Өлең, жыр, ақындар

Ауғанның от жалыны

Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы
№12 бастауыш мектеп
Жумамуратова Раушан Тлеумуратовна

 

Тақырыбы: «Ауғанның от жалыны»

Мақсаты: Ауған оқиғасының тарихи мағынасын аша отырып, соғыс ардагерлері туралы мәлімет беру. Тарихи деректердің маңызды екендігін ұғындыру, Тәуелсіздік жолында күрескен аға-апаларымыздың ерлігін мақтаныш ете отырып, оқушыларды ұлтжандылыққа, отанын сүюге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Жеке суреттер, карта, шарлар.

Барысы:

Ұйымдастыру. Амандасу

«Біз не білеміз?» кезеңі: Картамен жұмыс (түсінік беру, көрсету, Ауған жері т.б)

Қару саудасы   

Топтастыру: «Соғыс дегеніміз не?»

Мұғалім: Соғыс халықтың басына келген қасірет, жұт. «Ауғанстан - жүректегі жара» демекші 15 ақпан 1989 жылы талай аналарды перзенттерден айырған, мыңдаған жерлес бауырларымыз қаза тапқан қасіретті де, қайғылы  «Ауған соғысы» аяқталды. Жылдар өткенімен жауынгерлеріміздің өшпес ерлігі ел есінде сақталуда. Бүгінде біз бейбіт елдің жастары, еліміздің сол соғысқа қатысқан ұлдарын, Отан алдындағы борыштарын адал атқарған азаматтарымызды  құрмет тұтуға міндеттіміз.

Поэзия минуты. Оқушылар тақпағы:

1. Сол Ауғанда талай досты жерледік,
Қарлы шыңға күн түн демей өрледік.
Сұрапылда ерледік те шерледік,
Намыс туын қолдан бірақ бермедік.

2. Отан - өлең, Отан - жыр
Көтерген көкке ел даңқын.
Отан - осы,  достарым,
Көңілге мұны түйе біл!
Отан деп өс жас ұлан,
Оны ардақтап, сүйе біл!

3. Көп ұлтпыз бірлігі зор, бір туысқан,
Шеңгелін сала алмас ар дұшпан.
Жасай бер еркіндікке қолы жеткен,
Тәуелсіз егеменді Қазақстан!

4. Достық бізге тым ыстық,
Бірлік-байлық ырыс құт.
Жарқырасын күніміз,
Жаса, жаса тыныштық!

«Білейік, танысайық!» кезеңі. Ауған соғысы туралы мәліметтер

- 1979 жылы 12 желтоқсанда Кеңес Одағы басшыларының шағын тобы : Л.И.Брежнев, Ю.В.Андропов, М.А.Суслов, Д.Ф.Устинов Ауғаныстанға Кеңес әскерін енгізу туралы шешім қабылдады.

- 1979 жылы 25 желтоқсанда КСРО әскерлері Ауғаныстан шекарасынан өтіп онда 1989 жылдың ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді.

- Қазақстаннан Ауған соғысына 22000 адам қатысып, олардың 761-і қаза тапты. 21 адам хабарсыз кетті.

- Бүгінгі таңда Қазақ елінде 10000–ға жуық ауған ардагерлері бар. Олардың 3000–дайы мүгедектер қатарында.

Бейнебаян. «Ауған жерінде ... »

Жеке суреттер: «Батырлардың ғұмыры қысқа, даңқы ұзақ»
1. Сыздықов Сүндет Қырғызбайұлы (1978-1980 жылдары Кеңес әскері қатарында Ауған соғысына қатысқан.)
2. Солтиев Серікбек Тілеужанұлы (1979-1980 жылдары Кеңес әскері қатарында Ауған соғысына қатысқан.)
3. Аманбаев Жомарт (1985-1987 жылдары Кеңес әскері қатарында Ауған соғысына қатысқан.)
4. Рысмендиев Қайрат Сейпенұлы (1986-1988 жылдары Кеңес әскері қатарында Ауған соғысына қатысқан.)

«Макал-мәтелдер» кезеңі. Ерлік, батырлық, достық туралы

Мұғалім: Қазіргі таңда Ауған жерінде қару асынып, мұң арқалаған, сын сағаттарда бірін-бірі бауыр дескен азамат ағалар еліміздің түкпір – түкпірінде еңбек етіп, өз үлестерін Отан үшін қосуда. Үкіметіміз  ардагер ағалардың ерлігін ескеріп, жеңілдіктер жасап келеді. Ал біздер, Тәуелсіз елдің жарқын болашағымыз. Ел тыныштығы үшін, бірлік үшін соғысқа қатысқан ардагер ағаларымызды құрмет етіп, ерлігін жырға қосып, есімдерін естен шығармауға міндеттіміз.

«Мен еліме тілеймін ...» кезеңі. Әр оқушы ақ көгершінге ақ тілегін жазып, көгершінді жоғары көтереді.

Ән: «Бейбітшілік сақталады».


Пікірлер (4)

Қалдыгүл

сынып сағатыңыз өте жақсы жазылған

Сара

Пайдама жарады, рахмет

Артығай

рақмет тәрбие сағатыңызға

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз