Өлең, жыр, ақындар

Қазақтың Алатаудай айсеркесі Төле би Әлібекұлының туғанына 360 жыл

Жетісу облысы Панфилов ауданы
«Кішішыған орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Ниетбаева Галия Батыркановна

Тәрбие сағаты

Тәрбие сағатының мақсаты: қазақ халқының ұлы тұлғаларының бірі Төле би Әлібекұлының туғанына 360 жыл толуына орай оның өмірі мен халқы үшін жасаған ерен еңбегімен таныстыру

Тәрбие сағатының ресурстары: бейнебаян, киіз үй жабдықтары,

(Музыка ойнап тұрады)

1-Жүргізуші 

Қай дәуірде де, қай заманда да тар кезеңде жол тапқан, тарыққанда ақыл тапқан, қазақтың басын қосқан, туын жықпаған ұлы тұлғалар аз болған жоқ. Елдігімізді де, кеңдігімізді де біз солардың арқасында сақтап қалдық.

2-Жүргізуші 

Сондай ұлы тұлғалардың бірі – Тәуке, Болат, Әбілмәмбет, Жолбарыс, Абылай хандар тұсында мемлекет құрудың басында болған аса ірі қайраткер, дала демократиясының данышпаны, әз-Тәуке құрған билер кеңесінің мүшесі, атақты шешен, "Жеті жарғы"деп аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі – Төле би Әлібекұлы.

1-Жүргізуші 

Армысыздар алқалы жұрт, қазақ елі! Бүгінгі "Қазақтың Алатаудай Айсеркесі" тақырыбындағы  қазақ халқының ұлы тұлғаларының бірі  Төле би Әлібекұлы жайындағы тарихи -әдеби кешімізге қош келдіңіздер.

2-Жүргізуші -Даукен Алтынай: Тарихи тұлға жайында

Төле Әлібекұлы (1663 – 1756) — қазақтың қоғам қайраткері, шешен, Ұлы жүздің бас биі, Қазыбек, Айтеке бидің қолдауымен үш жүзге төбе би болып сайланған. Артында "бүтін билікке Төле би жеткен" деген сөз қалған тарихи тұлға. "Жеті жарғыны" жасаушылардың бірі. Әлібекұлы Төле бидің атасы Құдайберді би Есім хан мен Тұрсын хан егесі кезінде Есім ханды қолдаған (Қазыбек бек Тауасарұлының "Түп-тұқияннан өзіме дейін" кітабынан). Яғни Есім хан тұсындағы, халық аузында "Есім ханның ескі жолы" атанып кеткен қазақ халқының заңдар жинағын құрастыруға қатысқан билердің бірі деп айтуға толық негіз бар. Өз заманында Қазақ хандығының тұтастығы үшін күрескен қайраткер! Төле би өз халқының шешендік-поэтикалық өнерінің дәстүрлерін жастайынан бойына сіңіріп өскен, зерделі, сауатты адам болған. 15-20 жасынан билердің бас қосқан жиналысына қатысып, өзінің әділдігі мен шешендік өнері арқасында таныла бастайды.

1-Жүргізуші: Төле би туралы толғау

Молабаева Махаббат:
Бұл қазақтың даласы
Тегінде нені көрмес
Неше бір жайсаң баласы
Шешен де болып сөйлеген,
Көсем де болған ойменен.
Бірақ соның бәріде
Ыдырап жатқан қазақтың
Қоса алмады бастарын.
Бейбіт жатқан елімді,
Жаулап алып қор қылды,
Көк атты келіп көлденең

Молдабаева Мөлдір:
Мен боламын дегендер
Ақтамады сенімді.
Көкірек қаққан хандарым,
Лауазымға таласып,
Быт-шыт қылды елімді.
Береке-бітім іздеген
Таба алмадым бегіді.
Алауыз болып ағайын,
Аз дұшпаннан жеңіліп,
Айтып-айтып кетейңн
Қайыстырды белімді.
Қажетіне жаратса,
Ұрпақтарым кейінгі.

Құрбан Дияна:
Тамыры терең қара емен
Қасқая күтер дауылды.
Ақылды шешен сөйлесе,
Таратар түгел қауымды.
Бірлігі мықты ел болса,
Барлығы түгел бауыр-ды.
Ұрпағыңа үлгі етіп,
Батырыңды жырлап өт,
Жерлеп жеңсе жауыңды.
Астыңа берсе алтын тақ,
Еліңнің саған сенгені.
Береке-бітім жолын тап,
Күштің берін баста деп,
Қолыңа тізгін бергені.

Қанапия Тілек:
Лауазымың өссе зорайып,
Адалдықты тұншықтырсаң сол айып.
Елді билеп өскеніңнен не пайда,
Рахатыңды көрмесе,
Ағайын мен халайық!
Көпшіл болған ер дана,
Достары болар әр сала.
Өнерліден үлгі алып,
Салдырар сәндә мол қала.
Өнерлімен дос болсаң,
Қиялыңды қозғайды.
Ой-өрісі тар жігіт
Ауылдан алыс озбайды.
Берке-бітім ойлаған,
Ақылмен болар қолбасшы.
Мансапқұмар оңбаған,
Сатып кетер жолдасты.

Қасымхан Ерасыл:
Алғаның адал болмаса,
Басыңа бақыт қонбайды.
Екі досты айырған,
Түбінде өзі оңбайды.
Көреген болса балаңыз,
Қиынды көзбен болжайды.
Өзіңнен туған ұл мен қыз,
Сыйламаса сол қайғы.
Наннан асқан тағам жоқ,
Қадірін білген адамға.
Билікті берсең қиратар,
Білімсіз соқыр наданға.
Жаныңа батса білерсің,
Қасиетін саулықтың.
Елің тозса білерсің,
Азабы мен қасіретін,
Араздасқан жаулықтың.

2- Жүргізуші: 1- көрініс. Бала Төле туралы көрініс

Автор - Құрбан Дияна

Әлібек би Төленің әкесі - Нұрахмет Жансерік

Бала Төле - Қасымхан Ерасыл

Төле би жас кезінде талай жасы үлкен атақты абыз билердің алдынан өтіп батасын алады. Төле бала әуелі әкесіне барыпты. Жасы жүзге тақап отырған әкесі ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. Төле "Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ" дегенді сұрайды. Сонда әкесі әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады:
— Балам, мынаны сындырып көрші.
Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.
— Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы? Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт етіп оп-оңай сындыра береді. Әлібек би:
— Бұдан не түсіндің, балам? — дейді.
Сонда. Төле бала:
— Түсіндім, әке бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. "Саяқ жүрген таяқ жейді" демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой. — Бәрекелде, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. "Бақ қайда барасың дегенде, ынтымаққа барамын" дегенінің мәнісі осы, — депті.

1-Жүргізуші: Ән "Басты өлең" Орындайтын - Даукен Алтынай

1-Жүргізуші: 2- көрініс. Төле бидің әділ билігі

 (Көріністің бірінші бөлімі бейнебаянмен басталады)

Авторы - Махаматқали Жанарыс

Төле би - Тасболат Құбылан

Бай - Еркін Ринат

Жұмысшылар - Қасымхан Ерасыл, Ахметжан Мейрамбек
Жаңа жайлауға қоныстанған бір бай екі кедей жігітке құдық қаздырады. Құдық қазылып біткен соң жігіттер байдан ақысын сұрайды. Бай олардың біреуіне — саулық, екіншісіне қозы береді. Екінші жігіт оған наразы болады. (Көріністің екінші бөлімі сахнады өтеді)

Төлеге келіп шағым айтады. Төле байға құдық қазған екі адамның еңбегі бірдей екенін айтады. Бірақ құдық иесі өз дегенінен қайтпайды.
— Адамның екі көзінің, екі қолының қайсысы кем? — дейді байға.
— Ешқайсысының кемдігі жоқ. Екеуі де бірдей. Сөзіңізге жығылдым, биеке! Өкпелі жігітке қой берейін, — депті амалы құрыған бай.

1 -Жүргізуші: " Бозінген" күйіне қойылған би. Сахнада қыздар тобы

2- жүргізуші: Деректер мен дәйектерге кезек берсек

Ахметқали Дияс

Төле би бала кезінен ел ішіндегі жер дауы, жесір дауына араласып, тіпті ұсақ-түйек дау-дамайға кесім салып отырған. Сол заманындағы белгілі батырлар мен билердің, тіпті хандардың бірсыпырасына ақылшы болып, жөн сілтеп отырған.

Махаматқали Жанарыс

Күлтөбеде күнде жиын өтіп, Хан кеңесі, Билер кеңесі өмірге келеді. Ақылдастар алқасындағы қырғыз бен қарақалпақ билерін былай қойғанда, бүкіл алты Алаш түгіл, 170-тей рудан тұратын үш жүздің басын біріктіру оңай болмайды. Десе де, Төле бас­тап, Қаз дауысты Қазыбек пен Әйтеке қош­тап, Ордабасыда халық жиынының ма­құл­дауымен болашаққа сенім нығая түседі. Әбілқайыр хан қазақтар қосынына Бас сардар болып сайланады.

Ерсанат Саят

«Хан біткеннің қазығы, қара бұқа­раның азығы» атанып, хан мен қараның арасында алтын көпір болған ілгергі Майқы би, Сыпыра жырау, Асанқайғы, Жиренше шешендердің сарқыты Төле, Қазыбек, Әйтеке секілді билер тарих жүктеген ауыр міндетті абыроймен атқара білді.

Маметов Бахтишат

Абылайды тәрбиелеп, үш жүздің ханы дәрежесіне көтерген Төле би еді. Баланы кебенек ішінде танып «Сабалақ» деп ат қойып, сырт көзден жасырып, түйе бақтыра жүріп баулып, бүкіл қазаққа хан көтеру Төле сынды дананың ғана қолынан келетін құдірет еді. Абылай өсе келе бидің де, елдің де сенімін абыроймен ақтады. Мұны көзі қарақты, көкірегі ояу қазақтың бәрі біле­ді. Көмекей әулие Бұқар бабамыз да айтып кеткен.

Авен Сымбат.

Түптеп келгенде, олардың әрқай­сысын әр жүздің биі деу шартты нәрсе. Уақыттың өзі дәлелдеп бергендей, үшеуі күллі қазақтың қоғамдық-саяси және рухани кеңістігінің терезелері тең кемеңгерлері еді. Қазақтың Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз деп жіктелуі де шын мәнінде бөліну, бөлшектену емес, Ұлы даланы басқарудың ұтымды әдісі ғана болатын.

Ахметқали Дияс

Қазақ хандығының әлсіреп, жоңғар­лардың басқыншылық әрекеттері күшейе түскен кезеңде Төле би елдің иесіне тән қасиет таныта білді. Жоңғарлар қазақ халқын жойып жібергісі, ал тірі қалғандарын қуғын-сүргінге ұшырат­қысы келді. Төле би Қабанбай, Бөгенбай және Жәнібек батырлармен бірге біртұтас халық майданын құрып, азаттық жолында күрес жүргізді. Сол бір қысылтаяң шақтағы ерен еңбегі Төле бидің есімін күллі қазақ тарихынан бөліп ала алмайтын біртұтас ұғымға, ұлтқа риясыз қызмет етудің символына айналдырды

Құрбан Дияна

Сырттан төнген қауіпті сұңғы­ла­лықпен сезген Төле би Орта жүздің төбе биі Келдібекұлы Қазыбекпен, Кіші жүздің төбе биі Байбекұлы Әйтекемен бірге Тәуке ханның тұсында Түркістан қаласын орталық қылып, үш жүздің ұлыстарын бір шаңырақ астына ұйыстыруға, сөйтіп, бірегей Қазақ хандығын нығайтуға, жоңғар шапқыншылығына қарсы бауырлас қырғыз, қарақалпақ, өзбек халықтарының одағын құруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға белсене қатысады.

1- Жүргізуші: 3-көрініс. Төле бидің елді қорғауға шақыруы

Авторы - Мұқаметқали Жанарыс

Билер, батырлар - Тұрған Ерасыл, Ерсанат Саят, Битимбетов, Мадияр, Ахметқали Дияс

Қарабек батыр - Ахметжан Мейрембек

Төле би - Тасболат Құбылан

1740 жылы жоңғар қалмақ билеушісі Қалдан Цереннің қолшоқпарлары Ұлы жүздің ханы Жолбарысты өлтіреді. Төле би бастаған ел Ташкенттен қуылады. Жау жағы Ташкентке Қоқым манапты әкімдікке тағайындайды. Бұл кезде Сыр бойы қалаларының біразы жоңғарлардың қоластында қалады. Осы тұста Күлтөбенің басында үлкен жиын ашылып, оған ел басшылары түгел жиналады. Сонда Қарабек батыр:
— Жауға тізе бүгуден басқа амал жоқ, — деген пікір айтады. Қарабекке ашуланған Төле би:
Атадан ұл туса игі,                Өзі біліп тұрса игі.
Ата жолын қуса игі               Жаудан бұққан немені,
Өзіне келер ұятын,                Ортасынан қуса игі! —
деп, шырық бұзғандарды жиыннан қудырып жібереді. Сонан соң айналасындарыларға қарап:
Уа, көсіле шабар жерің бар,           Арылмайтын сорың бар...
Ту көтерер ерің бар.                        Құлдық ұрсаң дұшпанға,
Қол боларлық елің бар,                   Еркек болып туды деп,
Атадан қалған жолың бар,                  Мына сені кім айтар?

— Құлдық ұрсаң дұшпанға !- деп толғайды. Төленің осы төрелік сөзін өзгелер түгел құп алып, жауға қарсы күш біріктіріпті деседі.

2- жүргізуші: Ұл балалар хоры: Домбыра әні

Домбырада сүйемелдеуші -Даукен Алтынай

1 -жүргізуші: Төле бидің "Қарлыған әулие" атануы

(Көріністің бірінші бөлімі атты жоңғар әскері бейнебаянмен көрсетіліеді)

Төле би - Тасболат Құбылан

Автор - Махаматқали Жанарыс

Жоңғар басшысы - Тасболат Құбылан

Жауынгерлер - Битимбетов Мадияр, Еркін Ринат, Сүлеймен Ильяс

Бір қыз ұлттық киімде - Естемес Мөлдір

Әже - Құрбан Дияна

Қарлығаш әулие

Жанарыс: Жоңғар басқыншылары өрттей қаптап, қазақ жерін таптап келе жатады. Қамсыз малын бағып отырған ел тым тырақай босып, үдере көшеді. Сонда жалғыз-ақ бір үй түтінін түтетіп отыра береді. Жоңғар қонтайшысы батырларын жұмсап:
- Анау жалғыз үй неғып көшпеген? Барып біліп келіңдер! - дейді.

(Көріністің екінші бөлімі сахнада өтеді)

 Келсе, ол Төле бидің үйі екен. Жоңғар жігіттері әкіреңдеп:
- Жұрттың бәрі көшіп кеткенде, сен кімсің, неғып отырсың?- дейді. Төле би олардың алдынан шығады. 
- Жігіттер, сабыр етіңдер! Алдымен үлкен кісіге сәлем қайда? Әдет- дәстүрден бір сүрінген олар сәлем беріседі. 
- Енді тыңдаңдар!- деп сөз бастайды Төле би.
- Шаңырағыма қарлығаш ұя салып еді. Сол құс қашан сарыауыз балапандарын қанаттандырып өргізіп кеткенше мен еш жаққа көшпеймін. Қарлығаш қасиетті құс. Адам баласының досы. Сендер білесіңдер ме? Ертеде дүние жүзін топан су қаптағанда Нұқ пайғамбардың кемесін суға батудан аман алып қалған осы қарлығаш! Адам баласына қастандық жасамақ болған жыланнан да қорғап қалған осы қарлығаш. Мен жау келді деп, үйімді жығып, оның ұясын бұзып, балапандарын шырылдатар жайым жоқ! Сендердің де бала -шағаларың бар. Сендерді жұмсап отырған ханның да бала- шағасы бар. Сонда бала- шағаларыңды улатып -шулатып қырып, қырғын- сүргін қылып жатса, жақсы көресіңдер ме? Бар, хандарыңа осы сөзімді жеткізіңдер!
Жоңғар жігіттері барып, Төле бидің осы сөзін айтса, қонтайшысы:
- Ол әулие адам екен. Оған тимеңдер, оның төңірегіндегі елін де қозғамаңдар!- депті. Содан былай қарай Төле би,, Қарлығаш әулие,, атанып кетіпті.

2-жүргізуші: Күй "Ер Тұран" Орындайтын - Даукен Алтынай

1-Жүргізуші: Төле бидің өсиеттері

Нұрдаулет Аяла

Аңыз - әңгімелердің бірінде Төле би өз көңілін сұрай келген  Қазыбек, Көкі, Мәлік, Ержан билердің еліңізге қандай өсиет қалдырасыз деген сұрағына былай деп жауап берген екен :"Жүзге бөлінгендердің жүзі қара. Руға бөлінгендердің құруға асыққандары. Атаға бөлінгендер адыра қалады. Көпті қорлаған көмусіз қалады. Хан азса, халқын сатады. Халық азса, хандыққа таласады.

Молдабаева Махаббат:

Шешендіктен не пайда,
Артында сөзі қалмаса?
Батырлықтан не пайда,
Халқына қайран қылмаса?
Хандықтан не пайда,
Қарашасын жалмаса?
Молдалықтан не пайда,
Шариғатты өзгертіп,
Нашарларды алдаса?

Молдабаева Мөлдір:

Атадан ұл туса игі,
Ата жолын қуса игі.
Өзіне келер ұятын,
Өзі біліп тұрса игі.
Жаудан бұққан немені,
Ортасына қуса игі!

Тоқтасын Жансая:

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді,
Тауып айтқан сөзге шын жетпейді.
Өзің білмесең, білгендерден үйрен,
Үйренгеннен ештеңең кетпейді

Джамыхан Альфия:

Адамның басшысы - ақыл, шолушысы - ой, жетекшісі - талап, қорғаушысы - сабыр, сынаушысы - халық, таусылмайтыны - арман, ең қымбаттысы - ар сақтау, бәрінен ардақтысы - өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі - сыйластық.

Естемес Мөлдір

Атың жақсы болса,
Ер жігіттің пырағы,
Балаң жақсы болса,
Жан мен тәннің шырағы.
Қызың жақсы болса,
Жайқалып өскен құрағы.
Әйелің жақсы болса,
Бірінші - иманың,
Екінші - жиғаның,
Үшінші - ырысыңның тұрағы.

Әбубәкір Шұғыла

Жас адамға басты кесір– еріншектік, ортаншы кесір – ұйқышылдық, кенже кесір –тілазарлық, кежірлік

Еркін Риза

Өгiздi өрге салма — қанатың талар,
Наданға көзiңдi салма — сағың сынар.
Досыңа өтiрiк айтпа — сенiмiң кетер.
Дұшпанға сырыңды айтпа — түбiңе жетер.

1-жүргізуші: 90 жастағы Төле бидің батасы

Төле би - Тасболат Құбылан

Автор - Махаматқали Жанарыс

Жетес бала - Қанапия Тілек

Тоғыз жасар Жетес тоқсандағы Төле биге сәлем бере барыпты: сонда Төле би былай деген екен: — Бата — басқа, қына — тасқа, ақыл — жасқа, не қалайсың, балам? — депті.

Сонда Жетес бала: — О, қасиетті, баба! — Ат берсеңіз өліп қалады, тон берсеңіз тозып қалады. Ат, тонға бергісіз өлмейтін, өшпейтін, өмірі естен кетпейтін бір өсиет айтсаңыз соған ризамын, — депті.

Онда қолыңды жай, балам, — деп Төле би:
Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің санасы бол!
Бір елдің атасы болма,
Бар елдің данасы бол!
Бір тонның жағасы болма,
Көп көлдың ағасы бол!
Ақты ақ деп бағала, аумин,
Қараны карала
Өзегің талса өзен бойын жағала,
Басыңа іс түссе көпшілікті шағала.
Өзіңе-өзің кәміл бол.
— Халқыңа әділ бол,
Жауыңа қатал бол!
Досыңа адал бол!

2-жүргізуші: Ән "Сәйгүлік". Орындайтын -Қасымхан Ерасыл, Битимбетов Мадияр, Ахметжан Мейрамбек

1-жүргізуші: Деректер мен дәйектер

Тау-Тесер Аяжан

Сақ заманындағы би атамыздың: «Арамның жолы қиқалаң, Адалдың жолы төте еді; Жақсы-жаман әркімнің арасынан өтеді; Араздаспай, таласпай тату жүрсең не етеді. Ынтымағы бар болса, Бұл дүниенің қызығы бәріне түгел жетеді», дейтін сөзін де есімізден шығармайық.

Қанапия Тілек

Өмірінің соңғы жылдарында Төле би өзінің Ташкенттің билеушісі екенін қытайға да, орысқа да таныта білді. Бұған халықаралық жағдайлар да әсер етті. 1745 жылы Қалдан-Серен қайтыс болды. 1750 жылдары Абылай бастаған қазақ жасақтары жоңғарлардан елді толық тазартып, 1755 жылдары қазіргі Қытайдағы Шәуешек қамалына дейін ат ойнатып барды. 1744-1745 жылдардан 1756 жылғы өмірінің ақырына дейін Төле би Ташкенттің билеушісі болды.

Сүлеймен Ильяс

Төле бидің есімі исі қазақ арасында аса құрметпен аталады. Бұл – оның бүкіл қазақ халқының тағдырына қатысты ірі оқиғалардың бел ортасында жүргенінің айғағы. Төле бидің замандасы, тағдырласы Қаз дауысты Қазыбек би Төле би дүниеден өтті деген суық хабарды естігенде: «Төле өлді дегенше, дүниеден әділет өлді десейші. Бүтін билікке Төле жеткен, бүтін хандыққа Есім жеткен, бұл екеуіне кім жеткен?» – деп жер таянып, жылаған екен. Осыдан-ақ алыптардың бір-бірінің қадір-қасиетін жете танығандығын аңғаруға болады.

Битимбетов Мадияр

Төле би Ташкенттегі Шайқантәуір зиратына жерленген. Қабірі Бабырдың нағашы атасы Жүніс хан мазарының қасында жатыр. Ғибратты ғұмыр кешкен бидің жарқын бейнесін көптеген ақын мен жыраулар шығармашылығына арқау етіп, оның даналығын үш ғасыр бойы талмай жырлап келеді.

Тұрған Ерасыл

Жаңбыр жаумаса, жер жетім,  
Басшы болмаса, ел жетім.
Ұқпасқа айтқан сөз жетім.
Атың жақсы болса,
Ер жігіттің пыпағы
Балаңжақсы болса,
Жан мен тіннің шырағы.

1- жүргізуші: Ән "Мен қазақтың баласы" Орындайтын - Ахметжан Мейрамбек

Сынып жетекшісі

Бүкіл саналы ғұмырын елінің елдігі мен бірлігіне арнаған Төле бидің тарих сахнасына шыққан кезі – ел ылаң, дүние топалаң болған, жылқы ысқырса – желдікі, айдаса – жаудікі болып тұрған; қазақтың аузынан қақпақ, басынан тоқпақ кетпеген; қылыш – қынабынан, қанжар қынынан суырылған; найза белдеуден шешілген, бес қаруын асынған; ат үстінде күн көрген, аптада белін шешпеген; пыран киіп, пырақ мінген; іргеден Жоңғар хандығы бой көтеріп, айбынды күшке айналып үлгерген беймаза шақ болатын. Осындай кезеңде елді сыннан сүріндірмей, бір тудың астына жинап, ынтымағы мен бірлігін сақтап, бүтін ел болуға, тарих беттерінде өзіңдік өшпес із қалдырған көркем сөздің көсемі, Ұлы бабаларымыздің бірі - Төле би, Қазақтың Алатаудай Айсеркесі!

Қорытынды сөз мектеп әкімшілігі мен ата-аналарға беріледі.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз