Өлең, жыр, ақындар

5 сағат ережесі

Сіз аптасына қанша сағатыңызды білім алуға жұмсайсыз? Сіз бұл сөзді ЖОО бітірген бойда ұмытып кеткен шығарсыз? Ендеше, еске түсіруге ешқашан кеш емес, оның үстіне, практика көрсетіп отырғандай, бұл үшін соншалықты көп нәрсенің қажеті жоқ. Өзіңіздің білім деңгейіңізді анағұрлым жоғарылату, және маңыздылығы одан еш кем түспейтін белгілі бір практикалық нәтижелерге қол жеткізу үшін аптасына бес сағатыңызды арнасаңыз — жетіп жатыр. Бұл 5 сағатты қалайша барынша тиімді пайдалану жөнінде біздің осы мақаламыздан оқыңыздар.

     

5 сағат ережесі не үшін қажет?  

Білім дегеніміз — бұл 21 ғасырдың алтыны. Технологиялардың дамуы көне, дәстүрлі оқыту әдістерінен әлдеқайда озық келе жатыр. Бір қадам алда жүру қиындаған үстіне қиындап келе жатыр. Әсіресе, әр минут үшін бәсекелестік өте-мөте жоғары болып жүрген қазіргі заман қарқын алып тұрған жағдайда.  

Шығар жол біреу — өздігінен білім алу. Сіз үнемі жаңа нәрсені біліп, үйренуге тиіссіз. Өз біліктілігіңізді, және де өзіңіздің мамандығыңыздың аясында ғана емес, одан тыс салаларда да арттырып отыруға тиіссіз. Пәнаралық интеграция — бұл көп жағдайда айрықша нәтижелерге жеткізетін заманауи әлемнің тағы бір тренді.  

Бұл болса, қазіргі дәуірдің талабы ғана емес: ұлы адамдардың барлығы өздігінен оқып білім алған. Сауалнамадан өткен 200 миллионердің 67% теледидарды көрмейді, олардың 86% күн сайын кітап оқиды, ал 63% аудиокітаптарды тыңдайды. Билл Гейтс, Марк Цукерберг, Илон Маск, Уоррен Баффет — осы кісілердің барлығы ірі-ірі компанияларды құру арқылы ғана даңқы әлемге жайылған жоқ, сонымен қатар олар өте көп уақытын өздігінен білім алуға арнайтындығымен де танылды.    

Әлбетте, білім алуға аптасына 5 сағатты арнау сіздің әйгілі бай-бағландардың қатарына қосылатыныңызға (басқа да түрлі факторларға байланысты) кепіл бола алмайды. Дегенмен, олардың (байлардың) басым бөлігі осы ережені белгілі бір дәрежеде пайдаланғанын қаперден шығарамаған абзал.

«5 сағат ережесі» деген не?

5 сағат ережесі — бұл оқып-тоқуға, ойланып-толғануға және тәжірибе жасауға аптасына кем дегенде бес сағатты жұмсау керектігін білдіретін әрдайым өздігінен білім алып отыру жүйесі.  

Классикалық нұсқасында бұл әрбір жұмыс күнінде сіз бір сағат бойы өздігінен білім алумен айналысасыз деген сөз. Америкалық біртуар саясаткер Бенджамин Франклин дәл осы схема бойынша әрекет еткен. Бір аптада 112 жұмыс істейтін сағат барын ескерсек (күн сайын 8 сағат ұйқыға кетеді), бұл бүкіл уақытымыздың 4,4% ғана болады. Біз тамақ ішуге одан кем уақыт жұмсамайтынымызды есіңізде ұстаңыз.

Мыйыңызды дамыту үшін аптасына 5 сағат жұмсау — бұл тән үшін міндетті гигиеналық шаралар сықылды керектінің ең төменгі деңгейі. Сіз күнделікті жуынып-шайынасыз, тісіңізді жуасыз, физикалық жаттығулар жасайсыз т.б. Өзіңіздің ақыл-парасатыңызға (интеллект) да көңіл бөлетін кез келді. Егер сіздің мүмкіндігіңіз және ықыласыңыз болса, көбірек оқыңыз. Бірақ кем болмасын. AT&T компаниясының бас директоры Рэндал Стефенсон айтқандай, білім алуға аптасына 5-10 сағатын жұмсамайтындар жуық арада «моральдық тұрғыда (бұл сөздің технологиялық мағынасында) ескіріп қалады». 

Өздігінен білім алудың үш тірегі

Сапалы білім әйтеуір білім ала беруді ғана білдірмейді. Сонымен бірге сіз алған ақпаратты өңдеуіңіз және оны іс жүзінде пайдалана білуіңіз керек. Осыған орай біз өздігінен оқу кезінде орындауыңыз қажет түйінді үш практиканы бөліп алдық.

Кітап оқу

Сіздің ендігі міндетіңіз — күн сайын кітап оқуды әдетке айналдыру. Сізге өзіңіз еңбек етіп жүрген салада дамып-жетіле түсуіңізге көмегі тиетін кітаптардың тізімін түзіңіз де, оларды оқуға күніне құрығанда 20 минуттан уақыт бөліңіз. Соншама жұмысбасты болсаңыз да, бұның түк те қиындығы жоқ. Электронды кітаптардың арқасында сіз қолыңыз қалт еткен кез келген мезетте, қай жерде болса да, оқи бере аласыз.  Мысалы көлікте (автобус, ұшақ..), кезекте тұрып, үзілістер кезінде т.с.с.

Сіздің қалай оқығаныңыз да маңызды. Нәтижелі оқу жөнінен берілетін кеңестер көп, бірақ біз өзекті біреуін даралап айтқымыз келеді. Блокнот бастаңыз да, қысқаша конспектілерді, қызықты ойларды, өзіңізді мазалаған жеке сұрақтарыңызды, ескертпелеріңізді және идеяларыңызды сол жерге түртіп алып отырыңыз. Бұл сіздің өздігінен білім алудағы келесі кезеңіңізде пайдаңызға жарайды.   

Ойланып-толғану

Алдыңғы кезеңде алған бүкіл ақпаратты есте сақтап қана қоймай, оны саралап-талдаудың да маңызы зор. Оқып отырған кезде блокнотыңызға түртіп қойған жазу-сызуларыңызға жүгініп, олар жайында ойланып көріңіз. Түсініксіз жерлері болып жатса, қосымша деректерді іздестіріңіз.  

Ең бастысы, «Алған білімімді өмірде қалай қолдана аламын?» деген сұраққа жауап беріңіз. Бұл маңызды нәрсе, өйткені, оқып білгеніңізді нақты, практикалық тұрғыда пайдаға жарата алар-алмасыңыз осыған байланысты ғой.

Тәжірибе жасау

Google-дың табысқа жетуінің құпияларының бірі сол, олар өздерінің жұмысында «20 percent time» қағидатын қолданады. Ол қағидатқа сәйкес қызметкерлер жұмыс уақытының 20% тәжірибелер жасауға және өздерінің идеяларын жүзеге асыруға арнай алады. Мысалы, дәл осы арқылы дүние жүзіндегі ең ірі почталық сервис Gmail пайда болған еді.  

Оқу мен ойланып-толғану, тәжірибелерді жасап көру сияқты амалдар — бұл қоршаған ортаны танып-білудің ең маңызды тәсілдерінің бірі. Жасалған тәжірибенің нәтижесінде сіз өзіңіздің теориялық біліміңізді практикада дәлелденген, нақты нәрселермен толықтыра аласыз.  

Оқу мен талдау барысында пайда болған идеяларыңызға жүгініңіз. Содан соң оларды, қысқартылған, оңайлатылған түрінде болса да, практикалық тұрғыда қалай іске асыруға болатынын ойланып көріңіз. Мысалы ретінде, егер сіз өзіңізді оратор рөлінде сынап көргіңіз келіп жүрсе, досыңыздың туған күнінде оны ерекше түрде құттықтаңыз. Бұған уақытыңыз бен күшіңіз көп кетпейді, бірақ өзіңіздің мүмкіндіктеріңізді бағамдай аларыңыз анық.   

Қорытынды

5 сағат ережесі — бұл сіз өздігіңізден білім алу үшін белгілеп қоюыңыз керек ең төменгі меже. Бұл, әрине, егер шынымен-ақ толайым нәтижеге қол жеткізгіңіз келсе. Үш практиканың (оқып-тоқу, ойланып-толғану және тәжірибелерді жасап көру) арасында 5 сағатты қалай үлестіріп жұмсайтыныңыз — ол сіздің жеке басыңыздың нені қалайтыны мен мүмкіндіктеріңізге байланысты.

Оқуға кеңес береміз:

Өзін-өзі кемелдендіру психологиясы

Табандылық пен ақыл

Оқып-үйренуді әдетке қалай айналдыруға болады

Дарын vs дағды. Қайсысы маңыздырақ?


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (5)

Багдат

Мен кунине кем дегенде 5 сагатымды билим алуга жумсаймын.Бул негизи антимотивация гой негизи.Адамды жалкау кылатын

Дастан

Бағдат мықты екенсің. Бірақ басым бөлігіміз білім алуды доғарып тастадық қой тіпті бастамай.

Queen

Өлгенде бірақ демаламыз)

Ерасыл

Жетілуді доғармау керек

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз