Өлең, жыр, ақындар

Қыс қызығы

Қарағанды облысы Қарқаралы қаласы
«Еркетай» бөбекжай–бақшасының
тәрбиешісі
Сламбекова Гульдана Канатовна

Мақсаты: Балалардың қыс туралы түсініктерін кеңейтіп, қысқы ойындар мазмұнын меңгерту, спорт туралы білімдерін кеңейту,  қызығушылықтарын арттыру. Бала денесін ойын арқылы қозғалысқа келтіріп, таза ауада шынықтыру. Іс-әрекетке деген қызығушылығын ойын арқылы қалыптастыру. Салауатты өмір салтына тәрбиелеу.

 

Қажетті құрал-жабдықтар: Кедергілер, шелектер, шана, күрек, шаңғы, хоккей таяқшасы, шайба, аққалаға керекті заттар.

Үштілдік: Қар-снег-snow, аққала-снеговик-snowman, қыс-зима-winter.

Жүргізуші: Құрметті ата-аналар, балалар, балабақша ұжымы, қонақтар «Қарлығаш» тобы балаларының «Қыс қызығы» атты эстафеталық жарысқа қош келдіңіздер!

Тілек шеңбері

Балалар алаңда  екі қатарға тұрып, бір-біріне қарап, тілектер айтады.
Ауамыз таза болсын,
Денсаулығымыз мықты болсын,
Ойын қызықты болсын,
Жарыс көңілді болсын,
Жеңімпаздар көп болсын!

Жүргізуші: Сауығып айдай толасың.
Спортты серік ете біл,
Жақсы азамат боласың.
Жеңімпаз болу оңай ма,
Арман болған талайға?
Болмасаң да ұқсап бақ,
Жарысқа түсіп қалайда.

- Ал, балалар, барлық қонақтармен сәлемдесіп алайық.

Балалар: Сәлем бердік алтын күн,
Сәлем бердік ашық аспан.
Сәлем бердік жер-ана,
Сәлем бердік баршаңа.

«Әнұран» шырқалады

Жүргізуші: Шанамен зырлап желетін,
Шаңғы, коньки тебетін.
Аққала жасап ойнайтын,
Қай мезгіл деп ойлайсың?

Балалар: Қыс мезгілі.

- Балалар, қараңдаршы бізге қонаққар келе жатқан секілді. Ой, мынау келе жатқан аққала, түлкі, қасқыр ғой. (балалармен амандасады)

Түлкі: Менің жұмбағымды шешсендер мен сендерді жарысқа жіберемін.

Қыста ғана болады.
Ұстасаң қолың тоңады.   (Қар)

Табаныма байладым,
Қос таяқпен айдадым.     (Шаңғы)

Жалт - жұлт етеді,
Ұстасаң еріп, кетеді.     (Мұз)
Зулап түсті төменге.

Шықпас менен төбеге.  (Коньки)
Тікен - тікен тік пісте,

Қысы, жазы бір түсте.   (Шырша)

Күміс тұяқ тұлпарды,
Ерттеп міндім тай қылып.  (Шана)

Жүргізуші: Намысы бар балапандар қайдасың,
Білген дұрыс бұл спорттың пайдасын- дей отырып «Ақ аю», «Ақ қоян» топтарын ортаға басшыларымен  шақырамыз.  

Міне, балалар шықты алаңға,
Жас спортшылар жеке-жеке команда
Ал, балалар өздеріңді таныңдар,
Ептілік, мықтылық, батылдық көрсетіп табанды,
«Ура» деген ұранды біз тастаймыз
Жарысымызды ал енді бастаймыз
«Жеңіске жетеміз!» деп
Жалынды ұран тастаймыз

«Ақ аю» топ басшысы - Съезбек Айарыс
Ұраны: Біріміз бәріміз үшін,
Бәріміз біріміз үшін.

«Ақ қоян» топ басшысы - Сәдуақас Әлихан
Ұраны: Қояндарша орғимыз,
Намысты қолдан бермейміз.

Жүргізуші: Ал сайыскер топтар,
Ешкімнің жоқ алалар.
«Жеңімпаз болу» үлкен сын,
Оны әділқазың бағалар.
Ашық жарқын жүзді,
Әділқазылар біздің
Таңдап баға беруге,

Шақырайық төрге,- деп әділқазылар алқасымен таныстырайық.

Б\б әдіскері: Темирбекова Сауле Сагындиковна

Б/б психологі: Ғабдулина Қарагөз

Б\б медбикесі: Кашимова Гүлнар

Топтарымызға сәттілік тілеп, қошемет көрсетейік. (Музыка ойналады) Енді сайыс түрлерімен танысайық.

Жүргізуші: Балалар бүгінгі жарыс 6-кезеңнен тұрады:

1. «Қай топтың шанасы алда»

2. «Хоккейшілер»

3. «Кім епті?»                           

4. «Шаңғышылар»

5. «Аққала» жасау жарысы

6. «Арқан тартыс»

Жүргізуші: Балалар, ендеше жарысымызды бастаймыз! Дайынсыңдар ма?
Балалар: Біз дайынбыз!

- Ал енді құрметті сайыскерлер! Сіздерге сәт сапар! Жарысымызды бастаймыз.
Жүргізуші: Шанасына мінеді,
Мәз мейрам боп күледі.

Жарысамыз бәріміз,
Жарасып тұр сәніміз.

І-кезең:  «Қай топтың шанасы алда» деп аталады

Ойынның шарты: Әр топқа бір шанадан, оның үстіне бір баланы отырғызып, белгіленген жерден айланып өз орнына барады. Кім бірінші келсе, сол топ  жеңіске жетеді.

ІІ-кезең:  «Хоккейшілер» деп аталады

Ойынның шарты: Балалар хоккей таяқшасымен шайбаны кедергілер арасынан айналып өтіп, мәреге бірінші келген топ жеңіске жетеді.

ІІІ-кезең: «Кім епті?»  (Ыдыстан-ыдысқа қалақпен қар тасу)

Ойынның шарты: Балалар ыдыстағы қарды қалақпен кедергілер арасынан жүгіріп, шелекке тасу. Қай топ шелекке көп қар жинаса, сол топ жеңіске жетеді.

Жүргізуші: Жапалақтап ала қар,
Жауды күнде қайталап.
Қырға шықты балалар,
Шаңғыларың арқалап.
 

ІV-кезең: «Шаңғышылар»  деп аталады

Ойынның шарты: Балалар шаңғымен кедергілер арасынан жүріп өтіп, мәреге бірінші болып жеткен топ жеңіске жетеді.
Жүргізуші: - Балалар, біз келесі ойынды ойнамас бұрын жұмбақ шешейік, сол жұмбақтың шешуі арқылы келесі ойынымыздың атауын анықтаймыз.
Мұрны сәбіз үп-үшкір
Көзі көмір қап-қара
Көне шелек басында
Сыпырғышы қолында    (Аққала)

V-кезең:  «Аққала»

Ойынның шарты: Балалар дайын тұрған қардан аққала құрастырады. Оның көзін, мұрнын, аузын жасайды. Басына шелек кигізіп, қолына сыпырғыш ұстатады. Қай топтың балалары бұрын болса, сол топ жеңеді.

VІ-кезең: Қазақтың ұлттық ойыны: «Арқан тартыс»

Ойын шарты: Арқанның екі жағынан екі топқа бөлінген балалар тартысады. Қай топ арқанды өз жағына тартып, алып келсе, сол топ жеңіске жетеді.

Жүргізуші: Назар аудар денсаулыққа,
Өмірде бақыттысың денің сауда

«Денсаулық – терең бақыт» деген сөзді
Құр айтпаған ұлы Абай данамыз да.
Денің сауда күштісің бұл әлемде,
Денің сауда сұлусың жер бетінде.

Сол мықты денсаулықтың арқасында
Жетерсің әлі талай бақыттарға деп, - ортаға әділ қазылардың әділ қазысын айтатын мүшелерді шақырамыз. Марапаттау.

І-орын: «Ақ аю» тобы
ІІ-орын: «Ақ қоян» тобы

Аққала: Балалар, жарысқа өте жақсы қатыстыңдар, рахмет сендерге, менің әкелген сыйлығым бар! (көрсетіп, апайға береді, топта сыйлығын таратып береді)
Жүргізуші: Ұрпақ  керек  ертеңгі алда,
Болашақты болжайтын.
Дені таза, тәні таза,
Елін, жерін  қорғайтын!
Денсаулық - басты байлық өмірдегі,
Нәр беретін асыл ғой көңілдегі.
Салауатты өмір салтын насихаттап,
Атанайық жақсы азамат өңірдегі.

Еліміздің болашағы дені сау азаматтардың қолында. Денсаулықтың кепілі – салауаттылық. «Қыс қызығы» атты спорттық эстафеталық жарысымыз осымен аяқталды. Келіп тамашалағандарыңызға рахмет. Келесі кездескенше, сау болыңыздар!


Пікірлер (2)

Аяжан

пайдама жарады рахмет

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз