Өлең, жыр, ақындар

Сәлем алмағанның сазасы

Ертеде өзінен басқаны менсінбейтін, тәкаппарлығымен дүйім елге аты шыққан Тоқсоба деген бір бай адам болыпты. Сол кісі күндердің күнінде салт атпен жолаушылап келе жатса, бір ауылдың іргесінде қозы бағып жүрген сегіз-он жастар шамасындағы балаға кездеседі.

Салт атты жолаушы жақындай бергенде бала екі қолын кеудесіне қойып, иіліп сәлем беріпті. Маңайында малы, желіге байланған биесі көп осы үйге түсікісі келген жолаушы еріндерін болар-болмас қимылдатып, қойшы балаға көз қырын салмай өте беріпті де, кенет атының басын іркіп, жөн сұрапты.

— Балам, мына қозы кімдікі? — дейді.

— Қозы қойдікі, — дейді үлкен адамның сәлемді дұрыс алмағаны көңіліне келген бала.

Бойы қамшының сабындай ғана қара домалақтан мұндай жауап күтпеген жолаушы:

— Әкеңнің аты жоқ па еді? — деп едірейеді.

— Әкемнің аты толып жатыр. Қара аты бар, торы аты бар, сары аты бар, құла аты бар, — деп кішкентай тақылдақ шұбырта жөнеліпті.

Амалы таусылуға айналған тәкаппар бай пұшпақ бөркін бір жақ шекесіне қарай қисайта киген бойы тапқыр балаға не айтарын білмей, ойланып қалады. Сәлден кейін жан қалтасынан таутекенің мүйізінен жасалған шақшасын алады да, ердің қасына тық-тық қағып жіберіп, ернінің астына уыстап төңкере салады. Тілінің ұшымен насыбайды қоғамдап, шырт-шырт түкіре бастаған салт аттыға бала қарап тұрады да:

— Ата, мына шақша ненің мүйізінен жасалған? — деп сұрайды. «Тосылар жерің енді келген шығар» деп миығынан күлген шал:

— Бұл қоянның мүйізінен жасалған, — депті ұзындығы жарты кездей күмістелген қара шақшаны салмақтай тұрып.

Сонда бала:

— Ее, азғанның жері тозған деген рас екен. Біздің ел қоянның мүйізінен шаңырақ оюшы еді, сіздердің ел оны тек шақшаға ғана жаратады екен, — депті.

Сәлемді дұрыс алмағаны үшін сөзден тосылып, сазасын жас баладан алған Тоқсоба алдындағы елге тоқтамастан әрі асып жүріп кетіпті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (3)

Боранбаи

Керемет

жумдулла

мынауын данышпан бала

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз