Хасен Сәріпжіпұлы атындағы ЖОББМ базасындағы тірек мектебі
Аткеева Анар Оралбаевна
Тақырыбы: «Ұлттық теңге - Тәуелсіздігіміздің нышаны»
Мақсаты:
Оқушыларды тәуелсіз еліміздің ең бірінші айрықша белгісі — теңгемен таныстыру, төл теңгеміздің шығу тарихы, айналымға ену кезі туралы мағлұматтар беру.
Оқушылардың бойына елімізге деген ыстық сүйіспеншілікті, мақтанышты сіңірту.
Елін, жерін сүйіп құрмет ұтатын жас жеткіншектерді елжандылыққа тәрбиелеу.
Көрнекілігі: белсенді тақта, теңгелер, әртүрлі валюталар, тапсырмалар.
Барысы:
Мұғалімнің сөзі:
Қайырлы күн, құрметті ұстаздар мен оқушылар! " Ұлттық теңге — тәуелсіздігіміздің нышаны " атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер.
Тәуелсіздік –біздің ұрпаққа берген үлкен бақыт, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік –біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз.
Қазақстан Республикасы – егеменді, тәуелсіз демократиялық мемлекет. Оның өз Ата Заңы, мемлекеттік рәміздері, ұлттық валютасы бар.
Тәуелсіздік алған елдің ең бірінші айрықша белгісі – ұлттық валюта. Ол – Қазақстан Республикасы көлемінде пайдаланылатын заңды төлем құралы. Ақша – асыл қазына, халық байлығы
«Теңгенің шығу тарихы»
/ Слайдтар шығып отырады /
«Теңгенің шығу тарихы» жайында мағлұмат.
3- оқушы: Халқымызға ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздік,егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін бұл күн – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Бұл мереке күнтізбеде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі» туралы Конституциялық заңының 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылдауына байланысты тұрақты түрде аталып өтіледі.
Тәуелсіздік –біздің ұрпаққа берген үлкен бақыт, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік –біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз.
1991жыл Кеңес одағы ыдырағаннан кейін әрбір ел тәуелсіздігін жариялап, өзінің мемлекеттік рәміздерін қабылдады. Қазақстан өзінің Елтаңбасын, Туын, Әнұранын заңмен бекітті. Саяси егемендігін алған ел экономикалық тәуелсіздікке де ие болуы қажет. Осы орайда барлық мемлекет бұрынғы Кеңес одағының рубльдік аймағынан шығып, өзінің ұлттық валютасын шығарды.
Әрбір елдің тарихында үлкен шежіре,тарих жатыр.Ал біздің еліміз үшін ХХ ғасырдың маңызы зор. Себебі, еліміз тәуелсіздік алып, сол тәуелсіздіктің белгілеріне ие болды.Ал осы жылы еліміз Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойлайын деп жатыр. Бір қошеметтеп қояйық!
4- оқушы: Біздің ұлттық бейнемізді,болмысымызды,тарихымызды көрсететін рәміздеріміз бар.Елтаңба,Әнұран мен Туымызбен бірге тағы бір белгі — ұлттық теңгеміз бар. Теңге 1993жылы 15 қараша күні дүниеге келді. Ұлттық валютаны «теңге», ал оның жүзден бір бөлігін «тиын» деп атауды сол кездегі ҚР Жоғары кеңесі комитетінің төрағасы Сауық Тәкежанов ұсынған еді.
5- оқушы : Теңгенің де өз шығу тарихы бар. Ұлттық теңгені жасауға екі жыл уақыт қажет болды. Қазақстан өз төл ақшасын шығару үшін 1990жыл теңгенің алғашқы үлгісін жасайтын арнайы жұмысшы тобын құрды. Тәуелсіз елдің ұлттық валютасын жасап шығарған Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов, Хайролла Ғабжәлеловтер еді. Олар жұмыстарын Қазақстан мәдениетінің тарихи даму аспектілерін зерттеуден бастаған.
6 – оқушы : Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Біз ұлттық ақшамызды бір-ақ рет және бір атаумен шығаруымыз керек. Екінші қайтара оның аты өзгермейді. Сондықтан оны әбден зерттеп барып, бір шешімге келуіміз қажет»,- деді.
7- оқушы: Содан кейін бүкіл тарихты көтеріп, қазаққа қатысты еңбектер ақтарылып, ертеде қазақта теңге қолданған екен. Біздің академиктер: «орыстың «деньги» деген сөздері сол теңгеден шығуы мүмкін»- деді.Себебі, ақша айналымы Ресейден бұрын Азияда болған. Біздің бұрынғы түркі мемлекеттері салтанат құрып тұрған кезеңде, одан кейін де теңге қолданыста жүрген. Сөйтіп, біздің болашақ валютамыз теңге деген әдемі атауға ие болыпты.
Ең алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары»фабрикасында басылып шықты. Теңгенің алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жер асты қоймалары дайындалған. Оларды төрт ИЛ-86 ұшақтары тасыды. Бір аптаның ішінде олар Лондонға 18 рет ұшып барып-қайтып келген. Жаңа валютаның айналысқа енгізілуінің көрші елдерден құпия ұсталғаны сонша барлық құжаттарда Президент Резиденциясының құрылысы үшін құрал-жабдықтар тасылуда деп жазылған. Алғашқы теңгелер жер асты қоймаларынан елдің барлық банктеріне 8 күн ішінде жеткізілген. 1993 жылы қазан-қараша айларында Қазақстан рубль аймағынан толықтай шықты. Қарашаның 12-сіндегі Президент Жарлығынан 3 күннен кейін теңге айналымға енді. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада таңғы 8.00-де басталып, 20 қараша күні 20.00-де аяқталды. Ұлттық банк алғашқыда 1 теңгені сол кездегі 1000 рубльге бағалаған. Кейін еліміздің саяси және әлеуметтік, мемлекетаралық қатынастары ескеріліп 1 теңге 500 рубль болды. Ал бірінші айналымға енген 1 теңгенің АҚШ долларына шаққандағы құны 4,35 теңге болды.
1992 жылы теңге дизайнындағы бейнелер бекітілді. Ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылды. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте –Абай, елу теңгелікте - Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылайхан бейнесі салынған. Теңге дизайнерлерінің бірі – Прага сәулет институтының түлегі, бірнеше халықаралық конкурстардың жеңімпазы Х.Ғабжалеловтың пікірінше, ақшада айтулы алаш азаматтарының бейнесін берудің бірнеше себебі бар. Біріншіден, қосымша күрделі бедер – бейнелер банкноттарды қолдан жасаудан қорғайды, екіншіден тарихи тұлғаларымыздың суреттері біздің жас мемлекетіміздің өз тарихы мен болмысын танытады және қазақ ақшаларын әлемдегі басқа валюталардан даралап, айшықтап тұрады.
Қазақстанның ақша сарайы металл тиындарды шығаруға дайын болмағандықтан жедел түрде қағаз түрінде шығарды, бірақ 1 жылдан соң оларды металл тиындарға ауыстырды. 1994 жылы қағаз тиындар жезден жасалған монеталармен алмасты.
1993 жылы құрылысы басталған банкнот фабрикасы 1995 жылы толық аяқталды. 19 мамыр 1995 жылы ресми ашылу рәсімі өтті. Бұл стратегиялық нысанға осынша көп журналистке кіруге алғаш рет рұқсат берілді. Нұрсұлтан Назарбаев осында басылып шыққан алғашқы миллион теңгені бүкіл Қазақстанға көрсетеді.
1995 жылы Алматыда өз банкнот фабрикамыздың тұсауы кесілді. Қазір Тәуелсіз Қазақстан төл валютасын өз елімізде басып шығарады.
2006-2011жылғы банкнот фабрикасы ұлттық ақшаның түрлерін басып шығарды.
Теңге 2006 жылы өз бейнесін өзгертті.
2006жылғы үлгідегі банкноталар бірыңғай стильде орындалған, суреттер бет жағында негізінен тігінен, сырт жағында көлденеңінен орналасқан. Тұтастай алғанда, дизайн Қазақстанның қазіргі бейнесін көрсетеді. Барлық мемлекеттік нышандар, сәулет объектілерінің және елдің табиғат нышандарының бейнелері кіреді.
Банкноттардың бет жағында, ортаңғы бөлігінде”Астана-Бәйтерек” монументі қазіргі заманғы сәулеттің конструкторлық және инженерлік ойдың жетістігі, тәуелсіз Қазақстанның даму нышаны орналастырылған. Банкноттың ортасында түрлі-түсті жолақтарда Қазақстан Республикасының әнұраны ноталарының фрагменттері бейнеленген, оларға номиналды сандық белгісі жазылған.”Бәйтерек” ескерткішінің сол жағында бір түспен Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы салынған
Оң жақ жоғарғы бөлігінде - мемлекеттік жалау бейнеленген. Банкноттың төменгі бөлігінде сенімді шынайылықты және әділеттілікті білдіретін классикалық геральдика ашық алақан бейнеленген.
Оң жақ төменгі бұрышында тігінен номиналы 200, 1000, 2000, 5000, 10000 теңге деп жазылған.
І бөлім. « Теңгемнің бейнесі »
Бұл бөлімде оқушыларға теңгенің бейнесі жайлы жазылған парақшалар беріледі,ал олар бұл қай теңгенің бейнесі екенің табады.
ІІ бөлім. "Әр елде өз валютасы"
Қырғызстанда-/сом/ Ресейде -/рубль/ Германияда — /марка/
Америкада — / доллар/ Ұлыбританияда-/фунт/ Украинада — /гривна/
Қытайда — / юань/ Тәжікстанда — /манат/ Өзбекстанда — /сум/
Түркияда -/ лира / Латвияда - / лат / Кореяда — / йена /
ІІІ-бөлім.
Жағдаяттар шешу.
1-жағдай: Биылғы оқу жылында қазақ тілі оқулығы жетіспейді,базардағы оқулық бағасы 800 теңге.Анаң туыстардан оқулығыңды тауып әкелді.Бірақ оқулық ескі,жыртық.Сен оқулықты ұстағың келіңкіремей тұр .Сенің іс-әрекетің …?
2-жағдай: Сен екі ініңді бала бақшадан алып қайттың.Інілерің қарындары ашқандарын айтты. Сенде 60 теңге бар.
Балмұздақ 60 теңге, 3 алма 60 теңге, 1 қорап сағыз 60 теңге
Қай затты алар едің? Неге?
3-жағдай: Сенің былтырғы етігің өзіңе шақ.Бірақ оны кигің келмей тұр.Жыртық болмағанмен,ескі.Ойыңды әкеңе айтып едің,әкең айлық әлі алмағанын айтты.Сенің әрекетің…?
ІҮ. бөлім. "Менің теңгем"
Бұл бөлімде оқушылар теңге тақырыбына өлең шығарады.
Ү. бөлім. "Жорға"
Топ басшыларына 10 сұрақтан қойылады
Қорытынды
ә) Ұпайларын санау, үздік топты анықтау. Мадақтау.
«Тиыннан теңге құралады»,- демекші, ақшаны үнемді пайдаланып, ақшаның қызығына түсіп кетпей жан - жағымыздағы адамдарды ойлайық.
«Ақша – уақыт тынысы», бірақ ақшаға достықты,туыстықты сатпа, ақшаны көріп жолдан тайып кетіп жүрме, 100 сомың болғанша, 100 досың болсын...
Қазіргі кезеңде Мемлекетіміз көтеріліп келеді, болашақта білімді, саналы азамат болып өсуімізге барлық жағдай жасалуда. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланып еліміздің ертеңі жарқын болуына сіздер де ертең еңбек етесіздер, соған лайықты ұлан болып өсіңіздер. Мың жаса, тәуелсіз Қазақ елі! - дей келе «Ұлттық теңге-тәуелсіздігіміздің нышаны» атты тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі