Жамбыл облысы Шу ауданы
Белбасар ауылы «Балдырған»
балалар бақшасының әдіскері
Салыхова Эльмира Омаровна
Бөлімі: Қарттар күніне орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шара
Тақырыбы: «Мен де болғанмын сендей, сен де боларсын мендей»
Мақсаты: Үлкендерді сыйлау, құрмет көрсету, үлгі–өнеге тұтуға балаларды баулу.
Өтілу барысы
Жүргізуші: Қайырлы күн қымбатты да аяулы апалар мен аталар, ардагер ұстаздар!
«Балдырған» балалар бақшасында қарттар күніне арналған «Мен де болғанмын сендей, сен де боларсын мендей» тақырыбында өткізгелі отырған мерекемізге қош келдіңіздер! Мерекелеріңіз құтты болсын!
Хор: «Сағындым әже өзіңді»
Жүргізуші: Құрметті ардагер – ұстаздар, қариялар! Алтын күннің саясында жарқыраған жүздеріңіз әрқашанда бізбен бірге. Сіздер секілді мәуелі бәйтеректерден тамырланып, сан тарапқа қанат қағамыз. Сонда да білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымызды ешқашанда ұмытпаймыз. Сіздердің де мерекелеріңіз құтты болсын!
Алғашқы құттықтау сөзі меңгеруші Кудагелдиева Лаззат Алмабекқызына беріледі.
Жүргізуші: Құрметті ақжаулықты әжелер, қасиетті қариялар, сіздердің бүгінгі мерекелеріңізге құттықтау лебіз ретінде тарту балабақша бүлдіршіндерінің мерекелік қойылымын қабыл алыңыздар.
Ән: «Асыл әжем» Узенбаева А.К.
Би: «Үнді» биі
Көркем сөз оқу: «Ана» Аширбаева Н.Т.
Арманыңды ақтарам ба жүрегімде тербесем,
Айға сіңлі, қарындассың қасиетті Жерге сен.
Мен өзінді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,
Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен.
Сұлу әлем, әлем сұлу сен жаратқан адаммен,
Көк жолының қарсылығын қағып тастап барам мен.
Сендік қуат болар, бәлкім, басын иді көк маған,
Әр кез сенен туғанымды есіме алсам, тоқтанам.
Ал ұмытсам, ұмыт болып қаларымды білемін,
Ұмыт қалмау үшін менің шарқ ұрады жүрегім.
Шат жүріп-ақ қас қаққанша боламын мен шерменде,
Жетім емес кей ананың жетімдігін көргенде,
Көз алдымда жас дөңгелеп булығам да ызадан,
Маған тіпті сөз келмейтін ұяттардан қызарам.
Бұл дүниеге онсыз-дағы кеткен жоқ па көп есең,
О, аналар, кей пасықты жаратасың неге сен!
Тасбауырлар дүниеге келсін де, тез кетсін де,
Әлде өзгелер ондайлардан жиіркенсін дейсің бе?
Қай кеудені жылытады лапылдаған отпенен,
Өз кеудесін жылытуға құдіреті жетпеген.
Анаң саған керек болса, балаңа да сен керек,
Кезекпенен ауысатын ғұмыр ғой бұл дөңгелек.
Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,
Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.
Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,
Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы.
Баяндама: «Аяла, қарт – қарияны!» Салыхова Э.О.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1990 жылдың желтоқсан айындағы кезекті отырысында 1 қазан — Қарттар күні деп белгіленгеннен бері елімізде жыл сайын осы күн кеңінен аталып өтіп, қарияларымызға құрмет көрсетіледі.
Бұл мереке ХХ ғасырда пайда болды. Басында Қарттар күнін Еуропада, кейін Америкада, ал 80-жылдардың аяғында барлық әлемде атап өтетін болды.
Қарттар күнінің маңызы, аз қамтамасыз етілген қарт адамдардың, жалғызілікті қарт зейнеткерлер мен қарт мүгедектердің мүдделеріне, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсетуге назар аудару мәселелері болып отыр.
Қарттары бар жұрттың қазынасы бар. Қарттар бізге және өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа өмір жолдары өнеге, еңбек жолдары үлгі боларлық данагөй тұлға, саялы бәйтерек.
Ісі ұрпаққа үлгі - өнеге болатын қадірменді қариялардың елге сіңірген ерен еңбектерінің ешқашан өшпей, ұрпақтар санасында мәңгілік сақталынып, олардың жалпы өзекті мәселелерді шешуде даналық ақыл-кеңестерінің, ағалық ақылдары мен иманды сөздері маңыздылығын жоймайды.
«Ата қайратты болса, бала ғибратты болады» деген сөз бекер айтылмаған. Халық арасында ауызы дуалы, әңгімесі бәтуалы ақсақалдар барда ел ішінде алауыздықтың орын алмайтыны, жастары жөнсіз кетпейтіні белгілі. Біздің қоғамымыздағы түсіністіктің, сыйластықтың орнауында Елбасы жүргізіп отырған сындарлы-салиқалы саясатпен бірге аға ұрпақтың да үлесі бар. Сондықтан, Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері – ерік-жігерін ұрпағының жарқын болашағы үшін құрбан еткен қариялармыздың да арқасы.
Қазақтар «Төрінен қарт кетпесін» дейді, жасы үлкенге құрмет ету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – біздің ата-дәстүріміз. Осы орайда әрбір жасқа айтарымыз, өзіңді өмірге келтірген, тіршілігіңе нәр берген ата-ананың алдында адамның парыз-міндеті өлшеусіз. Ананың ақ сүтін, әкенің адал күшін ақтау – өз болашағынды сақтау. Сен өмір бойы жас болып тұрмайсың. Сен ата-анаңды сыйласаң, сенің балаларың да қартайғанда өзіңді аялап күтіп, бағып-қағатын болады. Қазақ ғұрпындағы ата-ананың алған орны, қадір-қасиеті ерекше биік. Сол себепті олардың «Бала-шағаның алдында дүние салып, солардан топырақ бұйырса» деген бар тілегін, үміт-арманын ақтау парызым деп білуіңіз керек.
Тұла бойы тұнған шежіре, өнегеге тұрарлық салиқалы мінезді қазақтың көнекөз қарттары - ұлтымыздың сарқылмас қазынасы десек артық айтпаспыз. «Көңіл аудар даналардың сөзіне,адал жанды өнеге тұт өзіңе»-деп Баласұғын атамыз айтқандай, біздің үлгі тұтарымыз ата-әже, әке-аналарымыз. Оларды сыйлау – ата-бабаларымыздан мирас болып келе жатқан дәстүр.
Ия, біз қашан да құрметпен, қадірлейтін халықпыз. Шаңырағында қарты бар отбасы қазыналы үй саналады. Сонымен сөзімнің соңында айтарым, қазынамыз ортаймасын, қарттарымыз аман болсын!
Ән: «Айгөлек» Ақбөпе, Айжан
Би: «Батырлар» биі
Сұрақ – жауап:
1. Құрметті ардагер-ұстаздарІ Білім жолында жылдар бойы еңбек етіп, талай шәкірттерді шығардыңыз. Сол шәкірттеріңіздің ішінде сіздің жолыңызды қуғандар бар ма?
2. Қанша жасыңызда немерелі болдыңыз?
3. Қандай қызметтер атқардыңыз?
4. Немерелеріңізді қалай еркелетесіз?
5. Ұстаздық өмірде қатты қуанған сәтіңіз есіңізде ма?
6. Шәкірттеріңіздің ішінде кімді мақтан тұтасыз?
Көрініс: «Қарттар күні»
Жүргізуші: Қастерлеймін әке даңқын, ана салтын,
Ұмытпайды ұрпағың дархан халқың
Қабыл ал, ұрпағыңнын аманатын
Жыр боп келді, саған деген махаббатым.
Хор: «Әрқашан күн сөнбесін»
Би: «Қара жорға» биі
Жүргізуші: Ия, біз үлкенімізді құрметтеп, қадірлейтін халықпыз. Шаңырағында қарты бар отбасы қазыналы үй саналады. Сонымен сөзімнің соңында айтарымыз қазынамыз ортаймасын, қарттарымыз аман болсын!
Қарттардың бірі батасын береді.
Жүргізуші: Бүгінгі ұрпақ үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Сіздерге зор денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй, отбасыңыз бен замандастарыңыз арасында атап өтетін мереке күндер көп болсын деп тілейміз.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі