Өлең, жыр, ақындар

Көру қабілеті бұзылған балаларға инклюзивті білім берудегі ерекшеліктері мен кездесетін қиыншылықтарды шешу жолдары

Кеген ауданы Кеген ауылы ОПМПК №7
Тифлопедагог: Мержанова Жансая Адбиманаповна

Әрбір мемлекет қоғамында мүмкіндігі шектеулі балалар өмір сүріп, білім алып, тәрбиеленуде. Олар белгілі бір ортаға, қоғамға тәуелді. Мүмкінділігі шектеулі балалардың денсаулығын қадағалау дәрігерлердің қызметі болса, тәрбиеленуі ата-аналар құзырында, ал білім беру мен тәрбиені қатар ұйымдастыру педагог-психологтардың міндеті.

Көру қабілеті бұзылған балаларға оқу процесін қабылдау және танымдық қабілеттерінің қалыптасу қиындығы тән құбылыс, өйткені дені сау бала, мүмкіндігі шектеулі балаларға қарағанда қоршаған ортаны 83% көру жүйесі арқылы, 11% есту арқылы, 3,5% мұрын арқылы, 1,5 сипап сезу арқылы, 1% дәм сезу ақылы танып біледі. Ал көру қабілеті бұзылған бала не істейді? Қоршаған ортаны қалай танып біледі? Осы орайда балаларға сол таным мен түйсікті сезінуге және үйретуге ықпал ететін фактор – оқытушылар. Мүмкіндігі шектеулі бала мектепке алғаш келген кезде қарапайым және түрлі ауыртпалық тудыратын қиыншылықтарға тап болады. Бұл қиындықтар қатарына өз-өзіне қызмет етуінің төмен, не мүлдем болмауы, гигиеналық тазалықты ұстана алмауы, ортаға тез бейімделмеуі сияқты мәселелерді жатқызуға болады. Сондықтан мектепке дейінгі кезеңде көру қабілеті бұзылған балаларды оқытуға арналған оқыту-кешендерінің болуы шарт. Сондай оқыту кешендері ұйымдастырылған жағдайда, мұндай топтағы балалар мектеп табалдырығын аттаған кезде білім алу оларға жеңіл, әрі тиімді болар еді.

Қазіргі таңда инклюзивті білім беру кеңінен қолданылуы етек алып келеді. Инклюзивті оқыту – барлық балалардың мұқтаждықтарын ескеретін, ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуын қамтамасыз ететін жалпы білім процесінің дамуы. Инклюзивті оқыту балалардың оқу процесіндегі қажеттіліктерін қанағаттандырып, оқыту мен сабақ берудің жаңа бағытын өңдеуге талпынады. Егер инклюзивті оқытудың оқыту мен сабақ беруге енгізілген өзгерістері тиімді болса, онда ерекше қажеттіліктері бар балалардың жағдайлары да өзгереді. Инклюзивті оқытуды ашқан мектептерде оқыған балалар адам құқығы туралы білім алуға мүмкіншілік алады, өйткені олар бір - бірімен қарым-қатынас жасауға, танып білуге, қабылдауға үйренеді.

Инклюзивтік білім беру - барлық балаларды жалпы білім процесіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, ата - аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу - педагогикалық және әлеуметтік қажеттіліктерін арнайы қолдау, қоршаған ортаның балаларды жас ерекшеліктеріне және білімдік қажеттіліктеріне бейімделуіне жағдай қалыптастыру, яғни, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат болып табылады. Жалпы білім беретін мектепте мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытып-үйрету үдерісін психологиялық-педагогикалық қолдау үшін психологқа, логопедке, арнаулы педагогқа, әлеуметтік педагогқа арналған кабинеттерді арнайы жабдықтау қажет. Сондай-ақ, кітапхана қорын арнаулы оқулықтармен, арнаулы электронды жабдықтармен жабдықтауға, оқу-әдістемелік кешендермен, әдістемелік әдебиеттермен толықтыру керек.

Мүмкіндігі шектеулі оқушылардың оқып-үйренудегі қиындықтарын дер кезінде анықтап, оларға коррекциялық-педагогикалық қолдау көрсету үшін, сондай-ақ жалпы білім беретін мектептегі білім игеруге байланысты қолжеткізілген деңгей туралы оқушылармен ата-аналарды хабардар етіп отыру үшін тұрақты түрде психологиялық-педагогикалық мониторинг өткізіліп тұруы тиіс. Бұл интеграциялық оқыту сыныбы мұғалімінің арнаулы (коррекциялық) сынып мұғалімімен, пән мұғалімдерімен, психологпен, тифлопедагогтармен, арнаулы және әлеуметтік педагогтармен тығыз ынтымақтастықта бірлесіп жұмыс жүргізу нәтижесінде іске асады. Осымен қатар арнаулы психологиялық-педагогикалық қолдаудың бақылануын және орындалуын мектеп психологиялық-медициналық-педагогикалық консилиумы арқылы жүзеге асыруы тиіс.

Көру қабілеті бұзылған бала жалпы білім беретін мектепте оқытылса, сол сыныпқа сабақ беретін педагог баланың қабілетін жіті тексеріп және денсаулығына байланысты қойылған диагнозына қарай оқытуы тиіс. Бұл баланың көзі көрмейді, не нашар көреді деп ысырып тастауға мүлдем болмайды. Бұл топтағы балалардың диагноздары, көзінің көру мөлшерлері, қабылдауы, ойлау ерекшеліктері, зейіні, есте сақтау қабілеттері әр түрлі деңгейде болып келеді. Көру қабілеті бұзылған балалар үш топқа бөлінеді.
Олар: 1-топ мүлдем көрмейтін балалар;

2-топ көру деңгейі төмен балалар;

3-топ көру деңгейі функционалдық бұзылған балалар. (қыли, амблиопия)

1 - топтағы балаларға брайль жүйесінде оқытылу ұсынылады.
Брайль жүйесі – бұл бедерлі нүкте арқылы оқыту мен жазу. Аталған жүйемен оқыту үшін арнайы құралдар (прибор, брайль дәптері, грифель) қолданылады.

1-топтағы балаларға брайл жүйесін үйретпес бұрын ет сезім қабілеттерін дамытумен жұмыстану керек. Баланың ет сезім мүшелері дамыса, қалыптасса бедерлі нүктелерді сезуіне, әріптер мен сандарды тез үйренуіне көп көмегін тигізеді.

Ет сезім мүшелерін дамытуға түрлі әдістерді пайдалануға болады. Үлкен заттан бастап, ұсақ затқа дейін ауысу. Мысалы: жіпке тізілген үлкен моншақтан бастап, ұсақ моншаққа дейін төмендеу және оған ілгекті де алуға болады. Сабаққа қатысты үлестірмелі материалды грифелмен бастыру, құрастырмалы, бұрандалы заттармен, жіптің түрлерімен, өсімдік дәндері мен дақылдарын пайдаланға т.с.с. көрнекі заттармен жұмыстануға болады.
Әр 15 минут сайын көз бұлшықеттері шаршамауға, көру деңгейі төмендемеуі үшін көзге арналған жаттығулар жасап тұру керек. Мысалы мынадай жаттығуларды қолдануға болады. Брайль жүйесінде оқитын балаларға әуеннің сүйемелдеуімен орнында отырып, басты оңға, солға, алға, артқа айналдыру. Қолды алға созып алақандарымызды ашып-жұму. (15-20 рет). Орнынан тұрып, басын жүректен төмен қойып, дем алып, дем шығару. Қолдарын жаңға созып, жұдырығын түйіп білегін, шынтағын, айналдырады, қолдарын жоғары көтеріп жұдырықтарын ашу. (15-20) рет, басында 5-10 рет, т.с.с. Сонымен қатар саусақ ұштарына, алақанға бүдірлі заттармен жеңіл массаж жасау.

Көру деңгейі төмен балалар мен көру деңгейі функционалдық бұзылған балаларға мынадай үлгідегі көзге арналған жаттығулар жасатуға болады. Әуеннің сүйемелдеуімен көзді ашып, жұму, ауаға көзбен көлденеңнен сегіз салу (15-20 рет), көзге сұқ және ортаңғы саусақпен жеңіл массаж жасау, т.с.с. Көзге арналған жаттығулармен қатар денеге де жаттығулар жасап отырылады. Сонымен қатар көзге арналған электронды жаттығулар мен тренажорлар бар.

Көру деңгейі функционалдық бұзылған балалардың ауру диагнозына байланысты әр қайсысымен ұсынылым бойынша жұмыстанылады.
Егер балада миопия ауруы болса, жақында тұрған нәрселерді жақсы көреді де, алыстағыны көрмейді. Бұл баламен жеке жұмыстану қажет және көзге арналған арнайы жаттығуларды жасап отыру керек. Жұмыс орны жарық болуына ықпал жасау және баланың денесін тіке ұстап отыруына бақылау жасап отыру керек. Көрнекілік түстері үйлесімді реңмен берілуі тиіс (қара реңге- қызғылт сары, жасыл түсті). Көру жүктемесі 10 минуттан аспауы тиіс, ауызша жұмыстану 10 мин.

Алыстан көру (гиперметропия Н) – алыстан да, жақыннан да көру қашықтығы бұзылған, алайда жақыннан көру қашықтығы балада анық байқалып тұрады. Мұндай баламен тақтамен жұмыстануға, ұсақ заттармен, үлестірме материалдарды бөліктермен беріледі.

Астигматизм (ast)- бала заттарды бұлдыр көреді, яғни алыс болса да жақын болса да көре алмайды. Астигматизмнің болу себебі көздің айналасындағы бұлшықеттерінің бірқалыпты болмауы. Мұндай баланың көру жүктемесі төмен деңгейде. Жазу жұмысы аз болуы шарт. Партаға дәптерді дұрыс орналастаруға тіке сызықты желімдеп қою керек. Егер гиперметропиялық астигматизм болса ұсақ заттарды, ұсақ суреттерді қолдану керек. Ал, егер миопиялық астигматизм болса жарық жақсы түсу шарт, контрастық реңде қызғыл сары және жасыл түсті көреді. Көру жүктемесі 10 минуттан аспауы тиіс.

Амблиопия – көру мүшесінің төмендеуі. Егер амблиопия туа пайда болса, бала басқаша көре алатынын білмейді. Сондықтан бала қалай көріп тұрса солай қабылдайды. Сол себептен көзіне байланысты шағым айтпай жүре береді. Көрнекілік нақты, артық сызба, сурет болмауы керек. Тақтадағы суретке жақсы көретін көзімен қарауы қажет. Сурет, графикалық үлгілер үлкен болуы шарт.

Нистагм көз ауруында – баланың көзі төмен-жоғары, көлденең ойнақшып тұрады. Мұндай баламен жеке картамен жұмыстану керек. Жүргізіп оқыған кезде коррекциялық сызғышты пайдалануды қажет етеді. Балаға оқуға ыңғайлы уақытты таңдау қажет.

Қыли көзді ауруы (косоглазия) – көз қимылының бұзылуы. Қыли көзінің көру қалдығының төмендеуі. Егерде балада көзінің ауытқушылығы 15-20 градус болса көз әйнекті тағуға міндетті. Көздің қарашығы екі жаққа қарап тұрса, кітап қоюға арналған кітапқойғыш керек емес. Ал, егер көз мұрынға қарап тұрса кітапқойғыш міндетті түрде қажет. Баланы асықтыруға мүлдем болмайды.

Бір мемлекетте, бір қоғамда өмір сүргендіктен сол елдегі халықтың дініне, нәсіліне, ұлтына қарамастан болашақ өскелең ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеу көзі ашық, көкірегі ояу, жүрегі мейірімге толы ұстаздар қауымына тиісілі. Елімізде жылдан жылға мүгедек балалар саны артып келе жатыр. Алайда, ол балаларды мемлекет қамқорлыққа алып, денсаулықтары мен білім алуларына жағдай туғызуда.

Жоғарыда жазылған көру қабілеті бұзылған балалардың оқытудағы жұмыстардың түрлері мен ауру диагноздары. Егер жалпы білім беретін ордаларда жоғарыда айтылған ұсынылымдарды есепке алып, сол бойынша инклюзивті білім беретін болса, мүмкіндігі шектеулі балалар да басқа балалардан қалыс қалмайтыны хақ.


Пікірлер (2)

Ұлжан

Пайдалы

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар