Орыс адамдарының арасынан Байқалға тап қалып, тәнті болып, ыстық ықылас сөзін протопоп Аввакум айтып кеткен. Даурияға жер аударылғаннан кейін, 1662 жылдың жазында «қайсар» протопоп көл-теңіздің шығыс бетінен батыс бетіне қарай өтеді де, Байқал туралы былай деп жазады:
«Оның қасында асқар таулар, түнерген жартастар бар және олар аспанмен таласады, мен жиырма мың верст пе, әлде одан көп пе, жер жүрдім, бірақ мұндай ғажайыпты көрген емен. Олардың төбесінде тегістік пен тастақтар, қақпалар мен ұстындар, тас қоршаулар мен қоралар бар — бәрі де құдайтағаланың құдіретімен жасалған. Онда жуа мен сарымсақ өседі, әрқайсы роман жуасынан әлдеқайда үлкен және тәттілігі тілді ояды. Сол арада алланың шарапатымен енген кендірлер жайқалады, ал қораларда жұпар иісті, гүл-шешекті қызыл шөптер өседі. Құстар жыртылып-айырылады, аппақ қардан болып, аққу-қаздар теңіз бетінде жүзіп жүреді. Онда бекіре, таймен, сүйрік, түрке, ақ саха сияқты балықтың неше түрлері еріп жүреді. Суы тұщы, нерпа мен қояндардан аяқ алып жүре алмайсың: Мезеңде тұрғанымда шетсіз-шексіз мұхит-теңізден мұндайды көрген емеспін. Ал балығы бықып жатады: бекіре мен таймені семіз, майлы келеді — оларды табаға қуыруға болмайды, шылқыған майға айналады. Елдің жаны жай тауып, құдайды аузынан тастамай, оған мың алғыс айтуы үшін, осының бәрін Христос со дүниеде адам игілігіне жаратқан».
Сол араның байырғы тұрғындары да, көл жағалауына XVII ғасырда келген орыстар да, саяхат-сапарға шыққан жатжерліктер де оның жер маңдайына сыймайтын таңғажайып сұлулығы мен тылсым сырына тағзым етіп, Байқалды «қасиетті теңіз», «қасиетті көл», «қасиетті су» деп атап кеткен Ғажайып көл, ең алдымен солардың біреулерінің мистикалық сезімдерін оятқанына, ал екіншілерінің эстетикалық және ғылыми сезімдерін шерткеніне қарамастан, жабайы жұрт та, өз заманында көзі ашық, білімді саналған кісілер де Байқалға жан-тәнімен тәнті болып, қалтқысыз көңілден бас иіп, табынған. Байқалды көрген сайын адамдар әрқашанда абдырап сасып қалады екен, өйткені ол адамның рухани да, материалдық та ұғым-түсініктеріне сыймайды: Байқал, өзі тәрізді бір нәрсе жатады-ау деген жерде жатқан жоқ, осы арада немесе кез келген басқа бір жерде болатын дүние емес, ал әдетте «енжар» табиғат кісі жанына қалай әсер ететін болса, Байқал мүлде басқаша әсер етеді. Бұл «құдай жасаған», кісі ақылына сыймайтын өзгеше дүние.
Уақыт өткен сайын Байқалды өлшеп-пішіп, мұқияттап зерттеген, бұл үшін соңғы жылдары тіпті терең тұңғиықты тексеретін аппараттарды да қолданған. Көлдің көлемі де белгілі болды, енді соған қарап, жұрт салыстыра бастады: оны бірде Каспиймен, бірде Танганьикамен салыстырады. Планетамыздағы күллі ауызсудың бестен бірін ол өз қанасына құйып алғаны есептеліп қойылған, оның шыққан тегін де анықтап, түсіндірген, жануарлар мен балықтың, өсімдіктің ешбір жерде жоқ түрлерінің мұнда пайда болғанын, осы арадан сан мың шақырым қашықта, дүниенің басқа бөліктерінде өмір сүретін хайуанаттардың көлге қалай душар болғанын жорамалдап болжаған. Осынау түсіндірме мен болжамдар бір-бірімен өзара үйлесе де бермейді. Оның тылсым сыры мен жұмбағын оп-оңай шеше салатындай, Байқал анау айтқан қарапайым нәрсе емес, бірақ қанша қиын дегенмен, өзінің заттық мәліметтеріне сәйкес, ол бет пердесі ашылып, сипатталған алыптар қатарында, өзіне лайықты құрметті орынға қойылған. Оның бұл орында тұратын себебі... ол тірі кел, қолдан жасалмаған, әлемде еш нәрсемен теңеруге келмейтін, еш жерде еш нәрсемен қайталанбайтын айбарлы да айдынды көл Байқал өзінің ежелгі орны мен өмір-тірлігін кәміл біледі.
Иә, оның ажар-көркін шынында немен және қалай салыстыруға болады? Әлемде Байқалдан өткен таңғажайып сұлу жер жоқ деп айта алмаймыз ғой: біздің әрқайсымызға өз мекеніміз сұлу да сүйкімді, мәселенки, алеуттерге яки эскимостарға өзінің тундрасы мен мұзды шөлі табиғи сұлулық пен байлықтың айшықты тәжі екендігі мәлім. Біз туған күннен бастап, өз Отанымыздың ауасын, тұз-дәмі мен суреттерін бойымызға сіңіреміз, олар біздің мінез-құлқымызға ықпалын тигізеді және едәуір дәрежеде біздің өмір-тірлігімізге ұйтқы болады. Сол себепті де олар бізге қымбат та қастерлі деп қоя салу жеткіліксіз, біз — олардың бір бөлегіміз және табиғи ортадан құралған бөлегіміз: сол себепті де біздің көңіл көкірегімізде соның ежелгі және мәңгілік үні сайрап тұрады және сайрап тұруға міндетті де. Ендеше Гренландия мұздарын Сахара шөлімен, Сібір тайгасын орта орыс даласымен, тіпті Каспийді Байқалмен салыстырып, олардың біреуін артық деуден кісі еш мәнпағат таппайды, ең дұрысы — олар жөніндегі алған әсеріңді әдемілеп айтып беру. Бұ жерлердің бәрі сұлулығымен сүйкімді де, тіршілік тірлігімен — таң қалып, тамсанарлық. Осындай кездері кісінің салыстыруға үйір келетін бір себебі, біз көбіне-көп сол табиғат суреттерінің бірегейлігін, кездейсоқ еместігін, оның өмір-тірлігінің аса нәзік те қатерлі екендігін көре де, сезе де білмейміз.
Дегенмен, бірде болса, бірегей жаратушы ретінде, Табиғат жарықтықтың еркетотай сүйіктілері болады, соларды жарату-жасау кезінде ол бар ынта-ықыласын соған салады және оларды мұқияттап өңдеп-жөндейді де, оларға өзгеше бір өктем билік береді. Байкалдың тап осындай екеніне ешбір шүбә жоқ. Оны Сібірдің інжуі деп тегін айтпайды. Қазір біз оның байлығын айтпай-ақ қоялық, ол өз алдына бір хикая. Байқал өзінің өзге де қадір-қасиетімен даңқты да киелі — кереметтей жанды жаңғыртар күшімен, қазіргі көп нәрсе сияқты, бір кезде болған, сосын өтіп кеткен рухымен емес, уақыт ағынына, әр түрлі өзгерістерге бой бермейтін нағыз қазіргі рухымен, ежелгі ұлылығы және айрықша құдіретімен, табиғи ерік-жігерімен, тартымды сынағыштық рухымен данқты да киелі.
Маған қонаққа келген жолдасым екеуміздің Байқалды айналып өтетін ескі жолмен теңізімізді жағалап, ұзақ жүріп алысқа шығандап кеткеніміз әлі есімде, бұл — оңтүстік Байқалдың ең сұлу, ең жарқын жерлерінің бірі. Байқалдағы ең берекелі-ризықты, мамыражай мезгіл — август айы болатын, бұл кезде су жылып, тау шоқылары қызыл-жасыл құлпырып, гүл-шешекке малынады; тіпті шақа тастың өзі алуан түрлі бояуымен жалын атып, жайнап кетеді; ал жадыраған күннен Саянның алыс шыңдарына жаңадан жауған қар жалтылдап, көз қарып жатады, олар сонау қиян-қиырда болса да, кісіге әлдеқайда жақын жатқандай болып көрінеді; бұл кездері Байқал көл-көсір еріген мұзарттар суын бойына күнілгері сіңіpiп алып, тоқмейіл кейіппен, жайбарақат толықсиды да, күзгі дауылды күндерге арнап күш жинайды; шаңқылдаған шағалалар даусы ырғағымен жағалауға жақын келіп, балықтар ойнайды; жол жиегіне қарасаң, аяқ басқан сайын әр түрлі жеміс-жидектер: таңқурай, қарақаттың қызылы мен қарасы, ырғай кездеседі... Ал сонда күн де елжіреп тұрды: үп еткен жел жоқ, шуақ, ауа мөп-мөлдір, Байқал тап-таза, монтансып-мүлгіп жатыр, сонау алыс айдыннан әр түрлі бояуымен жалт-жұлт етіп, тастар көз жауын алады, жол бойына бірде тау жақтан толысып піскен шөптің күңсіген кермек иісі келсе, енді бірде абайламай теңіз жақтан салқын сыз иісі аңқып кетеді.
Менің жолдасым арада бір екі сағаттай өткен мезгілде — табиғат сұлулығының бұрын өзі көргені былай тұрсын, тіпті көз алдына елестетіп те көрмеген, жойқын бір қайратпен салтанатты жаз тойын тойлап жатқан ұлан асыр қуанышы жан-жағынан жамырап келіп бас салғаннан-ақ, есі шығып, жуасып қалды. Қайталап айтайын, табиғаттың кемеліне келіп, толысып-толықсып тұрған кезі еді. Осы айтылған суретке сылдырап келіп, (салтанатты күміс сыңғыр күйімен деп айтқың келеді) Байқалға құятын тау өзектерін қосыңызшы, біз екеуміз солардың суынан татып көрмекші болып және олардың қандай құпия сырмен, қалтқысыз да жанқияр көңілімен ана-су құшағына барып еніп, мәңгі тыныштық табатының бақылап, байқамақшы болып, талай рет төмен түстік те; бұған тағы да табиғаттың өз қолынан шыққандай болып көрінетін, зор ісмерлікпен мейлінше мұқият жасалған, сансыз тоннельдерді қосыңызшы, осындай тоннельдер саны мұнда жол шақырымдары санынан сәл-ақ кем шығар, ал енді сол үңгірлер үстінде, кейде сән-салтанатпен қатуланып тұрған, кейде емін-еркін ойнап жүріп, сол күйінде ығы-жығы қатып қалған тәрізді болып көрінетін, еңселі сеңгір тастарды айтсаңшы.
Адамның әсер алуына арналған ішкі сарайын менің жолдасым көп ұзамай-ақ шүпілдетіп толтырды да, одан әрі таңырқап, таңдай қағуға да, тамсанып, тәнті болуға да, әл-дәрмені жетпей, үндемей қалды. Ал мен сөзімді сабақтай бердім. Мен оған студент кезімде алғаш рет Байқалға келгенімде, суының мөлдірлігіне алданып қалып, қайықта отырып, қолыммен көл түбіндегі тасты алмақ болғанымды, ал кейін соны өлшегенде тереңдігі төрт метрден асқанын айтып бердім. Жолдасым бұл жәйтке де бейтарап қарады. Мұны көңіліме алдым да, Байкал түбін кейде қырық метр тереңдіктен де көруге болады дедім,— шамасы, біраз қосыңқырап жіберсем керек — өзі күн сайын машинасымен жанай жүретін Москва өзенінде осындай нәрсе ұдайы болып жататындай-ақ, ол бұны да байқамады. Мен оған не болғанын осыдан кейін ғана аңғардым: егер мен оған — біз Байқалдың екі жүз-үш жүз метр тереңінде жатқан екі тиындық бақырға қарап, оның жасалған жылын оқып білеміз—десем де, ол тап қазіргісінен артық таң қалмас еді. Оның көргенінен алған әсері басынан асып жатыр еді.
Әлі есімде, оны сол күні қайран қалдырған нерпа болды. Әдетте нерпа жағалауға жақын келмейді, ал сонда ол тілегенге — сұраған болып, иек астындағы суда ойнап жатыр екен, мен оны көре салысымен, жолдасыма айтып едім, ол кенет қатты қышқырып жіберді де, қолын жайып, ысқырып, ит сияқтандырып, нерпаны өзіне шақыра бастады. Әрине, нерпа жалма-жан суға сүңгіп жоқ болды да, жолдасым аузын ашып, аңырып, үн-түнсіз тұрып қалды, сөйтіп ол бұ жолы көпке дейін тіл қатпады.
Былай алғанда айтуға тұрмайтын бұл естелікті келтіріп отырған себебім, жолдасымның Байқалдан үйіне қайтып барғаннан кейін, көп ұзамай маған таңдай қағып, тәнті бола жазған ұзақ хатынан бірер сөзді мысал ретінде алғым келді. «Күшіме күш қосылды — бұл анық, мұндай жайт бұрын да болған,— деп жазады ол.— Бірақ менің рухым тасыды, бұл — Байқалдың әсері. Мен қазір көп істі тындыра алатынымды сеземін және нені істеп, нені істемеу керек екенін айыра алатын секілдімін. Біздің маңдайымызға Байқалды берген табиғаттан айналдым! Мен ертеңгілік тұрамын, Байқал атай жатқан, сендер жаққа қарап, тағзым етемін де, тау қопаратындай болып, іске кірісемін...»
Мен оны кәміл түсінемін.
Ал ол, менің жолдасым, Байқалдың титімдей бір пұшпағын ғана көрді және ойы айналадағы бар дүние тамылжыған тыныштық пен жадыраған күнге алғыс-ризашылығын жаудыратын жайдарман жаз мезгілінде көрді. Тап осындай күні күлімдеп, ауасы үп етпей, маужырап тұрған кездері, ешбір себеп-салдарсыз-ақ, сонау терең тұңғиығынан жанартау атқылағандай-ақ, Байқалдың буырқанып-бұрсанып сала беретін тентек мінезін ол, әрине, білмейді. Соған қарап тұрып, өз көзіне өзін сенбейсің: мүлгіген тыныштық, желсіз тымық күн және күркірей толқыған су — бұл қара дауыл теңізді сапырып жатқан аймақтан, ондаған шақырымнан жеткен асау толқындар ағыны ғой баяғы.
Ол, менің жолдасым, сарма, қолтық, Баргузин сарнай жөнелген кездері оның өтінде тұрып көрген жоқ. Өзен алқаптарынан алапат бір күшпен есіріктене соғып, Байқал толқындарын кейде төрт-алты метрге дейін көтеріп, теңіз бетіндегі жұртты талай бәлеге ұрындыратын желдерді осылай атайды. Әлгі әнде айтылатындай-ақ, Байқал балықшысы: «Эй, баргузин, айда асау толқынды»—деп ешқашан да сұрамайды.
Ол терістік Байқалдың сол жаратылған күйінде сақталып қалған, сұсты да салқын сұлулығын көрген жоқ, сол арада, бағы заманның тап-таза мөлдір суы үстінде, шұғылалы мәңгіліктің сән-салтанатпен, жомарт пейілімен құдірет-билігін жүргізіп тұратыны сондай, осынау табиғат ортасында кісі уақытты, адам ісінің өлшем-мөлшерін сезінуден айрылып қалады. Бірақ соңғы жылдары, айтып-айтпай не керек, адам шіркін бұл арада да бекер өткен уақыт есесін қайтармақ, болып, өзінің үйреншікті мәнерімен, сол табиғаттың салауатты салтанатын да, мәңгілігі мен тыным-тыныштығын да, сұлу көркін де күзеп, бұза бастады.
Жолдасым Песчаная—Құмқайран қолтығында болған жоқ, ол арадағы шуақты күндер атақты оңтүстік курорттарынан әлдеқайда көп, ал ол Чивыркуй шығанағына барып, суына түсе алмады, мұның суы жаз күндерінде Қаратеңіз суынан да жылы келеді.
Ол қыстағы Байқалды мүлде білмейді, қыстыгүні ызғырық жел жалап тастаған мөп-мөлдір мұздың жұп-жұқа болып көрінетіні сондай, үлкейткіш әйнек астындағы секілді, оның астында су жыбырлап ағып жатады, оны басып жүре беруге жүрегі дауаламайды, ал шындап келгенде аяғыңның астында қалыңдығы бір метрлік немесе одан да көбірек мұз сауыт жатады; көктем қарсаңында Байқал бүлкілдеп, қозғалып, осынау көк құрыш мұз көбесін қалай қақыратып, күтірлете бұзып, түпсіз терең жарықтарын ырсита ашып жіберіп, аттыға да, жаяуға да жол бермейтінін, содан кейін қайтадан жымдасып қабысып, бұрынғы жарықтар үстіне дүңкитіп-дүңкитіп, көгілдір мұз-төбелерді үйіп қоятынын жолдасым, әлбетте, көрген де, естіген де жоқ.
Ол мұндағы қиял-ғажайып ертегілер әлеміне де душар бола алмады: көл бетінде кейде саған қарай ақ желкенін жайып жіберіп, жалтылдап желқайық зымыpaп келе жатады. Кейде орта ғасырдың таңғажайып бір қамал-сарайы ауада қалқып тұрып қалады да, сосын ыңғайлы бір жерге қонуға бейімделіп, жәйімен баяу қалықтап төмендей бастайды, ал енді бірде ақ айдында бір-бірімен қанаттаса тұтасып, тәкаппар бастарын көкке көтеріп, аққулар тобы ың-шыңсыз жүзіп, саған мүлде жақындап таяп келеді... Бұл — Байқал үстіндегі сағымдар, осы араның үйреншікті құбылысы, олармен байланысты небір қызық аңыздар мен хиссалар бар.
Ол, менің жолдасым, көп нәрсені көрген де, естіген де, басынан өткерген де жоқ, ең дұрысы, ештеңені де көрмеді, естімеді, басынан өткермеді десе де болғандай. Байқалдың қасында тұратын біздің өзіміз оны жақсы білеміз деп мақтана алмаймыз, өйткені көлді ақырына дейін толық білу, оны түсіну мүмкін емес — қанша айтқанмен, Байқалдың аты Байқал. Ол әманда әр түрлі және өз езін өмірде қайталамайды, көз ашып, жұмған сайын оның бояуы, түр-түсі, рай-реңі, ауасы мен қимыл-қозғалысы, рухы өзгеріп, құбылып тұрады. О, Байқалдың рухы-аруағы — ол өзінше өмір сүретін өзгеше бірдеңе, ол кісіні көне аңыздарға еріксіз сендіреді де, кейбір жерлерде адам ойына келгенін істеуге қаншалықты еркі бар екенін мистикалық қауіппен ақылға салып, толғанып көруге шақырады.
Дегенмен де менің жолдасым Байқалда аз уақыт қана болып, болар-болмас бірдеңелерді көрсе де, көл сырын түсінбегенмен, оның не екенін кәдімгідей сезініп кетті. Мұндай кездері кісі сезімі біздің өзімізге, біздің бір нәрсенің рухани мәнін-дәнін бойымызға сіңіріп алуға қабілетіміз жете ме, жетпей ме, міне, соған байланысты.
Байқал өзінің ұлылығымен, көлемімен адамды басып тастауға тиіс сияқты болып көрінеді — ондағы бар нәрсе ірі, кең де дарқан және жұмбақ болып келеді, ал бұған керісінше, ол адамды рухтандырып, көтере түседі. Мәңгілік пен мінсіз сұлулық аясында, осынау сиқырлы ұғымдардың тылсым сыры саған да жетіп, ғажап бір құдіреттің тынысы сені де желпіп, жаһандағы барша тіршіліктің киелі құпиясының бір мысқалы саған да дарығандай-ақ, кісі Байқалға барғанда аса сирек кездесетін сезімге, өзіне қанат бітіп, төбесі көкке жеткендей бір асқақ сезімге бөленеді. Осынау жағалауда тұрып, осы бір шипалы ауамен тыныстап, қасиетті суды ішуіңмен-ақ сен көзге түсіп, ерекшеленесің. Күллі есіл-дертіңмен табиғатпен етене араласып, оның жүрекжарды сырына қаныға бастадым-ay деген бір сезім енді сенде басқа ешбір жерде де пайда болмайды: сен жұпар ауаға мас болып, басың шыр айналып, осынау айдын үстімен зулап ұша жөнелесің; сосын ел көзі көрмеген, біздің өңіміз түгіл түсімізге де енбеген гүлстан жайларда боласың; о жақтан кеудеңдегі үміт оты маздап: сонау алдымызда жер жаннаты — жерұйық бар,— деген сеніммен қайта ораласың...
Байқалдың біздің жан-жүрегімізді, ой-санамызды тазартып, жігерлендіріп, шабыттандырып отыратын әрекет-әсерін айтсаңшы!.. Оны есептеуге де, қолмен ұстағандай белгілеп қоюға да болмайды, оны тағы да тек ішпен сезіп қана қою керек, бірақ бізге оның осынау дүниеде бар болғанының өзі жетіп жатыр.
Бір күні сейіл-серуеннен қайтып келгеннен кейін, Л. Н. Толстой былай деп жазыпты:
«Осынау таңғажайып табиғат арасында жүрген адам көңілінде ашу-ыза, өштесу немесе өзі тектестерді қырып-жоюға құштарлық сезімі шынымен-ақ сақталып қала ма екен? Осынау сұлулық пен қайрымдылықтың қайнар көзі табиғатпен ұшырасқанда адам жүрегіндегі қайрымсыз қаталдықтың бәрі ғайып болуға тиіс сияқты болып көрінеді?»
Өзіміз өмір сүріп жатқан жерге, оның ризық-берекесіне қадым заманнан бері, мәңгі сай келмейтініміз — біздің бойымызға сіңген ескі дертіміз.
Табиғаттың өзін дербес алсақ, ол әрқашанда қасиетті, оны тек адам ғана қасиетсіз ете алады. Біздің өзімізді, қазіргі моральдық хал-ақуалымыз айқындалатын, әзірге ақылға сыйымды, көңілге қонымды мөлшерде кәдімгідей-ақ ұстап келе жатқан да және біздің ақыл есіміз бен игі істерімізді демеп-жебеп жүрген де сол табиғат емес пе екен, кім білген? Өлгендер мен әлі де тумаған нәрестелердің жанымен бізге дейінгі болған және бізден кейін келетіндердің де жан-рухымен өзіміздің көңіл-көзімізге күн демей, түн демей, жалынып-жалбарынып та, үміттеніп сақтандырып та қарап тұратын қамқоршымыз сол табиғат жарықтық емес пе?! Және біз бәріміз соны естімей жүрміз бе? Бір кездері Байқал жағасындағы эвенкі, қажетіне жарататын қайыңды қырықпай тұрып, ұзақ уақыт өз кінәсін мойындап, обалына қалатын болғандықтан да, сол ағаштан кешірім сұрайды екен. Қазір біз мүлде басқа жан болып кеттік. Дегенмен де, біз, осыдан екі жүз немесе үш жүз жыл бұрынғы сияқты, қайыңға емес, Байқал атамыздың өзіне кезелген енжар қолды ұстап қалуға әл-дәрменіміздің жеткенінің өзі, бізге табиғат дарытқан, оның ішінде со көл дарытқан нәрсені соның өзіне еселеп қайтара алатын халде болғандығымыздың арқасы емес пе екен?.. Адамгершілік тірліктің мәңгі жүйе-жоралғысы бойынша —жақсылыққа —жақсылық, мейірімге— мейірім емес пе...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі