Туған жер деген кезде көз алдыма ең бірінші туған өлкем "Қайыңды" елес береді. Асқар тау, жасыл орман, мөлдір бұлақсыз-ақ осы бір ауыл сәл жырақтасам өзіне тартып, сағындырып тұрады. Туған жер әр тасымен де, тамшы суымен де, күн қақтаған топырағымен де ыстық болатыны да содан болар?! Балалық шақтың бал күні өткен, тәтті күндердің естеліктері сақталған, арманымның асқар шыңына қадам бастаған ауыл ыстық болмаған да ше?
Мұхит та емес, теңіз де емес, көл де емес
Ойыл-өзен!
Терең де емес, енді емес,
Көктем келіп, мұз жарылып жатқанда,
Сол бір кезден көз алдыма келді елес-деп, осы ауылдың түлегі, ақын Ертай Ашықбаевтың жырына арқау болған Ойыл өзенінің оң жақ бүйірінде орналасқан, қырға шықсаң шашыраңқы орналасқан жүз үйдің арқа-жоңы анық көрінетін ауыл, сол – Қайыңды. Біздің Қайыңды! Менің Қайыңдым! Менің жұмақ мекенім...
Жүйіткіп өткен жүрдек пойыздай зымырап өте шыққан алаңсыз балалық шағым осы ауылдың шаңы бұрқыраған көшелерімен, есіп аққан толқыны бұйра-бұйра Ойыл өзенінің жағасында өтті. Аспанмен таласар биік-биік таулары болмаса да, арқасын қыста қар жауып әсемдейтін, баурайы көктемде қызылды-сарылы әсем гүлге оранып тәтті иіс сыйлайтын, жазда күн қақтайтын қыраттары мен үшін әсте асқар таудан кем емес. Асық атып, асыр салып жүріп-ақ осы ауылға ғашық болғам. Бетімнен сүйіп өткен самалы желіне, даланың жұпарын аңқытқан ақ жауынына ғашық болғам. Жаздың аптаған ыстығын, қыстың сұрапыл боранын елемей, жазы бауға, қысы тауға жетелеген ауыл маған асқақ арман, шым шабыт, қайтпайтын қайрат сыйлады.
Тарихына үңілсең тамыры тереңде жатқан ауылымыз аузы дуалы Қарағұлдай биді, дауыс диапазоны қайталанбас тұлға, дауысы жиырма бес шақырымға жететін, әйгілі Мұхит әншілер мектебінің түлегі Қызылдай ақын, әнші, жырауды, Ұлт азаттық көтеріліске үлесін қосқан, патшаға қарсы қара жұмысқа қазақтардан адам бермеуді ұйымдастырған, Бұхар медресесінің түлегі, ағартушы, Ойыл ауданы бойынша алғашқы мешіт пен мектеп салушының бірі Ізбасарұлы Жиенәлідей Ишан-Хазіретті, қазақтан шыққан тұңғыш гинерал-лейтенант Кереев Жансендей батырды, Ақтөбе облысының бас ақыны саналатын Ашықбаев Ертайдай ойшыл ақынды құрсағында құндақтаған болатын. Ендеше, өткенінде осындай зиялы қауымы бар Қайыңдыдан ақын-жазушылардың шығуы да заңдылық.
Ертай ақын Қайыңдыға тағы бір өлеңінде:
Сен туралы аңыз жоқ ел есінде
Тұңғиыққа шым батқан кемесің бе?
Қайыңды деп аталды,
Неге бірақ?
Қайыңың жоқ беліңде,белесіңде? -
- деп жырлаған болатын. Расымен де ауласынан да, даласынан да, сұрап іздемек түгілі жылап іздесеңде Қайың таппайсың. Десек те, қазіргі таңда бабасының ізін жалғап, даналығын жаһанға паш етіп жүрген қыздары мен жігіттері сынбайтын, өртенбейтін, құламайтын бір-бір түп аққайыңға айналды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Мағжан Жұмабаев
- Мағжан Жұмабаев
- Сағи Жиенбаев
- Шоқан Уәлиханов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі