Өлең, жыр, ақындар

Сұлу боламын деп соры қайнағандар!

Сұлулықты әркім әр түрлі түсінеді, бірақ ол туралы жалпы түсінік бар. Табиғаттың сұлулығына шексіз сүйсініп тамсанамыз, содан ерекше ләззат аламыз. Ал адамның сыртқы сұлулығы кімге де болсын ұнайды. Алла жаратқан жер бетіндегі барлық тіршілік иелерінің ең сұлуы – адам көрінеді. Әр адамның бет-бейнесі, кескін-келбеті, мінез-құлқы әр түрлі, бір-біріне ұқсамайды. Барлық халықта сұлулық белгілері: сұңғақ бой, қыпша бел, қыр мұрын, қиғаш қас, оймақауыз, күлім көз, қолаң шаш, т.б. болып келеді. «Сұлулық әлемді апаттан сақтайды» демекші, сұлулықтың өмірде маңызы аса зор.

Қазіргі таңда елімізде сұлулық салондарына барып бетін күйдірген қыз-келіншектер көбейіп келеді. 200-ден аса қыз-келіншек сұлулық салондарынан зардап шеккен. Бірінің бет терісі бүлінсе, енді бірі артық дақтардан арыламын деп жүріп сары ауруға шалдығыпты. Күтпеген жерден ажарынан айырылып, ұсқынсыз күйге түскендер енді өздерін сорлатқан салондарды жауапқа тартқыза алмай жүр. Кірпік-қасты қиылтып, тіпті ерінді де шиедей етіп береміз дейтін мекемелерде ел естімеген сұмдықтар болған. Сұлулық салондарының қызметін пайдаланбас бұрын міндетті түрде келісім-шарт жасау қажет. Сонда ғана сіз косметолог болсын, шаштараз болсын,қай-қайсысын заң жүзінде жауапқа тарта аласыз. Өкінішке қарай, көп жағдайда келіншектер осы мәселені ұмыт қалдырып жатады. Десе де қазір көпшілік салонда келісім-шарт туралы әнгіме қозғаудың өзі артық. Ресми құжат түгілі, медициналық анықтамасы да жоқ мамандар қараңғы жертөледе отырады. Онымен қоймай, ақысын төлесеңіз қызметтің кез-келген түрін көрсетуге дайынбыз дейді. Осындай күмәнді мамандардың кесірінен соқыр болып қалған павлодарлық келіншек сол күйі кінәлілерді жауапқа тартқыза алған жоқ. Ең болмаса еміне деп ақша да ұстатпаған. Мұндай оқиғалар соңғы уақытта тіпті көбейіп барады. Бірақ әзірге ондай сұлулық салоны қызметкерлерін жауапқа тартатын бірде бір бап жоқ екен.

Сонымен бірге ажарланамын деп ажал құшқандар да аз емес. Орал қаласының орталығындағы «Звезда Востока» сұлулық салонының жергілікті қыз-келіншектерге қызмет етіп келе жатқанына 10 жылдың жүзі болған. Алайда оның атағы кешегі күнге дейін дәл бұлай жер жарған емес. Тұрақты келушілерінің бірі ботокс екпесінен көз жұмғаннан кейін бұл салон айналасы екі-үш күннің ішінде ғаламтор «жұлдызына» айналып шыға келді. Ресейден арнайы шақыртылған маманның көмегімен ажарын аша түскісі келген Айжан Жақанова үш балапаны жетімек атанады деп ойлаған да жоқ еді.

Бейресми есепке жүгінсек, бүгінде Қазақстанда әрбір 10-шы әйел осы инеге әуес көрінеді. Сала мамандарының пікірінен ұққанымыз, қазір отандық қыз-келіншектер дидарын екпенің көмегімен әрлендіре түсу үшін медициналық білімі жоқ косметологтардың алдына барудан да жүрексінбейтін болған.

Көркіне көрік қосып, сұлулана түсуді армандамайтын ару кемде кем. Бірі кірпігіне кірпік жалғайды, ал енді бірі су тисе де өшпейтін бояулар салдыртады. Тек мұндай сұлулықтың соңы сор болып жабысуы әбден мүмкін. Сондықтан дәрігерлер көбіне теріге қауіпсіз әрі пайдалы бал, қияр секілді табиғи өнімдерді пайлдалануды ұсынады.

Сайын Тоғжан журналистика мамандығының 3 курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз