Өлең, жыр, ақындар

Білім бастауы – Әліппе!

№2 Облыстық арнайы санаториялық
мектеп-интернатының
бастауыш сынып мұғалімі Садықова Сәнімкул Серікбайқызы
Қызылорда облысы, Арал қаласы

 

Білім бастауы – Әліппе!

Музыка ойнап тұрады. Сахнаға хан мен оның кішкене қызы шығады.

Хан: Уа, халайық! Армысың!
Ағайын, туған, бармысың?
Жарлығымды тыңдаңдар,
Босқа қарап қалмаңдар.
Мен сендерге сенемін
Қызымды мектепке апарғанға,
Ат басындай алтын беремін.  

Ханша: Жоқ, әке
Бұл не дегенің?
Оқымай – ақ мен бәрін білемін.
Сабақ, оқу, әріп, жазу
Дәптер, кітап – ол не керек?
Ол не береді?
Мен сұлумын, ханшамын
Тәтті қыздың бірімін.
Оқуыңа өзің бар,
Керек емес білімің.

Тазша бала: Уа, тақсыр, армысыз,
Ханшайымда бармысыз,
Жақсы хабарым бар.

№2 мектеп – интернатының 1 – сынып оқушылары Әліппемен қоштасу тойын тойлап жатыр, соны көріп ханшаның пікірі өзгерер, қонаққа барып көрелік.

Хан: Ойбай, қызыма көмегі тисе, жүр, түс алға!

Ханша: Барсақ, баралық, көрсек, көрелік!

1-жүргізуші: Ассалаумағалейкум, уа халайық!

2-жүргізуші: Армысыздар, ардақты әкелер мен аруана аналар!

1-жүргізуші: Бүгінгі «Білім бастауы – Әліппе» атты ертеңгілігімізді бастауға рұқсат етіңіздер!

2-жүргізуші: Уа, халайық!

Ортаға шақырайық қол соға

Сүйікті біздің ұстазды,

Шәкірттермен ортаға.

Мұғалім: Сәлеметсіздер ме, құрметті ата – аналар, ұстаздар және оқушылар! Бүгінгі «Білім бастауы – Әліппе» атты мерекемізге қош келдіңіздер! Осыдан 4 ай бұрын мектеп табалдырығын қысыла да қызыға аттаған бірі – отбасының тұңғышы, бірі – кенжесі, ата-әжесінің сүйікті де еркесі болып жүрген ұл-қыздарымыз, өздерінің ең алғашқы оқулығы болған Әліппемен бүгін қоштасқалы отыр. Кішкентай бүлдіршіндеріміздің білім өлкесіне қарай басқан алғашқы қадамдары құтты болсын! Ендеше, біздің оқушылар қызықты да ғаламат өзгерістер сыйлаған, білім нәрімен сусындатқан, өмірде өз жолдарын табуға жол сілтеген ұстаздарына, ата-аналарына өз өнерлерін көрсетуге дайын. Олай болса жүргізушілерімді ортаға шақырамын.

1-жүргізуші: Шашу, шашу, шашайық,

Ақ сандықты ашайық.

2-жүргізуші: Әліппенің тойында,

Жақсы дәстүр жасайық. (шашу шашылады)

1-жүргізуші: Сөз кезегін оқушылардың өздеріне берейік.

Ислам: Сабақтан еш қалмаған,

Ерінбей оқып талмаған.

Боламын дейді үлгілі,

Ислам атты бір балаң.

Жанымсұлу: Баршаңызға иіліп, сәлем берем,

Мен қызымын Асылханның Жанымсұлу деген.

Оқуды да, жазуды тез меңгердім,

42 әріпті жатқа білем.

Нұрислам: Нұрислам деген баламын,

Таудай биік талабым.

Жақсы оқып сабақты,

Білімді адам боламын.

Нұрайна: Қыздар деген  бола алады қыр гүлі,

Қазақ қызы болу керек үлгілі.

Жақсылыққа ұмтылатын әрқашан

Нұрайнамын Мұраттың бір гүлі.

Намыс: Жақсы әдепті, жақс істі,

Бойыма әркез термекпін.

Қиын-ау деп қайыспайтын,

Ер мінезді Намыспын.

Назира:

Сабыржан:  Суретті шебер саламын,

Есепті тіпті шағамын.

Білімді де өнерлі,

Сабыржан атты баламын.

Назерке: Отбасының еркелеткен,

Жарқыраған жұлдызымын.

Сабақты жақсы оқитын,

Назерке деген бір қызыңмын.

Мұхаммед: Ұстаз ұғар қашанда,

Дамуын әр баланың.

Жақсы оқитын сабақты,

Мұхаммед атты баламын.

Айана: Ай нұрынан жаралған,

Ай мен күні анамның.

Ақылдысы баланың,

Кілең бестік сабағы.

Айана деген сұлуың,

Мен боламын ағайын.

Ерсұлтан: Ерекше елге айтсам Е әрпін,

Ерлікпен ер шығарар елдің атын.

Сұлтаны болсын ердің деп,

Ерсұлтан атамның қойған аты.

Еркеназ: Әліппені жатқа оқып бүгінде,

Өз бетіммен оқи алам ертегі.

Танысаңыз: әдепті қыз Еркеназ,

Мен боламын еліміздің ертеңі.

Абзал: Шәкіртінсіз ұстаз ісі,

Жарқырай ма, жана ма?

Жеті өнер де жеткіліксіз,

Абзалдай балаңа.

Ақниет: Ата – анамның ардақтаған,

Ақниет атты қызымын.

Әжем мені еркелетіп,

Дейді «Алтын жүзігім».

Жандос: Жандос деп қойыпты есімімді,

Бұл әрине ата-анамның шешімі де.

Ақылды боп көп істер атқарамын,

Ұстаз сөзін ұғамын жатқа бәрін.

Балнұр: Кен болсыншы еліміздің керегесі,

Тату болсын, болмағай ерегісі.

Таныстырсам өзімді, оу ағайын,

Балнұрмын ата-әжемнің немересі.

Нұртуған: Мен де есті баламын,

Айтқан тілді аламын.

Жұмсағанға барамын,

Жақсы менің сабағым,

Нұртуған деген ұлдарын,

Мен боламын ағайын.

Ару: А әріптің абыройы асқар ма?

Ай сәулесі жарқырайды аспанда.

Адам, ата, ана, менің де атым Ару,

А әрпінен басталар.

Айзия: Лаулатып сәби сезім ой алауын,

Шаттық тілеп таңменен оянамын.

Еркелеткен есті қызы әкемнің,

Мына мен Қаласқызы Айзиямын.

Абылай: Жақсы оқитын мен үлгілі баламын,

Азамат боп мен де өсіп толамын.

Бассам деймін даналардың тек ізін,

Мен Төреахметұлы Абылайханмын.

2-жүргізуші: Армысыздар, көрермендер, әз жандар!

1-жүргізуі: Бармысыздар, инемен құдық қазғандар!

2-жүргізуші: Әліппеге рахмет деп шырқайық!

1-жүргізуші: Ал, қанеки енді тойды бастайық!

2-жүргізуші: Не үйреніп, не білдік, жырдан шашу шашайық!

1-жүргізуші: Біз бүгін шексіз қуаныштымыз, өйткені алғаш хат танытып, сауатымызды ашқан Әліппені бітірдік.

2-жүргізуші: Мен енді өзім оқып, өзім жаза аламын. Ертегі, әңгімені де өз бетімше оқи аламын.

1-жүргізуші: Біз көп нәрсені – кітап оқуды, өлең жаттауды, сурет салуды, ән айтуды үйрендік.

Ән: Әліппе.

2-жүргізуші: Достар! Осы мен Әліппемен қоштасуды жөн көрмей тұрмын.

1-жүргізуші: Ой! Не болды? Неге олай дейсің?

2-жүргізуші: Білмеймін. Жылағым кеп тұр.

1-жүргізуші: О, несі, неге жылағың кеп тұр?

Жанымсұлу: Мен Айзияның неге жылағысы кеп тұрғанын білемін, бірақ айтпаймын.

Мұғалім: Дауласпайық, балалар! Мен сендерден де бұрын біліп тұрмын. Себебі сендер 4 ай бойы оқыған білім атасы – Әліппемен қоштасқалы тұрсыңдар. Қимай тұрсыңдар, солай ма?

2-жүргізуші: Дұрыс айтасыз.

1-жүргізуші: Әліппеге рахмет айтсақ та қимай тұрмыз.

Ортаға Жалқаубек кіріп келеді.

Жалқаубек: Ой, мұнда неге көп балалар жиналған? Өздері шеттерінен әдемі екен. Бұл жерде не болып жатыр өзі, а?

Оқушылар: Біз бүгін Әліппемен қоштасып жатырмыз.

Жалқаубек: Әліппе деген не?

2-жүргізуші: Балалар, Жалқаубек әліппенің не екенін білмейді екен. Жалқаубек әліппенің не екенін білу үшін мен сендерге сұрақ қоямын.

Іші толы әріпке,

Білімдіге жарық не?

Оқушылар хормен: Болашаққа жол ашар,

                                        Ол – сүйікті Әліппе,

                                        Ол – сүйікті Әліппе!

1-жүргізуші: Олай болса, бәрімізге ең қымбат дос  «Әліппені» ортаға шақырайық.

Оқушылар: Әліппе, Әліппе, Әліппе!

(музыка ырғағымен ортаға Әліппе келеді!)

Әліппе:  Менің атым – Әліппе,

Мені анаңдай дәріпте.

Мені оқып ер жеткен,

Ағаң менен әпкең де.

Армысыздар, жас достар!

Армысыздар, ата – ана!

Болашаққа жол бастар,

Әліппең келді ортаға.

Мерекеңмен құттықтаймын,

Бүлдіршіндер, балғындар!

Не үйреніп, не білдік,

Қане, ортаға салайық!

Назира: Әліппе – білім анасы,

Әліппе – кітап данасы.

Әліппе бетін ашпаған,

Адамның бар ма баласы?

Намыс: Оқуды көп ойладық,

Қызығына тоймадық.

Әріптерді үйреніп,

Сауат аштық тойладық.

Нұрайна: Келгенде алғаш мектепке,

Білмеуші едік әріпте.

Оқимыз қазір ертекті,

Үйреткен оны Әліппе.

Ерсұлтан: Әліппе деген алтын жол,

Апарар сені алысқа.

Жеңіл емес, ауыр жол,

Тырысып бақ, намысқа.

Балнұр: Әліппем, менің Әліппем,

Сені қолға алып мен.

Есігін аштым мектептің,

Ертеңгі сәуле жарықпен.

Нұрислам: Әліппені бітірдім,

Әріптерді танимын.

Мен атаның баласы,

Мен оқушы баламын.

Әліппе: Іші толы әріпке,

Менмін әйбат Әліппе!

Барлық ілім – білімнің,

Бастауы мен – Әліппе!

Бұл жерге менің әріптерім менен бұрын келіп қалыпты ғой.

Жалқаубек: Сонда сендер барлық әліппені білесіңдер ме?

Хормен:  Әрине.

Жалқаубек: Ал, мен білмеймін.

Мұғалім: Әліппе, өзіңіз әмір бергендей әріптеріңіз дыбысталуына қарай 2 топқа бөлініп тұр. Не бұйырасыз?

Әліппе: Ал ендеше мұғалім, осының сыры неде екенін көрермендерге айтып берсең.

Мұғалім: Жарайды, Әліппе. Балалар бұл бір үлкен ертегі. Ертегі тыңдағыларың келе ме?

Оқушылар: ия

Мұғалім: Ендешені ертегіні тыңдайық.

Ертегі: Ерте, ерте, ертеде,

Ешкі жүні бөртеде,

Орманда екі үй болыпты:  біреуі көк, біреуі қызыл. Көк үйде дауыссыз дыбыстар, қызыл үйде дауысты дыбыстар тұрыпты. Олардың атасы «Әліпби» деген дана болыпты. Осы екі үйдің қызыл үйшіктегі әріптері дауыс шығарып көңілді тұрыпты да, ал көк үйдегі  әріптер үнсіз өмір сүріпті. Мұны көрген Әліпби «Мен осы екі үйдегі әріптерді араластырсам не болар екен?» деп ойланып, араластырыпты. Сөйтсе ғажап бір жайға куә болыпты. Әріптер сөйлей жөнеліпті. Осылайша әріптерден сөз, сөйлем пайда болыпты. Ендігі кезекті осы әріптерге берейік.

Әріптер.  «ОТАН», «ӘЛІППЕ».

«О» - Ару:

Оспан да өлең жаттады,

Олжас та өлең жаттады.

Мына менен басталған,

Екеуінің аттары.

«Т» - Мұхаммед:

Торғай, торғай, торғайсың,

Таяу келіп қонғайсың.

Жем шашайын тойып ал,

Сонда аязға тонбайсың.

«А» - Жандос:

Астана – Астанам,

Астана – бас қалам.

Ардақтап атыңды,

Аузымнан тастаман.

«Н» - Балнұр:

Ас біткеннің атасы,

Қасиетті нан осы.

Қайсы әріптен басталып,

Аяқталғанын қарашы.

«Ә» - Нұрислам:

Әжем ойған оюды,

Әкем қойды көрмеге.

«Л» - Намыс:

Лашын биік самғайды,

Лашын көкті шарлайды.

«І» - Назерке:

Ірімшікті жедің ғой,

Тәтті екен дедің ғой.

«П» -Ислам:

Ата-анаңмен барып сен

Пілді көрдің парктен

«П» -Айзия:

Пайымды жан – әдепті,

Пайымдылық әдетті.

Парықтадық, үйрендік,

Пайымдымыз әдепті.

 «Е» - Ерсұлтан:

Е әрпі Ерсұлтанмын мен деген,

Білім іздеп, оқу оқып терлеген.

Оқушы: Осы қыс ішінде әйбат әліппені үйреніп кел. (Әріптердің барлығын Жалқаубек береді.)

Мұғалім: Балалар, Әліппе сендерді оқуға, жазуға үйретті. Сол үшін Әліппе достарыңа не айту керек?

Оқушылар:   Балаларға ақ тілек,

Болашаққа бақ тілеп.

Біздерге білім үйреткен

Әліпппе, саған мың рахмет!

Ән: Әліппе, саған мың рахмет!

Әліппе: Балалар, сендер менімен ғана достасып қойған жоқсыңдар, сонымен  бірге қандай  пәндерді оқыдыңдар?

Оқушылар: математика, дүниетану, ағылшын, ән, бейнелеу, еңбекке баулу.

Әліппе: Мен қазір сендерге сұрақ қоямын. Сұрақтың жауабын білетін оқушы қол көтеріп жауап берсің.

  1. Біздің елбасымыз кім? (Н.Ә.Назарбаев)
  2. Еліміз қалай аталады? (Қазақстан)
  3. Мемлекеттік рәміздерге нелер жатады? (Ту, Елтаңба, Гимн)
  4. Ең алғашқы қоңырау біз үшін қашан соғылды? (1 қыркүйек)
  5. Ең алғаш қолыңа алған кітабың? (Әліппе)
  6. Қазақ тілінде қанша әріп бар?(42)
  7. У дыбыс қандай дыбыс? (бірде дауысты, бірде дауыссыз)
  8. Қосарлы дыбыстарды ата. (я, ю, ё )
  9. Дыбыс бермейтін әріптер. (ь, ъ)

Жалқаубек: математика деген не?

Математика шығады:

Сәлемет пе достарым?
Сабағы боп жоспардың.
4 амалды қолданған,
Математика достарың.

 Сандар шығады. 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10.

1 - Еркенез

Біздің үйде бір тауық, 
Бір жұмыртқа жүр тауып. 
Бір сиыр бар қорада, 
Бәтіш тәтем жүр сауып.

2-Сабыржан
Екі аяқпен жүремін, 
Екі көзбен көремін. 
Екі қолым бар менің, 
Екеу құлақ, білемін.

3-Абзал
Үйімде бар үш қалам,
Үшеуін де ұштағам.
Үш досымды салдым мен, 
Үш балыққа ұқсаған.

4-Абылай
Төрт дөңгелек арбада, 
Төрт аяқ бар малда да... 
Тауыса алмай бидайды, 
Төрт тышқан жүр қамбада.

5-Нұрайна
«Бестік» деген бағаны, 
Бақыт күнде алады. 
Бәрі жақсы көреді, 
«Беске» оқыған баланы.

6-Жанымсұлу
«Алақай!» дер келді күн, 
Алтыдамын мен бүгін. 
Алты жасқа келмекші, 
Алғы аптада енді кім?!

7-Назира
Жеті саны киелі, 
Жұрттың бәрі біледі. 
Жеті жасқа жеткендер, 
Жығылмай - ақ жүреді.

8-Ислам
Сен де, мен де баламыз, 
Сегіз санын саламыз. 
Сегіз деген екі төрт, 
Сегіз жаста ағамыз.

9-Айана
Тоғыз жасқа келгенім -
Тоғыз жылды көргенім. 
Тоғыз жаста тәнті еткен, 
Талабымды көр менің!

10-Нұртуған
Он жыл, он жас - он деген, 
Он жас кіші ол менен. 

Онды жаза аламыз, 
Он - тұрған бір нөл менен.

Оқушылар: Ал, мамырға дейін санап үйреніп кел. (Сандардың барлығын Жалқаубекке береді)

Ән. «Жалқаубек»

2-жүргізуші: Абылай, 2 алмаға 2 алма қосқанда неше болады?

1-жүргізуші: Қиын сұрақ қойдың ғой, ойланбай айта салайын. 4 Дұрыс па?

2-жүргізуші: Бәрекелді, сондай ауыр сұрақ емес еді. Бірақ математик екеніңді мойындаймыз.

1-жүргізуші: Достар! Одан да «Математика» пәні білімімізді тексеріп көрсін.

Математика: математикадан не үйреніп жатқандарыңды жария етуге дайын болсаңдар, мен сынақ жүргізуге дайынмын.

Жұмбақ есептер:

1.    5-тен 4-ті алайық,
Қанша қалды санайық.
Қарайық та санайық,
Санайық та табайық.  (1)
2.    Бесбайда бар 5 іні,
Естайда бар 2 іні.
Қоссақ 5-пен 2-ні,
Қанша болар шешуі?  (7)
3.    Шығармақ боп кеше есеп,
Жиналғанда 5 есек.
3-еуі ұйықтап отырды,
Ынталысы неше есек?  (2)
4.    Қазып жүр құмды 5 мысық,
3-і жатыр күн ыстық.
2-і жүр шомылып,
Барлығы қанша санап шық.  (10)
5.    Мұз айдында жеті бала,
Асыр сап жүр сырғанап.
Сырғанамай екі бала,
Жағалауда тұр қарап.
Енді осы бар баланың,
Санын айтсаң – жарадың.  (9)
6.    Көлден ұшты 7 қаз,
Қайтып қонды 2 қаз.
Қонбады оның нешеуі?
Қане, кім тез шешеді?   (5)
7.    Жаңа ғана шалғында,
Алты бұзау жүр еді.
Әлде шаршап қалды ма,
Жатып қапты біреуі.
Нешеу енді жайылып,
Айт, жүргенін айырып.   (5)

Математика: Жарайсыңдар, балалар! Математикадан да сауат ашып қалыпсыңдар ғой. Көп нәрсе үйреніпсіңдер.  

Әліппе: Енді мен сендермен қоштасайын.

Кір шалмасын беттерін,

Таза болсын оқулық пен дәптерің.

Оқығандарың есте болсың,

Күнделіктерің 5-ке толсын!  (бес жұлдыз таратып береді).

Жалқаубек: Мен өз қатемді түсіндім, мен де сендер сияқы ақылды да, тәртіпті болғым келеді. Мен өз атымды Ақылбекке ауыстырып ендігі жылы әліппені меңгеріп келемін.

Оқушылар: Біз саған сенеміз, Жалқаубек. Қош сау бол! (Жалқаубек кетеді)

Би. «Барбарики»

2-жүргізуші: Әліппені бітірдік, енді не оқимыз?

1-жүргізуші: Соны мен де ойлап тұрмын.

2-жүргізуші: Шынымен де не оқимыз?

Мұғалім: Қиналатын түгі де жоқ. Ана тілі деген досымыз бар.

(Ана тілі келеді)

Ана тілі: Сәлеметсіңдер ме, менің жаңа достарым. Енді мені оқитын боласыңдар.

Мен де келдім дайындалып тойыңа,

Оқы талмай, түй санаңа жас бөбек.

Сыр құямын, нұр құямын бойыңа,

Таза ұста, оқы мені қастерлеп.

Оқушылар: Оқимыз, таза ұстаймыз.

Мұғалім: Ал, енді балалар, Әліппемен қоштастық. Енді қолымызға ана тілін алатын боламыз. Ана тілі бізбен бірге болып балалардың өнерін тамашала.

          Ақниет: Ана тілін ақтандар,
          Ана тілін сақтандар.
          Ана тілмен безеніп
          Ата берсін ақ таңдар.

          Жүргізуші:  Ана тілдің құрметіне «Вальс» биін қабыл алыңыздар!

          Хан: маган осы сынып қатты ұнады мен қызымды осы сыныпта оқуға қалдыраман.

          Ханша: Иә, әке шынында да білімді  балалар екен осы сыныпта қаламын. Олармен дос      

          болуға қарсы емеспін.

          Мұғалім: Оқушылар ханшайымды өзіміздің сыныбымызда қалдырамызба?

          Оқушылар: Иә, әрине қалдырамыз.

          1-жүргізуші: Әліппемен қош айтысып қаламыз,

          Енді қолға ана тілін аламыз.

          2-жүргізуші: Ата-ана қуанышқа ортақ бол,

          Сауатты боп шықты міне балаңыз.

          1-жүргізуші: Сөз кезегін ата – аналарға берейік.

Мұғалім: Балалардың білімі құтты болсын,

Денсаулығы ауырмайтын мықты болсын!

Білімдерін ары қарай дамытатын,

Ерінбейтін еңбекқор күшті болсын! Осымен «Білім бастауы – Әліппе!» атты ертеңгілігіміз аяқталды. Ертеңгілігімізді қорытындылау үшін сөз кезегін мектеп  басшысы Даулетова Қалия Үкімашқызына береміз.

    


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз