1
Бойындағы күш-қуатының сарқыла бастағанын Иван Петрович бұрын да сезіп жүретін, бірақ ешқашан да тап бүгінгідей діңкелеп, жер шетіне жеттім ғой деп ойламаған. Ол машинасын қаңтарып гаражға қойды да, құлазыған өтпелі күрке арқылы көшеге шықты, саламат сау кезінде өзіңнің дем-тынысыңды қалай байқамайтын болсаң, жиырма шақты жыл бойы тап солай байқамай келген жол, гараждан үйіне дейінгі екі аттам жер, оған тұңғыш рет таусылмайтындай ұзақ көрінді, оның әрбір аршыны адымдап жүргенді, ал әрбір адымы әл-қуат жұмсауды қажет етеді. Ілгері басқан аяғы кейін кетіп, жүрісі өнбей келеді, тіпті өз үйі — өлең төсегі де жеткізбей қойды.
Енді, міне, алдағы апта, ен ақырғы жұмыс аптасы, оған шетсіз-шексіз күллі ғұмырынан да ұзақ бірдеңе болып көрінеді. Қайран дүние-ай, соны, сол аптаны қалай, қайткен күнде жанай өтуге болар еді, кісі ақылы жете ме оған, ал сосын, одан кейін барып басталатын харекет-тірлік жайы тіпті беймәлім, оны көзімен көріп, көңілімен түйсініп те біле алар емес. О жақта мүлде тыйым салынған, бөтен бірдеңе, еңбек-бейнеті сіңген, қажетсіз бірдеңе бар тәрізді, осынау қапалы қам көңіл сәтінде со қажетсіз нәрсе бұған ажалдың тап өзінің о жақ бұ жағындағы бұлдыр бір сағым секілденіп кетеді.
Және соншама қатты шаршағаны қалай? Бүгін зорланып жұмыс істеген де жоқ, тіпті жүйке жұқаратын сілкілесу де, әкіреңдесу де болмады. Тек алдынан жер шеті көрінді, оның ар жағында — барар жер, басар тауы жоқ. Күні кеше ғана мұның алда бітірер бір ісі бар сияқты еді, бүгін бәрі бітіпті. Ертең орнынан қалай тұрады, машинасына тағы от алдырып, қалай жұмысқа шығары — белгісіз. Бірақ сол ертеңгі күннің өзіне сенер- сенбесі неғайбыл және соған сенбейтініне бір түрлі айызы қанатын да секілді. Жұрттың кейбіреуі алаңсыз тынығып, екінші біреулері есін жинап алуы үшін, тағы біреулері мастығынан айығуы үшін — өлшем-мөлшері жоқ, ұзақ-сонар түн келіп басса ғой... Сосын жаңа, жарық таң атып, ел сергіп, сауығып шыға келер еді. Жақсылық деген сол-дағы.
Бұл бір жылы-жұмсақ кеш-тұғын... Күндіз жылыған ауа шымыр тартып, суытатын сыңай танытпайды. Дымқыл қар қатқыл жол үстінің өзінде кісі аяғымен езіліп, іздер де тайға таңба басқандай ап-анық түсіп қалып жатыр, еріген қар суы тарам-тарам болып, еңіске қарай сылдырай ағады. Қара барқынданып үйіріле түскен ымырт әлетінде, осынау көктем суы көлкілдеп жатқан кезде, айналаның бәрі телегей-тасқынға қарық болып, бей-берекет жүзіп жүрген тәрізденеді, тек қалың кары әлі де болса аппақ, тап-таза күйінде тұтасып жатқан Ангара ғана алыстан қараған кісіге құрғақ жағалауға ұқсап көрінеді.
Иван Петрович ақырында үйіне де жетті, жолай келе жатқанда аялдап, әлде біреулермен сөйлесті ме, сөйлеспеді ме — есінде жоқ, әйтеуір жаны күйзеліп қиналатын, әлде үзіліп кетердей болып жанығатын кездері шыға келетін үйреншікті бір дерті ұстамай, үйінің алдындағы сау-тамтығы қалмаған шағын бауды жанай өтіп, ішке кіріп, қақпаны жапты. Аула сыртындағы сиыр қора жақтан, бір айлық бұзауды өбектеп жатқан Аленаның даусы келеді. Иван Петрович сенекке кіргесін лас етігін шешіп, өзін-өзі желкелегендей зорға жуынды да, шыдай алмағасын, кіреберістегі жалпақ орыс пешінің қасына қойылған жылы төсекке құлай кетті. «Ендігі менің орным осы ара»—деп ойлады ол, Алена келе жатыр ма екен деп құлағын тігіп және кешкі асқа тағы да тұрамын-ау деп алдын ала зәрезеп болып.
Алена мұны ауқаттандырмай тыным таппайды. Ал өзіне салса — тұрғысы жоқ. Ештеңеге де зауқы соқпайды. Бейне бір көр ішінде жатқандай.
Алена ішке кіріп, мұның бей-жай жатқанын көріп таң қалды, таң қалды да, осы сырқат болып жүрмесін деп сасып қалды. Жоқ, ауырмапты әйтеуір. Қатты шаршапты. Ол бірдеңені айта жүріп, столға ас-ауқат әкеліп қоя бастады, күйеуі бірақ оны көңіл қойып тыңдамады. Иван Петрович асты сәл кідірте тұруды сұрады. Ол осылай жатып себептен-себепсіз сүлесоқ күйі, бөтен біреудің ойын қайталағандай-ақ, қайдан келіп қосылғаны түсініксіз «март» пен «мерт» деген екі сөзді іштей айта берді Осынау сөздердің өзара үндестігінен өзге, ортақтас тағы бір пәлесі бар секілді. Жоқ, қайтсе де мартқа шыдауы керек, ең ақырғы әл-дәрменін салып, сол бір соңғы аптадан аман өтуі керек.
Сол сәтте Иван Петровичтің құлағына:
— Өрт! Қоймалар жанып жатыр!—деген ащы айқай келiп жетті.
Иван Петровичтің жаны күйіп, жабығып жатқаны сондай, осы айқай оның өз көмейінен шығып жатқандай болып елестеді. Бірақ Алена жетіп келіп:
— Есіттің бе, Иван? Есітіп жатсың ба? Ойпырмай, не дейді! Айтпақшы сен нәр татпадың-ау,— деді.
2
Жұмысшыларды жабдықтау бөлімінің қоймалары «Г»—әрпі секілденіп салынған еді, сол әріптің ұзын жағы Ангара бойын қуалай яки кәзіргі тілмен дұрыстап айтсақ, су бойын қуалай созылып кетеді-дағы, оның қысқа тұмсығы оң қанатпен жүріп отырып, төменгі көшеден барып шығатын — егер осынау добалдай әріпке, поселкеге барып, үстіңгі жағынан қараса, ол қаздиып тұрған сияқты емес, жалпиып жатқан сияқты болып көрінер еді. Мұның қалған екі жағы, әрине, тұп-тұтас бітеу дуалмен қоршаулы тұратын. Осы бір товарлар тоғысатын қоймаға көше беттен екі жол тірелетін. Оның кең қақпасы машиналарға арналса, онымен қатар тұрған есік ығайлар мен сығайларға қойылған еді. Қақпаның оң жақ қанатынан, қоймаларға жақынырақ жерден тап-тұйнақтай етіп салынған бір магазин дуалдан жартылай шығып, жасыл бояуымен жайнаң қағып, аялы әйнектерімен көшеге жадырай қарап тұр, оның екі бөлімшесіне — азық-түлік пен өнеркәсіп товарлары бөлімшелеріне ортақ бір басқыш қана бар.
Төменгі көшеге қоймалардың екі жағын ала ығы-жығы етіп үйлер салынған. Жұрт әманда суға жақын қоныстануды жақсы көреді ғой. Ендеше өрт жалаңдап шыға келсе, ол со қос қанаттағы үйлерді күйедей жалап, ойрандап, тіпті сонау жоғарғы жақтағы үйлерді де шарпуы ғажап емес-ау. Үйден атып шыққанда Иван Петрович, неге екенін қайдам, ең әуелі, қоймаларды емес, осы үйлердің жайын ойлады. Осындай кездері кісі ойына алдымен жаман нәрсе сап ете түседі, содан кейін барып ойын ақыл-ойы да, ic-әрекеті де алда болатын нәубет көлемін кеміте бастайды.
Иван Петрович басқышқа шығып, қоймалар жаққа көз тастап еді, отты көре алмады. Бірақ кәзір жан-жақтан естіліп жатқан айқай-шу, дәл со қоймалар жақтан қаттырақ, ащырақ жетіп жатыр. Жолды қысқарту үшін Иван Петрович бақша ішімен төтелей тартты да, бір ашық жерге келгенде ілгері қарап шын өрт екеніне көзі жетті. Бір буалдыр үзік-үзік жалын ирелеңдей жанып жатыр және ол қоймалардан әрірек он жақта жанып жатқан тәрізді; бір сәт Иван Петровичке бау-бақшаның қу шарбақтары мен сырт жақтағы монша жанып жатқан сияқтанып еді, бірақ со мезетте жалын лап етіп, шаншылып аспанға көтерілді де, төңіректегі қойма құрылыстарын самаладай жарқыратып жіберді. Қайтадан у-шу дауыстар, сындырылған ағаштың сатыр-сұтыр дыбысы естілді. Иван Петрович есін жиды, мұнысы несі, құр қол барып не бітірмек. Ол асығыс кейін бұрылды да, әйелінің атын атап шақырып келе жатты, бірақ ол көрінбеді, үйді ашық-шашық тастап, ызым-қайым кетіп қалыпты. Иван Петрович жарылған отын арасынан балтасын тауып алып, енді багорды қайдан табарын білмей, аула ішін шарлады, бірақ кенет үй есігін жабу керек еді — деген бір ойға алаң болып, әлгіні есіне түсіре алмай қойды. Тап сол сәтте үй қабырғасына жалпылдап от сәулесі түсіп, мұны асықтыра бастады. Сол-ақ екен, Иван Петрович есі шығып, әлгі келген жолымен кейін қарай тұра жүгірді.
Жүгіріп келе жатып ол өрт арайының кешеге жақындай түскенін байқап қалды. Шамасы, бұл от ойнауға болмайтын бәле болса керек. Поселке орнағалы бері тап осындай алапат өрт болып көрмеген еді.
Иван Петрович дуалды айналып жүгіріп келді де, тап кәзір шалқайта ашып тасталған қақпадан, іште не болып, не қойып жатқанын көзімен шолып, асықпай баяу басып, аулаға кіре берді.
3
Істің мән-жайына қарағанда, өрт шыққан түс, сірә, азық-түлік қоймалары ұзын жағынан, өнеркәсіп товарларының қоймалары қысқа жағынан келіп түйісетін бұрышта немесе со бұрышқа жақын бір жерде болса керек. Мұның екі жағы да өз алдына бөлекше, бірақ әрқайсысы бір-бірімен өзара тіркесіп сабақтасып жатыр.
Бұл құрылыс әуелде салынғанда зәуімен өрт шыға қалса, біржолата тып-типыл болып жанып кететін жерге салынған екен. Ал осынау қоймалардың өзіне келетін болсақ, о баста бұған от тиюі мүмкін-ау деп ойлаудың орнына, орыс адамының ақылы әрқашанда артынан жүреді және олар әрқашанда мекен-жайын сайлағанда, ең алдымен, қалай аман қалып құтылып шығуға қолайлы болу жайын емес, жүріп-тұруға, пайдалануға ыңғайлы жайын ойлаған ғой. Ал бұл арада поселке асығыс-үсігіс салынар кезде, ешкім де көп ойлап бас қатырмаған: судан қашып жүрген кісі, от жайын ойлай ма? Бірақ өрт шыққан мына бұрышты сөз етсек, онда бір кездегі әлдекім ақылы артынан емес, алдынан келетін сұм болса керек, ал ең дұрысы — бұл қырсық шалса қиын еместің кері.
Өрт ә дегеннен-ақ екі жаққа бірдей тараған. Азық-түлік қоймасы жағына от шатырды қуалай, оған тап бір оқ-дәрі сеуіп қойғандай-ақ, көз жетпейтін жылдамдықпен сатыр-сұтыр жайылған. Бұл жақтың шатырына шифер жауып үлгірмеген, шиферді күзде әкеліп, дуал түбіне қалап қоя салған, олар әлі сол арада жатыр. Ал өнеркәсіп товарлары қоймасының төбесін шиферлегелі екі жыл, банкілер салынған жәшіктер немесе печенье-конфеттер ылғалданып қалса — оқасы жоқ, ал егер осы араға жұрт оны сонау Иркутскіден әдейі іздеп келетін, тіпті ақшадан өзге тағы бір айрықша бағасы бар дейтін, әлгі жапон шүберектері жаңбырдың астында қалса — ол енді мүлде басқа жайт. Бірақ оттың бұ жаққа шатыр арқылы зып беруіне бөгет болған шифер емес, басқа бірдеңе. Мұндағы нағыз от қияметі шеткі қойманың ішінде, ойлана қараған кісіге, бар бәле осы арадан басталған тәрізді.
Мұнда тағы бір қойманың төбесі шифермен жабылған еді, ол азық-түлік қоймалары сапындағы ең шеткі, ішіне үн мен жармалар сақталатын дуал жанындағы қойма болатын.
Иван Петрович қайда барарын білмей, бір түрлі ыңғайсыздана қырындап, өрт жарығына малынған аула ішінде бірде олай, бірде бұлай жанығып жүрген кезде, тек екі жерде ғана кісілер топтанып, біріге бастаған екен: олардың біреуі оң қанаттағы, отқа жақын жерден мотоциклдерді дөңгелетіп шығарып жатыр-дағы, төрт-бес еркектен құралған екінші топ қойманың қарсы жақ шетінде, жоғарыдан қашқан өртті тоқтату үшін, ұзыннан-ұзақ созылған шатырдың дәл ортасын бұзып жатыр екен. Оларды жалаңдап жақын келіп қалған жалын қыздырып, шыдатпай барады, еркектер жан ұшыра айқайлап, уақыт озған сайын ысталып, қарайып кеткен тақтайларды сықырлата сындырып, жанталаса айырып алып, жанығып жерге итеріп түсіреді. Иван Петрович қолында балтасы бар екенін есіне алды, ол балтасымен соларға жәрдем беруге тиіс, бірақ төбеден түсіп жатқан тақтайлардан жалтарамын деп жүріп және жоғарыға қай жақтан, қалай шығарын білмей, шырқ айналып, біраз әуре-сарсаң болды. Сасқалақтап жүргенде есіне ештеңе түсер емес. Ол тек әлдекімнің сол жақ дуал жақтан өрліктің екі жақ еңісін кезек басып, асығыс жүріп кеткенін көргесін барып, сонша милаулығы үшін өзіне-өзі күңкілдеп кейіп жатпай, сөйлеуге мұрша қайда, күйіп- жанып жүрген жұрт тәрізді, аузынан жалын ата, өзін бір сықпыртып алды да, әлгі жаққа қарай тұра ұмтылды. Осы кеше ғана әлекедей жаланған ер қара азамат еді, енді арып-ашып, аруаққа айналған түрі осы.
Ана жақта, жоғарыда, жұртты Афоня Бронников билеп-төстеп жүр екен. Иван Петрович жүгіріп жақындай бергенде оның әлдекімге төмен түсіп сүймен немесе тым болмаса, іске ыңғайлы бір қаусатқыш белтемір тауып кел,— деп жатқан әмірлі даусын есітті. Сол-ақ екен, Иван Петровичтің бойы бір түрлі жеңілдеп сала берді, Афоняның осы жерде жүргені мұндай жақсы болар ма. Бұл арада тағы бір сенімді кісі — тракторшы Семен Кольцов бар екен, рас, ол бөтен жақтан келген, бірақ Иван Петрович онымен қоян-қолтық жұмыс істеген, оның тұрлаулы жігіт екенін жақсы біледі.
Афоня, Иван Петровичтің қолындағы балтасын көріп, кәдімгідей қуанып қалды:
— Мінеки, арамыздан бір ақылды адамның табылғанына да шүкіршілік! Әйтпесе, мына жұрт өртке, жаюлы дастарқанға шақырғандай-ақ, құр қол жетіп келіпті.
Афоня Иван Петровичті шатырдың аула жақ шетіне жұмсады, ал ол бір сәт іс жүйесін көзімен шамалап алды да, жымдасқан тақтайларды сөге бастады. Итарқаның екінші шетінен, шөркеге шығып алып, өрліктен төмен қарай төбе тақтайын астыңғы жағынан ұрған сайын сол шөркеден секіріп түсіп, қолтоқпағын зіл балғадай құлаштай сермеп, Афоняның өзі шатырды қақырата бұзып жатыр, ал шатырдың орта тұсындағы, қолында балтасы бар Семен Кольцовтың қимылы да ересен. Ол осы араның да, төбенің Ангараға қараған жағының да ісін тындырып тастағандай, әдетте, жұмған аузын ашпайтын,ұстамды, тұйық кісi бүйірі қызып алғасын, оң жақ, сол жақтағы тақтайларды құшырлана талқандап, қирата жүріп, жағы тыным таппай қиқулайды. Иван Петрович жұмысқа байланып, айналасына мойнын бұрып, бір қарауға зар болып жатса да, ішіндегі ыза-құсасын кісі — кісі оқтай атылып, шабуылға шығарда, әлдекімге ажал болып төнерде немесе тап қазіргі өздері секілді бірдеңені бүлдіріп, қиратуға лаждың жоғынан кіріскен сәтте ғана, айқай салып сыртқа шығаратын болар, әйтпесе мәселенки, егін егіп, тұқым сепкенде не азды-көпті малына шөп шапқан кездері түз тағысы сияқты ақырып-бақыру адамның тіпті өңі түгіл, түсіне де кіріп-шықпайды ғой,— деп ойлады. Ал біз болсақ, алғашқы қауымнан бері қанша заман өтті деп уақыт есебін жүргіземіз: ғасырлар зулап, өтуін өтіп жатыр-ау, бірақ кісінің жан жүрегіне сол қадым заманын, қарға адым жақын-ау, сірә.
Иван Петрович төменнен шыға келгенде, шатыр төбесінің төрт метрдей жері ашылған екен. Бұл келгесін жұмыс жылдамдай түсті, әйтеуір үлгірді-ау: ыстығы бет қаратпай, шатырдың ішкі қабатымен лапылдап жетіп келген от, үңірейген бос қуысқа жеткенде, мына беттегі кісілерді жалынымен шарпып бір жасқап, оларды жүрелеп отыра кетуге мәжбүр етті де, өзі шалқып жоғары көтерілді. Бірақ опырайып кетіліп қалған жерден секіріп өте алмай, жалт етіп кейін бұрылды да, арт жағында алас-қапаста арса-арса болып, шала жанған қу күйікті жалмау үшін жылмаң-жылмаң етіп, сумаңдап бара жатты. Шатырдың қаңқа ағаштары бықсығанмен жанбады, ал оның кейбір жылт етіп, тұтана бастаған жерлерін Афоня ұмтылып барып, кеудешесімен ұрып, сөндіріп тастады.
Афоняның жүрек жұтқан сабаз екеніне, өз аулының, су астына кеткен ескі қыстақтың жігіті, енді қазір қайдағы жігіт, салиқалы ер-азамат екеніне тағы бір рет анық кезі жетті.
Арт жағына жиі-жиі жалтақтай қауіптене қарап, олар қайтадан жұмысқа кірісіп кетті. Сүймен әкелуге жіберілген жігіт қайтып келді, ол сүйменнің орнына жаңа хабар әкелді: Аулаға от шарпыған «Оралды» шығарыпты. Қосарлы «Орал» мотоцикліне орман өнеркәсіп шаруашылығындағы кісілер «Жигулиден» бетер құмар келеді. Бұл жігіт мұндағыларға шала таныс, қазір бұл араға шартараптан бас қосып, көптен бері тұрып жатса да, со баяғы қалпынша етене таныс болып кетпегендер толып жатыр. Ол ашуға булығып айқайлап тұр:
— «Оралды» жоқ деп еді, бар екен, бар! Сонда оның кімге бар болғаны?! Оны кімге сақтап қойған?! Мен жуырда ғана Качаевтан әдейі барып сұрағанмын. «Жоқ!»—деген. Ал мотоцикл іште сақтаулы тұрған!
Афоня оның сөзін бөліп жіберді:
— Сен не, сүйменді іздедің бе, әлде басқа нәрсені ме?
— Сүймен жоқ. Ештеңе де жоқ,— деді жігіт бажылдап.— Әне, қараңдаршы: әйелдер шелектерін алып, зырлап барады, ал су тасығыш машинаны таба алмай сандалып жүр. Ангарадан суды иінағашпен тасып жатыр. Осындай тозаққа иінағашпен су тасыды деген не сұмдық! Бұл әлгі қалың жұрттың қатар тұрып алып, отты түшкіріп сөндіреміз дегенімен бірдей нәрсе ғой. Сонда да өрт қынбайды.
Сосын жігіт осы араға бірінші болып келген жұрт ішінен өрт-сөндіргішті пайдаланбақ болғанын сөз ете бастады шаңқылдап:
— Мен оны, тиісінше төңкеріп жіберіп, жерге қойып қалсам, «пыш» еткен дыбысы ғана шығады. Анаусы да — пыш, мынаусы да — пыш. Көбігі де көпіршігі де жоқ. Қақсып кеуіп қалған ба, әлде желі шығып кеткен бе,— білмеймін.
Ол бұлардың ту сыртынан айқайлап түр: Афоня оған бағанағы кеудешесімен серіктерін оттан көлегейле деп әмір еткен. Осынау бел жазып, тыныс алмай қарбалас жүріп жатқан қаурыт жұмыс арасынан оның үздік-создық шыққан жарықшақ даусы кісі үрейін ұшыратындай. Иван Петровичке сол дауыс қасындағы бет шарпыған ыстық пен түтінге қақалып-шашалып тұрған кісіден емес, қойма қабырғасынан шығып жатқандай болып естіледі. Осыдан кейін бірте-бірте қараңғы түнге айналған, ұзақ та ыстық кеш бойына, бірдеңені айқайлап айтып, хабарлап жатқан, қылқылдап талап етіп жатқан дауысты естісе болғаны, Иван Петровичке, со сөздерді жұртқа түсінікті болу үшін, мына қабырғалар, жер мен аспан, өзен жағалауы адамша сөйлеп, айтып тұрғандай болып елестеп кетеді.
Соңғы тақтайды сөгіп, төменге итеріп түсіргеннен кейін, Иван Петрович бойын жазып, алды-артына, айналасына көз тастады. Алаулаған жалын аула ішіне ысты жарығын төгіп, әуелеп аспанға көтерілді де, жалпылдатып жарығын шашып, тұрғын үйлердің төбесін қуалап, әрі қарай жайылып кетті. Аула ішінде есі шыққан балалар үн-түнсіз жөңкіліп жүр, өнеркәсіп товарлары сақталатын қоймалар маңында әлдекімдердің кісі танымастай болып, жарыққа малынған тұлғалары ызышуыт-қымғуыт сапырылысып жатыр, олар от қасында ырғақты бір биді билеп жатқандай. Ол жақтағы өрттің қорқынышты екені сондай, шатыр астынан оқтын-оқтын гүр етіп қып-қызыл ұзын тілін жалаң еткізіп шығарып, тартып ала қояды, тап сол кезде әлгі кісілер билеп жүргендей-ақ дүркіреп кейін шегінеді де, жамырап ілгері ұмтылады. «Біз тарыны сепкенбіз, сепкенбіз... Ал біз оны таптаймыз, таптаймыз...»
Айналасына алақтай қарап, басшылар да келіп жетті. Аула ортасында участок бастығының қасында, орман өнеркәсібі шаруашылығының бас инженері Козельцов қолын сермеп, саусағымен поселке жақты меңзеп, сөйлеп тұр. Борис Тимофеевич оны шала-пұла тыңдап, әлдекімдерге ымдап белгі береді, оның бұл белгісі тек бір ғана нәрсені: тағы да, тағы да... дегенді білдіретін тәрізді. Кенет ол жұртты бұзып-жарып, аулаға ентелей еніп келе жатқан тракторды көріп, соған қарай тұра жүгірді.
Халық сеңдей соғылысады, осы араға бүкіл поселке адамдары жиналған секілді, бірақ әлі де болса осынау қалың нөпірді өртті сөндіре алатын қажырлы да ақылды бір күш-қайратқа айналдырып, ұйымдастыра алатын тұрлаулы кісі табылмаған тәрізді.
Поселкенің өрт шұғыласына малынған үйлері мен тамдары, осынау оттың қадалған зәрлі көзқарасынан үркіп, жерге кіріп кетердей болып, бұғып қалған. Иван Петрович, онша алыс болмағасын, көңілімен шамалап, үйінің шатырын көзімен іздеп тапты да, осындағы өрт қажетіне жарайтын багорының сенекте жатқанын, оны өзі екі күн бұрын, қар еріп біткеннен кейін, соған тастай салғанын есіне түсірді.
4
Бұл поселке, бір жерден екінші жерге көшемін деп жүріп, жауын басылғанша біраз дамылдап, аялдамақ болған, со бетімен осы арада тұрақтап қалған, тұрпаты қалаға да, далаға да келмейтін, әскерлердің йен түзде тыныстаған кездегі қосы тәрізді бір мекен-жай болатын. Бірақ тұрақтап қалғанда да — ілгері жүруге бұйрық қашан болады деп, соны елеңдей күтіп — сол себепті де тамырын терең жібермей, тек әйтеуір ілдебайлап жаз жайлап, сосын қыс қыстап шықсақ болғаны деп, кейінгі балалар мен немерелер қамын ойлап, онша көп жасау-жабдық сайлап, көріктенбей де, көркеймей де тұрып қала берген. Қош, сонымен, бала-шағалар да шүпірлеп өніп-өсіп жатады, уақыты жеткесін олар да үбірлі-шүбірлі болады, бұрынғы мекен-жайының қасынан енді жаңа қоныс-өріс қанат жаяды, олар бұған да келіп, біржолата мәңгі мекен табады, ал, бірақ осының бәрі ертең не бүрсігүні көшіп кететін қысқа аялдама не уақытша тұрақ сияқты болып көрінеді. Әр түн сайын электр станциясының гүрілдеп жұмыс істеп жатқанын, тәулік бойы бір тынбай тарылдап тұратын машина дыбысын есітіп, Иван Петрович, осы поселке моторын сөндірмей, ә дегенде тұра жөнелуге әзір тұрады деп ойлайтын.
Поссоветте поселкенің схема-суреті ілулі тұратын: мұнда түп-түзу көшелер, балалар бақшасы, почта, орман өнеркәсібі шаруашылығы мен орман-тоғай мекемесінің кеңселері, клуб, магазиндер, гараж, сутартқыш, наубай — қойшы әйтеуір, басқа ел-жұрттағы сияқты, қалыпты тұрмысқа керекті дүниенің бәрі де бар еді. Көшелер шынында да кең әрі түп-түзу болатын; бір кезде үйлер бой түзейтін меже сызық қатты сақталатын. Бірақ бар тәртіп осымен бітеді: деревняға мүлде сай келмейтін осы бір кең-кең көшелер ауыр техника әлегінен әлем-тапырық болып бүлініп, бұзылып жатады, жаздыгүні ағаш таситын машиналар мен тракторлар жауын-шашын кезінде бұлардың қара батпағын сылпылдата қамырдай илейді, ал со кілкілдеген батпақ толқынданып, жолдың екі жағына лықсып, аунап түсіп жатады, кейін ол жал-жал күйінде қатып қалады да, тас қыратқа айналады, шалдарға бұл асу бермес асқар болып шыға келеді. Поселкелік совет жыл сайын әрбір үйден тротуарға деп бір сомнан салық жинайды, жыл сайын оған ағаш төсейді, бірақ жадырап көктем келеді, енді отын тасып алу керек, сосын үстімен әрнені сүйреткен, зілман дөңбектерді домалатқан тақта тротуарлардың тек жаңқасы ғана қалады. Жаз мезгілінде оны жаңартуға елдің мұршасы бола бермейді, «тротуар» бригадасы қысқа салым ғана іске кіріседі, төсеніш тақтайлар кісі табаны тимей, сол соны күйінде аппақ болып қар астында февраль, мартқа дейін жатады — сосын қайтадан тракторлардың шынжыр табаны мен бөлінбеген үюлі бөренелер салмағынан мән-мағынасыз құрып кетеді. Ал жұрт болса, осынау қабаттап төселген тротуарлардан қалған жұрнақ үстінде әлгі бөренелерді бұтарлап боршалайды — аралап, кесіп, жарып жатады. Бұған бір бұйрық-жарлық, әмір-пәрмен деген жүрмейді.
Сонымен үстінде лыпасы жоқ поселке, жап-жалаңаш болып соқыр кісідей меңірейіп тұр: тек аннан-саннан қылтиған қайың мен шетен ағаш көзге жылы ұшырап, кісі жанын жылытады. Өздерінің бұрынғы деревняларында үй сыртында жасыл ағаш жамырап тұрмаса көңілі көншімейтін кісілер, енді мұнда келгесін мөлдек бау жасауды да ұмытқан. Сол себепті де көше біткен ешбір бөгетсіз, аюдай ақырып, әйнек-әйнектен ішке қарайды да тұрады. Және поселкені көгалдандыру жөніндегі қаулы-қарарлардан да мәнпағат шығып жарытпады. Әлде, осының өзі де жөн шығар, жылма-жыл жүздеген гектар тайганың ағашын отап, оң демей — сол демей, кең байтақ жерлерді жыртып жатқан жұрт, жалаңаш жалтаңнан, жалаңдаған желден мойылдың бұтасына ықтағаннан не пайда табады?! Барға тәуба...
Орман өнеркәсіп шаруашылығы — ағашты өнеркәсіп жолымен дайындау деген сөз ғой. Жұрттың мекен-жай мәселесіндегі көп-көп келеңсіздігі мен кем-кетіктерінің дәлел-дәйегі осында жатқан. Орманды отау — астық себу емес, осы бір жұмысын мен қам-харекетін жылдан жылға, маусымнан маусымға қайталай беретін болса, онда бұл дүниеде қанша ғұмыр кешсең де, егін егіп, астық жинауға уақытың жетпейді. Ал орман-тоғайды бір отап тастасаң — жаңа орманның есіп жетілуіне ондаған жылдар керек. Қазіргі техникамен оны бірнеше жылда жоқ қыласың. Сосын не істейсің? Содан кейін буынып-түйінесің де көшесің, үй-жайыңды, қора-қопсың мен моншаңды тастап, ата-аналарын жатқан зиратты, басыннан өткерген өмір-тірлігіңді тастап, ағаш таситын машиналар мен тракторларға отырып, орман-тоғайы бар жерге жөнеп кетесің. Ал ол жақта бәрін де қайта бастайсың. Березовканы жанай, жазда сумен жүзіп, қыста мұзбен сырғытып бара жатып, Иван Петрович еркінен тыс, не істерін білмей абдырап, сағыныштан іші-бауыры елжіреп, есік-терезесін шегелеп тастап кеткен үйлерге жаутаңдай қарайды: тап осы секілді орман өнеркәсіп шаруашылығы бар еді, жұмысын бітіргесін жайбарақат жүре берді — көшкен елдің жұртында поселкеде тірі жан қалмады, тек шайтан түрткен туристер ғана есіктерінен түтінін будақтатып, үй іштеріне от жағып жатады.
Ерте ме, кеш пе, бұларды да тап сондай тағдыр тосып тұр. Қолдан келгенінше сол уақытты сағыздай созып-ақ келеді, бірақ әр нәрсенің шет-шегі бар ғой... Бұлар тиісті ағашты өз танаптарынан бұдан жеті жыл бұрын қырқып алған. Ангараның арғы бетінен жаңа участок берген. Енді бес жыл өткен шамада, ол араның да кәдеге жарайтын ағашын отап бітірген. Осыдан кейін: енді поселке бола ма, әлде болмай ма?— деген сауал қабырғасынан қойылған еді. Мәселені ауданда, облыста, басқармада қарап, поселке орнында қалады — деп шешті. Жұрт қайтадан бұрынғы ескі танаптарына, ағашы оталған жерлерге барып, іске кірісті, егер бұрын тек іске жарайтын ағашты, тек қарағайлар мен самырсындарды ғана кессе (бір кездері орманды арамдамасын деп қайың мен шағанды улы химикаттармен жойып жататын), енді бәрін де жыландай жалайтын болды. Ал жаңа келген техника да жүріп өткен жерін, жас шыбыққа дейін ештеңесін де қалдырмай, тазалап кетеді. Әлгі құлатқыш машина мандымды ағаштарға жетем дегенше-ақ айналасындағының бәрін басып-жаншып, таптап, қопарып тастайды.
Және осындай жаппай «отау» жұмысы шамамен үш, төрт жылға ғана жетеді. Ал одан кейін ше? Одан кейін, бұрынғылар айтқандайын, жұрт кезбе кәсіппен шұғылданады, бригадалар ондаған километр жерге ұзақ сменаларды атқарып біраз істі тындырғасын, үйді-үйлеріне тынығуға қайтады. Кісінің өндірістегі, үй ішіндегі өмір-тірлігі вахтаға бөлінеді: сен бір апта орман өнеркәсіп шаруашылығының қарауында болсаң, бір апта үй-ішінің еркінде боласың. График қатаң — бұлжымайды. Қазіргі сияқты, бір тірлігін екінші тірлігіңмен аралас- құралас қойындасып жатпайды.
Осылай болсын-ақ.
Бұл арада басқа шаруа атымен жоқ болса, осылай болмағанда қайтеді. Бір кезде қарапайым халықтың қам-қарекетінің өзегі болған — егіндіктер мен шабындықтар, су-электр станциясы салынғаннан кейін су астына жіберілді — сыңсыған орман-тоғайлар ғана қалды.
Әнеки, поселкелік советтің нобай-суретінде клуб көрсетілген, ал осынау клуб жиырма жылдан бері ескі поселкелердің бірінен алып келіп қондырылған қоғамдық монша үйіне орналасқан күйінде, баяғыда-ақ жаңасын салу керек еді, бірақ соңғы кезге дейін алдыңда не болып, не қоятынын білмесең, оны қалай саласың. Суретте балалар бақшасы да бар, бірақ ол жұмыс істемейді; өйткені соның өзі өңдеп-жөндеуге тати ма, татымай ма — бұл да беймәлім еді. Артынан бұған да асықпауға болатыны анықталды. Мұның жоспарының жай-күйін ешкім, ешбір пендеден сұрамайтын көрінеді.
Осыдан кейін поселке қайдан көркейсін, қайдан көрікті болсын және мұның үстіне өрт алып жатқанда?!
5
Иван Петрович төменге қарғып түсіп, өзі әлгіде ғана участок бастығын көрген жерге қарай тұра жүгірді. Осыдан бес күн бұрын, участок бастығы мұның жұмыстан босату жөніндегі арызына қол қоюдан бас тартқан кезде, Борис Николаевич екеуі шат-шәлекей ұрсысып қалған, бірақ Иван Петрович, енді егер осы арада біреу бір істі жасай алатын болса, сол кісі осы участок бастығы екеніне көзі кәміл жететін. Осыдан алты ай бұрын ғана, көрші орман өнеркәсіп шаруашылығында қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженер болып істеп жүрген жерінен мұнда келген бас инженер де, егер өзі осында бола қалса, орман өнеркәсіп шаруашылығы директорының өзі де (бірақ ол жоқ еді, бір мәжіліске жүріп кеткен), оның орынбасарлары да — осы бір жұмыстың бүге-шігесіне дейін білетін жырынды, пенсияға дейін қалған күндерін саусағымен санап жүрген, әлі де күш-қуаты қайтпаған егде кісі Борис Тимофеевичтен басқа ешбір жан бұл істі тындыра алмас еді. Ілуде біреу болмаса, ол тірі жанмен тіл тауып, жарасып көрген емес, ал мұның өзімен түсінісіп, жарасып кеткен кісілер де аз болатын. Ол ұдайы ызаланып жанығып жүреді де, ештеңенің байыбына бармай, кез келген кісіге айқайлап, жекіріп тастайтын, ештеңенің анық-танығын білмей, кез келген кісіні мақтап- марапаттай жөнелетін, бірақ мұның бәрі Борис Тимофеевичті біле бермейтін, жаңадан келген кісілерді ғана айран-асыр қалдыратын бір тұз сағымы тәрізді нәрсе еді. Ал оның сырына қанық кісілер Борис Тимофеевичтің әділетсіз ақырып қалғанына, айқай салғанына қыңбай жүре беретін, өйткені оның кімнің кім екенін, ненің не екенін іштей кәміл айыра білетінін, сол себепті де мүмкін болғанынша, өз ісін ойдағыдай басқаратынын әсте естен шығармайтын. Поселке салынып біткеннен кейін, алғашқы күннен бастап, қызмет дәрежесін өсіріп те, өшіріп те жатпай, әділін айтсақ, Водников участок бастығы болған, міне, осының өзі-ақ, жоғары білімнен мақұрым қалған кісі жөнінен, жұрттың оны ескермей тұра алмағаны жөнінен біраз хабар беретін сияқты. Ал орман өнеркәсіп шаруашылығының, ештеңеден айылын жимай, көрінген іске көлденеңнен келіп киіп кететін басшыларының көз алдындағы орталық участокті басқару, ойбой, қайдан оңай болсын!..
Иван Петрович, масаң тракторшы отырған тракторды кері қайтарғаннан кейін, Борис Тимофеевичтің жұрт қойма-қоймалардың өрттен аман алып қалған заттарын аула ортасына әкеліп тастап жатқан жерге қарай беттегенін көрді. Енді бір қараса, ол сол арада жоқ болып шықты. Иван Петрович аңқиып, енді мына үйіндіден көз алмайды. Өртке жүгірісіп келген кісілер аяқкиімдерін асығыс шешіп тастап кеткендей-ақ, пималар бейберекет шашылып қалыпты, оқушы портфельдері мен тең-тең етіліп байланған мектеп формалары, жүн орамалдар, сырма шалбарлар, бірдеңе салынған қораптар, бұлардан сол әрірек — бірінің үстіне бірі тастай салынған «Ява» және қосары жанып кеткен «Орал» мотоциклдері үйіліп жатыр. Иә, мына «Орал» үшін еркектер жұмысшыларды жабдықтау бөлімінің бастығын алқымынан алады әлі, бір жанжалдың болары хақ. Жалпы, сол жабдықтау бөлімінің бастығына өрттен кейін не нәубет төнер екен? Со мезет өз ойына өзі ешбір шүбә келтірместен, Иван Петрович осы бір аңқаулығына мырс етіп күліп жіберді: су жұқпайды бұларға. Бұ сұмдарға не болушы еді, теңіз суы тілерсегінен деп жүре береді.
Ол кенет:—Иван! Иван!—деген Аленаның дауысын есітті. Әйелі біраз қорапты құшақтап, жүгіріп жетіп келді, аптығып жетті, бірақ қораптарды ен бір таза, құрғақ жерге апарып абайлап қойды.— Иван, бұл дүние не болып барады, ә?— оның қобалжи шыққан дауысы тым көтеріңкі, көңілді естілгендей, көзі шарасынан шығып, бір түрлі есіріктеніп кеткен тәрізді.— Мына түрімен бәрі де күйіп кетеді! Ал онда не жоқтың бәрі бар! Біз неге мұндаймыз, Иван а?!
Сосын, сөзіне жауап күтпестен, оған со жауаптың қажеті де жоқ шығар, кейін бұрылды да, тыпың-тыпың етіп, әр қадам басқан аяғын кейін тартқан денесін ілгері сүйрегендей-ақ, кәрі белі кирелеңдеп, тыпырлай басып, асығып бара жатты. Иван Петрович бір минуттай оның соңынан аңырып қарап тұрды да, басы айналып, ақыл-есінен айрылып қалғаны сондай, бір сәт: «Мына әйел кім? Қайдағы танысым еді?»— деп ойлап қала жаздады да, дереу бойын жинап ала қойды, сосын өзін-өзі зорлап, әрең дегенде Аленасын танып, бұ байғұс енді жау қуғандай жанықпаса да болады ғой — деп ойлады да, со замат оны мүлде ұмытып қалды.
Ол со сәтте Борис Тимофеевичті көрді. Көрмей тұрып, айқайлаған даусын есітті, даусына қарап, оны бұрыштың бер жағындағы бірінші азық-түлік қоймасынын алдында, жарыққа малынған күйі, бір түрлі болып сілейіп тұрып қалған қалың тобыр арасынан тапты. Бастықтың бастырмалата боқтап, бақырып-шақырып жататын даусына жұрттың еті өліп, үйреніп кеткен болатын, бірақ мына айқайы нағыз есуастың айқайы еді, сол себепті де оны ұға қою қиын-тұғын. Анық айтылған, бірақ қызу айтылған жауапқа қарап — бәрінің бүйірін қыздырған өрт қой — Иван Петрович бастықтың алдында қоймашы әйел Валяның тұрғанын біле қойды.
— Ашпаймын! Өртті сөндіре беріңдер! Ал, мен қойманы ашпаймын!— дейді ол шаңқылдап.
— Жанып кетеді, жанып! Ол қоймашыны бір сыбап алды.
— Сөндіріңдер түге. Мен не баламын ба, ана Клавканың қоймасынан заттарды талапайлап жатқанын көрмей тұр дейсіндер ме? Жұрт жаппай талап жатыр. Ал менде жүз мың сомның мүлкі жатыр. Сосын мен оны кейін қайдан табамын?! Қайдан?! Қайдан табамын?!
— Өртеніп кетеді!—деді бастық қырылдап.
— Сөндіріңдер өртті! Жұрттың талапайына салу үшін қойманы ашуға мен міндетті емеспін. Сөндіріңдер!
Ол бақырып, жылап қоя берді.
Иван Петрович бастыққа қарай ұмтыла бергенде, оның өзі бұған қарай бұрылды. Бұған емес, манадан бері Иван Петрович айналсоқтап жүрген, өнеркәсіп товарлары қоймаларының заттары ыбырсып жатқан үйіндіге қарай бұрылды. Әйтеуір бір бұйрықтың болатынын күн ілгері сезіп, бастықтың соңынан қалмай, архаровшылардың — бұзақы сойқандардың бірнеше безілдектері еріп жүр, поселкедегілер арнайы набормен келгендер бригадасын осылай деп атайтын. Шынында да, қобырап жатқан заттарға бес-алты қадам қалғанда, Борис Тимофеевич артына мойнын бұрмастан, айтқанын қағып алып, түсіне қоятынын кәміл білгендіктен де:
— Бұзыңдар!—деп айқай салды.
Сойқандар кейін қарай жүгіре жөнелді: бұндай жұмысты олардың жаны сүйетін.
— Качаев қайда?—деп айқайлап жіберді Водников Иван Петрович тұрған жаққа қарап.— Қай сайтанның соңында жүр кещелер түге! Ол тағы да келістіре бір боқтады.— Мынау соның қоймалары! Қайда жүр деймін!
Качаев — жұмысшыларды жабдықтау бөлімінің бастығы. Борис Тимофеевич, бұдан екі күн бұрын Качаевтың орман өнеркәсіп шаруашылығының директорымен бірге қалаға, кезекті мәжіліске кетіп қалғанын осындағы кез келген кісіден жақсы білетін. Иә, бұл кісі де, Борис Тимофеевичтің өзі де, асып-сасып қалыпты, әйтпесе өңешін жыртып, жұдырығын түйіп, көрінген қараға тұра ұмтылмас еді. Асып-сассаң — тек Качаевты ғана емес, өзіңді де таба алмайсың: иә, бұрын мұндай нәрсе болып көрмеген еді.
Оның мұрны қалақтай жұқарып, ұрты шұқырайып кеткен, отқа күйгендей қап-қара болып, ысқаяқтана түскен бетіне бір қарағаннан-ақ, Иван Петрович, участок бастығының өзіне неге керек болғанын, оны қояр да қоймай неліктен зарыға іздегенін қапелімде есіне түсіре алмай қойды, сол себепті де ол ең әуелі іске тап қазір қажет болып тұрған нәрсені айтты:
— Сен, Тимофеич, қазірден бастап қақпаның аузына Миша аға — Хампоны күзетке қойшы. Күзетшінің өзі де тұрсын, бұл соның ісі ғой. Бірақ Хампо міндетті түрде тұрсын. Ол осы маңда жүр. Мен оны әлгіде ғана ана бір жерден, оң қанаттан көргенмін.
Бұған мойнын да бұрмастан, Водников, Иван Петрович мегзеген жаққа қарай тұра ұмтылды, бәлкім, ол тіпті осынау істі біреудің ақыл-кеңесімен емес, өз ақылымен істеп жүрмін деп те бара жатқан шығар, кім білген. Иван Петрович оның Хампоны тауып алғанын, шалдың нені істеу керек екенін жол-жөнекей түсіндіріп, оны қақпаға қарай асығыс ертіп кеткенін көрді. Бұдан жауап ретінде Миша Хампо ағай ақ шашты қазан басын әуелі шалқайта көтеріп, сосын төмен иіп, изеді де, өрт маңындағы тобырға жіті көз тігіп, айрықша бақылауға алатын кісілерді күні бұрын белгілеп қойғандай еді. Әлбетте, сол ара Миша ағаның өз орны, әмсе Хампоға арқа сүйеуге болады. Қоймашы Валя не айтуды біледі. Ал қазір азық-түлік қоймаларын ашқан кезде...
Соны ойлауы мұң екен, қашырлап-сықырлап барып, есіктің ысырмасы ашылды, басына түскен нәубеттен мүлде есі шығып, есіріктеніп кеткен Валя, ештеңеден де — қарауындағы дүние-мүліктің құлыптаулы қалпында өртеніп кеткенінен де, оны тасып, сыртқа шығарудан да бәрібір аман қалмайтынын көргесін, шарасыздықтан жаны күйіп, дауыс салып жылап жіберді. Әуелі бір есікті, сосын екінші есікті ашты, ысырмасы икемге көнбеген үшінші есіктің қолақпандай құлпын ұрып түсірді. Сойқандар өмір бойы тек есік ілмектерін бұзумен ғана айналысып келе жатқан кісілер секілді, ұсынақты да тез қимылдайды. Иван Петрович жүгіріп келе бергенде, оң жақтағы ең шеткі қойманың шалқайта ашылып тасталған есігі алдында солардың біреумен — Сашка Девятыймен соқтығысып қалды (Девятый — оның лақап аты емес, фамилиясы, дүниенің бәріне кереғар жүретін қиянпұрыс сойқандардың біреуінде шын фамилия болса, екіншісінде лақап ат болады), хош, сөйтіп, от қызуынан бусанып, шабыты ойнап, көңілді жүрген Сашка мұны иығынан бір соғып, елеусіз ғана бұрып жібергенде, Иван Петрович еркінен тыс онымен жүзбе-жүз келіп қалды, ал ана соққан, дос пейілмен дегендей, мұның бетіне тұп- тура қарап тұрып:
— Бұлай қарай жүрме. Бұлай қарай жүрме, зәкүншіл азамат. Күйіп кетсең — сосын бізге заңды кім үйретеді?!—деді шадыман үнмен.
Абақтының қатыгез тірлігінің дәмін татқан немесе соның дәмін татқандарға еліктеп үйренген бұлар, мұны лагерь мәнерімен зәкүншіл азамат деп атайтын. Оның бұған да еті үйреніп кеткен еді. Заман солай ма, әйтеуір, бұрын, осы кеше ғана, мүлде өңің түгіл түсіңе де кірмейтін талай нәрсеге дағдыланып кетуге тура келеді екен.
Мәселенки, бұған тіпті аяғыңның астындағы жердің қалай сырғып кеткенін де білмей қалатының дәлел бола алады. Осындай жәйт шынымен-ақ бұлардың мекен-жайында өз бастарынан өтті ғой.
6
Бұлар көшкелі де жиырма жыл өтіпті, бұларды нәсіп айдаған жаққа қарай жер-ананың өзінің аунап түскеніне де табаны күректей жиырма жыл толыпты, бірақ одан не пайда, Иван Петрович күн құрғатпай, өзінің көне деревнясын есіне түсіреді. Үш жүз жыл ұдайы деревня жылытқан жерді басып қалған суға өз еркімен бе, әлде еркінен тыс па, әйтеуір көзі түскен сайын, бұл оны аңсай отырып есіне алады. Есіне алады да, ат үстінен сол қыстаққа сәлем бергендей болып, бір сәт басын изейді, сөйтіп көкейіндегі ауыр ойы жиі-жиі мазасын алғанда, ол ана жақтағы өмір-тірлігіміз қалай еді, мына жерде не жарық көрдік деп — осы екі өмірін салыстырып, есіне түсіріп, соның мән-мағынасын түсінгісі келеді.
Оның фамилиясы да баяғы деревняның бір бөлшегі, содан туындап жатқан — Егоров деген фамилия болатын. Егоровкадан шыққан Егоров. Дұрысырағы, Егоровкадағы Егоров. Өз деревнясынан ол ғұмырында бір-ақ рет, соғысқа ғана ұзақ уақыт барып қайтқан. Екі жыл соғысып, жеңіске жеткеннен кейін, ол «Т—34» танкісінің ішінде тағдыр айдап апарған баяғы Германияда, өзі әлі бойдақ болғасын, тағы бір жыл қорғаныс шебінде тұрған. Үйіне қырық алтыншы жылдың күзінде қайтып келді. Сонда со бір ұзақ айрылысудан кейін, өзінің Егоровкасын қандай сезіммен келіп көргені тап бүгінгідей әлі есінде: құдай-ау, бұл жарықтық еңсесін көтеріп тұрған жоқ, жер бауырлап жатыр ғой!—деп ойлаған ол мекені көзіне соншалықты қораш, жадау болып көрінгесін. Соғыс кезінде бұл не көрмеді дейсің — бақытсыз ғарыптықты да, жоқ-жітік кедейлікті де, қираған-бұзылғанды да көрді, айналаңның бәрінен қайғы-қасірет дауыс салып жылап, жәрдем сұрап, жалбарынып тұрар еді, астан-кестен қопарылған, бұзылып-бүлінген нәрсе қанша, бірақ кісі жаны түршігетін алапат ойранның өзінен үміт оты жылтырап көрінер еді уақыт-пұрсат берші, тер төгіп, бейнеттенші — бәріне де жан бітіп, көркейіп-көктеп шыға келеді әлі, адам баласы ойранға төзіп отыра алмайды, дегендей болатын. Ал, мұнда бәрі баяғы қаз қалпында және бәрі де біржолата мәңгі өзгеріссіз қала беретін секілді. Ештеңе де жоғалмапты, бірақ ештеңе де қосылмапты және тіпті жаңа бірдеңенің қосылуына рұқсат етілмейтін де сияқты. Кейін, жүре-келе, өзі де солай болып шықты: соғыстан кейін жұрт тағы да он бес жыл өмір кешті, бірақ Егоровка әуел баста қырық түтіннен тұрса, сол күйінде қала берді, ескірген қонысқа жаңадан монша да, қора-қопсы да қосылмады. Рас, бұл араның су астына кететінін де жұрт күн ілгері білді, сосын ел жаңа құрылыс салып қайтсін, екі өкпеңді қолыңа алып қалай қарай қашарыңды ойла — әлде үйіңді жығып, бұрын саңырауқұлақ теріп жүрген тау басына қарай көшесің бе, әлде қызыңның не ұлыңның соңынан кел мұндалап тұрған қалаға қарай жол тартасың ба?
Баяғыда, әскер қатарынан қайтарылғаннан кейін, ащы-тұщыны түгел тартып, награда алып, ел назарына іліккен, танкист шлемін баса киген батыр сержант, әуелгі кездесудің сейіл-серуенін өткергеннен кейін, әлденені аңсап, қатты жабыққанын ұмытпайды. Несін айтасың, атамекеннің аты — атамекен, бұл аранын әрбір тасы сен жарық дүниеге келгенге дейін сенің келетініңді сезіп, сарғая күткен ғой, бүл араның көктем сайын қылтиып шығатын әрбір тал шөбі сені әлденеден сақтандырар қасиет сыйлап, өткен күндеріне өкінбеске үйретеді, бұл араның кез келген жері барлық істе сені жайлап сыртыңнан бағып, ата-анаңдай әлпештейді. Бірақ көзіңді жұмсаң болды: бәрі сол баз қалпында, бәрі сол қаз қалпында, бәрі сол баяғы гөй-гөй... осыны ойласаң болды,— әсіресе алғаш қайта оралған кездері — бұл жаққа соғыстан тек өз ажалынан өлуге келгендей болып көрінеді де тұрады.
Бірақ өзіне-өзі сенбей күмілжіп, ойланып-толғанып жүргенде жігітіміз кешеуілдеп қалыпты, бұл оның Егоровканы қия алмағаны деген сөз еді. Ұзамай жалақтап аштық та жетті, ал, қанша айтқанмен, одан осы Ангара мен тайганы сағалағанда ғана оңай құтылуға болатын еді. Көп ұзамай көрші деревнядан Аленкаға көзі түсті, ол өзінің онсыз да аялы, шара көзін бақырайтып, бұған ақ көңілімен аңқиып қарай бергені және бұл оны алғаш рет қолтықтаған кезде селк етіп, шошып кеткені сондай, жігіт сосын одан өзге ешкімді іздеп әуре болмады. Көп ұзамай колхоз жаңа машина алды, оған бұдан өзге отырғызатын кісі де табылмады, енді біраздан кейін ұзақ та ауыр науқастан әл-дәрменнен айрылып, шешесі төсек тартып жатып қалды, сөйтіп мұның сапарға шығар жолына қатал тағдырдың өзі кесе-көлденең тұрып алды. Сол-ақ екен, жалпы жұртқа ортақ тірлік мұны дөңгелентіп ала жөнелді: бала-шаға, қам-қарекет қосылып, бұрынғыдан жеңілірек, жарқын өмірге қарай абайлап, ақырындап басқан бір құтты бетбұрыс басталып кетті.
Иван Петровичтің бұл тірлікке еті үйреніп кеткен жоқ-тұғын, ол бейне бір қапияда шайтанның арбауына түсіп, бөтен жақтан бойына дарып, өзін бұлыңғыр бір үмітке қарай, қояр да қоймай жетелей беретін бір дертке ұшырап, енді содан бірте-бірте айығып, үһ деп демалған тәрізденеді. Біз көрмеген жердің бәрі жаннат. Бәлкім, осынау өмірдегі ең маңызды нәрсе; жөн-жосықсыз бұлғақтап, белгісіз бірдеңеге әуейленіп, өз өміріңді шиелеп байламай, әркімнің пешенесіне жазған жерде қалып, дұрыс бағыт-бағдардан таймауы шығар.
Ол осылай деп ойлайды. Қазір де осы ойынан айныған емес, ал, бірақ қартайған шағында, лаждың жоғынан өзіңнің имандай сенім-нанымыңа, ықылас-тілеуіңе қарама-қарсы келіп, еріксіз көшуге әзірлене беруге тура келеді. Сонда «еріксізден-еріксіз» дегенің пәрменді сөз ғана емес, өмірдің өзі сондай.
Иә, айтпақшы, тағы бір гәп бар. Бір кезде өзі әзер құтылған шайтан, мұның үйінен соқа басы сопайып, саяқ кетпеді, өзімен бірге інісі Гошканы ертіп кетті. Гошка сол бетімен үлкен құрылысқа қарай тайып тұрды да, ақырында ағыл-тегіл ақша қызуына шыдамай, маскүнем болып шыға келді.
Біздің жол-сапарымыздың қайда жатқанын дәл мезгіліңде айтып беретін біреу бар ма екен?!
Иван Петрович сөйтіп Егоровкада қалып қойды, меңіреу түкпірде қалғанына ешбір қорланбай-ақ, райынан қайтып, сабасына түсті, ал со түкпір жыл өткен сайын бірте-бірте нұрланып, көркейе берді: бұған электр жарығы келді, ақ кемелер Егоров жағалауына жиі-жиі тұмсық тірейтін болды. Ангараның жоғарғы жағында сегіз шақырымдай жерде аса бай орман өнеркәсіп шаруашылығы қоныс теуіп, жастарды кел мұндалап шақырып, Егоровкаға салмақ артып тұрып алды. Барлық басқа жерлердегі сияқты, енді бұл арадағы өмір-тірлік те бүтін саннан, алуы мен бөлуі бар бөлшекке айналып жүре берді, ал оның сызығының үстіндегі не, астындағы не екенін бірден айыра қоюдың өзі қиын ғой. Хош сонымен, бүгінгі таңда жалпы жұртқа ортақ, бір заман орнаған екен, біртіндеп, баяулап дегендей, мұндағы тірлік те жүйе-жүйесіне түсер еді... Содан бір күні бүл араға су жібереді екен деген хабар дүңк ете түскенде, басқа жерге көшетін мерзім жақындап келген кезде... шынымызды айтайық, зейін-зердесі, жан-жүрегі бар әрбір кісі сияқты, Иван Петрович те Егоровкамен қинала-қинала қоштасты, сөйтпегенде қайтсін енді, бірақ сонымен бірге мұны өзі шешпей, бұл үшін өзгелердің шешкенін іштей қанағат тұтып, ол өзінің үйін көшіріп әкеліп, жаңа жерге қондыра салды: ана жақта жақсы да жайлы тұрған едік, жылдар өткесін бұл арада одан да жақсы тұратын шығармыз деп ойлады. Егоровка өз күшімен ешқашанда көтеріліп, көркейіп кете алмастай болып көрінген.
Егоровка тәрізді, мұңлы-шерлі алты бейбақты көшіріп әкеліп, бастарын қоса салған жерге, ә дегеннен-ақ орман өнеркәсіп шаруашылығы келіп қоныс тепті де, оның кең көсілген орманына қарап, ал қазіргі көзқарас тұрғысынан алғанда, беретін шикізатына қарап — Сосновка — Қарағайлы деп атады.
7
Егер оның құлпын жұлу керек болса, ертерек жұлу керек еді. Иван Петрович оң қанаттағы ең шеткі азық- түлік қоймасына келіп кірсе, ол жаппай лапылдап жатыр екен. Оның саңлаулы төбесінің үстіңгі жағы кісінің үрейін ұшыра, гуілдеп жанып жатыр. Өрт гуілі өзге дыбыстың бәрін басып кеткен. Бұрыштағы, қабырғаға таяу жердегі төбеге жарып салынған бірнеше бөренелердің бір басы сөгіліп, сынып түскен екен, енді құтырынған от гүр етіп, сол ойық-кетікке келіп, шорт үзіледі. Бұрыштағы қабырға жоғарыдан төменге дейін тұтас маздап тұр, оның маңына кісі жуып болар емес, өзге қабырғалар да түтіндеп жатыр, ерт төбенің сау қалған жерлеріндегі саңлау-саңлауды қуалай жайылып, шатырлап ұшқын шашады. Айналадағы бар нәрсе әбден қақталып, қызып, бір сәтте лап етіп жанғалы тұр. Ыстық леппен бірге күйген еттің және мұндай ыстықты көтермейтін, тіске басар бір тағамның көңірсіген ащы иісі келеді.
Иван Петрович бұрын қойма ішіне кірмеген еді, енді, міне, әлі де таңырқаудан жалықпаған сезім-түйсігі оянып, мұнша молшылыққа қайран қалды. Еденге төбедей етіліп, пельмен үйіліпті, оның қасында, сол кір- қожалақ еденде кендір жіптермен белдеуленген, жеңді білектей шұжықтар жатыр, қоймаға елеурей келіп қойып кеткен көпшілік оны шашып тастапты; артқы қабырғаға тақай қойылған аласа тұғыр үстіндегі ауыр астаудағы май, сыртына оралған қағазды ылбыратып, еріп барады, сол араға қаттап-қабаттап қоя салынған жәшіктер ішінен қызыл балық көрінеді. Ағаш кеспектер ішінде де, картон қораптар мен қағаз қаптар ішінде де бірдеңелер бар-тұғын. Демек, азық-түлік болған, болғанда қандай!— Сонда осының бәрі қай құрдымға сіңіп кетіп жатқан. Солар шынымен-ақ, орман кесетін жердегі қазан- ошақтарға жіберіле ме екен? Оны басқа біреуге айтыңыз — біз сол қазан-ошақтан ауқаттанбады дейсіз бе, онда не болып, не қоятынын, қандай ас тек түсімізге ғана енетінін білмейді дейсіз бе?! Сөйтіп Иван Петрович мырс етіп күліп жіберді. Яғни осындай кезде өзіңнің ақылсыздығыңа күлмегендей қайтесің, байғұс-ау,— деп күйініп, өзін-өзі бір қайрап қойды: аудан орталығынан жұмысшыларды жабдықтау қоймасына күн құрғатпай бұрылып, Качаевтің конторынан әлденені жымқырып кетіп жататын машиналар ше?! Үш орман өнеркәсіп шаруашылығының бәріне бірдей ортақ, орталықтандырылған қоймалар жасау мәселесін тегіннен-тегін көтеріп жүр дейсің бе, ондай қоймалар, әрине аудан орталығында болуға тиіс. Иван Петрович осыдан кейін басын бір изеп қойды, әлде изеу керек деп ойлады ма — кім білген: енді мына ең үлкен орман өнеркәсіп шаруашылығындағы ен үлкен қоймалар өртеніп кетсе, онда діттеген мақсаттарына жетуі оңайдың оңайы.
Бұл дүниеде әлі де болса аянкестер мен жандайшаптар көп қой, көп. Солардың ашса — алақанында, жұмса — жұдырығында кеткеніміз қалай осы біздің, бұл өзі қалай болған?!
Кеудешесін қаусырынып, бет шарпыған ыстықтан жасқаншақтай тыпыршып, Иван Петрович тырысып-бүрісе бастаған, сырты жылпылдап, жылбысқыланып кеткен шұжықтарды есіктен сыртқа қарай лақтыра берді. Ана жақтағы, ауладағы біреу бұларды қағып алып, әлдеқайда апарып тастайды, Иван Петрович оның тек зырылдап келіп, зырылдап кетіп жүрген керзі етікті аяғын ғана көреді. Қасында да біреулер бар, бірақ олардың кім екенін түстеп танымайды: оқтын-оқтын олар бір-бірімен соғысып қалады да, шалқалақтап барып, шегінісіп кетеді — қойма іші сәт сайын қайнап, шыдатар емес, от төбе мен қабырғаларды қуалап, солға қарай сумаңдап барады, көзден жас парлап, тамағыңды бұрыш сепкендей күйдіреді, жұрт тыныстап жүрген түтіннің өзі жалын тәрізді. Табаға май шыжғырып жатқан секілді бірдеңенің шыжылдаған дыбысы шығады, енді бір нәрсе снарядша жарылып кетті: жоғарыдан бір ұшы жанып біткен тағы бір тақтай үзіліп түсті, ол әуелі лапылдап тербеліп тұрды да, екінші ұшынан қиылып түсті. Енді шегінетін де кез келді. Шамасы, шұжықты сыртқа лақтырып үлгірген тәрізді, балық салынған жәшіктерді де шығарып бітірген, артқы қабырғаға таяу жерде жәшіктер тұрған сәкілерге бір қарағанда, Иван Петровичтің сары майға көзі түсті,— қап, әттегене-ай, колбасаны емес, майды шығару керек еді,— деп солай қарай тұра ұмтылды. Ол майы еріп, шөге бастаған астаулардың бірін ұстап көтере бергенде шала еріген май қолын күйдіре-мүйдіре, қамыр тәрізді созылып қарнының үстімен ағып барып, лақ етіп аяғының астына төгілді; ол оны еденге қоя салып, қайтадан ұстап көтеріп, кеудесіне сүйеген күйі мықшыңдап сыртқа шығарды да, әлдекімнің қолына ұстата салды. Әлгінің қолында жұмыс қолғабы бар екен, Иван Петрович үйден кенеп қолғабын ала шықпағанына қатты өкінді — қазір ол қажетіне жарар еді-ау. Ол тағы да ішке енді, тағы да кеудешесін бетіне көлегейлей ұстап, қалқанның тасасынан қараған тәрізді алдына сығалап қарап қойып, май тұрған арғы қабырғаға қарай беттей берді, бірақ жарты жолда, аңдаусызда оған біреу келіп соқтықты да, мұны өзі паналады ма, әлде, бұған пана болды ма, белгісіз, әйтеуір мұны кейін қарай сүйрей жөнелді. Иван Петрович енді жаныққаннан ештеңе өнбейтінін түсініп, оған қарсылық жасамады.
Далаға шыққанда қараса, ол кісі Сашка Девятый екен. Сашка тісін ақситып, бағанағы сөзін қайталады қырылдап:
— Күйіп кетесің, зәкүнші!.. Күйіп кетесің ғой, сорлы!.
Сосын Иван Петровичті әрі итере салды.
8
Енді қараса, өрт сөндіріп жатқан кісілер көрінбейді — шегінісіп кетіпті, жұрт жаппай далаға шығаруға болатын нәрселерді шығарысып жатыр. Төмен түсірген шлангасынан суы сигектеген су тасығыш водовоз гүрілдеп қақпа алдында тұр: бүкіл аула іші самаладай жарық. Иван Петрович шланга астында көлкілдеп жатқан іркінді суды көріп, әбден қаталап қалғанын сезіп, солай қарай тұра жүгірді. Терісі тырысып, ашып бара жатқан бетін бір шайып, ол қолын тосып салқын суды қылқылдатып бірнеше жұтты, небәрі екі-үш рет қана жұтып еді, суы құрғыр таусылып қалды, шланганың кеңірдегі бір пырс етіп, пысылдап барып, үні өшті. Ол кеңірдекті сілкіп, тартып, алақанын тосып еді — бос екен.
Жоқ, өнеркәсіп товарлары қоймаларын құтқарып қалу мүмкін емес-ті; ондағы өрттің көзі қанталай тояттап, айналасын түгел қамтып, гуілдеп-гүрілдеген күйі қоймаларды жартылай жалмап тастап, әрі қарай құтырынып барады. Шатырдың шифері от қызуынан жарылып, үгітіліп, со жарықшақтарымен, табада қақталған жаңғақ тәрізді ыршып түсіп, төңірегін атқылап жатты. Шалалар да ұшып түсіп жатыр. Енді отқа тақап баруға болмайды, сол арадағы еркектердің біреуі айқай салып, бала-шағаларды қуалай бастады, оның ербеңдеген қолынан аналар дүр етіп кейін шегінеді, бірақ естері шығып кеткен бе, әйтеуір көздері бақырайысып, магнит тартқан тәрізді, отқа қарай қайта шұбырады. Иван Петрович аула ішінде әбігер болып, көрбай-жербайларды сыртқа шығарып, ауыстырып қойып жүрген кісілер арасынан көзімен Аленаны іздейді — оның қарасы көрінбейді. Өрттен аман алынып қалған заттар қорамы өсе берді. Жұрт жұмылып, шаруашылық заттары қоймасына да жетті, шалғы-орақтар, кәстірөлдер, аяқ-табақтар сылдырайды, қаңылтыр темірлер дыңылдайды. Құдай-ау, оларды шығарып қайтеді, керегі не... Әлде, жұрттың шайнексіз, табақсыз күн көру қиын, ал тоңазытқыш пен телевизорсыз күн көруге болады дейтін сөзінің жаны бар ма?..
Қоймалар мен магазин арасындағы қоршау сатыр-сұтыр етіп, теңселіп кетті де, оның бергі бір буыны жалп етіп, ішке қарай құлап түсті, сөйтіп көше жақ ашылып қалды, сүйретпелі — трактор дуалды тағы бір соғу үшін шегініп барып, бұрылып келеді екен. Мұнысы дұрыс,— деп бір қойды Иван Петрович — қоймаларды құтқара алмаймыз, ал магазинді аман сақтап қалуға болады, қоймалар мен мұның арасы біраз жер. Трактордың қасында шыжбалақтап бас инженер Козельцов жүр: демек, отқа жол болатын қоршауды жығуды ойлап тапқан сол болып шықты.
Иә, өнеркәсіп товарларының қоймалары күйіп кетеді, жапон кофталары мен үйреншікті-бауырбасты табалар да күйіп кетеді — сыртқа шығарған заттармен салыстырғанда іште, от ішінде қалған заттар аз дейсің бе?! Бірақ егер оң қанатынан кіріссе, қол астында машина болса, тәртіп қаттырақ болса, азық-түлік қоймаларын әлі де аман алып қалуға кеш емес. Бірақ бүкіл орман өнеркәсіп шаруашылығындағы жалғыз «өрт сөндіргішті» осыдан екі жыл бұрын запас бөлшектерге деп бөлісіп алған-ды, ол тек қағаз жүзіндегі тізімде ғана бар-тұғын.
Отқа қарсы қайта ұмтылмас бұрын, Иван Петрович төңірегіне асығыс, жаныға қарап, Алена көзге түспес пе екен деп тұрған бір сәтте, Маша Хампо ағай келіп, оны иығынан түртті:
— Хампо-о... хампо-о!— дейді ол қинала, сау қалған сол қолын созып, ауланың түкпір жағын көрсетеді. Ол жақта, қораның сол қанаттағы бұрышында, бір бүйірі мен сыртынан түскен жарыққа малынып, орасан зор елес сияқтанып, белгісіз бір кісі еңкейіп бойын жазып, шыныларды граната секілдендіріп, қораның арғы бетіне абайлап тастап жатыр екен. Иван Петрович дереу соған қарай тұра жүгірді, бірақ со замат оң жақ бүйірден Борис Тимофеевич атып шыға келді де, қиқу салып, әлгі кісіге тап беріп, желкесінен ұстап тартып қалды, анау тәлтіректеп құлап қала жаздады, бұл оған тағы да тап берді... Ана кісі бұған шыныны ала ұмтылды. Егер Иван Петрович жетіп келіп, оның қолындағы шынысынан ұстай алмағанда, ол Борис Тимофеевичті қойып қалатын еді, мұндай кездері не болып, не қоймайды дейсің. Ол — сойқандардың біреуі және ең діннен безген бұзақысы болып шықты, жұрт оны, неге екені белгісіз, қатын есімімен — Соня деп атайтын, Иван Петрович онымен талай рет ұстасып-тістесіп қалған. Соня, Иван Петровичтің қолынан шыныны жұлып алып, анадай жерге тастай салды да, осынау содырлар арасында салтқа айналған әдетпен, даусын соза тұспалдай сөйлеп, басымен кейінгі жақты мегзеп, доқ көрсетті:
— Туһ-һ, мына өртті-ай! Ой, күйдіріп барады! О шыбыным! О жаным!—деді де, өрт лапылдап жатқан жаққа қарай кердең басып жүре берді.
— Сен қайда жүрсің!—деп тап берді бастық Иван Петровичке.— О сайтандар түге, қайда кеттіңдер бәрің бірдей! Ай қарап жүрсіңдер ме а?!
— Моншаға бардым, жуындым,— деді Иван Петрович онымен ұстаса кетіп.— Сен де барып жуынып-шайынып қайт, әйтпесе жұртқа тап-тап бересің ғой!.. Тым болмаса кімге тиісеріңді білсең етті...
Тау басынан шар табақтай болып ай туып келеді. Ол орманның ар жағынан домалап шыға келіп, оңға қарай жылжи жөнелгенде, ағаштың ұшар бастары тап бір экрандағы секілденіп, оның суық отына тиіп, балқып, жанып кетіп жатқандай болып елестейді.
9
Тап қазіргі жалпақ шешей-жайылма тірлікке қашан, неден бастап бұрылыс жасалғанының әуелгі бастау көзі енді, бәлкім, табыла да қоймас. Ау, баршаға ортақ берекелі, ынтымақты тірліктен әркімнің өзінше, өз бетімен сырт айналып, шығандап кететін әдеті бұрын болмаған, тіпті жаңа поселкеге келгеннен кейін де болған жоқ, ал со бұрынғы өмір-тіршілік күні кеше ғана ойлап табылған заң-зәкүндермен тамыр жайып, бекімеген еді ғой. Егер өткенді еске алатын болсақ, соғыс кезінде де және он тал масаққа бола кісіні, аз демей, көп демей, он жылға бірден кесіп жібере салатын, соғыстан кейінгі қилы- қилы заманда да жұрт осы заң-зәкүн арқасында, береке-бірлік арқасында аман қалған жоқ па еді? Ел алым- салықты әзер төлейтін, «берекесіз» бейбақтардың бау- бақшасын кесіп бөлшектеп, әлгі алынған жерді қалақай басып, соны жарлы-жақыбай жалғыз сиырына шауып алайын дегенде, оған қар жауғанша рұқсат етпей қоятын кездерде ше? Жұрт ынтымақтасып, бірлесіп қана қоймай, со нәубеттен ебін тауып құтылудың қам-қарекетін жасаған кездері ше? Ал деревня адамдарының ішінде де ала-құласы болған, кейбіреулерінің аузы қышып қыбырлап, тиісті жерге сыбырлап, заңды бұлжытпай сақтап, тілегенге-сұраған болып, адал қызмет атқарғысы келмеді дейсің бе? Иә, ондай аузы қышитындар табылады. Бірақ ол бұдан кейін деревняда тұра алмайтынын, Егоровна оның бұл күнәсін кешпейтінін анық білетін.
Ал енді Иван Петрович бұл арадан көшіп кетуі керек, дүние шіркін қалай құбылмалы! Ол тіпті асты үстіне шығып, төңкеріліп кетті деуге де болады, осы күні кеше ғана күллі ел болып қасиеттеп ұстанып келген нәрсе, жалпыға ортақ жазылмаған заң болып келген нәрсе, басып жүрген жерің тәрізді нәрсе, енді ескінің сарқыншағына, ел құлағы естілмеген ерсі іске, тіпті опасыздыққа айналып кетті. Ал Сосновкаға бәрі бір, егер Иван Петрович бұл арадан біржола кетіп, ел-жұртқа ірткі салуын қойса, бәлкім, оған бұрынғыдан да жайлырақ, бұрынғыдан да ыңғайлырақ болатын шығар. Немесе бұған керісінше, иә, әлбетте, керісінше: бала күнінен мөлдір таза суды есінде сақтап, енді айналаның бәрі лайланып біткен кездері, сол су баяғыдай таза болсын — деп қолын ербеңдетіп сермей беретін алжыған шал кебін кимесе болғаны. Әңгіме су жөнінде болып кеткен екен, ендеше сол жарықтықтың шын мәнінде тап-таза болып мөлдіреп тұрған кезінде таза емес, оны жұрттың таза деп көргісі келетін кезде ғана таза болатыны көптен белгілі ғой? Бұл үшін көзіне бір қитұрқы әйнек киіп алсаң — жетіп жатыр.
Жоқ, бүйірдегі білте жол осында көшіп келгесін бірден басталып кетпеген. Әрине, жаңа жұмыстың да әсері болды: орман-тоғайды отау, өздерінен кейін бұл арада бірдеңе қалып, өсіп жетіле ме — жетілмей ме — соны елеп-ескермей, жаппай отай берудің де әсері болды. Ағашы қырқылған жерлерге қазір ғана күштеп көшет тіктіретін болды ғой, сонда қалай күштейді дейсіз: тазарақ, адалырақ өмір сүру үшін, кісі өлім бар да қаза барын — оқта-текте бір ойлап қоюға қандай міндетті болса, бұлар да сондай міндетті секілді, бірақ соны ойламай-ақ, жайбарақат тірлік ете беруге де болады, сонымен іс тәмам, ал нағыз өмір орман қырқуда жатыр. Көшет тігу жоспарын орындамағаның үшін ұрсады да қояды, ал ағаш қырқу жоспарын орындамасаң — жеті қабат теріңді бір-ақ сыдырып алады. Осылай бір басталып, әдетке айналып кеткен нәрсе жыл өткен сайын өзгермеді, осынау ойыншық іспен, оталған орман орнын толтыру ісімен, орман шаруашылығы шұғылдануға тиіс, ал оның бір қолына он тапсырма беріледі, сол себепті де ол бір де бір істі ақырына дейін тындыра алмайды — қайтсін, күші жетпейді.
Әуелден бастап Сосновкада әрбір деревня өз көшесін сала бастады және олар бұрынғы қауым-қауымымен тұрмақшы болып келісті. Ескіден келе жатқан салт бойынша, жетім-жесірлер мен қарттарды күллі колхоз болып, асар салып, аяқтарынан тік тұрғызды, үйлерін көшірісіп, бау-бақшаларын бөлісіп, алысуға көмектесті. Қолдары қалт еткенде шай ішіп сөйлесіп, шер тарқату үшін, көңілдері соққан кездері бір-біріне, көшеге шықпай-ақ, тікелей жетіп баруы үшін, осынау бау-бақша арқылы сүрлеу-соқпақтар тартылды. Хош, сонымен ақтам келіп, сам жамыраған кездері: «Дарья-а? Марья-а! Самаурын қайнады! Наталья-а! Сен Криволуцкийлерге бармайсың ба?»—деген сияқты дауыстар шығып, жан-жаққа тарап жатады, ал әлгі Криволуцкийлер дегені — таудың бер жағындағы, Криволуцкая деревнясы келіп қоныс тепкен ең жақын көше.
Кейін бәрі мидай араласып кетті. Өлім-жітімнен, үйлену тойларынан, енші бөлісулер мен алыс-берістен кейін, бір деревняның екінші бір деревняға еніп, кірігіп кеткені, әрине, жаман емес, өйткені тірлікте осындай аралас-құралассыз ештеңе де болмайды, бірақ кетіп қалғандар мен дүние салғандардың үйлеріне шаруа-жайын, тіпті бақшасымақты керек етпейтін, ауқаттану үшін де, жұмыстан бос уақытын өткізу үшін де, бір-ақ жолды — магазинге баратын жолды білетін, бір жеңіл- желпі адамдар келіп кіре бастады да, үйреншікті тірлік қиюы қаша берді. Олар әуелгі кезде жұмыстан жұмысқа дейін болса, сосын жүре келе жұмыс уақытын да қамтып, оны магазинге бағыштады, уақыт өткен сайын бұл дерт жайылып, тәтті удай бойға сіңіп, тию бермей бара жатты. Әлбетте, жұмыс мұны көтермейді — сөйтіп жұмыспен арадағы алауыздық-араздық, күшейді, осыдан келіп, бұрын өмірде болып көрмеген тұтас қауымдар пайда болды. Ел ішінде маскүнемдер бұрын да болған, қасиетті Русьте ол болмаған жер бар ма, бірақ олардың бір үйір болып бас қосып, өздерінің атаманы, өкімет билігін жүргізетін кеңесі бар, ештеңеден қорқып айылын жимайтын, ештеңеден де ұялмайтын ашық күшке айналуы, мұндай бәле, ешқашан да болып көрмеген. Бұл — өзіміздің төл табысымыз.
Жуырда бұрын Егоровкада мұғалім болған, мектеп директоры Юрий Андреевич, Сосновкаға қосылған алты деревняда соғыс кезінде қанша адамның қаза тапқанын және соңғы төрт жыл ішінде қанша кісінің өз ажалымен емес, басқа себептерден апат болғанын есептеуге кіріседі, өз ажалымен емес деп отырғанымыз, бұл — мас болып мылтық ату, пышақтасу, өзінің бе, әлде өзгенің бе шалалығынан орман қырқатын жерлерде ағаш басып қалғандар, суға кеткендер мен суықта қатып қалғандар. Байқап тұрса, екеуінің айырмасы аз екен. Иван Петрович мұны естігенде қайран қалды: пәле, бейбіт уақытыңа болайын! Ол бұ жәйттердің бәрін де жақсы білетін, кезінде оған күйзелгені де бар, таныс адамың өмірден кеткен кездері бұл дүниеде бірдеңелер өзгеріп, күн күңгірттене түскендей болады, о байғұсты қанша берекесіз десең де, ол келмеске кетісімен, сенің де буының босап, біртүрлі әлсіреп қалғандай сезінесің, ол осы жәйттарды әрқайсысын жеке-жеке көріп-біліп, қатты қиналған, бірақ мұның бәрі жиналып келіп, белгілі бір санға айналған кезде және ол басқа бір санмен қатар қойылған кезде, осынау сандар оған есінен тандырардай әсер етті. Осы бір сұмдық тепе-теңдікке түсінбекші болып, бірақ содан шығатын нәтиженің өзін түсіну мүмкін емес екенін іштей ұғып, ол бірнеше күн бойы өзімен- өзі, мең-зең болып жүрді де қойды. Бұл арада тағы бір айтатын жәйт: майданда қаза тапқан боздақ, тірілерді әділетті де мейрімді болуға шақырады, осындай қадыр-қасиетті туған-туысқандарының жадында жатталып қалған жан-жүрегімен, естелігімен бірге қалдырды және оны ұдайы кәдеге жаратып, іске асырып отыр деп қалдырды; біз өзіміз де онша сезіп-білмей, бәлкім, соғыстан кейінгі жиырма шақты жыл болар, әйтеуір қаза тапқандардың осы бір мұрасын, олардың бірден-бір өсиетін қастерлеп сақтадық және адам болып жаратылғасын, соларды орындамай тұра алмадық. Бұл — біздің өзімізден де жоғары тұрған күштірек сезім. Өзінің ақымақтығынан, көзсіз есерлігінен, бір атым насыбайға да тұрмайтын нәрсе үшін опат болған кісі артына ақымақтықты, бейбастақтық пен көзсіз есерлікті тастап кетеді. Ажал дегенің айбарлы ұстаз, ол өз парызын орындау үстінде, жақсылықты қолдай ма, әлде жамандықты қолдай ма, әйтеуір қай жақты қолдаса, со жақтың салмағы батпандай басып жүре береді.
Әуелгі жылдары осынау жалғыз участок күллі орман өнеркәсіп шаруашылығы болып саналатын. Содан кейін екінші, сосын үшінші, төртінші участоктерді ашты, сөйтіп қазіргі орман қырқу шаруашылығы өзен жағалауын қуалай жүз шақырымнан асатын жерге созылып кетті. Енді қазір бір участоктің өзінен жылына жүз мың текше метрден аса ағаш қырқады. Жоспар бір секіріп көтеріліп кетті, бұрынғыдан да қуаттырақ, бұрынғыдан да икемдірек және күрделірек техниканы қаптатып жіберді, енді мұндағы өз адамдарының бұған шамасы жетпейтін болды. Біреуі басы артық ақша қуалаған, енді біреуі бас артық күн қуалаған маусымдық жұмысшылар мен шабашниктер өріп кетті, олар со күнін, сол уақытын қалай, қайтіп өткізеді — тек әйтеуір өткізсе болғаны — бәрібір еді. Соңғы жылдары, өздерінен әлі де үміт үзуге болмайтын, іс кәдесіне әлі де асатын адамдардың айрықша бір сорты нобайланып көріне бастады, еш жерге тұрақтамай, қолды-аяққа тұрмай, дедектеп жүретін со кісілер, әдетте, ақша қуаламайды және қолына түскен ақшасын табанда, сол жерде жұмсап жібереді, бірақ олар бейне бір діни сектадан аласталып тасталған тәрізді жанын қоярға жер таппайды және жұмыс атаулыға селсоқ қарайды. Ондайлардың өзі де тірі жаннан жәрдем-көмек күтпейді және ешкімге де қол ұшын бермейді, үй іші, бала-шағасы, дос-жарандары, жанына балап, жақсы көретін жақыны жоқ, өмірдің өзін лағынет қамытындай жаза деп санап, қинала-қинала әзер жүрген со бейбақтар тірліктің рәсімді істерін де асығыс атқарып, қысқа қайырады. Бұрынғылар мұндай кісіні қырсық шалып, қыңыр басқан сорлы деген ғой, енді сол кісіні: бұл өзінен-өзі іштей тынып, тұйықталып, жалғыздықты ант беріп мойынсұнған міскін деп айтуға болады. Ал олардың жан сарайында не болып, не қойып жатыр, со жан сарайына кім не — оны білу мүмкін емес.
Хош, сонымен көктем сайын, қыс мезгілінде қырқылып, тау басынан түсірілген ағашты жөнелту және күз күндерінде қайтадан ағаш қырқып, төмен түсіру керек болған кездері, әлгі айтқан адамдар лек-легімен келіп- қайтып, келіп-қайтып жатады. Сонда олар бұл ара ит байласа тұрғысыз, жайсыз жер болғандықтан да тұрақтап қала алмайды емес, жан төзгісіз, белгісіз бір бұлдыр қатер айдап, мұнда неліктен, не үшін қалатынына өздері түсінбей, қырсыз болып шыққандығынан да тұра алмайды. Ал кетер кезде солардың көзінде: «Қайда? Неге барамын?» деген қасіретті бір сауал тұрады. Бірақ сонда да кетіп қалады, мұнда қалған кісілер олардың тек әртүрлі қолапайсыз істері мен ерсі қылықтарын айтып, еске алысады, олар сондай әсіре қылықтарға келгенде алдына жан салмайды, мәселенки, солардың бір өнерпазы кез келген столды ас-ауқатымен қоса тісімен тістеп көтере алатын, ал екіншісі араққа нан мен жуа турап ботқа жасап, ешбір тыжырынбастан, соны қасықпен асап-асап жеп қоятын, үшінші біреуі почтадағы қыздардың зәресін ұшырып, шифровка тәрізді телеграммалар жіберуді жақсы көретін: «Үшінші күн жаңбыр төпеп тұр, не істейміз?»— немесе: «Ноябрьден кейін декабрь, шатастырып алма»— не: «Мені күтпе, бірақ қайтып келемін»— деп жазатын. Көне Егоровна үш жүз жыл бойы ескіше өмір-тірлік кешкенде, Сосновкада жиырма жылда басынан өткерген ғажаптар мен ғажайыптардың мыңнан бірін де көрген емес. Кәзіргі аяқ алысына қарағанда, мұндай қылықтар мен былықтар аяқталар көрінбейді.
Бұл, әрине, еске түскен жәйттердің ішіндегі кінәдан пәк, ең жеңілдері ғана. Ал енді орманбасы Андрей Солодов оқиғасы да еске алуға тұрарлық. Солодов қолына берілген билікке сәйкес, осыдан екі жыл бұрын орман өнеркәсіп шаруашылығына, ағаш түбірін тым биік, белуардан келетіндей етіп қырыққаны үшін, ақшалай айып төлеткен. Қалың қарды тазалап жатпас үшін олар норманы бұзып, ағашты оңай жолмен құлата берген, сосын жалпы алғанда көңіл жығып, көйлек жыртпайтын момын Андрей, ұзақ уақыт оларға жай, мәмле айтып та, қорқытып та көріп, әбден төзімі таусылғасын, жай, адамша айтқанды ұқпайтын болсаңдар мә, саған ендеше — деген ғой. Жұма күні кассир әйел еңбек ақы алуға барып, құр алақан қайтады: банк айыпқа деп орман өнеркәсіп шаруашылығының ақшасын ұстап қалады. Сенбі күні Андрей, кәдуілгі әдетімен, моншасына от жағып, шомылып шығады да, ұйықтап қалады, ал моншасы түнде өртеніп кетеді. Шамасы, қожайынның өзінің аңғырттығынан аңдамай қалған болса керек: от жаққаны, жуынғаны рас, сосын көрпені жамылып, тас болып ұйықтап қалғаны рас. Дүйсенбіде кассир әйел тағы да банкке кетеді, банктен тағы да бос сумкасын сүйретіп қайтады. Оған: сәрсенбіге, қашан ақша тауып алғанға дейін тосыңдар дейді. Ал сәрсенбіде енді жұмаға дейін шыда дейді. Сәрсенбі күні Андрей Солодовтың қарауындағы орман шаруашылығының байталы, поселкедегі бақшалардың тең жартысын жыртып жүрген бірден-бір көлік, орман-тоғай ісін тындыруда таптырмайтын жануар ұшты-күйлі жоғалады. Тек жазғытұрым, қар ерігеннен кейін барып, оның сүйегін тауып алады, қасында шіри бастаған шылбыры жатыр екен.
Иван Петрович со кезде Андреймен сөйлескен, сонда екеуі де бүл іске өз адамдарының да араласқанын мойындаған. Оны тек сырттан келген кірмелердің ісі деп күпір болсаң — ел күлер еді. Жоқ, әлмисақтан бері қойындасып-қолтықтасып жүріп тер төккен өз адамдары да бар. Кімде-кім бұрынғыша заңды соғып, ар-ұят жайлы сөз етсе, соған алакөзбен ата қарауды бұлар да үйренген еді. Үндемей қалуға еті үйренбеген Иван Петрович, егер қазір үндемей қалса, кейін сол үшін өзінің жеті қабат терісін сыдырып тастар еді — жиналыста орнынан тұрып, орман қырқып жатқан жерлерде, төменгі қоймада, гараждар мен магазиндерде не болып, не қойып жатқанын жариялап айтқан кездері, бұған өз адамдары да доқ көрсететін. Ол жұрттың бәріне мәлім жәйттерді, бірте-бірте шым-шымдап, әдетке айналып бара жатқан жәйттерді айтады — орман-тоғайларда жаны ешбір ашымастан, бекерден-бекер техниканы жіліктеп тастайтынын немесе қара басының қамы үшін, сау күйінде де, мас күйінде де оны ондаған шақырым жерге сабылтып айдайтынын, ағаш аралайтын жерден тапа тал түсте тақтай ұрлап жататынын, орман өнеркәсіп шаруашылығына келе жатқан жолда накладной-қағазда көрсетілген заттардың құпия түрде жоғалып кететінін, ал олардың орнын сауда-саттықты жеңілдету үшін ақшамен толтыра салатынын және қауіпсіздік техникасын бұзып, әлі бекімеген мұз үстімен ағаш тасуға тракторшыларды күштеп көндіретінін және басқаларды айтады... Істің асқынып кеткені сондай, тіпті Борис-Тимофеевичтің өзі жалақы алған күннің ертеңіне ертемен, енді-енді жөнеп бергелі тұрған бригаданы ұстап қалу үшін орман қырқатын жерге брезент сумкасына екі шыны арақты салып, жасырын апарып берген ғой. Ал о соққандар, әлгі кәсіподақ комитеті тегін үлестіретін үш бөлек шай тәрізді, мұны да өздеріне тиісті заттай ала салуға әбден дағдыланып кеткен.
Иван Петрович өз жанын өзі жегідей жеп, көп ойланып, көп толғанады: бізде болып жатқан іс тәрізді, заман дегенің ә дегеннен, қолды бір сермегеннен өзгеріп сала бермейді: бұрын тиісті емес, әдетке сіңбеген нәрсе, енді тиісті болып, әдетке сіңіп жүре берді, бұрын болмайды десе —енді болады дейді, бұрын масқара қорлық, кешірілмес күнә саналатын әрекет-қимыл — қынуырлы ширақтық пен ерлікке саналатын болды. Қадым заманнан бері дәтке қуат санап, ұстанып келе жатқан асылымызды біз қашанғы қолдан тапсыра береміз? Өзіміз аңсай күткен көмек қай жер — қай қойнымыздағы қорымыздан келіп жетеді.
— Немене, сенің көзің осы тек бір жаққа ғана қарай ма?—дейді Борис Тимофеич гүжілдеп, бірақ оның дауысынан өз сөзіне жауап күткен сұрау да, сыңай да сезілмейді.— Сен, немене, осының бәрін бір жерге әкеліп, үйіп-төге салғаның. Не, көрмей жүрсің бе, жоспарсыз тірлік етіп жатқан жан бар ма мұнда...
Сол-ақ екен, Иван Петрович тарс жарылды:
— Әй, жоспар дейсің бе? Қайдағы жоспар? Құрып қалсыншы сол жоспарың!.. Одан да біздің басқа бір, тек текше метрлерге ғана емес, кісінің жан-жүрегіне лайық жоспар алғанымыз жақсы болар еді! Қанша адам жан-жүрегінен айрылып, әзәзіл-шайтанның тұзағына түсті, қаншасы қалды! Жоспар дейді!.. Бұрын не болғанын есіңе алшы... тым болмаса, осыдан бес жыл бұрынғыны...
— Бес жыл бұрын не болып еді сонша?— Борис Тимофеич ештеңені ұқпаған сыңай танытты.— Ay, ол кезде ешбір самосвал да, ешбір қапсырма тиегіштер де жоқ болатын. Үстіне бірден отыз, қырық текше метр ағашты тиеп алып, жөнеле беретін сенің «КрАЗың да» жоқ-тұғын.
— Туһ, тағы лағып кеттің! Сен о кезде жоспарға бола өз ақшаңа арақ алып, тау басына тасымайтын едің. Соны есіңе ал! Біздің жоспарды орындау — қулық-сұмдықтың ісі емес, оған ешбір агрономияның қажеті жоқ.
— Қулық-сұмдықтың ісі емес?— Басқаны қайдам, жоспарды орындау жолында қияметтің қыл көпірінен талай рет өткен, бар ғұмырын жоспарға құрбан еткен, жоспар болмай қала ма деп, обадан қорыққандай қорқып, жеті түнде шырт ұйқысынан шошып оянатын, бидай жарықтықтың тіпті түсіне де енбейтін, қандай күрделі технологиядан кейін жоспардың толысып пісетіні өзіне бес саусағындай мәлім осы кісі ғана, бұл істің кілтипанды іс қана емес, со қулық-сұмдыққа қоса талай нәрсені талап ететінін жақсы білетін. Оның мән-жайын бұған түсіндіріп тұруға болмайды, сол себепті де ол іштен тынып, қапаланып қалды да:—Менің орнымда болсаң көрер едім сені,— деді де қойды.
— Оныңның беті аулақ. Өзім де жетісіп жүрген жоқпын.
Сүйретпелі тракторда жұмыс істейтін Егоровканың ер-азаматы Афоня Бронников ұстанатын қисынның жөні бөлек еді.
— Иван Петрович, сонша күйіп-пісетіндей саған не болған?—деді ол мұны мәмлеге шақырып, жалпақ кер жақ, жүзі жымиып, кінәлай қарады бұған.— Сонда сен кімге, нені дәлелдеп бермекшісің? Менің ойым мынадай: адал еңбек етсем, адал өмір сүрсем, ештеңені ұрламасам, алаяқ болмасам — жетіп жатыр. Маңдайында көзі бар кісі, менің қалай тұрып жатқанымды, жұрттың қалай тұрып жатқанын көреді. Кім неге бейім болса, солай қарай жүреді. Біздің міндетіміз — дұрыс өмір сүру, өзгелерді таяқтап өз отарыңа қоспай, оларға өмір-тірлігіңмен үлгі-өнеге көрсету. Таяқтан келер пайда жоқ.
— Үлгі-өнеге көрсетуге кешігіп қалдық, кешігіп қалдық! Енді кеш болады!
— Әлі де кешіккен жоқпыз.
Бірақ Иван Петровичтің жаратылысы өзгеше еді, оның ішіндегі көрінбес бір серіппе күнбе-күнгі салмақ-қысымнан жиырыла-жиырыла әбден шегіне жете ширығып, ширатылғаны сондай, енді оны ұстай беруге мұның әл-дәрмені жетпей қалды. Хош, сонымен, енді үндемеймін деп өзіне талай рет серт беріп, үнсіз қалудың өзі — қимыл-әрекет пен жұртты сендірудің бір әдісі екеніне талай-талай көзі жеткен Иван Петрович, иә, сол Иван Петрович, тағы да бас көтеріп, даусын бәсеңдете, жүйкесі жұқара ызаланып және өзіне-өзі өшіге тұрып сөйлей жөнелді және өзінің босқа сөйлеп тұрғанын да жақсы түсінді.
Сашка Девятыйдың төңірегіне топтасқан сойқанды содырларға дейін, иә, олардан көп бұрын бір гәп болған: бір күні ертеңгісін Иван Петрович гаражға келсе, оның «КрАЗындағы» тіркемеге қосылатын тежегіш түтігін біреу қырқып кетіпті. Мә, ендеше қыршып ал, шындық қуғыш қуыршағым дегені-дағы баяғы. Бір кезде бұған: «Сен не осы; әлгі жақсы-жаман, жақсы-жаман деген екі сөзді ғана қайталап айта беретін қуыршақ аю секілденесің де жүресің. Аздап ойлансаңшы былай»— деп ақыл айтқан.
Ендеше қазір жақсы да жаман болғаны. Ендеше қазір жаман да жақсы болғаны. Рапортты бере-бере, еркіңнен тыс, осы екі сөзден де жаңылып қаласың.
10
Бірінші азық-түлік қоймасындағы өртті жұрт толығынан сөндірді. Сосын екінші қоймаға ауысты. Мұның екінші қойманың шатырын бұзып, сыпырып тастағаны жақсы болған екен, сол отты тоқтатып тастапты. Қоймаға он қанаттың арғы түкпіріндегі бұрыштан өрт тиіпті де, төбеге салынған тақтай арқылы тарапты. Иван Петрович бұл қоймаға бірінші рет келіп кеткен кезде де оның іші қайнап, түтіндеп тұрған, бірақ әйтеуір от алаулап жатпағасын біраз шыдауға болатын еді, қойма ішінің төрт қабырғасы түгел, дін-аман тұрған. Бір ғажабы — мұнда халық көп екен, мұндағылар улап-шулап, өзара дабырласып сөйлесіп жатыр, әйтеуір сылдыраған-сыңғырлаған дыбыстан, салдыр-гүлдірден құлақ тұнады. Иван Петрович ұйымдасып тұра қалған кісілер тізбегін, олардың ең өтімді, жүрдек товар — арақ салынған жәшіктерді бір-біріне беріп жатқанын әуелде байқай алмады. Бұл тізбекте өз адамдары да, сотанақтар да бар екен. Ә дегенде сасып қалып, сосын құр қол қайтпас үшін, бір жәшікті алып бұл товардың өзінсіз де бір тамшысын да төкпей, аман алып қалатынына көзі жеткен Иван Петрович, сыртқа жүгіріп шықты. Далада оны жоғарыда алаулап жатқан от лебі бір шарпып өтті, со мезетте әлдеқайдан қоймашы Валяның іштен өсімдік майын шығарыңдар — деп шарылдай талап етіп, жалынып жатқан дауысы естілді. Валя енді күзге дейін өсімдік майы болмайды, сыбағамызды түгел сыпырып алғанбыз — деп айқайлайды, осынау сөздерді естіп кейін бұрылған Иван Петрович, қапелімде миы ашып, қазір осы қыс па, жаз ба — қай мезгіл екенін есіне түсіре алмай қойды.
Сөйтіп бір сәтке атып шықса, оң жақ бұрыштан от кеулеп, өршіп келеді екен.
От гүрілдеп, ысылдап-пысылдап келеді, тізбектегі дауыстар да жанданып, көңілденіп, үзік-үзік шыға бастады, шынылар шылдыры молайып, күшейе түсті, бірақ осынау ызышуыт-қымғуыт дыбыс арасында бір қалыппен қайталанып тұрған бір дыбыс бар — бірдеңе шыртылдап сынып, әлдене лықылдап төгіліп жатқан тәрізді. Жіңішке бір әуенге салып бірдеңе шыртылдап, лықылдап жатыр. Иван Петрович өңмеңдеп, әлгі дыбыс шығып жатқан, маздап тұрған қабырғаға қарай беттеді, шетел шараптары салынған жәшіктер қасына келгенде ол бұның не екенін біле қойды: шынылардың тығындары атылып шығып жатыр екен. Ал жіңішке әуеннің не екенін іздеп әуре болмады, өйткені ол да, шамасы, «тройной» әтір шишалары немесе осы тәрізді бір ыдыстар салюттерінің дыбысы шығар деп ойлады. Біраз уақыттан бері тройной әтір азық-түлік товарлары қатарына қосылған, бұл әтірмен еркектер өздері дәмін жаратпай, тым қышқыл да жасық деп іштей қоятын венгер немесе болгар шараптарын күшейтетін болған.
Иван Петрович өсімдік майын шыныларда шығар деп іздеп жүрсе, темір кеспекке құйылған болып шықты. Ол бүйірлері күмпиіп кеткен, басынан талай бәлені өткерген орасан зор кеспекті, қолын күйдіре-мүйдіре әзер дегенде жықты, бірақ оны дөңгелетіп әкете алмады, бұл қанша итерсе де, ол тек тербеліп тұрып алды. Ол дереу тізбектегі кісілерге келіп, олардың бет-жүзіне қарап, таңдап-талғамай-ақ қолына іліккен біріншісін жетелей жөнелді. Ол бағана шатырды бірге бұзысқан, жоғарыға қоймадан табылған «Орал» мотоциклі жөніндегі хабарды жеткізетін жігіт болып шықты. Жігіттің өн бойынан қайнаған арақ иісі бұрқырайды, ештеңеге түсінбесе де, ешбір қарсылық жасамастан, ол Иван Петровичтің артынан ескектеп ере берді. Екеуі жабылып, бірде қолын, бірде аяғын жұмсап, кеспекті дөңгелетіп сыртқа шығарды. .
— Анда тағы біреуі қалды! Иван Петрович, онда тары біреуі бар!—деп шарылдаған қоймашы Валя оны бұларға көрсетпекші болып тұра ұмтылды.— Ол әне, ана жерде, ана жерде!
Иван Петрович Валяны ұстап тоқтатты да, оны жәйімен есіктен сыртқа қарай итере салды, дүние көздің құрты емес пе, аңдамай ақылынан жаңылып қалар, ендеше аулағырақ жүргені жақсы. Бұл арада не болып жатқанын ол көрмесе де болады. Иван Петрович қас қағымда кеспекті сыртқа шығарысқан серігінен айрылып қалды, ол, әрине, бөгелместен кісілер тізбегіне барып қосылған болар. Оны іздеп жүргенде Иван Петрович тізбекті қуалай тек жәшіктер ғана емес, от жарығынан кішкентай электр фонарлары тәрізді жылт-жылт етіп, тығыны ашулы шынылар да беріліп жатқанын байқап қалды.
— Жеделдет! Жеделдет!— дейді олардың біреуі көршілеріне жәшікті атып жіберіп, сол мезет бүкіл тізбек:—Жеделдет! Жеделдет!—деп іліп ала жөнеледі.
— Жеделдет! Жеделдет!— Шалқайған кісі үстінен шыны зу етіп өте шығады.— Жеделдет! Жеделдет!
Ал айда өрт те жеделдетіп келеді: Гуілдеп ішке кіргеннен кейін, ол бірден артқы қабырғаның тең жарымын жаулап алды да, жалмаңдап төбеден барып бір-ақ шықты, сосын со жақтан төмен қарай өзгеше бір ырғақпен ұзын тілі сумаңдап, лау етіп қайтып, лау етіп қайтып тұрды. Демалу қиындай түсті, бұл енді тыныс дейтін тыныс та емес, адам тыныстайтын ауа да емес еді, ол деміккен жандардың бос қуыстағы күйік ауаны аузымен жаппай жаныға қармауы-тұғын. Не әйел, не еркек екенін айыру қиын, әйтеуір бір адам, жарықшақ ащы дауыспен:
— Петька! Петька! Сен қайда жүрсің! Осындасың ба?—деп әлдекімді үрейлене шақырады.
— Біз сенің Петькаңды асап қойдық!—деп айқай салды тізбектегі біреу. Жұртқа оның даусы да бір түрлі күйіңкі, қайнақ ауаны тесіп, тек осынау сөздерді алып шыққан шіліңгір дауыс секілденіп кетті.
Иван Петрович сосын тағы бірінші кеспектен гөрі шағынырақ және одан гөрі домалатуға қолайлырақ болып көрінген бір кеспекті жығып, оны тағы да бір өзі шығармақ болды. Әлдекім келіп, жәрдем берді. Сыртқа шыққасын, қоймашы Валя, кеспекті көрісімен, шаңқылдап сөйлеп, жылап қоя берді: кеспектің тығыны түсіп қалыпты. Иван. Петрович ештеңеге түсінбей аңырайып, қоймадан ирелеңдеп шығып жатқан май ізіне бір, осынау төгіліп қалған екі-үш литр май, өзінің тап бүгінгі орны толмас ең зор шығыны секілді, қатты қапаланып, ағыл-тегіл жылап тұрған Валяға бір қарай берді.
Иван Петровичтің бүйірінен келіп біреу ұстай алды. Афоня Бронников екен. ІІІалқыған оттан ауланың сол жақ бұрышына қарай жеделдете басып, Иван Петровичті де өзімен бірге ала жөнелген Афоня мән-жайды түсіндіріп келеді:
— Қазір кешікпей тұрғанда ұнды шығарып алайық, Иван Петрович. Ананың шаруасы бітті...— ол артта жанып жатқан жаққа қарап, қолын менсінбей бір сермеп қойды.— Ал ұнсыз қалсақ... Ұнсыз қалуға болмайды.
Қатындар мен бала-шаға жамырасып, үшінші қоймадан қоюланған сүт банкілері мен ішінде ойыншық тәрізді титімдей банкілері бар бір қораптарды, тағы бір металл ленталардан белдеуі бар тап-тұйнақтай қораптарға салынған бірдеңелерді шығарысып жатты. Үшінші қойманың ар жағында, дуалға таяу тұрған, еденіне ағаш төсеніш салынбаған аласа бастырмада ұн сақталатын.
Оның қақпа тәрізді есігі шалқайта ашылыпты.
Иван Петрович пен Афоняның көлеңкесі көлбеңдеп, ұзарып барып, бұралаңдап, дуалдан асып түсті де, поселке үстіне қалқып шыға берді.
— Ойбай, өр-р-тендік!— деген айқай шықты жоғарыдағы көшелердің бірінен.
Иван Петрович селк етіп, шошып кетті де, дауыс шыққан жаққа үңіле берді.
— Жаңа ояныпты! Сәлден соң ақсирақ болып қаламыз, ал сен енді ғана ояныпсың. Тездет, бауырым, жүгір, кешігіп қаласың. Ертең бәрі бітеді, бас жаза алмайсың,— деді Афоня көңілдене ызаланып.
11
Айналадағы берекесіздік бір басқа да, өзі ішіңдегі берекесіздік — мүлде басқа нәрсе. Берекесіздік айналаңда болса — егер көңлің соқса, ол арадан кінәлі кісінің талайын табасың, кейбір кездері тіпті белгісіз бөтен бір күш қимыл-әрекет жасап, жұрт айтатындай, шешуші роль атқарып та кетеді. Қысқасы, со бір береке мен берекесіздіктің қожасы көп, олардың өзара келісе кетуі қиын, әлем жөнінде қалыптасқан пікірі әр түрлі, олардың біреуіне өмір-тірлік ақылға қонымды болып көрінсе, екінші біреуіне сол тірлік — ұйқы-тұйқы бірдеңе болып көрінеді.
Ал өзіңнің қара басыңа қатысты нәрсенің бәрінде де, әрине, сен өзіңе-өзің қожасың. Өз ішіңдегі шаруа жайын басқа біреуден талап етіп, сұрай алмайсың. Егер тіпті соның өзі саған толып жатқан сыртқы себептер мен жағдайларға тәуелді болып көрінсе де, сол себептер мен жағдайлар сенің сырлы да құпия саяң мен аяңа келіп енерде, өзіңнің мәртебелі ерік-билігіңнен тыс ене алмайды. Демек, мұндай жағдай бола қалса өзіңнен-өзің ғана сұрайсың.
Ал бұ дүниеде өз қанаңда өзің жүріп адасып кетуден оңай нәрсе жоқ. Сезімтал кісі мұны жақсы біледі. Ең әуелі белгілі бір қызмет атқаратын дене мүшесін көретін дәрігер секілді емес, ол өзіне, табиғаттың ғажайып бір күші арқасында, қол астына берілген, өзгеше бір билікті керек ететін, күрделі де түсініксіз патшалықтың аса құдіретті де дәрменсіз әмірші, иесі ретінде қарайды.
Сен өзіңше ар-ұятыңның қайда екенін, ерік-жігерің мен зейін-зердеңнің қайда екенін, тілек-талабыңның қайдан шығатынын, тыйым салу мен шек қоюдың түп- төркінін білетін сияқтысың. Сен олардың мекен-жайын білмейсің, бірақ олар «ләппай» деп жауап қайтаруы үшін, қай байланыс желісі арқылы белгі беру керек екенін білесің. Сендегі ар-ождан өз бетімен емес, сенің ишара-белгіңмен сөз сөйлейді, бәлкім, ол өз бетімен сұрау қоя алатын шығар, әрине, сұрау қоя алады бірақ соған үлгіре алмайды: сен оған одан бұрын тіл қатқаныңа кәміл сенесің. Олардың енді-енді туатын наразылығына немесе күмілжіген босаң келісіміне бұрынырақ араласу үшін, олардың талап етуі арқылы келмей, әуелі өзің келіп, алдын ала сөз бастау үшін, қамтуындағы межелі дуанда тәртіп тап осылай болуы керек деп ойлайсың.
Сені мен олар. Сен, тұтас патшалықтағы сияқты, оның барша қаласы мен даласын, күллі заңдары мен қарым-қатынасын, кесел-кесірлігі мен атақ-даңқын өз бойыңда сақтап жүрген әміршісің. Ал олар — сенің әлеміңнің құпия, сырлы тірлігін құраушылар. Бұл тұтас бір нәрсе және бөлшектер. Бітім мен келісім билік жүргізіп тұрған кезде, күнделікті тірлікте туып жататын түсініспестік, ақыл келіп төрелік айтқасын сейіліп бітсе — тұтастық пен ажырамас бірлік деген осы. Түсініспестік — ақыл-санаға дейін ғана болады — гәп сонда. Алауыздық туып, өзіңнің қарауыңдағы дуаның саған бағынудан бас тартып жатса, бөлшектену деген сол. Тек сонда ғана олардың өзіңнен күшті екенін аңғарасың. Өйткені сенің бүкіл іс-әрекетің мен ақыл-ойыңды құрайтын да, қимыл- қозғалысыңды бағыттап, тамағыңнан дыбыс шығарып тұратын да солар. Өйткені түптеп келгенде сен өлім күткен өзекті жансың, ал олар болса — өлмейді, олар аса құдіретті, белгісіз көмескі бір күштің әмірімен сенің қанаңда болған, ал сен қанша тырыссаң да, сол күшті нақты бейнеге айналдыра алмай қойғансың. Олардың билеушісі сен емес, сол болған, ал сен олардың уақытша мекен-жайысың, олардың бәрі бірлесіп құрайтын нәрсенің әлсіз қабысың және олар сол арада отырып, күллі әлеммен үйлесіп, ұласуды аңсап, іздеген. Сен олардың үміт-сенімін ақтамадың, өзіңе жүктелген нәрсені жеткізбедің, көрсетпедің. Бұл — сен өз қалпыңда болмадың деген сөз. Сен кез келген біреу бейнесінде болған шығарсың, бірақ өз қалпыңда болған жоқсың, сені кері қайтарғанда олар сенің өзіңмен емес, есіміңмен ғана қоштасады.
Айналаңдағы берекесіздік — бір басқа да, өз ішіңдегі берекесіздік мүлде басқа нәрсе. Иван Петрович өзінің ішкі сарайын әлдекім мүлде басқа аяусыз талап-тонап кеткендей бір сөзімде — қайдағы бір жатжерлік жасауылдар мұның ішкі әлемін таптап-талқандап, бүлдіріп, көңіл қанша қоңылтақсынса да, бұрынғы қалыптасқан өмір-тірліктен ащы түтін, балқыған сынықтар мен түр- пішінсіз үшкір тас-кесектерді қалдырып кеткен тәрізді. Иван Петрович өзімен-өзі ұдайы ынтымақ-келісіммен ғұмыр кешті деуге болмас, әрбір кісінің, тіпті өзіне-өзі дән риза кісінің де, кейде ойы шашырап, өзіне бағынбай — қыңсылай ма, әлде бірдеңені талап ете ме, әйтеуір иесін мазалап, әлек салатыны бар. Бұндай жайт мұның да басынан өткен. Бірақ ол, былайша айтқанда, өңдеп- жөндеуді қажет етеді деген сөз еді. Иван Петрович бұл сырқаттың немен жөнге келетінін — жұмыспен немесе қайырымды іспен жөнге келетінін білетін. Ол со бір қайырымды істі, жанға батар жараға май дәрі жаға салғандай-ақ, немғұрайлы жасай салмайтын, ол іс мұның еркінен тыс, табиғи түрде істелінетін, сол себепті де іштегі жан ауруы біртіндеп барып басылатын. Ол өзінің әлі де сезу, қиналу, ауыру қасиетінен айрылып қалмағанын көрсету үшін де оқтын-оқтын, бірде кісінің ана жерінен, бірде мына жерінен ұстап, қайта соғып отыратын тәрізді еді.
Ал енді не болып қалды сонша? Қаншама қам-қарекет жасап, зыңғырлатып қойған ішкі сарайының кенет бұның өзіне қарсы шатақ шығарып, жауыққаны несі? Бұл не істесе де — жақпайды, қайда барса да, қандай іске кірісіп кетсе де, қайдағы бір белгісіз күш оны тоқтатып қойып: бұдан тәуірірек бірдеңе ойлап таба алмадың ба?—деп табалай сыбырлайтынын қайтерсің. Ал бұл шынында да осыдан тәуірірек ештеңені де ойлап таба алмайды, сол себепті де ә дегеннен тауы шағылып, шарасыздық басады да, дел-сал нәумез күйге түседі.
Ол өзімен болған бір алауыздықтың неден басталғанын есіне түсіре алмай қойды. Оның әйтеуір бірдеңеден басталуы керек еді, өйткені бір кезде ғұмырында тұңғыш рет шыбын жаны шырқырап, бұнымен келіспек түгіл, өзіне қарсы үн көтеріп, мұны ұғудан бас тартқан ғой, өзінің қалай өмір сүргені енді оның жолына кесе көлденең тұрғандай. Бірақ осы арадағы бір гәп, бұл ғұмырында ар-ұяттан аттап баспауға тырысатын, әманда өзінің іс-әрекеті оған әділет пен ел пайдасына, көптің игілігіне орай жасалып жүргендей болып көрінетін. Бұ қалай, кісінің жаны мен ары ағайын-туыс емес пе, жанға нәр беріп отыратын да кісінің ар-ожданы емес пе, ендеше олардың арасында алауыздық бола ма? Ақиқат-шындықты айту керек болған кездері айтты; іс істеу керек болған кездері істеді. Бұл өмір бойы шындық пен іс-әрекет жолынан жаңылмапты. Олардың, адамның құзырына берілген кездегі шегінде қала бергені өздері үшін де оңды емес пе? Ақиқат шындық — шірік суының деңгейі көтеріліп-қайтып тұратын, жағалауы желініп қалған, борпас, жалаңаш шалшық су емес, арнасы таспен көмкеріліп, қиыршық құмдауыт жиегі жалданып анық көрініп жататын мөлдір сулы, ағыны қатты өзен ғой. Шындық табиғаттың өзінен туындайды, оны жалпы жұрттың ой-пікірімен де, бұйрық-жарлықпен де түзетуге болмайды. Ендеше бұлтақсыз ақиқат шындықты шылауына да ілмейтін немесе оны жартылай ғана қабылдайтын кісілермен қағысып қана қоймай, өз басымен өзі арпалысып кеткені қалай? Шындықты жартылай мойындап қана немесе онымен ада-жұда ат құйрығын кесісіп, (иә, жартыкештеніп жүргеннен, соның тіпті болмағаны жақсы) өмір сүруге болмайтынына бұл неге кәміл сенеді, бірақ қанша айтқанмен, бұрыстығы айдан анық адамдарға қарама-қарсы жақта тұрған кісілердің өздеріне өздері сенбей, күмілжи беретіні несі? Аналар да дұрысын айтпайды, олардың бұрыстығын бетіне басып жүрген шындықты заңдай көріп, пір тұтатын бұл да дұрыс емес. Сонда мұның мәнісі неде?
Бір-бірімен өзара қарым-қатынас жасап, бірін-бірі толықтырып-молықтырып отыратын ар мен шындық, өз алдына тәуелсіз дербес нәрсе емес, өздерінен гөрі маңыздырақ бірдеңеге бас иіп, байпаңдап отыра ма? Не нәрсеге бас иеді? Кісінің жанына ма? Сонда ұдайы ымыраға, мәмлеге шақырып жүретін кісі жаны сізге де, бізге де қатар қызмет етуге ләппайлап тұрғаны ма? Ал егер ол сізге де қызмет ететін болса, егер ол шындық пен арды, олардың қарасы да көрінбеген жерден іздесе, онда шындықтың да шындық, ардың да ар болмай, әлденені іздеп, қайғыменен қан жұтқан жан ғана қалғаны ма, егер ар-ождан мен шындық соның кесірінен қисық-қыңыр болып кетсе, ондай жанды қайтеміз? Оған сонда демеуші мен жебеушіні неден табамыз? Жарайды, кісі жаны тікелей тартқанды ұнатпайды, тікелей көзге шұқығанды жек көреді, оның әуелден ерекше жаратылғаны сондай, шұқылап жүріп, қоқыр-соқыр арасынан маржан дәнін тауып алуды дені сүйеді-ақ делік, бірақ ол со қоқыста тіміскілеп жүргенде, өз жағы ақыл-тақыл иегін сипап қалады ғой. Хош, енді өз жағым, өзгенің жағы дегеніміз не, олардың арасына шек қойып, шекара тартқан кім және кісінің сол шекараның ар жағына баруға ынтық болатыны неліктен, оның бәрінің пешенесіне жазылған ортақ нәрсе — өз жағынан бөтен жаққа кету емес пе екен?
Сонымен осынау «қалайша» және «неліктен» деген жауабы жоқ, жауабынан, жарқабақ тік қабырғадан сырғып түсетіні сияқты, сырғып түсетін шексіз сауалды қоя-қоя және соның жауабын іздей-іздей жүріп, меңіреу бір тығырыққа, тірліктің нышаны да жоқ белгісіз бір тар қыспаққа жетті де, Иван Петрович шегініп кетті. Бәрібір кісі ештеңеге түсінбейді екен.
12
Ең соңғы ұн қоймасында бірыңғай жарма мен ұн ғана емес, қант-шекер де сақталады екен. Ұн мен жарма қапталған күйі еденге қалай болса солай тасталып, оларды шаң-тозаң басып қалса, қантқа арналып сол қанаттан текше жасалып, оның үстіне брезент төселіпті. Және қант салынған қағаз қаптар да тап-таза, қатыра тігіліпті де, тап-тұйнақтай етіліп жиналып қойылыпты. Мұны өзіміздің еркектер тасып әкеліп қойған емес, шетелден арнаулы бригада шақырып қойғызған тәрізді.
Әуелі ауыр затты тасып әдеттенген Иван Петрович бірден қантқа қарай беттеді. Бірақ оны Афоня Бронников ұстап қалды:
— Кәне, Иван Петрович, әуелі ұнды тасиық. Бұл өзі...— ол тағы да әлгі бір қоймадағы әдетіне басып, кольт бір сілтеді.
Бұл арада әйтеуір от қызуы онша бет қарымайды екен. Бірақ, мұнда да асықпаса болмайды, өйткені өрттен арада шала күйген бір ғана үй бар. Қалай болса солай тастай салынған қап-қап ұнды — орасан зор үйінді деуге де, қат-қабат жиналып қойды деуге де болмас бірдеңе еді, әйтеуір оның биіктігі кісі бойы қол созым келеді екен. Бұл екеуі мұны келесі өртке дейін де тасып бітіре алмас. Иван Петровичтің жүрегі жұмыстан шайлыққан ба және мынадай аласапыран кезінде кісі өзінің шама-шарқын өлшеп-пішіп жата ма, бір шетінде оқшаулау қойылған және қолына алғаш ілінген қапты, оның неге шеттеліп қойылғанын ойлап, басты қатырмай-ақ — иығына сала бергені сол еді, басынан бақайына дейін ұнға көміліп қалды. Қаптың тігісі сөгіліп кетті де, оның сол бүлінген жағынан ұстап, Иван Петрович көтере берген кезде, ол бұрқ етіп жарылып кетті де, ұн оның аузын бітеп, жағасының ішіне, қойны-қойнышына құйылды. Афоня бұған шыдамай күндей күркіреп, ақақалап күліп жіберді:
— Иван Петрович, енді сен Ангараға барып бір сүңгі де, қайтып келіп отқа түс — сосын дап-дайын пирог болып шығасың.
Қағынып-сілкініп, жөткірініп-түкірініп жатып, Иван Петрович біраз шығынып қалды. Бірақ ол бір ақылды сөз айтты:
— Бүйтіп қарқылдай бергенше, сен екеуміз қанша тасығанмен, мынаның мұрты да шағылмайтынын ойласаң етті. Біз ештеңені де жарытпаймыз. Халық қайда жүр осы?!
— Бастық жинаймын деген...
— Е, сенің бастығың ендігі оны ұмытып та кеткен шығар!.. Оны біреу жанығып жүріп алып кетті-дағы, енді қарасын да көрмейсің! Ол өзі бүгін есінен айрылып қалыпты.
Қолына түскен адамды желкесінен ұстап алып, осылай қарай итере салатын кісідей-ақ, айбат көрсетіп, Афоня далаға шығып кетті.
Желкесіне бір қапты қондырып алған Иван Петрович есік алдына келіп аялдады. Қайда апарады? Қақпаға барайын десе — қашық, оған апару — ешкімге де қажетсіз соны сүрлеу салу. Дәл қасында қора, ол қазір мына аула ішінде, қар мен батпақ үстінде шашылып жатқан дүние-мүлікті алғысы келетіндерге қарсы қорған болып тұр. Дегенмен де қораны, дуалды құлату керек. Кенет Иван Петровичтің іші удай ашыды: балтасы қайда? Үйден ала шыққан, қойма шатырының тақтайын ұрып түсірген балтасы қайда қалған? Қай жерге тастап кетті оны? Иван Петрович лапылдаған от ішіне қойып кеткісі келіп бір тұрды да, бағана майлы кеспекті домалатып шығаратын қоймада балтаның өзіне мүлде қажет болмағанын есіне алып, тоқтай қалды, ендеше ол балтасын бұрынырақ бір жерге тастаған болды. Ендігі ол жанып та кеткен шығар. Taп қазір қораны құлатуға өз қолынан бетер қажет болып тұрған балтаның жанып кеткенін қарашы. Үйден алып шыққан заты еді, жоғалтып алғанын қарашы.
Ол тағы Аленаны есіне алды, әйелінің жалт етіп, есіне түскені де жүрегін бір тырнап өтті: сасқалақтап жүріп бір бәлеге ұрынып қалмаса жарар еді. Неге екенін қайдам, тап қазір оған екеуінің арасы сұмдық алыстап кеткендей болып елестеді. Қасында болса да, алыста. Шамасы, бұ жердің ара қашықтығы Иван Петровичтің өзі де білмейтін, әлі жүріп көрмеген қадамдармен өлшенетін болса керек.
Тағы бір жаққа қарай тұра жөнелмей тұрғанда Иван Петрович өзін Афоня келіп, жүр-жүрлеп алып кететін қойма жаққа қайта бір көз тастады: Ондағы ашулы қалған есікке жұрт ентелей кіріп, одан жанталасып атың шықпай, өзгеше бір сурет тәрізді, толқыған от пердесі арасынан соңғы банкілер мен құтыларды сыртқа лақтырып жатыр екен. Ондағы от ішінде қалай шыдап жүргендері мүлде белгісіз, со кісілердің осындай көзсіз ерлікке баруы үшін қандай жүрек жұтқан батыр болуы керек еді! Ал есік алдында ақ қоянның терісінен тігілген құлақшын киген біреу, іштен лақтырылған заттарды ауада қағып алмақ болып, мың құбылып, олай-бұлай секіріп-қарғып, ешбір циркачтың өңі түгіл түсіне де енбеген өнерді көрсетіп жатты. Ол заттарды қағып алып, еш жаққа мойын бұрмастан, артына лақтыра салады. Таяу жерде самала жарыққа малынып, оның өнеріне қарап Борис Тимофеич тұр. Өнеркәсіп товарлары қоймаларының орта тұсынан шарт етіп қызыл жалын аспанға атылды да, барша халық қоян құлақшынды жігіттің жылпос қимылын қызықтап, қыбыр етпей тұрып қалғандай болып көрінетін аула ішін самаладай жарқыратып жіберді. Борис Тимофеич те тырп етпей, оған сүйсіне қарап қалған. Жалын басылысымен, бастық та бір жаққа безіп кетті, өңге жұрт та апыр-топыр болып қозғалақтап, қайтадан іске кірісе берді.
Күллі аула іші жалт етіп, жарқырап барып сенген қас қағымдай бір сәт ішінде Иван Петрович қораны бойлай көзімен бір шолып, бағана үй төбесін бұзғанда Афоняның қолында жүрген, енді бағанға сүйеулі тұрған нән тоқпақты көрді, ол қажет болатын жерге әдейі қалдырылып кеткен тәрізді, Иван Петрович жүгіріп келіп, оны алды-дағы, бағанның дәл қасынан, дуалдың жоғарғы және төменгі белдеуінің тұсынан құлаштай қойып-қойып қалды. Дуал құлап түсті де, бақшаны басып өтетін таптаурын жол мен осы Ангараның байырғы мұжығының бірі, сыңар қол Савелийдің моншасы көрінді. Иван Петрович дуалдың тағы бір буынын соғып, босатып еді, ол да құлады, сол мезетте бұған көмекші де келіп жетті. Осы бір түнде еш нәрсеге таң қалуға болмайтын еді, дегенмен де, Иван Петрович таңданбай тұра алмады. Көмекшісі әлгі бұзықтар тобындағы Сашка Девятыйдың тап өзі болып шықты. Екеуі бірлесіп, дуалдың құлаған буынын көтеріп, еңіспен жолға қарай сырғаната салды. Әдейі ойластырсаң да бұдан артықты таппас едің: ұнды жерге қоймас үшін төсеніш болып шыға келді.
— Кәне тағы біреуін түсірейік, Иван Петрович,— деді Сашка әрі көңілдене, әрі өктем сөйлеп. Бұ соққан тек «зәкүнші азамат» дегенді ғана біле ме десе, мұның өз атын да, әкесінің атын да біледі екен.
Олар қораның екінші буынын жұлып, біріншісінің қасына әкеліп төседі. Олар жоғары көтерілген сәтте иіндегі бірінші өнеркәсіп товарларының қоймасы ұшқындарын бұрқыратып, гүрс етіп шөгe берді. Жұрттың айқай-шуы мен жарық нұрын басып, ұшқындар бұрқырап, себіле берді, себіле берді. Сашка солай қарай жүгіріп кетіп қалды. Иван Петрович Афоня бастаған еркектердің кейін қарай жалт бергенін көрді. Осыдан соң бұл да шыдай алмады: оның Аленаны іздеп табуы керек еді.
Алена дүние-мүлік үйіліп жатқан жерден бес қадамда бір шетте тұр екен, ол бұл араға бірдеңені әкеліп, салдыр еткізіп қоя салды, оның құр қол келмегені сол салдырынан белгілі болды. Құлаған қойманың ыстық толқыны бақайшағынан шарпып өткен кезде тоқтай қалған ол, енді өзінің қайдан келгенін, не әкелгенін және енді қайда баратынын білмей, аңқиып тұрып қалды. Жұрттың бәрі тек бір жаққа — дүниенің бәрі патырлап, бұрқыратып ұшқын шашып жатқан жаққа қарап, қолдарын сермесіп, айқайласып жатыр, бірақ әдейі қойылған ойын тәрізді, олардың айқайы да берекесіз, қолдарын сермегенде де бірде секіріп, бірде иіліп тәжім етіскендей болады, жалпы жұрттың жүріс-тұрысы — пакеттер мен буыншақ-түйіншектерді қолдан қолға беру үшін тізіліп тұра қалғандары, бір-бірінен жалт етіп бұрылысып немесе соғылысып қалып, аула ішінде дызақтап жүгіргендері, олардың жанын шүберекке түйіп, отпен ойнағандары, бірде қосылып, бірде бытырап улап- шулағаны, міне, осының бәрі нағыз іс емес, еті қызып, құтырынып алған жұрттың жөн-жосықсыз жамырап жүріп, есерліктің ермегіндей қолдан жасаған бір сөлекет қылығы секілденеді. Нағыз зауал, жолында кез болған нәрсенің бәрін алаламай, күйедей жалап, обып келе жатқан мына алапат өрт болатын.
Өрт бір кезде әйтеуір патыр-пұтыр жарылып, бұрқыратып ұшқын шашуын қойды да, құлап түскен қойманың төменгі жағын қуалап, қайтадан сумаңдай жөнелді. Ал тақтайлары ілініп, салбырап қалған бұрыш-бұрыштарда от ілгері ентелеп барып, еңкейе маздап жанып тұр. Төбесіне оттан тәж қондырып алған көршідегі өнеркәсіп товарларының қоймасы негізгі желіден жұлқынып шығып кеткісі келгендейін, сықырлап теңселе береді, бірақ сырт жағынан келесі қоймаға ортақ дуалмен көгенделіп тасталған ол ажырап кете алмайды.
Тап қазір иіні келе ме, келмей ме, қайдам, әйтеуір жұрттың: Усть-Илим жақта су басып қалған орманды аралдар тұңғиық тереңнен қалқып шығып, Ангара ағысымен төмен қарай жөңкіле жөнелгенде, оларды самолеттен бомбылапты,— деп айтқан әңгімесін Алена енді есіне түсірді. Бергі, жақын жақтан азық-түлік қоймаларында бір тәтті тағамның астындағы от түтіндеп жанбай, электр шамы тәрізденіп жарқырап түр. Бір де бір қойманы аман алып қала алмайтынына жұрттың енді ғана көзі жеткен секілді.
Иван Петрович келіп, төбесінен түскенге дейін, Алена сілейіп тұра берді. Айналасындағы ел улап-шулап, сапырылысып жатқанда әйелінің қыбыр етпей, сілейіп тұрғанынан шошыған Иван Петрович аяғын ұшынан басып, оның алдына келіп тұра қалды.
— Ой, Иван, сен анаған қарашы!—деді әйелі селт етіп қапелімде не айтарын білмей. Ол арадан қарайтын нәрсе де табыла кетті.— Әне қарашы!— Әйелі оң жақта, әрігеректе самаладай жарықта жан ұшыра бұралаңдап жүрген біреуді мегзеп көрсетті, ол аласұрып, үстіндегі тонсымағын шешіп тастап, тағы бірдеңені асығыс киіп жатты. Ол әлгі бұзақылар тобынан болса керек. Иван Петрович оларды қол-аяғын шолтаңдатып сермей беретін қылығынан танитын.
— Бұл дүние не болып барады, Иван!? Не болып барады?! Жұрттың бәрі қолына ілінгенді жымқырып жатыр! Клавка Стригунова жан қалталарының бәрін кішкене бір құтылармен толтырып алыпты. Олары енді өтек емес, өзгесіне бірдеңе шығар!.. Қойны-қонышына, жалаңаш етіне тыққыштап жатыр!.. Ал әлгі шынылары ше, шынылар...
— Сен бірдеңені аламын деп ойлама!— Ол бұ сөздерді ішіне от-шемен болып қатып, күйдіріп бара жатқан бәлені шығару үшін айтты.
— Иә, бұл арада енді ешбір Миша Хампо ағай көмек бере алмайды. Хампо жұрт бір үлкен, көрнекті нәрсені алып кетпесе екен деп қарауылда тұр, ал мұндағының сиқы мынау...
— Қойшы, Иван! Айтпашы қайдағыны?!—деді Алена оның сөзін көңіліне алмай, күйеуінің жәй айта салғанын байқап.— Мен оны қайтемін? Отасқалы бері қанша нәрсені жымқырып әкеліп ем? Көп пе еді соншама?
Қойшы, сол ақ сайтандарды, солар-ақ алсыншы қоңын жапса!
Ол сойқандар тобының ана бір содырына тиіспей-ақ қояйын деді.
13
Осыдан екі жыл бұрын Иван Петрович пен Алена отасқанының отыз жылдығын атап өткен еді. Оны бұлар былайша атап өткен: екеуі де бір мезгілде демалыс алып, бір де бірі қалмай, туған ұясынан жан-жаққа бытырай ұшып кеткен ересек балаларына барып қайтты. Ондағы маңдайға басатыны — екі қызы мен жалғыз ұлы. Бұлар сапарды ең жақынынан бастады: әуелі аудан орталығындағы төменгі класта сабақ беретін қызына барды; сосын үлкен қызына, Иркутскіге бет түзеді, тек со жақта Иркутскіде қызының ауруханада жатқанын естігенде бір сүрініп кете жаздады. Қызының семьясына тоғыз қабат үйдің ең биігінен жаңа пәтер береді, бірақ лифт іске қосылмайды, сонымен көшті-қонды болып,— ауыры бар, жеңілі бар жүктерді со зәулімге тасимын деп жүргенде, зорығып қалса керек. Жаңа қоныс тойынан кейін ауруханадан барып бір-ақ шығады. Шешесіне тартқан — жұмысқа келгенде өлермен. Әрине, қызының хал-ахуалы осындай болып жатқанда кетіп қалу да ыңғайсыз еді, бірақ Танясы, қалалық болып кеткен қызы, жүре беріңдер,— деп қолқа салды. Тірліктің ащы-тұщысын түгел татып, не бәленің бәріне үйреніп кеткен, бос белбеу болып көрмеген мұжық Иван Петровичтің өзі тоғызыншы қабатқа он шақты рет түсіп-шыққаннан кейін, әсіресе соңғы айналмаларда қол-аяғы салдырап, тәлтіректеп қалады да, бет-жүзі қарауытып, аузынан әулекі сөздің қалай шығып кеткенін байқамайды, сол себепті де қаланың кісіні хайуанға айналдырып жіберетін жаннатынан құтылғанына қатты қуанды.
Қызының жазуына қарағанда, ондағы лифт әлі тұсаулы тұрған көрінеді, ал сынып қалған есіктен кірген біреу оның құдығына құлап мерт болыпты. Кей жерлерде тыйым салынған нәрсеге Иркутскіде еркіндік.
Тек самолетпен ұшып барған баласының үйінде ғана Иван Петровичтің жаны қайтадан жай тапқандай болды. Осы күнгі тоқ заманда арда өскен тұрғыластары сияқты бойшаң, кәдімгідей ересек тартып есейген, шешесінің шықшытты кейпі өзінің бүкіл ер қалпын ашып, айқындап көрсететін форма киген ұлы Борька бұларды Хабаровскіде қарсы алды. Енді Борька деуге де болмайды, Борис Иванович. Авиация училищесін бітіргеннен кейін ол бір шағын аэропортта техник болып істейтін. Аленаның жаны жай тапсын дегендейін, баласының бар жұмысы жерде жасалатын. Сол күні басқа бір кішкене самолетпен олар осы араға — жасыл жапырақ пен әшекей-жасауға малынған көркем де бай поселкеге келіп жетті. Рас, мезгіл де сәтімен түсті — сентябрь құрғақ болды. Борис, жас жұбайларға деп, құда мен құдағиы басы бүтін берген, өзінің отау үйінде тұрады екен, ал үлкен кісілер өздеріне қомақтырақ етіп, көшенің арғы бетінен жеке үй салып алыпты. Үй іргесінде түрлі жеміс- жидек, нағыз алма өсетін бауы бар. Осының бәрін Борис кезінде хатқа да жазған, ауызша да айтқан, бірақ Иван Петрович, бұларды өз көзімен көргенше, оған онша сене де бермейтін. Хош, сонымен, өсіп-өніп тұрған ағаштың алмасын ұстап, поселкені бір айналып шығып, мұнда кездескен кісілердің бәрінің де бет-аузы арақ салқынынан сау екенін көргесін балық аулауға барып, осындағы кішкентай ғана өзендегі балық Ангарадағыдан әлдеқайда көп екеніне таңырқап, таңдайын қаққаннан кейін, Борькасының жолы болған екен деп қатты қуанды. Біз көрмеген жердің бәрі жақсы — дейді ғой әдетте жұрт, ал бірақ бұл ара шынында да жаман жер емес екен. Әңгіме алмады да, күннің жылылығында да тұрған жоқ, әр жердің өз ауа райы өзіне дауа, бірақ бұл жердің өмір-тірлігінен жанығу сезілмейді, тәртіп сыңайы да бірден көзге түседі және сол тәртіп айқай мен айып төлету арқылы емес, бағы күннен дәстүрге сіңген қауымдық заң-низам негізінде сақталады екен. Гәп, міне, осында еді. Егерде Иван Петрович бірдеңені асырып айтса, ал о кісі ештеңені де асырып айттым деп ойламайды тіпті,— соның өзінде де бұл араны Сосновкамен мүлде салыстыруға болмайды.
Баласы мен келіні екеуі көшіп келіңіздер,— деп жатты да жалынды. Балаларға Бористің қайын атасы мен қайын енесі келіп қосылды, шамасы, оларға Иван Петрович пен Аленаның иі жұмсақ, ақ көңіл мінезі ұнап қалғанға ұқсайды. Аспай-саспай бір қолайлы үй табамыз, бағасына келісеміз, бұл арада үлкен совхоз бар, жұмыс табылады. Сіздер біздің, біздер сіздің қасыңызда, селбесіп жүреміз-дағы, әйтеуір, қайда болса да, кісі бір жерге тұрақтайды-дағы. Сосновкада сіздердің етегіңізге жармасып жатқан жан жоқ көрінеді.
Иә, етекке жармасып жатқан жан жоқ, ал бірақ Сосновканың өзі ше? Бүкіл өміріңді бағыштаған топырақты қайтесің? Сонау артта қалған, бұрынғы шыққан теңіздің тірлігі ше? Осының бәрін шынымен-ақ ана көргенсіз содырлардың еркіне қалдырмақ па, олар тіпті жұмыстан қайтып келе жатып, әжетін өтеу үшін зиратқа бір соғып кетеді, бірде Иван Петрович солардың осындай сорақылығының үстінен түскен-ді. Әйтеуір біреудің соны қызғыштай қорғауы немесе қорғамауы керек қой? Бөгде жауға бұрын да қарсы тұрғанбыз, қазір де қарсы тұрамыз; өз жауың, өз ішіңдегі ұры-қары сияқты жауың аналардан да қорқынышты.
Баласынан қайтып келгесін, Сосновка қам-харекетінің көңілсіз қамытын қайта кигеннен кейін, Иван Петрович осындай бір ойға мойынсұнып кеткен еді. Бірақ енді ол жұрттың барлық жерде бірдей тұрмайтынын, қажет болса, қолдау іздеп табатын жер бар екенін біледі. Ешбір жарыс болмаса да, социалистік жарыс жеңімпазының мойынтұрығын тынымсыз тартып, ол осылайша жұмыс істеп жүре берді, ал, дүниедегі ақиқат бір нәрсе — сен жұмыскерсің бе, әлде жұмыскер емессің бе, табиғи тумысыңнан диқансың ба, әлде көк езу мылжыңсың ба міне осы еді. Сөйтіп ол көрінген жерге килігіп, арандайтын жерде айқасқа шығып, талай рет жүрегін талауратып алды да, сондағы тапқаны сол баяғы бір күйі: әйтеуір, елден күдер үзуге болмайды екен. Сары уайымға салынып, тұңғиыққа түсіп кетіп... бұл дүниеден.баз кешкен кісілерді демеп-жебеп, талай рет ақыл да айтты, өз басы да үміті кесілген шарасыздықтан талай рет айығып шықты .
Сол баяғы бір күйі.
Алайда соңғы бір жылда, содырлы сойқандардың қазіргі бригадасы келіп, орныққалы бері, төзімі тозып бітті. Бұрында мұндай бригадалардың талайы келіп-кетіп жататын — өздері қисапсыз көп болатын, келіп, біраз тұрып, керілдесіп, кеңірдектесіп, байырғы жұртқа нағыз кескін-кейпін көрсететін де, шүкір-тәубадан мақұрым қалған тағдыр-талайын сынап көрмекші болып, басы ayған жаққа кетіп жататын. Солардың ішінен әлдеқалай ажал айдап келіп, осы араның топырағы бұйырған он шақтысының моласы зиратта жатыр. Бұрын бұлардың аласы да, құласы да келген-кеткен, бірақ тап биылғыдай алаяқтары келіп көрмеген еді. Мыналар ә дегеннен-ақ өздерінің заңы, ақылшы ағасы бар ұйымдасқан күшті бір топ ретінде пайда болды. Жұрт оларды бөлшектеп, ыдыратып жіберуге де тырысты — ештеңе шықпады. Ангараның арғы бетіндегі орман қырқатын жерге де жібермекші болды — бармады. Поселке іргесіндегі төменгі қойма маңында, ағаш бұтарлап, домалататын ұсынақты, әлуетті қол керек жерге орналасып қалды. Бірақ олардың қолы басқа нәрсеге ұсынақты екен. Сонымен бір берекесіздік басталды да кетті. Кісі аттап баса алмайтындай болып, айналаның бәрін ағаш басты да кетті, текшеметрдің ішіне кесілетін бұтақтары да қосылып кетті, отта ағаштың бас жағы да, діңдері де жанып жатады. Үйіліп жатқан бөренелерді тасуға өзің барып көмектеспесең, машинаңды қаңтарып, жарты сағат қарап тұрасың. Бұған шыдамай — айқай саласың, бірақ олар айылын да жимайды, қарқ-қарқ күліп, өзіңді сөзбен шағып отыра береді, сосын өрекпіп Борис Тимофеевичке ауыз саласың, ол саған зекиді. Енді жұмысқа тап бір айдауға баратын адамдай-ақ шығатын болды.
Поселкедегі жағдай да осындай. Клубтағы бильярдқа ақша төлеп ойнайсың, дүкенде жұртты бәрі кезекке тұрса, аналарға ығысып жол бересің. Бірдеңе десең-ақ — бәлеге қалғаның, ақырып жібергенде апта бойы есіңді жинай алмай жүресің. Ел-жұрт, адамның жақсы қадыр-қасиеті емес, ең жаман, кесепат әдеттері тамыр жайған, осы бір ел көрмеген сыбайластықпен бетпе-бет келгенде бір түрлі абыржып, сасып қалды да, енді содырлы сойқандардан алыс жүруге тырысты. Поселкеде жүздеген адам бар, он шақты оңбаған келді де, билікті тартып алды — Иван Петровичтің бір түсінбейтін нәрсесі, міне, осы. Бірақ осынын мән-жайын ойлап, толғана келе, ол жұрттың бұдан көп бұрын, әркімнің өз бетімен бытырап кеткенін, мына сойқандардың иесіз, қолданусыз жатқан билікті оп-оңай ала салғанын аңғарды. Ол тіпті егер ел басына жалпыға ортақ бір ауыр күн туа қалса, осы сойқандар адам пішініне түсер еді-ау деп ойлайды және соған өзі сенеді де,— олар енді ем қонбайтын есерлер емес қой, бірақ «жабуды жаба тоқыған» заманда, құдайын ұмытқан жұрттың шаруасы ырың-жырың болып, келеге келмегені бұларды біріктіріп, басын қосады, олар мұны бірден сезіп, айуанға тән сезімталдықпен шоғырлана қалады. Олардың Сосновкаға бауыр басқаны тегін емес. Қазір баласы тұрып жатқан Сырникиде бұлар тұрақтай алмас еді. Ал соңғы бір жылда бұлардың екеуі ғана жолынан тайды. Оның біреуін, әуелгі кезде команданы басқарған, кавказ пішінді соққанын, шамасы, өз адамдары орнынан жұлып тастап, араларынан аластаған тәрізді, одан кейін Сашка Девятый күшейіп шыға келді; ал мастардың қырғын төбелесінде мертіккен екіншісі, барып түскен ауруханасынан қайта оралмады. Фамилиясы Сомов деген тағы біреуі өз адамдарынан жырылып, күйеуі суға кетіп өлген Надя Почивалованың үйіне кіріп алды.
Декабрь айында Иван Петрович төменгі қоймадағы жұмыстан кейін поселкеге келіп, машинасының тұмсығын тіреген, орта жолда оны өз жігіттерінің біреуімен бірге келе жатқан Сашка Девятый тоқтатты. Сашка келіп отырды да, екіншісі, кабинада орын болса да, отырмады. Осынау Сашка кереметтей көркем жігіт — дене бітімі келіскен, ақ сары жүзінен нұры тамған ұзын бойлы сырықтай азамат, бірақ оның сұлу жүзі семе бастаған. Оның сыры неде екенін бірден біле қою да қиын. Шамасы, ол іштей қаңсып кеуіп, әжімдене бастаған, ажар-көркі тек сыртында ғана қалған тәрізді.
Поселкеге дейін екеуі де үнсіз отырды. Бірақ жатақхана қасынан түсіп жатқанда Сашка ыржиып күлген болып тіл қатты:
— Зәкүншіл азамат, күрес пен еңбектің еңіреген ері, сен мынадай бір нәрсені есіңнен шығарма: Біз сені білмейміз, сен де бізді білмейсің. Ал егер ісін түсіп, келе қалсаң, саған біз де барамыз.
Көп ұзамай дүкендегі ішімдік таусылды. Таусылғанға не амал — Ангара бойын қуаласаң — оң жағыңда да, сол жағыңда да ештеңе жоқ. Сосын сойқандар арақтың аштығына шыдамай, өздерінің қанды көйлек бауыры — Соняның қолына рюкзак беріп, қалаға аттандырды. Ол апта бойы самолетпен ұшып, ауа райы бұзылғасын аэропорттарда отырып жүргенде, бұлар «со бозым» үшін жұмыс істеп, оның жоқ екенін жұрттан жасырумен болды. Соня «азық» алып қайтып келгеннен кейін, сойқандар қатары екі еседей селдіреп сала берді. Иван Петрович директорды өз машинасымен әкеліп: міне, көріңіз, мұнда не болып жатқанын,— деді аналарды көрсетіп. Директор бригаданы төменгі қоймадан алып кетті. Кейін Борис Тимофеевич бригаданы орнына қайтарды, бұл арада да әйтеуір біреулер жұмыс істеуі керек қой, ал ана сойқандардың бей-берекет жын-ойнағына және сол содырлардың орны болғандықтан да аса қауіпті деп саналатын жерге, ешкімнің де барғысы келмеді.
Январьдың қарға адым жер көрінбейтін қарлы бораны ұйтқып тұрған бір күні Иван Петрович төменгі қоймаға келіп, машина жүгін түсіруге қойды. Жүк түсіргіш таяу келіп, ілгегімен ағашты іліп алып, әрірек ылдиға қарай тастай салды. Бір салғаннан бәрін алу қайда, қалғанын қамтып алып, өзіне қарай тарта берді. Уақыт текке кетпесін деп Иван Петрович стойканы көтере бастады. Оның әрқайсысының салмағы батпандай, бірден әңгелек аттыра алмайсың. Соның біріншісін қайқаң еткізіп, жоғары шығарып, «үһ» деп бір демалмақшы болып кідіре берген. Әлгінің астынан бір адым аттап, басын алып шыға бергені сол еді, зілман металл тіреуіш кенет тарс етіп үзіліп кетті. Әбден тиянақталып, ішке қарай сәл еңкейте қойылған тіреуіш кейін теппесе керек еді және ешқашан да теуіп көрмеген еді, бірақ, не шара, табан астынан үзілді де кетті. Ағашты құлатқан арғы бетте содырлар күйбеңдеп жүр — өздері екі кісі. Иван Петрович олардың қасына келіп, біраз тұрып, беттеріне бір-бір қарады да, ойындағысын айтпай бүгіп қалды. Не дейді сонда оларға? Ол машинасына отырып, өзінің тағдыр-талайы жайлы ой толғап, жүріп кетті.
Жыл нәтижесі қорытылған жиналыста Иван Петровичке кілем алатын талонды сыйлыққа берді. Ол орнынан тұрды да, әдетке айналған рәсімді бұзып, талонды алудан бас тартты: оған кілем мүлде қажет емес еді. Оған сыйлықтың да, құрмет-қошаметтің де қажеті жоқ еді, оған әуелі алдынан ашып, сосын оны тоқтату үшін артынан басып отырмайтын жұмыс және кісіні тобықтан қақпайтын өмір-тірлік керек еді. Ол осылай деп айтты да. Бірақ айтқанда да, жүйкелеп қалған кісідейін, көзіне жас тығылып тұрып айтқандай болды. Сонда егер біз жоспарды орындасақ болды, шаруаның бәрі оңдалды, ғажап болды деп күпінетініміз қалай, ал со жоспардың ішіндегі бықып жатқан былықтарды жоспар орындалумен қашанға дейін бүркемелеп, ақтай бермекпіз — деді ол шұқшиып. Иван Петрович тегі сойқанды содырларға өкпелі емес-ті — олардан не үміт, не қайыр?!—Ол бәленің бәріне көндігіп, терідей иленіп кеткен, нендей өзгеріс болса да, тек көптің игілігі дегенге сеніп алған, өз адамдарына өкпелі-тұғын. Иван Петрович бір қызып алғаннан кейін, түн баласында көп ойлап, көп толғанғанда жанын жегідей жеген нәрселерді айта алмай, тағы да булығып қалды: ойпырмай, осының бәрін тек мен ғана көріп-біліп жүрмін бе, басқа кісілердің ешбірінің көріп білмегені ме? Егер бұл өзі жалғыз болса, оның керегі қанша? Көргеннен, білгеннен не пайда? Бұл нағыз шын көру мен білу ме екен? Тік жүремін, түзу жүремін деп көп қасарысқаннан осының өзі қисық-қыңыр болып кеткен жоқ па екен а?
Иван Петрович жұмыстан шығамын деп арыз бергеннен кейін, жуырда ғана үй іргесіндегі шағын бауды әлдекім келіп қопарып кетіпті. Мұны елден бұрын өз адамдарының бірі мас болып келіп, бүлдіріп кеткен шығар. Егер елден сұрастырып көрсе, оны кім жасағанын табу онша қиын емес. Бірақ ешкімнен де сұрағысы келмейді. Алена да ләм деп тіл қатпайды, басқаны қайдам, ал оған бұл хабарды баяғыда жеткізді ғой. Оның кінәлі де кінәсіз кісілерге деген өкпесі жинала-жинала, ақырында өзін-өзі қажауға әкеліп соқты.
Бұдан құтылатын бір-ақ жол: кету.
14
Біраз уақыттан бері Иван Петрович еркінен тыс Аленаға бұрынғыдан гөрі жітірек назар аударатын болды. Назар аудару емес-ау, тіпті осы бір аяулысының өз қасынан алатын орнына құлақ түріп, тың тыңдағандай ма қалай? Әрбір еркек өзінің көз алдынан, шамасы, әйелінің екі бейнесін — оның өмірдегі өз бейнесін және шіркін, мынадай болар ма еді — деген бейнесін көретін болуға тиіс, сол екі бейне өзара бірде үйлессе, бірде үйлеспейді, кейде екеуі бір дауыспен сөйлессе, кейде әр алуан сөйлеп кетеді. Олардың бет-жүздері де бір-біріне ұқсамайтын тәрізді және өзара үйлесіп, жараса да бермейді. Әлбетте, ер кісі өзіне әйелінің қашан біріншісі келгенін, қай кезде екіншісі келгенін айнытпай таниды, бірақ әйел де — өзінің жан-жүрегінде қайсысының қай жерде екенін кәміл біледі және өз қанасындағы адам мен әйелдің мүлде бірігіп кете алмайтынын сезеді. Әрине, осындай нәрсені еркектер жөнінде де айтуға болады, бірақ қазіргі хикая ол туралы емес.
Хош, сөйтіп мұның Аленасы, қай мезгілден екенін қайдам, әйтеуір тұтас бір кісіге айналыпты. Иван Петровичті қайран қалдырған бір нәрсе — қасындағы әйелін ол Аленаның өзіне қажет Аленаға және бұған қажет Аленаға бөліп қарауды қай кезден бастап қойғанын аңғармай қалғаны. Отыз жылдан аса уақыт бір тұрып, отасқалы бері олардың көп қасиеті бірінен біріне дарып, ішек қырындысы араласып, біріне-бірі туысқан бауырдай болып кетті, бұл, әрине, олардың туа біткен қасиет қанына айналмауы мүмкін емес. Мұның бәрі де белгілі, ондаған жылдар бойы бір төсекте жатқан кісілердің бәріне ортақ болуға тиісті жайт қой. Бірақ Аленаның елден ерек өзгеше бір қасиеті бар-тұғын. Оның даусы өзгеріп кетті. Сөйлегенде, мұның өзі сөйлеп тұрғандай емес, оның аузымен тірліктегі әмбе әйелдердің анасы, бірегей әйел-ана сөйлеп тұрғандай сезіледі. Оның дауысы қоңырланып, дыбыс ағынының қуаң жиегіне соқпай, тұңғиық тереңімен тартатын тәрізді. Бұрынғыдай дыбырлап кетпей, әр сөзі айқындалып, салмақтана түскендей: бұрын ол айтатын сөзінің мәйегін табу үшін, ұзақ-сонар әңгіме бастап, соны бітіре алмай қоятын болса, енді ол, Иван әзілдегендейін, артиллериялық әзірліксіз-ақ, көкейіндегісін тез тауып, дәл айтатын болды.
Алена елеусізден-елеусіз жүріп, жас күнінде әл-дәрмені жетпеген орынды басты, оны әйел нәрі деп атауға болар еді. Бұл — Аленаның әрқашанда күйеуінің ойынан шығып,— аз да емес, көп те емес, қанша керек болса — сонша әл-нәр беріп отырды деген сөз еді. Бәлкім, азырақ артылып та кеткен кезі бар шығар, бірақ асып төгілген-ді жөндеу әманда қиын емес. Ол үйінде бола ма, әлде кетіп қала ма, әйтеуір әманда өзінің жан сарайынан қажымай-талмай қызметін тындырып жүрген Аленаны сезеді. Қажет болған кездері ол күйеуінің мінезіне мінез қосар еді — артық кетсе—басу айтып, кем соқса — демеп-жебеп, сабырға шақырып, үйге алып қайтар еді. Машинасымен ұзақ сапарда жүрген кездері ол жиі-жиі, әйелінің не деп жауап қайтаратынын біле тұра, онымен жай ғана сөйлесетін, сөйтіп біраз сөйлесіп, ақылдасып алғаннан кейін, белгілі бір шешімге тоқтайтын. Сол бір тап-таза, жайлы да жұмсақ әлем, Алена әлемі, жылдар өткен сайын құлазып суымай, қайта оның жылуы мен мейірімі бұрынғыдан бетер молайып кеңейе түсті. Көкірегінде әйелінің Ваня яки Степа, тұра тұр»—деген даусы естілмейтін еркек көп ұзамай-ақ өмірдің қуыс кеуде, нәумез жанына айналады, тіпті өмірде тірлік еткен күннің өзінде, бөгде біреудің шапанын киіп жүргендей, өгей тірлік етеді.
Қарлығаштай жып-жинақты, қыз бәденді кішкентай әйел жай ғана жүрмей, қанат байлап ұшып келе жатқандай болып көрінетін. Екпін-қызуы басылатындай шаққа жетсе де, ол әлі күнге дейін сөйтеді. Әйеліне осылай қарап тұрып, Иван Петрович талай рет: Алена сияқты арын-жалыны басылмайтын, елгезек те сергек жандар, көп ауырып-сырқамай, шағынбай да жалынбай, қас қағымда сөнеді ғой — деген бір сұмдық қорқынышты, бірақ, бәлкім, бір сәуегей ойға қалатын. Кезінде нормалаушы, есепші болып істеп, белін жаза алмай қалып, боқтық сөздерден құлағы сарсып, салқын ауада әбден тоңып, мезі болғаннан кейін, бір күні кітапханашы болғым келеді — деп айтып-сұраған кезде, Иван Петрович күле тұрып: «Сен онда не бітіресің? Терезеге көбелек тәрізді бостан-бос ұрынбақсың ба?—деген де қойған, кітап жұмысы талап ететіндей, оның қалай тапжылмай отыратынын көз алдына елестете алмай қойған. Ал әйелі отырмайды да. Ол тіпті карточкаларды да столға немесе терезе алдына еңкейіп, түрегеп тұрып жазатын.
Ол тіпті поселкелер мен участоктерді аралап жүріп, кітапты қай жағынан ашуды да білмейтін кісілердің қолына ұстатып кете беретін. Ал Иван Петровичтің өзі кітаптың жүз шақтысын — жамап-жасқаған шығар, әуелгі кезде ол оқыған кітаптарын өңдеп-жөндеп жүрді, сосын басқаларына кірісті, тек жамап қана қоймайды, Алена болса, үстемелеп әкеле береді, әкеле береді.
— Демек, енді әйелі де жақсы көретін жұмысынан кетеді-дағы.
Қазіргі заман кісілеріне әйелін мақтау үрдіс емес, бірақ Иван Петрович жаратушы бір құдайдың өзіне де Алена туралы жаман айтуға аузы бармайтын болса қайтеді енді. Әйелінің дедектеп келе жатқаны, әне, күйеуін көргенше шыдамай, жанығып, кешке салым жүгіріп үйге кіргені және жүгіріп келе жатып, кішілі кісідейін, бірдеңені үзіп-үзіп айтып келе жатқаны есіне түссе болғаны — жаны жадырап, арқа-басы кеңіп сала береді. Міне, екеуі оңаша шай ішіп отыр. Бұл үндемейді, әйелі бұл үшін де, өзі үшін де сөйлеп отыр және Иван екеуінің сөзін бір-бірінен ажырата алмайды, бірақ білетіні — екеуінің армансыз сыр шертісіп, шер тарқатқаны.
Әйел — өзінше дербес жатқан бір дүние. Әуелден-ақ ортақ өмірге бағышталып жаратылса да, бөлек әлем. Кейбір ерлі-зайыптылар ғұмыр бойы бір-бірімен табысқысы келеді, бірақ табыса алмай қояды. Алена Иван Петрович үшін тек әйел ғана емес-ті. Осынау кішкене ғана жедеғабыл жанда, ынтымақты троицадағы тәрізді әйел атаулыға тән қадыр-қасиеттің бәрі де бар еді. Әдетте өмір бойы күн демей-түн демей, жайылып жастық, иіліп төсек болып, шашылып-төгіліп жататын кісілерді жұрт онша бағалай бермейді, олардың ынта-ықыласын солай болуға тиіс нәрсе деп, ауа мен су сияқты, жайбарақат қабылдай салады, қайта олардан, неге екенін кім білсін, тағы бірдеңелер дәметіп, көмейі бүлкілдеп тұрады. Орыс еркегі қатынымен: «Шығарда жаным бір» деп елжірей тірлік етіп әдеттенбеген. Бірақ, осының бәрін жасағанда Алена ешбір зорланбайды да қорланбайды, бұл оның барша болмысынан, ақ жүрегінен шымырлап шығып жатады, егер ол біреуді осылай бағып-қақпаса, оны өбектеп өкпесі өшіп жүрмесе, көктей солған сүйріктей қурап қалар еді. Қара басының қамына ештеңені де қалдырмай, тірлігінің соңғы тамшысына дейін жалпыға ортақ өмірге сарқып құяр еді де, артық жүктен, қам-қарекеттен босап, тұла бойы жеңілдеп, тәні де, жаны да жай тауып, осынау түнде бойына жаңа әл-қуат жинап алу үшін, ұйқыға бас қояр алдында, ол аса бір бақытты жандай рақаттанып күлер еді, сонда мұның тап осылай екеніне, қанша зымиян болса да, ешбір жан күдік келтірмес еді.
Әйелінің бар болмысын ашып көрсететін бір оқиғаны тегі қай еркек болса да, жадында сақтап жүретін болар. Ілгеріде, әлгі Егоровкада жүріп-тұрып жатқан заманда, бір күні Иван Петрович моторын ашып, от алдырып қойып, өзі машинаның астына түсіп, бірдеңені шұқылап жатқан-ды. Ол бір ескі «ЗИС—150» машинасы болатын. Ол майдың шым-шымдап ағатынын енді ғана тапқан, оған дейін бұл тіпті мұның есіне де кіріп-шықпаған,— мотор кенет лап етіп жана жөнелгені. Жерде шалқасынан жатқан Иван Петрович қапелімде абыржып, аңырып қалды. Ол тек үстінен келіп, бірдеңе төгілгенде ғана жатқан жерінен атып тұрды. Қойманың кіре берісіндегі бұрышта қысқа әзірленіп, құм салынып қойылған қорап тұратын. Алена оны жан дәрменімен көтеріп алады да, оттың үстіне апарып бір-ақ төңкереді. Кейін, қорапты қайтадан құммен толтырған соң, Иван Петрович оны жерден әрең дегенде көтеріп алды. Алена оны тіпті орнынан да қозғалта алмас еді.
— Оны көтерген мен емеспін. Ол, шамасы, сені құтқару үшін мені демеп, күш салған бөтен біреу болды. Менің есімде ештеңе де қалмапты. Және ештеңенің де ауырлығын сезген жоқпын,— дейді ол ақ көңілден шынын айтып.
Әлдекімдердің мұның қолымен, әйелдің әл-дәрмені жетпейтін ауыр нәрселерді көтергені жайлы талай-талай оқиғалар болған.
Ақырында бір күні Иван Петрович келіп, енді бәрі бітті, біржолата кетуге арыз бермекке бекіндім дегенде, Алена бірден келісе кетті:
— Енді қайтеміз, Иван... Әрине, Борькаға барғым келеді...— деп.
Ол әйелінің айтпай бүгіп қалған сөздерін де есітіп әдет алған еді. Борькаға барғым келеді дейді, бірақ басқаша, басқаша айқаны жөн еді...
15
Енді тек таси бер де, таси бер. Иван Петрович жауырынын төсеп, жоғарғы қатардан оған бір ыңғайлы қапты тартып алып қондырады да, иығын бір қозғап, оны жөндеп қойып, лапылдаған от жалыны құтырынып, есікке таптап беріп жатқан жаққа қарай бұрылып жүре береді. Сосын үйреншікті ізбен жолға барып түседі. Сыралғы іс, бұл өмірінде нені тасымады, ал егер мына өрт, ауыр нәубет болмаса, тіпті бұл жұмыс жанға да жайлы тиер еді, оған ақыл-ой жұмсалмағанымен, бүкіл деревня болып, астықты қасиет тұтатын, жастық шақтың қайрат жұмсап, тер төккен қимас кезеңі еске түсер еді. Осыдан кейін орманда өткен ұзақ жылдар ішінде реті келген кезде ол талай рет бір қысым ұнды алып, саусағымен езгілеп, бір ащы өкініш мұны ұйқыдан оятқандай-ақ көз алдына егін орағының қара терге, шаң-тозаңға, күн шұғыласына малынған ғажайып суреттері пайда болғанша аңсай күтіп тұра берер еді.
Әуелгі кезде үн тасыған кісілер саны он шақты болды. Іске жұмыла кірісіп, бірін-бірі қамшылап, екі-үшеуі қаптарды арқалатып, қалғаны тасып дегендей қауырт қимылға кіріскен бұлар аз уақыт ішінде істі кәдімгідей еңсеріп, жоғары жақтағы ұнды түгел түсірді. Иван Петрович енді қант жаққа көз сала бастады: қазір мұның да кезегі келеді, бұл шіркін жеуге тәтті болғанымен, арқаңа салғанда ащы теріңді шығарады. Бірақ жерден басын көтермейтін және қаптар мен жолдан бөтен ештеңені де көрмейтін Иван Петровичке уақыт өткен сайын қарсы жолығатын кісілер қарасы да сиреп, азая берді. Иван Петрович бойын жазды — бұлардың төртеуі ғана қалыпты: Афоня мен екеуі, қора-жайы осы маңдағы сыңар қолды Савелий және көйлегіне дейін шешіп тастап, теңселе басып жүрген шала таныс бір жігіт.
— Афоня!—деді айқайлап Иван Петрович.— Тағы не болып қалды? Басқалары қайда кеткен?
— Ана жақта қызығырақ болар, Иван Петрович,— деді ол бұған емпеңдеп келе жатып.— Ана жақта қызығырақ ұқтың ба?
Өзін арқалайсың. Өзің тасисың. Өзің түсіресің. Асаудай тулаған жүрегіңді орнына түсіру үшін азғана ит бүлкілге саласың да, бәрін қайта бастайсың: Өзің арқалайсың. Өзің тасисың. Өзің түсіресің. Қазір енді тебініп тұрған жас емессің. Жүріп келе жатқанда белің де бүгіле түседі, аяғың да тәлтіректеп, шалыса береді, дүрсілдеген жүрегің де ұясын тауып үлгірмейді. Әуелгі кезде арқасына айқастырып екі қаптан салған, бұқа мойын-күдірек Афоняның өзі, енді еңсесі түсіп, бір қаптың өзін әрең алып жүреді.
Борис Тимофеич көрінді, билікті жинап қойып, ол да тасушылар қатарына қосылды. Бірақ Афоня мен Иван Петрович екеуі қосарлана, одан, бүйтіп күшеніп жүргенше, еркек кіндіктілерді осында айдап әкелуін талап етті. Водников кетіп қалды да, біраздан кейін бірнеше кісілерді ертіп қайта келді, әлгілердің біреуі, шала мас бұзақы екен, қапты арқаламай, оны қолдан-қолға беру үшін кісілер тізбегін ұйымдастырмақ болды. Афоня оның тізбегімен қоса тайып тұруын сұрады, әлгі соққанның күткені де сол екен, дереу бұл арадан заматында жоқ болды. Жаңадан әкелінген адамдар арасынан екі сенімді кісі — Семен Кольцов пен гараж слесары Тепляков табылды. Құлшынған кейіппен қап арқалап, үш рет қатынағаннан кейін, жалт етіп бір көрініп, Сашка Девятый да жоғалды.
Ұнның сонау қабаттан алынып, жолға шығарылғаны көп пе, әлде қоймада қалғаны көп пе — оны білу мүмкін емес.
Иван Петрович Тепляковтың жарманы таси бастағанын байқап қалды. Бәлкім, мұнысы дұрыс шығар: жарманың да біразын құтқару керек болар. Қолдан келсе бәрін де құтқару керек еді, бірақ көрші қоймадағы өрт күшейіп, шатырлап келіп қалған тәрізді, жарма жинаулы тұрған ортақ қабырға қақталып қызып барады. Тепляковты қолдау үшін Иван Петрович бірде ұнды, екінші рет жарманы, алма-кезек тасымақ болды. Қойма іші күңгірт тартып, ұн тозаңы бұрқылдап, қоюлана түсті, есіктен жалтылдай кәртиіп тұрған жалын жарығы сөніп, енді ол тек қант үстінде жыпылықтап тұр. Жұрт бетті шарпыған от лебінен, қоймаға кірерде оң жаққа қарай ығысысады да, шығарда сол жаққа қарай ығысады.
Иван Петрович қап тасып жүріп, ештеңені де көрмеді, ештеңені де естімеді. Жүрегінің дүрсілінен басқа дыбыстың бәрі сөніп немесе көкірегін жарып бара жатқан осынау сұрапылдың сүйемеліне айналып кеткен секілді. Көз алды бұлдырап, іштегі өрт пен сырттағы нағыз өрт ұласып, әлгі екі от біріге лапылдап, буырқанып-бұрсанып кетті. Иван Петрович жанып барады. Ол қапты түсірді де, содан кейін өзі де ағаш төсенішке құлай кетті, сосын есінен танып қалмас үшін, көзіне бірінші түскен құрылысқа байланып қалғандай-ақ қадалып, жанарын алмай қойды. Онысы монша екен, кенет оның ішінен, түр-пішіні осы моншаның қожасы, жалғыз қолды Савелийге ұқсайтын бір кісі шықты да, көмескі іздерді қуалап, жолға келіп түсті. Төңірек самаладай жарық болып тұрған, ал бірақ Иван Петровичтің көзі қарауытып кеткендіктен де, моншадан шынында да біреу шықты ма, әлде оған солай болып елестеді ме,— мұны дәл айта алмас еді.
Оның көзіне тағы бір елестеген нәрсе: үстіне жағасы көтерулі шолақ тон киіп алған бір кемпір жол шетінен гүл теріп жүр екен. Төңірегіне тіміскілей қарап келе жатады да, тез-тез еңкейіп, гүлді асығыс үзіп, сумкасына тыға салады. Екінші жағындағы үйіндіге де еңкейе қояды. Кемпір бұрылып қараған сәтте Иван Петрович оның кім екенін тани қойды және оны танығанына қатты өкінді, өйткені табанда оның қандай гүл, қандай наурыз көк теріп жүргенін бірден сезіп қалды. Өмірінде мұндай бәлені көрмеген кемпір ауладан лақтырылған шыныларды жинап жүрген-ді, әрине, о шынылары бос болмаса керек. Бірақ, обалы нешік, тап бүгінгі түнге дейін мұндай оқиға да болып көрмеген еді.
Ангара жақтағы бұрыштың ту сыртынан лау етіп от көтерілді — бұл ең соңғы ұн қоймасының үстінен көтерілген өрт-тұғын. Иван Петрович ұшып түрегелді. Мұның өзінен кейін ешкімнің бұл араға бірде-бір қап әкелмегені осыдан екен ғой: енді жұрт ұнды есіктен бес қадамдай жерге шығарып, лақтырып тастап жатыр екен, алысырақ апаруға мүлде пұрсат жетпей қалған тәрізді.
Оттың екінші басында, өнеркәсіп товарларының қоймалары тұрған жақта өрт жаппай алаулап, тұп-тұтас болып құтырынып, іркес-тіркес тұрған кісілер қатарын бет қаратпай тықсырып барады. Сол жақтан Борис Тимофеичтің, өзге жұрттың шаң-шұңын басқан ащы айқайы естіледі. Ондағы жұрт өртті дүкенге өткізбес үшін қанаттасып тұрып алған. Егер дүкен аман қалса — жұрт өртті толық сөндіруге сәл-ақ қалдық, енді тағы бір әупірімге салсақ, оны толық сөндіреміз деп, кәдімгідей-ақ көңілдерін бір демдер еді.
Ауланың ортасында, сау қолын сермеп, құтқарылған дүние-мүлікті айналып, Миша Хампо ағай қолапайсыз секеңдеп жүр. Алыстан қарағанда ол мекиеннен бытырай қашқан шөжелерді қайырып жүрген кісіге ұқсайды.
Енді ол қақпа алдында тұрмаса да болады, бәр-бәрі құмға сіңгендей ғайып болған.
Бұрынғы Егоровканың рухындай болған Миша Хампо ағаны жас күнінде ауыр дерт шалып, семіп қалған оң қолын қамшыдай салбыратып жүретін, онысы бірдеңені әлсіз демеуге, ұстауға ғана жарайтын, ал өзінің тілі күрмеліп, сөйлей алмайтыны сондай, бөтен кісілер оның сөзін мүлде түсіне алмайтын. Ол кеселді көмейінің тұңғиық бір тереңінен «Хампо-о! Хампо-о-о!»— деген сөзді зорланып әрең шығаратын, егер сол зәру сөзді шыжымдап шығарып, төңірегінде тұрған біреулерге айтып «аһа» дегенді естісе болғаны, оның жүзі қуаныш күлкісімен нұрланып сала берер еді. Миша Хампо ағайды білетін кісі оған қолма-қол көмектесіп, келесі сөзді қыстыра салуға тырысатын, сондай кездері оның жалпақ қара қоңыр жүзі жайнап, басын изеп, «иә-иә» деп мақұлдай беретін. Табалдырықтан аттамай жатып, ол «Хампо-о!»—деп бастайтын сөзін, осыдан кейін үй иесі ме, әлде оның әйелі ме, әйтеуір біреуі қиналмастан: «Саламат саусың ба, жоғары шық. Дүкенде болдым дейсің бе? Шірет пе? Түскі асты да әзірлеп қойдың ба? Ендеше, бізбен отырып, шай іш»—деп жауап қайтарар еді.
Кісі бірін-бірі түсінуі үшін көп сөздің керегі жоқ. Түсінгің келмесе — көп сөз сонда керек.
Миша ағай жалғыз тұратын. Ол әскери қоныс аударғандар арасынан алған әйелін баяғыда жерлеген; бұлар өз қолымен баулып өсірген немере інісі әскерге барып қайтқаннан кейін, Терістікке сұранып кетті де, қаршадайынан әр түрлі өнерді үйреніп өскен, зирек те ісмер жас, о жақта ақшаны күреп табады, бірақ бұларға көк тиын де жібермейді. Миша ағай өз кірін өзі жуып, өз шаруасын өзі тындырады, торайын бордақылайды, жетпіске толған жасына қарамастан, жұрттың отынын жаруға да жалданады. Ол жойқын күштің адамы еді және жалғыз сол қолымен кез келген жұмысты емін-еркін атқара беретін. Бірақ ол бұрын жойқын күштің иесі болатын, ал енді қазір қайраты қайтып, шөге бастаған, сол себепті де отын жарып жатқанда, көбіне сынаны шәркенің жарығына қағып қойып, мұз болып қатып қалған немесе шалқып жатқан Ангара айдынынан көз алмай, ұзақ қарап тұрып қалатын.
Кейде Ангара туралы, тіпті бәрінен бұрын, су астында қалған Егоровка туралы бірдеңе айтпақшы болып қылғынатын, сол жақты қолымен нұсқап көрсетіп, «хампо» деп қырылдайтын, бірақ жұрт ескі деревняның атын атағаны болмаса, оның аузына одан бөтен сөз тауып сала алмайтын. Миша ағай бұған налып, қоңырайып кетіп қалатын.
Ал ол байғұс маңызды бірдеңені айтқысы келіп, қатты қиналады ғой.
Хампо туғаннан күзетшілікке және оған өзі барып тұра қалуға лайықталып жаратылған жан еді. Сонда өзінің қаріптігінен емес, жоқ, ол кез келген жұмысты қиналмай істеп, керек болса ләм деместен оны пәлен рет қайта жасап шығудан тайынбайтын. Оның күллі жаратылысы осы, өз ақылы жете бермейтін ондаған, жүздеген ереже-низамдардан оның көкірегіне бір түйген нәрсесі: біреудің ала жібін аттама!—деген қағида. Бұ жалғанның күллі кем-кетігі мен олпы-солпы жағының бәрі, бәлкім, ол со жалғыз сөзге: біреудікіне тиеді — деген сөзге байланысты деп те ұққан шығар. Миша ағай кез келген күзет жұмысына өз еркімен, қуана-қуана баратын: жыл құрғатпай арық байталға мініп, Егоровкадағы колхоздың бұршақ егісін қызғыштай қорғады, түнемелікте қырманнан шықпайды, күндіз қолы қалт етсе болды, сиыр қора мен атқораны бір-бір шолып қайтады. Және ол осы жіті көзіне ешқашанда ақы сұрап көрген емес — өзі қолымен жасайтын көптің мүлкін сақтау оған туа бітті жүктелген міндет деп есептейтін. Мына жаңа поселкеде де, жұрт жүктерін әкеліп, қоныстанып жатқан әуелгі кездерде Миша ағаны комендант деуге де болатын: ол көрінген нәрсенің бәріне көз қырын салып, күзет керек жердің бәріне араласып кететін. Бұған ел түгелдей үйреніп кеткен-ді, өз адамдарының ішінен: Миша ағай орынсыз жерге килігеді — деп құдайдың тірі жаны оған мұны айтпақ түгіл, ойына да алмас еді. Бірақ алғашқы жылдары ұрлық-қарлық деген де аса сирек ұшырасатын. Ал егер бола қалса, Миша ағай оған қатты қынжылатын. Тіршіліктің қалыптасқан тәртібінде ол үшін ұрлықтан өткен бақытсыздық, ұрлықтан өткен нәубет болмайтын. Біреудің күйзелісіне жаны қиналмайтын біреулер өз сөзінен кейін не болатынын біле тұра: «Саған не болған, Миша ағай, қайда ғана қарадың?»—дейтін. Бұдан кейін әрқашан да бір-ақ нәрсе болар еді: Миша ағай бірдеңені айтпақ болып, әлденеден ақталмақ болып қиналып, айта алмағасын егіліп жылайтын. «Хампо-о! Хампо-о!»— оның атан жілікті ірі денесі селкілдеп, жалпақ бетін көз жасы айғыздайтын, семік оң қолы көтеріліп, бірдеңені мегзегендей болатын.
Жүре келе ұрлық-қарлық тамыр жайып кетті, егер әрбір ұрлыққа тап осылай күйзеле беретін болса, Миша ағай да көпке шыдамас еді. Лажсыздан оның да бұған eті үйренді. Бірдеңенің ұрланған сыбысын естігенде, ол бұрынғыша біреу салып қалғандайын дір ете түспейді, өзінің әлсіздігін сездірмейін деп лашығына қашып барып тығылмайды, тек оның күллі болмыс-тірлігін сұмдық бір күш тас түйін етіп, шиелеп тастағандай-ақ, бет-аузы бедірейіп шыға келеді де, содан кейін оның жүзі қайта жылып, кінәлі кісіше жымиып күлем дегенше талай уақыт өтетін.
Бірақ сол жүзіқараның, ұрының, бұл күндері не бәлеге айналып кеткенін әзәзіл шайтан білмесе, тірі жан білмейді. Бірде ержеткен бозымдар бүлдіршіндей мұғалималарының көңілін ауламақ болып, мерекеге тарту деп, біреудің тауық қорасына түсіп, қораздардың мойнын бұрап тастайды, енді бірде тамағы тоқ, көйлегі көк, темекісін бұрқыратып жүрген соққандар, отынын аралап-жарып бермек болған жігіттерді, тістеп-тірнектеп жиған ақшасына дүкеннен ауқат алып, сыйлағысы келген кейуананың өзін талап кетеді. Бұрын да талай нәрсе болған... Бірақ әлгі жүнін жұлып, ішек-қарнын тазалауға құс әкелетін тентектердің біреуі той жасап жатқан мұғалиманың туған інісі болып шығады, ал кемпірдің қоймасын тексеріп тінтіп өтетін қияңқылар, сол өздеріне ас-ауқат әзірленіп жатқан малтапқыштар екен, олар сый-сияпаттан кейін, жұмыс істеуден бас тартады,. ал мұндай сұмдық бұрын ешқашан да болмаған еді.
Ұры емес — усойқылар ғой.
16
Біржолата көшуге бел байлағаннан кейін Иван Петрович: жаймашуақ тыныш өмір сүру үшін адамға не керек осы?—деп көп ойланып, көп толғанатын болды. Егер жігіттің жұмысы құлдық қамытындай зықысын шығармаса, көргенше ынтық болып тұратын семьясы болса — кейбір шақта оқыс оянып кетіп, көңлі қалайтын іске кірісіп кетуі үшін, таңның атуын асыға күтуі үшін, кісіге бұдан басқа тағы не керек.
Әуелі ауқаттан басталық. Ауқат па — иә, ол керек- ақ, ол болмаса, кісі еті қашқан сүйек тәрізді ойнамалы болып шыға келеді. Бірақ ауқат — өз қанаңа, өзіне, өзін үшін жинайтын қор ғана емес, қу құлқыныңды тойдыру үшін бүгінге, тіпті ертеңге керекті зат қана емес, сол сияқты ол өзін діттегеніне жетіп, өзгенің де аузын аңқитып кетуіне қажет нәрсе. Егер мәселе тек осында ғана болса, дүниенің бәрі оп-оңай шешілер еді-ay. Бірақ жылы қуыстағы қабан өзін етке бордақылап жатқанын білмей тұра алмайды, өйткені етке әзірленбейтіндердің ішіп-жеуден басқа да жұмысы бар екенін, ал тірлік тек тамақты тосу ғана емес екенін көретін, майға бітіп жұмылып кетсе де, кішкене ғана көзі бар. Ауқат шығаратын қыруар демеушілері төңірегінде әзір тұратын адамның, дүниенің бәрін қарбыта қамтып, бауырына басумен бірге, сол ауқатты бойға сіңіретін ішкі сарайында айрықша бірдеңесі, әлгі ауқатты, еркінен тыс, өзінің болған-толғанынан ұялатындай халде ұстайтын, әрненің дәлел-себебін аңғаратын бақылаушы бірдеңесі болуға міндетті. '
Жә, жарайды, ауқатқа кейін тағы да соғармыз.
Жұмыс тек жоғары мәртебелі қарынның қамы үшін ғана жасалмайды. Қазір шөп басын сындырмайтын немесе тек әйтеуір саусағын қимылдатып қана қоятын қанша адам өзгелермен бірдей қарнын қампайтып жүр, бұл қазір қиын тірлік емес.
Жұмыс дегенің — артында мирас болып қалатын нәрсе. Сен өзің жоқсың, басқаларға масыл, жұмыс болып алғансың, ал, бірақ осынау ісің артыңнан ізіңді басып келе жатқандарға сені білдіріп, естеріне салып отырады. Жұрт осылай дейді. Егер сенің жұмысың пайдалы өзенге барып құйып жатса, оның солай екені кәміл. Ағыстары пайдалы да, пайдасыз екі өзен болады, соның қайсысы қуатты-құдіретті келсе, жалпы тірлік солай қарай бейімделеді. Бірақ қанша айтқанмен, мұның бәрі тым жалпы, адам ұғымынан жоғары жатқан ұлан-ғайыр бір түсінік, ал ертең құлқын сәріден машинасына отырып, жиырма-отыз километр жерден сменасында өзіне тиісті текшеметр ағашты тасып әкелетін бұл жазған мұны қалай түсінуі керек? Әрине, километр, текшеметр, ағаш өнімі деген тілдің өзі кісі сезімін оятып, оның есіне сом-сом ақшаны түсіруге тиіс қой. Бірақ бұл басқа нәрсе. Бұлай деуге келмейді. Оны «КрАЗына» жүкті баса тиеп алып, басы артық рейс жасауға итермелейтін нәрсе ақша емес, ә дегеннен жүздеген адамды бір-ақ қамтитын сол жұмыстың өзі. Ол жұмысқа бір кірісіп кеткеннен кейін, километр, текшеметр, сом-тиын дегендеріңді мүлде ұмытады да, ешбір есеп-қисабы, бухгалтериясы жоқ, тек қана қимыл мен қозғалыс, ырғақ пен шадыман-шаттық жайлаған, өзге бір биікке шырқап көтеріліп кетеді. О жақта ол ұдайы жұлдызы оңынан туып, ұдайы заулайды да отырады. Сонда оның қалайша оңынан туатынын ол анықтап айта алмас та еді, тегі жан-жүрегіне, оның әуелгі табиғи ыңғайына сай келгендіктен де солай болатын шығар, ол жақта бұл бүткіл болмыс-бітімімен әлдекімнің пәрменді де серпінді сауалына әзір жауапқа айналады да, құлағы келген күй аспаптай күмбірлеп, емін-еркін құйқылжып жүре береді.
Иә, ол өзі жұмыскер, өзінің бұл қасиетін кәміл біледі, сол себепті де, жұмыс кезінде шырқап шығатын заңғар биіктен өмір-тірлік оған бәрінен де дәйектірек болып көрінеді.
Адамның бұл өмірде арқа сүйейтін төрт тірегі бар: үйі мен семьясы, жұмысы, жай күндерді де, мереке-мейрамдарды да бірге өткізетін көңілдес кісілері мен құтхана үйі қоныс тепкен жер. Бұл төртеуінің бірінен-бірі қастерлі. Соның біреуі ақсап қалса болғаны дүние аударылып бара жатқандай көрінеді. Осынау әлем тек балалардың көз алдында ғана күн шұғыласына малынып, адам атаулының мейірім-қайырымына шүпілдеп толып тұрған керемет бір сыйлықтай болып көрінеді. Кісі туған күнінен алыстаған сайын, төбеге қарай көтеріле түскен күн сол әлемнің қиюы қаша бастағанын, ала-құлалығын анықтай береді. Шикі жас кезінде мұның бәрі Иван Петровичке әлі жалғана беретін, ұзақ та қиын жұмыстағы шала салынған, бітпей қалған бірдеңе болып елестейтін, бірақ кейін жүре келе әлі салынып бітпей жатып, о дүниенің ескі іргетасының тербеліп, теңселгенін, ал адамдар оған қарамай, тиянақтап бекітілмеген, шайқалып тұрған тіреу үстіне асығып-аптығып жаңа үйлерді жыпырлатып салып жатқанын көрді.
Адамдар, тегі, ешбір заманда да жұрттың бәрінің жағалай жақсылыққа бейім тұрған кезіне жақындап көрмеген болар, әрқашанда да жақсылыққа бейім бір кісіге екі-үштен былқылдақ-солқылдақтар келген ғой. Бірақ жақсылық пен жамандық бір-біріне ұқсамайды, әрқайсының өз бейнесі бар. Жұрт: жамандық — түр-пішіні жақсылықтан айнымайтын, соның екінші жағы, тек көз қиығы оң жаққа емес, теріс жаққа түсіп тұрады — демейді, қайта сол жамандықты — әлі шарапатты дінге кірмеген, отқа-пұтқа табынушылық тәрізді бір бұла күш, ол өзінің балаң хайуандық болмысынан аса алмай, жаман істі жасап қояды, бірақ өзінің жамандық жасағанын білмейді деседі. Егер жақсылық пен жамандықтың арасынан бір сызық тартсақ, онда адамдардың бірсыпырасы сол сызықтан аттап өтіп кеткенін, ал бірсыпырасы әлі өтпегенін, бірақ солар түгелдей бір жаққа — жақсылыққа қарай беттеп бара жатқанын білер едік. Әр ұрпақ келген сайын со сызықтан өткендер саны өсе береді.
Одан кейін не болғанын түсіну мүмкін емес. Сызықтан аттап өтіп, жақсылықтың дәмін татқан кісілерді кім қорқытты, олардың кейін қарай бұрылғаны несі? Олар бәрі бір мерзімде, жаппай, жамырасып бұрылған жоқ қой. Сол шектеулі сызық арқылы өтетін қозғалыс екі жақты болды, жұрт көңілдестік танытып, әуелі бір топқа, сосын екінші топқа қосылып, әрлі-берлі сейіл-серуен құратынды шығарды. Сөйтіп екі ортаны бөліп тұрған шекараны таптап, өшіріп тастады да, жақсылық пен жамандық қосылып кетті. Мұнтаздай таза күйіндегі жақсылық әлжуаз әлсізге, жамандық әлуетті күшке айналды.
Ал қазір жақсы немесе жаман адам деген не? Ештеңе де емес. Бір кезде жұрт кісінің кісілігін ақ көңіл аңқаулықпен, оның жан-жүрегінің елгезек-сергектігіне, біреудің қайғы-қасіретін өз басына түскендей-ақ сезіне ала ма, алмай ма — соған қарап бағалайтын, ал енді ол қазір ата-бабалар заманынан тілімізде сақталып қалған, ескірген сөздер ғана. Қазір күнделікті тіршіліктің қам-қарекетінде еш жамандыққа бармайтын, әуелі рұқсат сұрап алмайынша, ештеңеге араласпайтын, ешбір нәрсеге кедергі жасамайтын адамды ғана жақсы дейді. Енді жақсы адамның өлшемі — жақсылыққа табиғи бейім тұратын қасиеті емес, оның жақсылық пен жамандықтың арасынан таңдап алған қолайлы орын-жайы, жан-жүрегінің бір қалыптан айнымайтын тұрақты температурасы болып саналады. Бұрынғы бейтарап енжарлар енді ел назарының қалың ортасында жүретін болды.
Бұрын ақылдың аздығынан жасалатын іс енді кемел ойдың келісті ісі аталды. Ғасырлар бойы ел іргесін аулақ салатын нәрсеге енді қайтып келетін болды. Сонда жаяу келмей, мотормен заулатып келеді және адамның жаяу-жалпылап кеткенін емес, тек мотормен келгенін ғана оның аса ұлы жеңісі деп жар салады.
Хош, енді ауқат туралы. Бір кісінің дәулеті бар делік, тіпті аз деуге аузын бармайды, соған қарамастан ол бүгінгі күніне де, ертеңгі күніне де сенбейді, арқасын аяз қарыған кісідейін қалшылдап, дірілдеп, жан-жағына елеңдеп қарай береді. Демек, барша дәулетке бірдеңе жетпейтін тәрізді. Өзі жетпей ме қалай — сәті түсіп, жолы шықса, өзі анадай болар еді, сөйтіп кісінің қазіргі жай-күйі мен оның пәлен болар едім-ау деген жай-күйінің арасындағы айырмашылық одан ағат басқан әр қадамы үшін айып алып отырады.
Ұзақ-ұзақ және үзік-үзік ойланып толғанғаннан кейін, тірліктің алуан түрлі қыры мен сырын ақылға салып, салмақтай келіп, Иван Петрович мынадай бір түйінге тоқтады: Бұл дүниеде кісі өзін кісімін деп сезінуі үшін ұдайы өз үйінде болуға тиіс. Иә, өз үйінде. Дүниенің бәрінен бұрын уақытша пәтерде емес, үйінде, өз ішінде, әр нәрсенің атам заманнан бері белгіленген тиянақты орны мен қызметі бар, өз қарауыңдағы ішкі шаруашылығыңда болуға керек. Содан кейін үйіңде — лашығыңда, пәтеріңде болуға тиістісің, сол араның бір жағынан жұмысқа кететін болсаң, екінші жағынан — өзіңнің ішкі сарайына кетесің. Сосын үйіңде — туған жеріңде болуың керек.
Бірақ қырсыққанда ол еш жерде де өз үйінде бола алмады. Осынау жер бетінде — суға батырылмаған алқап болса, оның ағашы оталып, құлазып қалып жатады, ал, сол жердің жай-күйін ойлап, қам-қарекет жасалса екен-ау, ондай қайда. Ал өз жаныңа үңілсең—астаң- кестең болып, сынып қалған арба тәрізді, ойраны шығып жатқан бірдеңе. Жанға жайлы ұя онда да, мұнда да болмаса, қанша дызақтағаныңмен, оны бұл екеуінің арасынан іздеп таба алмайсың.
— Хош, сонымен кетемін де?—Жұмыстан соң гараждан бірге шыққан Афоня оған осылай сауал қойды. Иван Петрович кетуге арыз беріпті деген сыбыс та тараған.
— Кетемін.
— Баратын жерінде не бар екен сонша.
— Астық бар. Жер жыртады, тұқым себеді, сосын кейінірек жинайды. Егоровкада қалай еді, есіңде ме?
— Табыс қалай?
— Азырақ болар шамасы. Бірақ маған енді көп нәрсенің керегі де жоқ.
— Сен кетесің, мен кетемін — сонда бұл арада кім қалады?—деп көкейдегі сөзді айтқанға дейін, Афоня да бөтен бірдеңені сұрады, оған Иван Петрович те бөтен бір сөзбен жауап берді. Бөтен бірдеңе...
— Біреу қалады-дағы.
— Кім? Әлгі «біреуін» кім, Иван Петрович?— Афоня даусын ышқынта көтеріп барып, аһ ұрғандай бәсеңсіп қалды.— Түһ!.. Шынымен-ақ осылай тастап кете береміз бе?! Сабақты инесіне дейін сыпырып алып, тастай саламыз! Мінеки, мә — ерінбегенің алдыңдар дейміз бе!
— Мен шаршадым, Афоня. Ит мініп, ирек қамшылап, жүйкеледім әбден! Өзің де көріп жүрсің, менен келер қайран жоқ.
— Ал Егоровка ше?
— Қайдағы Егоровка?
Афоня: Егоровка бізде, біздің көкейімізде — деп айтады екен деп ойлады ол.— Біз бұл арадан кетсек — Егоровкамыз, ешқашанда болмаған секілденеді, ал біз осы арада тұрғанда — ол жадымызда сақтала береді,— деп сөз қозғайды екен деп қалды. Өйткені өзі осылай ойлайтын. Бірақ Афоня:
— Сен ана шалқыған судан Егоровканың қай арада тұрғанын таба аласың ба?— деді.
— Білмеймін. Мөлшерлеп көрсем — табамын.
— Мен осы биылғы жазда сол араға барып, бір белгі қойғым келеді. Бұл жер Егоровканың қонысы еді, елден озбаған, көштен қалмаған бейнетқор еді, Россия-анамызға бола тер төгіп еді деп.
— Сен оны қалай қоясың? Кім рұқсат береді саған?
— Кім тыйым салады сонда маған? Ондай тыйым дегенің жоқ, Иван Петрович, ондайға тыйым салады дегенді естіген жоқпын. Ешқашан да естіген емеспін. Егер жер бетінде белгі қоюға рұқсат болса, су бетінде неге болмайды?
Иван Петрович есін енді ғана жиды:
— Мұның бәрі ойыншық. Сен не, баламысың қайдағы бір ойынға елігіп. Одан кімге пайда?
— Ех, Иван Петрович.— Афоня біртүрлі еркінсіп күлгендей болды, бірақ көкейіндегі кермек ойынан арылып, жеңілдемеген тәрізді.— Өзің ойлашы: төңірегірегіміз толған ойыншықтар емес пе... бәлкім, менің ойыншығым да артық бола қоймас?
Ол өзінің мүйісіне қарай бұрылуы керек-ті — бұрылып жүре берді.
17
Сүйекке сіңген әдет солай: өрт шыққанға дейін Афоня екеуі бейнеттеніп жүретін, лапылдап өрт келіп еді — дүр көтеріліп жұрт та жиналды. Олар енді ең соңғы қоймада тай қазандағыдай қайнап жатыр, ол жақтан бозғылт бір бу көбік көтеріледі, жұрт қолына не түссе соны — ұн салынған қап па, әлде жарма яки қант салынған қап па, бәрібір, қамти ұстап, лақтырып жатыр. Елдің бәрі ана жаққа, ыстық пен от өтіне қарай ұмтылады. Бұлары жаман емес те, өзгені емес, нан жарықтықты құтқарып жатыр, бірақ сол құтқарушылардың ішінен мастары да қараңдап, көрініп қалады. Өзімен бірге шатырды қақыратысқан, сосын майды домалатып шығарысқан бір жігітті Иван Петрович ештеңені сезбей, өңмендеп отқа түскен жерінен суырып алды. Суырып алды да, жолға қарай итере салды, ол сонда үн салынған бір қап үстіне қылжиып жата кетті. Кеудешесі отқа күйген екінші сойқанды әлдекім іштен қап сияқтандырып тастай берді. Ол сырттағы қаптар арасында тырайып жатып, қозғалақтап, аяғынан тік тұрам дегенше, Иван Петрович оның су жаңа пима киіп алғанын байқап қалды.
Қаптарды есік алдына лақтырғанда, оларды оттан әйтеуір аман алып қалу үшін лақтырып жатты. Қоймадан екі-үш қадам жердегі бұл қаптарды аман сақтап қалу қиын болатын. Егер шатыр құласа, олар со жатқан жерінде, от астында қалар еді. Иван Петрович қаптарды дуал түбіне қарай таси бастады. Ол енді қапты иығына салмай, оны көтеріп, аш құрсағына жабыстыра құшақтап алады да, мықшыңдап барып, ылдиға қарай тастай салады. О жақта оны тағы біреу қағып алып, жолға шығарып қойып жатыр. О кісінің қапты бір бүйірінен орай ұстап, көтеріп жатқанына қарап, Иван Петрович оның сыңар қолды Савелий екенін білді.
Сыңар қолды Савелий ұлғайған жасына қарамастан өлі жұмыстан беті қайтпаған, шалымды да қайратты еркек. Сөйтіп ол бүгін де аспай-саспай ширақ қимылдап, көп жұмысты еңсеріп тастады, сонда оның әлуетті қолы, қысқаш тәрізді, қапты қамти ұстаған сайын, бірде-бір рет — не сырғып, не ашылып кетпеді.
Әлдекім масаң дауыспен атын атап Иван Петровичті шақырды. Дауысы естіліп жатса — о кісінің от ішінде жүрмегені, демек, күйіп-жанып бара жатпағаны, сол себепті де Иван Петрович оған мойнын да бұрмады. Енді есепке ақырғы минуттар да алына бастады.
Неге екені белгісіз, әйтеуір оған: қазір қай мезгіл екені — түн бе, күндіз бе?— керек болып қалғаны. Бәрінен бұрын жантайып жата кетіп, біраз тынығып алғысы келді. Ол таң қылаң беретін тау жаққа көз тастап еді, қараңғылық сұйылып, ала көбең тартып келе жатқандай болып көрінді. Демек таңның жақын қалғаны. Ол көзін аудара бергенде бір түрлі есінен айырылып құлап қала жаздады.
Бір ғажабы, кенет бір сәт айналасындағының бәрі үнсіз-тілсіз тынып, Иван Петрович тірі жан жоқ, жым-жырт тыныштықта жалғыз қалғандай болады, енді бір сәтте у-шу дыбыс құлағына қайта жетіп, қасындағы жұрт жөңкіліп, әбігерге түсіп кетеді. Міне, сондай кезде үзік-үзік әрбір айқай, дауыстап бір өзіне арналғандай-ақ, көңіл-көкейіне қонып, тұнып қалып жатқандай болады, міне, сондай сәтте ол бұрылып қарамастан-ақ, тап қазір жағалай жанып жатқан қоймалары, дуал орнына екі жағы аңқиып ашылып, ішінде жанталасып, аласұрып жүрген адамдары бар ауланы түгел көреді.
Өрт басталған бұрыштың іргесі маздап, жанып бітуге жақындаған. Оттың желдеткіш көрігі сол жерде сияқты, өрт сол тұстан екі жаққа қанатын кең жайып тастаған алып бір иінағаш бойын қуалай жанғандағы, оның екі ұшындағы алаулаған жалын арасынан, салдауыр секілденіп, шеткі қоймалар қарауытады. Оның дүкенге баратын жолдағысының ішіндегі заттарды жұрт жартылай шығарып тастаған, о жақтан тағы жарлық беріп жүрген Козельцовтың даусы естіледі. Жұрт жапырласып, отқа ұмтылып барады да, кейін қайтады, ұмтылып барады да кейін қайтады, өрт шалқи шарпып, оларды маса сияқты кейін желпіп тастайды.
Екі иінін жұлып жеп, құтырынған өрттің негізгі дыбысы енді гуіл де, гүріл де, ысыл-пысыл да емес, бейне бір ағаштан жасалған жалын патырлап сынып, шалқып көкке өрлеп, аспанды шатырлатып жарып жатқандай болып естілетін құдіретті бір үн еді.
Аула ішіндегі жұрт жамырап шулап, айқайласып жатты.
Қоймашы Валя құтқарылған затты хаттап-тізу үшін дереу комиссия құрылуын талап етеді. Борис Тимофеевич жарықшақ дауыспен:
— Қайдағы комиссия? Сен не, жындандың ба? Қазір қайдағы комиссия саған! Қарашы өзің айналаңа!— деп дызақтайды.
— Жоқ, одан да өзің қара!— Валя қолын созып, айналаны бір көрсетіп шығады. Мұнда не қалып, не қойғанына көзіңді салшы! Жәшіктер есептеліп қойылған болатын,— ол қабат-қабат етіп қойылған арағы бар жәшіктерді нұсқады.— Алпыс сегіз жәшікті санап шыққанмын.— Сол алпыс сегіз жәшік қайда қазір?!
— Құрысыншы сол жәшіктерің, құрып кетсін! Оларды шығарған кім? Мен оларды сыртқа тасыңдар деп жарлық берген жоқпын! Мейлі өртене берсін!
— Жоқ, одан да сенің ана жұмысшыларыңның қарасы батсын! Ол жәшіктер менің мына мойныма мініп отырған жоқ па!
Өзінің мойнына тағы ненің мініп отырғаны есіне түскенде, ырғайдай мойнын ыстық құрсаумен сығып жібергендей-ақ, Валя қайтадан жылап қоя берді. Ол бетін басқан қолын алып қараса, Водников ызым-қайым кетіп қалыпты, тап қасында бұ бейбақты жұбатудың ретін таба алмай, күмілжіп Миша Хампо ағай тұр екен.
— Сен мынаған қарашы, қарашы, Миша ағай,— дейді әйел бір сөзін сан рет қайталап, көз жасына булығып, сосын осы араға әкеліп қалай болса солай тастай салған, шашылып жатқан заттарды бір жерге жинай бастады. Миша ағай оның бұл ісіне көмектесе берді.
Ұн қоймасындағы кісілер даусы қаттырақ та боғауыз аралас шыға бастады, айқай-шусыз, жаныңды қинап, опырып-жапырып еңбек етпей іс бітетін емес. Қаптарды лақтырып тастап жатып, ауаны бір қармап қалу үшін еркектер жиі-жиі кідіре береді. Иван Петрович бұрынғыша қарбаластың қалың ортасында жүр. Ол тіпті қол-аяғының да қайда екенін ұмытты, екпінді қарқынға елігіп, жүрегі де тулауын қойған, мүлде сыр бермейді. Мұның білетіні тек: көтеру, ұстау, тастай салу, қисапсыз қайталанатын осынау үш қимыл мен үш тыныс оның ит бүлкілінің өлшем-мөлшері тәрізді.
Қолындағы қабын қойып жатып, ол жағалай жүгіріп жүрген іркес-тіркес жұрт қатарынан өзгеше бір олқылықты сезгендей болды. Шынында да көзімен көрмесе де, бірдеңені сезіп-түйсініп барып, содан кейін қарады. Тағы да біреу жапырлаған жұрттан жырылып, әрі моншаға қарай қараңдап бара жатты және құр қол емес, қапты алып бара жатты. Иван Петрович еңістегі жолға түсті. Қайтып келе жатқанда өзін тосып тұрғанын көріп, әлгі сұлба бір селк етті де, жүрісін жеделдетті. Савелий оңайлықпен абыржи қоятын кісілерден емес-ті.
— Сен не істеп жүрсің? Ашыққаннан саумысың?— деген сауалмен қарсы алды оны Иван Петрович.
— Сен не, көрдің бе?
— Көрдім.
— Дәнеңені де көрген жоқсың. Сен арыз жаздың ғой. Енді сен сол арыз жазған жаққа қара. Ұқтың ба?
Осыны айтты да, ол өзінің батпандай сыңар қолын Иван Петровичтің иығына арта салды.
Жұрттың осы бір жаман қылықпен біреуді жарастырмақ болғанда кісіні иығынан қағатын себебі не екен?
Үлгірді-ау әйтеуір. Соңғы қоймадағы заттың бәрін тасып алғаннан кейін, отқа қақталып, арқасы қозып, құтырынған кісілер уласып-шуласып сыртқа ақтарылды. Әрқашанда бір қалыптан аумайтын байсалды кісі тап қазір тұла бойы ұн мен күйеден көрінбейтін, алқам-салқам кәрі шайтан тәрізді Афоня Бронников екілене-қиқулайды. Иван Петрович өзі осы арада бүйірін, жай қарап тұрған кісідейін оларға кінәлі кейіппен таңырқай қарайды. Қаңырап қалған қойма ішінен гүрс еткен бір дыбыс шықты да, от гуілдеп, жоғары шапшыды, сол-ақ екен, күллі азық-түлік қоймалары тізбегіне оның соңғы буыны қосылып, алаулаған алапат өрт тұтасып, биікке шалқып, сарнай жөнелді.
Отқа күйіп, иіс тиген бір бейбақ қарлыққан дауыспен еліріп, бір әнге басты:
Врагу не сда-ет-ся наш гор-дый «Ва-ряг»,
По-ща-ды ни-кто не же-ла-ет!
Осынау жұрт жанып-күйіп жатқан аласапыран арасынан талай сұмдықты көрген Миша Хампо ағай өз көзіне өзі сенбей, оны қолымен бір сипап, анықтап қараса: екі кісі доп қуалап жүр. Әбден болбырап, босап қалған, үлкен жұмсақ түйіншек тәрізді доп, біреуінің аяғынан екіншісінің аяғына домалап, сол тепкі мен түрткі тегеурінімен, бірде оңға, бірде солға қозғалып, құлатылған дуалға қарай кетіп барады. Миша ағай оны біреуге мегзеп көрсетпекші болып, артына қарап еді, жақын-жуықта ешкім жоқ екен. Бұл кезде доп барып тарс етіп дуалға тиді де, оның ішінен бірдеңе түсіп қалды. Енді ойланып жатпай, Миша ағай ойыншыларға қарай тұра жүгірді. Әлгі кісі түйіншекті алмақ болып, төмен еңкейе бергенде, Миша ағай оның қасына жетіп барды да, cay қолымен жағасының желке тұсынан ұстап, оны нәресте сияқты жерден көтеріп алды, со мезет «доп» дегені ішінен әр түрлі шүберектері төгіліп тұрған түйіншек екенін көріп үлгірді. Ал, оны алып жатқан кісі Соня екен.
Хампо бұның кім екенін, не бітіріп жүргенін көргені сол еді, бүйірінен бір ауыр соққы келіп тиді. Ол қолын тартып алып, Соняны мойнынан бір мытып, өзіне қарай жұлқып қалды. Анау торайша шыңғырып, аяғын тыпырлатып, мұны шаптан теуіп жіберуге тырысты. Мұны тағы да қолымен емес, ауыр бірдеңемен қайта-қайта ұрғылай берді. Миша аға мойнын бұрып, кімнің ұрып жатқанын білгісі келіп еді, бірақ басын көтере алмай қойды, бұл тек әйтеуір қорғану үшін жанталасып, өзінің икемге келмес семік қолын тосқан болды. Ал оны әлдекім өршеленіп ұра берді, ұра берді, ұра берді...
Иван Петрович кейін бұларды сол жатқан күйінде көрді, тапталып қалған қар үстінде бүрісе бүктетілген шынашақтай Соня мен оны құшақтап баса құлаған күйі, басы кекжиіп Миша Хампо ағай жатыр екен. Олардан бес қадамдай жерде нән келтек ұмыт қалыпты.
18
Әр нәрсенің ақыры болады. Осынау зұлмат түні де аяқталды, бозарып таң да атты, ақ жарықта от та бәсеңдеп, қалған-құтқанды әлсіз жалмап, тынышталған тәрізді. Ертеңгі шақ дымқыл да жылы еді, сол себепті де ащы түтін жоғары көтерілмей, жер бауырлай тарап, поселкені күргейлеп басып тастады. Жағалауда да, мұз үстінде де, шала жанған тақтайлар қарайып, бықсып жатты, екі жағы түтіндеп жатқан жалпақ өртең жалымен шектелген, ойран-ботқасы шығып, ыбырсып жатқан лас аула іші біржолата бүлініп, енді қайтып келеге келмейтін сұрықсыз бірдеңе секілді. Ал аман қалған жасыл дүкенше кісі жанын жай таптыру орнына, қайта ә дегеннен көзге ұрып жұрттың күйінішін, қиналыс-күйзелісін, отқа күйіп, иіс тиіп, есеңгіреген сезімін күшейте түскендей.
Ауланың нақ ортасында, аумақты жаңа березент астында жұмысшыларды жабдықтау бөлімінің аман алып қалынған дүние-мүлкі жатты. Сондай брезент астында айрылмастай болып Миша Хампо ағай мен Соня да жатыр. Ана брезент пен мына брезент басында да ешкімді жуытпай, ешкіммен сөзге келмей, бедірейіп қарауыл тұр.
Ел милиционер мен тергеушіні күтуде. Ел-жұрт комиссияны да күтеді, оның біріншісін де, екінші, үшіншісін де күтеді, енді олардың шет-шегі болмайтын шығар... Жоғарыдан келетін дөкейлерді де, өз басшыларын да күтеді. Алғашқы жұмыс сағатында-ақ толып жатқан адрестерге телеграммалар жөнелтілді. Халық жұмыс атаулыны жинап қойған, гаражбенен көше-көшелерді құлаққа ұрған танадай бір тыныштық жайлаған, төменгі қоймадан да ешбір дыбыс естілмейді. Жаппай бір күтіс.
Жұрт енді не болар екен?—деп сарғаяды.
Өрттен қайтып келгеннен кейін, Иван Петрович жатпады. Бұл келсе пеште от гүрілдеп жатыр, Алена аспаннан бомба жауып жатса да, үй қамын қамдауды ұмытпас еді, ол дереу столға ауқат әкеліп қойды. Және ауқатты берісімен, Алена күйінгеннен еңіреп жылап жіберді де, кереуетке жата кетті.
Иван Петрович ауқаттың дәмін де татпастан, бей- жай отырып-отырып, сосын етігін қайта киіп, жағалаудан тарап жатқан түтінге терезеден бір қарады да, далаға шықты. Ол Афоня ұйқыға бас қойғанша кіріп-шықпақшы болып, соның үйіне қарай беттеді. Сөйтсе Афоняның да жататын сыңайы байқалмайды. Қызы оның маңдайы мен иегіндегі қаны қатып қалған екі жарасын жуып-тазалап, оларға бір дәріні жағып жатыр екен. Қыз дәрі жағуын қойған кездері ол үлкен темір крошкіден шайды бір ұрттап қояды.
— Афанасий, енді не істейміз? Енді не істеп, не қоятынымызды сен білесің бе, білмейсің бе?—деді Иван Петрович.
— Бұрынғыша тірлік етерміз-дағы,— деді Афоня тызылдаған жарасынан ба, әлде қобалжыған көңілінен бе, әйтеуір, бет-аузын бір тыржитып.— Бұ жалғанда тірлік кешу деген қиын іс қой, Иван Петрович, бірақ амал қанша, бәрі бір... бәрі бір тірлік ету керек қой.
Крошкідегі шайынан бір ұрттап, ол да қарсы сұрақ қойды:
— Ал, сен өзің не істемексің?
— Тірлік қамын жейміз-дағы баяғы,— деп жауап қатты Иван Петрович оның сөзін сәл ғана өзгертіңкіреп.
19
Түнгі апаттан өзі де жәбір-жапа шеккендейін, тып- тыныш болып мұңайып, жұмсақ қар астында қара жер жатыр. Тау етегіндегі жалтаң арқылы ол ылдилап, еңіске қарай түседі де, селдір қарағайлардан асып барып, мұзға айналып кетеді. Тау жотасы сыңсыған орман, одан бері жалтаң далаға қарай қоңыр жолақтанып, тілдей қос шақат түседі екен, Иван Петрович поселкеден шығып, солай қарай бара жатқан алдағы орман да, о жақтағы селдір ағаштар да қарауытып көрінеді, одан әрі шығанақ басталады. Бірінші шақат шетіне, оны жолдан әрі қарай сәл ғана ығыстырып, зират қоныс теуіпті, оған жуырда ғана тіршілік тауқыметінен құтылған Егоровка мұжығы мен аты-жөні беймәлім бір сорлыны апарып қойған-ды. Бұлар, тірі адамдар, кімді қайда қоюды шешуін шешеді ғой, бірақ жазықсыз бен жазықтыны, өзінікі мен өзгені қанасында көтеріп жүретін сол жер-ана ғана, кімнен не шығатынын өз билігіне салып, төрелігін айтады.
Жаңа қимыл-қозғалыс тұнып қалған тыныстама орнындай-ақ айнала тым-тырыс. Поселке түтіні бұл араға жетпейді, дөңгеленген бозғылт күн жарығынан алыс көкжиек мұнтаздай тап-таза болып көрінеді. Астындағы аздап еріген карлы дала тәрізді, ақсұр да дымқыл аспан Ангараның ар жағына, күн қонатын жаққа қарай, құлдилап құлап кетеді екен. О жақтан да орман қарауытады, о жақтың орманы да сұйық екен.
Бірақ алғашқы жылуды аңсай күткен жиектегі қарағайлар ә дегеннен елжіреп, ауаға қышқылтым хош иісін себеді, ал аяқ астындағы қар езіліп, жаншылып қалып жатыр, әріректегі өзен мұзы да босай бастаған.
Көктем бұл араны да іздеп тауыпты — содан ба, әйтеуір жер де оянған. Енді ол әрненің атын атап шақырып, ненің аман қалып, ненің жан тапсырғанын, адам баласынан не қосылып, не құрығанын анықтап, сол аман қалғандары мен өліп сөнбегендерін бір тірі қауымға жинап, жайнатып шығаруға әзірлемек керек. Күн жылынып, жадыраған кезде, әрбір көктемдегі сияқты, ол, жер-ана, қайтадан өзінің жапырағы жамырап, гүл атқан күллі әлемін жалғанның жарығына жайып тастап, келісімді-уәделі еңбекке өз қолымен ұсынады. Бірақ ол адам шіркіннің сол уәдесінде тұрмайтынын қайдан білсін.
Ешбір жер құнарсыз-тұл болмайды.
Иван Петрович поселкеден шығып,— оған ол өзінен-өзі шыққандай болып көрінеді — жақыннан тапқан жалғыздыққа бойлай еніп, шомып, ел-жұрттан алыстап, кете берді, кете берді. Сонда ол өз жалғыздығын сезіп-түйсінгеннен емес, қасында тірі жанның болмағандығынан ғана емес, бұған қоса ол өзінің ішкі сарайының қаңырап бос қалғанын, жаны жетімсіреп, ұлып келе жатқанын сезді. Мұнысы жарасты келісім бе, әлде шаршап-шалдығу ма, әлденеге біраз елітіп қалғаны ма, әлде ағза-ағзасының қатая бастағаны ма, кім білген, әйтеуір ол күтпеген жерден өзінің аршынды адымы мен дем-тынысын тауып, ақырында бір дұрыс жолға шыққан кісідейін, бір қалыптан айнымай, емін-еркін аяңдап келе жатты. Шайыр иісі аңқиды, бірақ бұл иісті түйсінген өзі емес, өзіндегі мүлде басқа жан, шайыр рухымен қауышып кеткен бір жан түйсінген тәрізді; тоқылдақ бір қу бұтақты тықылдатып соғып жатыр, бірақ ол соғып жатқан тоқылдақ емес, ол — әлде неге разы болып, дүрсілдей жөнелген жүрегі еді. Ол өзін алыстан қияндап кеткен жерінен көреді көктемдегі жер бетімен өз ошағын таба алмай, зар болған, жолынан жаңылып адасқан бір бармактай кісі жүріп келеді, қазір ол сәлден кейін селдір орманға еніп кетеді де, көзімізден біржолата ғайып болады.
Оны қарсы алып жатыр ма, әлде шығарып салып тұр ма, әйтеуір жер-ана үн қатпайды.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі