Өлең, жыр, ақындар

Тоқта! Сақтан! Жол ашық!

Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы
№12 бастауыш мектеп
Тинева Гулден Бияловна

 

Мақсаты: Оқушыларға жолда жүру ережесін үйрете отырып олардың алған білімдерін пысықтау; Өз пікірлерін еркін білдіруге, көше белгілерін жатқа айтуға дағдыландыру; Оқушыларды мейірімділікке, байқағыштыққа, сақтыққа тәрбиелеу.

Әдісі: түсіндіру, сұрақ-жауап.

Көрнекілігі: Слайдтар, бағдаршам макеті, жол белгілері, жұмбақтар, видеоролик.

Барысы:

Ұйымдастыру. Амандасу.

Мұғалім: - Құрметті қонақтар, оқушылар бүгінгі сабағымызға қош келдіңіздер! Жолда жүру ережесіне байланысты оқушылардың алған білімдерін пысықтау мақсатында «Тоқта! Сақтан! Жол ашық!» атты ашық тәрбие сағатын бастауға рұқсат етіңіздер.

Жол тәртібіне арналған өлең жолдарына көңіл аударайық:

1. Арманға алда күткен асығармыз,
Біз қалай толқын атттай басылармыз.
Жол жүру ережесін жақсы біліп,
Сақтыққа тұра алатын жас ұланбыз.

2. Шуақты өміріміз күндей күліп,
Жүректе бүршік атып гүлдейді үміт.
Арманға сапар тарту мүмкін емес,
Жол жүрсек ережесін білмей тұрып.

3. Қай көше, қай қалаға барсаңыз да,
Қай ақыл өлшеміне салсаңыз да.
Жол жүру ережесі – заңды тәртіп,
Ол ортақ үлкен, кіші баршамызға.

4. Жалғайтын достастырып бар елменен,
Жолдардан тұрады ғой әлем деген.
Бүгінгі бізге келген қонақтарға,
Сабағымыз басталсын әніменен.

Ән: «Біз достармыз»

«Ой шақыру» кезеңі. Жұмбақ шешу

Жоқ өзінде бас та, ауыз да, құлақ та,
Бақырайған үш көзі бар бірақ та. Ол не? (Бағдаршам)

«Жол белгілері сөйлейді» кезеңі.

1. Сақтандыру белгісі. Ескерту белгісі.
Қып-қызыл үшбұрыш,
Ескерту белгісі мен болам.
Қауіптен сақ бол деп,
Сәт сапар жолдаған.
Аман-сау жүреді жаяу да, көлік те,
Мен берген белгіні сақтаған, қолдаған.

2. Тыйым салу белгісі.
Қызылмен боялған шеңбермін аумақты,
Тыйымшыл белгімін, қаталмын, салмақты.
Мен тұрған жерлерде хақың жоқ жүруге,
Қауіп тұр, бағдарла, көз салып жан-жаққа.

3. Міндеттер белгісі.
Белгімін көрсетер, жылдамдық, бағытты,
Міндетті бұрылыс, әйтпесе қауіпті.
Барлығын анықтап тұрамын жолыңда,
Абай бол, шартымды мүлтіксіз орында.

4. Нұсқау белгісі.
Баратын жеріңнің бағытын, тұрағын,
Үн-түнсіз жол сілтеп, жол нұсқап тұрамын.
Күндіз де, түнде де от болып жанады,
Көк түске боялған, төртбұрыш шырағым.

Бейнеролик тамашалау. «Жолда жүру ережесі»

Ойын: «Бағдаршам» Шарты:

Қызыл түс – тыныш тұра қалу,
Сары түс - оң аяқтарын көтеру,
Жасыл түс – аяқтарын топ-топ басу. (ойын 2-3 рет қайталанады)

«Ой бөлісу» кезеңі. Жұмбақ шешу:

Қозғамасаң құлайды,
Сүйемесең сұлайды.
Құйымшақта ері бар,
Бұл не деген жануар?  (Велосипед)

Суретпен жұмыс. «Көшедегі велосипед»

Викториналық сұрақ-жауаптар алу:

1. Қанша жастан бастап велосипедпен жүруге рұқсат етіледі?

-Т ек 14 жастан кейін ғана көшеде велосипедпен жүруге рұқсат етіледі.

2. Бағдаршамның қызыл шамы жанып тұрғанда кімдерге өтуге рұқсат етіледі?

- 01 – Өрт сөндіруші, 02 – полиция, 03 – жедел жәрдем көліктеріне.

3. Көшеде жүру тәртібін бағдаршам болмаса, кім басқарады?  

- Реттеуші.  

1. Бес жас емес, он төрт,
Болсаң-дағы кетпе.
Жолға шығып дәндеп,
Велосипед теппе.

2. Көшеде бағдаршам болмаса,
Кідірме, абыржып онда аса.
Көшеде ортаға жеткенше
Әуелі көзіңді сол жаққа,
Ортадан өткен соң,
Мойның бұр, балақай, оң жаққа.

Бекіту. Не үйрендік? Қандай белгілерді білу маңызды? Бағдаршам не үшін қажет?

Жаттығу: «Жүректен-жүрекке». Оқушылар стикерлерге тілек жазып бір-біріне табыстайды.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз