Тақырыбы: Мақал сөздің азығы, жұмбақ ойдың қазығы
Мақсаты: Мақал - мәтел – ата бабамыздан қалған өшпес мұра. Көлемі жағынан шағын болғанмен, мағынасы терең, құны қымбат қазына. Мақал - мәтел – тәрбиелік мәні зор, рухани байлық туралы мағлұмат беру. Білімдерін жүйеге келтіріп пысықтау, мақал – мәтелдерді орынды қолдану дағдыларын қалыптастыру. Тіл – қай ұлтта қай елде болса да құдіретті, қастерлі. Ана тілімізді дамытып, орыс тілін қолданып, ағылшын тілін үйренеміз деген мақсатпен оқушылардың қызығушылықтарын арттыру.
Дамытушылық: Ойлау, есте сақтау, ой түйіндеу, ауыз екі сөйлеу, ой – өрісін кеңейту.
Тәрбиелік: Шешендік сөйлеуге, сөз астарын мағыналы түрде сипаттап көрсету, салауаттылыққа тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: аралас сабақ
Сабақтың әдісі: 1. Түсіндірмелі иллюстрациялық 2. Сарамандық 3. Сұрақ - жауап.
пәнаралық байланыс: тарих, әдебиет, ағылшын тілі, музыка.
1. Ұйымдастыру бөлімі.
Сәлемдесу, оқушыларды түгендеу, дайындықтарын тексеру, Топ мүшелерінің ойларын бір ортаға топтау мақсатында ой тастау.
2. Жанның жайын жарыққа шығару үшін, жанның сырын сыртқа білдіру үшін адамның екі құралы бар. Біреуі – мимика, біреуі – сөз. Мимика жанның сыртының дене арқылы сыртқа білінуі (күлу, жылау). Ал ым – ішкі тіл сезімі. Ым арқылы ойды жарыққа шығару мүмкін емес. Ойдың тілі – сөз. Тіл – жүрек түбіндегі бағасыз сезімдер, жан түкпіріндегі асыл ойлар жарық көрмей, қор болып қалар еді. Адам тіл арқасында жан сырын сыртқа шығарып, басқалардың жан сырын ұға алады. Тіл адамға осындай қымбат болса, әрине ұлт болу үшін бірінші шарт тіл болмақ.
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кең тілім.
Таза терең өткір, күшті, кең тілім.
Таралған балаларын бауырына
Ақ қолыңмен тараларсың сен тілім.
«Мақал – сөздің мәйегі», «Тұз астың дәмін келтірсе, мақал сөздің сәнін келтіреді», - деген қанатты сөздермен «Мақал сөздің азығы, жұмбақ ойдың қазығы» атты тіл білгірлер сайысын бастаймыз. Ортаға сайыскерлер шақырылады.
Әділ шешім беретін әділқазылармен таныстырлады.
Ойын барысы:..
Ойынға 3 топ қатысады. Ойын V айналымнан тұрады.
1. «Ойлы болсаң, озып көр» (Мақалдарды жалғастыру)
2. «Тапқыр болсаң тауып көр» (Берілген жұмбақтарды шешу. Оны қазақша, орысша, ағылшынша жауап беру)
3. «Біз білмейтін бір мақал» (Мақалдың мағынасын ашу)
4. «Айшықты сөздер» (Берілген тұрақты тіркестердің мағынасын толық ашу.)
5. «Кім жүйрік» (Берілген жұмбақтың шешімін табу арқылы, соған сәйкес мақал - мәтел құрастыру).
Ойын барысы түсінікті болса, сайысымызды бастаймыз, қатысушыларға сәттілік.
Ойынды бастамас бұрын әр топ өзін, ұранымен таныстырады.
І топ. Топтың аты – «Сұңқар»
Ұранымыз: Білім алып бүгін алтын ұяда,
Ертең әлі шарықтаймыз қияда.
ІІ топ. Топтың аты – «Тұлпар»
Ұранымыз: Асау тұлпар желдей ескен арынды,
Оқу менен еңбекке сал барыңды.
ІІІ топ. Топтың аты – «Болашақ»
Ұранымыз: Болашақтың ұл - қызымыз, көркейтеміз елді біз.
Жүргізуші: Бәйгеге түсіп жарыспай
Жүйріктің бағы жанар ма?
Білім мен өнер жарысып,
Тәрбие, тәлім табар мән.
Бұл бәйге ойдың бәйгесі
Кім жүйрік ойға, сол алда,- дей келе І - айналымды бастаймыз.
І айналым «Ойлы болсаң, озып көр»
«Сұңқар» тобына:
1. Алдыңғы арба қайда жүрсе,... (соңғы арба сонда жүреді.)
2. Сын түзелмей, (мін түзелмес).
3. Кісінің кісілігі, (Киімінде емес, білімінде).
4. Шебердің қолы ортақ,...(шешеннің сөзі ортақ).
5. Байлықтың кілті – (ғылым…).
Тұлпар тобына
1. Әдепті бала – арлы бала,( Әдепсіз бала сорлы бала ).
2. Білгенің бір тоғыз,...(білмегенің тоқсан тоғыз).
3. Ғылым теңіз... (Отбасы - шуақ)
4. Ұланы бар елдің... (ұраны бар) 5. Еңбек ердің көркі ……. (ер елдің көркі)
«Болашақ» тобына:
1. Көз - қорқақ (қол – батыр).
2. Батыр туса - ел ырысы... (Жаңбыр жауса – жер ырысы). 3. Білекті бірді жығады,... (білімді мыңды жығады)
4. Атаңның баласы болма,.. (адамның баласы бол)
ІІ айналым «Тапқыр болсаң тауып көр»
Жүргізуші: Бұл айналымда жұмбақ жасырамын, сендер жұмбақтың шешуін 3 тілде (қазақша, орысша, ағылшынша) айтуларың керек.
1 - топ: Қолы менен қаламы жоқ,
Бірақ сурет салады көп. (аяз – мороз - frost)
1 - топ: Қоймасын қыс ақтарып,
Жерді жапты ақ мамық. (қар – снег - snow)
1 - топ: Бір кісі бар дүниеде,
Шемішке шағып тұрады.
Бұл кісіден әр уақыт,
Әркім мезгіл сұрайды.(сағат - часы - watch)
1 - топ. Жұмбақ шешкіш кім екен?
Сыртқа шықсам түн екен
Моншақтарын шашып ап,
Бір сары қыз тұр екен (ай - луна - moon, жұлдыздар - звезды - stars)
2 топ. Жұқа тақтай бөлшегі,
Ұзындықтың өлшемі. (сызғыш – линейка - ruler)
2 - топ. Қалқиып екі құлағы,
Елеңдеп, қорқып тұрады. (қоян – заяц - rabbit)
2 - топ. Жолбарыстан аумайды,
Тышқандарды аулайды.(мысық – кошка - cat)
2 - топ. Бір жәшік тор бұрышты сырғасы бар,
Көтерсең сырғасынан дауыс шығар.
Қанша алыс болсаңдағы екі сырға,
Естіліп бір – біріне жақын қылар. (телефон - telephone )
2 - топ. Жаны жоқ, болса да,
Ақылды адам ісін істейді. (кітап - книга - book)
3 - топ. Жеп көріп ем өзім мен,
Жас шығарды көзімнен. (пияз – лук - onion)
3 - топ. Бұлаңдаған құйрығы,
Бір алдарлық қулығы. (түлкі – лиса - fox)
3 - топ. Әттең, даусым, тілім жоқ,
Құшағымда білім көп. (кітап – книга - book)
3 - топ. Өзі кірді ашады, суға салсам қашады.(сабын - мыло - soap)
3 - топ. Жел соқса жайқалып толқиды.
Ел оқыса тұла бойың балқиды. (Өлең - песня - song)
ІІІ айналым: «Біз білмейтін бір мақал» Мағынасын ашу
1 - топ: 1. Қараңғыда тапқаныңды ханға берме, Жарықта тапқаныңды жанға берме.
Мағынасы: еңбекпен тапқаныңды орынсыз шашпа.
2 - топ: 2. Өзін - өзі сыйлаған ер бақытты, Өзін — өзі билеген ел бақытты. Мағынасы: Адам әуелі өз қадірін білсе ғана ел мен жер қадірін де біле алады.
3 - топ: 3. Шын ер жеңсе, тасымас, Жеңілсе, жасымас.
Мағынасы: Қандай жағдай болса да өз — өзіңді сабырлы ұстап үйрен
Жүргізуші: Білген сайын келеді біле бергім,
Біле беру емес пе тілегі елдің.
Белден ассаң, алдыңда бел көрінсе,
Қызыққаннан келмей ме жүре бергің.
Сондықтан да келеді біле бергім
Білімдіні сүйерін білім елдің,- дей отырып,
IV айналымды бастаймыз
«Айшықты сөздер»
Бұл айналымда бірнеше тұрақты сөз тіркестері беріледі. Әр топқа тұрақты сөз тіркесі беріледі. Ойланып, мағынасын толық айтуларың керек.
1 - топ
1. Төбесі көкке жетті (қуанды)
2. Ине шаншар жер жоқ (бос жер жоқ)
3. Қой аузынан шөп алмас (жуас)
4. Ақсақ қой түстен кейін маңырайды. (кеш, жәй)
5. Тілдің ұшында тұр. (ұмыту, жеткізе алмау)
2 - топ.
Көзге түртсе көргісіз. (қараңғы)
Бетінен оты шықты. ( ұялды)
Араларынан қыл өтпейді. (достық)
Күлін көкке ұшыру. ( құрту)
Жүрек жалғап алды. (тамақтанды)
Көз шырымын алу. ( ұйықтады)
Көзді ашып - жұмғанша ( тез, лезде)
3 - топ
Беті бүлк етпеді. ( ұялмады)
Ит терісін басына қаптады. (ұрысты)
Ат ізін бір салмады. (іздеп келмеді)
Су тегін. ( арзан)
Тісіңнен шығармау. (айтпау,)
Ешкімнен ештемесін аямайды. (жомарт, мырза)
Ала жіпті аттама. (ұрлама)
5 – айналым. «Кім жүйрік»
Жүргізуші: Жұмбақ жасырылады да, оны шешеді, соның жауабына мақал айтады.
1 топ. Отыз екі батыр,
Екіге бөлініп жатыр (тіс,)
Отыз екі тістен шыққан сөз,
Отыз рулы елге тарайды.
1 - топ Бір беткейде екі көл. (көз,..)
Көзің ауырса – қолыңды тый,
Ішің ауырса – ауызыңды тый.
2 - топ. Еш тесікке тұрмайды,
Ол жоқта жер құрғайды. (су.)
Тау мен тасты су бұзар,
Адамзатты сөз бұзар.
2 - топ Білімнің дәнін тереді,
Балаға тәлім береді (ұстаз)
Ұстазы жақсының ұстамы жақсы.
3 - топ. Аспаннан домалап,
Көп моншақ төгілді.
Бусанып жон алап,
Терледі керілді. (жаңбыр)
Жаңбыр бір жауса, терек екі жауады.
3 - топ. Ұзын ұртты сарылар,
Қойнында толған наны бар (бидай) Арпа, бидай ас екен,
Алтын, күміс тас екен.
Қорытынды: Сөз кезегі қазылар алқасында …
Жеңген топты марапаттау.
Ата - салтым, асыл мұрам, ардағым,
Бабалардың жалғастырар арманын
Сан ғасырда қалпын бұзбас, қадірім,
Өткенімді бүгініммен жалғадым – дей келе бүгінгі сайысымыз аяқталды.
Ұлттық өнерімізді ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін біздер, сондықтанда құнды мұраларымызды насихаттап жүрейік.
Мира
Рахмет