Өлең, жыр, ақындар

Жетім көрсең жебей жүр

Тәрбие сағаты: «Жетім көрсең жебей жүр»

Тәрбие сағатының мақсаты:1. «Жетім» сөзінің мән-мағынасын аша отырып,оқушыладың ұғымын кеңейту, өмірге деген құштарлықтарын, қызығушылықтарын ояту.

2.Жетім ақысын жемеуге, өмірден өз орындарын таба біліп, айналасына қуаныш сыйлай білуге үйрету, жетімге көмек қолын соза білуге дағдыландыру.

3.Жетімге құрметпен қарауға, жәрдем көрсетуге, мейірімділікке, ізгілікке , өмірге жақсы көзқараспен қарауға, өмірді қадірлей, бағалай білуге тәрбиелеу.

Тәрбие сағатының көрнекілігі: интерактивті тақта, бейнеқойылымдар.

Тәрбие сағатының түрі: ауызша журнал.

Тәрбие сағатының барысы: І Ұйымдастыру    Сәлемдесу.

  ІІ Мұғалімнің кіріспе сөзі. Сынып сағатының тақырыбы мен мақсатын түсіндіру.

«Жетім көрсең, жебей жүр» деп дана бабаларымыз жетім-жесірін жылатпаған. Адам баласының бәрінің баратын жері – біреу. Бірақ біреуге – ерте, біреуге кеш. Жастай үзілген жандардың артында еңіреп аяқтанбаған ұрпағы қалады. Тұл жетім қылған тағдырға дауа бар ма, ал қазіргі заманда жетімнен тастанды бала көп.

 Жетімін жылатпауға Үкіметіміз барынша жағдай жасаған. Оларды жан-жақты қолдайтын заң да бар, қаржы да аямай бөлінуде. Жетімдер үйін аралап жүріп бұған көзіміз жетті. Бірақ қамкөңіл жандардың әлі де барлық мәселесі шешілді деп айтуға болмайды.

  Бүгінгі «Жетім көрсең жебей жүр» атты ашық альбом сағатымызда осы мәселелерге кеңінен тоқтала кетуді жөн көрдік.

1-жүргізуші:

Өмір, өмір! Өмірдің мәні қандай?
Қайратыңды жігерге жанығандай.
Жүріңдер бұл өмірде қол ұстасып
Достықтарың жарасып дәл осылай. 

2-жүргізуші:

Шыдамдыны мына өмір ұнатады,
Бірде қуантып, бірде жылатады,
Сүріндіріп кейде сені құлатады.
Жылатып тұрып жұбатады.
Дұшпандарға кейде сені сынатады,
Қатал тағдар бірақта шыдатады,
Мына өмір бірақта қымбат әлі,- демекші өмір жолы сан тарау, қия шатқал, қия шың.

1-жүргізуші:

Сол жолдан адаспаудың ең бірінші жолы ол – өзіңді өзің тану, өзіңді өзің сыйлау, өзіңді өзің қадірлеу.
Өмір деген –алланың берген сыйы.Өмірдің ащы да, тәтті кезеңдері болады.Бұл кезеңдерді жеңе білу керек. Адамзат өмірге келген соң өмірін қалай болса солай өткізбеуі тиіс. Яғни адам саналы ,жарқын өмір сүруі тиіс. "Өмірдің мәні туралы ойланбайтын адам бар ма?" деген сұраққа, жетім балалар үйін көре отырып, әлі де ойланбайтын адамдар көп екеніне көз жеткіздік. Сондықтан біз бүгін сіздерге өмірдің көлеңкелі жақтарын бейнелейтін «Жетім көрсең жебей жүр» атты ашық альбомымызды ұсынамыз.

2-жүргізуші:

Алдымен «жетім» сөзінің астарына үңілелік. Олай болса альбомның бірінші беті «Жетімдер үйі көбірек»

 Оқушы:

  Жетім атауының өзі кезінде соғыс заманында ата-аналары қайтыс болған кезде баланың қараусыз қалып отырған. Міне осындай соғыс, қиын-қыстау, ашаршылық кезеңдерде пайда болған болатын. Оның өзінде Тәуке ханның – Жеті Жарғы, Есім ханның – Ескі жолы сияқты заңдарында жетімдерді бай қауқарлы адамдарға асырап алуға беріп отырған. Х-ХХ ғасыр аралығындағы «жетім» ұғымының анықтамасы – толық  жанұялық тәрбие көрмеген. Оларға тән қасиеттер: агрессия, алаңдаушылық, мінездегі жат қылықтар. Кейінгі жылдары әлеуметтік-экономикалық себептерге байланысты және әртүрлі себептер тұрғысынан әлеуметтік жетім балалар саны артуда.

Оқушы:

   Жетім – ата-анасының екеуi де немесе жалғыз басты ата-анасы қайтыс болған бала. Сондай – ата-ана құқықтарының шектелуiне немесе олардан айырылуына, ата-анасы хабар-ошарсыз кеттi деп танылуына, олар өлдi деп жариялануына, әрекетке қабiлетсiз (әрекет қабiлетi шектеулi) деп танылуына, ата-анасының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуiне, ата-анасының баласын тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерiн қорғаудан жалтаруына, оның iшiнде ата-анасының өз баласын тәрбиелеу немесе емдеу мекемелерiнен алудан бас тартуына байланысты, сондай-ақ ата-анасы қамқорлық жасамаған өзге де жағдайларда жалғызбасты ата-анасының немесе екеуiнiң де қамқорлығынсыз қалған бала.

Оқушы:

Жетімдіктің түрлері

  • Әлеуметтік жетім – ата-анасы бар немесе қайтыс болмаған, бірақ ата-ана өз келісімдерімен баладан бас тарту, сондай-ақ ата-ананың түрлі сол қылықтарға бару арқылы олардың құқықтарын шектеп баланы айырып алу.
  • Тұл жетім – ата-анасының екеуi де немесе жалғыз басты ата-анасының біреуінің қайтыс болуы. Қазіргі таңда әлеуметтік жетім тұл жетімге қарағанда 80 пайызды құрап отыр. Қалған пайызы ғана тұл жетімдер.

Оқушы:

    Еліміздегі соңғы жылдары жетім балалар мен ата-анасынан ажыратылған, яғни олардың қамқорлығынсыз қалған балалардың жағдайы көпшілікті толғандыруда. Бұл мәселе Қазақстан Республикасының «Қазақстан-2030» даму стартегиясына сай жетім балалар үйіндегі тәрбиелініп жатқан әрбір ұрпақтың жеке адам ретінде қалыптасуының шешуші факторы ұлттық тәрбие деп көрсеткен. Жетім балалар тәрбиесіне қазіргі кезде ұлттық тәрбие тұрғысынан да көңіл бөліп, оларды тұлғалық қалыптастыру мәселесі бүгінгі күн талабы.

Оқушы:

   Ата-ана қамқорлығынан айырылған әрбір бала – отбасында тәрбиеленуге тиісті. Себебі: олар міндетті түрде ата-аналарының өмірін қайталап немесе қайталайтын болса болашақта олардың саны екі есе көп болмақ. Демек, жетім балаларға жаңа мүмкіндіктер – отбасы үлгісіндегі балалар үйі, ондағы шиеленістерді реттейтін және әр балаға жаңа отбасын сыйлайтын делдалдық ұйым.

«Еңкейген қарияларымыз аман болсын» деген тілекпен еңбектеген балалардың мәселесіне ойыссақ. «Көкек ана», «тасбауыр әке», тумысынан тірі жетім атанған «бейбақ сәби» мәселесі бүгінгі біздің қоғамның сыздаған бір жарасы. Бұқаралық ақпарат құралдары осы мәселені жиі-жиі көтеріп, талқыға салған сайын, сол жара жазылмақ түгіл, асқынып барады.  Бельгия секілді кейбір елдерде жетімдер үйі жоқ деседі. Ал бізде перзентханалардан гөрі, жетімдер үйі көбірек. Қазақстанда қазір 154 балалар үйі бар. Ал жетімдер саны 94 мыңнан асады. Көкейді шерге бөлеп, шымбайға шоқ тастайтыны  сол  - шерменде балғындардың көбі өзіміздің қаракөздер. Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған ел едік, мұны да көрдік.

1-жүргізуші:

Өмір деген тұрмайды: қап - қарадан.
Өмір деген тұрады:ақ - қарадан,
Ақ - Қара,екі арасын ашып өтіп,
Арымен өз бақытын тапқан Адам!

2-жүргізуші:

Өмір деген тұрады:таң мен кештен,
Ғұмырлы екі араны жанмен кешкен.
Құпия,жұмбақ,сырлы дүниеге,
Адамдар Армен келіп,Армен көшкен.

Альбомымыздың келесі беті “ Жәутеңдеген жанарлар”

Оқушы:Мен бардым жетімханаға,

Басымды     иіп     Аллаға

Көздерін  көрсем  сәбидің

Мұқтаж екен әке менен анаға

Адам баласы  шыр етіп өмір есігін ашқан сәттен бастап, ақтық демі шыққан уақытқа дейін  тағдыр тәлкегіне түсіп, басынан санқилы қиыншылықтарды өткізеді. Мұны ақындарымыз:

«Өмір деген есіктен барлығымыз кіргесін,

Келе берер басымызға Тәңірімнен күнде сын» –

деп жырлаған. Бұл ауыртпалықтардың кей біреуі тез тарқап, ал ендігі біреулері өмірімізге өшпес із қалдырады. Шынтуайтында ата-анадан айрылу – дауасыз, емсіз ауру сынды.

Оқушы:

Осы зарлы жолдар ет жүрегін елжіретіп, көкірегін кернеу керсе де, жетімдіктің қамытын киген бейкүнә сәбилердің саны күн сайын артып келеді. Тасбауыр, «көкек» аналар сәбиін ертең өзінде қалдырмайтынын біле тұра «не себептен» денсаулы ғы мен жеке басының қамын ойлап, тоғыз ай іштегі сәбиін мәпелеге­ні түсініксіз. Қандай жағдайды бастан кешірсе де, сондағы тапқан амалдары – туған анасының мейірімінсіз қалған балғындар қатарын көбейту болғаны ма? Осындай жағдайдың жүрекке жара болары анық, мұны Ербол ақынның мына өлең шумақтарынан аңғарамыз:

Оқушы:

Ей әйелдер перзентіңді тастамағын,

Обалына қалма, әпке, жас баланың.

Қарындасым, қорықсайшы Құдайыңнан

Тастама болмаса да басқа амалың.

Май құйайын мен де енді жыр шамына,

Жетімдер аналарын жүр сағына.

Қуансайшы, кей әйелге бермегенді

Берсе Құдай, сенің алтын құрсағына.

Тастадым деп баласын мақтанды кім,

Теңіз түзіп тентіреді жастан бүгін.

Барынша бақытына ұмтылғанмен

Көз жасы жібермейді, тастандының …

1-жүргізуші:

…Жүрегіңді жылаған жұбата алмай,
Жел өтінде жұтаған құба талдай.
Ештеңеге шарасыз тағы отырмын,
Тым болмаса қаліңді сұраса алмай.

Бір басыңа о неге үйір қайғы,
Бақытыңды уақыт жиі ұрлайды.
Сонда да үгілмеші бұ дүниенің,
Бұйырмайын дегені бұйырмайды.

2-жүргізуші:

Төзіміңмен болса егер Сабыр басым,
Қайыстырмас көңілдің қабырғасын.
Енді ештеңе шықпасын түсінем ғой,
Өкінуден немесе өтінуден.

 Келу үшін қинайтын шешімге бұл.
Бізге осы бұлдайды несін Өмір?!
…Жұбата алмай өзіңді қысылады,
Жұбату көрмей өскен жетім көңіл..

Альбомның келесі беті  “Имандылық- қайырымдылық”

Оқушы:

Жетім қалған балалар әртүрлі қиындықтарға ұшырауда… Ал тығырықтан шығарар жол –Ислам жолы. Ислам діні жетімдерді жебеудін үлкен сый-сиапатқа йе болатындығын, оларға жәбір көрсетіп, қиянат жасаудың аяусыз азапқа душар болатынын баяндайды:

Оқушы:

“Мұсылмандарға қанатыңды жай .  (Хыжыр 88аят)

Жаратушы жаппар иеміз бұл аят-кәрима арқылы, пайғамбарымызға ғаріп, жатақтар мен жетім-жесірге барша мұсылмандарға жұмсақ болуды, қамқор болуды өсиет еткен.

 (Мұхаммед Ғ.С) олар сенен жетімдердің  жайынан сұрайды. Оларға: жетімдерді түзету жақсы. Тіпті оларды қосып алсаңдар, сонда олар туыстарың (Бөтендігі жоқ) .  (Бақара 220аят)

“Ендеше жетімді қорлама!” (Дұха, 9аят)
Оқушы:

“Жетімдердің құқығын беруде әділетті болыңдар. Сендер істеген жақсылықтардың барлығын Аллаһ сөзсіз біледі” (Ниса  127аят)

“Негізінен сондай жетімдердің малдарын зұлымдықпен жегендер, олар қарындарын отпен толтырған болады. Сондай-ақ  жалындаған тозаққа кіреді. “ (Ниса 10аят)

Аллаһымның елшісі хадисінде  меңзепті» – дегеніңдей сүйікті пайғамбары-мыз Мұхаммед (с.ғ.с.) қадірлі сахабаларынан әрдайым: «Бүгін бір жетімнің басынан сипадыңдар ма? Бір аурудың көңілін сұрап бардыңдар ма? » – деп сұрайды екен. Өйткені, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі дүние есігін ашпай тұрып әкеден, алты жасына аяқ басқан шағында анадан айырылып, жетімдіктің дәмін тартқан. Сол үшін жетім балалардың ата-анасының қамқор қанатының аясындағы балалардан кем болмай, қамқорлық аясында өссе екен деген мақсатта сахабилерін  жігерлендіріп: «Басынан еш сипалмаған бір жетімнің басын еркелете сипаған кісіге қолының тиген жеріндегі шаштардың санындай сауап жазылады»,- деген.(Ахмед,5,250) Жүрегінің  қаттылығынан  айығып, мейірімге бет бұра алмай жүргендігін айтып, мұңын шаға келген кісіге Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз жоқ-жітіктерді тойдыруға, жетімдерді жақсы көріп, бастарынан сипау керек деп өсиет еткен екен. (Ахмед,2,263,387)

Оқушы: Тағы да басқа  хадистеріңде былай деген:
“Мұсылман отбасылардың ішіндегі ең жақсы үй – ішінде жетімге жақсы қаралған үй. Мұсылмандар ішіндегі ең жаман отбасы – жетімге дұрыс қарамаған үй!” (Ибн Мәжә,Әдеп,6).

“Кімде –кім мұсылмандардың ішіндегі бір жетімді жетектеп, ішкізіп-жегізу үшін  үйіне алып барса, ол кешірілмейтін бір күнә жасамаса (Аллаға ортақ қосу және құл ақысы) Алла Тағала оны сөзсіз жәннәтқа кіргізеді” (Тирмизи,Бирр,14/1917).

“Кім қол астындағы қыз не ұл жетім балаға жақсы қараса, ол және мен жәннатта (осылай) бірге боламын” – деп  екі саусағын жанастырған еді. (Бухари,Әдеп,24)

Оқушы: Жетімді күту, көңілін аулау, тіпті сәлем берудің өзі де үлкен құлшылық болып есептелінеді. Кем дегенде жетімнің басын сипаудың өзі пайғамбар (с.ғ.с.) қалаған сүннет. Жетімнің басын сипағанда қолымыз неше шаш талшығына тисе, сонша періште жаратылып, ол адамға салауат айтып тұрады. Жетімнің қаншалықты ақысының барын мына төмендегі пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) уақытысында болған оқиғадан білуге болады: ұлық айттың күндері арабтарда балаларын түйелерге мінгізіп, ойнататын үрдіс бар еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мешіттен шыққанда бір бала күңіреніп жылап отырды. Баланың әкесі өлген, анасы басқа күйеуге шыққан жағдайы бар екен. Өгей әкесі баланы айт күндері түйемен қыдыртып, ойнату түгілі үйден қуып шыққан еді.Әкем тірі болғанда, мені басқа балалар сияқты ойнататын еді – деген жетімнің сөзі ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жүрегіне найзадай қадалды.
Сенің әкең Мұхаммед, анаң Айша болуды қалайсың ба? – деп сұрады.
Сіздің түйеңіз жоқ қой, мені неге мінгізесіз?
Мен саған сондай бір керемет зор түйедей болам, кел менің арқама шық – деп, жетім баланы иығына отырғызған еді…
Сонда маңайындағылар бұл жағдайға таң қалып, жетімнің көз жасы пайғамбардың жүрегін елжіреткендігі соншама, пайғамбарымыз бала көңілі үшін лоқылдап, түйедей «уф» деп дауыстаған еді…

 Оқушы:

Аса ірі тұлға, Құран ахлақты  Пайғамбарымыз (с.ғ.с) үмметінің жетімдерімен тікелей өзі айналысып, барша  адамзатқа мына әсемдікті сыйлағанды:

“Мен әр мүминге өз жанынан да жақынмын. Адам қайтыс болғанда мал-мүлік қалдырса, ол мұрагерлерінікі. Ал, қарыз немесе жетім қалдырған болса, ол   қарыз менің мойнымда және жетімдерге қарайласу да менің міндетім” (Муслим,Жума,43,Ибн Мәжә,Муққадимә,7)

Өмірге жетім болып келген Аллаһ Расулы (с.ғ.с):
“Жетімге мейірбан әкедей бол!” деп үгіттеген. (Һәйсәми,8,163)

Байқасаңыздар пайғамбарымыздың жүрегіндегі мейірімді, ізгілікті көреміз. Дәл осындай мейірімділік:

« Адамдар, адамдар, қаталсыңдар,

Қаталдықтан әлі-ақ зар татарсыңдар,

Жалғыздықтан  зарығып ашынғанда

Мен сендерді «Асылдар» – деп  ем.

Сипайды-ау шашымнан дегем…»

Фаризаның  осы бір манологы ойландырары  шындық. Міне, қандастарым, қоғамда орын алып жатқан әрбір келеңсіз жағдайды, теріс істерді, үлкен үлгі-өнеге болған тәлімгеріміз Мұхаммед (саллаллауһу алайһи салам )-ның сүннеті мен хақ сөзі Құранға берік болсақ, түбегейлі түзете  аламыз.

Оқушы:

Бірде досым мынадай әңгіме айтып берді.

Жаңа жыл қарсаңында. Балалар киімі дүкенінде немерелеріне киім-кешек алып жүрген егде тартқан бір әйел кенет суықтан бүрісіп, терезеден өзіне тесіле қарап тұрған баланы көріп шошып қалыпты. Іле-шала сыртқа шығып, әлгі бейшара сәбиге ұрса жөнеліпті. «Неменеге телміріп тұрсың?!» десе керек. Әлгі сәби самарқау ғана «Мен мейірімді де шапағатты құдайдың маған аяз атадан бір жұп қысқы аяқ киім беріп жіберуін тітеп тұрмын депті».

Сәбидің жұқалтаң, жабырқау жүзіне қарап аналық мейірімі оянған әйел баланы жетелеп ішке кіріпті де көптеген қысқы киімдер алып беріп, киіндіріпті. Егде әйел енді бұрылып жүре бергенде өзінен көз алмай қарап тұрған сәби, қолынан ұстай қалып, «Сіз мейірімді де шапағатты құдайдың әйелісіз бе?!» деп таңырқай сұраған екен. Әйелдің көзінен жас парлап қоя беріпті.

Қандай қасіретті, азапты сұрақ бұл. Бұл сұрақта сәби санасына түскен жетімдік пен аш-жалаңаштықтың бар қайғысы мен жылт еткен үміт ұшқыны бірдей сезіліп тұр.

Сәбилерді жылатпайықшы, адамзат!

1-жүргізуші:

Жетімім неге босқа жиренесің, 
Шетелдің ас-суына үйренесің.
Отаным деп танисың ол жақты да,

Ер жетіп сол өлкеде үйленесің

Жәудіретіп көзімді шетке бердің,
Сезімімді өзіңнен сөккен едің.
Бауырымнан тепкен сәби күннен,
О, Азаттық мен саған өкпелермін.

2-жүргізуші:

Әкеммен анам жоғын басынасын,
Қулығыңды сұмдық қып асырасың.
Көз жасымды күнә етіп күптеп берсем,
Жаратқаннан қалайша жасырасың?!
Үйренсің деймісің, үйленесің,
Шет жерде шат-шадыман күйге енесің.
Арнаңа сыймай сөзді сөйлейсің ғой,
Аллаға тәубе деп бас имегесің

Альбомның келесі  беті    “Сатылған балалар ”

Оқушы:

Тудым да жылап,  анамды да көрмедім,

Анашым неге тойдыра ақ сүт бермедің.

Өзің тудың тоғыз ай іште көтеріп,

Дәл қазір кеттім қолында міне өзгенің.

Естуімше, бүгінде Қазақстан шет елге бала сату жөнінен  әлем бойынша үшінші орында тұрған көрінеді. Соңғы 20 жылда 10мыңнан аса шарананы шет ел асырған. Сұмдық-ай, тіпті 1,5 млрд халқы бар Қытайдың өзін артқа тастаған!

Өмірге енді келген қызылшақа шараналар тағдыр соқпағын басқа елден көруге мәжбүр. Сонда олардың адами құқығымен санасып жатқан кім бар? Кеудесінде шыбын жаны бар демесеңіз, сатып алып, сөмкеге салып әкете беретін әлдебір тауар дерсің.

Оқушы:

Тастанды…Бұл атаудың көпшілік көңілі үшін ауыр соғатыны белгілі. Ал әке-шеше жылуын аңсаған бейкүнә сәбилерге бұл сөздің әлеуметтік кемсітудей көрінетіні күмәнсіз. Әрине,туған әкенің тәрбиесін алып,туған ананың мейіріне қанғанға не жетсін? Онда қоғам мұндай мәселеге алаңдамас еді. Әйткенмен, «баламның табанына кірген тікен, менің маңдайыма қадалсын» дейтін қазақтың елінде тастанды қаракөздер азаяр емес…

 Оқушы:

Еліміздегі жетім балалардың проблемасы жоқ деп айтып отырған ешкім жоқ. Олардың жағдайы мәз емес, олардың да проблемалары бар. Бірақ, мәселені оларды шет елдіктерге сатумен шешкеніміз қалай?! АҚШ мемлекет департаментінің дерегі бойынша, америкалықтар 1999–2011 жылдар аралығында шетелдерден 233 мың 934 бала асырап алған. Оның 6 мың 421-і - бұл тізімде 7-орында тұрған Қазақстаннан барған балалар.

"Балам-бағым, балам-болашағым" дейді дана қазақ. Мұхит асып кеткен көгенкөздеріміздің арасында келешекте ұлы барыс елінің тұтқасын ұстар Ахметтер мен Ілиястардың, Сәкендер мен Мағжандардың шықпасына кім кепіл!? Сондықтан да періштедей бейкүнә сәбилерімзге  қамқорлық көрсетіп, махаббатымызға шомылдырудан шаршамайық! Жетімдерімізді жылатпайық, ағайын!

1-жүргізуші:

Өмір деген екі өзен: Мұң - қуаныш,
Толқыны: Шындық - Жалған, Күлкі - Намыс.
Бір таяздап өмірде,бір тереңдеп,
Бір лайланып,өмірде бір тұнамыз.
Күн десең де,тірлікті түн десең де,
Өмірде өсімдіктей бүрлесеңдер,
Жолында жолығатын қос тағдыр бар:
Жусан - Жантақ, гүл - Тікен,гүл мен Шеңгел.

2-жүргізуші:

Өмір дәмі,екі дәм: Ащы - Тәтті,
Таңдайыңа тиеді: Жұмсақ - Қатты.
Жолында жолығатын екі тағдыр,
Күтеді Адам үшін сын сағатты.

Өмір дәмі - екі дәм: улы – усыз,
Тірлік татып жатады шулы - шусыз.
Кез келіп тағдырына келеді Адам,
Жұмыр Жер құрлығында сулы - сусыз.
Қолға түспес дүние жұрт таласқан,
Кітап - Өмір парағын құнттап ашқан.
Сезінер жүрегімен,жаныменен,
Өмір әр кез ашық Күн, Бұлт та басқан.

Альбомымыздың келесі беті «Жетімдік қасіретіне батқан тағдырлар»

Оқушы: ЖЕРДЕ ЖЕТІМ ЖЫЛАСА… авторы: Жеңіс Байдәулетов

Өткінші-өмір, зулаған-уакыт,

Ұл балаң – алтын, қыз балаң – жақұт.

Миллион бақыт – балаңды сүю,

Басқаны сүю бір ғана бақыт!

Жастарым жүр сауықты құрып,

Көрсетіп қатар жағымсыз қылық,

Некесіз түннен сәбилер туды,

Шайтанға ғана құлшылық қылып,

Тойымсыздар бар ақшалап кеткен,

Тойымсыз көздер ашқарақ неткен?!

Тоғыз ай бала құрсаққа салып,

Тоғыз сағатта тастап-ақ кеткен.

Халықтан сұрап қайырым салып,

Жетімектер жүр ойы мұң шағып.

Көз жасын көл қылып жүздіріп көлге,

Қайғымен мұңнын қайығын салып.

Оқушы:

Қайран жастар, күнәға батып,

Өзге ұлтқа жүр сәбиін сатып.

Тастанды сәби көбейіп күнде,

Некесіз түннің таңымен атып.

Ата-ана елдің азат таңысың,

Сәби сүймеңіздер азаптау үшін.

Ұрпағың өссін тек өзіңмен емес,

Он алты миллион қазақтар үшін.

Баланы бағу қиын демеңдер,

Мал-мүлікті бұйым демеңдер,

Бәлкім бұл сөзге қарсы шығар,

Жетімектердің қанын жегендер.

Тас жүректің ұл сатуына,

Бағбанның ұқсас гүл сатуына,

Балаң болмаса мұсылманбыз ғой,

Айшық қадай сал үй шатырыңа.

Оқушы: Жетімдер  Өлеңді жазған: Асылзат Арыстанбек

Тірі жетім бөбектер-ай, бөпелер, 
Сендерді де сайқал өмір жетелер. 
Мауқын басқан біреулердің күнәсі, 
Мойныңда тұр, әлің жетсе көтерер. 
  Туғандығын білмейтін қай анадан, 
  Туа сала тұмар таққан наладан. 
  Сендерсіңдер түсіп қалған шанадан, 
  Сендерсіңдер тауып алған даладан. 
    Жанарына жарық құйса жанбайтын, 
    Қабағыңды, қадамыңды аңдайтын, 
    Осы міне жетімдердің мекені 
    Бақыт деген ұғым мүлде болмайтын. 
Жанарымен жарты әлемді жұтып ап, 
Жетім көңіл жамалмайды шытынап. 
Әлі талай көкелерін танытар, 
Құзғын-өмір көздеріне шұқылап. 
    Тірі жетім, аянышым жоқ саған, 
    Жетім болып туа ма екен «жақсы адам». 
    Тамыры жоқ, тексіздерді тобымен, 
    Біздің елге кімдер әкеп тастаған?! 
Туа сала кіндігіне кір сіңген, 
Әй, жетімдер, кісімісің, кімсіңдер? 
Ғұрпымызда жоқ бәлені бастап ап, 
Біздің елде неге қаңғып жүрсіңдер?! 
    Көтере алмай санам өсек, сыпсыңды, 
    Үзіледі жүйкем тозған жіп сынды. 
    Ойланта ма сені осы өмірің, 
    Білмейтінің ең әуелгі ныпсыңды. 

Жатырынан дүниенің керулі, 
Жазған саған Тәңір өмір көруді. 
Басар едім құшағыма асырап, 
Бірақ сенің білмеймін ғой тегіңді. 
    Тағдырыңа нали бермей бекерге, 
    Сен жүре бер өмір жүгін көтер де, 
    «...Милы адамдар» менен бұрын қимылдап, 
    Ұрлықшы ұшақ ұшып кетті шетелге. 
Тірі жетім, солай сенің тағдырың, 
Басқа елден атар саған таң бүгін. 
Құшағынан қу нәпсінің шыға сап, 
Ұшағында «мейірімнің» қаңғыдың. 
    Құның сенің аспай қалды қалтадан, 
    Қаңғытты да қайырымға тар қоғам. 
    Сол ұшақпен у-заһарың ұлғайып, 
    Біздің елге келе көрме қайтадан! 
Келе көрме, сенсіз дағы сорым көп, 
Бөтен елде кетер бәлкім жолың боп. 
Жетімдерін сидырмаған бұл елде, 
Келімсекке одан әрі орын жоқ! 
    Тірі жетім, бөбектер-ай, бөпелер, 
    Сайқал өмір сені осылай жетелер. 
    Түбі қайта оралмасың шын болса, 
    Ұшағыңа мініп ал да кете бер! 
...Жолың болсын, тірі жетім бөпелер!

Оқушы: ТАСТАНДЫ БАЛАНЫҢ МОНОЛОГЫ немесе “Іздеймін сені, АНАШЫМ…”

Жетімдер үйіне барғанда, көзге жасты толтырмай шыға алмаймын! Бүгін тағы да жетімдер үйіне бардым Жылап, шаршап ұйықтап кетіппін. Түс көріп жатырмын.

Оқушы:

Анашым…
Іздеумен келем, іздеумен өтем өзіңді,
Естігім келет бір ауыз жылы сөзіңді.
Жас жаныма серік етіп келемін
Таусылмайтын сабыр менен төзімді.

Анашым…

қалайша қиып, қалайша мені тастадың?
Сенсіз әлем қара түнек, ашық емес аспаным.
У- шуы көп көшелерде кетіп бара жатқанда
Қараймын мен қызыға анасына басқаның…

Анашым…
Кеудеңдегі жүрек пе, әлде темір ме?
Тастар болсаң неге әкелдің өмірге?
Неге, неге аямадың сен мені
Тумай жатып дақ түсірдің көңілге?..

Анашым… хайуан да тастамайды баласын,
Мендей сұлу періштені қайдан енді табасың?
Кеудемдегі СЕН деп соққан жұдырықтай жүректе
Өмір бойы сұрақ белгі болып қана қаласың…

Анашым…
Қатал тағдыр мені қалай аясын?
Тек түсімде маған құшақ жаясың.
Тірі болсаң, тілеймін амандығыңды,
Өлі болсаң… бұйыртсын жұмақ саясын…

Анашым…
Мен сені көрмесем де сағынамын,
Тағдырдың жазғанына бағынамын.
О дүниеде жазаласа Тәңірім,
Араша боп, қасыңнан табыламын.

Білемін, сезем…
Оңашада жасыңды көл ғып төктің,
Мен сені келеді тек бақытт(ы) еткім.
Оралшы тез, кешіремін… бұл өмірге
Жалғыз келіп, келмейді жалғыз кеткім…

Күнде оқимын сен қалдырған хатыңды,
іштей ғана қайталаймын атыңды.
Көп болды ғой, түн ұйқымды сағындым
Қанша таңды сені ойлаумен атырдым…

Анашым…
Азайып бара жатыр күлкім де,
Мәңгілік көз жұмсам ғой бұл түнде.
” Кешір мені!” деп жазыпсың хатыңда
Менің сізге өкпелеуім мүмкін бе?..

Қайран көңіл іштей ғана тынады,
Қайда екен бақыт, шаттық тұрағы?
Не болса да көнем, басқа амал жоқ,
Бұл да, мүмкін, бір Алланың сынағы…

Сені ойлаумен өтеді менің әр күнім,
Білмеймін ғой не кінәмнің барлығын…
Оқушы: Шошып ояндым… Көп күн болды бұл түстің мені мазалап жүргеніне…
Түсімде жетімдер үйіне барыппын. Не үшін барғаным өзіме де, өзгеге де белгісіз. Алдымнан 5-6 жасар періштедей кінәсіз де күнәсіз бала жүгіріп шықты. Ол маған үміттене қарады. Оның көзінен “Мені алып кетуге келдің бе?” деген сұрақты оқу қиын емес еді. Мен үнсіз басымды шайқадым. Өкпелеп, бұрылып кете ме деп ойлап едім… олай етпеді. Маған көз алмастан қарап тұра берді, тұра берді.Тек көздерінен мөлдіреген жас тамшылары тарам- тарам болып ағып жатты. Бұл өлең жолдарын мен сол баланың көздерінен оқыдым.Оның мейірім аңсап тұрған көздерінде мұң бар ед. Оның қасына барып: ” Мен сені түсінемін…” деп едім, ол :” Менің дәл қазіргі күйімді өзімнен басқаның түсінуіне дәрмені жетпейді…” деді.
Шошып ояндым… Қасиетті ҚҰРАНДА, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың хадистерінде ” ЖҰМАҚ- АНАНЫҢ ТАБАНЫНЫҢ АСТЫНДА!» деген сөздер бар. Жұмақ қандай ананың табанының астында? Тоғыз ай бойы көтерген періште- сәбилерін жалған намыспен тірідей жетім еткен аналардың қай жері қасиетті? Баласын тастаған аналар дүниенің бақытын қайдан іздейді екен?.. Егер Құдай құдірет берсе, сол жетімдердің бәріне аналары сыйлай алмаған жылылық пен мейірімділікті, сүйіспеншілікті сезіндірер едім. Егер Құдай құдірет берсе…

Оқушы: Көңілім жетім, жүрегім болса - жаралы...

Зымырап уақыт, күндерім өтіп барады, 
Көңілім жетім, жүрегім болса - жаралы. 
Қызғалдақ-ғұмыр жатыр-ау өтіп елес боп, 
Әттең-ай, әттең, өмірім не боп барады?! 
    Мазасыз ойлар түнімен ұйқы бермейді, 
    Соншама неге қинадың мені, Жаратқан?! 
   "Бақыттымын" деп өтірік айтқым келмейді, 
   Қу темір құсап алтынмен сыртын жалатқан. 
Өксітіп өмір, тағдырым талай жылатты, 
Аяқтан шалып дұшпаным мені құлатты. 
Сонда да келем ақиқат атты ақ жолмен, 
Қайтадан жағып үмітпен соңғы шырақты..

1-жүргізуші:

 Балаларын бабалар көпсінбеген,
Бір-біріне серік боп өссін деген.
Қырық түрін қарғыстың білген қазақ:
«Тұяқсыз қал!» – деп бірақ тепсінбеген.
2-жүргізуші:

Бар кезінде бармын деп тасымаған,
Жоқ кезінде жоқпын деп жасымаған.
Қазығында қарасы болмаса да,
Қазақ атам он жанды асыраған.

Қазақ халқымыз қандай қиын күнде де жетімін жылатпаған халық.

Әке мен ана қамқорлығын көрмеген жетім бүлдіршін,жас жетімектердің жанарын мөлдіретпей, әке орнына әке, ана орнына ана болып жүрген, көкірегі ояу, көзі ашық жандар да бүгінгі таңда аз емес.

  Альбомымыздың келесі беті «Жаныңда жүр жақсы адам»

Диктор:

Қазіргі кезде жетім баланың жарым көңіліне қуаныш сыйлап, баланы өз қамқорлығына алып, оларға ата - аналық махаббатын сыйлаған жандар баршылық. Сондай алтын жүректі жандарға үкіметіміз қолдау көрсетуде.   «Жетім балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін» номинациясы бойынша Талғар қаласындағы «Нұр» отбасылық балалар үйінің директоры Тұяқ Есқожина «Алтын жүрек» мүсіншесін бірінші болып алды. Биыл көктемде Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Тұяқ Қазкенқызының Елбасы қолынан «Бірлік» алтын медалін алғанын да білеміз. 16 жылдан бері 340 баланың анасы болған осынау абзал жанды алтын марапат тағы да лайығымен таңдап, дәл тапқанына қуанып отырдық.

2013 жылдың 18 қараша күні 120 жетім баланың анасы Тұяқ Есқожина «Алтын жүрек» номинациясын иеленді.

 Видео 1

Диктор:

 «Жетім» деген сөз қазақ халқына жат, дегенмен қазіргі таңда қоғамдағы ең бір етек алып отырған өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны ешкімге жасырын емес. Не себепті қоғамда жетім балалар көбеюде, оларға кімнің жаны ашып, кім жәрдемдеседі, кім қамқор болып, кім назарға алуда. Бұл сұрақтарға жауап алу қиын, жауап алсақ та одан қорытынды шығару мүмкін емес. Қазақта «Жетім көрсең жебей жүр», «Жетімнің көз жасы удан да ащы» деген сөздеріне қарамастан жетім мәселесі күрделеніп келе жатқаны жасырын емес. Сол себепті жастардың бойында қайырымдылық сезімін ұялатып, өскелең ұрпақты рухани жағынан тәрбиелеп, тағдыр тәлкегіне ұшырап, ата-ананың қарауынсыз қалған балаларға қоғамның назарын аударту үшін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП саяси кеңесінің бюро мүшесі Нұртай Сабильянов айта жүрер азаматтық іс жасады. САБИЛЬЯНОВ САЯСЫНА АЛҒАН Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Науалы балалар үйінің 14 баласы АСТАНАНЫ АРАЛАДЫ

Видео 2

Диктор:

Ақмола облысы Макинск қаласының тұрғындары ерлі-зайыпты Серік Әкімбаев пен Жаңылған Әкімбаеваның 44 баласы бар. Олардың 5-уі өз балалары болса, қалғандарын балалар үйінен патронаттық қамқорлыққа алған.

Видео 3

Диктор:

  Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласындағы көпбалалы шаңырақтың отағасы Ысқақ Жұмашевтың өзі жетімдіктің ащы дәмін ерте татқан екен. Ата-анасынан айрылған бозбала жастайынан алдына мақсат қойып өседі.
 Өзі секілді жетімдерді асырап адам етсем деген арман ата-анасыз есейіп, ержеткен жігіттің көкейінде ұялайды. Шаңырақ көтеріп, жасы алпысқа аяқ басқан шағында мақсатын орындауға кіріскен азамат, 1990-шы жылдардың басында ата-ана мейірімінсіз қалған жетім балаларды өз бауырына басып, тәрбиесіне алады.
  Жұмашевтар отбасы дүниеге келісімен ата-ана мейірімінен айрылған тастандыларды асырап алып, шаңырағын отбасылық балалар үйіне айналдырады. Осылайша, 13 сәби ата-ананың мейіріміне бөленеді.

 Бүгінде жасы жетпіске келген ақсақалдың зайыбы Гүлжаһан Керімбайқызы отағасының қолға алған қайырымды ісін қуаттап, демеген. Түн баласы көз ілмей 8 бесікті қатар тербетіп, талай таңды атырған ақ жаулықты ана құрсағынан шықпаса да, балаларды өзінің бес перзентінен кем көрмей тәрбиелеуге тырысқанын айтады.

Видео 4

Жамбылдық өрендер Өмірханова Аяулым, Нұрхан Гүлнұр, Тлеуқұл Айгерім және Мұхтар Лауралар Сара Алпысқызы гранттарының иегерлерлері

Қорытынды:

    Ата-анасынан айырылған адамдар қазіргі заманда өте көп. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген сөз бар. Ол өзін ешқашан жетім деп санамауы тиіс. Бұл да өмірдің бір сынағы. Басыңды тік көтеріп, тек қана алға қара. Қиындықтың бәрін өліммен шешуге болмайды. Өзіне жақын адамдарды таба аласың, сондықтан еңбек етіп, өмірде өз орныңды тап. Көтеріп тұрып, құлатады өмір.
Күлдіріп тұрып, жылатады өмір.
Етегің толып еңіреген кезде
Қайтадан өзі жұбатады өмір.
Үмітіңді үзіп, түңіле көрме,
Құлап барып та гүл атады өмір.
Үп еткен желге дірілдей берме
Шыдамдылықты ұнатады өмір-дей келе алдағы өмірлерің тек жарқын болсын деймін. Назарларыңызға  рахмет!!! Әрбір күніміз шуақты болсын! ! !

 

 


Пікірлер (2)

Бауыржан

Мен бардым жетімханаға,

Басымды иіп Аллаға

Көздерін көрсем сәбидің

Мұқтаж екен әке менен анаға
осынын авторы кім

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз