Өлең, жыр, ақындар

Бұқаралық сана және оны ноқталау

Өткен жүзжылдықтарда адамзаттың санасы қанша жерден «бұқаралық» болса да, 21 ғасыр ол ғасырлардың бәрінен асып түсті. «Жаппай тұтыну өнімі», «бұқаралық ақпарат құралдары» т.б. сияқты ұғымдар мен құбылыстар нық орнап алды. Енді бұл әлемнің қайда кетіп бара жатқанын анықтап білуге тырысу болмаса да, ең құрығанда жылдан жылға әккі болып бара жатқан манипуляцияларға еріп кетпеу қарапайым адамның басты мақсатына айналды.

Кең мағынасында бұқаралық сана — қалың көпшіліктің, халықтың санасы. Тарырақ мағынасында — белгілі бір құралдардың, ең әуелі бұқаралық ақпарат құралдарының ықпал етуімен айқындалып шығатын кәдуілгі сананың айрықша түрі.    

Бұқаралық сана бір орында қатып тұрып қалмайтындығы, біртұтас болмауы, эмоционалдылығы, кереғарлығы, бір үлгіден шықпайтындығы және белгілі бір тұрақты қате ойтүйіндер (стереотип) арқылы сипатталады. Бұл ретте көп нәрсе ғылым мен жаппай коммуникация құралдарының дамуына байланысты. Бұқаралық сананың жай-күйін дәуір айқындайды деуге де болады.  

Адамның бұқаралық санасында әрдайым, ең құрығында, негізгі екі қабат болады:   

— Кәдуілгі сана: күнделікті күйбің тіршілікке байланыстының бәрі.  

— Практикалық сана: бұған адамның бүкіл өмірлік тәжірибесі кіреді.  

Сондай-ақ, бұқаралық санада оны жылжымалы әрі құбылмалы ететін, яғни — ықпал мен манипуляциялар жасауға дайын ететін кереғарлық элементтер бар. Құбылмалылық пен жылжымалылық сананың кей элементтеріне, мысалы, алып-қашпа әңгіме мен ой-пікірлер тән.  

Бұдан бөлек қоғамдық сана мен саяси сананы ажырата білген жөн:  

— Қоғамдық сана — қоғамның өзін көрсететін белгілі бір дәуірге тән ұжымдық елес-ойлар жиынтығы. Оны жеке бас санасына қарсы қояды. Бұл арада қоғамдық сананың жеке бас санасы қасиеттеріне тіреуге болмайтын жүйелік қасиеттері бар. Қоғамдық сананың алты тұрпаты даралынып көрсетіледі: мораль, ғылым, өнер, идеология, дін және құқық.   

— Саяси сана — бұл адамдардың, топтардың, ұлттардың саяси саланы түйсінетін білімдерінің, бағамдарының, көңіл күйінің және сезімдерінің  жүйесі. Ол саяси теориялардың, идеялардың, елес-ойлардың, көзқарастардың, иланымшылықтың және наным-сенімдердің жүйесі болып табылады.  

Бұқаралық сананы әдеттегі жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары түзіп қалыптастырады. БАҚ жүріс-тұрыстың, қоршаған әлемді танып-түсінудің, білімнің, өмір салтының моделдерін таратады. Егер бұқаралық санаға ықпал ететін болмағанда (ең қорқыныштысы да осы) бұның бәрін белгілі бір дәрежеде қалыпты үдеріс деуге болар еді.

Бұқаралық сананы билеп-төстеу (манипуляциялау) әдістері

Стандартты сананы билеп-төстеу әдістеріне кіріспей тұрып, лингвист және филосов Ноам Хомский қандай әдістерді ең тегеурінді деп есептейтінін қарап шығайық:  

Зейінді басқа арнаға бұрып жіберу  

Егер елде және қоғамда маңызды және қатерлі проблемалар көп болса, ақпараттық кеңістік маңызы шамалы проблемаларға толтырылады. Бұл әдісдің мәні қоғамды қажетсіз нәрселерге назар салғызып қою ғана емес, сондай-ақ адамның ойлануына уақыт қалдырмай тастау.

Проблемаларды қолдан жасап, сосын оларды бір жақты қылу жолдарын ұсыну  

Бұл әдісті «Проблема-реакция-шешім» амалы деп те атайды. Ол үшін халық ішінде міндетті түрде эмоционалдық реакция тудыратын әлдебір проблеманы түзу керек. Енді азаматтар өздері үкіметтен қажетті шараларды қолдануды талап ете бастайды.  

Орындалу уақытын кейінге шегеру  

Көпшілік қолдай қоймайтын шешімді қабылдату үшін қолданылады. Ол «қажетті әрі ауыртпалығы бар» нәрсе ретінде таныстырылады да, БАҚ оны болашақта жүзеге асыру қажеттігін хабарлайды. Қоғам келісе кетеді, өйткені шешім қабылданбай қалатын жарқын болашақ туралы ойлау оңай. Осылайша үкімет осы ойға бой үйрете беріп, шешім немесе заң қабылданған кезде аса қатты қарсылық білдірмеуге уақыт береді.  

Біртіндеп қолдану тәсілі  

Төңкеріс болып кетуінен сескенетін үкімет халықтың көңіліне жақпайтын шараларды күннен күнге, айдан айға жалғап, біртіндеп енгізеді. Адамның кез келген жағдайға бейімделіп кеткіштігі себепті халықтың қолайсыз жағдайға еті үйреніп кетеді.  

Ойланып-толғануға емес, эмоцияға күш салу  

Бұл классикалық тәсілдің қолданылмайтын жері жоқ: үкіметтің айтарға ештеңесі жоқ кезде ол БАҚ арқылы эмоцияға «жармасады». Әсіресе адамның үрейіне «тыныштық бермей қояды». Халыққа экономикалық, әлеуметтік және саяси тақырыптар бойынша ойланып-пайымдауға мүмкіндік бермеу үшін барлық ақпарат көздерінен жаппай истерия таратылады.   

Жұрт туралы олардың өзінен де артық білу  

Ғылым көмегі арқылы «жүйе» жыл өткен сайын адами психология жайындағы білімін толықтыра түседі. Бұл адамдарға, тіпті олар бұл жайында сезіп-біліп тұрғанда да, дегенін бұрынғыдан пәрмендірек істетуге мүмкіндік береді.   

Өз-өзін кінәлі сезіндіре түсу   

БАҚ қоғамға немесе жекелеген таптарға қандай да бір оқиғалардың туындағаны үшін кінә артады. Бұдан былай ол кісілер заңды белінен басқан үкіметпен күресудің орнына өз-өзін кемсітумен және рефлексиямен айналысып кетеді.   

Дарынсыздықты дәріптеу  

Пасық, ақымақ және көргенсіз адамдар көрсетілетін әр-алуан шоулар арқылы қоғамға осылай болсаң табысқа жетесің деген ой салынады.

Бұдан бөлек, айтып өткеніміздей, бұқаралық сананы билеп-төстеудің классикалық әдістері бар. Ол әдістер пайда болғалы ондаған жылдар өтті және олар неше түрлі елдерде сыналды.

Иландыру  

Бұл әдіс бірнеше элементтен құралады: көпшілікті суггестивті күйге түсіру, оның сеніміне кіру, өз адамы болып алу, қолыңнан бәрі келетініне сендіру. Иландырудың мәйегі — қоғам ештеңе жайында ойланып-толғанбауы тиіс, өткені ол үшін үкімет ойлайды және қайтпек керек екенін біледі.  

Деректерді жасыру

Ондаған деректің ішінен манипулисттік көзқарасты дәлелдеп беретін бір-екі дерек таңдап алынады. Жұрттың көпшілігі керекті (барлығы емес) айғақ-деректер ғана таңдап алынғанын түйсінеді, бірақ, сонда да болса, БАҚ байламдарына сенеді. Гәп деректердің айтылмауы — бұл жалған сөздің бір түрі екенінде. Бұл өтіріктен де жаман болуы мүмкін.

Дұшпан бейнесі  

Ішкі проблемалар турасында айтудың орнына БАҚ елге қауіп төндіріп, саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрғыда дамуға кедергі болып жүрген жауды қолдан жасау арқылы ахуалды ушықтыра түседі.  

Қайта-қайта айта беру немесе «Геббельстің әдісі»  

Әлеуметтанушылар мен психологтардың көпшілігінің есептеуінше манипуляция, оны ешкім байқамайтын кезде, жақсы жүзеге асады. Бірақ практикадан байқалғанындай, бұлай болуы міндетті емес. «Мың рет қайталанған өтірік шындық болып кетеді». Бүгінгі күні алдамшылық пен өтірік болып саналатын нәрсе ертеңгі күні ақиқат болып кететініне таңданудан басқа лажың жоқ.  

Қорқытып-үркіту әдісі  

Қоғамды оқиғаның өрбуінің тек екі нұсқасы: сұмдық және нашар нұсқасы ғана бар екеніне иландырып тастайды. Біраз уақыттан соң осы «нашар» нұсқа «жақсы» және бірден бір дұрыс амал болып қабылданып кетеді.

Фрагментация

Репортаж, мақала немесе сюжет бір бірімен өзара байланысы жоқ бірнеше үзіндіге бөлшектеледі. Көрермен немесе оқырман бұл мағлұматтан ешқандай мағына таба алмайды, есесіне күшті негативті эмоцияның зарядын алады.  

Кейде манипуляция жүріп жатқанын анықтай қою қиын, себебі, бізді күн сайын ақпараттың көп мөлшерімен бомбалап жатады. Және де сіз жаңалықтарды өшіріп тастасаңыз да, сіздің пікіріңіз бен көңіліңізге ұялаған наным-сенім қалады — бірақ олардың бұрын, манипуляцияның әсерінен түзілмегенін қалай білуге болады. Бұл қиын сұрақ, алайда жалған ақпараттың мыйыңыз бен психикаңызға ететін ықпалын мейлінше аз қылу үшін, өз бойыңызда сыни ойлай білуді дамыту керектігі анық.   

Жағдайды азды-көпті объективті бағамдауға септігін тигізетін манипуляцияға қарсы тұрудың кейбір әмбебап тәсілдері бар:

— ақпаратты түпкі дереккөзден алу;  

— бір біріне кереғар дереккөздерді талдап (екі тараптың да таратқан деректерін), ортақ және сәйкеспейтін пікірлерді анықтау;  

— әлеуметтік желілердегі әрқилы топтардың қарым-қатынасын талдап-сараптап шығу;   

— қолдап отырған пікірін талдау арқылы магипуляторларды анықтау.  

Сондай-ақ сананы манипуляциялаудың негізгі белгілерін анықтауға талпынып көруге болады:  

— БАҚ жұртқа тұлғалар ретінде емес, таңдау еркіндігі жоқ объектілер немесе заттар ретінде қарай бастайды;  

— БАҚ нысанаға алғаны сіздің психикаңыз, құндылықтарыңыз, наным-сенімдеріңіз, елес-ойларыңыз және мақсат-мұраттарыңыз екенін сезген әр кез — бұл сананың манипуляциялануына ұшырағаныңыздың белгісі;   

— Егер сіз қорқыныш пен жайсыздық сезімін түзуді мақсат еткен жаңалықтарды оқып немесе көріп отырсаңыз, «бұл әйтеуір біреуге керек болып тұр» деген сөз.   

Бұқаралық ақпаратқа келгенде өзіңізді скептик етіп тәрбиелеңіз. Бұл сіз әрбір оқыған сөзіңізді тексеріп отыруыңыз керек дегенді білдірмейді, бірақ сізді манипуляциялап жатқан болуы мүмкін екенін қаперіңізде ұстаңыз. Интуицияңызға құлақ салыңыз — әдетте интуиция әлдекімнің сіздің психикаңызға килігуге талпынып жатқанын бірінші болып байқап қояды.  

Сәттілік тілейміз! 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Jamila

Aqparat ag'ymy o'te ko'p, mig'a ko'p ku'w tu'seqi!

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз