Өлең, жыр, ақындар

Өмірің өз қолыңда!

Нұр-Сұлтан қаласы, №81 «Astana English School» мамандандырылған гимназиясының 

педагог-психологі Нургазина Мадина Оралхановна


Тақырыбы:  Өмірің  өз қолыңда!

Адам – өз өмірінің суретшісі. Ол өмірді сырлап бояуға, оған ажар, 

түр беруге, оны әшекейлеп өрнектеуге еңбек етеді.

                                    Баубек Бұлқышев

Мақсаты: 

Білімділік: өмірдің адам үшін маңыздылығын жан-жақты ашып, сараптап, пайымдап, талдай отырып, өмірдің құндылығы, өмірге деген сүйіспеншілік туралы түсінік беру;

Тәрбиелік: өмірді сүюге, бағалауға баулу; 

Дамытушылық: өмірді мәнді де мазмұнды сүруіне ықпал ете отырып, түрлі жағдаяттардан жол табу, күрделі өмірлік мәселені шеше білу, модель қорғау іскерлік-дағдыларының қалыптасуына түрткі жасау;

Сабақтың түрі: тренинг сабақ

Көрнекі құралдар: конверттер, парақтар, ватман қағаздары, фламастер, карточкалар, журналдар, қайшы, желім.

 

Тренинг барысы

І. Сәлемдесу. «Сәлемдеме хат». 

Уақыты: 7 мин.

Нұсқау: Қазір мен сіздерге конверттер мен кішкене парақтар таратамын. Сол параққа сіздер өз сәлемдемелеріңді жазып, конвертке салыңыздар. Сәлемдеме жазып болған соң, менің қолымдағы пошта жәшігіне саламыз. Бұл жазылған хаттарды мен араластырып, қайта сендерге таратамын. Өздеріңізге келген хатты оқып, қаласаңыздар оны бүгінгі сабағымыздың естелігі ретінде өзіңізде қалдыруға болады. 

Талдау: Сәлемдеме жазу қиын болды ма?

                       Сіздің сәлемдемеңізді оқығанда өзіңізді қалай сезіндіңіз? т.с.с.

 

ІІ. Сабақ ережесі: 

 Белсенді қатысу;

 Тыныштық сақтау;

 Бірін-бірі тыңдау;

 Ойын ашық айту;

 Бір-бірін сынамау;

 Бірігіп жұмыс істеу.

 

ІІІ. Кіші топтағы пікір талас (әр топқа берілген тапсырмаларыды талдау ұсынылады).

Уақыты: 20 мин.

І топ.  «Екі бақа» аңыз әңгіме.

Сарайда тұрған шыныдағы қаймаққа екі бақа түсіп кетеді. Біреуі, шыға алмайтынына көзі жетіп, қарсыласпай өліп қалады. Ал екіншісі, шыға алмайтынына көзі жетіп тұрса да, арпалысқанының бәрі бекер сияқты көрінсе де, секіре береді. Бірақ, аяғында қаймақ, әлгі бақаның секіргенінен қоюланып, майға айналады. Әлгі бақа сөйтіп, секіріп шыныдан шығып кетеді. 

 Аңызды оқып шығып, негізгі ойдың мәнін ашып беріңдер?

      ІІ топ. М.Мақатаевтің өлеңінен үзінді. 

Шыда,шыда!

Шыдай түс, шыда тағы!

Шыдамдыны мына өмір ұнатады.

Үміттің құлан иек құла таңы,

Әйтеуір бір атады, бір атады...

Өкінбе, өкпелеме бүгініңе, 

Өмір, өмір!

Болмайды түңілуге,

Мәңгі сені жазбаған сүрінуге,

Қайта тұрып, қақың бар жүгіруге.

 Өлеңді оқып шығып, өлеңге талдау жасап беріңдер?

Сергіту сәті.  «Бейнені келтір» ойыны. (Уақыты: 5 мин)

Нұсқау: Қазір мен сіздерге не айтсам, соны келтіруге тырысамыз. Мысалы: «сайқымазақ» (клоуын) дегенде сайқымазақты бет мимикалары, қол қимылдары арқылы келтіру, «поезд» дегенде аяғымызды тарсылдатамыз, аузымызға ауа толтырып, поездің дауысын келтіре отырып, ауаны сыртқа шығарамыз,  «жел» дегенде қолымызды көтеріп, теңселеміз, «бұршақ» дегенде бір-біріміздің арқамыздан ақырындап, саусақтарымызбен массаж жасаймыз. Ал, қанекей бастайық!

 

ІІІ топ. Слайд беттеріндегі суреттерге қарап, ой қорытынды жасаңдар. 

ІҮ топ. Аяқталмаған сөйлемдерді аяқтау ұсынылады.

1. Өмір мен үшін ...

2. Өмірдің мәні, ол ...

3. Бақытты өмір, мен үшін ...

4. «Өмір – бағасы жоқ сый» - дегенді мен ...

5. Қызықты өмір сүру үшін, мен ...

6. Өмір деген сөздің мағанасын, мен ....

7. «Өмірің өз қолыңда» дегенді мен...

 

 Ү. «Өмірдің құндылығы» релаксацияға негізделген жаттығу. (Уатыты: 15 мин). 

Бірде бір ғұлама шәкірттеріне былай еткен екен. Мөлдір шыны ыдысты алып, ішін кесек таспен толтырып: «Шәкірттерім, мына шыны ыдыс толды ма?» - деп сұрағанда, шәкірттері: -  «иә» - деп жауап беріпті.  Сонда ғұлама қорапшада тұрған майда тастарды жаңағы шыны ыдысқа салады. Әлгі майда тастар шыныға салынған кесек тастардың арасынан өтіп, ыдыс ернеуіне жеткенше толады. Толған соң: «Ал енді ыдыс толды ма?» – деп сұрайды. Сонда шәкірттері тағы да: «Толды» – деп жауап береді. Ғұлама үстелдің үстінде тұрған қораптағы құмды алып, әлгі шыны ыдыс толғанша тағы салады. Құм кесек тастар мен майда тастардың арасынан өтіп бос орынның барлық жеріне лық толады. 

Ғұлама шәкіттеріне қарай бұрылып: «Енді осы ыдысты әр қайсыларың өз өмірлеріңе баласаңыздар,»-дейді. 

Топтық талқылау.

Ғұламаның берген жауабы. Кесек тастар өмірлеріңдегі маңызды нәрселерді атқарады. Олар: сендердің отбасыларың, сүйікті адамдарың, денсаулықтарың, балаларың, яғни сендердің өмірлеріңді маңызды нәрселерге толтырады. Майда тастар өміріңізде аса маңызды емес нәрселер. Олар: сендердің жұмыстарың, үйлерің немесе көліктерің. Ал, құм күнделікті өміріңізде кездесетін ұсақ-түйек нәрселерді бейнелейді. Егер де сендер өмірлеріңді бірінші құмға толтыратын болсаңдар, онда кесек тастарға орын қалмай қалады. Сондай-ақ, егер сендер ұсақ-түйек нәрселерге күштеріңді жұмсасаңдар, онда үлкен нәрселер үшін орын да қалмай қалады. 

   ҮІ. Қорытынды. «Бақытты адам бейнесі» коллаж жасау. 

(Уақыты: 15 мин)

Нұсқау: қазір әр топқа ватман қағаздары мен журналдарды таратамын. Сіздер берілген құралдарды пайдаланып, бүгінгі сабағымыздың қорытындылау негізінде «Бақытты адам бейнесін» жасауларыңыз керек. Және де топтан бір адам шығып, жұмысты қоғау қажет. Іске сәт!  

ҮІІ. «Өмір ағашы»  рефлексия. (Уақыты: 7мин). Бүгінгі тренингіміз аяқталды. Тренингті қорытындылап, сабақтан алған әсерлерімізбен бөлісейік. Ол үшін мына бір нұсқаға назар аударайық. Сабағымыздан алаған әсерімізді алдарыңда жатқан алақандарға жазып,  тақтада ілулі тұрған «Өмір ағашына» жабыстырамыз. 

Қорытынды сөз.  Бүгінгі сабағымызды аяқтай келе, сабағымызды Агенем Гонджа Бояджиудың өмір туралы өсиетімен аяқтағанды жөн көрдім.

Өмір – сенің мүмкіндігің, пайдалана біл.

Өмір – сұлулық, сүйсіне біл. 

Өмір – арман, жүзеге асыр.

Өмір – парыз орындай біл. 

Өмір – ойын, ойнай біл.

Өмір – байлық, бағалай біл.

Өмір – махаббат, ләззат ала біл.

Өмір – құпия, сырын аш.

Өмір – қайғы, көтере біл. 

Өмір – күрес, жеңе біл. 

Өмір – бақыт, баянды ете біл. 

Ең бастысы – жүрегің таза болсын.

Назарларыңызға рахмет!


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер