Өлең, жыр, ақындар

"Табиғат сенің өз үйің" экологиялық сайыс

Семей қаласы, «Т.Аманов атындағы №16 жалпы орта білім беретін мектеп» КММ-сі
Бастауыш сынып мұғалімі
Бектенова Кенжегуль Шашымовна

«Табиғат сенің өз үйің» экологиялық сайыс

Сыныптан тыс шараға түсініктеме

Қазіргі кезде экологиялық білім мен тәрбие беру ең негізгі мақсаттардың бірі. Қоршаған табиғатты аялауда дүниетану сабақтарымен байланыстырыла өткізілетін сыныптан тыс шараларға, тәрбие сағаттарына көп көңіл бөлу керек. Егер балалар кішкене күнінен қоршаған ортаға аяушылықпен қарауды үйренсе, онда олар төңірегіндегі адамдарға, басқа нәрселерге де аяушылықпен, мейірімділікпен қарауды үйренеді.                                                                                                                                                                    

Біз балаларға экологиялық білім бере отырып экологиялық сананы, тәрбиені қалыптастыруымыз керек. Жалпы айтқанда экологиялық мәдениетті жасаймыз. Экологиялық мәдениет – қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік пен экологиялық білімнің қалыптасуына, дамуына, үздіксіз жетіле беруіне ықпал ететін, сана мен тәрбиенің рухани құндылық жиынтығы. Экологиялық білімі мен тәрбиесі аз адамда  экологиялық сана болмайды, экологиялық сана төмен адамда қоршаған ортаға  деген жанашырлық болмайды. Сондықтан экологиялық тәрбиені бесіктен белі шыққаннан бастап, есі кіргенде санасына қалыптастыру, яғни төменнен жоғары қарай сатылай дамыту керек.

Мақсаты: Оқушылардың қоршаған орта, табиғат туралы білімдерін кеңейту, дүниетану пәніне қызығушылығын арттыру. Дүниетану пәнінің  тақырыптарын экологиялық мәселелермен байланыстыру, экологиялық мәселелерді шешудің жолдарын іздеуге дағдыландыру, оқушылардың жергілікті жердің экологиялық проблемаларын шешудегі жеке басының жауапкершілігін қалыптастыру. 

Құрал-жабдығы: интерактивті тақта.

Барысы: Мұғалімнің кіріспе сөзі:

 «Экология» гректің  үй, ғылым деген екі сөзінен тұрады, яғни өзің тұратын үйдің жай–күйін бақылап, біліп, ахуалын жақсартуға бағытталған ілім деген сөз.

Табиғатты қорғау – бәріміздің борышымыз. Өйткені, қазір теңізіміз тартылып, орманымыз кесіліп, құнарлы жерлеріміз сортаңданып қалды. Осының бәріне кім кінәлі? Әрине, адам. Бәрі адамдардың рақымсыз істерінен, кешегі табиғаттың уылжыған тамаша кездерінде өмір сүрген ата-бабаларымыздың ескертпелерін орындамағанның кесірінен десек те болады.
Балалар, экология мәселесі негізгі мақсат болғандықтан, табиғат, адам, қоршаған орта туралы оқығандарымызды ортаға салып, сайыс түрінде өтетін сыныптан тыс шарамызды бастайық.

 

Сайыс шарты:

І тур. Іріктеу

ІІ тур. Шығыс Қазақстан жануарларын танисың ба?

ІІI тур. Шешуші сәт

 

I Іріктеу туры 3 кезеңнен тұрады.1-кезеңге  бірінші қатар, 2-кезеңге екінші, 3- кезеңге үшінші қатар оқушылары қатысады. Экранда көрсетілген 5 тақырыптың сұрақтарының әр түрлі құны бар. Егер таңдаған тақырыптың сұрағына дұрыс жауап берілсе, сонша ұпай қосылады, ал жауабы қате болса, сонша ұпай шегеріліп тасталынады.Тақырыптарды таңдау кезекпен жүргізіледі. Барлық тақырыптардың сұрақтары таңдалып біткен кезде ең көп ұпайға ие болған бір оқушы II турға өтеді. Ұпайлардың есебін санау комиссиясы жүргізіп отырады. Ол алдын ала сайланып қойылады.

1-қатарға

   Адам ағзасы

100

Омыртқа жотасындағы омыртқа саны нешеу?

/33-34/

200

Ол денеге бір пішін береді, қозғалысқа қатысады, дене тірегі болып табылады, кей мүшелерді зақымданудан қорғайды /қаңқа/

300

Адам ағзасындағы мүшелер соның арқасында үйлесімді қызмет атқарады. /жүйке жүйесі/

Карта. Жоспар. Табиғатты зерттеу

100

Бұл картада шекарасы, астанасы, басты қалалары берілген мемлекеттер белгіленеді. /саяси –әкімшілік карталар/

200

Жергілікті жердің жоғарыдан қарағандағы көрінісі. /жергілікті жердің жоспары/

300

Антарктиданы ашқан атақты экспедиция жетекшілері. /Ф.Беллинсгаузен,

М. Лазарев/

Ауа. Ауа-райы. Климат

100

Атмосфера құрамына кіретін, жерді зиянды сәулелерден қорғайтын газ. /озон/

200

Қазақстанның климаты қандай? /континентальді/

300

Жел, бұлттылық, температура, жауын-шашын, ауа ылғалдылығы, атмосфера қысымы нені қалыптастырады? /ауа-райы болжамын/

Өсімдіктер

100

Қызғалдақтың Отаны қай ел? /Қазақстан/

200

Өсімдіктің қоректік заттар алатын және топырақта өсімдікті сақтауға көмектесетін мүшесі. /тамыр/

300

Өсімдіктердің арасынан «бөтенін» тап: қазжуа, бақбақ, көктерек /көктерек/

Туған елім- Отаным

100

Жібек жолы Қазақстанның осы ежелгі тарихи қаласы арқылы өткен. /Түркістан/

200

Семей полигонында алғашқы ядролық қару қай жылы сынақтан өткізілді? /1949ж/

300

«Ақиқат пен аңыз» романының авторы, жерлес жазушы.  

 /Ә. Нұршайықов/

 

2-қатарға

Табиғат. Денелер. Заттар.

100

Табиғатта болып жататын өзгерістер осылай аталады. /құбылыстар/

200

Адамды қоршаған барлық заттардың атауы. /денелер/

300

Дененің ұсақ қозғалмалы бөлшектен тұратынын дәлелдеген орыс ғалымы. /М. В. Ломоносов/

Қазақстан-географиялық картада.

100

Қазақстанның алып жатқан жер көлемі қанша шаршы км-ді құрайды? /2млн.724мың км2/

200

Еліміздің шығысында орналасқан биік тау. /Алтай/

300

Төмендегілердің ішінен Қазақстан шекараласпайтын мемлекетті ата: Ресей, Қытай, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан /Түркия/

Су

100

Жер асты суларын осылай атайды. /грунттық/

200

Сүзген кезде су неден тазарады? /қоспалардан/

300

Судың бір күйден екінші күйге ауысуын анықтау шкаласын ұсынған және өз термометрін ойлап тапқан ғалым. /Цельсий/

Жануарлар

100

Шығыс Қазақстандағы көл атымен аталған қорық қалай аталады? /Марқакөл қорығы/

200

Бұл жануарлар тіршілігінің бір бөлігін суда, бір бөлігін құрлықта өткізеді. /қосмекенділер/

300

Қабыршақ терісі, тас қабығы бар жануарлар, екінші атауы-рептилиялар. Бұлар: /бауырымен жорғалаушылар/

Адам және қоғам

100

Сенің өміріңдегі негізгі Заң. /Конституция/

200

Ұлы Отан соғысы қай жылдар аралығында болды? /1941-1945/

300

Қайсысы жетпей тұрғанын тап: Пирамидалар, Семирамиданың аспалы бағы, Александрия маягы, Галикарнас кесенесі, Родос алыбы, Артемиданың ғибадатханасы, /Зевс мүсіні/

 

3-қатарға

 

Тау жыныстары

100

Мына қасиеттер қандай пайдалы қазбаға тән: сұйық, судан жеңіл, қоңыр түсті, ащы иісі бар, жақсы жанады. /мұнай/

200

Кен қабатына жеткенге дейінгі шыққан бос жыныстардың үйінділері. /террикондар/

300

«Жерді біз әке-шешемізден мұраға емес, балаларымыздан қарызға алдық» Бұл кімнің сөзі? /Ли Таболтаның/

Біздің  Отанымыз -Қазақстан

100

ҚР-ның Қарулы Күштерінің жоғарғы Бас Қолбасшысы? /Президент/

200

«Халық қаһарманы» атағына ие болған жерлес партизан-жазушы. /Қасым Қайсенов/                                  

300

Бұл қала 1925-1929 жылдар аралығында Қазақстанның астанасы болған. /Қызылорда/

Өзендер мен көлдер

100

Ақтау қаласы қай теңіздің жағалауында орналасқан? /Каспий/

200

Жер бетінің табиғи тереңдігінде орналасқан су қоймасы. /көл/

300

Өскемен, Семей, Павлодар қалаларын басып өтетін өзен. /Ертіс/

Құрлық беті

100

Уақытша ағын судың әсерінен пайда болған терең шұңқырлар қалай аталады? /жыра/

200

Олар физикалық картада қошқыл қоңыр бояудың үстіне түскен ақшыл және көгілдір түсті реңмен көрсетіледі. /мұздықтар/

300

Жарма ауданының жерінде созылып жатқан тау жотасы қалай аталады? /Қалба жотасы/

Табиғат

100

Өсімдіктері  мен жануарлары әр алуан, арнайы қорғалатын тұтас табиға аймақ. /қорықтар/

200

«Хлорофилл» өсімдіктерге қалай әсер етеді? /жасыл түс береді/

300

«Адамның шығу тегі және табиғи сұрыпталу» атты еңбекті жазған ғалым. /Ч. Дарвин/

 

ІІ тур. Шығыс Қазақстан жануарларын танисың ба?

II турға өткен 3 оқушының  әрқайсысына экрандағы 6 ұяшықтың екеуін таңдауға мүмкіндік беріледі. Ұяшық таңдалған соң, ол ашылмай тұрып, мұғалім сәйкес сұрақты оқиды. Оқушының жауабының дұрыс немесе бұрыс екендігі экрандағы ұяшықтың ашылуы арқылы тексеріледі. Дұрыс жауапқа 100 ұпайдан беріледі, қате жауапқа 100 ұпай шегеріледі. І турдан жинаған ұпайлары ІІ турда  сақталып, одан әрі есептеле береді.

Барыс: Өңіріміздегі биік тау алқаптарын мекендейтін жыртқыш. Ерекше сымбатты, күшті, епті де батыл аң. Салмағы 40 кг шамасында, 15 жылдай өмір сүреді. Жемін аулауға қараңғы түскенде шығады. Қазақстан Республикасының символы болып табылады. «Қызыл кітапқа» енгізілген.

Ұлар: Биік тасты құздарда тіршілік етеді. Салмағы едәуір ірі, 3 кг-дай, түсі тас реңдес сұрғылт құс, тауық тұқымдас. Дауысы әуезді,  жағымды. Көбінесе топтасып жүреді, тек жұмыртқа басарда  ғана жұптасады. Өте сақ болады. Олар тек жоғарыдан төмен қарай ұшады. «Қызыл кітапқа» кіргізілген.

Зайсан жұмырбасы: Құйрықты қосмекенді. Өте сирек кездеседі.Зайсан көлінің маңын мекендейді. Ыстықтан гөрі салқынды жақсы көреді. Қорегін аулауға кеш батқанда шығады. «Қызыл кітапқа» енгізіліп, қорғауға алынған.

Алтай арқары: Өте ірі шөпқоректі жануар. Олар биік тау жайылымдарын мекендейді. Түнде мұзды алқапқа дейін өрлеп барып, түнеп шығады да, ертеңгісін жайылымға қайта түседі. Сирек кездеседі, таралу аймағы тарылып, саны азаюда. «Қызыл кітапқа» тіркелген.

Қызғылт бірқазан: Өңіріміздің су қоймаларың, нулы қамысты көлдерді мекендейтін құс. Денесі ірі, салмағы 13 кг-дай, ақшыл қызғылт түсті. Тұмсығы өте ұзын, үлкен. Тұмсығының астыңғы жағында созылмалы « қабы» бар. Қанатын жайғанда 3 метрге дейін жетеді. Саны бірте-бірте  кеміп бара жатыр. «Қызыл кітапқа» енгізілген.

Хариус:  Бұл балықтың  тіршілік мекені - Марқакөл көлі. Саны азайып бара жатыр. Кездейсоқ ауға іліксе, дереу босатып, қайтадан суға қоя беру керек. «Қызыл кітапқа» кіргізілген.

ІІІ тур. Шешуші сәт

ІІІ турда экранда 7 түрлі тақырып берілген. 3 оқушы кезекпен кезек ұнатпаған тақырыптарын алғызып  тастайды. Ең соңынан бір тақырып  қана қалады. Сол тақырыптың сұрағы оқылмас бұрын, әр оқушы жеке-жеке ставка жасап, қағазға жазып алдарына қояды. Сосын сұрақ оқылады. Ойлануға 30 секунд беріледі. Жауабын жазбаша түрде қағазға жазып береді. Уақыт аяқталғанда жауаптарын және жасаған ставкаларын көтеріп көрсетеді. Егер жауабы дұрыс болса, жасаған ставкасы ұпайына қосылады, жауабы қате болса ставкасы ұпай санынан шегеріледі. Ең сонында  кімнің  ұпай саны көп болса, сол жеңімпаз деп танылады.

Экологиялық апаттар: Соңғы  20- 30 жылда көлемі 2 есеге кішірейіп кеткен, экологиялық апатқа ұшыраған Қазақстанның оңтүстігіндегі  теңіз. (Арал теңізі)

Адам-қоғам перзенті: Қазақ халқының салтында үйленген баласын бөлек шығарарда бүкіл туған-туыстарын жинайды, қонақ етеді. Олар жас отауға тілек тілеп, әрқайсысы көмек көрсетеді. Керек жағдайда туыстары, жолдастары жаңа отбасына қажетті жағдай жасауға құлшына кіріседі. Бүкіл ағайындарының жиналып келіп, жас отбасына үй салуға көмектесу дәстүрі қалай аталады? (Асар)

Табиғат: Іле өзеніндегі Қапшағай су қоймасы құрылысы және көл жағасындағы мыс балқыту комбинаты осы көлдің тартылуына және  ластануына алып келді. Бұл қай көл? (Балқаш көлі)

Жер-ғарыш денесі: Полюстерден бірдей қашықтықта жүргізілген сызық, латынша «теңейткіш» деген сөз. Бұл сызық қалай аталады?  (Экватор).

Туған жер - алтын бесік: Осы жазыққа көптеген ақындар өз шығармаларын арнаған, ертеде мал жайылымы ретінде қолданылған. Құрманғазы өз күйін осы жазықтың атымен атаған. Жазықтың атын жаз. (Сарыарқа)

Сіз білесіз бе? Оның әлемдегі ең ірі жануар екенін, салмағы 150 тонна болатынын, оның терісіне 12 африка пілінің сыйып тұратынын? (Көк кит)

Ең,ең,ең.... Әлемдегі ең  ірі жыртқыш. Ол жақсы жүзеді және сүңгиді, мұз үстінде ептілікпен жылжиды. (Ақ аю)


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз