Өлең, жыр, ақындар

Халқымыздың кие тұтқан сандары

Абай атындағы Республикалық мамандандырылған
дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін
тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының
тәрбиешісі  Елеусізова Шолпан

Сабақтың мақсаты: Оқушыларға қазақ отбасындағы тәрбиенің ерекшелігі туралы қысқаша мағлұмат беру.  Баланың бойына адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, халық өнегесін үйрету. Жеті ата, жеті байлық атты ұлағатты ұлттық ұғымдардан хабардар ету.

Жас ұрпақтың ұлттық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты құрметтеуге тәрбиелей отырып, танымдық қызығушылықтарын дамыту.

Халық қазынасының тереңіне бойлап, қасиетті сандар жайында мағұлматтарды көпшілік қажеттілігіне жарату.  Осы сандардың қасиеттілігі неде екенін айқындау.

Сабақтың көрнекілігі: Интерактивті тақта, слайдтар, суреттер, ұлттық бұйым көрмелері.

Сабақтың барысы:

Пифогор: «Әр сан өзіндік ерекшелікке ие» - деген екен.

1- жүргізуші Асхат:

Ата салтым – асыл мұрам, ардағым,
Бабалардың жалғастырар арманын.
Сан ғасырда қалпын бұзбас қадірім,
Өткенімді бүгінменен жалғадым.

2-жүргізуші Арай:

Қазағымның салт-дәстүрі жаңғырған.
Тәлімді ой сынағы, тәрбие көзі қалдырған.
Салт-дәстүрді ардақтайық, ағайын,
Қазақ атты үлкен, кіші, балдырған.

3- жүргізуші Дәурен:

Жиналыппыз, сәтті күні бәріміз де,
Үлкен, кіші, жасымыз, кәріміз де.
Төрлетіңіз, қадірменді қонақтар,
Гүлдей жайнапмына біздің төрімізге.

Күй:  Дәулеткерейдің күйі  «Қосалқа». Орындайтын Арынова Аружан.

Мұғалім сөзі: Сынып оқушыларын үш топқа бөлеміз:

1. Төле би     2. Қазбек би    3. Әйтеке би ауылдары  (алдын-ала үш ауыл оқушыларына тапсырма берілген)

4-жүргізуші Назерке:  Бала тәрбиесіне, жалпы адам тәрбиесіне терең мән беріп, оның сәтті қағидалары мен  ережелерін ұстанғандардын бірі - өзіміздің қазақ халқы. Біздің халқымыздың тәрбие тәсілдері мен тәжірибелері өте көп. Халқымыздың ғасырлар бойы жазған зор еңбектері – салт-дәстүр, әдет-ғұрып үлгілері мен өнегелері соның айғағы.

Туған соң адам боп,
Білімсізден жаман жоқ.
Ел дәстүрін білмесең,
Жұрт айтады надан деп.
Ата-бабаң ардақты,
Жамандыққа бармапты.
Ардай тұтып үлкенді,
Ата жолын жалғапты.

5-жүргізуші Төлеген:

Бауырласқан тәніміз,
Бұзылмаған антымыз.
Кең даланың ежелгі,
Қазақ дейтін халқымыз.
Өзге ұлттай біздің де,
Бар дәстүр мен салтымыз, - дей келе,

Біз бүгін сандар әлеміне саяхат жасаймыз. Бұл саяхатта біз көптеген сандардың сырларын ашып, олардың қасиеттерінің пайда болу кезеңін тамашалаймыз. Жан жағымызға қарасақ сандар тек қана математика емес, тағы басқа көптеген ғылымдарда маңызы зор. Қарап отырсақ, осы қарапайым 10 цифр болмаса, біз телефонда соға алмаймыз. Жалпы таным проблемасымен байланысты ескілікті наным-сенім түрлерінің тілдік көріністері, әсіресе сан атауларымен келген тұрақты сөз оралымдарында өте көп кездеседі. Байырғы кездерде халық әр алуан құбылысқа нәзік бақылау жасай келіп, олардың ортақ қасиеттері мен сипаттарын санмен түйіп, санамалап айтып отырған. Әр санның өзінің ерекше қасиеті бар.

Мұғалім сөзі: Сөз кезегін үш ауыл қонақтарына берсек қайтеді? Ендеше сөз сіздерде.

Төле би ауылы:

Біз қасиетті сандар туралы көптеген мәлімет жинадық. Енді сол мәліметтерді сіздермен бөлісіп айтайық:

А. Аружан.

Бір санның киелігі:

1. Алла жалғыз. Алладан басқа ешбір тәңір жоқ.

Нұржас: Мен «2» санына байланысты тоқталсам.

Күні-түні дем алмайтын екеу:

1. Ай.  2. Күн.

Патшалық құрған екі мұсылман, екі кәпір:

Мұсылмандардан: 1. Сүлеймен.  2. Ескендір Зұлқарнайын.

Кәпірлерден: 1. Налерут. 2. Шиддат.

Екі  дос бар:                        

1. Адал дос. 2. Амал дос.

Аймереке:

Нұржас, сен «2» саны туралы айтсаң, мен «3» саны туралы айтайын.

Үш қуат:

1.Ақыл. 2.Жүрек.  3. Тiл.

Үш жүз:

1.Ұлы жүз. 2.Орта жүз.  3.Кіші жүз.

Үш құсты өлтіруге болмайды:

1. Көкқарға.  2. Қарлығаш.  3. Байғыз.

Адам Атаны жаратқанда жіберген үш қасиет:

1. Ақыл. 2. Ұят. 3. Сабыр.

Үш нәрсе аз болса да, көп болады:

1. Қайыр-садақа. 2. Сауап. 3. Дұға.

Үш нәрсе үш нәрсесіз болуы:

1. Басы бар, ақылы жоқ іс. 2. Ғылымы бар, амалы жоқ іс. 3. Байлығы бар, қайырсыз іс жасаушы.

Гаухар: Үш санына байланысты: Үш арсыз - күлкі, ұйқы, тамақ. Үш тоқтам - ой, ақыл, шешім, Үш із-бала, байлық, бақыт. Үш қасиет - өліде аруақ, малда кие, аста кепиет. Үш қадірсіз - жастық, денсаулық, жақсы жар. Үш қадірлі - ырыс, бақ, дәулет. Үш тәтті - жан, мал, жар. Үш қуат - ақыл, жүрек, тіл.

Әсел: 

Үш көз: Су анасы – бұлақ, жол анасы – тұяқ, сөз анасы – құлақ

Үш жұрт: өз жұртың – күншіл, қайын жұртың – міншіл, нағашы жұртың - сыншыл

Үш мақсат: Саудагер мақсаты – ұту, жол мұраты – жету, дау мұраты – біту

Үш үміт: жазылам деп науқас үмітті, байимын деп кедей үмітті, кетем деп қыз үмітті

Үш кемшілік: атың шабан болса – жалғанның азабы, алғаның жаман болса – дүниенің тозағы, балаң жаман болса – көрінгеннің мазағы

Үш алыс: жер мен көк, жас пен кәрі, жақсы мен жамнның арасы

6-жүргізуші Диана: Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды
Жаздым, үлгі жастарға бермек үшін, - деп Абай атамыз жырлағандай сыныбымыздың жас ақындары өз шығармашылықтарымен бөліссін.

(Ортада жас ақындар: Назерке, Амина, Төлеген, А.Аружан, Назым)

Мұғалім сөзі: Қазбек би ауылына кезек берейік.

Т. Айгерім:  Біз осы сандарды әрі қарай реті бойынша қасиеті мен киелілігін айтайық.«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді.» -демекші «4» санына байланысты

Төрт кiтап бар:

1. Мұсаның кiтабы – Тәурет. 2. Дәуiтгiң кiтабы – Забур. 3. Исаның кiтабы – Інжiл. 4. Мұхамбет пайғамбардың кiтабы – Құран.

Төрт асыл:

1. Иман. 2. Намаз. 3. Ілім. 4. Мейір-Шапағат.

Төрт ұры:

1. Азғырушы шайтан. 2. Күпірлік. 3. Тәкаппарлық. 4. Мейірімсіздік.

Нұрболат:

Төрт дария:

1. Ніл. 2. Фират. 3. Жейхун (Амудария) . 4. Сейхун (Сырдария).

Төрт түлік - түйе, жылқы, қарамал, қой-ешкі. Төрт құбыла- батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстік. Төрт мұхит- Үнді, Атлант, Тынық, Мұзды. Төрт тоқсан- көктем, жаз, күз, қыс.

7-жүргізуші Нұржас:

Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз,- демекші «5» санына да кезек келіпті

Мәлике.

Исламдағы бес парыз:

1. Иман. 2. Намаз. 3. Ораза. 4. Зекет. 5. Қажылық.

Бес анық:

1. Тiл.      2. Дiн.    3. Тарих.    4. Дәстүр.   5. Ата мекен.

Бес пайғамбар патша болды:

1. Жүсіп. 2.Дәуіт. 3. Сүлеймен. 4. Ескендір Зұлқарнайын. 5. Мұхаммед.

Назым.Бес нәрсе баянсыз:

1. Бұлттың көлеңкесі – баянсыз. 2. Еңбексіз келген байлық. 3. Қорқақтың достығы. 4. Жалған мадақ. 5. Опасыздың махаббаты – баянсыз.

Бес қару:

1.Қылыш.    2. Айбалта.  3. Шоқпар.    4. Найза.    5. Жар-садақ.

1- жүргізуші Асхат:

«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,» -демекші «6» саны туралы не айтар екнбіз?

Гүлім.Алты парыз:

1. Бiр-бiрiне сәлем беру.   2. Шақырса бару.   3. Кеңес сұраса - ақыл қосу.   4. Сұрағына жауап беру.   5. Ауырып қалса - көңiл сұрау.  6. Қайтыс болса жерлеуге қатысу.

Алты Алаш.

 І нұсқасы

1. Қазақ. 2. Қарақалпақ. 3. Өзбек. 4. Түркімен. 5. Қырғыз. 6. Жайылған (Төле би).

ІІ. нұсқасы

1. Ұлы жүз. 2. Орта жүз. 3. Кіші жүз. 4. Қарақалпақ. 5.Қырғыз. 6. Қазақтың құрама рулары ( М. Тынышбаев).

Шахислам.Алты асқар:

1. Ақыл. 2. Білім. 3. Жомарттық. 4. Әділдік. 5. Шыншылдық. 6. Кең пейіл.

Алты тоймайтын нәрселер:

1. Көз қараудан тоймайды. 2. Қанағатсыз тамаққа тоймайды. 3. От отынан тоймайды. 4. Ғалым ғылымнан тоймайды. 5. Бай малға тоймайды. 6. Адам өмірге тоймайды.

Көрініс: «Ата өсиеті»

2-жүргізуші Арай:«Жеті саны – бақытты сан, ол - адамзаттың сүйікті саны». Көп халықтың түсінігі осындай. Ендеше, «Әйтеке би» ауылы не айтар екен?

Б.Дастан.Жеті түрлі іс сәтсіздікке ұшыратады:

1. Күдік-күман. 2. Сиқыр. 3. Тойымсыз нәпсі. 4. Өсімқорлық. 5. Жетімнің ақысын жеу. 6. Жаумен шайқасқанда қашу. 7. Ерлі-зайыптыларды орынсыз сөгу.

Ажар.Жеті нәрсені жүйкені тоздырады:

1.Ең жеген нан. 2. Зімәдан болған жан. 3. Боямалы тән. 4. Нашадан бұзылған қан. 5.Темекінің түтіні. 6. Арақтың жұтымы. 7. Ақшалы ойынның ұтымы. 

Жеті ғашық:

1.Ләйлі – Мәжнүн. 2.Фархад – Шырын. 3. Таһир – Зухра. 4. Арзу – Камбар. 5.Уәлик – Ғарра. 6.Уәки – Күлшаһ. 7. Жүсіп – Зылиқа.

Жан-жүйені жадырататын жеті жәйіт:

1. Әкімдердің шарапаты. 2. Ғұламалардың шариғаты. 3. Байлардың салауаты. 4. Кедейлердің қанағаты. 5. Үлкендердің ұлағаты. 6. Жастардың инабаты. 7. Азаматтардың ар-ұяты.

Жегідей жеген жеті кесел:

1. Коррупция. 2. Мафия. 3. Парақорлық. 4. Бюрократтық. 5. Рэкетерлік.   

6. Маскүнемдік. 7. Жезөкшелік.

Сабина: Жеті санына байланысты бірнеше атаулар бар. Жеті жұрт- Үрім, Қырым, Қытай, тұран, шам, Мысыр, Шын - Машын, Жеті жетім- тыңдалмаған сөз, иесіз жер, киюсіз киім, басшысыз ел, жерінен айрылған ер, замандасы жоқ адам, аққу-қазсыз көл. Жеті ата - әке, бала, немере шөбере, шөпшек, немене, туажат. Жеті қат жер - тұңғиық, жылан, су, қос балық, қара тас, көк өгіз, жер. Жеті қат көк - Ай, Күн, Меркурий, Шолпан, Сатурн,Юпитер,Марс. Жеті жоқ - жерде өлшуіш, аспанда түйреуіш, тасбақада талақ, Аллада бауыр, жылқыда өт, таста тамыр, құста сүт жоқ. Жеті жаста баланың тісінің түсуі,, бала жетіге келгенше жерден таяқ жейді. Табиғаттағы жеті қазына: Көк аспан, Күн, От, Су, Ит, Жер, Ай.

Қ.Аружан:Шежіре - Туыстас, бір руға тән ұрпақтардың таралу жолы; Рулық, туыстық кесте.

Жеті атаның балаларын бір атаның балалары деп атайды.

Жеті ата − қазақ халқының дәстүрлі салт-санасында адамның ата жағынан тегін таратудың нақты жүйесі. Әрбір қазақ баласы өзінен бастап жеті атасының аты-жөнін білуге міндетті. Мұны әке-шешесі, ата-әжесі үйретіп, жаттатуға тиіс. Өйткені қазақта жеті атаға дейінгі ұрпақ бір атаның баласы – туыс саналады. Қазақтар негізінен жеті атаны былайша таратады: 1. Бала. 2. Әке. 3. Ата. 4. Үлкен ата. 5. Баба. 6. Түп ата. 7. Тек ата.

Сондай-ақ, адамдар атасынан төмен қарай атағанда былайша ататек жалғасады:

ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене.

Дәулет.  Жеті жетекші:

1. Адамның басшысы – ақыл,
2. Жетекшісі – талап.
3. Жолаушысы – ой.
4. Жолдасы –кәсіп.
5. Қорғаны – сабыр.
6. Қорғаушысы – мінез.
7. Сынаушысы – халық /Саққұлақ би/.

Жеті қазына:

1. Ер жігіт
2. Сұлу әйел
3. Ақыл, білім
4. Жүйрік ат
5. Қыран бүркіт
6. Берен мылтық
7. Құмай  тазы.

Р.Әйгерім. Жеті күн:

1. Бүгін
2. Ертең
3. Бүрсігүні
4. Арғы күн
5. Ауыр күн
6. Соңғы күн
7. Азына   немесе

1. Дүйсенбі
2. Сейсенбі
3. Сәрсенбі /сәтті күн/
4. Бейсенбі
5. Жұма /қасиетті күн/
6. Сенбі
7. Жексенбі.

Жеті жұт:

1. Құрғақшылық
2. Жұт /мал қырылу/
3. Өрт
4. Оба /ауру/
5. Соғыс
6. Топан су
7. Зілзала

Елік:  Жеті жарғы. Ол – Тәуке хан (1678-1718) тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы. Тәуке хан «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» одан әрі жетілдіру арқылы осынау заң жүйесін өмірге әкелген. Ол 20-ғасырдың басына дейін қолданылып келді. «Жеті жарғы» деп аталуы Тәуке ханның бұрынғы заңдарға енгізген жеті өзгертуіне байланысты» дейтін тұжырым бар. Ол жеті өзгеріс мынандай:

1. «Халықтың ханы, сұлтаны, пір -әзіреті қастан өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін».
2. «Төрелер мен қожалардың жай қатардағы біреуі өлсе, олардың әрқайсысына екі кісінің құны төленсін».
3. «Сырттан кірген адам үйге кірерде мініп келген атын босағаға байлағандықтан, біреуді теуіп өлтірсе, бүтін құн, үйдің жапсарына байлаған ат теуіп өлтірсе, жарты құн, ал үйдің артына байлаған ат теуіп өлтірсе, тек ат-тон айып тартады».
4. «Ата-анасын туған баласы ренжітіп, қарсы келіп, қол жұмсаса, онда ол баланы ата-ана өлтірсе де ерікті, сұраусыз болады».

Сымбат: 5. «Кәмелетке жеткен баласы туған ата-анасына тіл тигізіп сөккені үшін (қол тигізбесе) қара сиырға не қара есекке теріс мінгізіп, мойынына құрым іліп, ауылды айналдыру керек».
6. «Құйрық – бауыр жесіп, құда болған соң ақ баталы жесір басқаға кетсе, оған берілген қалыңмал жесір иесіне түгел қайтарылып, оның үстіне қалыңсыз қыз немесе бір қыздың қалыңмалы беріледі».
7. «Ұры айыр түйеге нар, атқа аруана, тайлаққа, атан, тайға ат, қойға тана төлейді. Оның үстіне үш тоғыз айып төлейді».

Би.  Орындайтын «Қыздар»  тобы

Ән. «Сәлем, саған Туған ел!»Сөзін жазған: Шөмішбай Сариев

Әнін жазған: Кеңес Дүйсекеев. Орындайтын Гүлім

Ринат. Сегіз адамға жұмақ лайық:

1. Ораза ұстағандарға. 2. Жаман сөзден сақтанғандарға. 3. Құран оқығандарға. 4. Аш адамға тамақ бергендерге. 5. Жас уақытында намаз оқығандарға. 6. Сиқырдан аулақ болғандарға. 7. Өзіне жақсылық болсын дегендерге. 8. Өзгегеде жақсылық болсын дегендерге.

М.Дастан: «9» саны да құр алақан емес екен.

Тоғыз-құмалақ — қазақ ұлттық дәстүрлі ойындарының бірі, ақыл-ой ойыны.  Соңғы деректерге қарағанда, оның шығу тарихы 4 мың жылдық кезеңді қамтиды. Ал кейбір мамандардың айтуынша, оның пайда болған кезі бұдан да көп уақыт болуы әбден мүмкін. Тоғыз-құмалақ өткен ғасырларда қазақ даласындағы ең кең тараған ойын болатын.

Тоғыз санына қатысты. Үйлену салтындағы тоғыз беру салты, тоғыз – бас бәйгеге тігіледі, тоғыз - айыпқа төленеді.

Көрініс. «10,12, 40 » сандарына байланысты

Мұғалім: Ал, енді балалар бір сергіп алу үшін сендермен танымдық ойындар ойнайық.Ендеше назарларыңды тақтаға аударыңдар.(Тақтадағы сұрақтар қойылады)

Амина:Сан құдіретіне қатысты мына жайды да айта кетуге тура келеді. Қазақтың жаңа жылы Наурыз айынан басталады. Наурыз көжеде 7 түрлі тағам бар. Сондай-ақ 13 жас бірінші мүшел, 25 жас екінші мүшел, 40 жасы кемел жас, - деп есептеледі. Ертегілерде «Қырық уәзір» айтылады және көптеген мақал-мәтелдер бар: «Ханда қырық кісінің ақылы бар», «Қырық кісі бір жақ – қыңыр кісі бір жақ», «Қырқында – қыры кеткен» деген аталы сөздер бар.

Қорытынды.  Әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері болатыны белгілі. Біздің тәрбиеміз ананың ақ сүтінен, ана әлдиінен, атаның қасиетті сөздерінен бастау алады. Біздің халқымыздың тәрбие тәсілдері мен тәжірибелері өте көп. Халқымыздың әдет-ғұрпын, дәстүрін, тарихын білу, оны қастерлеу- әрқайсысымыздың борышымыз.

Осы қасиетті сандар арқылы тәрбие берген салт-дәстүрін сол қалпында сақтап қалу. Сонымен қатар бұл киелі сандар жай сандар теориясына қатысы бар ең маңызды, қызықты және түсінікті нәтижелер жинақтау арқылы салыстырып көрсету. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар»демекші, салтын сүйген әрбір жас ұрпақ болашақта халқын сүйетін, еліне адал қызмет ететін, тілінің, салт - дәстүрінің жанашыры болатындығына сенімдімін.

Бейне көрініс көрсету.

Ән.«Туған ел»  Орындайтын Арай.

1 – жүрг:  Аталар сөзімен өсіп-өнген,
2 – жүрг:  Бабалар бұлағынан нәр алған,
3– жүрг:  Даналар өсиетінен тәрбие алған,
4 – жүрг:  Ұлылар тәрбиесіне тағзым еткен,
5 – жүрг:  Бабалардың жалғастырар арманын,
6 – жүрг:  Салт-дәстүрді ардақтайтын балдырған,
7 – жүргізуші:  Ұрпағымыз халықтың ғибрат еткен, - дей отырып, тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.

Барлығы бірге: Қош, сау-саламатта болыңыздар!!!


Пікірлер (2)

Жанерке

Керемет

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз