Өлең, жыр, ақындар

Сыпайылық – адамгершілік айнасы

ОҚО, Мақтарал ауданы, Атакент қалашығы
Мақтарал Аграрлық Колледжі
Ветеринария мамандығының
арнайы пәндер оқытушысы
Сапарбекова Тамара
Абдраймовна

Тақырыбы: «Сыпайылық – адамгершілік айнасы »

Тәрбие сағатының мақсаты: 

а) Кішіпейілділік, тазалық, әдептілік, көмек беру, достық, жақсылық, ар-ұят, қызмет ету,  имандылық, инабаттылық, елін, жерін сүю – адамгершіліктің басты ұстанымдары екенін ұғындыра отырып, оқушылардың бойына адамгершілікті сіңіру.   

ә) Жасөспірімдердің ой-санасын оята отырып, өзін-өзі тануға және бағалауға, адамгершілікке, бауырмалдыққа тәрбиелеу.   

б) Әдептілікке, сыпайылыққа тәрбиелеу

Көрнекілігі: Нақыл сөздер, мақал – мәтелдер, видеоролик, көрініс, слайд арқылы дайындалған материалдар.

Бағдарлама:

Жүргізуші:  Бүгінгі ашық тәрбие сабағымыздың тақырыбы – «Сыпайылық – адамгершілік айнасы». Бұл сабақ арқылы біз өз бойымызға рухани-адамгершілік қасиеттерді ұялату үшін мейірбан, ақылды, шыншыл, қайырымды, т.б. адамдық асыл қасиеттерді игеруге ықпал етуді үйренуіміз керек. 
- Адамшылық деген не? Бұл сұраққа жауап беру үшін рухани бай адам деген қандай адам, рух деген не? – деген сұрақтар төңірегінде ой өрбітеміз. 
Рух – деген адам бойындағы бір қуат. Ол қуат адам бойында кездесетін барлық жақсы қасиеттермен жасайтын барлық игі істеріңнің қайнар көзі. 
Жаратылыстың барлығы екі қарама-қарсы нәрседен тұрады. Ақ-қара, күн-түн, ыстық-суық, жақсы-жаман. Адам бойындағы барлық жақсы қасиеттер рухтан туындайды, ал жаман қасиеттер нәпсінің көрініс болып табылады. Адам денесі бір болғандықтан оның ішінде билік үшін үнемі осы екі қуаттың – «рух пен нәпсі» күресі жүріп жатады. 
Адамның ішінде болмайды аласы, 
Оларды бұзатын нәпсінің таласы.  Шәкәрім. 

Жүргізуші: Құрметті  ұстаздар және оқушылар бүгінгі  біздің  ұйымдастырылып отырған «Сыпайылық – адамгершілік айнасы» атты тәрбие сағатын бастауға рұқсат етініздер!

Баяндама оқитын үшінші тігін тобының жетекшісі Сапарбекова Тамара апай.

Жүргізуші: Бір адам бір құлап, бір тұрып судан шыға алмай жатқан шаянды көреді. Адам оны құтқару ниетімен қолын созғанда шаян шағып алады. Адам шаянды сонда да судан құтқаруға тырысады, бірақ шаян қайта шағады. Мұны көрген біреу жақындап келеді де, қайта-қайта шаққан шаянды несіне құтқарып жатқанын сұрайды. Сонда жаңағы кісі: «Шағу шаянның табиғатында бар нәрсе. Менің табиғатымда болса сүю бар. Шаянның табиғатында шағу бар екен деп мен өзімнің сүю табиғатымнан бас тартпаймын ғой», –дейді.

Тақпақтар. «Адамгершіліктің негізгі қағидалары»  топ оқушылары

Жүргізуші :

Адам, ғалам ғажайып жеке дана,

Жан құмары – ізденген мәңгі сана.

Өзіңді - өзің танысаң істің басы,

Түзеген өз ғаламын болған дана.    (Әл – Машани).

Нақыл сөздер. Топ оқушылары

Жүргізуші:

Жанашырым - ана, дара шыңым- ана 

Бар асылым - ана, шуағымсың.

Бағбанымсың - әке, зор бағымсың - әке

Қорғанымсың- әке, шырағымсың

Өмір берген маған, көңіл бөлген маған

Сенім берген маған ай күнімсің.

Қамқорларым дана, сүйенішім дара,

Әке менен ана байлығымсың- дей  отырып келесі  кезекте 

Ән « Әке мен ана»  орындайтын  Лесбай Индира

Жүргізуші : Мақал мәтелдер - топ оқушылары                                                                        

1. Адамның ұяты бетінде  
    Адамгершілігі ниетінде.                                                                                                    

2. Су бермегенге, сүт бер 
    Ақ ниетіңді білсін.                                                                                                        

3. Кең болсаң, кем болмайсың. 
    Қолы ашықтың, жолы ашық. 

4. Жүзігің алтын болғанша
    Жүзің жарқын болсын.                                                           

5. Қайырымдылық жасасаң, 
    Қайырын өзің көресің.                                                                                                  

6.«Сіз» деген әдеп, 
   «Біз» деген көмек.                                                                                                             

7. Ана алдында - құрмет, 
    Ата алдында қызмет.                                                                                              

8. Ақылың болса, арыңды сақта, 
    Ар ұят керек әр уақытта.                                                                                              

9. Адам болып туған соң, 
    Адам болып өлу лазым.                                                                                             

Жүргізуші : Өз халқының тағдыры тебірентіп, қолына қалам алған Абай атамыз заманының бет пердесін ашып, заман адамының бейнесін жасап, әне заманың, міне адамың, заманың тозып, адамың азып барады. «Сәуле болса кеудеңде, мына сөзге көңіл бөл» деп, адам болар жолды да, жөнді де айтып берді. Жиған мол білімі, өзіндік терең танымы, адамды сүйген жылы жүрегі Абайды өз халқының деңгейінде қалдырмады. Баршаға ортақ гуманистік ой-қазынасын ұсынып, адамзаттың Абайы бола білді. Абай  атамыз толық адам болу үшін адам бойындағы ең негізгі қасиеттер – қайрат, ақыл, жүрек тең  болуы қажет деп тоқтамға келген.

Көрініс. «Адам бойындағы ең негізгі қасиеттер»

Әдемі киінген қыз бала кеуде тұсына қызыл түстен жүрек бейнесін ілген.

Жүрек:  – Мен адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп, еритұғын – мен, жаманшылықтан жиреніп, тулап кететұғын – мен. Әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен таралады. Жүрек жанында тұрған «Ақыл» мен «Қайратқа» қарата сөз сөйлейді:

– Ей, ақыл! … Амал да, айла да – бәрі сенен шығады, жақсының, жаманның екеуінің де сүйенгені – сен екеуінің де іздегенін тауып беріп жүресің – соның жаман.

– Ей, қайрат! Сен де жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің – соның жаман. Ортада бой таластырған үшеуге әділ төрелікке «Білім» ата келеді. Басына шалма ораған, ойлы, қолында кітап.

Білім:  – Сенің үшеуіңнің басыңда қоспақ – менің ісім. Бірақ сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Осы үшеуінің басыңды қос, соның ішінде жүрекке билет.

Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:

Ыстық жүрек, нұрлы ақыл, жылы жүрек.

Біреуінің күні жоқ, біреуінсіз,

Ғылым сол үшеуінің жолын білмек.

Жүргізуші:

Туылған соң адам боп,

Білімсізден жаман жоқ.

Ел дәстүрін білмесең,

Жұрт айтады надан деп.

Тақпақ үшінші тігін қыздары

1.Ақылды сол – ынсап пен ар сақтайды,

Арсыз сол – адамдықпен жан сақтайды.

Адал сол – таза еңбекпен күнiн көрiп,

Жаны үшiн адамшылық ар сатпайды.

2. Адам - ғалам ғажайып, жеке-дара,

Жан құмары ізденген мәңгі сана.

Өзіңді-өзің танысаң, істің басы,

Түзеген өз ғаламын болған дана.

3. Әрбір адал адамға

Жасасаң бір жақсылық

Қайтарады саған да.

Ынтымаққа қосыл да,

Ықылас қой досыңа

Ар, мақсатың нақ болсын

Ақылыңнан тосылма.

4. Адамдарға жаса жақсы мәміле,

Разы болсын сенен жас та кәрі де,

Араздаумен кек сақтаудан аулақ бол,

Қапа қылма ешкімді де ренжітпе.

Жақсылықты өн-бойыңа жиғайсың,

Қылмыс атты жұттан аулақ тұрғайсың,

Дініміздің ізгілігін паш етіп,

Адамдарға жақсы үлгі болғайсың.

Жүргізуші: Көрініс «Кішіпейілдік - кісілік белгісі»

Жүргізуші:  «Түстер» ойыны

Жүргізуші:

Адам  бойындағы асыл  қасиеттер.

Адамның басшысы – ақыл,

Шолушысы- ой,

Жетекшісі – талап,

Қорғаушысы – сабыр,

Сынаушысы – халық,

Таусылмайтыны – арман,

Ең  қымбаттысы – ар  сақтау,

Бәрінен  ардақтысы – өмір  сүру,

Соның  ішінде  ең  тәттісі – сыйластық,

Ал  осының  бәрі – иманнан!

Жүргізуші:

Достығымыз достар арылмасын,

Пейіміз кеңейсін тарылмасын,                                                                                        

Жиі-жиі бас қосып сыр шерітсек.                                                                       

Жүрегіміз қалайша жарылмасын.                                                                                  

Күніміз күлкілі бола берсін,                                                                                         

Қуанышқа көңіліміз тола берсін,                                                                                      

Нұрлы аспан астында аясында,                                                                                               

Басымызға бақ келіп қона берсін,                                                                       

Зұлымдықтан әрқашан жиренейік,                                                                             

Адалдықты сүйуді үйренейік,                                                                                  

Бірлікпенен тірлікті ұштастырып,                                            

Бір әдемі ғажайып, күйге енейік.                                                                                        

Берсе берді бермесе санаспайық,                                                                                 

Болмайтынға ұрысып таласпайық,                                                                         

Бір - бірімізді құрметтеп сыласайық

Ән: «Достар»  Дүйсембай Зарина

Қорытынды: Құрметті оқушылар  әдептілік, үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық жасау кез келген адамның бойында қалыптасатын ерекше бір қасиет.Жаман қасиеттерден аулақ болайық! Жақсы қасиеттерді ғана бойымызға дарытайық деп, бүгінге тәрбие сағатын мына өлең шумағы арқылы аяқтағым келіп тұр. 

Үлкенге иман керек,

Кішіге иба керек.

Адамдар бірін-бірі

Құрметтеп сыйлау керек.

Ашық  тәрбие сағатымыз  аяқталды. Сау болыңыздар!


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз