Өлең, жыр, ақындар

Бесікке салу

Халқымыздың сан ғасырлық тыныс-тіршілігіне байланысты ұлттық тәлім-тәрбиеге қатысты салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптары да бар. Соның бірі — бала туылғаннан кейін баланы бесікке бөлеу дәстүрі. Бесік адам сатысы.

Қазақ халқы «Бесіксіз үйде береке жоқ» деп өмірге келер сәбиді асыға күткен. Себебі бала — өмірдің гүлі, жалғасы. Жас нәрестенің өмірге келуі, отбасы мүшелеріне әкесі мен атасына, нағашы жұртына үлкен қуаныш әкелген, жас нәресте өмірге келгенде арнайы адам жіберіп сүйінші сұратқан.

Қазақ баласын ағаш бесікке салып баққан. Ағаш бесік көшпелі өмірге өте қолайлы. Бесікті қазақтың құрмет тұтуы соншалық, кейде атасы жатқан бесікке немерелері жатқан. Қазақтың туған жерді алтын бесікке теңеуі де бесікті ардақтаудан шыққан.

Бесік түгел ағаштан жасалады. Оның құрылысы келіннің әнінде былай баяндалады.

Түбегіңді, шүмегіңді салайын.
Денең таза болсын деп
Бас жастықша салайын
Басың жұмсақ болсын деп
Екі бел жастаншы
Бел көрпеңді салайын.
Сымбатты, сұлу өссін деп
Тартпа бауды тартайын
Сымға тартқан сүйректей
Денең сұлу болсын деп
Жабуыңды жабайын
Жел, суық тимей қалсын деп.

Бесікке бөлеу рәсімін ауылдың қадірменді анасы іске асырған. Бесікке салушы бесіктің барлық жабдықтарын орын-орнына қойғаннан кейін, шашуға әкелген құрт, май, бауырсақты уыстап алып бесіктің түбек байлайтын тесігінен төмен өткізіп, бесік астынан қолын тосқандарға үлестіріледі. Бұл дәстүр тыштырма деп аталады. Тыштырма үйлестіріп болған соң барлық отырғандарды қамшымен арқаларынан ұрып шығады. Сонан соң бесікті отпен аластайды.

Алас, алас баладан алас.
Иесі келді, пәледен көш
Алас, алас баладан алас.
Көзі жаманның, көзінен алас,
Тілі жаманның тілінен алас.
Қырық қабырғасынан алас

Отыз омыртқасынан алас, — деп пәле-жала, жын-шайтан, тіл-көзден сақтасын деген тілек айтылады.

— Әдемі, сұлу болсын деп, басына айна мен тарақ жастайын. Көзден сақтасын деп, тұмар байлайын. Қамшыдай өткір болсын деп басына қайшы жастайын.

— Баланы әкеліңдер бесікке бөлеп берейін.

Мойынымдағы тұмарым
Тарқамайтын тұмарым
Тағдыр берген алсын деп
Ақ бесікке салсын деп
Мойынымдағы маржаным
Қорадағы мал-жаным,
Бесігіңе жата ғой
Тәтті ұйқыға бата ғой
Балам жатсын бесікте
Пәлесі қалсын есікке.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (3)

Бейсек

Бесікке салу онша пайдалы емес дейді қаншалықты рас?

Фариза

Пайдама жарады

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз