ЖШС "Наргиз" бөбек-жай балабақшасының
меңгеруші әдіскері: Нурмухан Макпал Жасулановна
ЕРТЕҢГІЛІКТІҢ ТАҚЫРЫБЫ: «Қош келдің, Жаз!»
ЕРТЕҢГІЛІКТІҢ МАҚСАТЫ: балаларға қуанышты көңіл күй сыйлау; балалардың дағдылары мен қабілеттерін шыңдау; достыққа тәрбиелеу; саламатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу; балаларды жаңа қимылды ойындармен таныстыру.
ҚҰРАЛ-ЖАБДЫҚТАР
1. КӨРНЕКІЛІК МАТЕРИАЛДАР Интербелсенді тақта, музыкалық аппаратура, жаз мезгіліне байланысты суреттер, доптар, гимнастикалық шеңберлер, қапшықтар.
2. ҮЛЕСТІРМЕЛІ МАТЕРИАЛДАР Бала санына қарай түрлі түсті шарлар
ЕРТЕҢГІЛІКТІҢ БАРЫСЫ
КІРІСПЕ БӨЛІМ
Педагог Қадыр Мырза Әлидің жаз тақырыбына арнаған өлеңін оқиды.
Көркемсөз
Қадыр Мырза Әли «Жыл маусымдары. Жаз.»
Жаз да келді пейілді:
Жан-жануар сейілді.
Жаз да келді: аптапта
Жан-жаққа ұшты бақ-бақта.
Жаз да келді найқалып:
Жатыр егін жайқалып.
Жаз да келді: шаттанып,
Жұмыла іске аттанып,
Тындырып бар жұмысты,
Тоя жедік жемісті.
- Құрметті ата-аналар, бүгінгі «Қош келдің, Жаз!» атты мерекелік іс-шарамызға қош келдіңіздер! Педагогтің сөзінен кейін балалар қолдарына түрлі түсті шарлар ұстап келеді. Ән (музыкалық жетекшінің қалауы бойынша) Әннен кейін балалар орындарына барып отырады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ Әдемі әуенмен бірге Күн кейіпкері келеді.
Күн:
- Армысың, бармысың, достарым! Мен орталарыңызға жарқырап келіп қалдым. Балалар кейіпкермен амандасады.
- Далаға жаз мезгілі келіп, қуанып жатырсыңдар ма? Балалардың жауаптары.
- Олай болса, балалар, жаз мезгілінің құрметіне бәріміз би билейік.
Би (музыкалық жетекшінің қалауы бойынша)
Биден кейін балалар орындарына барып отырады.
Педагог:
- Сен білесің бе, Күн, біздің балалар ән айтып, би билеп қана қоймайды. Біздің балалар музыка аспаптарында да ойнайды.
Музыкалық оркестр. (балабақшада музыка аспаптары болса, балаларға жеңіл болатын шығарманы таңдап, музыкалық оркестр ойнауын ұсынамыз. Балабақшада музыкалық аспаптар болмаса, осы номердің орнын басқа номермен алмастыруларыңызды сұраймыз.)
Күн:
- Балалардың өнері тамаша екен! Әуенмен бірге Жаз ханшайымы келеді
Жаз ханшайымы:
- Балалар, мен орталарыңа жадырап келдім. Сәлеметсіздер ме, қонақтар! Сәлеметсіңдер ме, балапандарым! Балалар, мені күттіңдер ме? Балалардың жауаптары.
- Мен де сендерді қатты сағындым. Жаз мезгілінің қандай белгілерін білесіңдер? Балалардың жауаптары. Интербелсенді тақтадан жаз мезгіліне байланысты суреттер көрсетіледі.
- Ақылды балапандарым менің!
Педагог:
- Жаз ханшайымы, сені балалар сағынып, асыға күтті. Балалар саған арнап тақпақтар жаттап келді. Жаз ханшайымы:
- Тамаша! Олай болса, балалардың жаз мезгілі туралы жаттап келген тақпақтарын тыңдайық.
Балалардың тақпақтары.
Күн:
- Балалар, жазды сағыныпты. Мүмкін, балалармен бірге ойын ойнармыз? Балалар, сендер ойын ойнағанды жақсы көресіңдер ме? Балалардың жауаптары.
Жаз ханшайымы:
- Жазғы ойындардың басталатын уақыты келді!
«Көңілді пингвиндер» ойыны.
Ойын барысы: балалар екі топқа бөлінеді, бірінен кейін бірі қатарласып тұрады. Балалар допты аяқтың арасына қысып ұстап, алға қарай секіру керек. Мәреге кім бірінші келсе, сол жеңіске жетеді.
Педагог:
- Ойын тамаша болды! Жарайсыңдар! Екі топ та алға шықты! Балалар, бұл ойында достық жеңді!
- Біздің қыздарымыз бүгінгі мерекелік іс-шараға би дайындап келіпті. Қабыл алыңыздар!
Би (музыкалық жетекшінің қалауы бойынша) Әуенмен бірге Сайқымазақ келеді.
Сайқымазақ:
- Сәлем, достар! Мені таныдыңдар ма? Мен Сайқымазақпын! Жаз мезгілі келіп, даламыз жасыл түске боялды. Тамаша! Мен жазды жақсы көремін! Балалар кейіпкермен амандасады.
Сайқымазақ: - Мен сендерге құрқол келген жоқпын! Өзіммен бірге ойындар алып келдім. Менімен ойын ойнауға қалай қарайсыңдар? Балалар қуана келіседі.
«Такси» ойыны.
Ойын барысы: балалар екі топқа бөлінеді. Әр топ бір-біріне қарама-қарсы қарап тұрады. Әр ойыншының арасы бір қадам. Балалар гимнастикалық шеңберді өзінен өткізіп, келесі балаға беру керек. Келесі ойында дәл осы екі топпен өткізіледі.
«Кім жылдам?»
Ойын барысы: балалар бастарына қапшық қойып, белгіленген жерге дейін жүгіріп бару керек. Ең бірінші жеткен топ жеңіске жетеді.
ҚОРЫТЫНДЫ
Педагог: - Міне, бүгінгі мерекеміз де мәресіне жетті. Мерекеміз қызықты өткені сөзсіз. Күннің жарқыраған көзіне қарайып қалдық. Жақсы демалдық! Балаларымыздың бүгінгі мерекеге дайындаған әндерін қабыл алыңыздар! Ән (музыкалық жетекшінің қалауы бойынша) Педагог: - Бүгінгі мерекелік іс-шарамыз соңына келіп жетті! Назарларыңызға рақмет!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі