Өлең, жыр, ақындар

Тәрбие сағаты

«Күркіреп күндей өтті бір соғыс»

(Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығы туралы әдеби кеш)

Мақсаты: Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай өткізілген бұл кеш жас ұрпаққа қазақ халқынан шыққан даңқты ерлердің өмірі туралы мағлімат бере отырып, оларды Отансүйгіштікке және патриотизмге тәрбиелейді.

 

1-жүргізуші

Үстімде сұр шинелім,

Ақсаңдай басып келемін.

Қанды қырғын,қызыл от

Қаптап жүр ажал дегенің.

Үстімде сұр шинелім

Ақсаңдай басып келемін

Қағып,соғып жығар ма

Оңайлықпен мені өлім.

2-жүргізуші

Үстімде сұр шинелім,

Ақсаңдай басып келемін

Баяғы Қасым бір Қасым

Баяғы күйім өлеңім.

Үстімде сұр шинелім

Ақсаңдай басып келемін

Ұмытса да достарым

Ұмытар ма мені елім.

 

 

1-жүргізуші.

Ия,бұл олеңде қазақтың біртуар ұлы, отты ақын Қасым Аманжоловтың  бар болмыс бітімі, мінезі, өр рухы мен мұқалмас жігері сипатталған. Қазақ қазақ болғалы нендей тар жол тайғақ кешулерді бастан өткермеді, қандай нәубеттерді кешпеді.

2-жүргізуші. Сондай нәубеттің бірі талай қазақтың нар тұлғаларының өмірін қыршынынан қиған, талай ананы жесір, талай сәбиді жетім қалдырған Ұлы Отан соғысы еді. Германиялық фашизмге қарсы болған бұл қанды қырғын біздің еліміздің тарихының ақтаңдақ бетіне айналды.Халықтың мұқалмас жігері мен рухының арқасында бес жылға созылған бұл соғыс Советтер Одағының жеңісімен аяқталды. Биылғы жылы еліміз Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өткелі отыр.

1-жүргізуші

Ендеше бүгінгі кеш осы соғыста жауынгерлік міндетін жан аямай атқарып, Ұлы жеңіске үлесін қосқан қазақтың қайсар ұлы, рухты ақын Қасым Аманжоловтың  өмірі мен шығармашылығына арналады.Кеудесін отқа төсеп, қан кешіп жүрсе де өмірінің мәні –өлеңін ұмытпаған ақынның майдан жайлы жырлары Ұлы Отан соғысының нақты бейнесін бізге жеткізеді.

 

(Ермек,Есенгелді, Нұрбол «Дариға сол қыз» өлеңін мәнерлеп оқиды)

2-жүргізуші

Сіздер тыңдаған "Дариға, сол қыз" майдан арпалысы, тарихи шындық, жеке адамның басындағы трагедия және соның бәрінен аман алып шыққан өмірге деген құштарлық оптимистік рухта өрнектелген. Ақынның қан майданнан аман есен оралуы да осы бір өмірге деген таусылмас құштарлығы болса керек.

1-жүргізуші

Қазақ поэзиясынан өзіндік орын алған Қасым ақын қамшының сабындай ғана қысқа  ғұмырында әдебиетке тың жаңалық әкелді. Олай болса ақынның өмірбаянына құлақ салайық.

1 оқушы:

Қасым Аманжолов қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыл деген жерде 1911 жылы дүниеге келеді. Майданнан өлеңмен жазған "Ағайыма" деген хатындағы: "Қыс. Қыстау. Атамекен Қызылдағы" дегендегі Қызыл – сол туған жері. Әке-шешеден жастай жетім қалған, ол біраз жыл ағасының қолында өседі. Алғашында жаңадан ашылған ауыл мектебінде оқып, сауатын ашады. Кейін, 1924 жылы, ағасы Қасымды Семей қаласындағы интернатқа орналастырады. Қасым онда 1927 жылға дейін тәрбиеленеді. Одан әрі қарай үш жыл Семей мал дәрігерлік техникумында оқиды. Алғашқы өлеңдерін де осы кезде жазады.

2-оқушы

1930 жылы Алматыға келіп, біраз уақыт "Лениншіл жас" газетінде істейді. 1931 жылы Ленинградтағы орман шаруашылығы институтына түсіп оқиды. Бірақ, денсаулығына байланысты және түскен оқуын да онша ұната қоймағандықтан, бірер жылдан кейін елге оралып, Орал қаласында "Екпінді құрылыс" газетіне қызметке орналасады. Жас ақынның көптеген өлеңдері осы газетте жарық көреді. Әншілік, әртістік өнерге бейім, домбыра, мандолина бастаған бірсыпыра музыкалық аспаптарда еркін ойнайтын ақ көңіл, жайсаң жанды "ерке Қасымның" Оралда болған, әсіресе 1935-1936 жылдары Оралдағы қазақ театрындағы қызмет еткен кезі өміріндегі ең бір қызықты, қымбат шағы болып қалады. Оның бойындағы туа бітті зор таланты да осында белгі беріп, ақындық жолына біржолата бет бұрады. 1938 жылы тұңғыш өлеңдер жинағы "Өмір сыры" деген атпен жарық көреді

3-оқушы

Ақын 1941 жылы армия қатарына шақырылады. Сол қарсаңда "Мазасыз музыка", "Қоштасу", "Бейсекештің бес ұлы" секілді әсерлі, сыршыл сезімге толы, лепті өлеңдерін жазады. 1941-1943 жылдары Қиыр Шығыста болған Қасым 1943 жылы батыстағы майданға ауыстырылады, содан соғыс аяқталғанға дейін "қанды қырғын, қып-қызыл өрттің ішінде" болады. Майданнан оралғаннан кейінгі алғашқы жылдары Қасым журнал редакцияларында істейді, ара-тұра поэзия, ақындық өнер тақырыбына сын мақалалар жариялайды, өлеңді де өндіре жазады.

4-оқушы

Қасымның өлеңдері "Гроза" деген атпен 1946 жылы, "Стихи" деген атпен 1949 жылы орыс тілінде жеке кітап болып басылады. Қасым Аманжолов ұзаққа созылған науқастан 1955 жылғы қаңтардың 17-сінде қайтыс болды. Өлеңдері. Соғыстың алдында Қасым "Өз елім", "Дауыл", "Нар тәуекел", "Талғар" тәрізді әдемі лирикалық өлеңдер жазды. Бұл өлеңдердің кейіпкері – өз елін, туған даласының табиғатын шексіз сүйген, "көк дауылдай кеуделі жігіт" болып өскен қайратты замандасы. Өмірге көзін ашпай жатып, "жетімдік тағдыр" желкелеген балдырғанды өз тәрбиесіне алған Отанын ақын ерекше сезіммен жырлайды

 

2-жүргізуші. Ендеше ақынның өлеңдеріне кезек  берейік

«Елге хат»

«Сен фашиссің мен қазақпын»

«Қанқұйлы жау»

«Мазасыз музыка»

«Қоштасу»

«Орал»

 

1-жүргізуші. Ақынның  майдан даласында жүргендегі елге деген сағынышы өлең болып өрілді, ән болып төгілді. Ендеше  «Туған жер» әнін бірге тыңдап көрелік

 

(«Туған жер» әні ұлдар тобының орындауында шырқалады)

 

2 –жүргізуші

Қасым шығармашылығы – қазақ поэзиясының асыл үлгілерінің бірі. Халықтың қарапайым ортасынан шыққан жалынды ақын өз тағдырын туған елі тарихымен тұтастықта сезініп, өз өлеңдерінде халық жанына тән ерлік, батырлық, жомарттық сезімді терең көрсетті. Оның батыл ойлы, сыршыл поэзиясының бұрынғысынша әсерлі де тартымды болып келе жатқаны да сондықтан. "Ақын Өлімі туралы аңыз" поэмасы. Қ.Аманжоловтың ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясының поэма жанрындағы үздік жетістігі болып табылады

1-жүргізуші

Бұл поэманың өзіндік тарихы бар. Қасым ақынмен бірге жүрген,таныс болған жас ақын досы Абдолла Жұмағалиев майдан даласында ғажайып ерлік көрсетіп, опат болады.Бұл кезде Қасым Қиыр шығыста госпитальда жатқан еді.Бұл оқиға Қасымға әсер еткені соншалық, жараланып,қиналып жатқанына қарамастан ол қолына қалам алып осы поэманы жазып шығады.

(Сахнаға Абдолла бейнесіндегі оқушы шығып, «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасынан  үзінді оқиды).

1-жүргізуші

1945 жылы бес жылға созылған қанқұйлы соғыс та аяқталады. Майданнан оралғаннан кейінгі алғашқы жылдары Қасым журнал редакцияларында істейді, ара-тұра поэзия, ақындық өнер тақырыбына сын мақалалар жариялайды, өлеңді де өндіре жазады. Осы жылдарда жазылған ақынның автопортретіне  айналған «Өзім туралы» атты өлеңі ақынның өзіне орнатқан ескерткіші іспеттес.

 

(Ән  8 «А» сыныбының оқушысы Нұрбектің орындауында Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» әні орындалады)

2 –жүргізуші

Ақынның майданнан соңғы қиын қыстау жылдардағы өмірі таяуда ғана табылған ақынның күнделігінде жазылған екен. Ендеше ақынның күнделігін бір сәт оқып, соғыстан соңғы жылдарға бір барып қайтайық.

 

Күнделіктен үзінді оқылады

«Дариға Қасымқызы Аманжо­лова Алматыда 1946-жылы, ноя­брь­дің 4-нде, кешкі сағат 8.1/2-да туды.

Сол кешкі 7-лердің мезгілінде, үйге тақалғанда менің алдымнан әйелім Сәпен, інім Еркін, қарын­да­сым Таупан тап болды. Сәпенді тол­ғақ қысыпты.

 

Дереу милиция бөліміне барып, «жедел жәрдем» сұрадым. «Жедел жәрдемі» құрысын, табандаған бір сағат күттік. Әйелім көшеде босанып қала жаздады. Келді-ау әйтеуір. Босанатын үйге алып жүрдік. Бара сала босанды. «Қыз бала тапты» деп бір қазақ қызы қабар берді. Қуанып үйге қайттым. 7 күн өткен соң әйелім мен баламды үйге алып келдім. Соңғы (қа­рызға алған) 75 сомды беріп, машина жалдадым.

Той жасау ма?! Жас босанған әйеліме тамақ тауып берудің өзі оңайлыққа түскен жоқ.

Қызыма Дариға деп атқойдым. Менің тойым сол болды.

 

8/IY 47

Бүгін үйде көк тиын жоқ. Азық де­ген­нен 1 килодай ұн, жарты бө­телке май, екі-үш қайнатым шәй ғана бар. Күні бойы Сәбитті іздеп қалжырадым. Сталин ту­ралы жазған поэмама шарт жа­саттырып, ақша бергізбек болып уағда бергеніне бес күн. Баяғы бір «күнде ертең». Поэманы жөндеуге де кірісе алмай қойдым. Сәбитті үйінен де, кеңседен де таппадым.

Сәпен науқас. Миы ауырады. Жаннат көшемен қарнын қам­пайтты да ұйқтап қалды. Мен қа­ра шәй ішіп отырмын. Жанымда Дариға. Ептеп қана жылайды. Қарны ашқан болуы керек. Сүт қай­да?! Шешесі жатыр.

23/IY 47

Соңғы күндері Дариға «Мә­мә», «Әй, мәмәу» дейтінді шы­ғарды. Шешесін айтып жы­­лағанда осыны айтып оты­рады.

«Аға» дегенді ап-анық етіп айтатын болды. Ерте оянып алып, былдырлап сөй­леп жатады. Отыр­ғанда да былдырлап сөйлеп оты­рады. Ойыншыққа жармаса бастады. Қыз баланың бейнесі бар қуыр­шаққа қарап, өзінше «сөй­лей­ді».

Скрипка, домбыра тарт­ылса бар ынтасымен тың­дайды. Емшекті тастай сала тыңдайтын болды. Кейде дом­быраны ұйып тыңдап отырып, ұйықтап та қалады. Дом­бы­раны өзінше ойнамақ болып әуреленеді.*

*Қызыма арнап «Сталин» деген ұзақ поэма жазып едім, өте жақсы болып шықты.

1-жүргізуші.

Осы шағын ғана жазбалардан Қасымның болмыс-бітімі біршама аңғарылғандай болады. Ақынның жүрегін жылытқан жалғыз сәбиіне деген сәулелі махаббаты мен оның болашағына алаңы да, тағдыр тауқыметін бөліскен жарына деген аянышы мен құрметі де, қомағайлар мен құлқынның құлы болғандар салтанат құрған қоғамға жиреніші мен лағнеті де, өзінің талант құдіретіне деген сенім де көрініс береді.

2-жүргізуші. Осылай соғыс та аяқталып,бейбіт күндер орнады. Бейбіт күнде Қасым ақын тынбай еңбектеніп, небір тамаша жырлар жазды. Олай болса кезекті тағы да ақынның өлеңдеріне берейік

«Жеңіс дауысы»

«Достар»

«Бауыржан»

«Біз Отанның солдатымыз»

«Нұрлы дүние»

1-жүргізуші

Соғыс салған жара жыл өткен сайын ұмытылып, оның орнын шуақты күндер басты. Бүгінгі жас ұрпақ осы қантөгіссіз жайма шуақ күндер үшін Қасым ақын тәрізді от кешіп,жанын қиған ағаларға шексіз алғыс айтады.

 (Синий платочек әні орындалады)

2 –жүргізуші

Ей, такаппар дүние!

Маған да бір қарашы,

Танисың ба сен мені

Мен қазақтың баласы!

«Тағы жұрт» деп тағы да,

Танымассың,білмессің

Өйткені мен қазақпын

Англичанин емеспін!

1-жүргізуші

Жалғыз сенсің сырласым,осы өлең

Ақын жыры туысы,досы өлең

Мейлі,мені ұмытсын дүние жүзі

Жырлап тудым анадан,жырлап өлем!

2 –жүргізуші

Қасым Аманжолов қазақ поэзиясында Ұлы Отан соғысы тақырыбын тамаша жырлап шыққан ақын. « Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ» деп жырлаған қазақтың тамаша ақынын біз ешқашан ұмытпаймыз.

1-жүргізуші

Қайсар рухты батыр ақынның рухына тағзым ете отырып, «Егемен Қазақстан» әнімен Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына арналған кешімізді аяқтаймыз.

Ән «Егемен Қазақстан»

 


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер