Өлең, жыр, ақындар

Дені сау ұрпақ - ел болашағы

Шымкент қаласы
«Қазығұрт» №66 жалпы орта мектебі
Бастауыш сынып мұғалімі
Дайрабек Бақтыгүл Тәжіқызы

 

Мақсаты: Денсаулықты күту, оның адам өмірі үшін маңызын оқушыларға түсіндіру.

Ел үшін маңызы бар VII Қысқы Азия ойындары туралы түсінік беру.

Оқушылардың жеке қабілеттерін, тілін, есте сақтау қабілеттерін дамыту.

Түрі: тренинг

Әдісі: сұрақ-жауап, топтық, жеке, көрнекілік

Көрнекілігі:  Денсаулыққа байланысты нақыл сөздер, спортшылар сурет, мультимедия.

Жүру-барысы:

І. Ей, болашақ ұланым!

Болашағы қазағымның,

Сендерсің деп білемін

Балғынды жас болашақ

Мен сендерге сенемін!

Елбасымыздың жолдауында атап өткеніндей "адам елдің басты байлығы", осы адамдардың денсаулығының жақсы, жаман болуына өздерінің іс-әрекеттерінің әсері мол. Еліміздің болашағы жастардың қолында. Сондықтанда әр жас ұрпақ өз денсаулығын ойлауы керек!

Ұстаздар! Оқушылар!

10 топ оқушыларының "Дені сау ұрпақ - ел болашағы" атты шарамызға қош келдіңіздер!

Шарамызды бастамас бұрын келісім шарт қабылдаймыз және осы келісімді әрқашан еске ұстаймыз.

1. ҚОЛ КӨТЕРУ ЗАҢЫ: кезекпен сөйлеу, біреу сөйлеген кезде қалғандары үнсіз тыңдайды. Сөз алғысы келсе, ҚОЛ КӨТЕРЕДІ.

2. БАҒА БЕРМЕУ ЗАҢЫ: әр түрлі пікірлер тыңдалуға, қабылдануға құқылы, ешкім ешкімді бағалап, сынап -мінеуіне болмайды.

3. СЫР АШПАУ ЗАҢЫ: болған оқиғалар тек топ мүшелерінің ортасында ғана қалады, сыртқа жарияланбайды.

4. БЕЛСЕНДІЛІК ЗАҢЫ: тәрбиелік шараның белсенділік көрсеткендерге  жай отырғандарға қарағанда берері мол.

ІІ. Шарамызды бастаймыз.

Миға шабуыл

- Деніміз сау болу үшін не істеуіміз қажет?

- Спорттың, қимыл-қозғалыстың пайдасы бар ма? (әр оқушы қол көтеріп өз ойларын айтады)

- 2011 жылы Қазақстанда қандай дүбірлі дода өтеді?

Шағын лекция

Лекция VІІ Қысқы Азия ойындарына арналады.

Азия ойындары - 4 жыл сайын 1951 жылдан бері Азия елдерінде өткізілетін спорт жарысы. Алғаш Үндістанның Нью-Дели қаласында өтті. Азия ойындарының жалпы ұзақтығы -ашылуы мен жабылуы салтанатын қоса есептегенде кем дегенде 7 және ең кем дегенде 16 күннен артық емес. Қысқы Азия ойындарында 65 медаль жиынтығы ойналатын спорттың 11 түрінен жарыстар өткізіледі. Олар шайбалы хоккей, допты хоккей, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, биатлон, мәнерлеп сырғанау, шаңғымен тұғырдан секіру, тау шаңғысы, фристайл, шорт-трек  сияқты ойын түрлері кіреді.

VІІ Қысқы Азия ойындарының логотипі де бірден көзге түседі. Дөңгелекке ұқсаған пішін күн белгісін білдіреді және өмір мен қуат сыйлайтын күн сәулесін елестетеді. Түстік үйлесімділігі суық КӨК ТҮС пен жылы ҚЫЗЫЛ ТҮС. 2 түс те көтеріңкі көңіл-күйді күшейтетін түстерге жатады. Жоғарғы жағындағы қызыл күн барлық Азия ойындар эмблемасында кездеседі. Ойынның басты бойтұмары-кішкентай барыс. Қар сұлбасынан аздап хабар береді. Спортшыларды бейбітшілікпен достыққа шақырады.

2011жылы 11 қаңтарда Азиялық олимпиада Кеңесінің штаб пәтері орналасқан Эль-Кувейт қаласында біздің эстафет алауы жағылады. алау Алматыға 12 қаңтарда Алматы қаласына жеткізілед. 20 күн ішінде алау Қазақстанның барлық аймақтарын аралап, 30 қаңтар күні Астана қаласындағы "Астана-Арена" стадионына әкелінеді.

17 қаңтарда Азия алауы Атырау қаласына келеді.

Топтармен жұмыс

Топтарға кезектесіп сұрақтар қойылады. Қол көтеріп, шуламай жауап береміз.

1. Ванкувер қаласында өткен олимпиадада сынға түскен қазақстандық шаңғышы қыз? ( СВЕТЛАНА МАЛАХОВА-ШИШКИНА)

2. Қызылордалық ауыратлет. Пекинде  өткен олимпиадада жалғыз алтын медаль сыйлаған спортшы? (ИЛЬЯ ИЛЬИН)

3. Сидней-2000ж. Олимпиада чемпионы. Жеңіл атлеткашы қыз. (ОЛЬГА ШИШИГИНА)

4. Афины олимпиадасында Қазақстан қоржынына бокстан алтын сыйлаған спортшымыз. (БАҚТИЯР АРТАЕВ)

5. Ванкуверде өткен олимпиаданың күміс жүлдегері, биатлоншы? (ЕЛЕНА Хрусталева)

6. Қазақстандық фристайл-акробатшы қыз? (Жібек АРАПБАЕВА)

7. Ерлер арасында конькиден жекелей бақ сынап жүрген спортшымыз? (АБЗАЛ РАҚЫМҒАЛИЕВ)

8. Сидней олимпиадасының жарық жұлдызы, 20 жасында жасындай жарқ еткен боксшы, олимпиада чемпионы? (БЕКЗАТ САТТАРХАНОВ)

9. Астаналық танымал хоккей клубы қалай аталады? (БАРЫС)

10. Афины олимпиадасында Қазақстан көк байрағын алып жүрген дзюдошы кім? (АСХАТ ЖИТКЕЕВ)

     

Жалпы сұрақ

- БОКС туралы не білесіңдер?

Бокс бұл арнайы қолғап киіп айқасатын екі адамның жекпе-жегі. Бокстық жекпе-жек әрқайсысы 3 минутқа созылатын 3 сайыстан тұрады. Бокс чемпиондары ЕРМАХАН, БЕКЗАТ, МҰХТАРХАН

- КҮРЕС туралы не білесіңдер?

Күрес спорттың байырғы түрі. Күрестің классикалық күрес (қарсыласының жауырынын жерге тигізу немесе ұпай санымен жеңу, еркін күрес, дзюдо, самбо.

Не білдік? Нелер үйрендік? (әр ойыншы өзін-өзі тексереді, бағалайды)

Қорытынды сұрақтар қою.

1. Азия ойынының бойтұмары не? (БАРЫС)

2. Азия ойындары алғаш қай жылы болды?  (1951)

3. Азия ойындар неше жылда өтеді?  (4 жылда)

4. Алғаш қай қалада өтті? (Нью-Делиде)

5. Эль-Кувейт қаласында алау қашан жағылады?  (2011ж 11 қаңтарда)

6. 7 -Қысқы Азия ойындарында қанша медаль сарапқа салынады? (65 медаль)

7. Азия ойындарының алауы Атырау қаласына қашан келеді? (17 қаңтарда)

8. Алау Қазақстанның барлық аймақтарын неше күнде аралап өтеді?

9. Қысқы Азия ойындарында спорттың неше түрінен сыңға түседі? (11 спорт түрінен)

10. Азия ойындарының логотипі неше түстен тұрады? (көк және қызыл)

Ж а р а й с ы ң д а р!

Тілек айту.

Қорытынды.

"Денсаулық-зор байлық", "Басты байлық-денсаулық"дейміз. Олай болса жаман әдеттерден аулақ болып, спортпен шұғылдан! Спортты сүй! Өз тағдырың мен денсаулығыңа немқұрайлықпен қарама! Қысқы Азия ойындарында өз спортшыларымызға қолдау білдір!

Абылай ханның сөзімен айтқанда: " Білекке сенген заманда, жауға есе бермедік, білімдіге сенген заманда, қапы қалып жүрмелік."

Отан үшін отқа түсетін, ел мерейін өсірер саналы да, дені сау азамат болыңдар!


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз