Өлең, жыр, ақындар

Бір адам көп жасады жер бетінде

  • 18.04.2015
  • 1
  • 0
  • 9517
Бір адам көп жасады жер бетінде,
Мекендеп жақсы жайды ел шетінде.
Зорлықшыл, арам ойлы, ұры болды,
Құралған арамдықтан дәулеті де.
Нашарды зар жылатқан жалғызын жеп,
Тірлікте ойламаған «өлемін» деп.
Жалғанды жалпағынан басып өтті,
«Жазғанын көрге бара көремін» деп.
Сол сорлы ауырып жатыр өлейін деп,
Қимайтын аманатын берейін деп.
Тауысып ап желдей ескен аз өмірді,
Қойнына суық көрдің енейін деп.
Өлді ол мезгілінде ажал жетті,
Өлшеулі дүниеден демі бітті.
Оранып үш қары бөз басқа түк жоқ,
Сақтанбай тірлігінде көрге кетті.
Жатты ол қараңғыда зәресі ұшып,
Тірлікте молда айтқаны еске түсіп,
Дейтұғын: «имансызға періштелер
Көрсетер көр азабын тәнді қысып».
Қозғалып, шамасы жоқ тұратындай,
Созылды қараңғылық таң атырмай.
«Қайда жүр періштесі сұрайтұғын,
Кешікті-ау, бұлар қайда, деп жапырмай?»
Сонымен әлденеше жылдар өтті,
Тән шіріп, топырақ боп, тозып бітті.
Шыбын жан айналсоқтап, сасық көрде
«Періште келеді» деп, босқа күтті.
Ал енді молда қайда, сөзі қайда,
Беретін ұжмақ, дозақ анау жайда?
Білмеймін анығын да, танығын да
Бас қатты шешемін деп, жоқты ойда.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жазғы қайғы

  • 1
  • 2

Жаз жетіп, қарлар кетті, сулар ағып,
Күн де тұр жарқ-жұрқ етіп нұрын жағып.
Құлпырып, жүз құбылып жердің жүзі
Қуанбас жан-жануар бұған нағып.

Толық

Бір балуанға қарап

  • 1
  • 0

Жықсаң бәйге аласың алысқанда,
Қару қып, қайратың сап қарысқанда.
Жындылық - шаппай бәйге бер деп сұрау,
Озсаң, бәйге кім бермес жарысқанда.

Толық

Арманым

  • 1
  • 2

Барлық адам баласы
Өзіндей көрсе өзгені —
Озбырлық өшіп қарасы,
Өзімшілдік өлгені.

Толық

Қарап көріңіз