Өлең, жыр, ақындар

Құндылық: Ішкі тыныштық

 

Өзін-өзі тану пəнінен ашық сабақ жоспары

 

Төребаева Гәкку Рымтайқызы

 

Қарағанды гуманитарлық колледжі

Қарағанды облысы, Қарағанды қаласы

 

 

 

Құндылық: Ішкі тыныштық

Қасиеттер: Қарапайымдылық, шыдамдылық, жағымды ойлау.

Мақсаты: Студенттерге аңыз әңгіме айту арқылы ішкі тыныштық құндылығының мәнін ашу.

Міндеттері:

Білімділік: Студенттерге өнерлі адамдардың өміріндегі, істеріндегі шыдамдылық, табандылық қасиеттері туралы түсінік беру.

Дамытушылық: Ұлы адамдардың жақсы істерін үлгі ете отырып, олардың жағымды ойлау қасиеттерін дамыту.

Тәрбиелік: Ой тыныштығында отырып үйренуге, жалқаулықты қадағалай білуге, өзін-өзі алдамауға, өзіне-өзі сенімділікпен қарауға тәрбиелеу.

Сабақ барысы:

Ұйымдастыру кезеңi. Тыныштық сәтi. «Нұрға бөлену»

Сұрақ: 

1. Жағымды көңіл күйге келе алдыңыздар ма?

2. Кім өз ойымен бөліскісі келеді?

Қорытынды: Олай болса, осы нұрды жүректеріңізде сақтап, тыныштық қалпымызда қалайық.

Дәйексөз. Адамның жақсы өмірінің негізінде билігі бәріне жүретін үш қасиет жатыр: адал еңбек, ар-ожданды ақыл-ой, шынайы жүрек. Бұларсыз өмірде тыныштық пен келісім табылмайды. Шәкәрім құдайбердиев 

Мағынасын ашу: Тыныштық – кез-келген сыртқы жағдайда ақыл-ойдың тазалығын сақтау. Жан тыныштығы – ол адамға кез-келген жағдайдан шығуға көмектесетін күш. Жан тыныштығы таза жүректе орнайды.

Дәйексөзді жаттатып, 3-4 студентке жатқа айтқызу.

Сұрақтар:

1. Нақыл сөздің мағынасын қалай түсіндіңдер?

2. Ішкі тыныштыққа жетудің жолы қандай?

Түйін: Тыныштық...Құлпырған дүниені сезіну, мақсаттарға жол салу, арман атты тұлпармен алыс жақтарға сапар шегу, көңілдегі көлеңкені аппақ бұлттарға алмастыру, сезімге берілу, санадағы сансыз жағымсыз ойлардан арылу.  

Мұғалім сыйы. «Кішкентай кісілер» («Ағайынды Гримм» ертегісінен алынған). Ертеде жандүниесі таза  бір етікшінің жұмысы жүрмей, аяқ киім тігуге былғарысы да қалмапты. Ол ашуланбастан қалдық былғарыларды құрап кебіс тікпекші болады. Кеш батқанда «қалғанын ертең тігермін» деп шеберханасын жауып кетіп қалады. Келесі күні шеберханаға келсе, аяқталмаған кебіс тігіліп дайын тұр екен. Ол әбден таңданады. Көшеде өтіп бара жатқан бір кісі кебіске қызығып, ақшасын артығымен төлеп кебісті сатып алады. Етікші ақшаға былғары сатып әкеліп, ертеңгі тігетін кебісті  пішіп, дем алуға кетеді. «Міне, ғажап!» Ол ерте тұрып келсе сондай әдемі екі кебіс дайын тұр екен. - Мына кебістер сатыла ма? – деген сұрақтан есін жиған етікші ойланбастан сатып алушы берген ақшаға көбірек етіп  былғары сатып алады. Осылайша қайталана береді. Ол бірде әйелі екеуі көмек беріп жүргеннің кім екенін көруді шешеді. Олар ұйықтамай перденің артында тығылып отырады. Түннің бір уағында екі кішкентай адам пайда болды. Бұлар эльфтер еді. Олар пішулі тұрған былғарыны әп-сәтте-ақ екеулеп тігіп болып, көзден ғайып болды. Екеуі эльфтер тіккен аяқ киімдерге қарап бірде бір мін таба алмады. Сонда әйелі – жақсылықты жақсылықпен қайтару керек. Біз оларға киім тігіп берейік- деп, оларға арнап киім, кебіс тігеді. Дайын болған киімдер мен аяқ киімдерді шеберханаға қойып, былғарыларды тығып қояды. Әдет бойынша, түннің бір уағында екі эльф келді. Былғары таппаған олар әдемі киімдерді киіп көре бастайды. Би билеп, ән айтады: «Сұрасаңыз эльфтерміз, эльфтерміз әдемі, Енді бізге керек емес былғарының әлегі». Эльфтер қайтып оралмады. Ал етікшінің еңбегі жанып, адал еңбегінің арқасында мақсат-мұратына жеткен екен. 

Сұрақтар:

1. Етікші әйеліне қандай ұсыныс айтты?

2. Етікшіге кішкентай эльфтердің көмектесуіне не себеп болды?

3. Кішкентай эльфтер тігулі тұрған киімдерді көргенде  не істеді?

4. Егер сен етікші орнында болсаң, саған кім көмектесіп жүргенін қалай білер едің?

Түйін: Түйін: Міне, балалар бұрынғы кезде етікті осылай шыдамдылықпен қолмен тіккен. Ой тыныштығында отырып, іске берілу арқылы күнделікті табысын тауып, қарапайым өмір сүрген. Ал етікшіге көмек берген эльфтер сиқыршы әрі қайырымды адамдар екен. Оларда ешқандай үлкен машина станоктары болмады. Олар кішкене қалыпқа өлшеп тартып тіккен. Бірақ етікші өзін-өзі алдамай, әйелінің асқақ ойына көңіл бөліп, кім көмектесіп жүргенін білді. Өзінің маңдай терімен еңбектеніп, етіктерді тігуді жалғастырды. Бұл ақиқат пен дұрыс әрекеттің сәулесі. Ақиқат пен дұрыс әрекет жолындағы адам ішкі тыныштықта болады. Ойында тыныштық жоқ адам үнемі қиындыққа тап болады. Тыныштықта адам бақытты, оның өмірінде ешқандай қиындық болмайды. Ендеше әрдайым біз де өзіміздің қиындыққа ұшырамауымызға жол бермеуіміз керек. 

Шығармашылық іс-әрекет.

Топқа бөлінеді. Ғалым, өнертану ғылымының кандидаты, профессор, ҚР Суретшілер одағы төрағасының орынбасары Құрман Мұратаев қазақ бейнелеу өнерін сонау көне заманнан осы күнге дейінгі даму кезеңдерін ғылыми-теориялық тұрғыдан зерттеп жүрген білікті маман. (бейнематериал KazArt #5 (05.05.2017) - Kazakh TV.mp4) Құрман Мұратаевтың ою-өрнекті зерттеу жұмыстарындағы 4 бағыты бойынша тапсырма беріледі.

1. Дөңгелек, бұл адам баласының космогоникалық ұғымынан туған, әлем кеңістігінен алынған ай, күн, жер, т.б. негізі. Оған қоса шеңбер (дөңгелек) – үзілмес бағыт, мәңгіліктің нышаны.....(Тапсырма: осы ойды жалғастыру, жағымды ойлар айтудың мәні)

2. Ілгекке ұқсас бөлігі – «өмір жолы». Адам баласы дүниеге келгеннен кейін дөңге де шығады, ойға да түседі. Мәшһүр Жүсіп Көпеев атамыз айтқандай: «Бұл дүние бір күн базар, бір күн мазар». .....(Тапсырма: өмірден мысалдар келтіру арқылы ішкі тыныштыққа келудің мағынасын ашу)

3. Төрт құбыла – дүниенің төрт бұрышы (атам қазақ дүниенің қай бұрышында жүрсең де амандық тілеумен өткен)....(Тапсырма: тілек білдірудің маңызы жайында ой толғау)

4. Үшбұрыш (тұмарша). Жер үсті аспан болса, онда үшбұрышымыз аспан, жер, су белгісіне келетін сияқты. «Аспаның ашық болсын, суың таза болсын» деген тілектер қазақта көп айтылады. .....(Тапсырма: бір-біріне тілек айту)

Түйін: Олай болса, біз ұлы адамдарымыздың жасаған еңбектерін, қалдырған өшпес іздерін, осы ұлыларымыздың бойындағы шыдамдылық, табандылық, қарапайымдылық қасиеттерін бойымызға сіңіре отырып, үлгі ете отырып игі істерін әрі қарай ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыра берейік.

Топпен ән айту: Ертегілер әлемі. Сөзі мен әнін жазған: Е. Елгезеков

Сұрақ:

1. Әннен қандай әсер алдыңыздар?

2. Әннің сөзінде ішкі тыныштыққа келуге себеп болатын ғажайыптар жайында не айтылған?

Қорытынды: Ендеше балалар, осындай әдемі әнді тыңдай отырып, әрдайым жағымды ой ойлайық.  

Үй тапсырмасы: Ғалым, өнертану ғылымының кандидаты, профессор Құрман Мұратаевтың өмірінен шабыттандыратын мысалдар келтіру.

Сабақтың соңғы тыныштық сәтi. 

Қорытындылау: Балалар, көзімізді жұмып отырып, бүгінгі сабақта айтқан құндылық пен қасиеттерді есімізге түсірейік те,  жүректерімізге  түйіп қояйық. Іштеріңізден: «Мен шыдамдымын, сыпайымын, қарапайыммын деп айта отырып, осы қасиеттерді әрқашан ұстанамын»

Түйін. Олай болса балалар, бүгінгі сабағымызды Сократтың мына даналық сөзімен аяқтағым келеді «Егер адам өз жағдайына қанағаттанбаса, оны екі жолмен өзгертуге болады: не өз өмірінің, не жан дүниесінің жағдайын жақсарту арқылы. Біріншісі әрдайым болғанымен, екіншісі әрдайым өз билігіңде» деген. Сондықтан да ішкі әлеміміздегі құндылықтарды бағалай келе өмірде шынайы, жігерлі, қарапайым болу міндеп деп түсінейік.

 

Қолданылған әдебиеттер

1. А.Марғұлан. «Казахское народное прикладное искуство» Алматы 1986

2. Ағайынды Гримм ертегілері. Аруна, 2013 ж.

3. Самалтыров.Н. «Қазақ ою-өрнегінің ұғымдық сипаты. 

4. «Тәрбие құралы.» 2005 ж.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз