Өлең, жыр, ақындар

Аяулы анашым

Жаңаарқа ауданы, Түгіскен ауылы
Ж.Садуақасов атындағы ЖОББ мектебі
Алиева Камшат Махмудовна

Тақырыбы: "Аяулы анашым"

Мақсаты: 8-наурыз Халықаралық аналар күнімен аналарды құттықтау. Ана, әже, апа, қарындастың адам өміріндегі ең аяулы жан екендерін ұғындыру. Оларды сыйлауға,құрметтеуге және аялауға дағдыландыру.

Балалардың тақпақ, өлеңдер арқылы тілдерін дамыту.

Аналарына деген сүйіспеншілігін арттыру.

Көрнекілігі: плакат, ана туралы мақалдар жазылған плакаттар, шарлар, гүлдер.

1-жүргізуші:Қымбатты да,бар мейірімін балаларға арнаған аяулы аналар, бар мейірімін немерелеріне арнаған ақжаулықты әжелер, білім нәрімен сусындатқан ұлағатты ұстаздар және ару да әсем қыздар! Сіздерді көктемнің  алғашқы мерекесі 8-наурыз Аналар мерекесімен құттықтаймыз. Бүгінгі "Аяулы  анашым" атты мерекемізге қош келдіңіздер!

2-жүргізуші: Құрметті аналар, әжелер, ұстаздар, қыздар! Бүгінгі мейрамдарыңыз құтты болсын.

1-жүргізуші:  Ана дейміз бәріміз де аңқылдап,
Ана дейді жас сәби де жарқылдап
Ана деген - бәйтерегі өмірдің
Ана деген - алтын қазық, алтын тақ.

2-жүргізуші: Ана деген - асыл жандар болаттай
Ана деген - мөлдір жандар бұлақтай.
О, адамдар, қадірлей біл ананы
Жат қылыққа ақыл-ойды тонатпай.

1-жүргізуші: Ана десе, шешек атып жанары,
Өмірдегі бастау алар жаңа әні
Ана деген тіршілікте пана боп
Әрбір үйде жұлдыз болып жанады.

2-жүргізуші:   Ана, Ана, Ана!
Не деген мейірімді, не деген шапағатты сөз. Осынау үш әріптен құралған қасиетті сөзінің түп төркінінде қаншама ұлы сезім жатыр десеңізші. Сезім мен қасиет бар, махаббат пен шапағатты сидырып тұрған ұлы ана сезімін қадірлемейтін жан бар ма екен өмірде?

Жақсылық атаулының барлығы да аналардың сүтінен жаралған. Олай болса, бүгінгі шағын мерекелік концертімізді назарларыңызға ұсынамыз.

1. Бәрімізге анасың-
Біз үшін күн боп жанасың,
Құтты болсын мейрамың
Құттықтаймын анашым!

2. Менің әжем, ақ әжем-
Ұл мен қыздың бағы әжем.
Ертегі айтып бер десең,
Айтып берер тағы әжем.

3. Мені жақсы көреді
Күндей күліп келеді.
Көп ертегі біледі
Маған айтып береді.

4. Аналарды сүйеміз,
Сөзін ойға түйеміз.
Әжені де ардақтап,
Әдеппен бас иеміз.

1-жүргізуші: Балғын дауыс шарықтаған, шалқыған,
Бесігінде арайланып атқан таң
Мединаның сәби үнін, шатты әнін
Естігендер таңдай қағып, таң қалған.

Ән: "Мариям Жагорқызы"

Би: "көбелек"

5. Әр сөзіңді жаттағам,
Жүрегімде сақтағам
Анашым деп мақтанам
Айналайын ақ мамам!

6. Ана деген - мейірім,
Ана деген - шапағат
Ана деген - құдірет
Ана деген-махаббат

Ән: "Қошақан"

Би:  "Аққу "

2-жүргізуші: Қариясы бар үйдің, қазынасы бар деп бекер айтпаған. Қазыналы әжелерімізді құттықтай отырып, әнімізді арнаймыз.
Ән:"Асыл әжем"

7. Әжем менің әлі де
Ұқсамайды кәріге
Шай қайнатып береді
Қажет болса бәріне.

8. Менің әжем, жыр әжем,
Шуағы мол нұр әжем.
Ақ таяққа сүйеніп,
Аман-есен жүр әжем.

9. Әжемдей данадан
Ертекке қанамын
Шақырса даладан
Жүгіріп барамын.

2-жүргізуші:

Өнерпаздар ортамызда әлі бар,
Ұлдарымыз шырқап салар әні бар
Қыздарымыз шарқ ұрып би билейді
Аналарға құрметіміз тағы бар.

Би: "Қамажай"

Ән: "Балапан"

10. Жақсы көрем күлкіңді,
Айналайын ақ мамам,
Менің мамам сүйкімді,
Бәрінен де жақсы адам.

11. Ананың біз гүліміз,
Ана-біздің күніміз
Ұландарды қуантып
Ұзақ өмір сүріңіз.

12. Ақ қабақты анашым,
Күн сәулелі анашым.
Әлпештеген баласын,
Айналайын анашым.

Ән: "Аяулы анашым"

Би:"Өзбек биі"

13. Еркелесем күлімдейтін,
Ұрысқаны білінбейтін,
Маңдайымнан иіскеп менің, 
Құлыншағым, күнім дейтін.

14. Жер бетінің ғұмыры,
Күн нұры мен арайлы.
Біздің үйдің жылуы,
Анамыздан тарайды.

Бәрі бірге: "Бала-бала, балақан"

1-жүргізуші: Рахмет, балалар. Қандай әдемі тақпақтарды аналарыңа, әжелеріңе арнап жатырсыңдар. Олай болса "Анадан артық жан бар ма" - демекші, баласының қуанышына қуанып, түн ұйқысын төрт бөліп, дамылсыз сағынатын, көрген сайын төбесі көкке жететін де - Ана.

2-жүргізуші: Құрметті әжелер, аналар балаларыңыздың өнерлерін тамашаладыңыздар. Енді балаларыңыздың сіздерге арнаған сыйын қабыл алыңыздар.

Қорытынды: Мерекелік құттықтау сөзді мұғалімдер мен ата-аналарға береміз.

Осымен бүгінгі шағын мерекелік концертіміз аяқталды. Сау болыңыздар!


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз