Өркениет (цивилизация) сөзі латынның «сіvіlіs» деген сөзінен алынған. Бүгінгі таңда өркениет ұғымы көбінесе қоғамның даму деңгейін анықтайтын сөз ретінде қолданылуда. Өркениеттің өрістеуіне өндірістің түпкілікті өзгерісі, жеке меншіктің келуі, жаңа технологиялардың пайда болуы әсер етеді. Демек, қоғамның дамуы үшін жоғарыда аталған факторлар орындалуы тиісті.
Бүгінгі таңда әлемде өте ірі әрі дамыған қалалар саны өте көп. Қала халқының саны артып, өндіріс көлемі ұлғайған сайын оның қоршаған ортаға тигізер зияны да арта түседі. Экологиялық жағдайы сын көтермейтін әлемнің ең лас 30 қаласының қатарына өзіміздің Алматы қаласы да кіреді екен. Бұл мәселені қала деңгейінде ғана емес, мемлекет деңгейінде қарастыру қажет екені анық. Себебі, Қазақстанның халықаралық дәрежеде беделінің артуында Алматы қаласының алатын орны ерекше екендігі мәлім. Егемендігіміз бен тәуелсіздігіміздің жолында алаңға шығып, өмірлерін қиған қазақтың жас қыздары мен ұлдары да осы Алматыда «Қазағым, оян!» деп ұран салғанын әлі ұмытқанымыз жоқ. Алатаудың баурайында орналасқан Алматы бір кездері өзіне шетел туристерін кербез сұлу табиғатымен, апорт алмасымен, асқар шыңды тауларымен, ауасының тазалығымен тартып келсе, бүгінде тазалығы нашар көшелерімен, көліктер мен өндіріс орындарының түтініне қаныққан ауасымен, баурайы түрлі қоқысқа толған тауларымен кері итеруде. Шетел азаматтарын былай қойғанда, өзіміздің қазақстандықтардың өзі Алматының маңынан тынығып, денсаулығын шыңдайтын орын таппай, шетел асып кететін болды. Ал, бос уақыттарында Алатаудың бауырына шығып тынығатын алматылықтардың көпшілігі соңына қап-қап қоқыс қалдырып кетуде. Бұл сөздің шындығына күмәндансаңыз, Алма-арасанға немесе Көктөбеге барып көріңіз...
Алматы көшелері соңғы оншақты жылдың жүзінде ешқашан толастамайтын машина ағынына айналды. Мыңдаған машиналардан бөлінетін көмірқышқыл газы ауаны ластап, түрлі тыныс ауруларын туғызады. Соңғы 10 жыл көлемінде астма және түрлі аллергиялық дерттермен ауыру еселеп өскен. Химик ғалымдардың айтуынша, ауа құрамындағы 1000 молекуланың 350-і көмірқышқыл газынан тұрса ол таза ауа деп саналатын көрінеді, ал, Алматы қаласының кейбір жерлерінде бұл көрсеткіш 1000 молекулаға шаққанда 450-470 көмірқышқыл газының молекуласынан келеді екен. Бұл дегеніміз, тыныс алып отырған ауамыздың адамға пайдасынан гөрі зияны көп екенін білдіреді.
Үлкен қалалардың барлығына тән тағы да бір өзекті мәселе — су. Тау басынан ағып жатқан көптеген бұлақтардың бойына зәулім котедждер салынып жуынды мен шайындының бәрі сол суға төгіліп жатыр. Ал, бұл суды төмен жағында орналасқан үйлер тұрмыста да, бақшада да пайдаланады. Нәтижесі белгілі: адамның бүйрегінде тастың пайда болуы, асқазан қабынуы, сары ауру, соқырішектің қабынуы секілді кеселдердің пайда болуына әкеледі.
Пәтерлерге құбыр арқылы келіп тұрған ауыз суының жағдайы мүлде қиын.
Шәйнекке суды қайнатуға құярдың алдында шөгіндінің болатынын байқаған боларсыз. Ең қауіптісі сол, бұндай құм, тас және басқа да көптеген ұсақ бөлшектер ескірген құбыр жүйесінен біздің ағзамызға келіп түседі.
Осындай мәселелердің барлығын шешу үшін көп жұмыс атқару қажет. Сол жұмыстардың бірі қаламыздың жасыл жамылғы көлемін ұлғайту. Себебі, өсімдіктер табиғи насос қызметін атқарып, суды да тазартады, ауадағы шаң-тозаң мен көмірқышқыл газын сіңіріп, ауаны да тазартады әрі көшелердің сәнін келтіреді.
Жалпы ауасы таза, аспаны ашық, аппақ қарлы таулары бар экологиялық жағынан таза қалада өмір сүргіміз келсе, әр отбасы, әрбір адам алдымен өзін-өзі табиғат сүйгіштікке, қоршаған ортаға деген жанашырлыққа тәрбиелеуі керек. Себебі табиғатты қорғап, аялау бұл — әр азаматтың парызы!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі