Күні кеше біздің Ақсу қаласында тағы да жантүршігерлік оқиға ашық күнде жай түскендей етті. Ауылдан қалаға оқуға келген қыз жаза басып, екіқабат болып қалған. Сөйтіп, 9 ай көтерген нәрестесін қоқыс жәшігіне лақтырып жіберген. «Сәбидің өлі денесін жаяу жүргіншілер тауып алыпты. Полиция жас босанып, қолын қанға малған әйелді тауып алыпты. Нәресте өмірге сау келген, салмағы 3 келі 450 грамм, бойы - 51 см.» дейді ресми хабарларда.
Тағы бір хабар - Қарағанды облыстық балалар клиникалық ауруханасына ауыр соққыдан денесі көгерген 4 айлық нәресте жеткізіліпті. Соңғы жылдары елімізде осындай қатыгездік оқиға жиі кездесетін болды.
Не айтуға болады?
Іштен шыққан нәрестені тірідей (?) лақтырып жіберу үшін қара таудай ерік-жігер, қара таудай қаныпезерлік керек емес пе?!
Шырылдап жылап қоймаған нәрестені соққының астына алу үшін де қара таудай қаныпезерлік керек.
Осы...
Біздің қазақ жастарының ой-бойына мұндай қатыгездік қайдан пайда болды?
Неге бұл жағдай жиі қайталанып отыр?
Біздің ата-бабаның тегінде болмаған іс қой бұл. Бізде түрме дегеніңіз, баласынан, ата-анасынан безіну деген келеңсіздіктер болмаған. Әлдеқалай кеп қалған жетім баланы асырап алып, ержеткізіп, алдына мал салып, шаңырақ көтерткізіп, рулы ел еткен талай-талай оқиғаларды тарихтан білеміз.
«Өскен орта, ішіп-жеген тамақ, тыңдаған музыка, көрген киноңыз да сана-сезім, ақылға әсер етеді. Мысалы, доңыздың еті - харам,-деп еді академик Төрегелді Шарманов.
- Доңыз қатты ашыққанда өз торайын өзі тірідей жеп қояды, ал оның етін, шұжығын жеген ұлттың пейілін жақсы білеміз.
Қазақ баласы ондайды жемеу керек. Өйткені, ішкен-жеген тағам қан арқылы миға барады...» деді. Ақсуда баласын өлтірген жас әйел доңыздың етін жемеген болар, бірақ, қалайда бір жағдай оқыс қадамға баруына әсер етті ғой. Өскен ортасы, білім алған мектебі, ұстаздары қандай екен деген ой туындайды. Естуімізше өзі музыка саласында білім алуда.
Өнерден хабары бар жанның жан-жүрегі нәзік болмаушы ма еді... Бұл - айтқан жерден аулақ, әлдененің... ұшқыны тәрізді. (Ұшқыннан жалын лаулайды деген бар емес пе?!) Бұл - қоғамның аса өзекті мәселесі - сана-сезімнің рухани катаклизмі, адамның рухани мәңгүртке айналуы.
Әйтпесе не?
Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романын оқып па едіңіз?
Ертеде, қалмақ пен қырғыз шапқыншылығы тұсында, екі жақ бір-бірін құл етіп ұстау үшін тұтқын алып отырған. Ол тұтқын ебін тауып, қашып кетер деп, әбден азаптап мәңгүрт етіп тастайтын болған. Ол азаптан адам не өледі, не мәңгүртке айналады. «Боранды бекетте» тұтқынға түсіп, мәңгүртке айналған ұлын желмаямен жанұшыра іздеген ана бейнесі қандай?!
Аһ ұра қинала жеткен анасын айдалада жалғыз ұл - мәңгүрт атып өлтірмей ме?
Енді осы оқиғамен салыстырып қарағанда қазіргі жастардың өз өзіне қол салуы (суицид), баласын лақтырып жіберуі, ұрып-соғуы, өлтіруі, дәретханаға тастауы қалай деп ойлайсыз? Иә, бұл - сәби-дүние қасіреті!
О дүние таразы дейді. Өмірі ерте үзілген бала ата-анасын жұмақ жақта күтеді дейді. Анасы өлтірген бала ше?
Ол да анасын жұмақ жақтан күте ме екен?
Қазақ - жер бетіндегі ең кеңпейіл, досқа да, жатқа да құшағын кең ашатын ең бауырмал, ұрпағын жатқа жібермейтін ең намысшыл, қасиет-пейілі ерекше халық еді...
Қызға қырық үйден тыйым салып, ұлын намысқой етіп тәрбиелеген ер мінезді халық еді...
Қазір ше?
Сіз...
Не ойладыңыз?
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі