Өлең, жыр, ақындар

Біздің Отанымыз – Қазақстан

ШҚО Өскемен қаласы
Өскемен қаласы әкімдігінің «Ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын № 38 гимназиясы» КММ
қазақ тілі және әдебиет мұғалімі Козыбаева Айнаш Урынбаевна

Өскемен қаласы әкімдігінің «Ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын
«№ 38 гимназиясы» КММ-нің  1 а, б сынып оқушыларына арналған  
«Біздің Отанымыз - Қазақстан» – атты Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік Күніне арналған мерекелік танымды сабақ

Қоңырау соғылады, Мұғалім оқушылармен амандасып болған соң (есік қағылады), мұғалім есікті ашып, Алмабекті қарсы алып, оны сыныпқа кіргізеді. Мұғалім Алмабекпен амандасып, оны  қасына алып оқушыларға бүгін қандай мемлекеттік мереке екенін қысқаша айтып, оқушылардың орындарынан тұрғанын сұрайды. «Оң қолымызды жүрегіміздің тұсына қоямыз» - деп Қазақстан Республикасының Әнұранын орындатады

1 слайд – тақырыбы

2 слайд – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалады.

3 слайд – тақырыбы

Мұғалім Алмабекті орнына отырғызады. Сабақ басталады.

Мұғалімнің сөзі – Балалар енді тақтаға назар аударайық. Бүгінгі сабақ басқа сабақтан қарағанда танымды, өте қызықты сабақ. Біз бүгін сабақта Біздің Отанымыз Қазақстан туралы білеміз.

Интерактивті тақтадан Қазақстан туралы презентация көрсетіледі

4 ,5  слайд - Қазақстан картасы. Барлығымыз да Қазақстан картасына назар аударайық.Біз Қазақстан елінде тұрамыз! Мынау біздің байтақ жеріміз (Қазақстанның жерін картадан көрсетеді) Қазақстанның табиғаты алуан түрлі, жері кең, байтақ. Сонда қай жерде қала, әдемі ормандар, биік таулар,теңіз, көл, қазына байлықтары бар екендігін картадан білеміз. Осы картадан еліміздің басты қалаларын көреміз.

6-11 слайдтар – Қазақстан тәуелсіз мемлекет. Елтаңба, Ту , Әнұран – Мемлекеттік рәміздер. Олар еліміздің тарихын, дәстүрін, болашағын айқын көрсетеді.

Ту – авторы Шәкен Ниязбеков.

Елтаңба – авторлары Шота Уалиханов, Жандарбек Мәлібеков

Қазақ  тілі – мемлекеттік тіл. Государственный язык – казахский язык.

Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге.

12-14 слайдтар - Міне, балалар  мынау Қазақстан мемлекеті.  Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Отанымыз  Қазақстан – туып өскен жерің. Біз – Қазақстан Республикасының азаматтарымыз.

15-26 слайдтар – Қазақстан Еуразия материгінің  орталығында орналасқан. Кең байтақ жеріміздің табиғаты байлығымен, алуан түрлілігімен ерекшеленеді

27-32  слайдтар Ұлы дала – қазақстан жерінің көркі. Ол жүз жыл қандай болса, қазір де сондай. Дала шөптерінің аңқыған иісі де, жайнаған гүлдері де тамаша. Шарын шатқалы – әлемнің барлық жерінен келген туристерді қызықтырады. Шатқалдың ерекшелігі сол, оны уақыт, су мен жел жасаған. Мұндай көркем орын әлемнің еш жерінде жоқ. Ал Қорғандар алқабы ертегі еліне ұқсайды.

Нұр-Сұлтанның жанында табиғаты көркем Бурабай саябағы орналасқан. Саябақта қарағайлы орман, 14 көл және ғажайып пішіндегі жартастар бар. Осы өлкенің сұлулығы жайында көптеген аңыз-жырлар мен өлеңдер айтылады.

Қатон-Қарағай ұлттық табиғи саябағы – Шығыс Қазақстанның көрікті қазынасы. Оның қайталанбас әсем табиғаты, сирек кездесетін аңдары мен құстары мемлекет қорғауына алынған. Бұл жердің көркем табиғатын тамашалауға туристер көп келеді.  Оларды маралдарға жем беру, балқарағай жаңғағын жинау және Қазақстандағы ең үлкен Көккөл сарқырамасының жанында суретке түсу қызықтырады.

Хантәңірі – Қазақстандағы  ең әдемі тау шыңы. Ол ежелгі түркі тілінен аударғанда «Аспан әміршісі» деген мағынаны білдіреді. Бұл шыңның биіктігі – 6995 метр.

33-39  слайдтар  Мерекелер – Қазақстан халқының бірліг мерекесі – елімізде тұратын ұлттар арасындағы достық мейрамы. Қазақстанның үлкен отбасында қазақтар, орыстар, өзбектер, кәрістер, немістер, еврейлер, шешендер мен тағы басқа ұлттар бар. Барлығы 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады.

Наурыз мейрамы – 22 наурызда болатын мереке. Бұл күні адамдар бір-біріне игі тілек айтып, қонаққа барады. Қонақтарға мерекелік дастарқан жайылады. Әр қонаққа міндетті түрде «наурызкөже» ұсынылады. Ол 7 түрлі дәмнен дайындалады. Наурызкөжені мерекеде ішу керек, сонда жыл бойы молшылық пен тоқшылық болады.

Дастарқан – қазақ халқының қонақжайлылығының белгісі.Қай үйге кірсеңіз де, сізге дастарқан жайылады. Мерекелік дастарқанға – ет, бауырсақ, қазы, наурызкөже мен басқа да қазақтың ұлттық тағамдары қойылады. Асылған ет – негізгі тағам. Сүттен жасалатын пайдалы сусын түрі көп. Әсіресе қымыз бен шұбат өте пайдалы.

Киіз үй – ағаш пен киізден  жасалған қазақтардың ежелгі дәстүрлі баспанасы. Бұл – көшпенділердің ойлап тапқан керемет туындысы. Киіз үйді бір жерден екінші жерге алып жүру өте оңай. Оны 1 сағаттың ішінде құруға болады.

Музыкалық аспаптар – Қазақ халқының музыкалық аспаптары әр алуан. Ол – доибыра, қобыз, жетіген, керней, асатаяқ. Әсем дыбыс шығаруы үшін оларды ағаштың бағалы түрінен жасайды.

40 -47 слайдтар - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Первый Президент – Нурсултан Абишевич Назарбаев.

Біздің  еліміз жыл сайын 1 желтоқсанда қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін атап өтеді. Өйткені, 1991 жылы 1 желтоқсанда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының президенті  болып сайланды. Тұңғыш Президент күні – халықтың Елбасына деген сый-құрметі мен сенімін білдіреді.

48-51 слайдтар Еліміздің астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы. Нұр-Сұлтан – Отанымыздың жүрегі. Бұл болашақтың қаласы, Тәуелсіз қазақстанның басты рәмізі.Астанамыздың туған күні 6 –шілде.

52,53,54 слайдтар - Еліміздің  екінші президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

55– 58 слайдтар 16 желтоқсан – Қазақстанның тәуелсіздік күні – біз үшін ең маңызды мейрам. Өйткені, 1991 жылдан бері еліміз тәуелсіз, яғни мемлекетіміздегі барлық мәселені өзіміз шеше аламыз. Біздің елде әр азаматтың құқы мен міндеттері бар. Оның бәрі Конституцияда жазылған. Бұл Ата Заңымыз. Ата Заңымыз бойынша біздің білім алуға, денсаулығымызды сақтауға толық құқымыз бар.

57  слайд - Қазақстан Республикасының Ата Заңы - негізгі заң.

Сергіту сәті орындалады.

Аспанға қарап ай көрдік,
Төмеге қарап жер көрдік,
Оңға қарай бұрылып,
Солғы қарай бұрылып,
Егеменді ел көрдік!

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесіне орай, оқушылардың да сыйы бар екен, оқушылар ортаға шығып тақпақтарын орындайды.

Алдияр

Айнымайды аспаннан
Біздің тудың бояуы,
Оны халық қашанда
Биікке іліп қояды.

Айзере

Елтаңбасы елімнің
Неткен әйбат, әдемі.
Тұнығындай көңілдің
Ортада аспан әлемі!

Марсель

Құт, береке шаңырақ
Орын алған ол төрден.
Қанатты қос арғымақ
Екі жақтан көмкерген.

Александр

Әнұраны елімнің
Шақырады бірлікке.
Егеменді халқымның
Болашағы бірлікте.....

Василиса

Желбірейді шалықтап
Қазақстан жалауы
Көкте қыран қалықтап,
Қанат қағып барады

Варвара

Көк аспанда нұрлы күн
Күлімдейді далама
Бақыт тілеп тұр бүгін
Ол барлық пәк балаға

Алинұр

Ұлттық өрнек мұрамыз
Адастырмас мұраттай
Нық көтеріп тұрамыз
Жалауды біз құлатпай!

Дарья

Ортақ бізге бір Отан
Төбемізде бір аспан,
Барлық ұлттың баласы,
Достығымыз жарасқан.
 

Камиль

Бұлт баспасын күнімді
Тарылмасын өрісім.
Биік ұстау Туымды -
Қасиетті борышым

Қазақ биі сыйға тартылады.Бишілер 1 А және 1 Б сыныбының оқушылары: Адылханова Карина, Кайдарова Тамина, Щербинина Маргарита, Маликова Варвара, Островская Виктория, Ксебаева ........, Греку .......

Мақал-мәтелдер айтылады

1. Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық – Карина

2. Ел болам десең, бесігіңді түзе – Айзере Айдар

3. Отан - елдің анасы, Ел – ердің анасы - Блошкин Глеб

4. Туған жердей жер болмас, Туған елдей ел болмас – Островская Виктория

5. Отанды сүю – отбасынан басталады – Айсұлу

6. Отан үшін күрес, Ерге тиген үлес – Алана

7. Отансыз адам- ормансыз бұлбұл – Айша

8. Ел іші алтын бесік – Илья

9. Жері байдың елі бай – Зарема Есильгильдинова

10. Отан - қуат, Отбасы – шуақ – Жанель

11. Өз елің – алтын бесігің – Зарема

12. Отан – оттан да ыстық - Нұрәлі

Мұғалім: Балалар Алмабек сендерге сұрақ қояды. Кәне, сұрақтарын тыңдайық:

1. Қазақстан қандай мемлекет?

2. Қазақстанның жері қандай?

3. Бүгін қандай мереке? (балалар орындарынан тұрып жауап береді)

Жарайсыңдар, балалар! Ал, енді тақтаға назар аударайық! Тақтада  ойын көрсетіледі.

Ал, енді, келесі кезегімізді ойынға берейік, қазір  біз «Тез жабыстыр» ойынын ойнайық. Біз қазір 2 топқа бөлінеміз. 1-топқа Ту суретін жапсыру керек, 2-топқа елтаңба суретін жапсыру керек. 

Мен сендерге қиылған Тудың, Елтаңбаның  суреттерін беремін. Сендер оны жапсыруларың керек. Кім бірінші болып құрастырады екен?

Мұғалім: Жарайсыңдар, балалар! Балалар, міне жапсырылған туымыздың суретіне қарайық, не белгіленген?

Балалар:

Күн, бүркіт, ою.

Мұғалім:

Дұрыс! Ал бұл суреттер не білдіреді, білесіңдер ме? Балалар біздің туымыздың түсі қандай?

Балалар:

Көгілдір!

Мұғалім:

Дұрыс! Ол аспанымыз ашық болсын дегенді білдіреді. Күннің бейнесін қараңдаршы – күннің сәулелері біздің еліміздегі ұлттар саны. Біздің елімізде жүз отыз ұлт бар екен. Осы күн – 100 ді білдіреді, ал сәулелері отыз екен.

Қыранның бейнесі – еліміз әрқашан биікте самғасын, биіктен көрінсін  деген. Және туымыздың жанында оюлар бар. Бұл оюлар тудың қазақ елінің туы екенін білдіреді. 

Енді балалар Елтаңбамызға қараңдар. Елтаңбаның ортасында не тұр?

Балалар:

Шаңырақ!

Мұғалім:

Дұрыс! Балалар шаңырақ біздің елтаңбамыздың жүрегі. Шаңырақ-үйдің, отбасының бейнесін білдіреді. Тағы да не бар?

Балалар:

Қанатты тұлпарлар бар!

Мұғалім:

Дұрыс, қанатты тұлпарлар бар. Тұлпарды біздің ата-әжелеріміз ер-азаматтың қанаты деген. Төбесінде жұлдыз бар. Ол – біздің еліміз әрқашанда биіктен көрінсін деген ойды білдіреді. Ал астындағы «Қазақстан» деген жазу Елтаңбаның біздің елдікі екенін білдіреді.

Шаршадыңдар ма балалар?

Балалар:

Иә, шаршадық!

Мұғалім:

Кәне келіңдер ән айтамыз.

Біз бақытты баламыз! (Мы счастливые дети!)

1. Біз бақытты балдырған,
Үміт отын жандырған,
Біздер үшін әрбір таң,
Басталады ән-жырдан.
Біз бақытты балдырған,
Үміт отын жандырған,
Біздер үшін әрбір таң,
Басталады ән-жырдан.

Қайырмасы: Біз бақытты баламыз,
Әсем әнге саламыз,
Шаттанамыз, күлеміз
Бейбіт-өмір сүреміз,
Біз бақытты, біз бақытты баламыз!
Біз бақытты, біз бақытты баламыз!

Қорытынды:

Балалар біз бүгін сабақта қандай мемлекет туралы айттық?

Балалар:

Қазақстан!

Мұғалім: дұрыс айтасыңдар, балалар, Еліміздің рәміздері қандай?

Дұрыс! Еліміздің рәміздерін: Әнұран, Ту және Елтаңба

Жарайсыңдар, балалар! Осымен сабағымыз аяқталды. Сау болыңдар балалар!


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз