Мерез (сифилис) — жұқпалы созылмалы ауру. 1905 жылы неміс ғалымдары Гофман мен Шаудин ашқан бұл жаңалықтың адамдар үшін зор маңызы болды. Өйткені мерезге қарсы күрес жүргізуге, оны болдырмау үшін алдын ала шаралар ұйымдастыруға мүмкіндік туды. Мерез микробы ылғал, көлеңкелі жерде, сілекейде ұзақ өмір сүріп, өзінің ауру қоздырғыштық қасиетін көпке дейін сақтай алады.
Мерез тек адамда ғана болады. Сондықтан ол адамға адамнан көбінесе жыныстық жақындасу арқылы жұғады. Кейде мерез болған адаммен сүйіскенде, ол пайдаланған орамал, қасық, шанышқы, мәсуак, ерін бояуы, темекі арқылы да жұғуы мүмкін. Мерездің ананың емшек сүті, донордың қаны арқылы жұғатындығы туралы да деректер бар.
Тіпті мерез анадан балаға құрсақта жатқанда жұғуы мүмкін. Соңғы кездері халықтың санитарлық мәдениеті артуына байланысты бұл аурудың адам пайдаланған заттар арқылы жұғуы кеміді. Оның негізгі тарау жолы жыныстық қатынас жолы болып отыр.
Мерез ауруы үш кезеңге бөлінеді. Бірінші ауру байқала бермейтін жасырын кезеңде сырқаттың алғашқы белгілері ол жұққаннан кейін 3-4 апта өткесін біліне бастайды. Бұл кезде тәжірибелі дәрігерлердің өзі де оның диагнозын тап басып қоя алмайды. Бозғылт спирохета қан арқылы адам организміне түгел тарайды. Бұл кезең 3-4 аптаға, кейде үш айға дейін созылады. Мерездің жасырын кезеңінің бұлай ұзаққа созылып кетуіне көбіне науқастың ауру жұқтырғаннан кейін дәрігерге барып көрінбей, өзін-өзі емдеуі себепші.
Бұл кезеңде адам өзінің ауырғанын білмейтіндіктен оған тиісті ем-дом мезгілінде жасалмай, ауру асқына береді де басқаларға жұғады.
Аурудың көзге көрінетін алғашқы белгісі — қатты шанкр. Бұл бозғылт спирохетаның адам организміне түскен жерінде пайда болатын, қатып қалған, ауырмайтын түймедей жалақ немесе сызат жара. Әдетте ол алдымен мерезбен ауырған адамның жыныс мүшелерінде, ернінде, тілінде т.б жерлерінде кездеседі. Мерезбен ауырдым-ау деген күдігі бар адам мұндай жараны йод, көк дәрі жағып, немесе басқа шаралар қолданып өзі емдемей, тезірек дәрігерге көрінуі қажет.
Әдетте мерез жұқтырғандар жұрттан ұялғансып, "тәжірибелі" дос-жарандарының немесе басқа да "білгіштердің" ақыл-кеңесімен әрекет жасайды. Ал бұл барып тұрған қателік.
Ауру белгісі пайда болғаннан кейінгі бір апта ішінде жара маңайындағы бездер үлкейіп ісе бастайды. Бірақ ол жанға батып ауырмағандықтан, сырқаттың оған көңіл аудармауы да мүмкін. Ауру жұққаннан кейінгі бір жарым-екі ай ішінде де сырқаттың жалпы көңіл-күйі пәлендей өзгере қоймайды, бірақ онда аздаған әлсіздік, буындарының сырқырауы, дене қызуының ептеп көтерілуі байқалады.
Ауру жұққаннан кейін 2-3 ай өткен соң мерездің екінші кезеңі басталады. Бұл кезеңде теріні шұбар бөртпе қаптап кетеді, бірақ ол теріні түсірмейді және науқасқа да айтарлықтай әсер етпейді. Ернінің, аузының ішкі сілекей қабатына ақтаңдақтар түседі. Кейде дауыс қарлығуы мүмкін. Сонымен қатар теріде қызғылт түйіршіктер пайда болады. Жыныс мүшелеріне шыққан майда түйіндер бара-бара үлкейе түседі. Кейде біріне-бірі қосылып үлкен жараға айналады. Осы жарадан аққан іріңде бозғылт спирохета көбейіп, дене қызуы көтеріледі (38-40 градус). Бұл кездегі ауру адамның басқаларға мерез ауруын тарату мүмкіндігі және дерттің жұққыштығы айрықша қауіпті. Біраз уақыттан кейін әлігі белгілер өзінен- өзі жоғалып кетеді, ауру өзін жазылдым деп санайды. Оны бездерден, қаннан Вассерман реакциясы арқылы ғана табуға болады.
Егер ауру адам емделмесе, мерездің екінші кезеңі 3-4 жылға созылады және әлсін-әлсін жоғарыда айтылған белгілер қайталанып көрініп отырады. Мұндай жағдай әсіресе темекі шегіп, арақ ішетін, созылмалы басқа аурулары бар адамдарда жиі ұшырайды.
Осыдан кейін мерез өзінің үшінші кезеңіне өтеді. Бұл кезеңде адам организмі мүлде әлсіреп, ми мен жұлын жүйелерінің жұмысы бұзылады, адам сал болып қалады, көзі көрмейді. Жүкті әйелдер бала тастайды, бала туа қалса көбіне өлі туады. Немесе нәресте іште жатқанда мерезбен ауырып, жарымжан болып туады. Жүрек, өкпе, бауыр қызметтері нашарлайды, кеңсірігі опырылып, адам пұшық болып қалады.
Мерез ауруымен ауырғандар дәрігерлік есепке алынады, бұл есептен олар жазылганнан кейін 2-5 жылдан соң ғана шығарылады.
Айта кететін бір жай, мерез адамдарда соз, трихомониаз тәрізді жұқпалы аурулар да кездеседі. Бұл жағдайда мерезден гөрі әлігі аурулардың белгілері бұрын білінеді.
Әдетте мерез араққұмар, қоғамдық мораль қағидаларына құлақ аспайтын жүгенсіз, бұзық адамдар арасында жиі кездеседі. Сондықтан да оны түбегейлі жою ең алдымен жастарға берілетін тәрбиенің тиянақтылығына байланысты. Көргенді, тәрбиелі жастар арасында мерез ауруы сирек ұшырайды.
Мерез жазылмас ауру емес. Мұны оған шалдыққан әрбір адамның білгені жөн. Одан айығудың бір кепілі — уақтылы дәрігерге көрініп, жазылғанша үзбей емделу.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі