өзгеше жандану, қозғалыс, іскерлік көрінген соң, біраздан бері терезенің түбінде жинаулы тұрған қуыршағын алып, жаулығын жамылдырып, киіндіруге айналды. Қуыршаққа жамылдырған жаулық Күләмзаға ұнап кетті. Өзінін» шеберлігіне, ептілігіне қуанып, қуыршаққа кішкене қарап отырды да: — әже, әже!.. — деп Зейнептін, ұршық жүгіртіп отырған қолына жабысты. Зейнеп қарамады. Heгe қарамағанын Күләмза сезеді. Бұрын қуыршақ істегенде, ел ішінде атаққа шыққан «көкауыз келіннің жаулығының модасы» деп Күләмзаның қуыршағын Зейнептің өзі талай жамылдырып берген. Енді бүгін, Зейнепсіз-ақ қуыршағын өзі жөндеп алған соң қуанышын әжесіне айтпай Күләмза төзе алатын болмады. Бірақ әке-шешесінің арасындағы салқындықты сезе жүргендіктен, бір рет айтқанына назар салмаған соң, қуыршағын қайта көрсетудің тиіс, тиіс еместігін біле алмай Күләмза даң болды. Әйтсе де тағы бір айтып көрейін дегендей, — әже, әже!.. — деп, жабыса бергенде, Зейнептің ұршық иірген қолына қақтығып қалды.

— Таста әрі, қу қатын, қатын болмай қалармын деп қорқасың ба! — деп Зейнеп қуыршақты лақтырып жіберді. Көкауыз қатынның модасымен оралған жаулық жерге ұшып түсті. Күні бойы істеген еңбегі зая болғанға Күләмза ызаланып жылап, Зейнептің оң жақ тізесіне жармаса жатып еді.

— Әрі, қу қатын, тіпті иіртпедің ғой, — деп Зейнеп тағы игеріп тастады.

Күләмза даусын шығарып жылауға кірісті.

Зейнепті ұрып ашуын тарқатуға, шынында Айдарбек сылтау таба алмай отыр еді. Енді, мына баланың жылағаны өзінше толық сылтау. Сондықтан түпкі ойын жарыққа шығару мақсатымен Зейнепке байланыспақшы болды. Жұмысын тоқтатып, орнынан қозғалып-қозғалып қойды. Делек танау делдиді. Екі көзі құтырған сиырдың көзіндей боп адырайды, қозғалған сайын ашуға тығылып, булығып барып:

— Неге жылатасың?!. Жылатпа баланы, — деді...

Тоқып отырған қорабын токтатты. Қабағын бұрынғыдан гөрі қыржитыңқырап, екі көзін Зейнеп отырған пешке қадап, тістеніп тұра ұмтылуға оңтайланған адам құсап отырды. Бұл сияқты жекіргенге Зейнеп сөзсіз жауап қайырады деп ойлады, егер жауабы зілділеу шықса, екі-үш ауыз сөзбен істі бітіріп, тұра жүндемек болды.

Зейнепке Айдарбектің даусының қай түрі болса да мәлім болғандықтан, ұруға ыңғайланғанын сезіп, ол үндемеске тырысты. Зейнептің қулығына Айдарбек те таныс. Ұрмаса ашу тарқамайды. Сондықтан, қайтсе де ұрмай қоймаймын деген оймен сөзді қайта бастады:

— Ит! Қолыңа ұстаған жалғыз қарғаң, қасқыр құсап қабасың да отырасың, — деді.

Зейнеп шыдай алмады. Көптенгі ашу, кек — бәрі келіп қабаттасып, еріксіз сөйлейтін болды. Тым зілді қып шығарса, таяқтан қорқып тілін тартпау үйреншікті әдет секілденіп кеткен. Сондықтан, Зейнепке ендігі сөзсіз таяқ жейді. Таяқ жеймін деп үндемей қалса, жеңілгендік білінеді. Бұрын-сонды лайықтысы сөзге сөз қайыру еді.

Зырқыраған ұршық жүнді созып үлгіртпей үзіліп жерге түсті. Қағілез ерні қалтыранып, пішіні сұрланып, үзілген жіпті жалғап жатып:

— Жаның, ашымай-ақ қойсын!.. — деді.

— Енді кімнің жаны ашиды?!. Иттен жаралған шошқаның сөзін қарашы!.. Бірдеме айтса арсылдап беттен қауып алу...

— Бетіңнен алып не дедім?.. Ұрсам өз балам, менде ешкімнің жұмысы жоқ. Әдемі қатыныңның балаларын ұрғызбай өсірерсің.

Айдарбектің күткені де осы сөз еді. Енді кідірудің жөні жоқ. Есік жақта тұрған қайың таяқты ала бөлменің есігіне келіп те қалды.

— Не дейсің, әй?..

Есік жақта отырған Айдарбектің дауысы кенет жанынан шыққанда, Зейнеп селк етіп кеткендей болды. Бір тықырдың, таянғанын біліп, бетіне жалт қарады да, жүнін созып, ұршығын иіре берді.

Ашумен ызғарланып қалшылдап келсе де, Зейнептің қорыққан пішінін, айып менде-ақ болсын, ғафу ет деген тәрізді темен қарап мұңаюы Айдарбектің ұруын жөнсіздікке шығаратын секілденді. Әйтсе де бір ұрмай көңіл көншімейтін болғандықтан, құшырланып, түйілген жұдырықпен желкеге қойып келіп қалды.

Текшелеп ораған ақ жаулық — Күләмзаның қуыршағы секілденіп ұшты.

— Ойбай-ай, не жаздым?!. — деп Зейнеп ышқынып жылап жіберді.

— Атаңа нәлет!.. — деді Айдарбек.

Бойды кернеген ашу айтуға сөз таптырмады. Қарсыласпаған қатынды ұра берудің тағы жөні жоқ.

— Атаңа нәлет. Сен не қылмадың... Қараңды батыр, кет!.. Мен сенен талақ! деді.

— Құдай!.. Құдай!.. не жаздым, құдай!.. — деп Зейнеп өкіріп жылауға кірісті. Күләмза «әжелеп» келіп алдына тығылды...

Күләмзаны бауырына басып, жылаған күйі бүкшиіп Зейнеп жатып алды. Бұрынғыдан гөрі ашуы тарқап, күн кеш болуға айналған соң, шашылған талын жиып, мал қарауға Айдарбек тысқа шықпақшы болды.

Ұзақты күнге тамақ ішпеген адам қарны да ашайын деді. Төргі бөлмеге бір-екі рет келсе де, Зейнепке тұр деп айтуға бата алмады. Бұрын Зейнеп айыпты секілді көрінсе де, таяқ жеген соң айыптан тазарып, «тұрмаймын» деп айтуға да еркі бар секілді керінді.

Үндемей тысқа шығып, малын суарып, қоралауға кірісті. Екі көзі земленкенің моржасында. Бұрын қанша таяқ жесе де, мезгілімен тамағын істеу — Зейнептің әдеті еді. Айдарбек ұрғанда да сол көп ұрудың бірі ғой деп ұрып еді.

Күн батып, қас қарайғанша Зейнептің қозғалғаны көрінбеген соң далада тұра беруді қол көрмей Айдарбек үйге кірді. Қыраулы терезе кештің қараңғылығына қосаметкей болып, үйдің ішінде еш нәрсе көрінбестік еді.

— Күләмза!.. — деді.

Күләмзаның атын атағанда түпкі ойы Зейнеп жауап берер ме екен деген еді.

— Немене әке? — деді Күләмза.

— Әжең қайда?.. Шам неге жақпайсыңдар?

— Әжем жылап жатыр, — деп Күләмза Зейнептің бауырына тығыла түсті.

Айдарбек басқа айтар сөз таба алмады. Төсегінің үстіне барып қисайып жатты. Екі көзі пеште, пештің жанындағы Зейнепте, қозғалар ма екен, тұра ма екен деп ойлады. Зейнеп тұрып шам жағып, төсек салып берсе, тамақ ішпеуіне құл, бұрынғы ашу-араздықтың бәрін ұмытып, құшақтап жатқысы келді... Бірінің артынан бірі — түрлі ойлар тізбектеліп, Айдарбектің еркін билей бастады. Таяқ жеген Зейнепті ішінен аяды. Жазықсыз ұрғанына өкінді... Қызыл шырайлы бетінен сүйгісі келді... Ынтыққаннан ынтығып, еріксіз басын көтеріп алды. Зейнепке барып жалынғысы келді. Орнынан қозғала берейін дегенде, кенет тағы бір ой түсті. «Баруым тиіс болар ма екен?..»

Барар-бармасын білмей даң болды...

II

Зейнеп тағы көп жылады.

Айдарбекпен қосылғанына биыл жеті жыл болған екен. Содан бері өткізген өмірінде қызғылықты құн шамалы. Байының мінезі теріс: болмашы сылтау қылып екі күннің бірінде ұрады. Келген кезде таяққа шыдай алмай «қайдан тап келді екен?» деп налып жүргенінде осы Күләмза туған. Түңғыш баланың адамға ыстықтығы қандай, Күләмза туғалы Зейнеп таяққа да үйреніп, ашу-араздықты да жаба тоқып жүре беруші еді. Жаңа Айдарбектің алмалы-салмалы мінезі Зейнептің тыныштануына себеп болды: түнерген бұлттай бұрқырап бұрқ-сарқ келсе де, сағатына жетпей ашуы тарқап, екеуі ойынға, әзілге кіріседі. Жетісіне бір ұрысу, ұрысқан сайын ұру, екеуінің ойынша да тұрмыстың заңы, шариғаттың бұйрығы секілденді. Олай ойлауларына себеп жайшылықтан гөрі, араздасқанның артынан екеуі бірін-бірі айлап-жылдап көрмеген адам секілденіп құшақтайды. Сондықтан екеуі ашуланысқанда бірін-бірі жәбірлесе де, бірін-бірі көрместік сөз айтысса да, ұзамай бір қызғылықты тұрмысқа қайтатындарын сезетін секілденеді... Айдарбек бүгін де солай болады ғой деп ойлап еді.

Бірақ, Зейнепте ой екінші түрлі еді. Бұрынғы қалыппен таяқты елемей ісін істеп, алдағы қызғылықты тұрмысқа әзірлену бүгін Зейнепте жоқ еді. Өйткені желкеге тиген жұдырықтан гөрі бір ауыр, салмақты нәрсе бар, Зейнептің соншама жылауына, бүкшиіп жатып алуына сол себеп болды. Қанша ойласа да ұшына шығу қиын.

Ол талақ еді.

Зейнеп елде жүргенде шешелерінің айтқанынан есітетін: «неке ерлі-байлы адамның тұрмысын бір-біріне байлайтын жіп. Бірін-бірі көрмеген, бірін-бірі сүймеген екі адамды неке сүйдіреді. Неке махаббат жібі, ерлі-байлы адам қаншама бірін-бірі көрместік болып, араздасса да, неке тұрған жерде махаббат үзілмейді. Ал, ерлі-байлы адамның жиренішті тұрмысына дәнекер болып тұрған жіпті үзетін бір нәрсе бар, ол — талақ!..»

Айдарбек бүгін көп ұрған жоқ, бірақ таяқтан он есе артық талақты шығарды. «Мен сені көрмеймін, мен талақ» деп айтып салды. Зейнеп, енді жібі еріксіз үзілді деп жатыр. Байының бір жетіден бері ұрысқаны, желкеге бірер түйгені әлдеқашан ұмытылған. Есі-дерті жалғыз талақ. Айдарбектен айрылып кетуге сенбейді. Күніне қырық пышақтасып отырса да, дүниеде осыдан артық тұрмыс бар деп ойламайды.

Зейнеп көп ойлады. Бастан өткен тұрмысы біртіндеп көз алдына елестей бастады. Әке-шешесінің қай уақытта құда болып мал алғанын анық білмейді. Бірақ күйеуге берілгенін, келешекте жеңгелері секілденіп біреуге қатын болып, күнде таяқ жеп өмір өткізетінін Зейнеп есі кіре бастағаннан-ақ сезген. Тентек болып жеңгелерімен ойнағанда: «Қой, байыңа айтып ұрғызармын» деген сөз жас күнінен-ақ жүрегіне әліпбидей жатталып, өзінің ұрылатындығына күн бұрын мойын ұсынып қойған. Сөйтіп жүргенде Айдарбек ұрын келіп, бірін-бірі бірінші рет керіп танысады. Бірін-бірі ата-аналары қосқан соң, сүймеске орын жоқ деп түсініседі.

Зейнеп соның бәрін ойлап келгенде, абайсызда айтылған талақ кенет еске түседі. Жеті жылдан бергі қызық тұрмыс сағатында бұзылып кеткен секілденеді. Сол тұрмыс, әлі де болса, бұрынғы ізімен аш берсе, Зейнептің дүниеде арманы жоқ секілденеді...

Зейнеп қалың ойға шомып жатып, ұйықтап та кетті...

III

Көп шыдап жатуға Айдарбектің дәті шыдамады. Зейнептің жанына барғысы, қайтадан ұрғандығына ғафу өтінгісі келді. Еңбектеп сипалап пештің қасына келді. Зейнептің басына қолы тиіп кеткенде, бір түрлі бойы еріп кеткен секілді. Зейнеп ұйықтап жатыр екен. Айдарбектің келгенін сезбеді. Айдарбек құшақтамақшы, бетінен сүймекші болып, жақындай бергенде Зейнеп әлденеге қалтыранып, оянып кетті:

— Әй, әй!.. Бұл кім?..

— Мен ғой, қарағым!

Зейнеп басын көтеріп жан-жағына қаранды. Үй іші тастай қараңғы. Дыбыс жоқ, жалғыз-ақ Айдарбектің жүрегінің тынышсыз соққаны, ала мысықтың пеш жанында мияулағаны, Күләмзаның аяқ-қолын бауырына алып бұйығып ұйықтап дем алғаны ғана естіл еді...

Ұйқылы көзімен Зейнеп:

— Мұнысы несі? — деді.

— Әлде шам жағайын ба?

— Жоқ, жақпа...

— Жүр, төсекке жатайық, — деп Айдарбек Зейнептің мойнына қол салды.

Зейнеп әлдене есіне түсіп тітіркеніп кеткендей болды. Талақты есіткелі қанша жыласа да, ескі тұрмысын сағынып ынтықса да, Айдарбек қасына келген соң, ашу қайта қозды. Сол қызғылықты тұрмысты бұзатын «талақты» шығарған Айдарбекке лағнат оқығысы, оны сөккісі келді.

— Әрі, әрман кет! — деп Айдарбектің қолын мойнынан алып тастады.

— Қой,қарағым, ашуыңды бас.

— Ашуымды басқанда қайтпекпін?

— Жатайық...

«Жатайық» — Зейнепке таныс сөз. Зейнеп жатса, ескі тұрмысқа қайтқан болады, бұрынғы қызықты өмірді қайта көретін болады. Бірақ оған жібермейтін арада кедергі бар ғой. Зейнеп шіміркеніп кетті.

— Өй, бетсіз, не бетіңмен айтып отырсың?

— Е, не қылдым?

— Талақ қылғаның қайда?

Айдарбек шошып кетті. Зейнепті ұрғанның соңынан қаншама ойласа да, ойына түспей жүрген бір нәрсе бар секілді еді, ол — осы «талақ» болып шықты!.. Талақтың түпкі мағынасын айыра білмесе де, ерлі-байлы адамға ұнамды нәрсе еместігін сезеді. Жалпы жұрттың тұрмысында бүл сирек ұшырайтын нәрсе. Қатынымен қанша араздасса да, ұрысып, төбелессе де, талақ қылған ол жоқ. Олай болса, бұл талақ — жөнсіз талақ. Айдарбекке мұны айттырған — еркін билеп кеткен ашу. Бірақ ашу уақытында айтылған сөздің шариғат қарауында қанша ауырлық-жеңілдігінің барын айырып білерлік Айдарбекте молдалық жоқ. Талақ жөнінен мұның бар білетіні — бір-екі оқиға: біреуі — көрші аулындағы Қасым қатынын менсінбей, Қалтайдың қатынын алмақ болып көңіл қосады. Өз қатыны айрылып біреуге тимек болады. Сонда молдалар, талақсыз неке қиюға болмайды деп, ағайыншылықпен айыпты малын төлеген соң Қалтайға да, Қасымға да қатындарын талақ қылғызады. Талақ қылған қатындар тиетін байына бара алмай, үйінде отырып, үш ай «мүддетін» өткізеді.

Талақ жөнінен екінші білетіні ишан хазіреттің үш қатыны болған екен. Кіші тоқал «тентектеу» болып біреумен көңіл қосып қиянат қылған соң, хазірет ашуланып талақ қылады. Сол қатын қартайғанша байсыз отырған.

Және біреулер шариғат сұрағанда Шолақ молданың да айтқаны бар: «Адам өз қатынын бір рет талақ қылса, сол қатынды екінші бір адам алып, ол адам талақ қылғанның, артынан үш ай «мүддетін» еткізген соң бастапқы байына неке қиып алуына болады», — деп.

Бұл, әсіресе, Айдарбекке тура келеді. Шариғаттың бұйрығын істеймін десе, Айдарбек қатынын екінші біреуге қосып, ол адам талақ қылғанның артынан үш айдан кейін барып неке қиып алу керек! Олай қылмаса, некесіз қатын ұстаған болады. «Некесіз қатынның үйінің асы арам» деп Шолақ молда екі күннің бірінде қақсайды.

Бірақ, жастан қосылған әйелін Айдарбек неғып басқа біреуге қоспақшы? Көзі тірі тұрғанда Зейнептің басқа біреудің қойнында жатқанын көру Айдарбекке өлім емес пе?.. Біреуге қосу түгіл өзі жоқта үйіне қалжақпас бозбалалар келіп, солармен бірдеме деп ойнап-күлді ме, Айдарбек жарылып кете жаздайды... Түнеу күні іңірде, шай ішіп отырғанда Сарбас келіп самаурынның түбіне отырып, Зейнеп шай құйып бергенде, кесені ұстай беремін деп Сарбас абайламай Зейнептің қолын қабат ұстап қалған. Мұны аңдып отырған Айдарбек көріп қалып, Сарбасты боқтап-балағаттап үйден айдап шығып, Зейнепті сілейтіп тұрып ұрған болар... Ең арғысы суатқа су ала барғанда да Айдарбек шомның басына шығып, көзінің қиығымен қарауылдап тұрады...

Айдарбек ойдың ұшығына шыға алмайтын болды. Ойлаған сайын басы қата берді. Шариғаттың бұйрығын істесе, Зейнептен айрылмақшы. Бірақ Зейнепсіз шариғаттың Айдарбекке керегі де не?.. Ойлап-ойлап қорытындысында:

— Шариғатың құрысын, қатынымнан айрылмаймын!.. — деді.

IV

Зейнеп ұйықтаған жоқ. Айдарбектің басында отырып қалың ойға кіргендігін, оқта-санда қиналып уһлегенін ол сезіп жатыр. Тұрмысты ескі қалпына қайтаруға қарсы еместік ой билеп жатыр. Ашумен айтылған «талақтың» келешек тұрмыстарына қаншалық өзгеріс салатынын болжап біле алмайды. «Талақ» жөніндегі Зейнептің мағлұматы да Айдарбектен аспайды. Сондықтан Айдарбек қандай қиналса, Зейнеп те сондай қиналып жатыр...

Айдарбектің ауыр ойға кіріп қиналғанын сезіп, Зейнеп аяушылыққа айналды. Ескі ашу, кек бәрі серпіліп, әлдеқайда, ойға келмес бір түкпірге қашып тығылған секілді болды.й Зейнеп қазір байының бетінен алатын Зейнеп емес, бұдан жеті жыл бұрын секілденді. Жатқан күйінде сөйлейін деп бір-екі рет ыңғайланды да, оны ретсіз тауып, басын көтеріп түрегелді. Зейнеп қозғалғанда Айдарбек сескеніп қорқып кеткендей де, қуанып кеткендей де болды.

— Қатын!.. Зейнеп!.. — деді.

Даусында бір түрлі жеңілгендік, өтінгендік сезілді.

— Ә, — деді Зейнеп.

— Жәй тұрдың ба?

— Жәй.

Зейнептің даусы Айдарбекке жұмсақ, майда, не айтса да көнетін тәрізденді.

— Жатсақ қайтеді!..

Зейнеп үндемеді. Қарсы сөйлемегеніне Айдарбек сүйініп, икемдеуге айналды.

— Жеті жылдан бері ерлі-байлы болып күн өткіздік. Содан бері ұрыс та, талас та болған шығар. Қашанда жарасып кете бермейтін бе едік. Бұ да соның бірі ғой. Мені уайымға салма қатын! Менде басқа ниет, бұзық көңіл жоқ. Ашумен кісі не айтпайды, ашумен айтқан сөзді періште жазбайды, — деген...

Зейнеп күрсінді:

— Қайдан білейін... Әжем марқұм айтушы еді: «Ерлі-байлы адамның арасындағы сүйіспендік некемен байлаулы», — деп. Сол сүйіспендігімізге зиян келіп жүрмесе...

Айдарбек әлденеге қуанып кеткен секілді болды.

— Сол ма, қатын, қорыққаның?.. Ол әшейін бос сөз той. Некемізді қимай тұрғанда бір-бірімізді сүйген жоқ па едік?..

Зейнеп «дұрыс»деген секілді басын иді. Әңгімені соза беруге Айдарбектің де сөзге шеберлігі жоқ. Екеуіне де ендігі тиістісі Айдарбектің Зейнепті өзіне тартып құшақтауы, Зейнептің қарсыласпай бұралып құшағына кіруі еді. Айдарбек мұны да істеді. Зейнепті өзіне тартып құшақтады. Екеуінің де бойлары еріп, еріктері кете бастады... Махаббаттың жібі некесіз-ақ байланды.

V

... Айдарбек пен Зейнептің арасында болған талақты Күләмзадан басқа ешкім білмеді. Оңаша үйде жалғыз өзі қуыршақпен әуреленіп отырғанда, жамылдырған жаулығы, киіндірген киімі ретке келмесе «мен сенен талақпын» деп қуыршақты лақтыратын болды.

Ерлі-байлы адамның арасындағы жібін талақ үзе алмады. Ескі тұрмыс, ескі ұрыс, ескі төбелес — некелі қалыптағы сарынға түсіп аға берді...

1923.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз